2.Билер сотының практикасы (сот-процеденті).Тарих беттеріне үңілсек, қазақта түрме мен абақтыға қамап, бас бостандығынан айыру сияқты жазалау шаралары болмаған. Адам өліміне соққан қылмыстың өзі құн төлеумен, яғни, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» билер кесімімен бітімін тапқан. Сондықтан, қазақ билері бейбіт шешім, бітімгершілік рәсімін әділ сөз, өткір тіл құдіретімен тоқтатқан. Құн, жер, жесір дауы, барымта, қарымта даулары да шешен сөз, ұтқыр ой, парасатты пайыммен бейбіт түрде шешілген. Билер, ең алдымен, даугер мен құныкерді өзара бітістіріп, даудың артын үлкен жанжалға айналдырмауды ойластырған. Ханға да, қараға да бұра тартпай, оларды би кесіміне бас идіре білген. Жалпы, қазақ – сөз құдіретін ежелден бағалаған халық. Оған бидiң бас-ты қаруы сөз екендігі, ал сөзге тоқтамау ең ауыр айып саналғаны дәлел. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Қазақ заң ғылымының корифейі, ғұлама ғалым Салық Зимановтың «Би – ең алдымен сот» деп жазуы бекер емес. Себебі, шындық пен әділдікке жету – дәстүрлі қазақ құқығының, соған негізделген билердің соттық шешімдерінің түпкі негізі. Сондықтан, билер шешімі мен кесімінің түп қазығы – әділдік. Бабаларымыз «Атаңның құлы айтса да, әділдікке бас ій» немесе «Би – төрттің құлы, бұл төртеуі – адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деп, бидің қашан да әділеттің құлы екенін өсиет етіп кеткен. Билер сотындағы басты мақсат әділдік болса, оған жетудің ең үлкен жолы – сөз сайысы. Билер сөз таластыру нәтижесінде дауласушыларды өзара бітімге жетелеген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, бет-жүзіне қарамай, қара қылды қақ жара шындықты айту, биге жүгінген екі жақтың да өз іс-әрекеттерін саралауына мүмкіндік берген. Билер сотының түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды бітістіру, татуластыру, табыстыру болды десек, «Дау мұраты – бітім» деген нақыл сөз содан қалған. Ұлттық салт-дәстүрлер – дала заңының қайнар көзі. Соған сай заң нормаларына сүйенген билер дау-дамайды көркем сөзбен, кестелі оймен рет-ретімен тарқатып отырған. Билер тек соттың ғана емес, сонымен қатар, сот процесіндегі адвокаттың да, прокурордың да, тергеушінің де, судьяның да рөлін атқарды. Оны олардың «айттым бітті, кестім үзілді» деген бір тарапты ғана қолдайтын пікір айтпағандарынан көруге болады. Билер алдына келген даудың шындығына жету үшін тергеу амалдарын да жасаған. Мысалы, Әйтеке би ұрыны анықтау үшін арнайы киіз үй тіктіреді. Үйдің ішін көз көрместей қараңғы етіп, оған қара күйе жаққан ақ лақты қамайды. Сөйтіп, күдікті деп алдына алып келген төрт-бес жігітке «үйге кіріп лақты сипайсыңдар, егер лақ қайсың сипағанда маңыраса, онда сол – ұры» дейді. Күдіктілер киіз үйге кіріп, далаға шыққанда би олардың қолдарын қарайды. Сөйтсе, бәрінің алақаны қара күйе де, біреуінің ғана қолы таза болып шығады. Яғни, ұры лақты сипасам маңырар деп қорқып, өзін-өзі ұстап береді. Ұры бұлтартпас айғақпен ұсталды. Енді ол жалтара алмайды, мал иесіне екі-үш есе құн төлейді. Демек, қазақ даласындағы даулардың әрқашан бітіммен аяқталуының бір дәлелі билердің осындай тапқырлығының арқасы деуге болады. Халқымыздың біртуар ұлы, ұлт жанашыры Нәзір Төреқұловтың: «Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың, прокурордың, милицияның – қаншама мекеме мен ұйым басшыларының қызметін атқарды» деуі, қазақ даласындағы билер рөлінің баға жетпес құндылығын айқындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |