В. И. Ленин Ел шетіне жау тиіп, халық өмірінің қаймағы бұзылса, ер азамат жай жата алар ма? Кешегі өткен Ұлы Отан соғысы ердің ерлігін, қыздың өрлігін сынаған, өткірлеп қайрап, қаһарлы күшке айналдырған зор майда



жүктеу 73.99 Kb.
Дата08.06.2016
өлшемі73.99 Kb.
Абуова Рахия

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық

техникалық колледжінің жоғары санатты оқытушысы

Майдандағы қазақ қыздары

Соғыс дегеніміз жүргізілген саясаттың жалғасы...

В.И.Ленин
Ел шетіне жау тиіп, халық өмірінің қаймағы бұзылса, ер азамат жай жата алар ма? Кешегі өткен Ұлы Отан соғысы ердің ерлігін, қыздың өрлігін сынаған, өткірлеп қайрап, қаһарлы күшке айналдырған зор майдан болып еді. Ер етігімен су кешіп қана қойған жоқ, ер толарсақтан саз кешті, саз аралас қан кешті, шыбын жанын пида етті.

Сан қилы саяси және әлеуметтік қайшылықтармен өткен ХХ ғасыр адамзат санасында жойқын соғыстарымен де сақталары сөзсіз. Өйткені, бір ғана Екінші дүниежүзілік соғыстың өзі қаншама ұрпақты қайғы қасіретке душар етті. Жалпы, үлкен тарих тұрғысынан алғанда азғантай мерзім болғанымен ұзақтығы жағынан төрт жылға жуық, нақтылап айтқанда 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы сан миллион адамдардың өмірін қиған, жер бетінде бұрын соңды болмаған ең зардапты, әрі қантөгісті зор соғыстың бірі болған еді.

Қазақстан соғысқа 1 млн.366 мың адамды аттандырса, оның 5183-і қыз-келіншектер болды. Осы орайда республикада 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқышьтар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы, 2 артиллериялық, 4 минометтік, 3 авиациялық полк, 14 жеке батальондар құрылып, майданға жіберілді. Бұлардың барлығының құрамында қазақстандық қыз-келіншектер болды. Бұлардан майдан даласында 601 мың 815 адам мәңгілікке қалып, қалғаны аман-есен туған жерге оралды. Қыршын кеткен боздақтардың 135 мыңы қазақтың қаракөздері.

Қазақстандық әйелдер соғыстың салмағын өзгелермен бірдей көтерді, зардабын бірдей тартты, азабын бірдей арқалады. «Қырман басып, егін сап, арба айдаған » тылдағы әйел басқа түскен қиындыққа мойымай, ер-азаматтың орнын жоқтатпады. Соғыс – қыршын боздақтардың қыршын ғұмырымен бірге түтінін өшірмеген әйелдердің, жесірлердің де арман – жастығы, көз жасы.

Қарулы күштердің қатарында Кеңес әйелдері де жаумен шайқасты. Соғыстың соңғы бір сәтінде Кеңес Армиясында 630 мыңнан астам әйел жауынгерлер болды. Олар самолетпен аспанда самғады, танк жүргізді, барлауға барып, ұрыс даласында мергендік көрсетті. Атқыш мергендер мектебін бітірген әйелдер 12 мыңнан астам жауды жермен жексен етті. Майдандағы дәрігерлердің 41 пайызы, фельдшерлердің 43 пайызы, медбикелердің 100 пайызы әйелдер болды. Ұлы Отан соғысында 100 мыңнан астам әйелдер ордендермен, медальдармен марапатталған. 92 әйел Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде азамат жүгін арқалап мыңдаған қазақ қыз-келіншектері уақыт сынынан, тарих талқысынан сүрінбей өтті. Аяғына солдат етігін киіп, Мәскеуден Берлинге дейін шеру тартты. Рейхстагта желбіреген Қызыл туда қазақ аруларының да даңқ жолы, ерлік дастаны бар. Соғыс басталған күні-ақ ұлан байтақ республикамызда топ-тобымен соғыс космиссариатына келген жастардың ішінде қаракөз қазақ қыздары аз болған жоқ. Ең алғашқылардың бірі болып, Алматы қаласындағы педучилищенің 28 қызы соғыс комиссариатына «Бізді майданға жіберіңіздер, қыз да болсақ қару алып, Отанымызды қорғау үшін жанымызды ортаға сала соғысамыз» - деп өтініш жазды. Соғыс басталған алғашқы күндері Қарағанды облыстық комиссариатына түскен 25 мың өтініштің 10 мыңы әйелдерден түссе, Оңтүстік Қазақстан облысынан майданға сұранған 755 қыздың 627-сі батысқа ел қорғауға аттанды.

1942 жылы қаңтар айында Алматыда жеке әйелдер ротасы құрылды. Ротада 278 қыз-келіншектер болды.

1942 жылы көктемде Семейден майданға 200 қыз аттанса, 1943 жылы Алматыдан 185 қыз аттанды. Қазақстандық қыз-келіншектер Қиыр Солтүстікте де, Карелияның омбы қарында да, Смоленскінің ну орманында, Қап тауларында, Қара теңіз жағалауы мен Украина мен Белоруссия қалаларында, Мәскеу, Сталинград, Ленинград үшін болған шайқастарда батырлықтың, табандылықтың, Отанға шексіщ берілгендіктің жарқын үлгісін көрсетті.

Ұлы Отан соғысында Қазақстан әйелдерін майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың әр түрінен кездестіруге болатынды. Олардан ұшқыш та, танкист те, радист те, барлаушы мен партизан да шықты.

Бұлар кімдер еді? Әрине қазақтың батыр қыздары дегенде ең алдымен еске «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия мен Мәншүк түседі. Тек Қазақстан ғана емес бүткіл шығыс халықтарының ішінде Кеңес Одағының Батыры атағын алған ,шығыс қызының батырлық символына айналған қазақ даласының қос сұңқарын кім мақтан етпейді. Ана «қос ботам» десе, қарындас «менің шығар аспаным» дейді. Қос батырымыз жайлы бұрын да айтылып жүрген жайттарға қосымша мен олар жайлы мынандай деректерді келтіргім келеді:

Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызы 1922 жылы Гурьев облысы Орда ауданында туылса, Әлия Нұрмұхамедқызы Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданында дүниеге келген. Яғни екеуі де Батыс өңірінің тумасы.Екеуінің туған жерінің арасы өте жақын болған . Соғыс басталған кезде Мәншүк 18 жаста болса, Әлия әлі кәмелеттік жасқа да жетпеген. Бірі пулеметші, бірі мерген болып соғысқа кірген қос арудың екеуі де Ресейдің Псков облысының жерінде қаза тапты. Мәншүк Невель қаласы үшін болған шайқаста, Әлия осы облыстың Насва теміржол бекетінің жанында Отан үшін жас жандарын қиды.Арасы бар болғаны 60 шақырым жер. Тағдырдың талайын басынан өткізген қыздардың тағдыры да ұқсас. Мәншүк бес жасынан бастап әкесінің інісінің қолында өссе, Әлия ата-анасынан жастай қалып, алдымен нағашы ағасының, сонан соң отбасы жағдайына байланысты балалар үйінде тәрбиеленеді.

Мәншүктің азан шақырып қойған аты –Мәнсия болады.Ата-анасы «Моншағылым, Моншағым » деп еркелетсе «атың кім» деген сұраққа кішкентай Мәнсия тілі келмей Мәншүк деп жауап береді екен. Ал Әлияны балалар үйінің ұстаздары мен құрбылары Лия атап кеткен. Міне осы еркелеткен есімдерімен қос ару отанымыздың тарихына алтын әріптермен жазылды.

Совет Одағының Батыры атағы Мәншүк Мәметоваға КСРО Жоғары кеңесінің 1944 жылғы 1 наурызындағы ,ал Әлия Молдағұловаға 1944 жылдың 4 маусымындағы жарлығымен берілді. Қос батырдың ерлігі, оның дәріптелуі, ұмытылмай ел есінде қалу үшін жасалған шараларды біз білеміз.

Биыл жеңісінің 75 жылдығын атап өткен бұл соғыста аты аталмай қалған , аталса да өз дәрежесінде болмаған қазақ қыздары да бар.Олар Бұл Хиуаз Доспанова мен Алтыншаш Нұрғожинова.

Хиуаз Доспанова 1922 жылы мамырдың 15-нде Атырау облысында дүниеге келеді. Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. 1940 жылы мектепті үздік бітірген Хиуаз аттестатпен бірге запастағы ұшқыш мамандығын да алып шығады. Өзінің ұшқыш болатынына сенімді болған қайсар қыз Мәскеудің Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспекші болады. Алыстан келген қазақ қызының ұшқыш боламын деген арманын академиядағылар жүзеге асыртпайды. Мойымаған Хиуаз медициналық институтқа емтихансыз қабылданады. Соғыстың басында әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден құралған авиаполкінің құрамына өтуге келген к кішкентай бойлы Хиуазға әуелде сенімсіздікпен қарағанмен, өжет қыз ақыры өзін қабылдаттырады.Хиуаз Доспанованың әскери жолы Оңтүстік майданда, яғни Состүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанында жалғасады. Авиация тарихында тұңғыш рет құрылған түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында болады. 300-ден астам тапсырмаларға шыққан. Соғыста бірнеше рет жараланған Хиуаз Доспанова ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальдармен наградталады. Берлин азат етілгеннен кейін бірден таратылған авиаполктегі ерлікке толы жолдарынан кейін ІІ топтағы мүгедек болып соғысты аяқтаған Хиуаз медицина институтына қайта оралғысы келеді. Алайда ол сол кездегі өзінің ерлік істерімен, іскерлігімен көзге түсіп партия-совет жұмыстарына тартылады. Обкомның нұсқаушысы болып бастаған ол Қазақстан ЛКСМ ОК-ң бірінші хатшысы болады. Ел басына күн туған шақта сұрапыл соғысқа араласып, бейбіт заманда еліне талмай еңбек еткен Хиуаз Доспановаға 2004 жылдың 15 желтоқсанында «Халық қаһарманы» атағының айрықша белгілері «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды. Қазақтың қайсар батыр қызы 2008 жылдың 20 мамырында дүниеден өтті.

Келесі батыр қызымыз бұл – Алтыншаш Өскенбайқызы Нұрғожинова. 1924 жылы туылған . Ұлты - қазақ. Әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық комиссариатынан шақырылған. Соғысты гвардия лейтенанты болып бастаған Алтыншаш Орталық және Украина майдандарында шайқасқан. Алтыншаш туралы алғашқы деректі тауып ,жинақтап қағазға түсірген, елге танытқан танымал ақын-жазушылар Бақытжан Қанапиянов пен Жүсіпбек Қорғасбек. 1988 жылы «Қазақ әдебиеті » газетіне «Үшінші батыр қыз - Алтыншаш» деген зерттеу мақаласы шығады. 1944 жылы бірнеше жау танкісін жойып, қаза тапқан қазақ қызы Алтыншаш Нұрғожинова туралы «Патриот Родины» газетінде «Даланың тірі бір гүлі» деген атпен жауынгер ақын Михаил Левченконың өлеңі жарияланады. Осы өлең арқылы батыр қыз жайлы зерттеу жүргізілген кезде оның майдандастары Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғаны , бірақ неге екені белгісіз тек «Қызыл Жұлдыз» орденімен мараптталғаны белгілі болады. Михаил Левченконың естеліктері мен Алтыншашты марапаттау қағазында жазылған мінездемеде көрсетілген ерліктер Батыр атағын беруге сұранып тұрса да, ол атақ оған берілмеді. Зерттеушілер Алтыншаштың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған марапаттау қағазының көзден таса қалып немесе қайта мазмұны өзгертіліп жазылған деген болжамға келіп отыр. 18 –ге толар толмастан лейтенант атағын алып, батальон комсоргы болған Алтыншаштың ерлігі туған халқы тұрған мәңгі өлмейді.

Сонымен біздің батыр Қыздарымыз енді 2-ақ емес 4-у болды.

Қазақ қызына тән өрлігімен, ерлігімен көзге түскен қазақ қыздарын атап өтер болсақ:

Ұшақ механигі – Дәмелі Жәкеева, зенитші Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметші Жәмила Бейсенбаева, дасантшылар қызылордалықтар Рәзия Сыздықова мен Қалзия Асанова, барлаушы Жәмила Сәлімова, майдан дәрігерлері Мәрия Сырлыбаева, Мархаба Түкібаева және т.б. Бұлардың қатарына әуе механигі болған Ұлы Абайдың шөбересі Ишағы Жағыпарова, шығыс қыздарының ішінде алғашқы болып Қызыл Крест қоғамының «Флоренс Найтингел»

Медалімен мараптталған медбике лейтенант Рәзия Ысқақова, Әзілхан Нұршайықовтың аяулы жары болған цензоршы Халима Өзбақановалар болды.

Біздің облыстан да соғыс майдандарында ерлігімен көзге түскен қыздар болды. Олардың қатарына: Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының бұрынғы «Қызыл Диқан» колхозынан майданға аттанған Майра Қанатова шынайы ерліктің үлгісін көрсетті. «Ерлігі үшін» медалінің иесі.

Біздің облыстан аттанған Торғаш Жұмабаева партизан отрядында соғысады. «Ұлы Отан осғысының партизаны» медалінің иесі.

Қалзия Асанова -І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. Берлинге дейін барған.

Майдандағы қазақ қыздарының ерлігін бірғана мақалада айтып өту мүмкін емес, дегенмен там-тұмдап болса да мәлімет беру мақсатымыз болды.

Қорыта айтар болсақ, кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан әрбір қазақ қызын нағыз батыр деп бағалауға болады. Өйткені, өз тілегімен жас жанын қиып, өлімге бас тігу тек өз Отанын шынайы сүюден тұрады. Жастардың жүрегіне жауынгер қыздардың ерлік істері терең ұялап, олардың рухына бас иіп, тағзым етулері керек.





  1. Н.Ә.Назарбаев. Ғасырлар тоғысында. Алматы,1992

  2. Ә.Әбдіәкімұлы. Қазақстан тарихы.Алматы, 1997

  3. ҚСЭ, Алматы - 1972-80

  4. Баспасөз материалдары

  5. Интернет материалдары


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет