Утеулиева Самал Беркиновна Екпетал мектеп-балабақшасының тәрбиешісі сот тел: 87025690988 Білім беру саласы: Таным Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті



Дата03.07.2016
өлшемі281.85 Kb.
#174168
Утеулиева Самал Беркиновна

Екпетал мектеп-балабақшасының

тәрбиешісі

сот тел: 87025690988

Білім беру саласы: Таным

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру

Тақырыбы: Бауырсақ математика елінде қонақта

Мақсаты: Балалардың 1-ден 5-ке дейінгі сандар, геометриялық пішіндер туралы білімдерін пысықтау, әртүрлі тапсырмалар орындату арқылы балалардың ойлау қабілеттерін дамыта отырып, 1-ден 5-ке дейінгі сандарды танып-білуге, тура және кері санауға, геометриялық пішіндерді ажырата білуге, бірнеше заттар тобын салыстыра және теңестіре білуге үйрету, таным белсенділіктерін арттыру, есептеу дағдыларын жетілдіру.

Көрнекі құралдар: 1-ден 5-ке дейінгі сандар таңбасы, геометриялық пішіндер, тапсырмалар бейнеленген суретті плакаттар, үлестірмелі материалдар, «Бауырсақ» ертегісі бойынша кітап иллюстрациясы, бауырсақ бетпердесі, көңіл-күй белгілері (смайликтер), т. б.

Әдіс-тәсілдер: көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, мадақтау, ойын.

Әрекет кезеңдері:

Тәрбиешінің іс-әрекеті:

Баланың іс-әрекеті:

Дәлелдеу-ояту

( Топ бөлмесінің әсемдігіне назар аударту. Балалар шеңбер бойында тұрады. )



Тәрбиеші: - Балалар, бүгін бізде ерекше күн. Себебі, біздің балабақшамызға көптеген қонақтар келіп отыр. «Сәлем – сөздің анасы» демекші келген қонақтарымызбен амандасайық.

Балалар: - Сәлеметсіздер ме?

Шаттық шеңбер:

«Қайырлы таң!» (өзіндік массаж)

Қайырлы таң, көздерім!

Сендер ояндыңдар ма?

Қайырлы таң, құлақтарым!

Сендер ояндыңдар ма?

Қайырлы таң, қолдарым!

Сендер ояндыңдар ма?

Қайырлы таң, аяқтарым!

Сендер ояндыңдар ма?

Қайырлы таң, Алтын күн!

Біздер ояндық.

Қайырлы таң!

Қайырлы күн!

Тәрбиеші: - Бәрекелді, тамаша! Енді бәріміз орнымызға барып жайғасып отырайық.

Ұйымдастыру-іздену.

Кіріспе әңгіме (суретпен жұмыс)

Сұрақ-жауап


  • Балалар, жылдың неше мезгілі бар?

  • Қазір жылдың қай мезгілі?

  • Көктем айларын атаңдар?

  • Көктем мезгілінде қандай табиғат құбылыстары мен өзгерістері болады?

  • Көктем мезгілі туралы қандай тақпақ білесіңдер?

Ғажайып сәт

( Бауырсақтың өлеңі баяу естіліп тұрады. Есік қағылып, залға бауырсақ кіреді. )



Тәрбиеші: - Балалар, қараңдаршы, бүгін бізге қонаққа бауырсақ келіпті. Қане, барлығымыз онымен амандасайық.

Балалар: - Сәлеметсіз бе, бауырсақ?

Бауырсақ: - Сәлеметсіңдер ме, балалар?

Тәрбиеші: - Бауырсақ, бауырсақ, сен мұнда қайдан келдің?

Бауырсақ: - Мен сендерге ертегі айтып беру үшін «Ертегілер елінен» келіп отырмын.

Тәрбиеші: - Балалар, сендер ертегі тыңдағанды ұнатасыңдар ма?

Балалар: - Иә.

Тәрбиеші: - Олай болса, бәріміз бірге «Бауырсақ» ертегісін тыңдайық.

(«Бауырсақ» ертегісін кітап иллюстрациясы бойынша айтып беру.)





Бауырсақ: - Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Бір күні шал кемпірге қапшық түбінде қалған ұннан бауырсақ пісір деп тапсырыпты. Кемпір қаймаққа нан илеп, оны майға қуырып, бауырсақ пісіріпті де, оны терезенің алдына суытып қойыпты.

Бауырсақ суып тұрып, тұрып, бір кезде домалай жөнеледі. Ол домалап келіп терезе алдынан аулаға, ауладан сыртқа, одан әрі, одан әрі домалай береді, домалай береді.

Бауырсақ жолмен домалап келе жатырса, оған қоян жолығады.

- Қоян, сен неге көңілсізсің? – дейді бауырсақ.

- Мен көжектеріме сыйлыққа сәбіздер апара жатыр едім, бірақ оларды жолда шашып алдым. Енді не істерімді білмей отырмын?! – дейді қоян.

Бауырсақ: - Балалар, сендер қоянға көмектесесіңдер ме?

Балалар: - Иә.

1- тапсырма:

«Қоянға сәбіздерді 1-ден 5-ке дейін тура санау ретімен жинауға көмектес»


Бауырсақ: - Бауырсақ қоянмен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі. Бір кезде қатты жел соғады.

Балалар: - С - С - С.

Бауырсақ: - Бір уақытта қасқырдың ұлыған дауысы естіледі.

Балалар: - У - У - У .

Бауырсақ: - Бауырсақтың алдынан қасқыр шығып,

- Бауырсақ, сен менің тапсырмамды орындамасаң, әрі қарай жүре алмайсың! – дейді қасқыр.



Бауырсақ: - Балалар, сендер бауырсаққа қасқырдың тапсырмасын орындауға көмектесесіңдер ме?

Балалар: - Иә.

2 - тапсырма:

«Әр орамалды сәйкес құрақпен (пішінмен) байланыстыр»


Бауырсақ: - Бауырсақ қасқырмен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі. Бауырсақ жолмен домалай береді, домалай береді, бір уақытта айналасына қараса көгалға шыққан екен. Ол қатты шаршап, ағаш түбіріне отырып демалады.

Сергіту сәті

Кел, балақан, балақан,

Шапалақта алақан:

Жай, жай, жай!

Қозғап барлық денені

Қолды қатты соқ енді:

Сарт, сарт, сарт!

Тықылдатып таяқты,

Ақырын бас аяқты:

Жай, жай, жай!

Айтқан кезде өлеңді,

Қатты басқын еденді:

Тарс, тарс, тарс!

Бауырсақ: - Бауырсақ жолмен домалап келе жатырса, алдынан аю шығып,

- Бауырсақ, бауырсақ, маған сенің көмегін қажет еді. Егер көмектессең, сені әрі қарай жіберемін. – дейді аю.



Бауырсақ: - Балалар, сендер бауырсаққа аюдың тапсырмасын орындауға көмектесесіңдер ме?

Балалар: - Иә.

3- тапсырма:

«Әр суретте қанша зат бар екенін сана және тиісті цифрды шеңбер ішіне жаз»





Бауырсақ: - Бауырсақ аюмен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі. Бауырсақ жолмен домалап келе жатырса, оған түлкі жолығып,

- Бауырсақ, бауырсақ, мен сені әрі қарай жіберуім үшін бір шартымды орындауын қажет.



Бауырсақ: - Балалар, сендер бауырсаққа түлкінің тапсырмасын орындауға көмектесесіңдер ме?

Балалар: - Иә.

4 - тапсырма:

«Заттарды теңестір»



Бауырсақ: - Бауырсақ түлкімен қоштасып, әрі қарай домалай жөнеледі.

Бауырсақ жолмен домалап келе жатып, алдында тұрған сәулетті үйшікті көреді. Ол үйшіктің қасына барып,

- Сәулетті үйшік тым жақсы! Үйшікте кім бар, тіл қатшы? – дейді.

Ешкім үн қатпайды. Сосын бауырсақ үйшікке кіреді. Сәулетті үйшік оған қатты ұнайды. Сондықтан бауырсақ үйшікте мекендеп қалуды жөн көреді.








Рефлекстік-түзету.

Тапсырмалардың дұрыс орындалуын қадағалау, дұрыс орындалмаған жағдайда дер кезінде түзету.



Тәрбиеші: - Балалар, сендерге ертегі ұнады ма?

Балалар жауабы.

Тәрбиеші: - Олай болса, балалар, қызықты ертегі айтып бергені үшін бауырсаққа өзіміздің көңіл-күйіміз бейнеленген смайликтерді табыстайық.

Қорытынды

Тәрбиеші: - Балалар, 1-ден 5-ке дейінгі сандар туралы қандай тақпақтар білесіңдер?

Балалар:

Қолға қалам алайық,

Қанша сан бар жазайық.

Қарап тұрмай, сандарды

Қайта-қайта санайық.

1 саны

Біздің үйде бір тауық,

Бір жұмыртқа жүр тауып.

Қорада бар бір сиыр,

Бәтіш тәтем жүр сауып.

2 саны

Екі көзбен көремін,

Екі аяқпен жүремін.

Екі қолым бар менің

Екі құлақ білемін.

3 саны

Үйімде бар үш қалам,

Үшеуін де ұштағам.

Үш досымды салдым мен

Үш балыққа ұқсаған.

4 саны

Төрт дөңгелек арбада,

Төрт аяқ бар малда да.

Тауыса алмай бидайды,

Төрт тышқан жүр қамбада.

5 саны

«Бестік» деген бағаны

Бақыт күнде алады.

Бәрі жақсы көреді,

Беске оқыған баланы.

(Сабақ соңында қонақтармен қоштасу)



Балалар: Қол ұстасып тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы

Сау-саламат болайық.



Білім беру саласы: Таным

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру

Тақырыбы: Сандар әлемі

Мақсаты: 10 көлеміндегі сандардың құрамын пысықтау. Балалардың есептеу дағдыларын жетілдіру, ойлау қабілеттерін дамыта отырып, 10 көлеміндегі сандардың ретімен аталуын, тура және кері санауға үйрету. 10 көлеміндегі сандарды салыстыруға арналған тапсырмалар орындату арқылы балалардың таным белсенділіктерін арттыру.

Көрнекі құралдар: 10 көлеміндегі сандар таңбасы, қуыршақтар, кеселер, шырша, шырша ойыншықтары, шығыршықтар, тапсырмалар бейнеленген суретті плакаттар, үлестірмелі материалдар, т. б.

Әдіс-тәсілдер: көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, әңгімелеу, мадақтау, ойын,т.б.

Алдын ала жүргізілетін жұмыстар: Санамақ жаттату

Әрекет кезеңдері

Тәрбиешінің іс- әрекеті

Балалардың іс - әрекеті

Дәлелдеу – ояту

( Топ бөлмесінің көркемдігіне назар аудару. Балалар шеңбер бойында тұрады.)



Тәрбиеші: - Балалар, қараңдаршы, біздің тобымыз әдемі бояулар түсіне енген сияқты.

Балалар жауабы

Тәрбиеші: - Не үшін солай болды деп ойлайсыңдар? Балалар бүгін бізде ерекше күн. Себебі, біздің балабақшамызға көптеген қонақтар келіп отыр. «Сәлем – сөздің анасы» демекші, келген қонақтарымызбен амандасайық.

Білер қазақ баласы,

Сәлем – сөздің анасы.

Алдымыздан кезіккен,

Көп танысты көреміз.

Бәріне де ізетпен,

Біздер сәлем береміз, - деп балалар сәлемін жолдайды.

Тәрбиеші: - Бүгінгі сабағымызды бір – бірімізге, қонақтарға, туысқандарымызға, Отанға арналған жақсы тілектермен, жылы лебіздермен бастасақ.

Ашық болсын күніміз!

Биік тұрсын туымыз!

Татулықпен, достықпен,

Жадырасын жүзіміз!

Біз болашақ гүліміз!



Тәрбиеші: - Өте жақсы тілектер екен, сендер де ауырмай үлкен азамат болыңдар!

Бүгін «Таным» білім беру саласы бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіміз – математика.

Біздер бүгін 10 көлеміндегі сандар туралы алған білімдерімізді пысықтаймыз.

Ұйымдастыру – іздену

Кіріспе әңгіме (суретпен жұмыс)

Сұрақ-жауап

- Балалар, жылдың неше мезгілі бар?

- Қазір жылдың қай мезгілі?


  • Қыс айларын атаңдар?

  • Қыс мезгілінде қандай табиғат құбылыстары мен өзгерістері болады?

  • Қыс мезгілі туралы қандай тақпақ білесіңдер?

Ғажайып сәт

Тәрбиеші: - Балалар, қараңыздаршы, бізге қуыршақтар қонаққа келіпті.

Қуыршақтар: Сәлеметсіздер ме, балалар!(үнтаспа арқылы)

Тәрбиеші: Қазақ халқы өте қонақжай. Қонақ келсе, кең дастархан жайып ерекше күткен. Рәсім бойынша келген қонақтарға үй иесі ілтипат көрсетіп, шай ұсынады. Ал, шайды біз немен береміз? (кесемен)

Олай болса, қуыршақтар қанша болса, сонша кесе қоямыз. Қане, кім қояды?

Қойылған кеселер жетті ме? Көз жеткізу үшін санап көрелік.

Балалардың жауабы: (Тура санау 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10)

Тәрбиеші: - Балалар, қуыршақтар бізге жай келмеген сияқты. Олар біздің математика сабағынан алған білімдерімізді байқау үшін келген екен. Қане, оларды тыңдап көрелік.

Қуыршақтар: - Балалар, біздер «Математика елінен» келген қуыршақтармыз. Сендердің 10 көлеміндегі сандар туралы көптеген білім алғандарыңды естіп, сол білімдеріңді байқау үшін біршама тапсырмалар ала келдік. Бұл тапсырмаларды дұрыс орындау арқылы сендер жаңа жылдық шыршаларыңды безендіре аласыңдар. Әрбір дұрыс орындалған тапсырма үшін шырша ойыншығына ие боласыңдар. Балалар, сіздер дайынсыңдар ма? Олай болса, сіздерге сәттілік тілейміз! (үнтаспа арқылы)

Тапсырмалар

1-тапсырма: «Қонжыққа құлпынайды жинауға көмектес» (1-ден 10-ға дейін тура санау ретімен)



2 тапсырма: «Торайға емен жаңғағын жинауға көмектес» (10-нан 1-ге дейін кері санау ретімен)



3-тапсырма: «Сан білмеген айта алмас, санамақты қайтала»



Бір дегенім – бөрік,

Кисең берер көрік.



Екі дегенім – етік,

Киер сәнді етіп.



Үш дегенім – ішік,

Теріден тігер пішіп.



Төрт дегенім – тымақ,

Қыста кисең жылы-ақ.



Бес дегенім – байпақ,

Іші жылы, жайпақ.



Алты дегенім – алқа,

Мойныңа тақ, қалқа.



Жеті дегенім – жейде,

«Көйлек» деп жүр кейде.



Сегіз дегенім – сеңсең,

Жылысы тонның, сенсең.



Тоғыз дегенім – телпек,

Болма, бала, тентек.



Он дегенім – оймақ,

Жүрме босқа ойнап.



4- тапсырма: «Сандардың құрамын анықтау»



5-тапсырма: «Сөзжұмбақ» (жасырын сөз: «Жеті» - 7 санының қасиетіне тоқталу)



Сергіту сәті

Аз демалып, тыным ал!

Тақпақ тыңдап, ұғып ал!

Апта деген ағайдың,



Жеті бірдей ұлы бар.

Біріншісі – дүйсенбі

Екіншісі – сейсенбі

Үшіншісі – сәрсенбі

Төртіншісі – бейсенбі

Бесіншісі – жұма

Алтыншысы – сенбі

Жетіншісі – жексенбі



6-тапсырма:

«Аққала»




7-тапсырма:

«Шырша»




8-тапсырма:

«Салыстыр»





9-тапсырма:

«Қызықты есептер»





10-тапсырма:

«Естелік»

(10 көлеміндегі сандарды ақ параққа ретімен жазу)

Естеліктерді қуыршақтарға табыстау, олармен қоштасу.



Рефлекстік – түзету

Тапсырмалардың дұрыс орындалуын қадағалау, дұрыс орындалмаған жағдайда дер кезінде түзету. Мадақтаулар айту.

Сабақ соңында қонақтармен қоштасу.

Қол ұстасып тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Көріскенше күн жақсы,

Сау-саламат болайық.

Тақырыбы: Күз қызығын көреміз

Мақсаты: Орман аясына саяхатқа апару барысында балалардың күз

мезгіліндегі табиғат өзгерістерін шынайы түрде қабылдауларына

мүмкіндік туғызу. Таза ауада ойын ойнап, ән шырқап, тақпақтар айтып,

жұмбақтар жасыру арқылы балалардың тілін дамыту, ой өрісін кеңейту.

Табиғат құбылысының әсемдігін көре білуге, қабылдауға, оған қамқорлық

жасауға тәрбиелеу.



Көрнекі құралдар: Күзгі табиғат көрінісі.

Әдіс-тәсілдер: көрсету, түсіндіру, әңгімелесу, әңгімелеу, сұрақ-

жауап, ойын, мадақтау.



Алдын ала жүргізілетін жұмыстар: Саяхатқа қолайлы жер

дайындау, балаларға тақпақтар, мақал-мәтелдер, әндер жаттату.



Ұйымдастыру кезеңі:

Балалар топ бөлмесіне жиналады.

( Осы кезде есік қағылады. Тәрбиеші барып ашса, есік алдына хат

қалдырып кеткен.)



Тәрбиеші: - Балалар, біздерге хат әкелген екен, қане ашып көрелік.

( Тәрбиеші хатты дауыстап оқиды.)



Хатта: «Балалар, сіздерді күзгі орман аясына саяхатқа шақырамыз,

жылдамырақ келіңдер!» - деп жазылыпты.



Тәрбиеші: - Балалар, барамыз ба?

Балалар: - Иә.

Саяхаттың өту барысы:

Балалар сапты бойлай орманға саяхатқа аттанады.



Тәрбиеші: - Қане, балалар, табиғаттың төрт құдіретімен

амандасайық.



Балалар: Армысың, қайырымды қара жер!

Армысың, мөлдір таза су!

Армысың, шұғылалы алтын күн!

Армысың, мейірімді көк аспан!



Тәрбиеші: - Қане, балалар, енді ойын ойнайық.

Ойын шарты: Балалар, мен «жер» дегенде жерде жүретін жануарлар

немесе өсімдіктер, ағаш, адам, көліктер т.б. қимылмен көрсетесіңдер. Ал

«су» десем, суда тіршілік ететін балық, жылан т.б. қимылмен

көрсетесіңдер. «Ауа» десем, таза ауамен тыныстаймыз. Ұшып жүрген

құстардың, жапырақтардың сыбдырын, дауысын естиміз.

Тәрбиеші: - Балалар, ұшып жүрген құстардың дыбысы,

жапырақтардың сыбдыры естіле ме?



Балалар: - Жоқ.

Тәрбиеші: - Неге?

Балалар: - Құстар жылы жаққа ұшып кетті, ал жапырақтар болса,

әлдеқашан сарғайып, қурап жерге түскен.



Тәрбиеші: - Олай болса, қазір жылдың қай мезгілі?

Балалар: - Күз.

Тәрбиеші: - Күз айларын білесіңдер ме?

Балалар: - Қыркүйек, қазан, қараша.

Тәрбиеші: - Күз мезгілінде қандай құбылыстар, өзгерістер болады?

Балалар: - Күн салқындайды, жел соғады, жаңбыр жиі жауады,

жемістер мен көкөністер піседі, құстар жылы жаққа ұшып кетеді,

жапырақтар сарғайып, қурап жерге түседі.

Тәрбиеші: - Күз мезгілі сендерге ұнайды ма?

Балалар: - Ұнайды.

Тәрбиеші: Шоғы толған гүлдей жайнап,

Жарқырады жарқын күз.

Сайраңдады күліп, ойнап

Келді, міне, алтын күз.

( Ортаға айнала билеп,ырғалып «Күз» келеді.)

Күз: Сәлеметсіздер ме, балалар!

Қымбатты сый алыңдар!

Қызығыма қаныңдар!

Молайтыңдар шаттықты,

Ән айтыңдар бақытты!

- Мен жер бетіндегі бүкіл адамзатқа 3 ай бойы қызмет етумен, еңбек

етумен келемін. Мен қатты шаршадым.

Тәрбиеші: - Сәлеметсіз бе, «Алтын күз». Біздің балалар сізге өз

өнерлерін көрсетеді. Біраз сергіп, демалып қаласыз, риза боласыз. Біздің

балалар өнерлі.

Ән: «Күз - береке»

Тақпақтар

1 – бала: Көбейді құт-береке –

Астық толы қоймамыз.

Құтты болсын мереке –

Алтын күзді тойлаймыз.



2 – бала: Алтын, сары, қызыл, көк

Алуан-алуан жапырақ.

Күзгі бақта күлімдеп,

Көз тартады атырап.



3 – бала: Қарашы далаға,

Реңі сары ала.

Пісті алма балбырап,

Сарғайды бал құрақ.



4 – бала: Аспанда қаптаған,

Бұлт тыным таппаған.

Тырнасы тізілген,

Ұнатам күзді мен.



5 – бала: Ұшты талдан жапырақ,

Сары көбелек секілді.

Аспанда жай шатырлап,

Тамшы жерге секірді.



Күз: - Жарайсыңдар балалар, өнерлерің қандай тамаша! Біраз

демалып, шаршағанымды бастым. Сендерге көп-көп рахмет. Енді мен

сіздерге жұмбақ жасырайын, кім тапқыр екен?

Жұмбақтар


  1. Аспай піскен,

Қайнамай түскен.

( жеміс )

2 . Жазда тұрып жоғары,

Күзде жерге қонады.



( жапырақ )

Күз: - Балалар, сендерге көп-көп рахмет. Енді менің де қоштасатын

кезім келді.



Тәрбиеші: - Олай болса, барлығымыз бірге соңғы рет ән шырқайық.

Ән: «Алтын күз»

Күз: Қыс қылышын сүйретіп,

Келгенше жел билетіп.

Шынықтырғың денені,

Суыққа да үйретіп.

Талмай еңбек етіңдер!

Қыстан аман өтіңдер!

- деп, «Күз» қоштасып кетеді.

Тәрбиеші: Жайдарлы күз, жарқын күз,

Аяулы күз, алтын күз.

Аппақ арай таңында

Шомыламыз нұрға біз.



Қорытынды: - Балалар, сендерге саяхат ұнады ма?

- Несімен ұнады?




Білім беру саласы: Қатынас

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Көркем әдебиет

Тақырыбы: Үй құстары

Мақсаты: Балалардың үй құстары туралы түсініктерін кеңейту, тақпақ,

мақал-мәтел, жұмбақтар арқылы есте сақтау қабілетін, ойын арқылы ақыл-

ойын дамыту, құстарға деген сүйіспеншілік сезімін оятып, қамқорлық

жасауға тәрбиелеу.



Көрнекі құралдар: Үй құстары мен олардың балапандары бейнеленген

суреттер, үлестірмелі материалдар, үнтаспа, т.б.



Әдіс-тәсілдер: көрсету, түсіндіру, әңгімелесу, сұрақ-жауап, ойын,

мадақтау.



Әрекет кезеңдері:

Тәрбиешінің іс-әрекеті:

Баланың іс-әрекеті:

Дәлелдеу-ояту.

Топ бөлмесінің әсемдігіне назар аударту.



Тәрбиеші: - Балалар, бүгін бізге көп қонақтар келіпті, оларды құрметпен

қарсы алайық.



Балалар: Арайлап бүгін атты күн,

Шашып бізге шапағын.

Тілейміз сізге ақ таңның

Қуанышын, шаттығын.

Қайырлы таң, қайырлы күн!

Қуанышты күн бүгін.

Сәлеметсіз бе? Есенсіз бе? Амансыз ба?

(Балалар орындарына барып жайғасады.)



Ұйымдастыру-іздену.

Тәрбиеші: - Балалар, көздеріңді жұмып, көз алдарыңа, «Жасыл шөп үстінде жүрміз, аспан ашық, күн жарқырап тұр» - деп, орманды елестетіңдер.

(Үнтаспадан құстардың дауысы естіліп тұрады.)



Тәрбиеші: - Балалар, естисіңдер ме, бұл нелердің дауысы?

(Балалардың жауабы.)

(Құстардың әрекетін көрсету.)

Тәрбиеші: - Балалар, сендер білесіңдер ме, құстар нешеге бөлінеді?

(Балалардың жауабы.)



Тәрбиеші: - Балалар, сендер құстарға қалай қамқорлық жасайсыңдар?

(Балалардың жауабы.)



Тәрбиеші: - Балалар, сендер үй құстарын білесіңдер ме?

(Балалардың жауабы.)



Тәрбиеші: - Олай болса, мен сендерге Балташ Данабековтың «Үй

құстары» деген әңгімесін оқып берейін.



Сергіту сәті:

1. Құстар тәрізді қанат қағып, шеңбер бойымен айнала ұшу.

2. Құстар сияқты көлден су ішу (тізерлеп отыру).

3. Бір орында тұрып, айнала ұшу.

4. Орындарына барып қону.

Сұрақ-жауап.

(Әңгімені пысықтауға арналған сұрақтар қойылып, жауаптары тыңдалады.)



Тәрбиеші: - Балалар, сендер үлкен кісілерден құстарға байланысты тыйым сөздер естідіңдер ме? Кім тыйым сөздер біледі?

(Балалардың жауабы.)



Дидактикалық ойын: «Балапанын тап»

Тәрбиеші: - Балалар, сендер үй құстары туралы мақал-мәтелдер, жұмбақтар, тақпақтар білесіңдер ме?

(Балалардың жауабы.)



Тәрбиеші: - Балалар, көңіл-күйлерін қалай?

(Балалардың жауабы.)



Тәрбиеші: - Олай болса, мына дөңгелекке өздеріңнің көңіл-күйлеріңді бейнелеп сурет салыңдар, оны біздің қонақтарымызға сыйға тартайық.

(Балалар өздерінің көңіл-күйлерін ақ қағаз бетіне бейнелеп, қонақтарға сыйлайды.)



Рефлекстік-түзету.

Тапсырмалардың дұрыс орындалуын қадағалау, дұрыс орындалмаған жағдайда дер кезінде түзету.

Сабаққа жақсы араласып, белсенділік танытқан балаларды мадақтау, оқу іс-әрекетін қорытындылау.


Тақырыбы: Қош бол, сүйікті балабақшам.

Мақсаты: Даярлық топ бүлдіршіндеріне «Алтын ұя балабақшамен» қоштасар сәтінің келіп жеткенін, алдарында «Мектеп ана» күтіп тұрғанын түсіндіру мақсатында өткізілгелі отырған қоштасу тойында жыл бойы алған білімдерін ортаға салу, ойын ойнап, ән шырқап, би билеу. Балалар үшін есте қаларлықтай қызықты етіп өткізу, ұшқан ұяға алғыс айтып, ақ тілектерін, лебіздерін білдіру.

Көрнекі құралдар: Суретті плакаттар, қазақ әліпбиі, әріптер, сандар, дидактикалық ойындар, әліппе оқулығы, түрлі-түсті шарлар.

Өту барысы:

Жүргізуші: - Қымбатты ата-аналар, балабақша қызметкерлері бүгінгі біздің балабақшамызда өткізілгелі отырған «Қош бол, сүйікті балабақшам» атты балабақшамен қоштасу мерекесіне қош келіпсіздер!

Жас жүректің өмірлік құштары гүл,

Тәрбиеші баулыған құстары бұл.

Қоштасып алтын ұя бақшаменен

Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.

- дегендей, осыдан бірнеше жыл бұрын балабақшамызға тәй-тәй басып кірген бүлдіршіндеріміздің бір тобы бүгінгі күні аяқтарын нық басып, бақытты балдырған болып ұямыздан ұшқалы тұр.



Жүргізуші: Бүлдіршіндер мақтануға болса лайық,

Біз бүгін мақтанайық, жар салайық.

Биылғы 2013 жыл түлектерін

Құрметпенен қол соғып, қарсы алайық.

- деп, «Алтын ұя - балабақшамыздан» ұшқалы отырған бүлдіршіндерімізді қол соғып, ортаға шақырайық.

(Қол ұстасқан балалар залға кіріп, музыка әуенімен ишарат білдіріп, бастарын иіп, тәрбиешілерін қарсы алады.)



Балалар: Білер қазақ баласы,

Сәлем – сөздің анасы

Алдымызда кезіккен

Көп танысты көреміз.

Бәріне де ізетпен

Біздер сәлем береміз.



Жүргізуші: Ажырамай халықтан бір елі сіз,

Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.

Сөз берелік құрметпен өзіңізге

Бүлдіршіндерге арналсын тілегіңіз.

- дей келе, бүлдіршіндерімізге жақсы тілектерін білдіру үшін сөз кезегін Екпетал мектеп-балабақшасының директоры Дәулетов Алтай мырзаға берелік.

Бақшамыздың басшысы да тірегі,

Барлығы оны мейірбан деп біледі.

Әрқашан да басшы демей ол өзін

Ортамызда күліп, ойнап жүреді.

- дей келе, ендігі сөз кезегін Екпетал мектеп-балабақшасының балабақша жөніндегі орынбасары Утениязова Гүлжан ханымға берелік.

Ата-ана тәрбиелеп балапанын

Әлдилеп аялаған алақанын.

Болашақта бақ тілеп тұрасыңдар,

Ойлауменен алдағы бала қамын.

- дей келе, келесі сөз кезегін ата-аналарға берелік.

Жүргізуші: Мейірімге толы бақшамыз,

Айқара ашқан құшағын.

Балапаның боп біз сенің

Өзіңнен түлеп ұшамыз.

- Балалар, сендер бүгін «Алтын ұя балабақшаларыңмен» қоштасқалы отырсыңдар. Енді сендерді алда «Мектеп ана» күтіп тұр. Балабақшадан не үйрендік деп барасыңдар? Барлығың мектепке баруға дайынсыңдар ма?

Балалар: - Дайынбыз.

Жүргізуші: Жарайды онда балалар,

Қане, бәрің тұрыңдар!

Не үйреніп, не білдік,

Ортаға қане, салыңдар!



Тапсырмалар

1. Әріптер сыры.

2. Сандар әлемі.

3. Жан-жақты дамытушы дидактикалық ойындар:

А) геометриялық пішіндер

Ә) сандар

Б) әріптер

В) «КІТАП» сөзіне дыбыстық талдау жасату

Жүргізуші: - Балалар, мінекей мынау кітап немесе оны «оқулық» дейміз.

Бұл қандай оқулық екенін білесіңдер ме?



Балалар: - Әліппе.

Жүргізуші: - Балалар, біздер әліппеге дейінгі кезеңнен өттік. Енді мектепке алғаш қадам басқан кезде қолымызға осы «Әліппе» оқулығын алып, беттерін ашамыз. Ал, оқулық бізге білім нұрын шашады. Әліппе туралы тақпақ білесіңдер ме?

Ернұр: Жақсы кітап - «Әліппе»

Үйретеді әріпке.

Ойыншықтармен қоштасам,

Әліппемен достасам.



Жүргізуші: Әліппе деген алтын жол!

Апарар сені алысқа,

Жеңіл емес, ауыр жол,

Тырысып бақ намысқа!

Ұшына жетсең тырмысып,

Озып бәйгені аларсың.

Көгінде жарық жұлдыз боп,

Жұртыңа нұр боп жанарсың.

- Балалар, «Әліппе» оқулығы біздерге ненің сырын танытады.

Балалар: - Әріптер.

Жүргізуші: - Ал, сендер әріптерді танып, жаза аласыңдар ма?

Балалар: - Иә.

Жүргізуші: - Олай болса, қане, барлығымыз өз есімдерімізді алма ағашындағы алмаларға жазып, балабақшамызға өз қолтаңбаларымызды қалдырайық.

Қолтаңба.

Жүргізуші: - Біздің балабақшамызда ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін үйретіп қана қоймайды, балаларды өнерге де баулиды.

Мерекеде басты қостық бәріміз,

Жарасады әніміз бен сәніміз.

Әуенімен тербелейік біз бүгін

Бірге толқып әсем сазбен жанымыз.

- дей келе, енді бүлдіршіндеріміздің өнерлеріне де куә болайық.



Ән: «Біз бақытты балдырған»

Жүргізуші: Балапандай бауыр басқан ұяда,

Өсіп-өнген бақшасын жан қия ма?

Тәрбие алып болашаққа өзіңнен

Білім іздеп самғаймыз әр қияға.

- дей келе, бүлдіршіндеріміздің мерекелік тақпақтарына да кезек берелік.

Тақпақтар

1 - бала: Мектепке биыл барамын,

Қолыма кітап аламын,

Дайын тұр сауыт-сайманым,

Дайын тұр жазар қаламым.



2 - бала: Дайын тұр киер көйлегім,

Үйімде биыл той менің.

Өзімше мен кәдімгі,

Оқушы құсап сөйледім.



3 - бала: Гүл сатып алам ақшаға,

Қуану үшін жақсы аға.

Дина мен Ләйлә құсап мен

Бармаймын балабақшаға.



4 - бала: Әліппемді қоям бір бөлек,

Жаттауға жаңа жыр керек.

Көбелекті де қумаймын,

Қона берсін гүлге көк.



5 - бала: Енді мен үлкен баламын,

Ананың тілін аламын.

Әжемнің барлық айтқанын

Миыма құйып аламын.



6 - бала: Әкелген гүлді сый көріп,

Қолыма алдым именіп.

Әскерде жүрген ағама,

Хат жазам әріп үйреніп.



7 - бала: Сәбимін жеткен, жетіккен,

Кешпеймін суды етікпен.

Ауылда жүрген атама,

Хат жазам өлеңдетіп мен.



Жүргізуші: Бүгін қызық, бүгін той,

Біздер үшін біліп қой.

Ән шырқалып, би биленіп,

Жалғастырсын ойды-ой.



Ән: «Қош балабақшам»

Жүргізуші: - Сонымен қатар, біздің балабақша бүлдіршіндері аудандық байқауларға да қатысып жүр. Атап айтсақ, аудандық Мәдениет үйінде

«1- маусым - Балаларды қорғау күніне» орай өткізілген «Мисс – бүлдіршін 2011» және «Бала – сұлтан 2011» атты байқауларға екі бүлдіршініміз қатысып, «Көрермендер көзайымы» атағына ие болып, мақтау қағазымен марапатталды. Осылайша, балабақшамыздың намысын қорғады. Бүлдіршіндеріміздің осындай биіктерден көрінуі, әрине балабақша, тәрбиешілер және ата-аналар үшін зор бақыт, қуаныш. Олай болса, осы бүлдіршіндеріміздің өнерлерін тамашалайық.



Би: «Өзбек биі» (Нұрадина Аружан)

Би: «Құрбақа биі(мазмұнды коипозиция )» (Қажығалиев Ернұр)

Жүргізуші: Балабақша бесігім,

Тағы бір той жасайық.

Ашып мектеп есігін

Өзіңменен қоштасайық.

- дей келе, балабақшамен қоштасқалы отырған бүлдіршіндеріміздің балабақшаға деген тілектерін тыңдайық.

Тақпақтар

1 - бала: Жинаулы таза едені,

Бөлменің есігін ашсаңыз.

Өнеге үйретіп келеді,

Сүйікті балабақшамыз.



2 - бала: Жайраңдап, жымиып тұрады,

Апайлар әрқашан алдыңда

Бақшамыз білімнің бұлағы,

Қызықты ойындар бар мұнда.



3 - бала: Үйретіп өнерге көшелі

Тәрбие береді жақсы адам.

Ертеңгі оқушы өседі,

Бүгінгі балабақшадан.



Барлығы: Өзіңе гүл шоғын сыйлаймыз,

Өзіміз өсірген гүл бақтан.

Біз сені ешқашан қимаймыз,

Қия алмай, қараймыз үй жақтан.



Жүргізуші: Құтты болсын мерекеміз бүгінгі,

Көріп жүрсін ауылымыз нұрыңды.

Баршаңызға бақыт тілеп әрдайым

Сыйлаймыз шын жүректен гүл шоғымызды.

(Балалар апайларға арнап тақпақтар айтады, гүл шоқтарын, алғыс хаттарын табыстайды.)

Жүргізуші: Айналайын гүлдерім,

Ай шуақты күндерім.

Ерекше қызық тілдерің,

Естен кетпес үндерің.

- дей келе, бүгінгі «Қош бол, сүйікті балабақшам» атты балабақшамен қоштасу мерекесін аяқтаймыз. Сау болыңыздар!

Тақырыбы: Өмірге нұр сыйлаған Наурыз!

Мақсаты: Ұлыстың ұлы күніне арнап өткізілетін ертеңгілікте балаларға шығыс халықтарының ортақ мейрамы Наурыз мерекесі туралы терең түсінік беру, ұлттық әдет-ғұрыптармен, салт-дәстүрлермен таныстырып, оларды шағын көріністер арқылы жеткізу, балаларға мерекелік жақсы көңіл-күй сыйлаумен қатар, қуаныштарын үлкендермен бөлісуге, ұлт мерекесін, халқымыздың тамаша салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын қастерлеуге, туған елін құрметтеуге тәрбиелеу мақсаты көзделеді.

Көрнекі құралдар: Бөлменің бір бұрышында түрлі-түсті ленталармен әшекейленген шаңырақ ілулі тұрады, бір қанат кереге киіз үй ретінде алынады, түскиіз ілініп, домбыра, қамшы қойылады, еденге текемет жайылып, көрпелер төселеді.

Әдіс-тәсілдер: Сахналық көрініс, әңгімелеу, көрсету, түсіндіру, сұрақ-

жауап, ойын.



Өту барысы: Қазақ киім киген балалар залды жағалап, көңілді әуенмен келіп тұрады. Ортаға жүргізуші шығады.

Жүргізуші: Тойла бүгін, тауларым мен боздалам,

Тойла бүгін, қарттарым мен бозбалам.

Қайта оралған намысымдай Наурызым,

Жыл боп жаңа келді тағы Ордама!

- Құрметті қонақтар, көптен күткен «Наурызымыз» келді. Шығыс халықтарының дәстүрлі мейрамы Наурыз мерекесі құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді, тілектеріңіз қабыл болып, ауыртпалықтың бәрі ескі жылмен кетіп, жаңа жылда жаңа үміт, жақсылық орнасын. Бүгінгі біздің балабақшамызда өткізілгелі отырған «Өмірге нұр сыйлаған Наурыз!» атты мерекелік ертеңгілігіне қош келіпсіздер! Балаларыңыздың мерейлі мерекесіне, шаттық тойына сіздер де ортақ болыңыздар!

Наурыз тойға жиналған халқым менің,

Бәріңнің ойға алғаның жарқын сенім.

Бүгінгі той, ертеңгі ардақты ісің,

Ғажап болсын таппайтын тепе-теңін.

- дегендей, осындай ұлы мерекеде өз лебізін білдірсін деп сөз кезегі Екпетал мектеп-балабақшасының директоры Дәулетов Алтай мырзаға берелік.



Жүргізуші: - Ендігі сөз кезегін Екпетал мектеп-балабақшасының балабақша жөніндегі орынбасары Утениязова Гүлжан ханымға берелік.

Жүргізуші: - Келесі мерекелік құттықтау сөзді ата-аналарға берелік.

Жүргізуші: - Тілектеріңіз қабыл болсын! Тойымызды бастамас бұрын «Қара күш ескі жылмен кетсін, жаңа жылда оған орын жоқ» деп, отпен сес көрсету, аластау ырым-тыйымын жасайық.

Аластау.

(Киіз үйден жеті жігіт жеті шырақ алып,

«Ескі жыл – есірке,

Жаңа жыл – жарылқа.»

- деп, халықты аралап шығады.)

Жүргізуші: - Қиындықтың бәрі ескі жылмен кетсін, жаңа жылда жақсылық орнасын! «Наурыз тойы» - дәстүрлі мереке. Наурыз тойында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары жасалады. Атап айтсақ, шілдехана, тұсау кесу, қонақ күту, тілашар, т.б. түрлері өте көп. Мысалы, «Тұсау кесу» рәсімі сәбидің мұқтаж тірліктен тез өтуінен туындаған. Бала еңбектеуден өтіп, тәй-тәй басқанда оның тұсауы кесіледі. Ендігі кезекті «Тұсау кесу» рәсіміне берейік.

Көрініс: «Тұсау кесу» рәсімі.

(Қатысушылар: шал, кемпір, сәби, 2 жеңгесі, ақ әже)



Жүргізуші: - Мінекей, бүгінгі Наурыз тойда Нұрғасырдың тұсауы кесілді. Ол тай-құлындай шапқылап жүре берсін.

Көрініс: «Қолға су құю» рәсімі7

(«Қолға су құю» рәсімі жасалады. Той дастарханына отырғызу басталады.)



Жүргізуші: - Қане, той дастарханына отырыңыздар, дәмге келіңіздер! «Той дегенде қу бас домалайды» дегендей, қане, той бастап, «Қара жорға» биін тамашалайық.

Би: «Қара жорға»

Жүргізуші: - Ал, енді тойымызға алыстан ат шаптырып келген қонақтарды қарсы алайық.

(Наурыз тойға Қожанасыр есегіне теріс мініп келеді.)



Қожанасыр: Өлмес Қожанасырмын,

Келмес ойды жасырғым.

Қабілетке шорқақпын,

Алдарыңа бас ұрдым.

(Қожанасырға ілтипат көрсетіліп, төрден орын беріледі.)

(Домбырамен әндетіп Алдар көсе келеді.)



Алдар көсе: Мен Алдармын, Алдармын,

Алда десең алдармын.

Сақалы жоқ, мұрты жоқ,

Доспын адал жандармен.

Мен Алдармын, Алдармын,

Бәріңді де алдармын.

Амандасып алдымен

Қолдарыңды алайын.

(Алдар көсе қонақтармен амандасады. Төрде отырған Қожанасырды алдап орнынан тұрғызады да, ол орынға өзі отырып алады.)

Алдар көсе: Мен Алдармын, Алдармын,

Бәріңді де алдармын.

Төрде отырған көрдіңдер,

Қожекеңді алдадым.

(Қожанасыр дастарханның шетіне отыра кетеді.)

Жүргізуші: Талайлардың шырқалып тұңғыш әні,

Талайлардың жүрегін нұр құшады.

Наурыз тойда біздің балабақшада

Ән қалықтап, күй мен жыр бірге ұшады.



Ән: «Наурыз – біздің әніміз»

Жүргізуші: Сыңғырлаған бар үнің,

Былдырлаған бар тілің.

- дегендей, бүлдіршіндеріміздің мерекелік тақпақтарын тыңдайық.

Тақпақтар

1 - бала: Жаңғырар дәстүр-салтымның,

Көзелсін бұлақ жалғасы.

Қастерлі менің халқымның,

Мереке Наурыз – жыл басы.



2 - бала: Көптен күткен Наурыз тойы арайлы,

Нұрға бөлеп жатыр міне, маңайды.

Мал біткеннің бал татыған уызы,

Қуат болып қанымызға тарайды.



3 - бала: Ілесіп Наурызбенен көктем жетсін,

Көңілін қыз-келіншек көкке өрлетсін!

Еңсесі көтеріліп ер-азамат,

Ескі жылмен реніш, өкпең кетсін!



4 - бала: Сәнді көктем – нұрымыз,

Наурыз тойы – жырымыз.

Құлпырып тұр қыр мен ой,

Құтты болсын, Наурыз той!



5 - бала: Наурызды халқымыз,

Жыл басы деп санайды.

Көнермеген салтымыз,

Көп елдерге тарайды.



6 - бала: Төлдеді де малымыз,

Тамыр жайды талымыз.

Наурыз өнер жарысын

Бастады жас-кәрі үшін.



Ән: «Қазақтың дастарханы»

7 - бала: Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өрістен.

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.



8 - бала: Нұр Наурыз шырай беріп тірлігіме,

Айналдың бар қызықтың кіндігіне.

Сен келсең талым көктеп, тұма тұнып,

Тазарып жүре берер бұл дүние.



9 - бала: Наурыз – көктем тойымыз

Той дәмі мол тойыңыз!

Күн ұзарар жылынып,

Өсер біздің бойымыз.



10 - бала: Тойды бастап ел енді,

Қуанышқа бөленді.

Жарқыраған жас нұрлы,

Жаса, Наурыз, дәстүрлі!



11 - бала: Наурыз – шаттық әніміз,

Салтанатты сәніміз.

Ән салып жас-кәріміз,

Би билейік бәріміз.



Би: «Домбыра»

Жүргізуші: - Сондай - ақ, Наурыз тойда орындалатын тәрбиелік мәні зор дәстүрдің бірі – айтыс. Айтыс – қазақтардың күні бүгінге дейін ең жақсы көретін поэзиясы. Айтыстың: ақындар айтысы, қыз бен жігіт айтысы, қайым айтыс, бәдік айтыс, мысал айтыс, жұмбақ айтыс, жан-жануарлар айтысы, т.б. түрлері бар. Олай болса, келесі кезекті жан-жануарлар айтысына берелік.

Айтыс: «Ешкі мен қой айтысы» Нұрсерік (ешкі)

Ернұр (қой)



Би: «Қазақ биі»

Жүргізуші: - Наурыз тойында ұлттық ойындар да ойналады. Халықтық салт-дәстүрін сақтаған қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір саласы – ұлттық ойындар. Ұлттық ойындардың: «Көкпар», «Ақ сүйек», «Қыз қуу», «Асық ату», «Аударыспақ», «Теңге алу», т.б. түрлері бар. Олай болса, «Қыз қуу» ұлттық ойынын ойнап көрелік.

Ұлттық ойын: «Қыз қуу»

Ойын шарты:

Бірнеше атты бала ара қашықтықта тұрған атты қызды қуады, қайсысы жетіп алса, сол балаға қыз орамал сыйлайды.

Қане, достым қуып жет,

Жетсең сыйлық аласың.

Жете алмасаң балақан,

Қамшы астында қаласың.



Ән: «Ақбұлақ»

Жүргізуші: - Білесіңдер ме, Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы бар. Ол «Наурыз көже» деп аталады. Наурыз көже – Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй кем дегенде жеті түрлі дәмнен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Оның мәні «Жаңа жылда тойымшылық, молшылық, мәнді де татымды өмір болсын» деген ырымды, тілекті паш етеді.

Ашық болсын қас-қабақ,

Таспен атқанды аспен ат.

Бейтаныс та, таныс та,

Бүгін төрде бас қонақ.

Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта, ағы бар.

Ішілетін, жейтіннің,

Бұл көжеде бәрі бар.

(Ақ жаулықты әже «Наурыз көже» алып келеді, оның жасалу жолымен таныстырады. Жеті ыдысқа құйып, келген қонақтарға береді.)



Би: «Ырғақты би»

Жүргізуші: - Наурыз бата Наурыз тойға келген қонақтарға, осы тойда өнер көрсеткен өнерпаздарға арнап беріледі.

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда олжалы жыл болар.

- дегендей, ендігі кезекті Наурыз батаға берелік.



Бата: (Қажығалиев Ернұр)

Жүргізуші: Ән қосылсын әніңе,

Сән қосылсын сәніңе.

Ырысты боп жаңа жыл,

Бақ дарысын бәріңе.

Ой қосылсын ойыңа,

Бой қосылсын бойыңа.

Аман-есен жетейік

Келер Наурыз тойына.



- дей келе, бүгінгі «Өмірге нұр сыйлаған Наурыз!» атты мерекелік ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Сау болыңыздар!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет