Бір тарихи ақиқатты дәлелдеу үшін, мен 1934 жылғы жоғарыда аталған «Очерктер» мен «Хрестоматияда» жазған мақалама тоқталмақпын. ХІХ және ХХ ғасырдағы әдебиеттің хрестоматиясында мен Нысанбай туралы: «Ол ханға қызмет қылуға тырысты, билеп-төстеуші, үстем таптың күрескері және ақыны болды» - (11-бет) деп жазыппын. Ал, Кенесары туралы (31-бетте) оның хандық тақ, атақ-даңқ үшін күрескенін атап көрсетіппін. Менің осы жұмыстарым Жұмалиевтің оқу кітаптарында кейін әлденеше рет сынға түсіп, кінәләнді. Ал, оның сөзін басқа авторлар да қайталады».
Сөзінің соңында Қ.Жұмалиевтің Бұқар жырау туралы пікіріне де сын айтты. Бұл екі үлкен ғалымның арасындағы Абайдың ақындық мектебі туралы айтыстары олардың аражігін мүлдем ашып тынды. Тіпті бір-бірін жеккөрінішті етіп көрсетуге дейін барған. Қ.Жұмалиев те «қарызданып қалмай» «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезовтің «ұлтшылдығын әшкерелегені» редакция алқасына ұнап қалса керек:
«Шығып сөйлеген профессор X. Жұмалиев жолдастың сөзі әрі мазмұнды, әрі ғылыми дәлелді болды. Ол Кенесары-Наурызбай қозғалысына байланысты әдебиет зерттеу еңбектеріндегі қателіктердің туу себептерін айта келіп, Бекмаханов, Әуезов, Исмаилов жолдастарды батыл сынады.
– Профессор Әуезовтің Абай мектебінің көрнекті өкілі деп жүрген Көкбайы қазақ халқының зұлым жауы Кенесары мен Наурызбайды мадақтап поэма жазған. Сондай-ақ Әуезовтің Абай шәкірттері деп жүрген кейбір ақындары қазақ халқының дана ақыны Абайдың шәкірті деп айтуға татымайды, - деді Х. Жұмалиев жолдас» - деп іштарта көрсетті.
Күнделікті баспасөздердегі даурықпаны былай қойғанда ой қорытып жазуға мүмкіндігі бар журналдық мақалалардың өзінде жоғарыдағы мазмұндағы сөздер қайталанып, астарланып, жұмырланып, саяси-идеологиялық жақтан салмақтанып үзбей жарияланып жатты. «Әдебиет және искусство» басылымының №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақала соның бір дәлелі. Онда:
«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды.
Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаилов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М. Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан жазушылар одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды.
БК(б)П Орталық Комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2 июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16 июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнін ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі, - деп жазды «Правда» - оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу - ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі» - деп атап өтілді.
1951 жылы 24 тамызда Жазушылар одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Исқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақ әдебиетіндегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.
С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды, ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, кертартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин-Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады.
Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекқожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаилов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды» - деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.
Партияда жоқ жазушы Ғ.Мүсірепов те қалыс қалмады. С.Мұқановтың өзін де қармаққа іле кетті.
Ғ.Мүсірепов: «Большевиктік сын қазір ұлтшылдық пен идеясыздықтың түп-төркінін терең ашып беріп отыр. Большевиктік сын кейбір жазушылардың пікірі Кенесары Қасымовты дәріптеуде буржуазияшыл-ұлтшыл Бекмахановтың пікірлерімен ұштасып жатқандығын көрсетті. М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, С.Мұқановтың «Балуан шолақ» повестінде, «XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде», Жұмалиев пен Исмаиловтың оқу құралдарында, Бекхожиннің шығармаларында Кенесары халықтың көсемі ретінде, ал, оның көтерілісі прогрессивті болып көрсетілді. Олардың бұл еңбектерінде ұлтшылдықтың екінші беті − орыс халқына қарсылық көп орын алды. Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді. Мұқанов жолдастың өрескел қатесі де бұдан кем соқпайды. Ол өзінің «Очерктерінде» Едіге мен Қобландының, Кенесары мен Наурызбайдың, Көтібар мен Есеттің арманы Аманкелді Имановтың Октябрь революциясындағы күресі арқылы жүзеге асты деп жазды. Бұдан большевик комиссар Аманкелді Иманов Едіге мен Кенесарының арманы мен мақсаты үшін күрескен болып шығады. Сөйтіп, Сталин жолдас қазақтың Чапаевы деп атаған Аманкелді Иманов Социалистік Октябрь революциясының жемісі емес, Едігеден бері келе жатқан феодалдық қоғам батырларының ұрпағы болып қана қалады» - деп бұларға тарихшылар Толыбеков пен Қыстауовты да қосақтап қойды.
Бұл да сол қызылөңеш кезеңге тән тақыс тәсіл. Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол енді жоғарыдағы ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді.
М.Әуезов: «Идеология майданын, әсіресе, әдебиетімізді зиянды әрекеттерден тазарту туралы мәселе қазір барынша батыл қойылып отыр. Буржуазияшыл ұлтшылдық тарихи прогресске, халқымыздың өткендегі тарихына қарама-қарсы. Біздің халқымыздың өзінің өткен замандағы тарихында Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары болғанын мақтан етеді. Халқымыздың бақытына қарай олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өз халқының келешегін орыс мәдениетінен, орыс халқымен достасудан көрді. Ал панисламистер мен пантүркистерден бастап алашордашыларға дейінгі ұлтшылдар тарихи прогресске улы зардабын тигізумен болды. Қазіргі совет жағдайындағы ұлтшылдар да сол жат идеяны бүркемелеп өткізуге тырысып бақты. Ұлтшылдықтың бір түрі өткен заманда болған кейбір тарихи адамдарды халық қамын жеген патриот етіп көрсетуде. Сондықтан, біз тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды қайта қарап, оларды бүгінгі күннің тұрғысынан әділ бағалауымыз керек. Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын атауға болады. Бұл пьеса орыс халқына жаны қас болған, панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ал Ақан сері орыс шаруаларының қазақ жеріне орналасуына, қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған, кейде патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсаған, халықты соған үгіттеген адам. Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, халықтан, халық өмірінен аулақтанды. Біз бұл қателердің бетін тереңірек ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалауымыз қажет» - деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.
Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Қарама-қарсы пікірде сөйлеген пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі. Оның барлығын тізіп шығу біздің міндетімізге де жатпайды. Ресми сипат алған пікірлерге ғана тоқталдық. Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:
«Алайда идеологиялық жұмыста, әсіресе тарих ғылымы, әдебиет және искусство саласында әлі де ірі кемшіліктер, саяси қателер және ұлтшылдық бұрмалаушылықтар бар. Бұл қателер, әсіресе Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде айқын көрінді. Е.Бекмахановтың және басқа тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің және кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің Кенесары Қасымов қозғалысына баға берудегі принциптік саяси, буржуазиялық-ұлтшылдық қателері неде? Бұл қателер мынада: бұл реакциялық-монархиялық қозғалыс ұзақ уақыт бойына ұлттық-азаттық қозғалыс деп көрсетіліп келді, ал оның басшысы, казақ халқын тұншықтырушы – Кенесары Қасымов қазақ халқыньң азаттық қозғалысының басшысы деп дәріптеліп келді, шынында мұның бәрі тарихи шындыққа және Сталин жолдастың ұлт мәселесі жөніндегі нұсқауларына қайшы келеді.
Сталин жолдас былай деп үйретеді: «Мәселенің диалектикалық қойылысы тегінде бір жерде қажет болатын болса, нақ осы жерде, ұлт мәселесінде өте-мөте қажет» (И. Сталин. Шығармалар, 2 том, қазақшасы, 352 бет). «Ұлт мәселесі өзімен өзі ғана болып отыратын, мәңгі бір қалыпта тұрып қалатын мәселе емес. Кәзіргі құрылысты өзгерту туралы жалпы мәселенің тек бір бөлімі бола отырып, ұлт мәселесі тұтасымен әлеуметтік жағдайға қарай, елдегі үкіметтің сипатына қарай, жалпы айтқанда, қоғамдық дамудың бүкіл барысына қарай анықталады» (И. Сталин. Шығармалар. 4 том, қазақшасы. 174 бет).
XIX ғасырдың бірінші жартысында, патриархтық-рушылдық қатынастың көптеген қалдықтарының болуына қарамастан, Қазақстан тап күресі айқын көрінген таптық феодалдық қоғам болды. Бұл дәуірде, ең алдымен Россия жағынан, сауда-ақша қатынасы, сауда капиталы қазақ даласына барған сайын кең тарала бастады. Қазақстанның экономикалық дамуындағы бұл жаңа құбылыс еңбекші бұқараны талаудың жаңа формаларын енгізді, бірақ мұнымен бірге ол Қазақстанның экономикасындағы орныққан патриархтық-феодалдық қатынастарды іс жүзінде қирата бастады.
Бұл өзгерістерді, әсіресе ханның өкімет билігін жоюға әкеп соққан кейбір жүздердің Россияға қосылуынан кейінгі өзгерістерді Кенесары Қасымов хандар мен сұлтандардың праволарына тікелей шек қойғандық және онан әрі шабуыл жасағандық деп таныды. Феодалдардың осы праволары мен мүдделерін қорғау үшін Кенесары Қасымов көтеріліс бастады.
Кенесары Қасымовтың патша әкімдеріне жазған хаттарында айтылған басты-басты талаптарының ап-ашық феодалдық-монархиялық сипаты бар. Кенесары Абылай хандығының үлгісімен ханның өкімет билігін қалпына келтіруді, яғни орта ғасырлық феодалдық тәртіптерді сақтауды талап етті. Кенесарның талаптары қазақ халқын патша өкіметінің отарлық езушілігінен азат етуді емес, өзінің феодалдық праволары мен ардақтылықтарын сақтауға бағытталған.
Сталин жолдас өзінің «Социал-демократия ұлт мәселесін халай түсінеді?» деген классиктік еңбегінде былай деп жазды: «Әртүрлі кезеңдерде күрес майданына әртүрлі таптар шығады, сондықтан әрбір тап «ұлт мәселесін» өзінше түсінеді. Демек, «ұлт мәселесі» әртүрлі кезеңдерде әртүрлі мүдделерге қызмет етеді, оны қандай таптың және қашан көтеруіне байланысты түрліше сарын алады» (И. Сталин. Шығармалары, І том, қазақшасы 33 бет).
Ленин мен Сталин ұлт мәселесінің әртүрлі дәуірлердегі ерекшеліктерін барлық жағынан аша келіп, бұл дәуірлерде туған ұлттық қозғалыстар бірдей емес екенін, олардың ішінде прогрестік, ұлттық азаттық қозғалыстар және реакциялық, ұлтшылдық қозғалыстар болатынын көрсетті. Оның ішінде реакциялық сипаты бар ұлттық қозғалыстар революциялық қозғалыстың дамуының және жалпы коғамның дамуының мүдделеріне қайшы келіп, еңбекшілердің таптық сана сезімінің өсуіне бөгет жасайды.
Кенесары Қасымовтың қозғалысы нақ осындай қозғалыс болды. Бұл қозғалыс Қазақстанның саяси және экономикалық дамуына бөгет жасап, қазақ халқының орыс халқымен жақындасып, достық жасау ісіне зор зыян келтірді.
XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды.
Қазақстанның Россияға қосылуы, бір жағынан, товарлы-ақшалы қатынастың күшеюіне, өндіргіш күштердің өсуіне, таптық жіктелудің күшеюіне және ол кездегі қазақ ауылының патриархтық томаға тұйықтығының бұзылуына, шаруашылықтың және қоғамдық қатынастың неғұрлым жоғары формаларының дамуына көмектесті, қазақ халқының мәдениетінің өсуіне, қазақ халқының үздік ағартушыларының, жазушыларының және қоғам қайраткерлерінің – Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсаринның қалыптасуына көмектесті.
Қазақстан Россияға қосылмаған да, сыртқы жауларға қарсы күресте ұлы және қуатты орыс халқының туысқандық көмегі болмағанда, саяси бытыраңқы қазақ халқы өзінің өмір сүруін қорғай алмай, неғұрлым артта қалған орта азиялық хандықтар тарапынан бөлшектелген және құлдыққа түскен болар еді. Россияның неғұрлым алдыңғы қатарлы экономикасымен тығыз байланыс жасамағанда Казақстан өзінің артта қалған, феодалдық-монархиялық құрылысымен экономикалық прогрестен тыс қалған болар еді, озат орыс мәдениетінің игілікті әсері тимей, артта қалған мұсылмандық Шығыстың ықпалына түскен болар еді.
Қазақстан Россияға қосылмағанда орыс халқының революциялық азаттық қозғалысына қатыспағанда қазақ халқы жалпы демократиялық революциялық, қозғалыстан шет қалған болар еді. Ол кезде патшалық Россияның қойнауында туған жаңа, революциялық-демократиялық Россия россиялық империяның ұлттық шет аймақтарының халықтарына орасан зор тілектестікпен, кұрметпен қарады, патшалық отаршылдарды әшкерелеп тілдеді. Сонымен, Қазақстанның Россияға қосылуының, патша үкметінің отарлық саясат жүргізуіне және қазақ еңбекшілерін қанауды күшейтуіне қарамастан, сөзсіз орасан зор прогрестік маңызы болды.
«...Россия Шығыс жөнінде шынында да прогрестік роль атқаруда». «...Россияның үстемдігі Қара теңіз және Каспий теңіз, Орталық Азия үшін, башқұрттар және татарлар үшін мәдениеттендірушілік роль атқаруда...» – деп жазды 1851 жылғы 23 майда Ф. Энгельс К. Маркске жазған хатында (К. Маркс және Ф. Энгельс, Шығармалар, XXI том, 211-бет).
Қазақстан Россияға қосылмаған болса, қазақ халқының тағдыры басқаша болар еді.
XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы халықаралық, жағдайда патшалық Россия мен ағылшын отаршылдары арасында Орта Азияның ұлан-байтақ, бай жерлерін өздеріне қаратып алуға таласқан қатты күрес болды. Өздерінің мақсатына жету үшін ағылшын отаршылдары Кабулға және Кандағарға өздерінің резиденттерін қойды, олардың Орта Азия мен Қазақстанда көптеген шпиондары болды. Орта Азия хандықтары Қазақстанның өздерімен жапсарлас жерлерін басып алып, қазақ еңбекшілерін варварлықпен талады және қанады. Кенесары ағылшын отаршылдарының агенттері – Орта Азия хандарымен тығыз байланысты болды.
Ал, тарихи шындықты бұрмалаушылар Қазақстанды Россиядан бөлектеп, өз қолдарына алуға тырысқан ағылшын отаршылдарының әрекеттерін «байқамады» . Өздерінің еңбектерінде олар Орта Азия мен Қазақстанның халықтарын құлдыққа түсіруге, оларды ағылшын-американ империалистерінің табан астындағы қазіргі отарлық араб, Шығыс елдерінің кебіне ұшыратуға тырысқан ағылшын отаршылдарын әшкерелемеді. Сөйтіп, барлық тарихи мәліметтер Кенесары козғалысының революциялық та, прогрестік те болмағанын көрсетеді. Бұл қазақ халқын кері тартқан, патриархтық-феодалдық негіздерді нығайтуға, орта ғасырлық хандықты қайта орнатуға, Қазақстанды Россиядан және ұлы орыс халқынан бөлектеуге тырысқан реакциялық қозғалыс болды.
Кенесарының реакциялық қозғлысына дұрыс баға беру үшін, Қазақстан тарихшыларының қармағында нақты және документтік материалдар жеткілікті болды. Алайда, Сталин жолдастың нұсқауларын ұмыту нәтижесінде, бұл реакциялық-монахриялық қозғалыс идеологиялық майданның бірсыпыра участоктерінде көп дәріптеліп келді. Партиямыздың орталық органы – «Правда» газеті 1950 жылғы 26 декабрьде «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала жариялады, Е. Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық концепциясын әшкерелеуде біздің республикалық партия ұйымына көмектесті, Кенесары Қасымовтың қозғалысына ғылыми, тарихи шындыққа үйлесетін баға берді. Кенесары ханның және басқаларының карақшылық зорлықтарынан туғызады. Мұнда жастарымызды советтік Отанға сүйіспеншілік және шын берілгендік рухта тәрбиелеп отырған большевиктік партияның совет мемлекетінің рөлі туралы бір ауыз сөз айтпайды.
Кейбір «әдебиет зерттеушілері» әдебиетті бұрмалау жолына түсті, қазақ ақындарының, оның ішінде Абай мен Жамбылдың Кенесарыға және оның хан сарайындағы ақындарына қарсы пікірлерін халықтан жасыруға тырысты.
(...) Семейдің облыстық газеттері «Прииртышская правда» және «Екпінді» идеология жұмысының мәселелеріне мүлде жеткіліксіз көңіл бөлді. Семейдің Абай атындағы музейінде, Абайдың шәкірттері ретінде Шәкәрім сияқты реакцияшыл ақындар көрсетіліп келді, ал оның октябрь революциясынан кейін совет өкіметіне қарсы шыққаны мәлім. Облыстық газеттер бұл сияқты идеологиялық қателер мен кемшіліктерді дер кезінде сынамады. Газеттердің коммунистерге, совет интеллигенциясына идеялық-саяси тәрбие беру мәселелерін жазуы жеткіліксіз, мектептердің, мәдени-ағарту мекемелерінің тұрмысы туралы материалдарды сирек басады.
(...) Ал, біздің идеологиялық жұмысымыздың жеке участоктерінде буруазиялық-ұлтшылдықтың қайталауының, идеясыздық пен бисаясаттың белгілерінің пайда болуының себебі не? Сталин жолдас былай деп үйретеді: шын большевиктердің «өз қателерін ашық мойындауға, олардың себептерін ашуға, оларды түзеудің жолдарын белігілеуге, сөйтіп партияның кадрларды дұрыс үйретуіне және саяси дұрыс тәрбиелеуіне көмектесуге ерліктері жететін болуы керек» .
Идеологиялық жұмыста қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар болатындығының себебі мынада: Орталық Комитеттің бюросы және Орталық Комитеттің бірінші секретарымен, саяси және шаруашылық жұмысты ұштастыру туралы Сталин жолдастың нұсқауларын ұмытып, идеологиялық жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмедік, кейбір тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің, кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде көрмедік және партиялық принциптік жағынан сынамадық, сонымен бірге «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген белгілі мақаласын талқылауда және бұл мақалада көтерілген мәселелер жөнінде республиканың партия ұйымадарында түсінік жұмысын жүргізуде үлкен шабандық істедік.
Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді.
Орталық комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық Комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды» (Әдебиет және искусство», 1951, № 10) - деп барып баяндамасын одан әрі жалғастырады.
Бұл баяндамаға алып-қосатын, түсініктеме беретін ештеңе де жоқ. Өйткені өмірдің саяси-идеологиялық шындығы сол. Тиісті қорытынды шығарылып, Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, Қ.Мұхамедханов жиырма бес жылға сотталып кете барды. Алайда «қызылөңеш кезеңнің» екпіні оңай басыла қоймады. Тағы да екі жылға созылды. Бұл жылдары енді Қ.Сәтбаевқа, М.Әуезовке шындап қауіп төне бастады. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев арасындағы кикілжің де тиылмады. Әр жиналыста, жазушылардың пленумдарында бет жыртысу жалғаса берді. Соның ең елеулісі және М.Әуезовтің жеке басына қауіп төндіріп, тұтқындалу қаупін тудырған жиналыс Қазақ эпосына қатысты академияда өткен 1953 жылғы сессия мәжілісі. Онда басты баяндаманы Мәлік Ғабдуллин жасады. Біз өзге тақырыпқа соқпай тек М.Әуезовтің ғалымдығы мен «Хан Кенеге» қатысты тұсын ғана түпнұсқа бойынша назарға ұсынамыз:
М.Габдуллин: «Несмотря на это, до сих пор история казахского эпоса не освещена с позиций марксизма-ленинизма. Как уже сказано, в изучении казахского эпоса отдельными исследователями допущены грубые политические ошибка и извращения. Эпос, как продукт общественного сознания в отражения историко-социальной борьбы, не был подвергнут всестороннему марксистско-ленинскому анализу, не была раскрыта его идейно-классовая сущность. В неправильном, антимарксистском освещении вопросов истории казахского эпоса в разной степени повинны М.Ауэзов, А.Маргулан, С.Муканов, Б.Кенжебаев, М.Габдуллин и другие. Некоторые из названных исследователей до сих пор открыто не выступили с признанием своих ошибок, не подвергли их резкой критике и не сделали для себя необходимых выводов из решений партии по идеологическим вопросам. Ошибки названных литературоведов состоят в том, что они в своих научно-исследовательских работах не сумели применить марксистско-ленинскую методологию, к оценке эпического наследия прошлого не подходили с позиций ленинско-сталинского учения о двухкультурах в каждой национальной культуре, не вели беспощадную борьбу против буржуазно-националистических извращений в освещении вопросов истории казахского эпоса, а в некоторых случаях сами оказывались в плену буржуазно-националистических взглядов и даже проповедывали их в своих трудах.
Достарыңызбен бөлісу: |