Тұрсын ЖҰртбай саусағы сұлу сері



жүктеу 134.31 Kb.
Дата03.07.2016
өлшемі134.31 Kb.




Тұрсын ЖҰРТБАЙ

САУСАҒЫ СҰЛУ СЕРІ

(Ақселеу Сейдімбеков)
Тал бойы сұлу жiгiттен мiн табу қиын. Ал Ақаңның – Ақселеудiң бiреу тiлiн, бiреу түрiн, бiреу жүрiсiн, бiреу тұрысын, бiреу аңшылығын, бiреу әншiлiгiн, біреу әңгімешілдігін мақтайды. Азаматқа тән келiсiмнiң бәрi бойынан табылып жатқан Ақаңның сол қасиеттерiнiң барлығынан көрі мен оның салалы саусақтарын ерекше бағалаймын. Шорлана мүйізделіп, майыса біткен сол сұқ саусақ пен ортан терек болмаса руханиятымызды байытқан қаншама кiтаптардың жазылмай қалатыны да рас. Бiрақ менi ол да таңдандырмайтын. Шынын айтсам, Ақаңның сол сүйрік саусақтарына домбыра шерткен кезiнен басқа уақытта мән де бермеппін.

Ал сол саусақтар домбыраға тиген кезiнде, шіркін-ай, ерекше салаланып, сұлуланып, қасиеттенiп кететін еді. Сәл басын иіңкіреп, қаршыға көзі пернелерге қадала түсіп, затына атын дәл тауып қойғанындай, Бетбақтың ен даласындағы жалғыз төбенің басына өскен жалғыз тал сұңғыла ақ селеудей сүйріктеніп, бүлкілдете жөнелгенде – даланың өзi қоңыр, мұңды, шерлі үнмен боздап қоя бергендей болатын. «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, күлсе де, ренжісе де білдірмеген», – деп Абай жарықтық сыпаттаған Онегиннің тірі сұлбасы сияқтанып, жеңіл күрсінісін де білдірмей, дымыңды демімен өзіне тартып ала қоятын. Жат дыбысты сорып алып шанақтың ішіне дем етіп салып жіберетін. Содан кейін мысыңды жеңілдеу леппен басып, жеңіл тылсым ауамен самалдатып, шымырлата шымши жөнелетін. Оң қолын шанақтан жоғары серпе тоқтатып, бас бармағын қайқайта қайырғанда, көз алдыңа елестеп отырған Ертөстіктегі «Көшпелі дүниенің» шымылдығын серпе жауып жібергендей болушы еді. Әлгі әсер де шорт үзіліп, жаның тыным табатын.

Соншама ауыр, аңсары басылмайтын сарынның лебін сол салалы оң саусақтарын жаза тоқтағанда, өзінің ішіне тартып алған демімен қайта сыртқа шығарып жібергендей әсер қалдыратын. Сарғайған сартап даланың сартап сазының жеңіл ғана желпінісі көңіліңе ұйып, санаң да тек таңданыстың сарасы ғана қалатын. Іле, әлгі ауыр ой мен түйсікте таты қалған таңданысты сейілткісі келгендей, Ақаң тыңдаушысының көңіл ауанына орай өзі тартқан күйге өзі таңданып, өзі тамсана сөйлей жөнелгенде, мына әңгіме алдыңғы күйдің әсерінің бетін сырғытпалап өтетін. Ондайда небір шешенің Ақаңның қасында жіп есе алмайтын.

Сарын мен сөздің үстемелеген екпінімен әсерленіп отырған сенің дымыңды сыртқа шығарып, деміңді алдыра беріп, сол арада сондай бір жарасыммен шақшасының түбін тықылдатып қаға бастайды. Содан соң насыбайды алақанына сырбаздана сілке салып, бабымен бір атып үлгеріп, жайбарақат қана: «Біздің Арқада, тура біздің ауылда...», – деген кезінде бойың жадырап сала беретін. Ар жағы «асу-асу бел, Арқадан соққан жел, жағалай қонған ел» болып кететін де, әсердің ауаны мамыражай күйге ұласып, жаның тыныштық тауып, санаңда рахатты бір таңданыс қана қалатын.

Бойды үйрете, еркелікті үстемелете келе, әғылыми тұрғыдан зерттей келе», оның саусақтарының қимылын жаттап алғандай болдым. Әбден меңгерген кезімде барып, сырт көз боп бақылаған тұста ғана аңғардым: бұл ішке тартылған дем, тылсым ауан, мұңлы сарын, таң-тамаша тамсаныс, сейіл әңгіме, ащы насыбай – Ақаңның қолқа-жүрегін кеулеген, «аспандағы күннің, жердегі халқының мейіріне тоймаған» ұлы сарын мен аңсары екен.

Сондайда алақаныңды жая қойсаң, көңілі көншіп отырса: «Іһі-һі-һі, айналайын сол... Ана ауызыңдағы аттың тезегінен көрі мынау құмарыңды қандырады. Тастасайшы, соны», – деп; көңілі самарқау тартып отырса: «Бұл да бір дүниенің уы-ғой. Уды у қайырады. Усырап отырсаң, мә! Айтпақшы, осы насыбай сенің атаң Құнанбайдан қалған», – деп салалы саусақтарымен өлшеп, шымшып, мысқалдап салып беретін. Әкемнің атағы шыққан насыбайшы екені рас еді. Бесігімнен темекі мен насыбайдың, қылша мен бозталдың қабығының күлінің исісін тұщынып өскен маған бұл сөздің астары жаныма жағатын. Әкемнің насыбай уқалайтын саптаяғы әлі де бар. Атадан қалған бар мұраның жұрнағы сол. Соны емеуірін ете мен де: «Шіркін, Ақаңның насыбайы – насыбай-ақ қой», – деймін емексітіп. Көзі күлімдеңкіреп: «Әй, қу бала! Нені мекзеп отысың? Шіркін, насыбайым – насыбай-ақ еді. Шақшасы да өзіне сай еді. Қазір ғой сәні кетіп, түбінің құрғап жүргені. Мә, қалтаңа салып қой, сөзің буыныма түсіп кетті ғой!», – деп сүйріктей салалы саусақтарының арасына әдемілеп қатталған қағазды қысып алып, шымшымдап насыбай салып, баппен төртбұрыштап орап, төс қалтама сол саусағының сұғымен сондай ептілікпен сала қоюшы еді. Мұндай ептілікті кім көрген, әлгі ертегідегі сауысқанның қауырсынын білдірмей жұлып алатын ептінің нақ өзі еді!

Саусағының сол ептілігін өзге емес, құрдастарымен кейде түнделетіп, күнделетіп созылатын карта ойынында бір рет пайдаланып, әріптестерінің жағасын ұстатқаны бар. Ырғасуы ұзап, мезі ете бастаған ойынның соңында қарсы ойыншылардың маңдайы тарылып: карта жасайсың – деп Ақаңның ығырын шығарды. Шыдамаған Ақаң: Жігіттер, дүние – картаның ойыны деген емес пе. Мұнда да бопсаға шыдаған ұтады. Бағанадан қол жүрді. Доғарайық десем, болмадыңдар. Картаны олай жасамайды, былай жасайды. Қарап отырыңдар. Қапы қалмаңдар. Ұстап алсаңдар бар нәпақаларыңды қайырып, үстіне қосып берем. Ал байқамасаңдар, өз обалдарың өздеріңе. Онда қайтып менімен ойнамайтын боласыңдар, – деп картаны өзі үлестірді. Үш адамға да ойын қатар шықты. Ақыры мизерге Ақаң алды. Картаны ашып, жүрісті есептеп кеп жібергенде, ана екеуінің тілі байланып, алған деміне булығып, жүздері қабарып, талып қала жаздады. Ақаңның қолындағы қарғаның жалғыз королі еш ұсталмайды. Қарғаның тұзы біреуінің қолында жалғыз отыр. Қалай айналдырса да шықпады. Әріптестері іштен тынып, орындарынан үнсіз тұра берді. Ептілік пен есепті үйлестірген, қайран саусақ! Жалпы, Ақаңа кісіні таңдандыру да, тамсандыру да қиын емес еді. Оған он саусағынан тамып тұрған өнердің құдіреті мен сиқыры толық жететін.

Соңғы ант мезгілі сәтінде де, өзі айтқан әңгімесіне өзі сеніп қалатын аңғал да қапышыл, менің қайран ағатайым, «аспандағы күннің, жердегі жұртының мейіріне қанбай кеткенін» жан досы Қойшы-ағаңа арнаған өсиет хатты да сол салалы саусақтарымен жазып кетіпті. Қаупің неден болса, қатерің содан дегенді Құнанбай дегдар қалай айтты екен?

О, дәурен! Ол саусақтарда қаншама сыр мен жыр жатыр еді, ол саусақтар өзімен бірге қаншама құпия құбылыстарды ала кетті десеңшi! Ол саусақ не көрмеген саусақ еді. Маған салса Ақаңның қасиеттi жазмышы сол саусақтарға тiкелей байланысты болатын. Ол саусақтар болмаса... Ол саусақтар сүйріктеніп сүркілдете күй шертпесе, ол саусақтар майысып сурет салмаса, қайысып қандауыр мен тімтуір ұстамаса, жұмылып жоңқа жонбаса, ол саусақтар... Ол саусақтарсыз қазақ өнерi де бiраз сiлкiнiстен ада қалар едi. Ақтанбердiнiң толғауы мен “Сарыарқа”, “Дәурен-ай”, “Алтын асық, күміс қасық” дүниеге келмес едi. Өлi күйлер тiрiлмес едi. Жәнiбек Кәрмен сияқты сұңғыла әншiлердiң дауысы халқының жүрегiне толық жетпей өшiп тынар едi.

Әлi есiмде, жетпiсiншi жылдардың аяғы болатын. Ақселеу ағамыз Қарағандыдан Алматыға ауысып, “Социалистiк Қазақстан” газетiне бөлiм меңгерушiсi болып келе қалды. Тiлшiсi түгiлi еден жуғышының өзi ЦК-дан басқаға сәлем бермейтiн, есепшiсiне дейiн галстук тағып жүретiн бұл мекеменi орағытып өтетiн едiк. Қалай Ақаң келдi, үшiншi қабатқа жан кiрдi. Әуелi теннис ойнайтын болдық, одан жаппай насыбай ату мен сызу басталды. Соның бәрiнен ерекшелiгi редакцияға домбыра келдi, домбырамен қосылып ән келдi. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде тығылып жатқан таланттар сол арадан табылатын болды. Күйшi Төлеген, Дәнеш, Мәдениет, Рақым, Қажыбек, Қайрат, Жәнiбек сол арадан бас қосып жүрдi. Несiпбек, Жәнiбек үшеумiз де үйiрсек тарттық. Бiр күнi, иә, бiр күнi…

Жаңылмасам, қыс айының iшi…Ақаң мен Жәнiбек екеуара оңашалана бастады. Кештетіп оңаша қалады. Апта өттi, ай өткен жоқ. Бiз де жұмыстан кейін Ақаңның бөлмесінде қалатын болдық. Тыңдаушы керек екен. Саусаққа да сол күндері көзім түсті. Ақаң бiр әуендi ұзақ қайталап тартады. Жәнiбек тамсанады. Қабағын түйедi, қолын шошайтады. Мен Ақаңның саусағынан көз алмаймын. Осы күй он күнге созылды. Ендi Жәнiбек жұрттан бой тасалай бастады. Бiр айдың мөлшерiнде менi үйiне шақырды. “Мынаны тыңдап көршi” – дедi. Бұрын мен естiп бiлмеген бiр алапат жыр. Ақтанбердiнiң толғауы. Үш-төрт күннен кейiн Ақаңа тыңдатуға бардық. Кешкi мезгiл. Жәнiбек сорғалата жөнелгенде басында еркiндеу отырған Ақаңның басы иiлдi де қалды. Тыңдап болған соң: “ – Ой, алла-ай! Мына қазақтың әнi кiсi өлтiретiн шығар. Не деген ғажап, не деген философия, не деген кеңдiк! Жәнiбек ендi сенiң бағың ашылады”, – дедi. Әншiнiң де еңбегi бар шығар, бiрақ сол әуендi күйден ажыратып алып, оған лайық Ақтанбердiнiң сөзiн тауып, домбыраға түсiрiп, Жәнiбекке үйреткен Ақаңның өзi емес пе едi. Өз әнiне өзi таңданды деуге болмас, ал өзге адам туралы мекзер отыр деп тағы да айта алмайсың. Сол шапудың тұсында Несіпбек те шашын бір талдап жұлып жүріп «Сарыарқа» мен «Дәуренайдың» сөзін жазды.

Ал енді бүгiнгi қазақ әнiн Ақтанбердiнiң толғауынсыз, «Сарыарқа» мен «Дәуренайсыз» елестетiп көрiңiзшi. Ақаң болмаса, Ақаңның сүйрiк саусағы болмаса ол әндер өмiрге келмес едi. Осыдан кейiн Ақаң мен Жәнiбек, Несiпбек үшеуi қосылып алып қазақтың әнiне жұртты таң-тамаша еттi. Бұл қазақ әнiнiң жаңа белеске көтерiлген, Жәнiбектей жампоздың, Несiпбектей су жорғаның Ақаңның алдына түсiп алып халқына қарай жайтаңдай жөнелген тұсы едi. Сол ән Бекболаттың бесiгiн тербетiп, ауамен қоса iшiне ән боп құйылып едi. Жамбасымен жорғалайтын Бекболаттың қызығын қызықтап Жәнiбек бөлме-бөлменi аралап ән айтатын, ол қай бөлмеге барса, соған жамбастай жорғалап баратын Бекболаттың ұзына сапары мен өзекті жүрегiне ұя салған ән – осы Ақтамбердінің толғауы, «Сарыақа» мен «Дәрен-ай» еді. Оны ұялатқан – Ақселеудiң саусағы болатын. Досымыз Сейілғазы теледидарда Жәнібе екеумізге ән туралы сұхбат өткізуді ұсынғанда, Ақселеу ағаны ұсынып едім. Әр хабардың соңы таңды таңға ұластырған ән тәулігіне ұласушы еді. Сондайда Ақаңның қолынан домбыра түспеуші еді. Әттең, дариға, сондай күндерді де басымыздан өткізіппіз-ау!

Ақаңның жұлдызы өрге өрлеп, «Күмбір-күмбір күмбездері» жарық көріп, «Білім және еңбек» журналына бас редактор боп, «Қара өлеңдерді» жинастырып жүрген кезі болатын. Өтініші бойынша ауылға барғанда қара өлеңнің қазынасы нағашы апайым Ақпаннан біраз шумақтарды жазып алып, Ақаңа әкеп бердім. Қашанғы сырбаз қалпынмен, қара сиямен жазатын қаламын баптай ұстап, саусақтарын қайыстыра отырып қалың дәптеріне көшіріп алды. Содан кейін насыбайын бір атып алып: «Мен саған бір ақыл айтайын. Осы көркем шығарма дегенің бос сөздің желқабызы екен. Мен қойдым, сен де қой. Халыққа түк пайдасы жоқ. Одан да құрып бара жатқан еліміздің руханиятын құтқаратын ғылыми-көпшілік жанрға көш. Мен көркем кітаптарымның барлығын таратып жатырмын», – деді. Шындығында да, Ақаң қайтып көркем дүниеге оралған жоқ. Менің де жүгім архив жаққа ауып бара жатқан тұс болатын. Ол сөзін қабылдамасам да үнемі есімде жүрді. Кейде көркем шығармаға аңсарым ауып, өмірім еш кеткендей көрінгенде, Ақаңның сол сөзімен өзімді жұбатамын. Сол кездегі тұқылымен столдың үстін тықылдатып қағып отырған қара сиялы молтық қара қалам мен сұқ саусағы әлі көз алдымда.

Тіршілік емес пе, шымшымасыз болмас. Сол саусақтардың Ақаңды тосылдырған тосын қиындықтан құтқарғанын да шала кетейін. Жазушылар одағының екінші қабатындағы Қал-ағаң (Қалихан Ысқақов) пен Несіпбек отыратын бөлмеге кіре қалдым. Терезе алдындағы Несіпбектің орыныда отырған Ақаң әңгіме айтып отыр екен. Үш-төрт адам ұйып тыңдар отыр. Мен де отыра қалдым:

– Содан таңертең әлгі бір саусағының өзі қамшының сабындай, борбайы да ұзын әлгі шал сыртқа шықса, тура алдынан қансонардың қызыл түлкісі өтіп барады екен. Әп білем, бұйырған олжа екен ғой, – деп, аттап-аттап барып, түлкінің құйрығынан ұстай алып, қонышындағы қамшысымен түлкінің тұмсығынан тық еткізіп ұрып жіберіп: Әй, бәйбіше! Мынаны үйге кіргізе сал, – деп алдына тастай салыпты, – деді.

Несіпбек бастатқан тыңдаушылар ауызын ашып қалыпты. Әңгімеге тосын араласып, әсеріне толық елікпегендіктен бе, бірден:

– Ой, Ақа, айтасыз-ау. Қанша алып шал болса да түлкіні бір-екі аттап барып қалай ұстайды? Ең болмаса біраз қуған шығар, – деп қалғаным қуауызданып. Ақаң:

– Өй, сен бала не білесің?, – деп бір қарап алды да асықпай қалтасынан шақшасын алды.

Ұзын сүйрік саусақтарымен шақшасын салалай қысып, тықылдата қағып біраз үнсіз отырды. Біз де үнсізбіз. Содан кейін алақанына салып, атып кеп жіберді де:

– Өй, Тұрсын, сен осы Арқаның баласы емеспісің, ендеше білесің. Есіңе түсірші өзің. Арқада ат сауырынан келетін көбік қар түседі ғой. Сол түні түнімен көбік қар жауып, таңға жақын басылмай ма. Ал түнімен маядан тышқан аулап, тойынған түлкінің салмағы ауырлап, қашқан кезде аяғы көбік қардың түбіне жетпей, омбылап қалмай ма? Енді содан кейін оны аттап-аттап барып, соғып алмағанда не қалады, – деп шақшасын сондай бір риза күйде қалтасынақайта салғаны бар.

Сөз тапқанға қолқа жоқ. Сөзсіз осы ой салалы саусақтарымен шақшасын қағып отырғанда түсті. Шірікін, кейде қыза сөйлету үшін де осылай шымшып алатыным да бар еді. Оралхан, Кәрібай, Кәдірбек, Ақселеу төртеуінің сексенінші жылы жолсапарда жүргенде үш күн қатарынан қисынды әңгіме жарыстырып, төртінші күні түнгі сағат он бірде Оралханның жеңіске жеткені, соны атап өтеміз деп таңғы алтыға дейін тасқаяқ қуғанымыз да есімде. Оның өзі таусылмайтын бір хикая. Қазір аялағаныңның өзін ауырсынатын ағалар басым боп бара жатқан сияқты...

Ақаңның алпыс жасқа толуына орай униврситеттің журналистика кафедрасы шығарған арнайы қолжазба журналға жазған, өзі көзі тірісінде оқыған осы шағын мақаламды:

«Мен сондықтан да Ақаңның саусағындай сұлу саусақты сирек кезiктiрдiм. Ондай саусақ қазiргi тiрi қазақта Уәли мен Секен де ғана бар шығар.

Мен Ақаңның саусағына ғашықпын. Сол саусақтардан суси құйылған әндер мәңгi өшпесе екен, сол саусақтар талмаса екен, буынына сарысу ұйымаса екен, сiңiрi қатпаса екен деп тiлеймiн.

Саусағыңыздан айналдым, Ақа!», – деп аяқтаппын.

Өкінішке орай, жазмыштан озмыш жоқ, ол саусақтар мезгілсіз талды, уақытсыз буыны суыды. Пәни мен бақидың заңы солай. Әрбір адамның мәңгілікке ғайып болуы – өзекті өртейтін өкініш. Сол пенденің дауысы, мінезі мынау жалған дүниеге жетпей тұратыны анық. Ал Ақаңның дауысы мен орыны Алаш дүниесіне мәңгі жетіспей тұратын болады. Оның артында – жетім бала мен жесір жар ғана қалған жоқ, жетім ел, жетім күй, жетім ән, сыңар дос, аялы құшақсыз іні, сусыны қанбаған шәкірт қалды.

Күн сайын өлім мен өмір алмасып, біріне-бірі орын босатып беріп жатқан тіршілік қой. Алайда: «Алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер», – деп Абай айтқандай, табиғи көрініп, өзімізді өзіміз жұбатқанмен де, Ақаңсыз өмір – бәрібір баяғы өмір емес, бәрі де «баяғыдай көрінбейді». Оның мінезі, сырбаздығы, әңгімесі, мәрттігі, тіпті, шақшасының тықылы да бізге жетпей тұратын болады. Маған: осы ажал оның мырза өміріне жараспайтын-ақ сияқты, оның осы өлімінің өзінде бір үйлеспейтін заңсыздық, бір тосын тылсым бар сияқты көрінеді де тұрады.

Өйткені, кейінгі үш жылда кей кездері Ақаңның көз жанары шектене, шегірлене қалатынын аңғарып қалып жүрдім. Ғылыми және диссертациялық кеңесте, түрлі мәжілістерде қатар отырып, өлеңмен қағысып отыратын әдетіміз бар еді. Кейде ол менің қатирама «Ах, дүние!» атты тұрақты тақырыппен неше түрлі топтамалы тосын суреттер салып беретін. Бір жолы:

Дүние былтыр қандай, биыл қандай,

Заманның жал-құйрығы сұйылғандай,–

деп басталған екі жол өлең келе қалды. Әрі қарай былай өрбіді:

Тұрсын: Жауап жоқ жан дауысым шықса-дағы,

Құдайдың құрдымына құйылғандай.
Жалғанның жалаңдаған білдім бетін,

Жалайын енді аға кімнің көтін?

Ақселеу: Көнесің, көнбесіңе шара бар ма,

Сүйегің аман болсын, садақа етің.


Осындай ермекпен отырғанда кенеттен Ақаңның көзі қатып қалған қара түймедей боп қозғалмай, жерге қадалып тұрғанын көріп, тітіркеніп кеттім де:

«Сізді бір үлкен түлен түртіп жүр ғой деймін. Неге осынша түңілесіз? Сұғыңыздың сұрқы ұнамайды. Сіздің өміріңіздің өзі аңызға бергісіз. Әлде еркелік пе мұныңыз», – деп жазып жібердім. Іле жауабы қайтып келді:

Жауап: «Е, бала! Дейсің-ғой! «Менің ішімді жарып көрсең, шошыр едің», – деп сенің Абай атаң айтқандай, менің ішімді ашып көрсең, сен де шошыр едің. Жақынның да, жардың да, баланың да, шағаның да қызығын көрдім. Бәрінен жалықтым. Кейде, құдай неге ес берді екен деп налимын. Өз еркің өзіңде жоқ. Әншейінгі бұғы құсап пәңгіп жүре бергім келеді».

«Екібеттілеу ортаға үйір боп барасыз. Ертегісі қайсы, ежелгісі қайсы, ендігісі қайсы, айырғысыз. Ортаңызды өзгертіңіз. Жазушыларыңызға оралыңыз. Сонда дұрыс ойлап, біліп отырып, бұрыс бұрылудан арыласыз».

Жауап: «Тағы да дейсің-ау, бала! Ол оңай дейсің бе? Байланып қалдық қой. Әйтпесе, Ақтанбердінің кім екенін мен білмейді дейсің бе?!. Сенің ана Мұхтар ағаңның Байсал айтқандай «неғылайыны» жоқ. Соны да түсінбей ме?».

«Сіз де кейде Абай атаңыз құсап, жайдақ суға айналып, жалпақ шешей болып кетесіз. Қасыңызға – қатуыңыз, бауырға – батымыңыз жоқ. Азуыңызды неге бір көрсетіп қоймайсыз. Сонда иектемес еді».

Жауап: «Бала! Соның бәрін тасқаяқпен қағыстырып, Қойшығарадан есемді қайырып жүр емеспін бе», – деп соңына алдыңғы «айтысты» жалғастырыпты.

Дүние былтыр қандай, биыл қандай,

Дидары күннен күнге құлпырғандай.

Тұрсын: Жанарым, жаным аға, жарқ етті ғой,

Сусыным бір қанғанда жүрген қанбай.

Дүние былтыр да осы, биыл да осы,

Талтайып тұрған, аға, ол да мосы.

Ақселеу: Бауырым, қызық-шыжық өтер-кетер,

Аумасын ер жігіттің тіккен қосы...
Зады мәжіліс аяқталса керек, «айтыс» осы арадан үзіліп қалыпты. Күні, қолы қойылмапты. Қағаздарды ақтарыстырып отырып кездейсоқ тауып алған осы жазбаның астарында бір кілтипан бар сияқты. Енді оны еске түсірем деп әуреленудің де қажеті шамалы. Тек Ақаңның пәнилік қосының жүгі аумезгілсіз ауып кеткені-ай, десеңші.

Армансыз адам болмайды. Бірақ Ақаң қалай дегенмен де: «Армансыз өмір сүрді» – дегізетіндей ғұмыр кешті. Ол соңғы жылдары тіршілікке соншама бір наразы да разы құштарлықпен қарап, «Қазақтың аузша тарихын» ұсынып тұрып: «Енді ештеңе жазбаймын. Шаршадым. Қолымда бардың барлығын таратып беремін. Ал өзімнің өмір бойы жиған-терген кітаптарымның, шежірелерімнің, мұрағат құжаттарымның, сирек басылымдар мен фотокөшірмелерімнің бәрін сенің кітапханаңа, сенің өзіңнің қолыңа тапсырамын. Өзге – ортақтаспас, сен қиянат жасамассың. Біреуге болмаса, біреуге сауабы тиер, рахметін алармын. Енді өмір сүремін. Өмірдің рахатын көремін. Қойшығарамен тасқаяқ ойнаймын. Сендерді серуендетемін. Тапқанымды шашамын. Шіркін, сонда қандай рахат болар еді, ә, бала!», – деді.

Ақыры дегеніне жетіп тынды. Бір жыл бұрын: «Ал, Тұрсын! Сен бірден үйге келе ғой. Сенің басыңды ауыртпайын деп проректор Мұхтарға телефон шалып, көлік сұрап алдым. Үш-төрт кітапханашы қыздарыңды ертіп кел. Кітаптарды буып, түйіп, жинап қойдым. Масқара! Ішінде не жоқ дейсің. Екі-үш күн қимай, босағада ұстадым. Ал, мен айнымай тұрғанда, жылдам жет!», – деді.

Сөйтіп, 4 500-ге тарта шежірелер мен сирек кітаптарды өз қолымен тиесіп, кітапханаға алып келді. Ұқыптысын-ай, Ақаңның. Әр қолжазба түптелген, ғылыми сыпаттамасы, сілтемесі жазылған, библиографиясы көрсетілген, хатталған. «Уһ, енді бір демалатын болдым-ғой!», – деді ауыр жүктен құтылғандай боп.

Содан кейін анда-санда келіп, кітаптарына қарағыштап, сипалап, үнемі толықтырумен болды. Кейде көзінің қырымен қарап өтеді, кейде тұрақтап қалады, кейде фотопленкалар әкеп береді. Түптің түбінде «Ақселеу Сейдімбектің кітапханасы» деген диссертацияның қорғалатыны анық. Енді ол маған қазір парыз, өсиет сияқты болып қалды. Университеттің ректораты тарапынан ықылас ауып, ол кітаптар арнайы аудиторияға жинақталып, Ақаңның барлық келбетін көз алдыңа елестететіндей көрікпен иықтанып тұр. Оның сақталуы мен зерттеуі көңілді алаңдатса да, бір аманаты орынын тауып орындалған соң менің де жаным тыныш тапты. Асығыс та болса оның шығармашылығы туралы диссертация қорғалды. Мұның барлығы, әрине, игілік қормалы.

Міне, жыл айналып келгенін күтпей, қырқы берілгенде қойылған сеңгір тас кейпінде ол өзінің сүйікті Жаңаарқасындағы, өзі орынын көзі тірісінде белгілеп кеткен Бәйгетөбеден қоныс тауып, Ақаң демалып жатыр, шындап демалып жатыр. Ол қайырылып келмейтін мәңгілік демалысқа кетті.

Бақұл болсын. Енді оның жоқтығы күн сайын, апта сайын, ай сайын, жыл сайын, мәңгілік сезіліп тұратын болады. Ол сағыныш та сартапқа айналып, жүрегімізде өшпейтін тат болып қалатын күндер де алда болса керек. Бұл рухани өкініштің орыны тола қоймас, сірә.

Өмірден өтерінен он сағат бұрын өзінің қолқанат қызы Үржамалға: «Мен өзімнің соңымдағы мұраларымды екі-ақ адамға иелік етуге сеніп тапсырып кетемін. Ол: қызым – Перизат пен Тұрсын. Жүр, сол балаға барып амандығын білейік. Көңіліне бір кірбің түсіп жүрсе керек», – деп Қойшығара аға мен Қаржаубайды ертіп алып, менің бөлмеме келіп, бір сағаттай тосып отырыпты. Тіршіліктің етекбастылығынан Ақаңның соңғы бой жасаған амандағын алып, соңғы рет еркелей алмағаным өкінішті.

Өйткені, көрген сайын еркелеп, қойнына тығылып, басымды кеудесіне қойып, біраз иіскеп тұрушы едім. Ол да: «О, құдайдың бере салғаны сол!», – деп еміренуші еді. Қойшығара ағамыз сонда басын шайқап, екеумізге сүйсіне қарап тұрушы еді. Енді кім еркелетер дейсің? Рымғали ағам да досының молаға бастаған көшіне ілесіп кете барды. Еркелерміз-ау, бірақ Ақаң сияқты исінгіш кеуде қайдан табылсын...

Қайран саусақ! Әй, саусақ!..


29.09. 2009 –29.08. 2010.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет