В. Каллаур – Тараз қаласының зерттеушісі және өлкетанушысы



жүктеу 34.41 Kb.
Дата16.06.2016
өлшемі34.41 Kb.
В. Каллаур – Тараз қаласының зерттеушісі және өлкетанушысы

Ресей патшасы жергілікті халықты отарлау мақсатында ең алдымен оның тарихын, мәдениетін зерттеуді басты меже етіп алғаны белгілі. Дегенмен, осыған қарамастан Орта Азия, оның ішінде қазаң жеріндегі тарихи-мұраларды зерттеу мақсатымен Түркістан губерниясының орталығы Ташкент қаласында 1895 жылы Түркестан әуесқой археология үйірмесі ашылып, оған көптеген ғалымдар мүшелікке өтті. Оның құрметті төрағасы Барон А.Б.Вревский, төрағаның орынбасары Н.Г.Остроумов, мүшелері В.В.Бартольд, И.В.Аничков, В.А.Каллаур және т.б. болды.

Біздің өңіріміздегі тарихи-мұраларды зерттеуде және қорғауда сүбелі үлес қосқан Түркістан әуеской археология үйірмесінің мүшесі, өлкетанушы Василий Андрейұлы Каллаур еді. Ол 1876 жылы Әулиеата уезінің бастығы болып істегеннен бастап, өлке төсіндегі ғасырлар тереңінен жеткен тарихи ескерткіштерге ыждағаттықпен қарап, қызыға зерттеп, жергілікті көнекөз қариялардан сұрастырған. Өзіне жүктелген мемлекеттік жұмысқа қарамастан, ерінбестен төменгі Талас бойындағы Атбайлар, Тектұрмас, Ақкесене, Көккесене және Қорғау мұнаралары туралы ескерткіштерді есепке алған. Оның әсіресе өзінің бастауынАса өзенінен алатын ұзындығы 100 шақырымдай келетін Қалмақ арығының осы өңірдегі суғармалы егіншіліктің дамығандығын қызыға жазады. Автордың бізге жеткен еңбектерінде әр сапарға шыққанда Шығыс Түркістаннан Таразға дейінгі Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруге және онда бар қалалар мен бекіністер жөнінде деректер жинаған. В.Каллаур әсіресе көшпенділердің дала төсінде негізгі діни-нанымдарына орай орнатылған ежелгі түріктердің тас мүсіндері жөнінде қызықты көп материалдар жинаған. 1897 жылы «Әулиеата уезіндегі тас мүсіндер» деген қомақты еңбегі жарыққа шығады. Сөйтіп алғашқы рет тас мүсіндер жөніңде, жорық кезінде білгенін қағазға түсіреді.

Қазіргі Меркі, Т. Рысқұлов ауданының тауларын патша өкіметінің құрметіне Александр жотасы деп атаған. Меркі өңірінде В.Каллаур 1885 жылы «Сын тас төбе» деген жерден шаруаларға жер беріліп жатқанда тас мүсін табылады, оны Ташкент қаласындағы генерал-губернатор Н. Н. Гродековке сыйға жібереді. 1889 жылы ондай мүсінді Қаратаудағы Көктал өзенінің бойынан да тапқан.

Көрнекті өлкетанушы В. Каллаур шығыстанушы В. В. Бартольдты жақсы қарсы алып, өзімен бірге ертіп жүреді. Бартольд та оған көптеген тарихи-мұралар туралы мәлімет беріп көрсеткені үшін ырза болған. Меркі өңіріндегі тас мүсіндерді 1896 жылы И.Аничков зерттеп шыққан соң, сол жылы ол желтоқсан айында Түркістан археология үйірмесінде есеп береді. Бұл көне мұраға қызыққаны сонша, келесі жылы, яғни 1897 жылдың күз айында В. В. Каллаур Меркінің таулы аймағындағы Сандықтас, Шымбұлақ, Шайсандық жоталарындағы тас мүсіндерді аралап олардың орналасуын, олардағы бейнеленген адам кескіндерін суреттеп жазумен бірге, олардың тоналып, талқандалып жатқаны жөнінде жаны аши жазады. Осы мақалада Түркістан археология үйірмесіне жіберу үшін біраз тас мүсіндері бүгінде Ленин мен Қойгелді батыр көшесінің бұрышындағы орналасқан В.Каллаурдың 18 жыл тұрған үйінің бағында орнатылғаны туралы мәлімет бар, тіпті қаражат болса бірнеше мүсіндерді Ташкентке жіберуге дайын екенін білдіреді. Демек көп тас мүсіннің қолды болып кеткені анық. В.Каллаур 1896 жылы қараша айында жоғарғы Талас бойындағы Дмитривскі ауылының маңыңдағы Айыртам Ой деген шатқалдан жазу ғылымына теңдесі жоқ түркі жазуы бар тас тапты. Осы сапарына Дмитривскі ауылының жоғары жағындағы Үрмаралдан крест бейнеленген тасты Түркістандагы христиан дінінің тарихымен айналысып жүрген Бішкектегі Поярковке жібергендігі жөнінде хабарламасы бар. Үрмарал өзенінің сол жағындағы Дмитривскі ауылының жоғары жағынан сусыз сайда сумен өңделген жазуы бар қой тасты жергілікті ақсақал Үмбетәлі Нарғазиев алып келген. Осы ашқан жаңалықтарын археология үйірмесінің мүшелері жоғары бағалап жазуы бар тасты Әулиеата қаласына алып келуді Каллаурға тапсырды. Бұл жаңалық бүкіл түркі тілімен айналысып жүрген ғалымдар арасында қызығушылық туғызады. Орыс археология үйірмесінің шығыс бөлімінің жетекшісі Розен «Түркістан генерал-губернаторлығының жерінде көне түркі жазуының табылу фактісі ғылыми тұрғыдан аса маңызды екендігін мойындау керек. Мұндағы жазуларды көшіру оны қорғау арқылы үйірме ғылымға шын мәнінде баға жетпес қызмет еткен болар еді» деп жазды. Бұл көне жазуды атақты түркі маманы В.В.Радлов оқып шығып, Енисейлік үлгісінің түрі екендігін айтты.

Ғасырлар тереңінен бізге жеткен құпиясы әлі ашыла қоймаған Ақыртастың тарихын зерттеуге атсалысқанның бірі В. Каллаур еді. Ол өзінің «Ақыртас және айналасына саяхат» деген еңбегінде Тастөбе болысының тұрғыны Қаржабай Балтабаевтан Ақыртас туралы аңыздың шындығын тексеру мақсатымен Таластың жоғарғы жағындағы Покровка селосынан Ақыртасқа дейін аралап шығып, оның айналасындағы Жетітөбе, үлкен Қаратөбе сияқты обаларды зерттейді. Ақыртасқа түстік жақтағы Ұзынбұлақ қайнардан тартылған су құбырын көру үшін арнайы барып тексереді. Ақыртас ертедегі араб жазбаларында айтылып жүрген Қасрибас қаласының орны екенін айтады.

Сонымен қорыта келгенде Кеңес дәуіріне дейінгі өлкеміздің аймағындағы тарихи-мұраларымызды зерттеуге үлес қоскан өлкетанушы және Әулиеата қаласының әкімі қызметін атқарған В.Каллаурдың еңбектері осы уақытқа дейін өз маңызын жоймаған, қайта бұл құнды еңбектерге тарихымыздың бастауы ретінде жиі-жиі орала бермекпіз.

К.Байбосынов,



Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет