Өтуі және симптомдары.
Аурудың жасырын кезеңі /жұққан сәттен туберкулинге оң реакция бергенге дейін/ 14 – 40 күн. Туберкулез әдетте созылмалы, көбінде көзге түсер белгілерінсіз өтеді. Сырт көзге, әсіресе аурудың бастапқы кезінде, ауырған малдың сау жануардан ешбір айырмашылығы болмайды. Ауырған малды тек қана аллергиялық немесе серологиялық тексеру арқылы анықтау мүмкін, ал туберкулезге тән зақымдануы сойылған малдың ұшасы мен ағзаларын тексерген сәтте байқалады. Ретті түрде малды туберкулинмен тексеріп тұру аурудың бастапқы сатысы кезінде байқауға мүмкіндік тудырады. Туберкулездің клиникалық формасының көзге түсуі аурудың ұзақ уақыт бойы орын алғандығын көрсетеді.
Дерт процесінің денеде орын тебуіне байланысты туберкулездің өкпедегі және ішектегі түрін ажыратады, сонымен қатар желіннің, сірі қабықтарының зақымдануы /меруерттену/, генитальдік және денені жайлаған /генерализацияланған/ түрі кездеседі.
Шартты түрде туберкулездің ашық немесе белсенді, және жабық немесе жасырын, түрлерін ажыратады. Ашық туберкулез кезінде ауру қоздырушысы нәжіспен, несеппен, сүтпен, қақырықпен сыртқа бөлініп шығады да, жабық туберкулез кезінде айналасы қабыршақтанған дерт ошақтарынан микроб денеден сыртқы ортаға шықпайды. Ішек, желін, жатыр зақымданған кезде туберкулез процесі әрқашанда ашық болып есептелінеді.
Ірі қараның туберкулезі кезінде өкпе жиі зақымданады. Бұл жағдайда дененің ыстығы біраз көтеріледі, оқтын – оқтын қатты жөтел пайда болады. Ауру созылмалы болғанда жөтел бәсеңдеп, дыбыссыз, бірақ азапты сипат алады. Қақырық түсуі байқалмайды десе де болады. Жөтелген кездегі тыныс жолдарынан бөлінген сораны мал жұтып қояды, немесе ол мұрыннан ағып тұрады. Ауру мал ентігіп, жемшөп жеуі азаяды, қондылығы мен өнімділігі төмендейді. Көрінетін кілегей қабықтары бозғылт тартады. Өкпені тыңдағанда сырыл естіледі, перкуссия кезінде дыбыстың әлсіреген ошақтары табылады. Ішек зақымданған кезде іш өтіп, қондылығы күрт төмендеп жануарлардың әлсіздігі еселеп арта түседі.
Желін зақымданған кезде желінүсті сөл түйіні ұлғайып, қатаяды, беті бұжырланып, қозғалуы шектеледі. Желіннің зақымданған бөлігін басып көргенде қатайған, ауырсынбайтын бөлшектер сезіледі, зақымдану аса қатты болса желіннің сыртқы түрпаты өзгеріп, бір жағына қисаяды. Сауып көргенде сүттің сұйылып, қан немесе ірімік араласқанын байқауға болады. Жыныс мүшелері зақымданған сиырлар уақытсыз күйлеп, қысыр қалады, ал бұқаларда орхит кездеседі.
Бойды жайлаған туберкулез кезінде таяу орналасқан сөл бездері /жақ астындағы, жауырын алдындағы, шаптағы, желін үстіндегі/ ұлғайып, қозғалысы шектеледі.
Шошқада туберкулез байқаусыз өтеді. Кейде жақ астындағы және жұтқыншақ артындағы сөл түйіндері ұлғаяды. Зақымдалған түйіндерде абцессалар пайда болып, олар тесілгеннен кейін ірінді ірімік бөлініп шығады. Өкпе ауқымды түрде зақымдалса жөтел пайда болып, құсып, тыныс тарылады.
Қой мен ешкі туберкулезбен сирек және байқаусыз ауырады. Ауру қатты өткен кезде ірі қарамен ұқсастығы аңғарылады.
Құстарда туберкулез созылмалы, клиникалық белгілері айқын емес түрде өтеді. Бойға жыйылған түрі кезінде әлсіздік, жұмыртқалауының азаюы, арықтау (кеуде етінің солуы) байқалады. Ішек зақымдалғанда кілегейлі қабықтары мен терісі сарғыш тартады. Кейде аяғы ақсап, табанында ісік пайда болады.
Терісі құнды аңдардың (түлкі, күзең, сазқұндыз) негізінен туберкулезбен күшіктері ауырады. Ауырған аң әлсіреп, шегіне жете жүдейді, өкпе зақымданған түрі кезінде жөтеліп, ентігеді. Ішегі зақымданғанда іші өтіп, бауыры зақымданса кілегейлі қабықтары сарғыш тартады. Түлкіде кей кезде терісінде ұзақ уақыт жазылмайтын ойылым пайда болады.
Патологоанатомиялық өзгерістер. Әртүрлі мүшелер мен ұлпаларда байқалатын өзгеше бұдырмақ түйіндер /туберкулалар/ туберкулезге тән ерекшелік болып есептеледі. Бұл бұлдырмақтардың көлемі тарыдан тауық жұмыртқасына дейін, кейде одан да үлкен болады. Туберкулез ошағы дәнекер ұлпалы қапшықпен қоршалып, оның ішінде іріген, құрғақ, үгілген масса /казеозді өліеттену/ болады. Ұзақ аурудың нәтижесінде туберкулез түйіні әктенеді.
Күйіс қайтаратын жануарларда туберкулезбен өкпе және көкірек қуысындағы сөл түйіндері жиі зақымданады. Өкпеде тығыз, сұрғылт түсті ошақтар кезедеседі. Оларды тілгенде май құсап жылтырап /өліеттенбеген/ ортасында казеоз, кейде іріңдеген фокустары болады. Сирек жағдайда көлемі әртүрлі каверналар кезедеседі /сиыр мен ешкіде/. Сөл түйіндері, әсіресе жақ астындағы, жұтқыншақтағы, жауырын алдындағы, жиі зақымданады. Олар үлкейіп, қатаяды, беті бұжырланып, тіліп қарағанда ортасында,ы ұлпа казеозданып, іріп тұрады.
Сірі қабықтар зақымданған кезде көкірек және құрсақ перделерінде көпетегн «меруерт» деп аталатын тығыршықтанған, жылтыраған, үлкендігі кейде емен жаңғағына жететін туберкулез түйіндері кездеседі. Аурудың ішектегі түрі кезінде шеті белдеуленген дөңгелек ойылымдар аш ішек пен мықын ішектің кілегейлі қабығында ұшырасады.
Достарыңызбен бөлісу: |