Vі. Қазақ хандығының құрылуы және дамуы


Қазақстанның 30-90-шы жылдар аралығындағы саяси-құқықтық дамуы



бет42/46
Дата20.09.2022
өлшемі154.27 Kb.
#461046
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   46
МЕМЛЕКЕТ ҚҰҚЫҚ ТАРИХЫ

Қазақстанның 30-90-шы жылдар аралығындағы саяси-құқықтық дамуы. 1930 жылдардың ортасында КСРО-да аса күрделi өзгерiстер болып, уақыт пен заман лебi елеулi жаңалықтарға итермеледi. Өйткенi, капитализмнен социализмге өтетiн өтпелi кезең аяқталумен бiрге социалистiк қоғамдық қатынастар жеңiске қол жеткiзiлдi деп есептелiндi. Сондай-ақ, адамды адам қанау артта қалып, оның саяси-экономикалық негiздерi жойылды деп саналды. Осынау түбегейлi өзгерiстер КСРО конституциясын өзгертiп, 1936 жылы 5 желтоқсанда оның жаңа конституциясы қабылданды. Мұндағы елеулi оқиғалардың қатарына Қазақстанға Одақтас Республика мәртебесi берiлгендiгi болды. Сөйтiп, Қазақ Автономиясы Республикасы Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасына айналды. Бұл Қазақстанның болашақ тәуелсiздiкке баратын алғашқы нұрлы жолы едi. Осынау үлкен мәнi бар құқықтық актi, қазақстандықтар үшiн үлкен жеңiс болды. Сөйтiп, 1937 жылы 26 наурызда бүкiл қазақстандық кеңестердiң төтенше Х съезi Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасының Конституциясын бекiтiп, Қазақстан жаңа Конституция қабылдады. Ол 11 бөлiм, 11 тарау, 125 баптан тұрды. Конституцияда қоғамдық құрылыс анықталып, ҚазКСР жұмысшылар мен шаруалардың Социалистiк мемлекетi деп мәлiмделдi. Сондай-ақ, социалистiк меншiк не мемлекет меншiгi болумен бiрге колхоздық — кооперативтiк меншiк түрi көрсетiлiп, азаматтардың өзiндiк меншiгi де мойындалды. Конституцияда еңбек ету әр азаматтың мiндетi екендiгi айқындалып, “Еңбек етпеген iшiп жемейдi” принципi көрсетiлдi. Қазақстан сол жылдары Конституция бойынша 8 облыстан тұрды. КСРО заңдары Қазақстан территориясында мiндеттi түрде қолданылып, оның азаматы КСРО азаматы болып есептелдi. Мемлекеттiк басқарудың салаларына халық комиссарлары басшылық еттi. Конституция бойынша сайлау жүйесiне үлкен өзгерiстер енгiзiлiп, ол мемлекеттiң Ел таңбасын, Туын және астанасын белгiледi. Жалпы, 1937 жылғы Конституция 40 жылға жуық қызмет етiп, өзiнiң өзiне дейiнгi қабылданған Конституцияларға қарағанда белгiлi бiр кезеңдерде өмiршеңдiгiн көрсеттi. Соған қарамай адам құқықтарына қатысты нормалар бұзылып, миллиондаған ел азаматтары қуғын-сүргiннiң құрбаны болды.
1941 жылы 22 маусымда Германияның КСРО-ға шабуылы, яғни Ұлы Отан соғысы басталды. Фашист стратегтерiнiң ойы бойынша, “Барбаросс” жоспарына сай Қазақстан территориясы «Үлкен Түркiстанға” кiруi керек едi. Бiрақ, сол кездегi Кеңес халқы ол жоспарды орындауға мүмкiндiк бермедi. Соғыстың алғашқы күннен-ақ әскери бөлiмшелер мен бөлiмдер құрылды. Барлығы 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ден астам полктар мен батальондар құрылды. Соғыс жылдары Қызыл әскер қатарына 1196164 қазақстандықтар шақырылды. Сол уақытта Қазақстан территориясына 1,5 миллион адам iргелес Ресей территориясынан қоныс тептi. Алғашқы соғыс жылдары кеңес халқына өте ауыр кезең болды. 1941 жылдың аяғында КСРО өзiнiң жарты территориясынан айырылып, Украина, Белоруссия республикаларымен бiрге Ресейдiң еуропалық бөлiгi Мәскеу қаласына дейiнгi аралықта жау қолына көштi. Осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның соғыстағы алған орны ерекше едi. Республикадағы экономикалық және әлеуметтiк тұрмыстың қиын-қыстау кезеңдерiне қарамай, сол 1941-1945 жылдар аралығындағы саяси және қоғамдық жағдайлар мемлекет пен құқыққа барынша ықпал еттi. Мемлекеттiк құрылыс және оның әр саладағы қызметтерi, сондай-ақ құқықтық қатынастар соғыс талабына сай қайта қаралып, бәрi де жеңiс үшiн қызмет ететiн дәрежеге жеткiзiлдi.
1941 жылдың 30 шiлдесiнде КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының БК(б)П Орталық Комитетiнiң және Халық Комиссарлар Кеңесiнiң шешiмiмен төтенше орган- Мемлекеттiк Қорғаныс комитетi құрылды. Сөйтiп, мемлекеттiң барлық билiгi түгелдей Мемлекеттiк Қорғаныс Комитетiнiң қолына берiлдi. Оның дайындаған актiлерi мен басқа да заңдылық құқы бар нормативтерiн КСРО-дағы барлық органдар нақты да дәл орындауға мәжбүр болды. КСРО құрамына кiретiн республикалардың барлығында Мемлекеттiк Қорғаныс Комитетiнiң тұрақты өкiлi қызмет етiп, оның жұмысын реттеп, жөнге қойып отырды.
Қатерлi соғыс жағдайында бiр орталыққа шоғырланған дерективалық басқару алдыңғы қатарға шығып, өкiлеттi органдардың қызметтерi барынша шегерiлдi. Сөйтiп, жаңа мемлекеттiк органдар құрылды. 1941 жылы ұлттық құрамалар жөнiнде республикалық комиссия және халық комиссарлар кеңесi жанында еңбекке жарамды адамдарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына мобилизациялау туралы бөлiм және КСРО-ның соғыс жүрiп жатқан территорияларынан эвакуацияланғандарды Қазақстан жерiне орналастыру бөлiмдерi секiлдi органдар құрылып, олар жан-жақты жұмыс iстей бастады. Тағы бiр ерекше қолға алған жағдай, әскери қызметкерлердiң отбасылары мен оларды керек жарақтармен әрi қызметпен қамтамасыз ету басқармасы жұмыс iстедi. 1944 жылы сондай қатерлi де қасiреттi мезгiлдiң зауалына қарамай, Қазақстанда Көкшетау және Талдықорған облыстары құрылды. Ал, азаматтық құқық саласындағы жұмыстар болса, социалистiк меншiктi нығайтуға және ұрлық-қарлық секiлдi келеңсiз жайларға тыйым салатын органдар күшейтiлдi. Еңбек заңдары мен нормативтiк актiлерiне өзгертулер мен толықтырулар ендiрiлiп, Үкiмет органдары 16 мен 55 жасқа дейiнгi азаматтарды мiндеттi еңбекке тартуға, сондай-ақ колхоздарда 12 жастан жоғары жасөспiрiмдердi еңбекке тартуға құқық берiлдi. Әскери оқудан және себепсiз еңбек күн толтырмаған адамдар қылмыстық жауап пен жазаға тартылды. Сөйтiп, әскери-сот органдарының рөлi артты. 1942 жылы әскери трибунал туралы ереже бекiтiлдi. Ал КСРО құрамына енетiн республикалармен бiрге Қазақстанда соғыс жағдайы ендiрiлмегендiктен әскери трибунал туралы ереже әскерилендiрiлген мекемелерде ғана қолданды.
Сондықтан да көп жағдайда Қазақ КСР-ндағы мемлекеттiк билiк органдары мен мемлекеттiк басқару жүйелерiне айтарлықтай принциптiк өзгерiстер енгiзiлген жоқ. Соған қарамай республиканың еңбекшi депутаттар кеңесiнiң құзырына жүйелi және үздiксiз қызмет мiндетiн жүктедi. Соғыс кезеңiнде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi сессияға бiр-ақ рет жиналды. Ол 1944 жылғы 9-13 сәуiр аралығында өткен 7-сессия болды. Онда 1944 жылғы Қазақ КСР-нiң мемлекеттiк бюджетi бекiтiлдi. Соғыс барысы кезiнде Қазақстанның партия және кеңес органдары баспасөз, радио және басқа да құралдар арқылы қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы кезiндегi ерлiктерiн жан-жақты паш етiп отырды.
Жалпы, 1941-1945 жылдардағы мемлекет пен құқық жүйесiне енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар өз кезiнде Қазақстанның мемлекеттiк және құқықтық жүйесiн жаңа сапаға көтерiп, елде тәртiп орнатуға едәуiр ықпал еттi.
Соғыстан кейiнгi жылдары “барлығы майдан үшiн, барлығы жеңiс үшiн” деген принциптегi мемлекеттiк және құқықтық жүйенiң салалары қайта бейбiт өмiрге бейiмделiп, жаңа тұрпатта дами бастады. Еңбек құқығы негiзiнен одақтық заңдармен реттелiп, соғыс кезiнде алынып тасталған еңбек демалыстары қайта қалпына келтiрiлiп, ел бейбiт тiршiлiкке бейiмделдi. Еңбек дауларын қараудың жаңа ережелерi қабылданып, 1972 жылы 21-шiлдеде Қазақ КСР-нiң Еңбек туралы заңдар кодексi қабылданды. Сөйтiп, Қазақстандағы еңбек тәртiбi заңды түрде қайта реттеле бастады. Еңбекшiлердiң құқықтарын қорғауға, материалдық және моральдық ынталандыруды арттыруға негiз болған Еңбек заңдары көпшiлiк мүддесiн қорғады.
1959 жылы қылмыстық және қылмыстық-процессуалды кодекстер қабылданды. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш рет болған жағдай едi. Оған дейiн республикада РКФСР-дiң Қылмыстық кодексi басшылыққа алынатын. Сондай-ақ, 1963 жылы республиканың “Азаматтық және азаматтық-процессуалдық кодекстерi” қабылданып, өмiрге ендi. Олар социалистiк заңдылықты, сондай-ақ социалистiк қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған болатын. 1971 жылы “ҚазКСР-нiң Еңбекпен түзеу кодексi” қабылданып, iстi болған адамдардың күрделi деген мәселелерi өзiнше шешiмiн тапты.
1950-1990 жылдар аралығында сот құрылысы, сот iсi, адвокатура және нотариатқа қатысты заңдар жан-жақты жетiлдiрiлiп, тiптi кейбiреулерi қайта қабылданды. Мысалы, 1981 жылы “ҚазКСР-ның сот құрылысы туралы” заңы өмiрге енiп, сот саласындағы iс-әрекеттер жүйелi түрде реттелдi. ҚазКСР-ның сот жүйесiн республиканың Жоғарғы соты, облыстық, Алматы қалалық, аудандық (қалалық) соттар құрды. Заң бойынша аудандық (қалалық) соттарды бес жылға аудан азаматтары, аудандық (қалалық) соттардың халық заседательдерiн азаматтардың жұмыс орнынан және тұрған жерiнен екi жарым жылға сайлады.
ҚазКСР Жоғарғы соты Жоғарғы сот органы ретiнде республика соттарының қызметтерiне заңға сәйкес бақылау жасайтын. Аудандық (қалалық) соттарды сайлау жөнiндегi ереже 1966 жылы бекiтiлдi. 1966 жылы “ҚазКСР адвокатурасы туралы ереже” бекiтiлiп, 1974 жылы республикадағы “Мемлекеттiк нотариат туралы” заң қабылданды. 1980 жылы 17 шiлдеде “ҚазКСР-iнде тәртiптi қорғаудың қоғамдық пункттерi туралы” ереже бекiтiлдi. Тағы да бiр айта кететiн нәрсе 1983 жылы Жоғарғы кеңес Тұрғын үй кодексiн қабылдады. Осы кезеңдегi мемлекет және құқық жүйесiндегi оң өзгерiстердiң арасында құқықтық қатынастар, құқық қорғау орындары, сондай-ақ iшкi iстер, прокуратура, сот органдарының жұмыстары жан-жақты жетiлдiрiлдi. Қоғамда салыстырмалы түрде бағалағанда бұрынғыға қарағанда тыныштық пен түсiнiстiк кеңiнен орын алды. Бiрақ, КСРО құрамына кiрген республикалардың қай-қайсысында болмасын ұлттық, тiлдiк қысым су асты ағыстары секiлдi құйтырқы тәсiлдермен жүргiзiлдi. Қазақстанда қазақ мектептерi бiрте-бiрте жабылып, қазақ тiлi бейбiт жолмен шеттетiлiп жатты. Мұндай келеңсiз құбылыстар құқықтық жағынан мемлекет тарапынан қорғалмады. Сөйтiп, ел арасындағы қарама-қайшылық көзге көрiнбейтiн, астыртын iс-әрекеттер арқылы қазақстандық азаматтардың азаматтық құқын аяққа басты. Әрине, мұның бәрi астыртын, социалистiк заңдылықтардың астарында жүргiзiлдi.
1977 жылы 7 қазанда КСРО-ның жаңа конституциясы қабылданып, оның артын iле-шала сол конституцияға орай 1978 жылы 23 сәуiрде ҚазКСР-iнiң жаңа конституциясы жарияланды. Жаңа конституцияны қабылдаудың бiрнеше алғы шарттары болды. 1930 жылдан кейiнгi 40 жылдан астам уақытта Қазақстан территориясында және КСРО-да елеулi өзгерiстер болған едi. Сол жылдар аралығында елде кемелденген социалистiк қоғам құрылды деген теориялық тұжырым жасалынған едi. Сондықтан да жаңа Конституция жарқын болашағымыз дүние жүзiндегi ең нұрлы коммунизмге бастаушы бiрден-бiр жол болады деп қабылданды. Мұның бәрi теория мен практика арасындағы қайшылықты тудырып, бүгiнде ол үлкен қателiкке бастаған жол екендiгiн көрсетiп отыр.
Қазақ КСР-ның 1978 жылғы Конституциясы 10 бөлiм, 19 тарау, 173 баптан тұрды. Жаңа Конституцияда ҚазКСР-нiң егемендiгiнiң де мөлшерi көрiнiп, бұрынғы еңбекшiлер депутаттары халық депутаттары деп аталды. Мемлекеттiк өкiметтiң жоғарғы органы Республика Жоғарғы Кеңесi болып табылды. Олар 510 депутаттан тұратын. Оның сессиясы жылына екi рет шақырылып, заң шығару тәртiбi Конституцияда анықталды. Мемлекеттiк өкiметтiң жоғарғы атқарушы және өкiлеттi органы немесе өкiмет — ҚазКСР Министрлер кеңесi деп аталды. Оның құрамын республика Жоғарғы Кеңесi жасақтап, құрамына өкiмет төрағасы, орынбасарлары, министрлер мен мемлекеттiк комитет төрағалары кiрдi. Мемлекеттiк билiктiң жергiлiктi органдары облыстық, аудандық, қалалық, поселкелiк, ауылдық халық депутаттарының кеңестерi болып саналды. Жергiлiктi кеңестер болса сессияда атқару комитеттерiн сайлап, олар сол кеңестер атынан жергiлiктi мемлекеттiк билiктi жүзеге асырды.
Жалпы, Қазақстанның 1978 жылғы Конституциясы белгiлi дәрежеде елiмiздiң әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайына ықпал етiп қана қоймай, оның саяси -экономикалық, мемлекеттiк және құқықтық дамуына игi әсерiн тигiздi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет