Валенттіліктің лингвистикалық ұғым ретінде зерттелуі Сыздықова Г. О



Дата26.06.2016
өлшемі150.29 Kb.
#159297
Валенттіліктің лингвистикалық ұғым ретінде зерттелуі

Сыздықова Г.О.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Тіл біліміндегі өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі валенттіліктің лингвистикалық ұғым ретінде қалыптасуы және зерттелуімен байланысты. Валенттілік ұғымының лингвистикалық ілім ретінде қалыптасуын ғылыми зерттеулерде Л. Теньердің есімімен байланыстырады. Ғалым өткен ғасырдың 30-жылдарында фразалардың құрылымын қарастыра отырып, белгілі бір сөздердің тізбегі арқылы ұйымдасқан бірліктерді бөліп көрсетеді. Бұл бірліктердің етістік, зат есім, сын есім немесе үстеу сөздер арқылы да жасалатынына назар аударып, өзінің «Құрылымдық синтаксис» атты еңбегінде зерттеуші валенттілікті етістіктің бірнеше қатысушыларды меңгеру қабілеті ретінде анықтайды. Ғалымның тұжырымы бойынша, мәселе «Еуропа тілдерінің басым көпшілігіндегі» сөйлемнің «етістікті негізіне» (етістіктің сөйлемдегі баяндауыш қызметіне д.м. Г.С.) байланысты. Сөйлемдегі етістікті баяндауыш қызметінде емес, сөз табы ретінде қарастыру аталған сөз табы тобындағы сөздерді онымен тіркесім құрауға қатысушы сөздердің саны тұрғысынан топтастыру негізінде морфология мәселелеріне көңіл бөлуге негіз болды. Л. Теньердің валенттілік теориясы осы бағытта одан әрі Ж. Фурке, Х. Бринкман, И. Эрбен, В. Шмидт т.б. ғалымдардың зерттеулерінде дамытылып, ол зерттеулерде валенттіліктің мынадай белгілері бөлініп көрсетілді. Олар: 1) валенттілікті сөйлемнің вербоөзектік теориясымен байланыстыру, яғни етістікті сөйлемнің барлық мүшесі тәуелді болатын негіз ретінде тану; 2) морфология мен синтаксистің байланысуы, яғни бұл жағдайда баяндауышқа емес, етістікке көңіл бөлініп, онымен тіркесім құрауға қатысатын бірліктер сөз табы ұғымымен түсіндіріледі; 3) талдау барысында валенттіліктің сандық жағына ерекше назар аударылады. Әрине, бұл белгілер арқылы валенттілік тек етістіктің бір қасиеті ретінде қарастырылып, сандық жағынан ғана зерттеу нысанына алынды. Соның негізінде сөйлемдегі оның айналасындағы басқа сөз таптарының валенттілік дәрежесі мен сипаты етістіктің валенттілігі арқылы анықталумен шектелді.

Сондықтан валенттілік құбылысының лингвистикалық зерттеулерде көбінесе етістікке тән белгі ретінде етістікке ғана қатысты сөз етілуінің бірден бір себебін оның лингвистикалық ұғым ретінде қалыптасуымен байланысты түсіндіруге болады. Л. Теньердің валенттілік теориясын жалғастырушы ғалымдардың бірі Г. Бринкманның зерттеулерінде мынандай мәселелерге назар аударылды. Біріншіден, бұл бағытта да «валенттілік» термині етістіктің айналасында басқа сөздердің болу қабілетін белгілеу үшін қолданылып, ал етістіктің өзінің айналасындағы басқа сөздермен байланысының жүзеге асуы «позиция» терминімен сипатталды. Екіншіден, сөздің синтаксистік валенттілігі сөз семантикасымен байланысты қарастырылды. Үшіншіден, зат есім, сын есім және етістіктерді «тұйық» және «тұйық емес» (ашық. Г.С.) деп топтастырып, бірінші топтағы сөздердің сөйлемде басқа сөздерге тәуелсіз болатыны, ал екінші топтағы сөздердің өзінен кейін қосымша түсіндіруді қажет ететіндігі, соған орай басқа сөздермен тіркесетіндігі атап көрсетілді. Мысалы, сөздер қатары, өлеңнің авторы т.б. Аталған сөз таптарын осылайша топтастыру негізінде зерттеуші зат есім мен сын есімдердің валенттілігіне де назар аударады. Г. Бринкманның валенттілік теориясына қатысты өзіне дейінгі зерттеушілерден басты ерекшелігінің бірі де осымен, яғни етістіктен басқа сөз таптарының валенттілігін қарастыруымен байланысты.

Валенттіліктің лингвистикалық ұғым ретінде қалыптасуында шетел ғалымы И. Эрбеннің тұжырымдары да айрықша маңызды. Ғалым алдыңғы зерттеушілердің көзқарастарын одан әрі дамыта отырып, валенттілікті «етістікті сөйлем» ұғымы тұрғысынан сөйлем құрылымын анықтайтын құбылыс ретінде түсіндіреді. Егер бұған дейін валенттілікке қатысушылар ретінде бастауыш пен толықтауыш қана алынса, зерттеуші пысықтауыш, предикативтік анықтауыш пен предикативті де валенттілікке қатысушылар ретінде қарастырады.

Валенттілік ұғымы орыс тіл білімінде С.Д. Кацнельсон, Ю.Д. Апресян, Б.М. Лейкина т.б. зерттеушілердің еңбектерінде кеңінен қарастырылып, маңызды тұжырымдар жасалды. Бұл бағыттағы зерттеулерде де валенттілік мәселесі әртүрлі қырынан зерттеу нысанына алынды. Мәселен, С.Д. Кацнельсон валенттілік ұғымын «сөздің сөйлемдегі басқа сөздермен белгілі бір комбинацияға түсу қабілеті» ретінде анықтаса, Ю.Д. Апресянның пікірінше, «лексикалық элементтер тобын дифференциалды синтаксистік белгілері, яғни лексикалық элементтердің валенттілігі арқылы сипаттау» валенттілік құбылысымен байланысты. Валенттілікті «тілдік факт» ретінде сипаттай отырып, Б.М. Лейкина бұл ұғымды сөзден басқа тілдік бірліктерге де қатысты қарастыру арқылы оның аясын кеңейтеді. Валенттілік теориясына байланысты маңызды тұжырымдар В. Адмонидің зерттеулерінде де жасалады. Ғалым валентті сөздердің «тіркесімділік мүмкіндіктеріне» қарай валенттілікті міндетті және факультативті түрлерге бөліп қарастырады.

Қазақ тіл біліміндегі валенттіліктің теориялық мәселелері, тіл деңгейлеріндегі сипаты, сөз таптары және тіркесімділік ұғымдарымен арақатынасы М. Оразов, М. Әлиева, Б. Әбдіғалиева, А. Салқынбай, Н. Құрманова, М. Жолшаева, Д. Қарағойшиева, Ғ. Хасанов т.б ғалымдардың зерттеулерінде әртүрлі қырынан зерттеу нысанына алынып, аса күрделі әрі маңызды құбылыс ретінде қарастырылады. Соның негізінде қазақ тіліндегі валенттілік құбылысының кеңінен қарастыруды қажет ететін бірқатар маңызды мәселелері де бүгінгі күні біршама айқындалды деуге толық негіз бар. Олар, біріншіден, тіл деңгейлеріне қатысты валенттілік түрлерін нақтылау, екіншіден, валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарының аражігін анықтау, үшіншіден, валенттілік құбылысының сөз таптары жүйесіндегі орнын белгілеу, төртіншіден, сөздердің арасындағы валенттілік қатынас пен грамматикалық қатынастың байланысы мен айырмашылығын анықтау т.б. Бұл мәселелердің қайсысы болмасын, тіл біліміндегі валенттілік теориясының ғылыми негіздерінің қалыптасуы мен дамуы үшін аса маңызды болып саналады. Сондай-ақ олардың тек қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы тіл ғылымында әлі де болса түрліше сараланып жүргендігі осы бағыттағы зерттеулерден айқын аңғарылады. Бұл мақалада валенттілік түрлері, валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарының арақатынасы және валенттілік құбылысының сөз таптарына қатысы тәрізді мәселелер қарастырылады.

Валенттіліктің лингвистикалық ұғым ретінде зерттелуіндегі әртүрлі көзқарастар аталған құбылысты тіл деңгейлеріне қарай топтастырып, түрлерге бөлу, сондай-ақ валенттіліктің әрбір түрінің зерттелу деңгейімен байланысты. Бұл туралы М. Оразов: «оқулықтар мен ғылыми еңбектерде валенттілік сөз болғанда, негізінен, синтаксистік валенттілік туралы ғана сөз болғанымен, логикалық және семантикалық валенттілік әлі де зерттеу обьектісі бола қойған жоқ» [1,199] деген пікір білдіріп, валенттілік түрлерінің ғылыми еңбектерде өз деңгейінде қарастырылмай жүргендігіне назар аударады. Сондай-ақ логикалық және семантикалық валенттіліктерді кеңінен зерттеудің қажеттілігін де аңғартады. Жалпы қазақ тіл білімінде, шетел және орыс тіліндегі сияқты, валенттіліктің түрлерін сан жағынан анықтауда зерттеушілер екі, үш және төрт түрге бөліп көрсететуді ұсынады. Атап айтқанда, М. Оразов [1], Ғ. Хасанов валенттіліктің үш түрін [2,216], А. Салқынбай екі түрін [3,106], Д. Қарағойшиева төрт түрін [4,15] бөліп көрсетеді. Ал валенттіліктің түрлері бірде семантикалық, синтаксистік, бірде логикалық немесе заттық-логикалық, семантикалық, синтаксистік (кейде заттық-логикалық валенттіліктің орнына морфологиялық валенттілік. Г.С.), енді бірде логикалық, семантикалық, морфологиялық және синтаксистік деген ұғымдармен сипатталады. Бұлардың ішінде бір түрді екі ұғыммен атаушылық та кездеседі. Мәселен, «логикалық» (М. Оразов, Д. Қарағойшиева) валенттілік немесе «заттық-логикалық» (Ғ. Хасанов) валенттілік т.б. Валенттілікті тіл деңгейлеріне қарай топтастыруға байланысты ғылыми пікірлерде тілдің сөзжасам саласындағы бірліктердің валенттілігіне қатысты «сөзжасамдық валенттілік» ұғымы назарға алынбайды. Ал ғылыми зерттеулерде валенттіліктің бұл түрі «морфологиялық валенттілік» ұғымымен беріледі.

Егер валенттілік құбылысы тіл деңгейлерімен тікелей байланысты, валенттілік қатынас әрбір тіл деңгейіндегі тіл бірліктеріне толық қатысты деп танысақ, валенттілік түрлерін анықтауда олардың тілдің әр деңгейіндегі бірліктерге қатысы да толық негізге алынғаны жөн. Соған орай валенттілік теориясында оның логикалық, семантикалық, морфологиялық, синтаксистік түрлерімен қатар сөзжасамдық валенттілікті де оның бір түрі ретінде бөліп көрсетуге болады. Валенттіліктің бұл түріне байланысты жекелеген зерттеулер болғанымен, валенттіліктің түрлерін анықтауда сөзжасамдық валенттілік мүлдем көрсетілмейді деуге болады. Бірақ валенттілік теориясында бірде «ішкі валенттілік», бірде «сөзжасамдық валенттілік» ұғымдарымен М.Д. Степанованың «О «внешней» и «внутреннней» валентности слова» (1967), Г.Г. Сильницкий, С.Н. Андреев, Л.А. Кузьминнің авторлық ұжымымен шыққан «О соотношении синтаксической, семантической и словообразовательной валентности английского глагола» (1978), А. Баяхметованың «Валентность суффиксов -ок и -ец в коммуникативно-прагматическом аспекте» (2006) т.б. ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылады. Сөзжасамдық валенттіліктің синтаксистік және семантикалық валенттілік түрлерімен қарым-қатынасына, сөзжасамдық бірліктердің валенттілігіне байланысты осындай зерттеулер сөзжасамдық валенттілікті валенттіліктің дербес түрі ретінде бөліп көрсетуге толық негіз бола алады. Сондықтан валенттілік түрлеріне қатысты ғылыми пікірлерді басшылыққа ала отырып, тіл жүйесінде валенттіліктің логикалық, семантикалық, морфологиялық және синтаксистік түрлерімен бірге сөзжасамдық түрін де көрсетуге болады. Сонымен қатар сөзжасамдық валенттілікті валенттіліктің дербес бір түрі ретінде қалыптастыруда, яғни «сөзжасамдық валенттілік» терминін тұрақтандыруда оның морфологиялық валенттілікпен арақатынасын анықтаудың да маңызы зор.

Тіл үнемі үздіксіз даму үстінде болады. Бұл үдеріс тілдің дамуына ғана әсер етпей, сонымен қатар тілде жаңа бағыттардың да қалыптасуына ықпал етеді. Соның негізінде жаңа ұғымдар, жаңа құбылыстар пайда болады.

Тіл ғылымындағы жаңа ғылыми бағыттағы зерттеулерде соңғы кезде мәтін лингвистикасының прагматикалық жағынан зерттеу нысанына алынуы валенттіліктің тағы бір түрі – контекстуалды валенттілікті бөліп қарастыруға негіз болды. Контекстуалды немесе прагматикалық валенттілік тілдің қатысымдық жағдаятымен тікелей байланыста анықталады. Сөз валенттілік қасиеті арқылы белгілі бір тілдік заңдылықтар бойынша сөз тіркесі, сөйлем және мәтінде бірігеді. Соның негізінде сөз және контекст, сөз және мәтін арасындағы қарым-қатынас валенттілік пен мәтіннің арасындағы өзекті мәселелерді кеңірек қарастырудың қажеттілігін көрсетеді. Сондықтан валенттілік теориясында валенттілік пен тілдік қатысым (коммуникация) арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі өлшемдерін белгілеу, валенттіліктің жаңа түрі – прагматикалық валенттіліктің дәстүрлі валенттілік түрлерімен арақатынасын анықтау, оның мәтіндегі орны мен сипаты, құрылымы т.с.с. мәселелер валенттілік теориясындағы өз алдына жеке зерттеу нысаны ретінде қарастырылуға тиісті өзекті мәселелердің қатарынан орын алады. Сондай-ақ валенттілік пен коммуникацияның арақатынасында сөз бен контекстің, сөз бен мәтіннің арасындағы қатынастан валенттілік пен мәтіннің арасындағы қарым-қатынасты анықтау мәселесі валенттілікті мәтін лингвистикасымен байланыстыра зерттеудің маңыздылығын көрсетеді.

Валенттіліктің лингвистикалық ұғым ретінде зерттелуінің ендігі бір қыры валенттілікті өзіне ұқсас құбылыстардан ажырату және олардың арақатынасын анықтаумен байланысты мәселелерден туындайды. Валенттілікке ұқсас мұндай ұғымдардың бірі – тіркесімділік ұғымы. Жалпы аталған ұғымдардың ерекшеліктеріне, қызметі мен қолданысына, сөз мағынасындағы көрінісіне байланысты тұжырымдарда бұл екі ұғымның аражігін анықтайтын бірқатар белгілері көрсетіледі, Соның негізінде қазіргі кезде тіл жүйесінде сөз валенттілігі мен сөз тіркесімділігінің аражігі біршама айқындалды деуге болады. Мұндай тұжырым жасауға екі ұғымның жалпы сипатына байланысты ғылыми пікірлер негіз бола алады. Мәселен, С.М. Панкратова «тіл бірлігінің өзінің айналасындағы басқа сөздерді семантикалық және синтаксистік тұрғыдан меңгеру («программировать».С.П.) қабілетін валенттілік, ал тіл бірліктерінің бір қатарда тізбектеле байланысу қасиетін тіркесімділік» [5,160] ретінде қарастырады. Валенттіліктің тіл бірлігінің өзінің айналасындағы басқа сөздермен семантикалық жағынан да, синтаксистік жағынан да байланысуға қабілеттілігі, ал тіркесімділіктің тіл бірліктерінің бір қатарда байланысуға қабілеттілігі ретінде түсіндірілуі олардың өзіндік ерекшеліктері негізінде танылады. Әрине, валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарының аражігін басқа қырынан анықтайтын зерттеушілер де бар. Мәселен, А.Е. Карлинский тіл бірліктерінің арасындағы байланысты сандық және сапалық тұрғыдан анықтау мақсатында ондай байланыстардың сандық жағын валенттілік, сапалық жағын тіркесімділік ұғымдарымен түсіндіреді. Соның негізінде контекстегі белгілі бір сөздің байланысатын сөздерінің семантикалық тобының сандық жағын валенттілік, лексика-семантикалық байланыстың сапалық жағын тіркесімділік ұғымдарымен сипаттайды [6,42]. Ал М. Оразов валенттілік құбылысын сөздердің лексика-грамматикалық топтарына тән белгілердің қасиеті ретінде қарастырады. Сөздердің бұл қасиеті, ғалымның пайымдауынша, «сөздің екінші бір сөзбен белгілі бір мағыналық және тұлғалық жағынан сыбайластығы болғанда ғана» [1,24] анықталады. Бұл тұжырымдарда валенттілік пен тіркесімділік ұғымдары әркелкі сипатталады. Сондықтан аталған ұғымдарға қатысты ғылыми пікірлерді үш топқа бөліп қарастыруға болады: 1) валенттілік және тіркесімділік ұғымдарының аражігін ажыратпай, екеуін бір ұғым ретінде қолдану; 2) екі ұғымды бөліп, әрқайсысын жеке қарастыру; 3) екі ұғымның біреуін ғана қолдану. Бірінші топқа В.Г. Адмони, М.Д. Степанова, Л.Н. Засорина т.б., екінші топқа С.М. Панкратова, А.Е. Карлинский, М.Я. Харитонова, Д.Э. Розенталь, М.А. Теленкова, М. Оразов, А. Салқынбай, Ғ. Хасанов т.б., үшінші топқа Л.А. Кузьмин, Г.Г. Сильницкий, С.Н. Андреев т.с.с. зерттеушілердің пікірлерін жатқызуға болады.

Валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарының қазақ тіліндегі сипатына келсек, қазақ тіл білімінде бұл ұғымдар өз алдына дербес қарастырылады. Соның негізінде тіркесімділік құбылысының валенттілікке қарағанда анағұрлым кең қолданыстық сипатымен ерекшеленетіні байқалады. Валенттілік ұғымына қарағанда тіркесімділік мәселесі өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Қ. Жұбанов, М. Балақаев, С. Нұрханов, Т. Қордабаев, Р. Әмір, Т. Сайрамбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан жақты қарастырылып, ғылыми негізде анықталды.

Валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарының арасындағы айырмашылық олардың тіл мен сөйлеуге және сөз мағынасына қатысы тұрғысынан да анықталады.

Сөз таптарының бір-бірімен валенттілік қарым-қатынасындағы белгілі бір мүмкіндіктер шегі олардың тіркесімділік қабілетімен анықталады. Бұл валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарының арақатынасындағы межені ажыратуға негіз бола алады. Жалпы әрбір толық мағыналы сөз кез келген екінші бір толық мағыналы сөзбен тіркесім құрай алады. Бірақ валенттілік – сөздердің синтаксистік қатынасқа түсу қабілетінен анағұрлым күрделі құбылыс. Валенттіліктің тіркесімділік құбылысынан ерекшелігі де осы тұрғыдан көрінеді. Сөздердің бір-бірімен өзара тіркесімділік қасиеті негізінен сөйлеу үдерісінде жүзеге асады. Ал валенттілік толық мағыналы сөздердің бәріне бірдей тән емес. Толық мағыналы сөздердің ішінде сөйлесімнің толық еместігін өздігінен білдіріп, оны толықтыруды қажет ететін сөздер ғана валенттілік сипатқа ие болады. Сондықтан валенттілік сөздің сөйлесімдегі «бос орындарды» толықтыруды қажет ететін ерекше қасиеті ретінде қарастырылады. Валенттілік қабілеті бар сөз оны «толықтыру» мүмкіндігімен ерекшеленеді.

Тіл білімінде сөздердің тіркесімділігінде валенттілік термині «белгілі бір сөз қатарларының басқа сөздерді өзіне байланыстыру қасиеті» ретінде түсіндіріледі. Жалпы сөздерге тән синтагмалық байланыс, яғни олардың арасындағы қатынас сөз семантикасына байланысты екендігі белгілі. Сөздің басқа сөздермен тіркесу мүмкіндігі және бұл мүмкіндіктің жүзеге асу жолдары сөздің белгілі бір сөз табына тән болуымен ғана емес, оның лексикалық мағынасына да қатысты. Сондықтан сөз және оның тіркесімділігін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Сөз семантикасының оның тіркесімділігіне негізделуі, сондай-ақ тіркесімділік сипатының өзгеруі оның мағынасының да өзгеруіне әсер етеді.

Валенттілік – тілдік бірліктердің синтагматикалық қасиеттері арқылы жүзеге асатын құбылыс. Тілдік бірліктердің синтагматикасы олардың тіркесімділігімен сипатталатындығын ескерсек, валенттілік пен тіркесімділіктің арақатынасында өзіндік ерекшеліктер мен тығыз байланыстың да бар екенін анықтауға болады. Жалпы тілдік зерттеулерде тіркесімділік пен валенттіліктің арақатынасына қатысты бірқатар тұжырымдар қалыптасқан. Олардың қатарында И.Я. Харитонованың пікірі ерекше назар аударуды қажет етеді. Зерттеуші валенттілік пен тіркесімділік ұғымдарын бір-бірінен ажырататын белгілері ретінде, біріншіден, сөздің лексикалық мағынасын, екіншіден, сөз тіркесінің бағыныңқы не басыңқы мүшесі ретіндегі қасиетін, үшіншіден, әр түрлі типтердегі анықтауыштық қасиеттерін атап көрсетеді [7,16]. Егер валенттілік сөздің әлеуетті синтагматикалық қасиеттерімен байланысты болса, сөздің әлеуетті синтагматикалық қасиеті сөйлеу үдерісінде олардың тіркесімділік қасиеті арқылы жүзеге асады. Сондықтан валенттілік синтагматикалық қасиетпен, ал тіркесімділік сол қасиеттердің жүзеге асырылуымен сипатталады. Тіркесімділік пен валенттілік ұғымдарының аражігін анықтауға қатысты Д. Қарағойшиева: «Валенттілікке де, тіркесімділікке де тіркесу қасиеті тән. Тіркесімділікте бұл қасиет шексіз. Ол шексіздік сөз мағынасының әр түрлі деңгейдегі орнына байланысты» [4,107] деп, тіркесімділіктің валенттіліктен тіркесу қабілетінің шексіздігімен ерекшеленетіндігін атап көрсетеді. Тіркесімділік жағдайында сөздердің комбинаторикалық қасиеті сөздің мағыналық реңктерімен байланысты шексіз сипатта болса, валенттілікте бұл қасиет, яғни комбинаторикалық қасиет сөздің семантикалық құрамындағы релятивті семалардың санымен шектеледі. Сондықтан сөздердің валенттілігі мен тіркесу қасиеттерінің шектеулі немесе шексіз сипаты сөздердің комбинаторикасындағы мағыналық реңктері және релятивті семалар санымен анықталады.

Жалпы сөз мағынасы мен оның тіркесімділігі арасындағы қарым-қатынас тіркесімділіктің тілдік болмысын кеңінен анықтауға мүмкіндік береді. Контексте басқа бір сөзбен тіркесімге түсуі сөзді семантикалық сипаты тұрғысынан айқындайды. Сөздер, лексикалық бірлік ретінде, тіркесімділік сипатына қарай жекелеген мағыналарының ұқсастығы негізінде топтастырылса, ұғымдық мағынасының ортақтығына қарай контексте негізгі мағынадан басқа сипатта да қолданылуы ықтимал.

Валенттілік пен тіркесімділік ұғымдары тілдің әр деңгейіне, атап айтқанда, семантика, лексикология және сөзжасам деңгейлеріне қатысы тұрғысынан да екі түрлі тілдік құбылыс ретінде түсіндіріледі. Мәселен, А. Салқынбай валенттіліктің сөзжасам саласындағы туынды атаулардың дамуындағы маңызына назар аудара отырып, сөзжасамдық тұлғалар арасындағы семантикалық және синтагматикалық қатынастарды валенттілік құбылысымен байланысты түсіндіреді. Соның негізінде валенттілік пен тіркесім құбылыстарының арасындағы басты ерекшеліктерді көрсетеді [3,106].

Қазақ тіл білімінде валенттілік мәселесі негізінен лексикалық семантика мен синтагматикаға қатысты кеңінен қарастырылады. Бұл бағытта М. Оразов, А. Салқынбай, Н. Құрманова, Ғ. Хасанов, Д. Қарағойшиева, М. Әлиева, М. Жолшаева т.б. зерттеушілердің еңбектерін атауға болады.

Валенттілік теориясындағы кеңінен қарастыруды қажет ететін маңызды мәселенің бірі – валенттіліктің сөз таптарындағы сипаты немесе сөз таптарының валенттілігі. Қазақ тіл білімінде жалпы валенттілік мәселесі бірқатар зерттеулерде тілдің лексикалық, сөзжасамдық, семантикалық және синтаксистік деңгейлерінде сөз таптары мен сөз тіркесі тұрғысынан зерттеу нысанына алынады. Жеке сөз таптарының валенттілігі, атап айтқанда, сын есімдердің валенттілігі М. Жолшаеваның, басыңқы сыңардағы есімдіктердің валенттілігі М. Әлиеваның, етістіктердің валенттілігі Д. Қарағойшиеваның зерттеулерінде, сөз тіркестерінің валенттілігі Н.Ж. Құрманова, А. Атакеева, Қ.Т. Нұрмұхаметова, Ә. Жетпісбаева т.б. зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылады.

Жалпы валенттілік теориясының қалыптасуында «валенттілік» ұғымы біраз уақыт сөз таптарының ішінде тек етістікпен байланысты, соның бір қасиеті ретінде қарастырылып келді. Тілдің даму барысында валенттілік ұғымының аясы кеңейіп, оның етістіктен басқа сөз таптарына да тән құбылыс екендігі анықталды. Бұл бағытта Б.А. Абрамов, О.И. Москальская, М.О. Оразов т.б. ғалымдарды атауға болады. Мәселен, О.И. Москальская зат есімдер мен сын есімдердің валенттілігін қарастыра отырып, зат есімдердің әмбебап валенттілігін олардың «етістіктің айналасындағы барлық бос орындарды иеленуге қабілеттілігімен» байланысты түсіндіреді. Ал сын есімдердің валенттілігін олардың абсолютті және қатыстық түрлеріне қарай ажыратады. Ғалымның пікірінше, «абсолютті сын есімдер бір бос орын, ал қатыстық сын есімдер екі бос орынды ашады. Қатыстық сын есімдердің екінші бос орыны әртүрлі құрылымда болады» [8]. Сондықтан валенттілік ұғымын етістіктен басқа сөз таптарына да тән құбылыс ретінде қарастыруға болады. Тілдің лексика-грамматикалық жүйесінде сөз таптары бір-бірінен валенттілік байланыс, актанттар құрамы тұрғысынан да ерекшеленеді. Бұл жағдайда, әсіресе, етістік, зат есім және сын есімдердің валенттілік байланыстағы актанттар құрамын, валенттілік құрылымдағы өзекті сөз қызметіндегі қолданысын салыстыруға болады. Сөз таптарының актанттармен валенттілік қатынасындағы валенттілік дәрежесі олардың валенттілік қатынастағы орнын белгілейді. Соның негізінде етістіктер бірінші, зат есім мен сын есімдер екінші дәрежелі валенттілік қатынасымен ерекшеленеді. Бұл валенттілік қатынаста есім сөз таптарына қарағанда етістіктердің белсенді қолданысымен байланысты. Соған қарамастан зат есімдер мен сын есімдер де басқа сөз таптарымен белгілі бір дәрежеде валенттілік байланыста болады. Сондықтан сөз таптарының валенттілік байланысы, актанттар құрамы т.б. мәселелер кеңінен зерттеуді қажет етеді.

Сонымен валенттілік түрлері, қызметі, қолданысы, сөз таптарының валенттілік қатынастағы орны т.с.с. мәселелердің өз деңгейінде зерттелуі валенттіліктің тіл жүйесінде лингвистикалық ұғым ретінде қалыптасуына негіз болады.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:


  1. Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы.-Алматы:Рауан,1991.-213 б.

2. Хасанов Ғ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы. Докт. дис. қолжазбасы.-Алматы,2009.-340 б.

3. Салқынбай А.Б. Қазақ тілі сөзжасамы.-Алматы,2003.-192 б.

4. Қарағойшиева Д.А. Етістіктердің семантикалық және синтаксистік валенттілігі. Филолог. ғылымд. канд. дәрежесін алу үшін жазылған дисс.-Алматы,2005.-173 б.

5. Панкратова С.М. Валентность единиц лексико-фразеологического уровня: (на материале немецкого языка).-Ленинград,1987.-160 с.

6. Карлинский А.Е. Принципы, методы и приемы лингвистических исследовании.-Алматы,2003.-184 с.

7. Харитонова И.Я. Теоретическая грамматика немецкого языка. Синтаксис.-Киев,1976.-150 с.

8. Москальская О.И. Проблемы системы описания синтаксиса.-Москва,1981.-175 с.

Резюме


Исследование валентности как лингвистическое понятие

В статье рассматриваются некоторые вопросы становлении и развитии валентности в языкознании как лингвистическое понятие.


The resume

Research of valency as linguistic concept

In clause some questions becoming and development of valency in linguistics as linguistic concept are considered.

Автор туралы жалпы мәлімет:




  1. Сыздықова Гүлбаршын Олжабайқызы

  2. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

  3. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасы. Астана қаласы

  4. Ұялы телефоны:87014738862,электрондық почта:go.syzdykova


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет