Список литературы:
1. Вебер М.Избранные произведения. – М., - 1990.
2. Гумилев Л.Н. Ритмы Евразии. Эпохи и цивилизации. /Предисловие С.Б. Лаврова. – М.: Экопрос, 1993.
3. Казахстан – 2030: Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев: Послание президента страны народу Казахстана.
Алтынбасов Б. Ө., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы
кафедрасы ның доценті, заң ғылымдарының кандидаты,
«Академик С. Зиманов атындағы Білім заңнамасының орталығы» ҒЗО директоры
САПАЛЫ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ АРҚЫЛЫ ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА
В данной статье проводится анализ действующего законодательства в сфере образования. Автор определяет основные направления дальнейшего развития образовательного законодательства, рассматривает цели и задачи реформы в сфере образования и науки.
Ключевые слова: государственная политика в сфере образования, образование, наука, реформа, трудовое общество.
In this report performed analysis of active legislation in the sphere education. Author formulated theoretical deductions and revealed direction about problems of education. Definited principal targets and missions of this reforms in this sphere.
Key words: public policy in the field of education, education, science, reform, labour society.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы Қазақстанның тиімді және әлеуметтік мемлекет жолында даму үстінде екендігінің белгісі. Заң ғылымында тиімді мемлекет ретінде мемлекеттік реттеу мен қоғамның өзін өзі реттеуінде үйлесімдік бар мемлекет танылады. Көп уақытқа дейін батыстың әдебиетінде тиімді мемлекет ретінде халықты жарылқаушы және әл-ауқатты мемлекет танылған. Бүгінгі таңда ғалымдар арасында бұл тұжырымдаманың орнына жаңа, яғни еңбекші мемлекеті, еңбекке қолайлы жағдай жасау мемлекеті туралы идея қалыптасты. Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам идеясы әлемдік қоғамтану ғылымының негізгі даму бағыттарымен ұштасатындығы байқалады.
Мемлекет пайда болғалы бері қандай формациялар мен өркениеттерді басынан кешірсе де, қоғам мен адамның әлеуметтік жағдайын толық қамтамасыз етіп, тіршілік етпей, жатып ішерге жағдай жасаған емес. Кеңестік кезеңнің дұрыс жақтары бар еді деген кезде, бізге ең алдымен барша жұрттың еңбекке тартылуы есімізге түседі, себебі жұмыссыз жүру кеңестік адамның санасына жат нәрсе болды. Сол саясаттың нәтижесінде кеңестік кезде қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы даму үстінде болғанын барлығымыз білеміз.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында өзінің Халыққа Жолдауының ойдағыдай жүзеге асырылмай жатқандығын айтады. Әлеуметтік мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтындығы, жаhанданудың тұрақсыз жағдайында біздің қоғам қандай болуы қажет және осы жағдайдан сүрінбей шығу үшін қандай бағытты ұстану қажеттігі туралы ойлары баршаның көңілінен шығады.
Халқының басына күн туып, тағдырдың тәлкегіне түсіп, мемлекеттің келешегі қыл үстінде тұрған кезде жоқтан бар жасап, артта қалып кеткен мемлекетті әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына шығарған көшбасшыларды тарих ұмытпайды. Соның ішінде Азияның Ли Куан Ю (Сингапур), Махатхир Мохамад (Малайзия) секілді данышпан көшбасшылардың басынан кешіргені таң қаларлық жағдай. Ұлыбританияның әскери базаларына әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тәуелді болған Сингапур, Қытай мен Үнді саудагерлері мен қолөнершілерінің қолына қарап отырған Малайзия данышпан көшбасшыларының саясатымен 30-40 жылдың ішінде әлем мойындайтын жағдайға жетті.
Сингапур мен Малайзия өз кезегінде өндіріс пен өнеркәсібі, білімі мен мәдениеті төмен қараңғы халық болған. Алайда, мемлекет басшыларының әлемдік саясатты дұрыс түсінуі және халықтың қолдауы нәтижесінде адам баласы сенбейтін жағдай болды. Ол елдер техника мен технология, ғылым мен білім, экономика мен әлеуметтік салада үлкен алға жылжулар жасады.
Қазақстан Республикасы аталған елдерге қарағанда халқы анағұрлым сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, тарихы терең, жері мен табиғаты бай мемлекет. Сондықтан, Елбасының мақаласында көрсетілгендей, барша жұрт еңбекке тартылып, жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүруді өзіне жат нәрсе деп тауып, халқым үшін деп қызмет етсе, қазақ елінің Сингапур мен Малайзияның тәжірибесін әлемге қайта танытуға толық мүмкіндігі бар.
Қытайдың ұлы философы «Тәртібі жоқ елде сөзіңе сақ болып, ісіңе мықты бол, ал тәртібі бар елде сөзіңде де ісіңде де батыл бол» деген екен. Біздің елде тәртіп орнатылып, жариялық қағидасы басшылыққа алынуда. Бүгінгі күні әрбір азамат қоғамның өміріне белсенді араласатын, шынайы азаматтық қоғамның қалыптасатын уақыты.
Елбасы өз мақаласында экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мейлінше үйлесімдікте болуы қажет дейді. Экономика мемлекеттің басқаруымен ұйымдастырылып, халықтың қолымен жасалатынын ұмытпаған жөн. Азаматтардың белсенділігі экономиканың қарқынды дамуының кепілі. Қазіргі кезде, аталмыш мақалада көрсетілгендей, қоғамдық санада «аз жұмыс істеген, көп ақша табады» немесе «ауадан ақша жасау» деген түсініктер қалыптасып кеткен. Бұл өтпелі кезеңде мемлекеттік биліктегілердің жекешелендіру, несие беру, ипотека арқылы халықтың игілігін тонаудан көрініс тапқан жағдай. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар мемлекеттік сатып алу, тендерлер арқылы құжаттарға қол қоюдың негізінде жұмыс істемей үлкен қаражаттың егесі болып жатыр. Тендер мен мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың олқылықтары жоғарыда аталған Еңбекші Қоғамға жат түсініктердің куәсі болуға мәжбүр етіп отыр.
Бұл мақалада әрбір азамат өзіне өзі талап қоюы, жаңғыртуды ең алдымен өзінен бастау қажеттігі туралы орынды айтылған. Тарихқа көз жүгіртіп көрсек, мұндай қанатты сөздерді АҚШ Президенті Дж. Кеннеди айтқан екен. Ол өз халқына «елім маған не берді деме, мен елім үшін не істей аламын деп сұра» деген екен. Яғни бүгінгі заман әрбір қазақстандықтан өз елі үшін қызмет етуді талап етіп отыр. Бүгінгі қоғамда билікке қатысты сын айтып, мемлекеттің саясатын жоққа шығарушылар аз емес, алайда мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге, заңнамадағы олқылықтарды жоюға, басқарудың тиімді жолдарын ұсынуға келгенде бастама жасайтындар табылмай қалады.
Әлеуметтік жаңғырту жүзеге асырылу үшін даулы жағдайларды шешетін әділ заңдар мен нақты құқықтық нормалар қажет деген идея теңдесі жоқ деп айтуға болады. Біздің елде құқық шығармашылық процесі бұрын соңды болмаған қарқында даму үстінде. Ол еліміздің интеграциялық процеске түсіп, түрлі халықаралық ұйымдарға кіруі, әлемдік кеңістікке шығуымен байланысты қалыпты жағдай. Қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мәселесі оңай шаруа емес. Әлеуметтік сала білім, ғылым, денсаулық, мәдениет және өзге де көптеген салаларды қамтиды. Ол салалардың әрбірін реттейтін көптеген нормативтік құқықтық актілерден тұратын заңнамалар әрекет етеді. Заңнаманы заман талабына сай жетілдіріп отыру үшін, оның реттеу аясына талдау және салыстыру арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, ең алдымен заңгер-ғалымдардың ісі. Ал енді заңгер-ғалымдарды мемлекеттің құқық шығармашылық қызметіне тарту процедурасы ескі әдіспен жүргізілуде. Заңгерлерді біліктілігі мен іскерлігіне қарай бағалап, қызығушылығын ояту деген мәселелер қолға алынатын емес.
Біздің құқық шығармашылық қызметінде әділеттік пен жариялық қағидасы сақталмай келеді. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінде 50-ге жуық ғылым докторлары мен кандидаттары бар. Сондай-ақ, факультетте жүзден астам магистранттар оннан астам PhD докторанттар оқиды. Осындай интеллектуалдық күштің ешбір органдармен қолданылмауы өте өкінішті жағдай.
Министрліктер мен ведомстволар, заң шығарушы орган белгілі бір заң шығару қажет болған жағдайда ол мәселені оқшаулап, жария етпей жүргізеді. Заң жобасы белгілі бір мүдделі топпен немесе органмен жасалғандықтан, ол о бастан біржақты сипатта болып шығады. Мысалы, 2007 жылғы ҚР «Білім туралы» заңы о бастан жеке меншік оқу орындарының мүддесін ескеріп жасалғандығы анық байқалады. Депутаттар қаншалықты өзгеріс енгізгенімен, ол заңның табиғаты мемлекеттік саясаттың жеке меншік оқу орындарына ықпалы болмайтындай етіп жасалған. Бұл өз кезегінде Білім және ғылым министрлігінің қызметіне үлкен кедергі туғызып, жеке меншік оқу орындарының мемлекеттің саясатын ескермей, білім беруді саудаға салуға жол беріп отыр. Біздің елде білім мен ғылым сатылмауы қажет. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, білім беру арқылы мемлекетке қаржы түсіру тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер білім қызметі экспортталатын жағдайда ғана, яғни сол жағдайда ғана ақылы білім беруді дамытуға болады. Ал өз елінің азаматтарына жаппай ақылы білім беру мемлекеттік қауіпсіздікке қолсұғушылықпен тең.
Білім саласына келгенде Елбасы ұлттық біріңғай тестілеу мәселесіне арнайы тоқталып кетті. Тестілеу арқылы орта мектептің түлектерінің білімін бағалау дұрыс еместігі туралы қоғамда күнде айтылатын жағдай. Алайда, білімге деген қоғамдық сана әлі де жетіле қоймаған біздің қоғамда, кеңестік кездегідей оқуға қабылдау мәселесін жоғары оқу орындарына тапсыру қауіпті болып отыр. Оны біз магистратура мен докторантураға түсу кезіндегі заңсыздықтардан байқап отырмыз. Ұлттық біріңғай тестілеу арқылы халықтың орта және төменгі табы өз білімімен оқуға түсуге мүмкіндік алып отыр. Қазіргі кезде ауылдық жерден келген түлектер еліміздің алдыңғы қатарлық оқу орындарында оқып жатыр, соның ішінде, бұрын соңды кездеспеген, заңтану, экономика мамандықтарына өз күшімен оқуға түсу жағдайлары көрініс тауып отыр. Әсіресе үстіміздегі жылы министр Б. Жұмағұловтың басшылығымен ҰБТ мейлінше әділ өтті деген әңгіме халық аузында жиі кездеседі. ҰБТ мейлінше таза өткізілгендіктің негізінде, тестілеу нәтижесінде алынған баллдардың орташа саны жылдағыдай емес, анағұрлым төмен болды. Сондықтан, ҰБТ әлі де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ деп қорытындылауға болады және ол халықтың орта және төменгі табына жоғары білім алуыға мүмкіндік жасап отырған жалғыз құрал. Әлеуметтік мемлекеттің басты мақсаты орта және төмен тапты көтеруге бағытталады.
Бүгінгі таңдағы еліміздегі білім саласындағы заңнамаға сәйкес, жоғары оқу орындары ғылыми кадрлар дайындауда үлкен тығырықта отыр. Ол біріншіде, заңнаманың олқылығынан, ал екінші жағынан, қоғамының ғылымға қатысты санасының жетілмеуінен болып отырған жағдай. Ғылыми кадрларды дайындауда бірқатар шешімін таппай отырған мәселелер бар. Ол жоғары оқу орнынан кейінгі оқуға түсуден бастап, диссертация қорғап шыққанға дейінгі уақыт аралығындағы ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелер. Болашақ ғылыми кадрларды іріктеп алу процедурасы әмбебап сипатқа ие. Мысалы, кез келген магистратура және докторантура PhD білім бағдарламасы бойынша оқуға түсуші азамат міндетті түрде шет тілінен тест арқылы емтихан тапсырады. Ол емтихан Ұлттық тестілеу орталығымен жүргізілгендіктен жоғары оқу орындары емтиханның нәтижесіне әсер ете алмайды. Ал емтиханда тиісті балл ала алмаған үміткерлер кәсібі бойынша пәндерден емтихан тапсыруға жіберілмейді. Яғни, шет тілінен тиісті балл ала алмаған үміткердің ғылыммен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Осының салдарынан жекелеген мамандықтар бойынша, әсіресе жаратылыстану және техникалық ғылымдар бойынша мемлекет бөлген гранттар игерілмей қалып отыр. Мұнда біз Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша жаратылыстану және техникалық ғылымдардың дамуына үлкен мән беріліп отырғанын ұмытпағанымыз жөн.
Біздің елде шет тіліне деген сұраныс соңғы жылдары ғана пайда болды. Сондай-ақ, орта мектептерде осы уақытқа дейін шет тілі тиісті деңгейде оқытылған жоқ болатын. Орта мектепте шет тілін заман талабына сай оқыту мәселесі енді ғана қолға алынып жатыр. Ал бүгінгі таңда жоғары оқу орынын бітірген, әсіресе кеңестік кезеңде білім алған жасы қырықтың үстіндегі оқытушылар шет тілінен мүлдем алыс. Осы топтағы азаматтар, олардың ішінде өз кәсібі бойынша мықты мамандар да аз емес, ғылым жолына түсуге мүмкіндік ала алмай отыр. Яғни, бүгінгі таңдағы білім заңнамасындағы олқылықтардың нәтижесінде магистратура мен докторантураға маман ретінде пісіп жетілген аға оқытушылар емес, ал ғылымнан хабары жоқ, нақты бір тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізіп көрмеген, жаңадан университет бітірген бакалавр немесе магистрлер оқуға түсуде. Бұл жағдай мемлекеттің білім саласындағы саясатының жүзеге асырылуына үлкен кедергі болып отырған, білім жүйесінің қате жолмен кетіп бара жатқандығының көрінісі.
Әрине, шет тілін игеру қажет, ол арқылы әлемдік ғылымға жол ашылады. Бірақ, тіл мәселесі табан астында шешіліп кететін мәселе еместігін бәріміз білеміз. Ол үшін уақыт қажет, ең болмаса бес жыл. Мұнда Елбасының мақаласында көзделген әлеуметтік жаңғырту эволюциялық жолмен жүзеге асырылуы қажет деген қағида сақталмай отырғандығын байқаймыз
Елбасы өз мақаласында мемлекеттік бағдарламалар мен олардың жүзеге асырылу жоспарларында мемлекеттік саясат пен ғылымның арасында тығыз байланыс болуын талап етіп отыр. Өндіріс пен экономика қарқынды даму үшін ол салада ғылымның жетістіктерін үнемі қолданып отыру қажеттігін ұсынады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инновация экономиканың қозғаушы күшіне айналуы, ал инновация өз кезегінде ғылым мен білімнің негізінде келетіндігін негізге алған жөн. Осы тұрғыдан қарағанда біздің білім жүйесімен экономиканың арасында байланыс байқалмай отыр. Ғылыми-зерттеу жұмыстары мемлекеттің саясатын ескермей, өз бетінше дамуда. Мұндай жағдайдың орын алуына келесідей факторлар әсер етіп отыр:
- біріншіден, ғылыми кадрларды дайындау механизмінде ұйымдастырушылық-құқықтық тұрғыдағы мәселелер бар. Яғни, ол жоғарыдай айтып кеткендей, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алудағы оқуға түсу, диссертациялық жұмыстың тақырыбын таңдау жұмысты жазу және қорғаумен байланысты мәселелер;
- екіншіден, білім және ғылым саласындағы қолданыстағы заңнаманың олқылықтарының салдарынан ғылыми кадрларды дайындауда жүйесіздіктің орын алуы. Осының салдарынан миллиондаған ақша босқа кетіп жатқандығына куә болып отырмыз. Мысалы, бүгінгі таңда магистратура және докторантура PhD бағдарламасы бойынша оқуға түскен азаматтар міндетті түрде шетелге шығуға немесе оларға шетелдік ғылыми кеңесші тағайындалуы қажет. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, докторантура PhD бағдарламасы бойынша келетін шетелдік профессорларға төленетін сыйақы өте жоғары. Шетелдік профессорлар екі апталық мерзімге келіп, отандық профессордың бір жылдық жалақысын алып кетеді. Бұл бір ақылға сыймайтын жағдай болып отыр. Әрине, техникалық және жаратылыстану ғылымдарының біздің елде бұрын зерттелмеген салаларында шетелдік әріптестікті дамыту қажет шығар. Бірақ, жаппай барлық мамандықтарда шетелдік ғылыми кеңесші тағайындаудың қандай қажеттігі бар деген сауал туындайды. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заңтану мамандығына келетін болсақ, докторантура PhD бағдарламасы бойынша бесінші жыл оқуын бітіріп, түлектер диплом алып шығып жатыр. Осы бес жылға талдау жасап көретін болсақ, біздің докторанттарға Ұлыбританияның, Польшаның, Ресейдің және өзге де елдердің шетелдік профессорлары ғылыми кеңес беріпті. Алайда, сол бітіріп шыққандардың ішінде ғылыми жаңалық ашып, өзінің таңдаған тақырыбында зерттеулер жүргізіп, ғылыми жолға түскен біреуі жоқ. Барлығы дипломын алысымен жақсы жалақы төленетін жұмыстарға ауысып, әкімшілік қызметпен айналысып кетті. Бүгінгі таңда, сол докторанттардың барлығы заң факультетінде оқытушылық және ғылыми жұмыспен айналыспайды. Сабақ берсе де, штаттан тыс қызметте есептеледі. Мұнда, мынадай сұрақ туындайды. Мемлекет жыл сайын бір докторантқа 10 мың доллардан төлеп кім үшін және неге оқытты? Мемлекеттің бағдарламаларда көрініс тапқан ұлы идеялар неге жүзеге асырылмайды? Министрлік қайда қарап отыр? Мұндай сұрақтардың тізімі өте ұзақ.
Ең өкініштісі бұл жағдай әлі де жалғасуда. Әлі де, біздің PhD докторантура және магистратура бағдарламасына оқытушылық қызметпен айналыспайтын немесе қосымша жұмыс айналысатын мемлекеттік органдарда қызмет ететін азаматтар оқуға түсуде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің 2011 жылғы халыққа жолдауында мемлекеттік шенеуніктер ғылыммен айналысатын болса, ғылымға кетсін, ғылымның дамуына кедергі жасамау қажет деп елімізде екі жүз диссертациялық кеңесті жапқызған болатын. Нәтижесінде, батыстың білім жүйесіне көшіп, халықаралық білім кеңістігіне толығымен ендік. Алайда, академик Ж. Әбділдин айтқандай, ғылымға деген қоғамдық сана өзгеретін емес. Ғылым әлі де өгей баладай, екінші рөлде қалуда. Осының салдарына бірінші орында гуманитарлық ғылымдар зардап шегуде. Мысалы, заңтану, саясаттану, экономика, әлеуметтану секілді ғылымдарда магистратура және PhD докторантура бағдарламасы бойынша оқуға түсушілер ғылыми атақты қызмет бабымен өсудің құралы ретінде түсінеді немесе «қолда бар дипломның зияны жоқ» деген көзқарасты ұстанады. Бұл кеңестік кезеңде кездескен, әсіресе 90-жылдардан 2011 жылға дейін орын алған ғылымға деген тәжірибедегі әріптестеріміздің надандық көзқарасы.
Бұдан шығатын қорытынды, мемлекеттік шенеуніктер ғылыммен айналысуды хобби немесе карьералық өсудің құралы ретінде тануды доғаруы қажет. Әрбір азамат бүгінгі күні мемлекетіміз ауқымды реформаларды басынан кешіріп жатқандығын ұмытпай, өз кәсібінің шынайы маманы болуға тырысса абзал болар еді. Әркім өзінің жұмысын білген жөн. Осы орайда жуырда ғана өзінің интервьюінде ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Б. Ертаев былай деді «командирлер тендрмен айналыспауы қажет, олар жауынгер дайындаумен айналысып, өз сарбаздарына әкедей болып, ал соңғылары оларға баласындай болуы қажет». Мұнда депутат Б. Ертаев бүгінгі күні командирлер өзінің негізгі қызметін ұмытып, бухгалтериямен айналысып, «аудан ақша жасау» қағидасын ұстанып кеткендігін айтып отырғандығын анық түсінуге болады. Мемлекеттік шенеуніктердің «тендр» немесе «мемлекеттік сатып алу» деп аталатын механизм арқылы мемлекеттік бюджетті тонап жатқандығы туралы Мәжіліс депутаттары жиі айтуда, ал бұл жағдайға куә болып отырған барша халық қол қусырып, қарап отырмыз. ҚР Президентінің аталмыш мақаласында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына қатысты ескертулер жасалып, нақты тапсырмалар беріліп отыр. Бұл мемлекет пен қоғам үшін өте орынды және маңызды жағдай екендігі сөзсіз.
Елбасы қоғам мен мемлекетті алға жылжыту мақсатында жария түрде өз ойларын ортаға тастап жатқанда, азаматтық қоғамның белсенді болуы аса қажетті.
Елбасы өз мақаласында индустриалды-инновациялық бағдарламаның жүзеге асырылуын еліміздің болашығы үшін маңыздылығын атап өтті. Тәжірибе мен білім беру жүйесінде тығыз байланыс орнап, кәсіби және білім стандарттарының арасындағы үйлесімдіктен көрініс табу қажеттігіне тоқталды. Президенттің мұндай мәселеге тоқталуына бірқатар себептер негіз болды. Ол кәсіби білім беретін оқу орындарының мамандарды тәжірибе жүзінде қаншалықты қажеттігін ескермей дайындауынан, білім стандарттарын әзірлеуде басқару, экономика, бизнес, өнеркәсіп пен өндірістің ерекшеліктерін ескермеуінен, ғылыми-зерттеу жұмыстары мемлекеттік бағдарламаларда көзделген маңызды салаларда жургізілмеуінен, ғылыми кадрлар дайындауда жүйесіздік орын алуынан туындап отыр.
Білім жүйесіндегі мәселелерді шешу мақсатында Елбасы үш бағытта жұмыс жүргізуді ұсынып отыр, ол: біріншіден, білім беретін ұйымдарды оңтайландыру; екіншіден, оқу-тәрбиелік процесті жаңғырту; үшіншіден, білім беру қызметінің тиімділігі мен қол жетімділігін жоғарылату.
Білім беру жүйесін оңтайландыру мақсатында білім беру деңгейлерінің арасында дәйектілік пен сабақтастық болу қажеттігі туралы айтылады. Қазіргі кездегі қолданыстағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы заңнамаға сәйкес заңгер мамандығы бойынша магистратураға экономист, педагог, тарихшы, саясаттанушы, әлеуметтанушы және басқа да гуманитарлық ғылымдардың өкілдері еш кедергісіз түсуде. Осы азаматтар заң ғылымын деградацияға ұшыратып, дүбәрә болып шығып жатыр. Себебі, экономист, тарихшы немесе әлеуметтанушылар заңгерлердің базалық пәндерін оқымаған, яғни заңгер болу үшін қажетті негізгі пәндерді білмейді, яғни юриспруденцияның табиғатын түсінбейді. Олар қалай ғылыми ізденіс жүргізеді. Бұл мәселе күн тәртібінен түсетін емес және бұл магистранттардан дұрыс заңгер-ғалым шығады деу ақылға сыймайды. Осы мәселеге қатысты біздің атақты профессорларымыз басын ұстап не істерін білмей отыр. Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы магистратураға түріктану мамандығына бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша бакалавриатты бітірген түлек түскендігін айтып кетті. Ендігі кезде бухгалтерге түріктану ғылымы бойынша қандай тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмысын белгілеу үлкен мәселеге айналуда.
Мақалада білім берудің мемлекеттік стандарттары мемлекеттік және жеке меншік оқу орындарында теңдей сақталуы қажет деген әңгіме қозғалған. Жеке меншік, әсіресе орта және жоғары кәсіби білім беретін оқу орындары мемлекеттің саясатын ескермей дипломы бар жұмыссыздардың ортасын көбейтіп жатқандығы туралы көпшіліктің арасында көптен бері айтылуда. Осы орайда бірқатар жеке меншіктегі жоғары оқу орындары жабылатындығы жөнінде ақпарат көздерінде айтылып жүр. Ол оқу орындарын жабу туралы тапсырма уәкілетті органдарға беріліп отыр. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында бүгінгі күні Жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен Білім және ғылым министрлігі жабылатын бірқатар жоғары оқу орындарының тізімін дайындауда. Алайда, ол тізімге мемлекеттік деңгейде беделді адамдардың иелігіндегі оқу орындары кірмейтіндігі анық. Қандай оқу орны кімдікі екендігі туралы қоғамда баршаға мәлім.
Білім жүйесі «Жалпы ұлттық болып қалу қажет» деген Елбасының ойы жүзеге асырылатын болса, білім саласы бизнеске айналмай, мемлекет пен қоғамның игілігіне жұмыс істейтін еді. Қазақстанда білімді саудаға салуға түбегейлі түрде шек қою қажет. Бұл мемлекет пен қоғам үшін қатаң қағида ретінде танылса, білім мен ғылым шарықтайтыны сөзсіз.
Білім ошағын бітірген түлектер жұмыспен қамтылуы қажеттігі туралы мақалада орынды айтылған. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындары өздерінің түлектерінің жұмыспен қамтылуы туралы уәкілетті органдарға жалған мәлімет беріп әуре болуда. Жұмыспен қамту мәселесі факультеттердің мойнына ілініп, олар университетке формальды тұрғыдағы есептер беруші еді. Бұл мәселе факультеттің ғылыми кеңесіндегі тұрақты шешімі табылмайтын күн тәртібіндегі мәселеге айналған болатын.
Егер осы мақалада айтылған мамандарды жұмыспен қамту мәселесі Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері және де өзге де министрліктер мен ведомстволардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылатын болса, Елбасының сөздері жерде қалмас деген сенімдеміз. Әрине бұл мәселеге бүгінгі күнгі мемлекеттік органдардағы ең өзекті мәселелер – формализм мен бюрократия кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, қазіргі кезде шенеуніктер сыбайлас жемқорлық пен жала жабудың құрбаны болып кетпеу үшін заңның шеңберінен шықпайды, жұмысында бастамашылық жасаудан қорқады. Бүгінгі шенеуніктер «инициатива наказуема» деген қағиданы есінен шығармайды.
Ең бастысы Елбасы әрбір қазақстандыққа туған еліңде еңбек етіп, потенциалын толық жүзеге асыруды тапсырып, ол үшін мемлекет барлық жағдай жасайтындығын кепіл етіп отыр.
Елбасының аталмыш мақаласы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздікті жоюға бағытталған. Зиялы қауымның арасында «бұл мақала ертерек шығу керек еді» деген сөздер де бар. Алайда, мұндай мақаланың ертерек шығуы мүмкін емес еді. Себебі, оған қанаты әлі де қатаймаған жас мемлекетіміз, сондай-ақ, толық қалыптаспаған қоғамның құқықтық санасы мүмкіндік бермеді. Елбасының бұл мақаласы қоғам мен мемлекеттің келешегін ойлаған мыңдаған ғалымдардың көңілінен шықты.
Елбасының мұндай мақала жазып, мемлекеттік органдардың қызметіндегі кемшіліктерді айтып, қолданыстағы заңнаманың олқылықтарына тоқталуы қоғамда жариялық қағидасының көрініс тауып, демократиялық бағытта дамуымыздың белгісі. Өз кемшіліктерімізге өзіміз көрсетпесек, өзгелер айтпайтындығы анық. Сондықтан, Елбасының бұл мақаласы өз орнымен, уақытылы шыққан құжат деп тануға болады.
Бақтыгереева С.О., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универстеті, 2-ші курс магистранты
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ИНСТИТУТЫ РЕТІНДЕ
В статье рассматривается периоды развития международного законодательства в области охраны прав ребенка, каким образом происходит разграничение прав ребенка от прав человека, причины и значения. Кроме того, рассматривается возникновение главного документа в области защиты прав детей – Конвенции о правах ребенка.
Ключевые слова: Права ребенка, международные механизмы защиты, международная защита, система защиты.
Summary: In article it is considered the periods of development of the international legislation in the field of protection of the rights of the child how there is a differentiation of the rights of the child from human rights, the reasons and values. Besides, emergence of the main document in the field of protection of the rights of children – Conventions on the rights of the child is considered.
Key words: Rights of the child, international mechanisms of protection, international protection, protection system.
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары» ҚР Конституциясы [1].
Қоғамның белгілі бір сатыға дамуы барысында бала құқықтарын қорғау өзекті мәселеге айналып отыр. Жалпы бала құқығының қорғалуы мен қамтамасыз етілуі саласындағы мемлекеттердің әріптесіп жұмыс істеуін реттейтін халықаралық құқықтық нормалар жиынтығы ретіндегі бала құқығын қорғау институтының пайда болғанына да көп уақыт болмады. Осыған дейін бала құқықтарын қорғау адам құқықтарын қорғау саласының ішіне кіріп, жалпы өлшемде зерттеліп жүрді.
Қазіргі таңда бала құқығын қорғауға қатысты жеке нормалар халықаралық құқықтық регламентацияға ие болды. Мемлекетаралық әріптестік бірінші дүние жүзілік соғысқа дейінгі кезеңде балалардың құқықтық жағдайына қатысты тек жеке салаларды ғана қамтыды. Бала құқығына қатысты минималды нормалар мен олардың жүзеге асуын реттейтін әмбебап халықаралық құжат құрастыру міндетін мемлекеттер қарастырмады. Тек ол кездегі бала құқығына қатысты жалғыз құжат ретінде 1924 ж. Ұлттар Лигасы қабылдаған Бала құқығы декларацияны айтуға болады [2]. Бірақ бұл құжатта жеке мемлекеттерге міндет қойылмай, тек "барлық елдердің ер адамдары мен әйел адамдарының" бала мүдделерін қорғау керек деген міндетін жариялады. Бұл кезеңнің ерекшелігі бала құқығына және жалпы адам құқығына қатысты халықаралық құқықта мемлекет ішілік құқық негіз болды.
Демек, жалпыға ортақ әрекет ету принциптері мен жүзеге асу механизмдерінің болмауы халықаралық құқықтық норма ретіндегі халықаралық бала құқықғын қорғау жүйесі болмады деп айтуға толық негіз береді.
Қазіргі заманғы халықаралық бала құқығын қорғау жүйесі (халықаралық адам құқығын қорғау жүйесінің саласы ретінде) БҰҰ қалыптасты, оның негізгі принциптерінің бірі - ешқандай дискриминациясыз адам құқытары мен болстандықтарын сыйлау.
1945 ж. бастап халықаралық адам құқығын қорғау эволюциясы бірнеше кезеңдерден өтті [3].
Бірінші кезең. 1945 жылдан 1980ж. дейін адам құқығына қатысты халықаралық стандарттардың жиналуымен сипатталады. 1945 ж. қабылданған БҰҰ Уставы адам құқығын сыйлау принципін жалпы негізде бекітті. Осы Уставқа сәйкес Ұйымның басты мақсаттарының бірі "барлық адамдардың құқытары мен негізгі бостандықтарына нәсілі, жынысы, тілі мен дініне қарамастан сыйлауды дәріптеу мен дамыту" бағытында халықаралық әріптестікті жүзеге асыру (1 бап, 3 тармақ).
Адамның негізгі құқықтары көрсетілген және мазмұны айқындалған 1948 ж. Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей Декларация қабылданылды. Аталған құқықтар Адам құқығына қатысты халықаралық пакттерде, 1966 ж., Адам құқықтары туралы Билльде көрініс тапты. Әрі қарай халықаралық стандарттарды құрастыру халықаралық құжаттарда көрініс тапқан ережелерді нақтылау жолымен жүзеге асты. Сонымен 1980 ж. соңына қарай Адам құқығының маңызды салаларын қамтитын саны жағынан 80 асатын халықаралық келісім шарттар қабылданылды. Оcының негізінде көптеген ғалымдар Адам құқығына қатысты халықаралық стандарттардың жүйесі қалыптасты деген тұжырымға келді.
Екінші кезең. (1980 ж. басталды) Адам құқығы саласында жинақталған стандарттардың тиімділігін арттыру үшін халықаралық бақылау механизмерді мен процедураларының көбеюіме сипатталады.
Халықаралық бақылау механизмдері конвенционды және шарттан тыс бақылау органдары болып бөлінеді;
Халықаралық процедуралар да үшке бөлінеді. Олар: 1) Адам құқықтары бұзылу жағдайларын зерттеу; 2) Мемлекеттердің халықаралық келісім шарттарды ратификациялауы бойынша міндеттерінің орындалуы жайындағы докладтарды қарастыру; 3) Халықаралық стандарттардың бұзылуына орай мемлекеттердің бір- біріне қойылған талаптары мен жеке талаптарды қарастыру [4].
Халықаралық бала құқығын қорғау халықаралық адам құқығын қорғау саласының құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан да бала құқығына оның барлық ережелері қолданылады. Дегенмен, бала құқығына қатысты мәселелердің жалпы халықаралық адам құқығын қорғау пәнінен бөлек алынып, жеке қарастырылуы бірнеше объективті сипаттарға ие: біріншіден, бірнеше тарихи жағдайларға байланысты балалардың статусы ересек адамның статусына қарағанда төменірек, сондықтанда халықаралық бала құқығын қорғау балаларға ересектермен қатар тең құқық пен мүмкіндік беруге бағытталған; екіншіден, дене және ой жетілуі ерекшеліктерін ескеріп, балаға ерекше құқық пен қосымша қорғау қажет.
Бала құқығына қатысты құқық шығармашылық іс бірнеше бағыттар бойынша жүзеге асты: 1) бала құқығы адам құқығына қатысты универсалды декларациялар мен конвенцияларда бекіді (1948 ж.Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы, 1966 ж. Азаматтық және саяси құқықтар туралы Пакт, 1966 ж. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Пакт ); 2) балаға тікелей байланысты жеке әлеуметтік топтардың құқығын регламенттейтін халықаралық келісім шарттарда бала құқығының бекітілуі (әйел, босқындар құқықтары), немесе арнайы құқық қатынас салаларында (отбасы, еңбек, білім құқығы саласында); 3) бала құқығын арнайы реттейтін декларациялар мен конвенцияларды құрастыру (1959 ж. Бала құқығы туралы Декларация, 1989 ж. Бала құықтары туралы) [5].
Бала құқығы туралы Конвенцияның негізінде Конвенцияның ережелерінің орындалуын қадағалайтын арнайы бақылау механизмі құрылды — Конвенция ережелерін жүзеге асыруға қатысты мемлекеттердің жүзеге асырып жатырған шараларын қарастыратын бала құқығына қатысты Комитет. Сонымен қатар бала құқығын қорғау тағы да басқа адам құқығын қорғаудың халықаралық механизмдері арқылы да жүзеге асады.
Бала құқығын жеке салалар бойынша қорғаумен БҰҰның арнайы ұйымдары айналысады: Халықаралық еңбек ұйымы (МОТ), Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ), Ғылым, мәдениет, білім мәселелеріне қатысты БҰҰ (ЮНЕСКО). 1946 ж. құрылған БҰҰның Бала фонды (ЮНИСЕФ) балалар мен олардың құқықтарын қорғауға қатысты халықаралық көмек пен техникалық қолдау көрсетеді.
Демек, халықаралық бала құқығын қорғау дегеніміз: бала құқығы саласында халықаралық стандарттарды жүзеге асыратын халықаралық органдар мен процедуралар және мемлекеттер тарапынан осы құқықтардың сақталуын қадағалайтын арнайы бақылау механизмдері жүйесі.
Достарыңызбен бөлісу: |