Тұрсын ЖҰртбай сырты сыпайы, іші толған намыс еді



жүктеу 167.75 Kb.
Дата30.06.2016
өлшемі167.75 Kb.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ

СЫРТЫ – СЫПАЙЫ, ІШІ – ТОЛҒАН НАМЫС ЕДІ

Қаламың да қарсылық көрсетіп, еркіңе көнбейтін, санаң ғана мәжбүр етіп, ағысқа қарсы жүзгізетін жайлар болады. Соңғы он жылда мұндай күйді бастан кешіп келе жатырмыз. Арасы жиілеп кетті ме, қайдам. Өйткені тағдырдың салғанына мойынсынсаң да, жандүниең қабылдамай, жансебіл күйге түсіреді. Кешегі қимастарың Оралхан, Сағат, Кеңшілік, Жарасқан, Жәнібек туралы өткен шақпен сөйлесең, жаныңның бір бөлшегіне айналып, жандүниеңмен араласқан оларды өміріңнен бөліп тастағандай ыңғайсыз, ыңғайсыз емес-ау, қорғансыз қалғандай жалғыздықты сезінесің. Солармен араласу арқылы қалыптасқан жандүниең, өмірлік көзқарасың, өмір сүру қалпың бұзылады. Көңіліңе алаң кіріп, әлдебір дегбірсіз күй кешкенде соларды іздейсің. Сондай қимас сезімдердің булығуы мен бұлқынысын, жандүние қарсылығын, жанымның да, жандүниемнің де тұтастығын сақтап қалуға тырысып, тағдырға да көнбегенсіп, қажет екендігін түсіне отырсам да Оралхан мен Жәнібек туралы естелікті жаза алмап едім. Енді, міне, соған Асқар қосылды...

Не дерсің, оған да көнетін, көндігетін сыңайымыз бар. Барлығы Жаратқанның еркіндегі талайым. Амалсыз, шарасыз, ықлассыз, ішің күйіп отырып мәжбүрлікпен қолға қалам алатын болдық. «Жаз! Сол жазу үшін жаратылғансың! Жаза алмай кеткендер бар. Солар үшін жаз. Солар туралы жаз. Соларды есте қалдыру үшін жаз!» - дейсің қаламыңа құмыға қыстығырылып. Содан кейін көз алдыңа қимастай ғұмыр кешкен қимас марқұмдар...солардың соңы боп Асқар елестейді де өткен өмірдің қызықты-қиынды елестерін қуып кете барасың.

Дәл қазіргі сәтте де, биылғы Асқарсыз өткен Алматыдағы жаз айларында да ол туралы ойласам: арасы онша алыс емес соңғы кездесу мен суық хабарды естіген сәттер менің санамда қатарласа қатталып, кейінгі қаралы күндердің (жеке басыма қатысты) кеудеге толған мұңы жүректі сыздатады. Қандайда бір көңіл-күй ауанында болсын санамды бір сәйкессіздік сезім билейді. Сеніп, сүйеніп, саялап өскен жалғыз бәйтерегім- апайым Айымханның жоқтығына, еш қаперсіз бақиға кете барған Асқарға сенгің келмейді. Ащы шындық, өкініш бар, бірақ кәміл сенім жоқ. Екеуінің қатарласа жалғаннан бақиға озғаны қалайда астасып кеткендей, алдыңғысының уыты соңғысын басып, алыстан естілетін үнсіз сенбейтін сарынға айналғандай.

Екеуміздің де кейінгі он бес жылда ғылымға ойысқандығымыздан ба, осынау бір түсініп болмайтын, әрі берекелі, әрі нәтижесі бағалаусыз, жерден бауырын бір көтермейтін ауыр ой ілімі бізді бұйығыландырып, томаға тұйықтандырып жібергендей еді. Әуеліде жазушылар одағына барып, достарымызбен қауқылдасып, бойымызды жазып, ойымызды шамырқандырғандай болсақ та, оның да қызуын етекбасты тіршілік тез суытып жүрді. Қанша айтқанмен ішетін суың, мазасыздандыратын мүддең, дендеп жүретін күнделікті тобың, алысатын пікіріңнің тақырыбы басқа болған соң өз ортаңнан да саяқсына береді екенсің. Сондайда бірге қайтудың, оңаша пікір алысудың, сыр бөлісудің сәті жиі түсті. Курстастық, құрбыластық, пікірлестіктен де қатпары нәзік тереңдеу сырластыққа бет бұрды. Ол сырластықтың да өзіндік қызығы, құпиясы, күрделі мәселесі, шешетін түйіні бар. Оның үстіне көрші тұрдық. Кейін ол үйін әкесінее қалдырған соң енді үлкен кісінің өзімен жиі сырласудың орайы жиі келіп тұрды. Ал Астанаға ауысқан соң, Алматыға келген сайын әуелі оған хабарласып, екі-үш ауыз бастырмалата қалжыңдасып, ертеңінде кездесетінбіз. Шешіп тастаған ештеңең жоқ, сол баяғы Несіпбектің, Жүрсіннің, Намазалының, Жанболаттың, Сәулебектің, Қосылғанның, Есеннің, тағы да басқа сабақтастардың аттарын атап, түстерін түстеп, сөздің арасына тұздық салып, тәп-тәуір бусанып қалатынбыз. Әсіресе, Несіпбек, Жүрсін үшеуміз туралы «Үш бурлак» деген өлеңін жиі оқып, біздің қай мінезіміз қандай теңеумен берілген, соны өзінше талдайтын. Маған бұйырғаны Ғалдан-Серендік бопты. Әрине, ғылым да, поэзия да айтылады. Бірақ олар тез шешімін табатын. Өйткені ойластырған ісің екі-үш ауыз сөзбен, бір-екі сұрақпен бітетін. Тіпті бет көрісуіміздің өзі ол мәселенің шешілгенін білдіретін. Ғылым саласында бұл өзі маңызды болғанымен де, біз үшін жеңіл бітетін.

Жұрттан оңашалануды, қара кофені бабымен ұрттап отыруды, әдетте өзарамызға ғана тән «жұмбақ сөзді» ұнататын. Тағы да сол әдетімізден дәметіп, қазан айында Алматыға барғанда Асқармен әдебиет институтында жолықтым. Жүзі сәл сынық. Кіртиіңкі. Алаңы да көп. Байыздап орнына отырмады. Менің одан басқа жұмысым жоқ. Әңгімеге солғын, қысқа жауап қайырды. Дік ете қалайын деп, әліптің артын бақтым да сыртқа шықтық. Ол өзінің көлігіне беттей бере: «Мен ауырып, ем қабылдап жүрмін. Үйіңе апарып тастайын ба. Онда тез отыр. Әйтпесе асығулымын»,- деді. Отыз жылғы достықтың ішінде «көрсеткен» ең өжет әрі кесімді сөзі осы еді. Әйтпесе, ол күліп тұрып бір қалжың айтып, не істейтінімізді өзіңнен сұрап, мақұлдатып алып, көңіліңнің жығылмайтынына әбден көзі жеткен соң ғана жөнін білдіретін. Бұл жолы тез айтты. Мен де асығыс ем. Тек жарты сағат шүңіклдесуді ғана күтіп тұрғамын. Оның бұл мінезін ауырлағандай болып: «Ей, сенен басқа мұнда менің еш жұмысым жоқ. Қазір мен Күлжиханға (зайыбы, ғылыми кітапхананың директоры) барамын. Онда шұғыл тапсырыстарым (архив істері) күтіп тұр. Дәрігеріңе дұрыстап қаран. Іздемеді деп өкініп жүрме, кейін әңгімелесуге маған қолың жетпей қалады»,- дедім. «Ренжімеші-ей» - деді. Екеуміз екі жаққа тарастық. Күлжиханға: «Жігітің әңгімелесуге жарамай қашып кетті» - деп «жамандап» алдым да өз жұмысыма кірістім. Шындығында да қайтып «шүңкілдесуге» қолымыз жетпей қалатынын қайдан білейік.

Ертеңінде Астанама қайттым. Дүйсенбі жұмыс. Өз ойымша алдағы күндері алаңдамай жазуға кірісу мақсатымен бұрыннан «ойластырып жүрген шарамды» жүзеге асыру үшін Есілдің сол жағалауын парсы тілінің маманы Дәуренбекпен ұзақ аралап кеш қайттым. Кешкі бейуақта есік алдында балам Сұңқар кездесіп. «Папа, берік бол. Жүрсін аға сені шұғыл іздеп жатыр. Асқар аға дүниеден қайтыпты»- дегенде қарсы алдымдағы мешіттің алтын үшті мұнарасы «А-а-а!»-деп азан шақырып қоя бергендей болып, меңірейіп тұрып қалдым...Көз алдыма кіртиіңкі қабағы келе қалды. «Ауырып жүрмін!»- дегеніне сенбегендей, елемегендей болып едім. Ол жауабын енді түсіндім.

Қандай жауапты не қиын істі қашан бітіріп алғанша тісінен шығармайтын, ауырғанын да жасыратын Асқардың сол сәтте «ауырдым» дегеніне қалай көңіл аудармадым екен. Демек, ол соңғы кездесуімізде жанына батып жүрген дерттің шындығын айтып қоямын деп сырт тартқан болды ғой. Міне, бұл Асқардың өз мінезі. Шындығында да солай екен. Оны кейін Күлжиханнан естідім. Құлындарымен – Сәулемен, Салтанатпен, Азаматпен бірге дастарханға барып, жарының қолынан бір кесе ыстық шай ішіп тұрып, маңдайын Күлжиханның алақанына қойып, о дүниеге жөней берген. Сыр сақтау, өзімен өзі күресу, жанындағы жандардың көңілін жықпау деген осы шығар. Тіпті дәрігерге де бар қиналысын ашып айтпаған шығар-ау. Барлық курстастар азасына жиналдық. Жүрсіннің қарымдылығы мен Намазәлінің жөн-жоба білуі Асқарды соңғы сапарға Күлжиханға салмақ салмай аттандыруға мүмкіндік жасады. Алматының әкімі Иманғали да ол жүкті жеңілдетті.

Осы жолдарды жазбаса да болатын еді. Бірақ көз алдымда қалған достың соңғы дидары және одан кейінгі көңіл-күй ауаны өзге ойлар мен елестерді кейінге ысыра берді.

Ол ауруын жасырған жоқ, бірақ қолқасын жарған дерт пен өксікті, өмірге деген намысшыл кекті (маған ылғи да солай көрінетін) ешкімге білдірмегені аян. Ашығын айтайын, Асқар сыртынан сыпайы көрінгенімен де оның іші толған намыс пен қайсарлық еді. Кейде тереңдеп сырласқаннан кейін мен оны тістеніп, қасарысып, сондай бір шыншыл қаталдықпен өмір сүріп жүргендей сезінетінмін. Сол ауыр күндері Жүрсін: «Асқардың жүректен өлетін жөні жоқ еді. Төрт құбыласы сай. Өмірден қиыншылық көрген жоқ. Әйелі қандай мәдениетті, сырлы, адал жан. Қыздары қандай кішіпейіл. Әкелеп алақандарына ұстайды. Жағдайы да, атағы да бар еді. Жүрекке түсіретін қандай салмақ болды екен?»- деді. Оның бұл айтқандарының барлығы да шындық. Ол ес білгелі өз тізгінін өзі қолына алды да, оны сондай бір баптылықпен, жұмсақ, бірақ үзілмейтін қайыс сияқты намысшыл беріктікпен ұстады. Онысын жары сезінсе сезінген шығар, бірақ жарыла айтты деп ойламаймын.

Мұның тағдырлық себептері бар еді. Ол себептің басты таңбасы – қатал да дертті, ойыны қанбаған балалықта, ерте қайтқан шешенің жылуы жетпеген әкелі жетімдікте және ...соның барлығын тісіне басып ұстайтын берік те тұйық психологиясмында жатыпты. Мұны мен ол кандидаттық диссертация қорғаған күннің ертеңінде білдім. Ол тұста диссертация қорғау қияметтің қияметі және Асқар ғылымның өз адамы емес, «сырттан» болатын, яғни, баспасөз саласында жұмыс істейтін. Баласағұнның аудармасы да себепсізден себепсіз сынға ұшырап жүрді. Кешінде барлық курстастарымыз үйіне жиналып, айызымыз қанғанша әзілдесіп, емін-еркін отырғамыз. Ертеңінде моншаға бардық. Іштегі сіресіп қалған сіңірлерді жұмсартып, табиғи түрде жеке басымыздың тағдырыа ойыстық. Одан үйіне келіп қою шәйді бабымен демдеп берді: «Мен таңғы сағат төртте тұрып тура осындай етіп қою шәй ішемін де сегізге дейін жазуға отырамын. Жарты сағат дамылдап ап жұмысқа барамын. Қызметтен келісімен көз шырымын аламын. Содан сағат он бірге дейін тағы да жазуымды жалғастырамын. Күнде осылай. Бұл кестені барынша бұзбауға тырысамын. Күнде солай. Ал сендер әлі жүрсіңдер шуатылып»- деді жымиып. Бұл сөзді айтуының себебі: содан біраз жылдар бұрын Асқар Баласағұнды, Несіпбек Науаиды аударуға, мен Әуезов туралы еңбегімді жазуға кіріскенмін. Бұл үшеуміздің де кәсіптік деңгейге бет алған алғашқы жылдарымыз еді. Мен таңғы сағат төрттерде жатуға ыңғайланғанда Асқардың терезеснің шамы жанып тұратын. Ол екеуі бұл белестен қарқынмен шықты. Мен сол малтыққан күйімша қалып қалдым. Жиырма бес жылдан асса да әлі нүктесі қойылған жоқ. «Сен шығармашылық ең үлкен белесті біздің арамызда бірінші боп аттадың. Ғылымға да алғашқы боп ат ізін салдың. Енді бұл деңгейден түспе. Түбінде сен доктор болмай тынбайсың»- дедім. «Көр де тұр. Несіпбекті білмеймін, түбінде осыған сен де келесің. Ал мен сен сияқты поэзияны сатпаймын.» - деді.

Содан кейін ...Асқар өз өмірі, балалығы, туған-туыстары, өткені туралы ашыла сөйледі. Оның мұндай сыршыл кейпінн бірінші рет көрдім. Сонда ғана біз кейде түсінбей қалатын оның «шектен шыққан «тәртіптілігінің» мағынасын ұғындым. Қайтып ол да, мен де «география мен биография мәселесіне» соқпайтын болдық. Мүмкін біздің достарымыз Асқардың мен емеуірін танытып отырған ішкі мінезін, нәзік те қатал намысшылдығы туралы менің пікірімді оқып, түсінбестік те танытар. Бірақ мен білген, маған сырын айтқан және әкесі Құрмашпен «Сарсүйек құда!» десіп қалжыңдасып жүргенде сезінген жайым осы еді. Оның мәнісі мынада және бұл қызықты қарасаңызшы: тоқсаныншы жылдары Асқар екеуміз ежелгі «құда» болып шықтық. Оның туған апайы Күлайым менің аталас ағамыз Сатыбалдыға осыдан жиырма жыл бұрын тұрмысқа шығыпты. Мұны екеуміз де білмеппіз. Мәскеуде оқу қуып жүрген Сатыпалдының да қаперінде туыс іздеу болмапты. Менің ата-енем Сейіт пен Күлғасыл ағайындардың аманатымен үлкендерден жөн сұрасып, іздеп жүріп Сатыпалдыны таппай ма. Кей кездесуде немесе бір істің ыңғайын шешкім келгенде Асқарға, не Күлжиханға салмағымды арттырғым келіп: «Бұл жолы құда Тұрсын ретінде хабарласып тұрмын» - дейтінім де болатын. Әсіресе, бұл қазақы құқымды кітапхананың директоры Күлжиханға біраз бұлдаған болуым керек. «Тұрсын, мен дос ретінде орындаймын ғой» - дейтін Күлжиханға құда мен құдағилықтың салмағын жақсылап түсіндіріп, менің теңім – Құрмаш әкеміз екенін, ал Асқар бар-жоғы құда бала екенін, құда мен құда балаға тартылатын сыбағаның арасындағы айырмашылықты айтып кететін едім. Асқар: «Дұрыс!»-дейтін күліп, ал Күлжихан: «Бәрібір достығымыз үшін орындаймын»-дейтін. Ал байырғы тәжірибелі мұғалім, ақ көңіл Құрмаш құдамнан кей жайды суыртпақтағанда: «Біз ол өмірді сызып тастағамыз! Мәселе қазірдің тәрбиесінде» - дейтін.

Өте саңлаулы, сезгір, аса ақкөңіл, «сіз бен біздің» көңіл жықпас жүйрігі еді. Аңғалдығы да басым болатын. Әр нәрсені тура педагок құсап нақтылап біліп, педагок құсап тәрбиелі, астарлы ыммен ұғындырып, тәрбиелі жолмен мәдени түрде шешім қабылдайтын. Асқардың бойына әкесінің осы мінезі жұғымды сіңген сияқты. Әсіресе, інісі Мұхтар тосын қазаға ұшырағанда Асқар әкесінің нағыз жанашыры бола білді. Жетпістегі ата-анаға арыстай ұлынан айырылу оңай ма. Сынып қалды. Ал Асқарға да оңай болған жоқ. Алла салған өкініштің орынын толтыра алмаса да, адамға тән парыздың орынын толық толтырды. Құрмаш құда-әкеміз: «Енді алаңсызбын. Бәрін ана сенің досың а тапсырдым»-дейтін көзі жасаурап. Мен орынсыз болса да басқа амалын таппай: «Құда баламның» - деңіз деймін. «А, солай екен ғой»-деп күлген болады да әңгіменің ауанын ауыстыра қоямыз. Мен осы жайларды біле жүрсін деп Асқарға айтқанда: «Әңгімелесетін ауылын сағынып жүр. Тәтеміз тіпті ойсырап кетті»-дейтін. Мен бірден есейген кезіміздегі кексе тіршілікті айтып кеттім-ай деймін.

Қазіргі қарағайдай-қарағайдай ел азаматы боп, алды еліміздің, соңы бір ауданның сөзін ұстап жүрген елу бір бозбала 1969 жылы Қазақ университетінің журналистика факультетінде бас қостық. Жасымыз да, мінезіміз де, қабілетіміз де әр деңгейде еді. Бірақ өлең жазбайтыны жоқ болатын. Тіпті ұстазымыз Рымғали Нұрғалиевтен жасы үлкен, біраз дәріс берушілерге «сен» деп сөйлейтін Айтмұқаш: «Сен, анау, мынау ақын болады. Намазалы бірінші курстан кейін өлеңнен жериді. Сақтансаң Несіпбектен сақтан. Сол пәле ақын ьолады. Ал Асқар туралы айтпаймын. Одан бәрін (ақындықты да, прозаны да, ғылымды да, журналистікті де) күтуге болады. Оны қызметтен көр» - дейтін өзінің турашыл мінезімен. Шындығында да Айтмұқаштың сол айтқаны келді. Асқар осы баспалдақтың бәрінен өтті.

Біздің өміріміз бен тағдырымызды, мінезімізді, қабілет-қуатымызды курстастардың барлығы бес жылдың ішінде біліп болды. Оны жасырып ұстай алатындай ақыл тоқтамын ешқайсымыз ұстанғамыз да жоқ. Ал Асқар өзін-өзі ұстай білді. Мінезін де, жазғанын да, аралас-құраласын да. Ол курстастардан басқа қалам саласындағы үлкен-кішінің қайсысымен жақсы араласты, кіммен ымырасы бір еді, кімге қалай шықты, оны сол адамның өзінен басқа қатарлас достары білген жоқ десем, нағыз шындықтың өзі болар еді. Мәселе, жасырын ұстағандығында емес, оған өмір үйреткен, ол үйренген және мәжбүр еткен тәрбие тәлімі сол еді. Дүниенің егжей-тегжейі анықталып, өзінен не өзгеден естіген кезекті жаңалықты алдын ала айтпағанына ренжіп: «Сен тура «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген. Ренжісе де, күлсе де білдірмеген»- деп Абайдың аудармасында берілген Онегиннің өзісің!»- дейтінмін. Ондайда, әрине, әуелі күліп барып: «Кетші-ей. Ренжіп қалдың ба? Болмай қала ма деп ыңғайсыздандым»- деп ол айыбын «жууға» бейімделе беретін. Осы тұйықтық оның қолқа тамырын емдетуге жібермеді ме деп те кейде күдіктенемін.

Университетте араб тілі тобында бірге болдық. Нағыз әріптеп оқитын әліптанушылармыз. Әлемдегі грмамматикасы да, оқылуы да, дыбысталуы да қиын екінші тіл. Ұстазымыз Мәрзия Мәженова апай бізді ұстараның жүзінде қылпылдатып ұстады. Намысымызға да қатты тиетін. Кейде ол басынуға, қорлауға ұласып кететін. Барлығымызда бір-бір тулап, жағаласып, ренжісіп тындық. Тіпті Дәуітәлі мен Жүрсін оқудан бас та тартты. Араб тілінен мемлекеттік емтиханды үшке тапсырып шыққанда «солқылдап тұрып жылаған» Нұрқасымды: «Апайдан құтылғаның рас. Сенбесең, есіңде қалдыру үшін апаймен суретке түсейік»,- деп суретке түскеніміз әлі есімде. Сол бес жылда өзінің де, апайдың да көңілін жықтырмай, қалыпты ұстап шыққан осы Асқар болды. Ал мінезден, оның ішінде Мәрзия апайдың мінезінен хабары бар адам үшін мұның өзі қандай «қорлық сынағы» болғаны айтпаса да түсінікті. Асқар сол мінезін, ішкі беріктігін сақтап қалды. Ал араб тілін оқығанымыз оған да, маған да кейін, араға жылдар салып барып септігін тигізді. Тіпті өзгелерден артықшылығымызға айналды, көне заман тарихына, көне қолжазбалармен жұмыс істеуге, Баласағұн мен Қашқариге баруға тікелей ықпалын жасады, соған қақпайлап әкелді – десем асып айтқандық болмас. Өйткені бұл тақырыпқа бару үшін араб тілін білмесең, қараңғы бөлмеде кітап оқуға ұмтылумен бірдей еді. Араб тілі бізге сөздікпен жұмыс істеудің грамматикалық заңдылықтарын үйретті. Ал мұнсыз оны игеру мүмкін емес еді. Әрине, «Құранды» аударуға құдіретіміз жетпесе де, сөздікпен сөздің түбірін таба алатын деңгейге жеттік. Осының өзі біздің ғылымдағы жолымызды ашты. Асқар тәржімалаған «Құтты білік» пен «Түркі тілдеріннің сөздігі» соған толық дәлел.

Асқардың айықпайтын жан дерті мен жан дауасы – поэзия болды. Өлең ол үшін өзге бар мақсаттан биік, барлық рухани қажеттіліктен жоғары, көркем сөздің бар жанрынан жанды, ғылымның бар саласынан қымбат болды. Басқа жанрға, басқа салаға қалам тартқанда тек өзінің ақын екендігін дәлелдеу үшін, поэзиясына салмақ беру үшін, өзінің парасатты пайымын мойындату үшін және ең бастысы, сол мәселеге ақынның көзқарасын білдіру үшін барды десем еш қателеспеймін. Баласағұнды да, Қашқариді де олардың ақын болғандығы үшін де шығармасын тәржімалауды қолға алды. Сын мақалалар мен зерттеулер жазғанда да ғұламалардың ақындық қуатын алдыға қойды да, содан кейін барып олардың көркем әлеміне, көркем жүйесіне ақын ретінде пікірін білдірді. Ол ақындықтың өзіне кәдімгі қазақы бейнелеу жүйесінен гөрі тосындау «бұрышты» таңдап алды. Ұлттық көркем әлемді көркем қабылдауы, көркем сезінуі, көркем жүйелеуі, көркем теңеулері, көркем тұжырымы бәрі нағыз қазақ поэзиясына тән. Бірақта соны көркем қорытуы, көркемдеп беруі, көркемдеп орындауы, ырғақ пен ұйқасы, қысқаша айтқанда, жазу мәнері қатаң болатын. Әйтпесе, сылдыратып та, сусылдатып та, төгілдіріп те, төкпелеп те жазу қолынан келетін. Лирикалық кейіпкерді ішіне кіргізіп алудан сескенгендей, бар сырымды ашып айтып қоярмын, ішімдегі беріктігімді жұмсартып алармын дегендей «ақындық менді» бұрышқа тұрғызып қоятын сияқты еді. Студент кезінде мінберден шығып өлең оқуды онша машық етпеуі де сондықтан шығар. Әйтпесе біздің бәріміздің де алғашқы оқырмандарымыз ҚазГУ мен ЖенПИ-дің студенттері болды. Сол арқылы ел аузына іліндік, бір-бірімізді таныдық қой.

Өзі барынша тебіреніп, ұзақ әрі шабытты толғатып, түр мен бейнелеу тәсілін, көркемдік шешімін барынша қазақы өлеңге жақындатқан «Аламан» дастанында да ақын – Асқар мен кейіпкер арасындағы сол қашықтық оның өзінін еркінен тыс сақталып қалды. Жиі-жиі үзіндісін оқып, соңында «Түркістаннан» толық нұсқасын оқығаннан кейін де ол кәдімгідей «таңдану» күтіп жүрді. Идеясын, түрін, әсіресе, көркем тұжырымына орын таңдандым да. Бірақ: «Асқар-оу, өзің әлі бұрыштан қарап тұрсың ғой. Мынау араласып кететін аламаның емес пе. Өкпеңді төгетін жерің ғой!»- дененімде: «Кетші-ей, солай ма. Бірақ басқаша жаза алмаймын, жазғым да келмейді» - деді. Бұл шындығы еді. Бұл жинақтан үлкен баға, жақсы пікір емес, таңданысты жақсы пікір, биік баға күтіп еді. Бәрі де жақсы бағалады. Бірақ өзі күткен «таңданысты пікір» мен «өте жоғары бағаны» ала алмады. Тоқсаныншы жылдардың аяғындағы алакөңіл жұрттың оған мұршасы да, құлқы да, ынтасы да болмады. Ол «Кісілік кітабымен» өзін-өзі жұбатты. Ақыры жан ашуын прозадан алғысы келді.

Проза демекші, оның ішкі қабылдау және жандандыру әлемі фапосты прозаға дайын болатын. Өлеңдерінен не, дастандарынан да, сыни және зерттеу жұмыстарынан да прозалық ырғақ пен жазу мәнері, қара сөздің толқынды лықсымалары анық аңғарылатын. Мен оның бұл қабілетін университеттің төртінші курстарында аңғардым. Стилистикадан сабақ беретін Бағиз Манасбаев деген тәртіпті, өзінше қатал, барынша ықтиятты, өзін барынша қатал ұстаймын деп есептейтін қарапайым да адал ұстазымыз болды. Стиль – жазушының өзі дегенді түсініп қалған кезіміз. Басында барынша ықтиятты қатыстық. Ақыры бұл грамматикалық стиль ме, көркем стиль ме, аражігі ашылмай бара жатқан соң ықыласымыз суи бастады. Қатты ұрысқанының өзі «айналайын» деп тұратын Бәкеңнің сабағына салақси бердік. Ол кісі Мұзағаңның – Мұзаффар Әлімбаевтің сүйіктісі деп Несіпбекті еркелетіп ұстады. Ал сабағынан қалмайтын Асқарды қатты силап, өзімен тең ұстады. «Стилімізді көрсету» үшін талқылау сабағында неше түрлі тәсілмен, неше түрі ырғақпен, неше түрлі бояумен, неше түрлі теңеумен шығарма жазып әкелдік. Дәрежесі Бәкеңнің мысалдарынан асып кетсе керек: «Бұлай жазуға болмайды. Менің кітабымда ондай мысал жоқ» - деуге көшті. Соңында сүйіктісі Асқар шығармасын оқыды. Қара түн. Тіпті қап-қара түн. Қап-қара түннен асқан тып-тыныш қара түн. Кенет аппақ сәуле қара түнді тіледі. Сырыл мен сәуле ғана. Ол аппақ сәуле – ананың ақ сүті екен. Сырыл және ананың ақ сүті қара түнді үнсіз тіледі. Шындығында да шағын, әсерлі, «бұрыштан көріп тұрып» жазылған шығарма. Ұстазымыз атып тұрып: «Міне, стиль деген осы!» - деді. Қошқарбай тұрып: «Бірақ сіздің кітабыңызда жоқ қой» - деді. Манасбаев та, Асқар да, біз де үнсіз қалдық. Оның басты себебі, шығармадағы ана және ананың ақ сүті деген құдіретті сөз бен оның әсері еді. Асқардың «Жұлдыз» журналында жарияланған Баласағұн туралы романында да сол бір студент кезіндегі прозалық ойлау және бейнелеу жүйесі нышан береді. Оқиға желісі, тартыс, образ деген сияқты романның қабырғасын бекітетін омыртқалары автордың және кейіпкердің пафостық толғауларымен бекіген. Әдетте әдебиетті өлеңмен аттаған барлық ақындардың прозалары осындай бір тосын көркемдік жүйеге құрылады. Бұдан философиялық көркем ой, ашық білдірілген көркем көзқарас ұтады, ал оқиғаны қуып оқып үйренген оқырманның ынтасын суытады. Егер Махмұд Қашқари туралы роман жазса да Асқар өзінің осы мәнерін сақтаған болар еді. Соңғы жылдарғы көзін қарықтырған бұл шығарма да толықтай қауым назарына жеткенде айтылатын пікір де толыға түсер деп ойлаймын.

Асқардың шығармашылық және ғалымдық күнделікті жұмыс кестесін жоғарыда айтып өттім. Ол - ұшақтың ұшып-қонуы торға түскен және қатаң сақталуға тиісті аэоропорттың радары сияқты еді. Қатардағы дәбірлер әр күнгі сегіз сағаттық қызметтен шаршап шықса, сол салмақпен қоса нағыз «жұмыс уақыты» жұмыстан кейін басталатын шығармашылық иелері мен ғалымдар таңды таңға қосқан шығармашылықтан шабыт алып, сол шабытпен күндіз жұмысын бітіріп, кешке келесі міндетін атқару үшін қайтадан үйге асығады. Мұндайда, әрине, қатаң тәртіп керек. Сол темірдей тәртіпті Асқар сақтай білді. Тіпті іс сапарға шыққанда да «шпаргалкаларын» ала жүретін. Астанаға келген сайын сағат оннан кейін қонақүйге асығады да тұрады. Жұмыстан соңғы әңгімелескен екі-үш сағатты азсынып, созғың келгенде: «Жұмыс бар. Оны аялдатуға болмайды» - дейді. «Үй, сен әлгі ережеңді сапарда жүргенде де сақтайсың ба? Әй, бір шикілігің бар-ау»-десем: «Иә, ол ереже әдетке айналып кетті. Енді тоқтата алмаймын»- дейтін. Сондай бір сапарда көтеріп келген Баласағұнның аудармалары жазылған ескі дәптерлерінің біреуін алып қалып, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына қолжазба ретінде көрмеге қойдым. Одан шығармашылық психологиясы мен тәржімашының тәжірибесі анық байқалады. Ол да зерттелуін тілеп тұрған тақырып. Ал Асқардың бұл «ережесін» Жүрсін мен Намазәлі кейінгі кездері бұзып, тасқаяқ қууға үйретті. Ертеңінде соны айту үшін де кейде телефон шалатын. «Намазәлі екеуің ойыны қанбаған балаға қосылып, доктор деген атағымыздың беделін түсірдіңдер-ау»- дейтінмін.

Әрине, қалжың. Әйтпесе Асқар екеуміз жетіскеннен доктор болғамыз жоқ. Жазушылығымыз жан бағуға себін тигізсе, сол Баласағұн мен Қашқариды, Науаиді былай да аударып, еркін кеңістікте жүре берер едік-ау. Кей-кейде, әсіресе докторлық қорғар алдында: Осы диссертация қорғаудың бізге қанша қажеттігі бар. Бас тартсақ қайтеді – дескен де кезіміз болды. Сол ырғақпен біраз жүріп те қалдық. Академик Серік Қирабаев: «Екеуіңе ақылым өтпейді. Бірақ айтпады демеңдер, қорғаңдар. Сонда қазір бас қатырып жүрген біраз шаруаларың өз-өзінен орнына келеді» - дейтін. Асқар жоғары кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдиннің баспасөз хатшысы, кеңесшісі, аударма редакциясының меңгерушісі, Астана ауысқанда Мемлекеттік қызмет академиясының Мәдениет жобасының (декан сияқты) жетекшісі болды. Соңғысы амалсыздықтың шарасындай көрінді. Енді докторлық қорғамаса өмір сүру формасы да тұйықталатындай сыңай танытты. Қызметтің де өзіндік қызық-шыжығы бар. Әйтеуір үйін кеңейтіп үлгергеніне тәубе етті. Мен де мұражайдан кетіп, шайқақтап жүрген кезім еді. Әуеліде Тұрсынбек Кәкішев, одан кейін Құныпия Алпысбаев, одан кейін Намазәлі «жарты жалақымен жарылқап», бірді-бірге жалғап жүрген кезім еді. Асқар: «Ей, бала! Қиқаңды қой. Маған сабақ беруге кел. Кілең тіс қаққандар. Бұларға қазақ сөзін қанына сіңіру керек боп тұр»-деді. Шындығында да аудан әкімәнәң орынбасарлары, мнистрліктің департамент бастықтарының орынбасарлары, кілең тағайындауды ған күтіп тұрған атжалмандар. Оларға қазақ сөзін қалай сіңіресің? Не болса ол болсын дедім де алғашқы сабақтың өзінде оларға «қазақы боқтықты үйреніп, соны сабақта бір-біріңе айтыңдар» деп тапсырма бердім. Таңданды.Түсінбеді. Кейі мұның түбінде бір пәле жатқанын аңғарды. Қойшы: біз боқтық үшін оқуға түскеміз жоқ. Біз мемлекет басқаруды үйренміз деп келдік – деп бастығыма барыпты. Асқар оларды: «Тұрсыннан артық оқытушыны таба алмаймын. Не айтса соны орындаңдар. Қалғанын кейін көреміз»- депті. Ал өзіме: «Ей, Қыртбаев, не бүлдірдің?»- деді. Түсіндіріп айттым. Қарқылдап күліп алды да: «Не істесең де өзің біл. Осылардың әптігін басып бер! – деді. «Аудио-видиосын қосып», екі-үш дәріс өткізгеннен кейін өздерін өздері жөндеп, табан жолға түсті де кетті.Қазір солардың барлығы Президенттік әкімшіліктен бастап, сенаттың, мәжілістің, министрліктердің, ең соңы облыстың іс қағаздарын басқаратын басты тұлғалар болып кетті. Асқар соған мәз болатын.

Докторлықты сонда қорғады. Алты-жеті айдан кейін қатырма қағазы келді. Курстастар түн ортасынан асыра тойладық. Сағат онда дәріс бітіп, қоңырау соғыла салысымен Асқар мені бухгалтереяға ертіп апарды. Әуелі оның жалақысын, сосын менің жалақымды дауыстап айтып қолыма ұстатты. Бес-алты мың теңге жоғары алды. Ақшалы адамды қолға түсіргім келіп кассирге: «Егеубаевқа неге артық ақша бересіз. Сабақты мен жүргізем, ақшаны ол алады. Ол да кандидат, мен де кандидат»- дедім қалжыңдап. Ресми орынның адамы емес пе көзі бажырайып: Ол кісі директор ғой – деді. Сонда сасып қалған келіншекті жайдарлағысы кеп: «Бала! Ондай ақша алу үшін доктор болу керек!»- деп түнімен өзіміз «жуып, тазартып» қойған қатырманы жұлып алғаны! Бәрі күлді. Әдемі келіншектің көзінше жығылғым келмегенсіп: «Онда мен де доктор болам!»- дедім. «Қашан?»-деді қасымыздағы оқытушы келіншек. «Қазір» - деп телефонды ала сап жетекшім Секеңе – Серік Қирабаевқа телефон шалдым. Құдай кезін келтіріп трубканы өзі алғаны. Енді қайда қашасың, еріксіз батылданып: «Менің доктор болғым келеді және қазір» - дедім. «Е, боласың ғой. Әуелі авторефератты әкелші өзің. Содан кейін диссертация қайда қашады. Бірақ мен саған сенбеймін. Асқар әлі профессор атағын алған соң сенен екі есе көп жалақы алатын болады» - деп әңгімені тереңдетіп жіберді және Асқардың қасымда ақша алып тұрғанын аузына құдай қайдан салып тұр десеңші. Уәдені беріп жатырмын. Таң қалып бухгалтереядағылар қалды. Екеуміз кафеге барып, кофе ішіп, осыдан он жылдай бұрын «сен де ғылымға келесің» дегенін еске алысып отырып «баталасып» тарастық. Екі жарым ай Кенесары ханның бассүйегін іздеп келіп, төрт айдан кейін мінбеге шықтық. Сөйтіп, жаңағы тосын қалжың шындыққа ұласып кетті. Ебепке – себеп деген осы. Әрине, еңбектің де нәтижесі бар шығар. Бірақ түрткі салғаны анық. Менің сыншы ретінде баспасөзге араласуыма Асқардың «Қазақ әдебиетінде» жүргендегі салған қолқасының түрткі болғаны да бар.

Енді не деуге болады, уақыт өткен сайын оның өзге мінездері мен өмірлік мақсаттары туралы ойланып, қадірі өтіңкіреп барып еске түсіріп, кеңінен әрі тереңдетіп жазуға мүмкіндік туар. Жыл айналып жылы толғанда, әлі өткен шақпен сөйлеуге жүрек дауаламай, өмір мен естеліктің аражігі ашылмай тұрғанда өзің сезінген жайлар ғана қалам ұшына ілінді. Оның артта қалған мұралары жинақыланып тұрған шығар. Ол жағына ұқыпты еді ғой. Дегенмен де бір жүйеге түсіріп, қатирадағы ойларын, күнделіктерін, мақала-зерттеулерін, енді қолына алмақ болған прозалық нұсқалардың жоспарын жүйелеп, жөнін келдтіріп, баспаға лайықтау керектігі сөзсіз. Оның сондай бір эпистолярлық мұраларын алпыс жасқа толуына қарай орайластырса Асқардың бейнесін өміршеңдендіретін естелік болар еді.


23-66 қыркүйек. 2007 жыл


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет