Уәде бойынша уақытында жіберіп отырмын. Соңындағы «шұбыртпалы тексті» алпыстың қарсаңында жұрттың көзі үйрене берсін деп әдейі жаздым. Бір-екі жылдан бері басып тастап келіп едім. Шындығында, несіне ұяламын?



Дата03.07.2016
өлшемі75.19 Kb.
#175390




Сауытбек!

Уәде бойынша уақытында жіберіп отырмын. Соңындағы «шұбыртпалы тексті» алпыстың қарсаңында жұрттың көзі үйрене берсін деп әдейі жаздым. Бір-екі жылдан бері басып тастап келіп едім. Шындығында, несіне ұяламын? Егер сендерге лайық келсе тақырыбын: «Қабыкеннің оқымысты баласы» деп қоюға болар еді. Суреті сендерге жіберілген.

Тұрсын.

ОҚЫМЫСТЫ
Әр адамның бір қасиеті ерте танылады. Соған қарап сыншы көздер сұғын қадап, бағасын беріп, ертеңін болжайды. Әр әке кісі танитын көзі сұңғыла, ауызы уәлі қормал қарттан баласына бата тілейді. Сондайда біздің ауылда алымды да ажарлы Ысқаққа дегдарлардың ықыласы ауғанда Құнанбай мырзаның сәл ғана езу тартып: «Не күтсеңдер де мына қара шұнақтан күтіңдер», – деп Абайды мекзегенін міндетті түрде алға тартатын. Құнанбай мен Абайды ауызына алмаса сөзінің дәмі кірмейтін сол дегдарлардың өздері дүниеден көшсе де, сөздері есімде қалыпты. Дегелең мен Мыржық тауы сынақ алаңына айналған соң, сан-саққа тарқатылған ауылдың бір топ қариялары Машан тауының бір қолтығына жиылып, Айнабұлақ (өзіміз «Қазақстан» дейміз мақтанышпен) ауылына қоныс теуіп еді. Айтатыны – Мәдидің әндері, сағынатын – Қарқаралы, сөздері – Құнанбай мен Алшынбай, үлгісі – Абай, тәмсілі – шешендік сөздер болатын. Өзінің туған баласын да мысқылдап сынап отыратын сол қариялардың сынына толу да қияметтің қияметі еді. Абыралыдан екі-үш күнде бір түнемелеп кететін қонақтар Айнабұлақтағы он-он бес үйдің дәмін түгел татып барып аттанатын. Қариялар Қайнар мен Доғалаңның қойны-қонышын түгендеп, көңілге ілінер адамдардың үрім бұтағын санамалап шығатын. Сонда: «Қабікеннің қаршадай оқымысты ұлы бес жасында шахмат үйреніп, алты жасынжа ағасын, жеті жасында әкесін, сегіз жасында математик ұстаздарын ұтып кетіпті. Өзі ширақ екен», – деген сөздер жиі естіліп жүретін. Бөлімше мектебінен ауыл мектебіне ауысқанда: оқушылардың аудандық пионерлер слетінде Қабікеннің ұлы кандидат шахматшыларды ұтып кетіпті» – дегенді де естідік.

Өзімізбен сыныбы қатарлас бұл қайдан шыққан оқымысты деп жүргенде, аудандық спартакиадаға бара жатқан «Қайнар» орта мектебінің оқушыларын қорабына инкубатордың балапандарындай шуылдата тиеп алған жүк машианасы мектеп-интернаттың алдына тоқтай қалды. Сөйтсек, «Қайнар», «Шаған», «Саржал» мектебінің оқушылары ынтымақтасып, бірін-бірі қолдап, қорғап жүруі керек екен. «Тиісті нұсқау» берілген соң Қарауылға аттандық. Сонда көзіме ақсары, қолды-аяққа тұрмайтын ширақ, бәрін өзімсініп жүрген бір бұйра кекілді баламен бауыр баса қалдым. Сөзге ағып тұр, білмейтін пәлесі жоқ, есепті де ауызша шығарады, бәрінен де ұйымшыл болайық деген сөзді пейілдене айтады. Ол жылдары Қарауылға келгенде «үлкен жердің» балаларының қақ-соғы болатын. Мен Қыдырбай, Аманбай деген достарыммен ауылдың тентектерін ашса алақанында ұстайтын Матрос (Мұрат) пен Ермектің үйінде тұрғандықтан, еркін жүретінмін. «Тілшілігім» де бар, газеттің аты – газет, ол да бедел, Жәнібек пен де көз таныс бола бастаған кез. Оқушыларға әлдеқалай «бұлт төне қалса» Матрос пен Ермектің атын айтып, жақындай беремін. Ондайда әлгі ақсары да табыла кетеді. Спартакиаданың қорытындысы шыққанда «әлгі бауырмал ширақ сары» шахматтан, дойбыдан аудан жеңімпазы болып шыға келмесі бар ма. Сөйтсем, «Асқар» деп жүргенім, әлгі дегдарлардың ауызынан түспейтін, әкесін алты жаста жеңіп кеткен «Қабікеннің оқымыстысы» екен.

Содан бастап Асқармен арадағы жіпсіз көңіл достығы басталды. Сыныпта қалай тыныш отыратынын білмеймін, арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де, менің көз алдымда Асқардың зыр жүгіріп, бір нәрсені іздеп, бір нәрсені қызықтап, оқып-тоқығанын: «Формуланы жаттап қайтесің. Мына есепті былай шығарсаң да сол нәтиже шығады. Сонда ойын сияқты қызық көрінеді.», «Ой, ол туралы мынадай бір қызықты оқыдым», «Семейдің шахмат мектебінің балаларын оп-оңай жеңуге болады екен. Пәлен деген шеберлікке кандидатын ұтып кеттім» – деп хабарын айта жүріп, өзіңді бауырына тартып, ақылын да айтып үлгереді. Тек «білгірсінбейді», әншейін бір қызық кітаптың мазмұнын айтып тұрған сияқты. Кейін білдім, төрт жасында шахмат тахтасын көріп, ағасының ойынын бақылап жүріп, жүрісін біліп апты. Бір күні ағасы «ермек үшін» үйретпек болғанда, үндемей отырып жеңіп кетіпті. Қайта ойнағанда әзер тең түсіпті. Содан кейін Семейден шахматтың кітабін алдыртып, өз бетінше орысша мен жүрісті қоса үйреніп, «Қабікеннің кішкентай оқымыстысы» атаныпты.

Әрине, мұндай «іштен оқып туған бала оқымысты» (вундеркинд) мектепті алтын медальға бітірді. Сөзсіз оқуға түсті. Энергетиканы кибернетика үшін таңдаған болуы керек. Шынын айтсам, бір жылдан кейін Рымғали ағаның үйінде кездескенде, оның бұл мамандықты таңдағанына онша көңілім толған жоқ. Асқардың «кибернетика ғасыры, есептегіш машина, энергетика, қуат көзі» деп жанын салып түсіндірген сөзі ойыма қонбады. «Қабікеннің баяғы оқымысты баласының» беделін мына «монтерь студент» түсіріп-ақ тұрғандай көрінді. Неғыласың, зуылдап жылдар өтті. Әрине, Асқардың ауылға электрик не монтерь болып бармағаны түсінікті. Атын адам түсінбейтін «Төменгі температурадағы плазманы зерттеу» деген лаборатрияға орналасты. Жақсы ғой, бірақ, бәрібір бала кезден қызыға қараған «Қабікеннің оқымысты ұлы» деген атақ мен үшін одан жоғары еді. Оның үстіне он академик, отыз доктор, пәленбай министр шыққан Қайнар ауылының түлегіне «лаборант» деген ат жараспайтын. Деп жүргенде: «Үш ғылыми жаңалық ашып, авторлық куәлік алдым» – деді. Шахматты қойыпты, ғылыми ізденіске бөгет жасайды екен. Сөйте жүріп әлгі плазма туралы мақаланы қазақша жазып, ұстаздарын таң қалдырыпты. Аспирант екен. Әйтеуір, лаборант дегеннен гөрі тәуір. Бір жылы көктемде тағы да Рымғали ағаның үйінде кездесе қалдық. Сол ширақ қалпымен: «Құжат жиып жүрмін. Аспирантураны Германиядағы (ГДР) Жоғары техникалық мектепте (ғылыми зерттеу институты деңгейлес) жалғастырамын. Неміс тілім тиянақты. Ағылшынша үйреніп жүрмін. Бетім енді түзелді», – деді.

Жә, шынымен оқымыстылыққа беті бұрылған екен. Шет ел. Оқып-тоқып қайта ма, жоқ, оқылып-тоқылып, шоқынып қайта ма? Обал болмаса нетті, қайран «Қабікеннің оқымыстысы» – деген ой келді. Мұны өзіне айттым ба, жоқ па, есімде қалмапты, Рымғали ағаға айтқаным рас. Біз де баспасөзге төселіп, екі жинақ шығарып, жазушылар одағына көз тігіп жүргенде, сол кездегі ғылыми журнал «Білім және еңбекке» Асқарым кіріп келді. Баяғы ширақтыққа батылдық қосылыпты, көңілі нық, тек келмей «доктор – инженер» деген ғылыми атағымен қоса, бір ғылыми-көпшілік кітаптың қолжазбасын ала келіпті. Жиырма сегіз жасар жігіт үшін үлкен бедел және Қазақстанда ондай атақ бұрын ешкімде жоқ еді, сөйтіп, қазақ ғылымына тағы да бір «тұңғыш» деген сөз қосылды (Араға отыз екі жыл өткен соң барып «доктор – пейджи» деген сөз қолданысқа ресми түрде ене бастады-ғой). Міне, бұл енді, «Қабікеннің оқымысты ұлына» лайық атақ еді. Сол күннен бастап, Асқарды қайтадан мақтан тұта бастадым. Адамның алдыңа түспесе іші пысатын ширақ, ақсары жүйрік емес пе, оның бұдан кейінгі оқымыстылық жолы мен зерттеулері менің тілім келмейтін терминдерге толы болды.

Қазақта: «Шын жүйрік өрге шапса өршеленер», «Жүйрікке – шапқанда өнер, жатқанда өнер» деген қанатты тіркестер бар. Соның қайсысын оқымысты Асқар өнеге тұтты білмеймін, әлде, тәуелсіздіктің алғашқы тылсым жылдары шет елдің білім саласынан хабардар адам керек болды ма, қайдам, Білім және ғылым министрлігінің Болашақ даму және білім берудің жаңа технологиялары, Білім беруді дамыту стратегиясы сияқты басқармаларының тізгінін ұстады. Министрліктің коллегия мүшесі болған күні мен «Қабікеннің оқымысты ұлынан» тағы да күдер үзе бастадым. Өйткені қызметтің тымауы бір тисе оңайшылықпен кете қоймайды. Қош, күдер үзген «оқымыстым» «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторының орынбасары болып шыға келді. Бізге шетелдің талабына жауап беретін дербес энциклопедиялық жүйе керек екен, іс онымен де бітпейтін болып шықты. Енді еуропалық стандартқа сай оқулықтар шығаратын баспаның (Мектеп, Рауан) жұмысын жолға қою керекекен. Мұның бәрі де білім жүйесін жетілдіруге жеткіліксіз ететін көрінеді. Енді Білім академиясы арқылы оқулықтар жүйесін бірыңғай стандартқа түсіру қажеттігі туыпты. Тыныш жүрмей, отыз томдық жаңа үлгідегі сөздік жасауға қатысып, Мемлекеттік сыйлық алды.

Ашығын айтқанда, мен үшін осының бәрі «оқымысты» деген сөздің орынын толтыра алмайтындай көрінген. Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академисын құрғанда, бұл жігіттің «оқымыстылығынан» мүлдем күдер үздім. Баяғы бала кездегі тапқышбегім оның академиктігінен көрі маңыздырақ, байсалдырақ, қадірі жоғары сияқты көрінді де, кездескенде қалжыңсыз, бір сыдырғы амандыққа көштім. Оның үстіне, өзім профессор болсам да, осы оқу методикасы дегенді еріккеннің ермегі, жалқаудың жандәрмені деп есептейтінмін. Білім саласы туралы батыл, ойлы, талдамалы мақалаларын жақтырып оқысам да, ерінбеген соң ойын білдіргісі келген шығар деп жорамалдадым. Содан ХХІ ғасыр басталған тұста қазақтың жоғары және орта білім жүйесі оқулықтан тұншықты. Әдістемесіз білім құрғырың миға сіңбейді екен. Жазушылық тәсілге сүйеніп қана дәріс беруге болмайтыфнына көзім жетті. Бір кездескенде осыны сыр ғып айтып ем, өзіме ұзақ дәріс оқыды. Келесі жолы тағы да солай. Үшінші жолы ұшырасқанда: «Сен жазушысың ғой. Менің еңбегім көзіңе түспеген екен. Шынын айтсам, оқымайсың да ғой. Сен баяғы «Қабікеннің ұлын» іздейсің. Оқу жүйесі және стандар деген білімнің кілті. Сен мыналарды бір қарап шықшы», – деді.

Сізге өтірік, өзіме шын, мен үшін «Қабікеннің оқымысты ұлы» құбылып түскен тұйғындай боп, өзге бір қырынан көрініп шыға келді. Ақылдымсып қайтейін, сол еңбектердің атын атасам да, астары түсінікті болар деймін: «Оқулықтану», «Салыстырмалы педагогика», «Салыстырмалы педагогика: әдіснамасы мен әдістемесі», «Білім және реформа», «Білім – болашақ негізі», «Педагогика және психология салаларындағы диссертациялар», «Термионология – тілдің күретамыры», «Орысша – қазақша – ағылшынша политехникалық сөздік» (1-2). Біздің шырылдап әрі жарымай жүрген оқулықтарымызға қойылатын талаптар, жүйелер, деңгейлер, білім сатылары Россияда, Америкада, Канадада, Францияда, Германияда, Ұлыбританияда, Жапонияда, Қытайда қалай рефромаланды, даму бағыттары қандай, біз қайсысын ұстануымыз керек, әр сатыдағы білім орындарына қандай талаптар қойылады, соның бәрі осы еңбектерде қамтылыпты. Ұзын сөздің қысқасы, сонау жетпісінші жылдан бастап шет елдің білім жүйесіндегі реформалардың куәсі болған ғалымның ғылым мен білім саласындағы тәжірибесі тәуелсіздіктің қиын жылдары бізге демеу беріпті. Бұл өзі Қазақстанда осы Асқар қалыптастырған, әлі де жетілу үстіндегі, біздің білім жүйеміздің келешегін анықтайтын ілім саласы екен.

Демек, шын оқымысты дәрежесіне көтеріліп, кемелденген кемел ой иесі деңгейіне жетіпті. Баяғы мен білетін «Қабікеннің оқымысты ұлы» енді, ондаған шет елдің, өзіміздің білім ордаларының құрметті профессоры, әр түрлі академиялардың толық мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың ингері, профессор Асқар Қабікенұлы Құсайынов. Осының ішінде профессор деген атағы маған өте түсінікті әрі өзіне жарасып тұрғандай. Кейде досыңның не тындырып жүргенінен хабарсыз қалып, осындай мәтқапылыққа қысылатының бар. Айтпақшы, айта кетейін, бәйбішесі де өзіне сай бапты боп кезікті. Дәлила да ғылым кандидаты. Ұлы Ақылбек, қыздары Динара мен Зия да заманына қарай вундеркинд атанып, мектепті алтын белгімен. Жоғары оқу орындарын үздік бітіріп, шетелдік компанияларда қызмет етеді. Анықтамадағы көп атақтың ішінен «8 мемлекеттік стандарттың авторы» дегенді көзім шалып қалды. Бұл – нағыз заманауи, жәдидтік еңбек. Бір мемлекеттің бір өлшемінің авторы болып та мәңгілік тарихта қалуға болады. Ал, мынадай нәтижеге қол жеткізуінің сыры, оның қуаты буырқанып тұратын тегеуірінді ойлау жүйесінде ме деп ойлаймын.

Ойлаймын да, сонау бір елуінші жылдардың аяғында, алпысыншы жылдардың басында шахматтан әкесі мен ағасын қатар ұтатын жеті жасар ұлдың полигонның дүмпуімен жарыса жетіп жататын «оқымыстылығы» туралы аңыз шындыққа айналды – деген қорытындыға келдім. Сондайда, кей кезде әлі де болса аға Асқардан көрі, бала Асқарды сағынып кетемін. Бір жаңалық тауып, соны жеткізуге асығып, ақ көйлегі делдеңдеп жүгіріп келе жатқан бейнесі әлі де маған ыстық.

Тұрсын Жұртбай,

Қазақстан Педагогикалық ғылымдары

академиясының академигі, филология



ғылымдарының докторы, профессор.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет