Украина майданының сарбазы



жүктеу 66.86 Kb.
Дата25.02.2016
өлшемі66.86 Kb.
УКРАИНА МАЙДАНЫНЫҢ САРБАЗЫ

Ел басына күн туып, ер азамат етігімен су кешкен сұрапыл соғыс жылдары кімге де оңай тиген жоқ. Тылдағылардың өзі ішер тамақ, ки­ер киімге жарымай жүріп, майдан даласына, ел қорғап жүрген жауынгерлерге арнап азық-түлік пен киім-кешек жөнелтіп жататын-ды. Ұлы Отан соғысы аталып, тарихқа қатталған қырқыншы жылдардың алғашқы айлары жалпы Кеңес Ода­ғы халқы үшін тіптен ауыр тиді.Темір құрсанып, қаруын сайланған қатал жау айналдырған екі-үш ай­дың аралығында ел территориясы­на бойлай еніп, Мәскеудің өзін алуға шақ қалып тұрды. Қоршауда қалып, тұтқынға түскен шарасыз әскер қаншама?! «Ана қаланы алды, мына қаланы жермен жексен етті» деген сұмдық хабарлар мен соғыста опат болған ел азаматтары туралы «қара қағаз» да үз­діксіз келіп жататын-ды.

Ат жалын тартып мінер жігіт­тердің барлығы Отан қорғауға аттанып, елдегі барлық ауыртпалық, егін егу, мал бағу секілді қара жұ­мысты буыны қатпаған жас балалар мен нәзік жанды келіншектер атқарып, мойнына ілінген зама­на қамытын қажымай тартты. Жан баласы төзгісіз қиын шақ еді ғой сол кездер. Ет пен те­рі­ден жаратылған пенденің төзім­ділігі, «көппен бірге көрген – ұлы той» делінетін адамдардың бір-біріне деген сенімі, иықтаса қажыр көрсетуі жеңісті күндерді жақындатқан да шығар, бәлкім. Бұл айтып отырғандарымыз бергі заман жеткіншектеріне шамалап болса да таныс, олардың кинодан көргені, кітаптардан оқығанынан да басқа небір қиыншылықтар, адам шыдамас ауыртпалықтар сол соғыстың аяқталғанына жетпіс жыл өтсе де оның куәгерлерінің аузынан айтыла қоймайды. Сұра­пыл соғыстың сұмдығын еске ал­ғы­сы келмейді көне көздер. Ақи­қаттардың толық айтылмай ке­ле жатқандығы да сондықтан шығар. Ат артында отырып, тырма тарт­қан, қырманға астық тасыған қияметтерді өз басынан өткерген Тастемір де он алты жастан он жетіге шыға бере әскерге алынды. Ел басына туған нәубеттен кім құтыла алушы еді, қарт әкесі мен шешесі жылай-жылай шы­ғарып салды. Жаңақорғаннан ат­тан­ған қы­зыл вагонның ішінде шы­ғысқа қарай кете барды. Әуеліде Тәш­кент маңына апарады деп еді, былай шыға олай болмады, Фер­ғанаға қарай ойысты солдат тиеген сол состав.

Әскерге аттанар таң қараңғы­сында дастархан жайған анасы бай­ғұс бір шөкім тары сөгін суға жі­бітіпті. «Ішіңе ел қондырып ал, алдағы күніңнің не боларын қай­дан білейін, қарағым, дорбаңа соқыр шалдың үйіндегі әжең берген бір уыс құрт пен таба нан салдым. Наның елден бұйырып, қан- қасаптан аман кел», – деп жылап жіберді. Әкесінің де көңілі босады ғой деймін, теріс айнала бетін көлдей орамалмен ысқылап, бірсыдырғы үнсіз отырып та қалды. Әкесі Тілеуберген ауыл адам­дарының мәсісін тігіп, етігін жамайтын ісмер кісі еді, жанындағы иленген былғарыны сипай отырып, сәлден соң былай деді. “Перзентке зар болып, жылап-еңіреп жүргенімде мына құм ішіндегі Хорасан атаның басына түнеп, мұңымызды шағып едім. Бауырсақ пісіріп, иіс шығардық, қайта-қайта Жаратушыға жалбарынып, нәресте бере гөр деп тілек тіледік. Кірпігім ілінбей көп жатыппын, таң ата мыз­ғып кеткенмін-ау, деймін, бір ақсақалды қария бірі сары, бірі қара екі қылыш берді. Қолын жайып бата беріп тұрып: «Сары түсті қылышың ұзаққа дейін жаныңда болады, қарасы ұзамай майырылса- өкінбе». Көзімді ашсам, айналада ештеңе жоқ секілді, тек шырақшы кісінің қорылы естілгендей. Иә, қарағым, менің әлгі ақсақал берген сары қылышым, өткір алмасым өзіңсің, Алла жазып келер жылы шешең өзіңді босанды, сол кезде оның жасы қырықта, әкеңнің жасы елуде еді. Тастемір деп есіміңді ырымдап қойғанбыз, қандай қиыншылық көрсең де мойыма, адал бол, аман бол,” – деп бет орамалымен бетін тағы да сипалап кетті. Тақтай вагон ішінде айналасындағы ың-шыңға алданбай отырған жас жігіт ата-анасына, туған жерге деген сағынышы үйден ұзамай жатып-ақ, өзегін өртеп мұңайып қалды. Сөйтті де жалма-жан дүр сілкініп, өзінің тас­тай мықты, темірдей берік болуы керек екендігін түсінді. Бұлай бордай езіле берсе не болғаны, ел аманатын қалай орындайды, сенімнен қалай шығады?!

– Жаңақорған ауданы ма­ңын­дағы ауылдардан, аудан орта­лы­ғынан сол әскери шақы­ры­лымда 40 жігіт майданға аттанған бола­тынбыз, соғыстың сұрапыл­ды­ғын есептей беріңіз, әлгі қырық жі­гіт­тің тек жетеуі ғана елге оралыппыз. Ал отыз үш қыршын майдан даласында қалды. Сүйегі та­был­ғаны, табылмағаны бар осын­­шама отбасы қара жамылды, – деп күрсінді бұл күндері тоқ­сан жастың төрінде отырған Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер Тастемір Тілеубергенов ақсақал. – Майданнан елге оралған жетеудің аты-жөнін айтқым келіп отыр, жазып қой, олар – Жүсіпов Кенже, Бірлік ауылынан Амантай, Қасқырбай Ыдырысовтар және де Жұмағұл, Төлен, Шәзат, Ізет есімді батыр жігіттер. Бұрындары жиын-тойларда кездесіп, қауқыл­дасып қалушы едік, олар да келместің кемесіне мініп жөнеп кетті, әрқайсысы әр шамада, қуанарлығы – артында түтеткен түтіні, ісін жал­ғар ұрпағы қалды. Солардың жарық дүниені басып жүрген ең соңғысы менмін.

Газет тілшісінің де қарекеті қызық, әңгіме өрісі жалпы тақырыптан нақты жағдайға қарай ауысқанын қанша қалап отырса да, әңгіме ауанын бұза бермейтіні бар. Бұл да кәсіби машықтың бірі, емін-еркін әңгіме айтып отырған кейіпкеріңе орынсыз килігіп, сауал бере берсең, ілінерлік бір түйір сөз таппай қалуың әбден мүмкін. Біз де сол әдетпен үнсіз бас шұлғып отырмыз. Майдангер көкеміз болса, ертедегі игі жақсылардың ұлағатты істерін баяндап отыр. Осы кезде көмекке Әшекең келе қалды. Әшім Оразбекұлы – Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы, майдангер ағамыздың немере інісі. Науқастанып жатыр деген хабарды естіп арнайы ақсақалдың көңілін сұрай келген беті екен, осы шаңырақта кездесіп қалғанымыз.

– Көке, Батыс Украинаны азат етуге қатысқаныңыз бар еді ғой, сол туралы аздап айта отырыңыз, – деді мәслихат хатшысы батылдық танытып. Қожамберді батырдың ат үстіндегі ерлігін, жаугершілік заманындағы батылдығынан әңгі­ме шертіп отырған Тастемір ақса­қал мына ұсыныстан соң, неміс басқыншыларымен соғысқа қайта гүмп ете түсті: – Соғыстың не айтары бар дейсің, бораған оқ, жарылған снаряд, он жетідегі бала не біледі дейсің, ат десе атып, жат десе жатқан жандалбаса, дегенде, Кеңес әскерінің қайта бел алып, жауды шегіндіре бастаған тұсында майданға араласқандығымыздан шығар, рухымыз жығылмай, же­ңіс­ке деген құштарлығымыз нақты істермен шегенделіп жатты. Соның нәтижесінде Батыс Украина майданында жеңіске жеттік.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз танк әскері соңындағы десант бө­лі­мінде қызмет еткендіктен әл­гі өзіміз айтып отырған кесе-көл­денең кедергілерді бөлімше жауынгерлерімен талай мәрте бірге көрді. Ауыр қаруларды арқалай жүріп, батпаққа батқан танкінің жолын аршу, ағаш төсеу секілді ауыртпалықтарды бірге атқарысты. Сөткелеп нәр сызбаған жағдайлары да жетерлік. Мына күрделі жағдайды қайта сараптап, алдағы ұрысты бағамдаған Жоғарғы Қолбасшылық шешуші ұрысты Бухарин плацдармынан Лютеж ауданы маңына ауыс­тыруға шешім қабылдады. Бұл арада көптеген танк полкінің бір түн ішінде ондаған километр жерге маневр жасауы еді. Сол етігі­мен су кешкен жауынгерлер арасында Сыр өңірінің өрені, батыл жігіт Тастемір Тілеубергенов те бо­латын-ды. Қараша айының басындағы Киевті азат ету ұры­сына 7 мың миномет пен артиллерия, 675 танк, 700 бомбалаушы самолет қамтылды. Бұл маневрге немістердің шебі тез бейімделе алмады да, біздің әскердің оңтайлы шабуылына жол ашылды. 3-і танк армиясы генерал Рыбалконың бұйрығымен шешуші айқасқа шықты. Оны мыңдаған жаяу әскер, артиллерия, әуе ұшақтары бірлесе қолдады. Нәтижесінде жау жағы әлсіреп, Киевті азат ету мүмкіндігі толығымен Кеңес әскерінің қолы­на өтті. Сонымен үшкүндік сұра­пыл соғыс нәтижесінде қараша күні Киев толық азат етілді. “Қа­бырғаларға тұрғындар әлде біздің солдаттар ма, ірі әріптермен, «Да здравствует Победа!» деп жазыпты. Бормен жазылған осы өршіл сөздер бізге қандай күш-қуат бер­ді десеңізші?!” – дейді майдангер осы жағдайды еске ала отырып. Күн мен түннің, сәттілік пен сәтсіздіктің қатар жүретіні бар емес пе, сол шабуылдың соңғы сәттерінде танк десанты, жауынгер Тілеубергеновке жау снарядының жарықшағы тиіп, қатты жараланды. Қара санға қадалған екен, медбикелер келгенше, қан көп ағып, қансырап та қалыпты. Дегенде, дала госпиталіне келген соң, екінші күні есін жинады. Сол жарақат оның табандатқан сегіз ай бойы госпитальда жатуына апарып соқтырды. Айығып шыққан соң оны арт полкке ауыстырды. Осы құрамда соғыса жүріп жеңіске қадам басумен болды. 1944 жыл­дың қысына қарай бұлардың полкін эшелонға салып қиырға қарай жөнелтсін. Осылай «Миниергейм линиясы» аталынған Ладого бұғазы маңынан бірақ шықты емес пе?! Сонау 1939 жылы жалыны аспанға шыққан Совет-Фин соғысына да араласты Тілеуберген ақсақалдың өрімдей боздағы Тас­темір.

– Новосибирскідегі әскери училещеде оқып жүргенімізде со­ғыс аяқталды. Толық курсты аяқ­тау үшін бізге әлі де үш жыл оқуымыз керек екен, жеңістің хабары елге жеткен соң әкем байғұс қайта-қайта жоғарыға хат жазып, мені әскер қатарынан босаттырып алды. Сонымен мен елге келгенімде 1946 жылдың көктемі де басталып қалған-ды. Мойнына бұршақ салып жүріп тілеп алған баласы жанына келген соң әкем бет қаратпады, таңертең келген мені кешке үйлендіріп те тынды. Өзі жіп тағып жүрген жекжаттың қызы бар екен, сол Әнешпен шаңырақ көтердік...

Ол апамыздан бір ұл, бір қызды болса, онан кейінгі апамыз Мінайдан 3 ұл, 5 қыз көрді. Осылай шаңырақты шаттыққа бөледі. Балаларының бәрі де бұл күндері үйлі-баранды, майдангер атасына сексендей немере, шөбере, шөпшек сүйдіріп отыр. Қарашаңырақта, яғни, қолында ортаншы ұлы Қали­ла бар, келіні Салтанат екеуі бәйек болып күтім жасайды.

Жаңақорған ауданы, Байкен­же ауылының ардақты азаматы, майдангер ағамыздың араласуымен шешімін тапқан бірқатар әлеу­меттік мәселелерді айтпай кетсек, мақаламыз толыққанды болмас еді. Мәселен: Сырдария өзеніне Тө­менарық ауылы тұсынан пантон көпір салғызу, Күркіреуік ка­на­лының тазартылуы, Талап ауыл­ындағы су қоймасы жанынан балаларға арналған пансионат салдыруға атсалысу, ауыл жастарын осы маңдағы уран өндірісіне жұмысқа қабылдату секілді шаруа­лардың басы-қасында үнемі өзі жүрді. Ұзақ жылдар бойы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Адамда арман шіркін бітуші ме еді, тоқсанға келіп үзеңгіге аяғын салып отырған майдангер құрылысы өткен жылы басталып, әлі аяқтала қоймаған өзінің тұрғын үйінің қоныстойы мен Жеңістің 70 жылдығы тойын қатар көргісі келеді.

Иә, Жеңісті жақындатқандар­дың қатары сиреп қалды, оларға қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы,

Байкенже ауылы.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет