ТҰЯҚбаева айгүл бекайдарқызы германияның Орталық Азиядағы саясаты (1992-2009 жж.) Тарих ғылымдары саласында «халықаралық қатынастар»



бет1/3
Дата26.02.2016
өлшемі228 Kb.
#27041
түріАвтореферат
  1   2   3


ӘОЖ 327(430 : 574/575) Қолжазба құқында

ТҰЯҚБАЕВА АЙГҮЛ БЕКАЙДАРҚЫЗЫ

Германияның Орталық Азиядағы саясаты

(1992-2009 жж.)

Тарих ғылымдары саласында «халықаралық қатынастар»

мамандығы бойынша философия докторы (Ph.D.)

академиялық дәрежесін алуға арналған диссертацияның


авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы 2009

Жұмыс әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орындалған.


Ғылыми жетекшілері: саясаттану ғылымдарының кандидаты, доцент Сапанов С.Ж., доктор, профессор Прадетто А.

Пікір жазғандар: тарих ғылымдарының кандидаты Галиев А.А., тарих ғылымдарының кандидаты Кушербаев Ж.Д.

Диссертацияны қорғау 2009 жылдың «19» маусымында сағ. 16.00 әл Фараби атындағы ҚазҰУ нің Мемлекеттік аттестациялық комиссияның мәжілісінде өтеді. Мекен жайы: 050040, Алматы қ., әл Фараби даңғылы, 71, халықаралық қатынастар факультеті, 508-ші аудитория.


Диссертациямен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ нің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы «___»__________ таратылды.

Мемлекеттік аттестациялық

комиссияның хатшысы Ж. Атымтаева

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста XX ғасырдың 90-шы жылдары мен XXI ғасырдың алғашқы онжылдығы аралығындағы Федеративті Германия Республикасының Орталық Азияға қатысты саясатының мақсаттары, бағыттары мен басымдылықтары зерттелінген. Сонымен қатар, Германияның орта азиялық аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріне байланысты ұстанымы және саяси экономикалық қатысуы қарастырылған.

Тақырыптың өзектілігі. Кеңес Одағының ыдырауынан бастап посткеңестік Орталық Азия аймағының әрбір егеменді мемлекетінің стратегиялық мақсаттары халықаралық қатынастар жүйесінің субъектілері ретінде әлем мемлекеттерімен, халықаралық және аймақтық ұйымдармен, тығыз байланыстарды орнату болды.

Қазіргі кезеңдегі ғаламдану жағдайында және жаңадан қалыптасып келе жатқан көптүрлі әлемдік жүйенің дамуында Орталық Азия аймағы геоэкономикалық тұрғыда маңызды орын алуда. Жаңа мыңжылдықтың басында Орталық Азия аймағының геосаяси және геостратегиялық жағдайы арта түсті. Соның негізінде, аймақ халықаралық саясаттың негізгі тақырыптарының біріне айналып, халықаралық қауымдастық назарында ерекше орынға иеленуде. Оның негізі мынадай факторлармен түсіндіріледі:

Біріншіден, орта-азиялық аймақ ең алдымен табиғи бай ресурстарға, энергетикалық және минералды-шикізат көздеріне ие болуына байланысты тартымды;

Екіншіден, орталық-азиялық аймақ шетелдік тауарларды өткізудің жаңа нарығы және инвестицияларды салу ортасы болып табылады, ал бұл фактордың маңызы орта азиялық елдердің келешекте әлемдік саудаға тартылуы барысында тіптен арта түспек.

Үшіншіден, орта-азиялық аймақ қазіргі кезде энергетикалық фактордың есебінен тек қана экономикалық емес, сонымен қатар геосаяси маңызға ие, демек әлемдік державалар аймақтағы экономикалық қатысуларының нәтижесінде өз ұстанымдарын бекітуде.

Төртіншіден, Орталық Азия аймағы түрлі тараптармен қатынастарын бекіту барысында транзиттік қуатқа ие.

Мұнай және газ құбырлары қандай жолдармен жеткізілуі қажет, қай елдердің территориялары арқылы құбырлар желісін құрастыру керек деген сияқты сауалдар тікелей геосаяси мүдделермен тығыз байланысты. «Энергетикалық шикізаттарды тасымалдау маршруттары техникалық мүмкіндіктерден емес, транзиттік мемлекеттер мен әлемдік державалардың мемлекетаралық қатынастарына тәуелді болып қалды» [1].

Қазіргі кезеңде орта-азиялық аймақта Ресей, АҚШ, Қытай сияқты өзге де негізгі акторлардың қатарында, Еуропалық Одақтың белді мүшесі Федеративті Германия Республикасы аймақтағы мүдделерін қарастырады.

Германия Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты сыртқы саясатында аймақтық тәсілді ұстанады. Демек, аймақ мемлекеттерімен жеке жеке қатынастарды дамытудан қарағанда, байланысты бірыңғай тұтас аймақпен дамыту бағытын тиімді деп қарастырады. Алайда, аймақтық деңгейдегі қатынастарды қалыптастыру мақсатында Германия орта азиялық мемлекеттермен жеке дипломатиялық қатынастарын пайдаланады.

Германияның Орталық Азияға қатысты саясаты аймақтың бес елі Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттеріне бағытталған.

Германия Орталық Азияны сыртқы саяси басымдықтарының ішінде ТМД елдері немесе «шығыс саясаты» шеңберінде бөліп қарастырады.

Германия Орталық Азия елдерінің еуропалық бағытында, әсіресе сауда экономикалық, инвестиция және технология салаларында негізгі басымдықтағы мемлекет болып табылады. Еуропалық континентте өзінің экономикалық қуаты есебінен үстемдікті қалыптастыратын Германия ауыспалы экономикасы бар орта азиялық мемлекеттер үшін тартымды серіктеске айналған.

«Неміс экономикалық кереметтігімен» танымал болған, нарықтық реформалар нәтижесінде тиімді жетістіктерге жеткен және қазіргі кезеңде әлемдік экономикада үшінші орынды иеленетін Федеративті Германия Республикасы орта азиялық мемлекеттердің дамуында үлгілі мемлекет.

Мәселен, ҚР президенті Н. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде Қазақстанның даму стратегиясындағы жоспарлы экономикадан нарыққа, тоталитарлықтан либералдық саясатқа көшуді белгілеуде Германияның экономика министрі, кейінде канцлері болған Людвиг Эрхардтың «жақсы тұрмыс – баршамыз үшін» деп аталатын қағидасын ұстанғандығын мәлімдейді [2, 19 б.].

XX шы ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап, Германия ғылыми және саяси ортасында Орталық Азияның стратегиялық маңызын түсіне бастаған. Германияның орта азиялық мемлекеттермен екіжақты деңгейдегі қатынастарының қарқынды даму динамикасы оның аймақтағы белсенді қатысуын көрсетеді. Дәлел ретінде, және басқа еуропалық елдермен салыстырғанда, Германияның дипломатиялық елшіліктері орталық азиялық мемлекеттердің барлығында да 1992 жылдың алғашқы айларынан бастап өкілетті. Нәтижесінде орта азиялық мемлекеттердегі және аймақтағы саяси қауіпсіздік, әлеуметтік экономикалық жағдайлардың мәнісіне қанық болған Германия 2001 2002 жылдардан бастап, Орталық Азияға қатысты арнайы сыртқы саяси концепцияларын қабылдай бастады. Қабылданған концепцияларда көрсетілген мақсаттарды Германия еуропалық саясатта енгізуге ұмтылды. Ал, 2007 жылдың I-ші жартыжылдығында Еуропалық Кеңесте төрағалық қызметті атқарған Германияның ықпал етуінің нәтижесінде Орталық Азияға қатысты ЕО тың стратегиясы қабылданды.

ЕО тың идеясы бойынша, орталық азиялық территориясында мүдделері түйісетін сыртқы акторлармен стратегиялық қарым қатынастарын жүзеге асыру нәтижесінде Орталық Азия түрлі тараптар арасында транзиттік көпір бола алады, сол арқылы, халықаралық қатынастар жүйесінде аймақ келешекте өзіне тән салмақты меңгеруі қажет.

Германия орта азиялық елдері арасында үлкен беделге ие және аймақ мемлекеттерімен өзара қарым қатынасы ілгерілеуде.

Осы орайда, Германияның Орталық Азиядағы саясатына арнайы ғылыми зерттеуді жүргізу қажеттігі қарастырылып отырған тақырыптың өзектілігін ашады.



Зерттеу жұмысының нысаны Германия Федеративті Үкіметінің Орталық Азия аймағына қатысты сыртқы саяси бағыты болып саналады.

Зерттеу жұмысының пәні Германия Федеративті Республикасының сыртқы саясаты және Орталық Азия.

Диссертациялық жұмыстың хронологиялық шеңбері XX ғасырдың 90-шы жылдары мен XXI ғасырдың алғашқы онжылдығы аралығын қамтиды.

Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсаты XX ғасырдың 90-шы жылдары мен XXI ғасырдың алғашқы онжылдығы аралығындағы Германия Федеративті Республикасының Орталық Азия қатысында ұстанған саясатының даму үрдістерін анықтау.

Қойылған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер алға қойылды:

  Германия Федеративті Республикасының заңнамалық және сыртқы саяси құжаттарын сараптаудың негізінде оның сыртқы саяси ерекшеліктерін және басымды бағыттарын айқындау;

  Германия Федеративті Республикасының Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси концепцияларының негізінде орталық азиялық бағытының басымдылықтарын көрсету;

  Германия Федеративті Республикасының Орталық Азияға қатысты сыртқы саяси концепцияларын зерттеудің негізінде ықпал ету механизмдерін қарастыру;

  Германия Федеративті Республикасының Орталық Азия елдеріне қатысты ресми және стратегиялық құжаттарына жан жақты сараптамаларды жүргізудің негізінде Германияның Орталық Азиядағы қауіпсіздікке байланысты ұстанымын анықтау;

  Германия Федеративті Республикасының Орталық Азия елдерімен екіжақты және көпжақты деңгейдегі келісім шарттарын зерттеудің негізінде оның аймақтық ынтымақстастықты дамытудағы ерекшеліктерін сараптау;

Теоретикалық методологиялық зерттеу әдістемесі. Зерттеу жұмысының әдістемесі зерттеу пәні мен объектісі, сондай ақ қойылған мақсат пен одан туындайтын міндеттердің сипатына байланысты таңдалынды. Осы зерттеу жұмысында қазіргі кездегі саясаттану және тарих ғылымдарындағы халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатты зерттеуге арналған әдістер жинағы қолданылды. Халықаралық қатынастар мен мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін қарастыру барысында тарихи және ғылыми объективтілік қағидасы басшылыққа алынып, белгілі бір елдің екінші бір елге, не болмаса белгілі бір аймаққа қатысты сыртқы саяси бағыты мен оның даму үрдісін зерттеуде кешенді типлогиялық тәсілдер пайдаланылды.

Берілген жұмыста автордың қолданған әдістеріне жүйелі, деңгейлі, секторалды талдаулар кіреді. Аталған әдістер екіжақты қарым қатынастар дамуының эволюциясы мен аймақты дамыту мәселелерін жан жақты сараптауда тиімді пайда берді. Зерттеу жұмысының теоретикалық негізін неореализм, либерализм, либералды институционализм элементтері құрайды.



Зерттеу деректері. Қойылған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшіін диссертациялық зерттеуде дерек көздерінің кең шеңбері қолданылды. Оларды қайнар көздеріне қарай бірнеше топтарға бөліп қарастырамыз:

Дерек көздерінің бірінші тобын Германия Федеративті Республикасының заңдары, ресми сыртқы саяси концепциялары, бағдарламалық құжаттары бундестаг құжаттары, ЕО тың стратегиялары құрайды. Бұл топтағы деректердің негізін Германия Федеративті Республикасының Негізгі заңы, Германияның социал демократиялық партиясының «Еуропадағы Германияның рөлі» және «Каспий теңізі   болашақтың аймағы» атты ресми бағдарламалары, Экономикалық ынтымақтастық және даму саласындағы Федеративті Министрліктің Орталық Азияға қатысты концепциялар, Федеративті Германия Үкіметінің Орталық Азияға қатысты концепциясы [3], Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты 2002-2006 жж. арналған стратегиялық құжаты мен 2007 жылғы «ЕО және Орталық Азия: жаңа серіктестік стратегиясы» құрайды.

Көрсетілген деректер тобы Германияның Орталық Азия қатысындағы сыртқы саясатының құқықтық және концептуалдық негіздерін анықтауға мүмкіндік береді.



Дерек көздерінің екінші тобын Германия Федеративті Республикасы және Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты қарым-қатынастар негізін қалайтын және оларды реттеуші құқықтық келісім шарттар енеді. Еңбекте Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы қатынастарды реттейтін мынадай келісім шарттар зерттелінген: экономикалық ынтымақтастық негізі туралы, болашаққа арналған серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме [4], техникалық көмек көрсету туралы, қаржылай көмек көрсету туралы, Қазақстандағы неміс ұлтына қолдау көрсету ынтымақтастығы туралы, мәдени салада ынтымақтасу туралы, Алматыдағы Қазақстан Неміс университетін дамыту бойынша ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы, әуе жолдары қатынастарын қалыптастыру туралы, Германияның аймақтағы әскери қатысуына байланысты Қазақстан территориясынан бундесвер әскерлері мен қажетті жабдықтау жүктерін тасымалдау туралы, әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісім шарттар.

Дерек көздерінің үшінші тобына Германия Федеративті Республикасы мен Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары, мемлекеттік қайраткерлері, белгілі бір ресми жауапкершілігі бар жеке адамдардың еңбектері, сөйлеген сөздері мен сұхбаттары жатады. Бұл деректер тобын ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жолдаулары, жобалары халықаралық форумдарда сөйлеген сөздерінің жинағы, Германияның бұрынғы бундесканцлері Г. Кольдің мемуары, Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі Г Д. Геншердің «XXI ғасырдағы социал демократиялық сыртқы саясат» атты кітаптың жарық көруіне байланысты сөйлеген сөзі мен естеліктері, 1998-2005 Германияның бундесканцлер қызметін атқарған социал демократ Г. Шрёдердің мемуары, Германияның жасылдар партиясынынан шыққан сыртқы істер министрі Й. Фишердің еңбегі, Федеративті Германия Республикасының қазіргі кездегі сыртқы істер министрі Ф В. Штайнмайердің еңбегі, Германияның сыртқы істер министрлігінің штатс-министрі Г. Эрлердің «Орталық Азиямен адам құқықтары саласы бойынша диалог» атты еңбегі [5], ЕО тың сыртқы байланыстары мен «еуропалық көршілестік саясаты» мәселелері бойынша комиссары Бенита Ферреро Валднердің 2006 ж. 19-қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде сөйлеген сөзі құрайды. Аталған деректер тобы Германия Федеративті Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттерінің негізгі бағыттары мен басымдылықтары және олардың міндеттері жайында сараптама барысында нақты анықтамаларды береді.

Дерек көздерінің төртінші тобына халықаралық саясаттағы теоретиктердің еңбектерін қамтиды. Оларда халықаралық аренадағы Германия Федеративті Республикасының ықпал ету ролі және Орталық Азия аймағының алатын орны мен маңыздылығын көрсету арқылы, Германияның сыртқы саясатын және Орталық Азия елдерімен қарым қатынасын зерттеу барысында түрлі концепциялар мен әдіс тәсілдер ұсынылған. Еңбекте мынадай теоретикалық зерттеулер қарастырылған: зерттеу жұмысының теоретикалық әдістемелік бағдарын анықтау барысында қазақстандық маман И. Черныхтың, Германия сыртқы саясаты туралы Х. Маулдің, Г. Шөлгеннің, К. Хаккенің, М. Рюленің, В. Мауердің, Р. Клементтің, О. Тренерттің, А. Прадеттоның [6] В. Линктің және жаңа әлемдік жүйе мен геосаяси жағдайды зерттеуші З. Бжезинскийдің еңбектері жатады.

Дерек көздерінің бесінші тобын Германияның Орталық Азиядағы қатысуын және аймақ мемлекеттерімен арасындағы саяси құқықтық, әлеуметтік экономикалық қатынастарының негізін көрсететін статистикалық мәліметтер мен ресми ақпараттық анықтамалықтарды құрайды.

Статистикалық мәліметтер www.weltalmanach.de, www.tatsachen-ueber-deutschland.de сияқты арнайы неміс статистикалық сайттары мен халықаралық институттардың мониторингі берілген неміс зерттеу еңбектерінен алынған.

Ал ресми ақпараттық анықтамалықтар Федеративті Германия Республикасының сыртқы істер министрлігі, Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы және Өзбекстандағы елшіліктері, Неміс Түрікменстан форумы, Берлин қаласындағы «ғылым және саясат қоры», Бонн қаласындағы дамыту институты, неміс техникалық ынтымақтастық қоғамдастығы, ауыспалы экономикалар үшін несие берумен айналысатын неміс дамыту банкі, неміс бундестагы, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі, ҚР президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты, ҚР Бірінші Президенті жанындағы халықаралық экономика және саясат институты, Қырғызстан Республикасының сыртқы істер министрлігі, Тәжікстан Республикасының сыртқы істер министрлігі, Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрлігі сияқты мемлекеттік ұйымдардың ресми сайттарынан алынған. Сонымен қатар, интернет желілеріндегі (www.wostok.de, www.deutsche-allgemeine-zeitung.de, www.akipress.org, www.expert.ru) кезеңді басылымдардың материалдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) мәліметтері де қарастырылды.

Дерек көздерінің алтыншы тобын диссертацияның авторы жүргізген сұхбаттар құрайды: Гамбург университеті «Бейбітшілік пен қауіпсіздікті зерттеу» (IFSH) институты шеңберіндегі «ЕҚЫҰ мын зерттеу орталығының» (CORE) ғылыми сарапшысы А. Крайкемайермен, Бонн қаласындағы «Неміс дамыту институтының» (DIE) маманы Й. Гревингхольтпен, Берлин қаласындағы «Ғылым және саясат қорының» (SWP) маманы А. Шмицпен және «Орталық Азия сараптамалары» (Zentralasien Analysen) журналының редакторы, зерттеуші Б. Эшментпен жүргізілген сұхбаттар ғылыми зерттеу жұмысының жаңа дерек көздері болып табылады.

Осылайша, автордың қолданған деректері диссертациялық жұмыста қойылған мәселелерді объективті түрде сараптауға және тұжырымдамаларды ғылыми түрде дәлелдеуге жеткілікті әрі заңды, сонымен қатар олар зерттеу барысында белгіленген мақсат міндеттерді шешуге толық мүмкіндік береді.



Тақырыптың ғылыми деңгейде игерілгендігі. Диссертация тақырыбының тарихнамасын елдерге бөлу, мәселелерді іріктеу және хронологиялық қағидалар бойынша топтастырылған.

Неміс тарихнамасы. Неміс тарихнамасында Германияның Орталық Азиядағы саясатын зерттеуге арналған тікелей диссертациялық зерттеу жұмысы жоқ, алайда 2002 жылғы М К. фон Гумппенбергтің «Deutsches und Europäisches Engagement in Zentralasien. Ein Beitrag zur Stabilisierung der Region?» (Орталық Азиядағы Германия мен Еуропаның қатысуы. Аймақты тұрақтандыруға арналған үлес пе?) атты монографиясы бар. Бұл еңбекте автор Германия және Еуропаның орта азиялық аймақтағы саяси экономикалық және дамыту ынтымақтастығы бойынша қатысуы мен тұрақтылықты қалыптастырудағы үлестерін зерттей отырып, «аталған субъектілердің Орталық Азиядағы ықпал ету мүмкіндіктері шектеулі» деген қорытындыға келген.

Жанама түрде Вюрцбург қаласы, (Германия) Юлиус Максимилиан атындағы университетінде А. Варкочтің «Die Zentralasienpolitik der Europäischen Union: Interessen, Strukturen und Reformoptionen» (ЕО тың орта азиялық саясаты: мүдделер, құрылымдар және реформа мүмкіндігі) деп аталатын философия докторы (Ph.D) дәрежесін алуға арналған диссертациясы 2006 ж. қорғауға шығарылған. А. Варкоч Орталық Азиядағы әлеуметтік, саяси экономикалық, құқықтық, әскери саладағы қауіптерді және олардың ықтималдылығын келтіре отырып, ЕО елдерінің аймақтағы мақсаттары мен мүдделеріне сараптама жүргізген. Сонымен қатар, А. Варкоч ЕО тың көпдеңгейлі институттарын іске қосуына қарамастан, ұйымның аймақтағы ықпал ету механизмдері әлсіз деген қорытындыға келеді. Оның себебін, неміс сарапшысы ЕО тың аймаққа бағытталған мақсаттарының орындалуы үшін, күрделі жұмыстарды қажет ететіндігіне қарамастан, ұйымның аймаққа арнап бөлген қаржы көлемі мардымсыз, тіпті ол «АҚШ тың орта азиялық аймаққа салған инвестиция көлемінің ⅓ не де жетпейді» деген сыни пікір арқылы түсіндірген.

Зерттеу жұмысы барысында неміс ғылыми және саяси институттары, сонымен қатар Үкіметтік емес ұйымдарына жататын неміс зерттеу қорларындағы Орталық Азия бойынша зерттеу мамандарының еңбектері аймаққа қатысты неміс көзқарастарын анықтау үшін пайдалы болды.

Осы ретте Берлин қаласы, Ғылым және саясат қоры (SWP) құрамындағы “халықаралық саясат және қауіпсіздік институтында” саясаттану, сонымен қатар Каспий өңірі, ТМД және Орталық Азия зерттеулерімен шұғылданатын У. Хальбахтың еңбектері жиі кездеседі. Орта азиялық зерттеулер бойынша У. Хальбахтың институтқа дайындаған есеп түріндегі монографиялары көбінесе аймақтың қауіпсіздік саласына арналған. Мысалы, «Sicherheit in Zentralasien» (Орталық Азиядағы қауіпсіздік) атты еңбегінің бірінші бөлімінде Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздік құрылымдары, әскери және қорғаныс саласындағы жағдайларын ұлттық және аймақтық деңгейде қарастырса, екінші бөлімде Ферғана бөктеріндегі кішігірім қақтығыстарды аймақтағы «жаңа қауіптер» ретінде көрсеткен. Осы еңбектерін У. Хальбах 2001 жылғы 11-қыркүйек оқиғасынан кейін толықтырып, «Zentralasien in Bedrängnis» (Орталық Азия тығырықта) еңбегін жарыққа шығарады. Бұл еңбекте аймақ мемлекеттерінің және аймақтық державалардың орта азиялық аймақтағы қауіпсіздік қатерлеріне төтеп беру барысында жолыққан кедергілерінің себептерін қарастырған.

Еңбекте Орталық Азиядағы демократиялық дамуларды зерттеуші Б. Эшменттің «Kasachstan auf dem Wege zur Demokratie?» (Қазақстан демократиялық даму жолында ма?), «Kirgistan: Von der Insel der Demokratie zum Zentrum der Anarchie?» (Қырғызстан: демократия аралынан анархия орталығына?) атты монографиялары сарапталынды.

Демократиялық зерттеулер туралы неміс дамыту институтының (DIE) маманы Й. Гревингхольт өзінің «Ohne Gewähr. Demokratieförderung in Zentralasien» (Кепілдіксіз. Орталық Азиядағы демократиялық дамуларға қолдау көрсету) атты еңбегінде Кеңес Одағы құлағаннан бері батыс елдері, халықаралық ұйымдар және үкіметтік емес ұйымдардың Орталық Азияда демократияны орнықтыруға қолдау көрсетуге ұмтылатындығына тоқталып, аймақта демократияның пайда болуы мен нығайтылуына олар ешқандай үлес қосқан жоқ деген тұжырымға келеді.

Й. Гревингхольттың пікірінше, Орталық Азияның демократиялық жолда дамуына қолдау көрсету қажет деген түсінік адасуға әкеледі, қауіптің бастысы, демократияны демократиялық емес елдерде қалыптастыруға әрекеттесуден тұрады. Й. Гревингхольт: “егер де мақсаттарды реалистік тұрғыда қалыптастырса және құралдарды бірізді үйлестірілген түрде енгізсе, демократияландыруды орындауға жақсы себептер бар дейді [7].

Неміс сарапшыларының ішінде Қазақстан бойынша бірқатар зерттеу жүргізген М К. фон Гумппенбергтің «Meinungsfreiheit und Opposition in Kasachstan» (Қазақстандағы сөз бостандығы және оппозиция), «Kasachstan an der Schwelle zum 21. Jahrhundert. Präsident Nazarbaev zwischen Kollektiverinnerungen und Zukunftsvision» (Қазақстан XXI ғ. тоғысында. Президент Назарбаевтың естеліктері мен келешекті болжауы), «Die Sozioökonomische Entwicklung in Kasachstan» (Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуы), «Staats- und Nationsbildung in Kazachstan» (Қазақстандағы мемлекеттік және ұлттық құрылым) атты монографиялық еңбектері Қазақстанның саяси даму жағдайларына бағытталған. Гумппенберг Өзбекстандағы Андижан оқиғаларына байланысты жүргізген зерттеу жұмысында оқиға нәтижелері аймақ елдері мен батыстық елдер арасындағы қарым қатынастың салқындауына алып келді деген қорытындыға келеді.

Орталық Азиядағы саяси жағдайларды зерттеуші, Фридрих Эберт атындағы қордың бұрынғы байланыстырушысы Р. Круммның «Zentralasien: Stabilität um jeden Preis» (Орталық Азия: қандай жағдай болмасын ең алдымен тұрақтылық), «Zentralasien: Kampf um Macht, Energie und Menschenrechte» [8] (Орталық Азия: билік, энергетика және адам құқықтары үшін күрес) еңбектерінде аймақтың тұрақтылық қауіп қатерлері мен геосаяси жағдайы баяндалған.

Неміс сарапшысы Й. Гревингхольт Германияның экономикалық ынтымақтастық және даму саласындағы Федеративті Министрлігінің тапсырмасы бойынша Орталық Азиядағы Германия мен Еуропаның қатысуын нақтылайтын алғышарттар жобасын қалыптастыруға қатысады. Жобаның үлгілерін Гревингхольт 2004 ж. өзінің «Krisenpotenziale und Krisenprävention in Zentralasien» (Орталық Азиядағы шиеленістердің алдын алу мен қақтығыстар ықтималдылығын жою) атты еңбегінде тұжырымдайды, демек Германия мен Еуропаның орта азиялық аймақтағы міндеттері шиеленістердің алдын алу мен қақтығыстар ықтималдылығын жою негізінде жүзеге асырылуы қажет болған. Аталған еңбекте көрсетілген аймақтағы дәстүрлі емес жаңа қауіптердің негізі әлді мемлекеттілік пен әлді үкіметті қалыптастыру институттарының тапшылығымен ұштастырады. Осы тұжырымдамасын Й. Гревингхольт өзінің «Staatlichkeit und Governance: Herausforderungen in Zentralasien und Südkaukasus» (Мемлекеттілік және үкімет: Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ қауіптері) атты еңбегінде нақтылайды.

Германияның дамыту саясатында белгіленген орта азиялық қауіптерді реттеуде «шиеленістердің алдын алу мен қақтығыстар ықтималдылығын реттеу жобасы арқылы Германия және Еуропа Орталық Азияда аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қолдау көрсетуі қажет, соған сәйкес ЕҚЫҰ құрылымдары мен саяси диалог құралы іске қосылуы керек» деген ұсыныстар М К. фон Гумппенбергтің «Die Organisation für Sicherheit und Zusammenarbeit in Europa. Stabilisierendes Moment in Zentralasien?» (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы. Орталық Азияны тұрақтандыру кезеңі ме?), А. Зайферттің «Der islamische Faktor und die Stabilitätsstrategie der OSZE in ihrer euro-asiatischen Region» (Ислам факторы және еуразиялық континенттегі ЕҚЫҰ ның тұрақтандыру стратегиясы) атты зерттеу жұмыстарында көрсетілген.

Алайда, Й. Гревингхольт Берлиндегі Гумбольдт университетінде өткен «Орталық Азиядағы тұрақтылықты қалыптастыруға арналаған дамыту ынтымақтастығы бойынша Германияның үлесі» атты дискуссия барысындағы баяндамасында «аймақта 2001 жылдан бері күтілген қауіптер орын алған жоқ, соған сәйкес аймақта айтарлықтай қауіп қатер жоқ» деген пікірді келтірген [9].



Қазақстандық және орта азиялық тарихнама. Қазақстандық мамандардың ішінде Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағыттары мен мәселелері туралы қазақстандық дипломаттардың еңбектерін атап өту қажет.

Германия және Орталық Азия бойынша зерттеулермен әл Фараби атындағы ҚазҰУ, халықаралық қатыынастар факультетінің халықаралық қатынастар мен ҚР сыртқы саясаты және аймақтану мен әлемдік экономика кафедраларындағы мамандар шұғылданады. Германияның сыртқы саяси мәселелерімен ең алдымен М. Губайдуллина, Г. Мовкебаева, Е. Чукубаев шұғылданады. Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастар тақырыбында Ж.У. Ибрашевтің, К. Байзақованың, Ф. Кукееваның, К. Макашеваның, А. Утегенованың, С. Нурдаулетованың еңбектері танымал. Орталық Азиядағы мемлекеттердің өзекті мәселелері мен негізгі ағымдар бойынша, Р. Бурнашев пен И. Черныхтың, С. Сапановтың, К. Кожахметовтың, Ж. Кушербаевтың еңбектері қарастырылды.

Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастық, қауіпсіздік, геосаяси және саяси жағдайлар Қазақстанның танымал зерттеушілері Б. Султановтың, М. Лаумулиннің, С. Кушкумбаевтың, А. Нуршаның еңбектерінде сарапталынған.

Германияның Орталық Азия елдерімен қатынастарының негізгі түйіні болып саналатын аймақтағы неміс диаспорасының мәселелеріне А. Мухитденованың, Л.А. Байдельдиновтың, И. Карсаковтың еңбектері арналған.

Орта азиялық зерттеулердің ішінде Орталық Азиядағы саяси қауіпсіздік тақырыптарында Ш. Ёвкочевтың, орта азиялық қауіпсіздік мәселесіндегі Ауғанстан факторы туралы А. Князевтің, ғаламдық қауіпсіздіктегі орта азиялық аймақ факторы О. Омаровтың еңбектері пайдаланылған.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет