Ядролық қарудан азат аймақтар құрудың халықаралық тәжірибесі Аңдатпа



жүктеу 199.28 Kb.
Дата15.06.2016
өлшемі199.28 Kb.
УДК 327 (5-191.2)
Ж.Д.Кошербаев

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Халықаралық қатынастар факультеті, Алматы, Қазақстан

e-mail: kosherbaev.zhan@mail.ru


Ядролық қарудан азат аймақтар құрудың халықаралық тәжірибесі
Аңдатпа: Бұл мақалада ядролық қарудан азат аймақтар құрудың халықаралық тәжірибесіне талдау жасалған. Латын Америкасы, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіндегі, Антарктидадағы ядролық қарудан азат аймақтардың (ЯҚАА) өңірлік ерекшеліктері және келіссөздер барысындағы түйткілді мәселелер көрсетілген. Аталмыш аймақтардағы ЯҚАА құрудың геосаяси маңызы олардың орналасу жеріне байланысты маңыздылығы атап өтілді. Ядролық қаруды таратпау мен ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ЯҚАА құру үдерісінің тарихи маңызы көрсетілген. Аталған аймақтар қалыптасуының халықаралық тәжірибесі сипатталып, әлемнің әртүрлі аймақтарында ЯҚАА-ның халықаралық-құқықтық мәртебесін шарттармен рәсімделуі талданған. Автор, ядролық қарусыз аймақтар идеясының дамуы мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ядролық қаруды таратпау тәртібін сақтауға жол ашады деген тұжырым жасайды.

Түйін сөздер: яролқ қарудан азат аймақ, ядролық тараптау, ядролық қаруды таратпау туралы шарт.
Zh.Kosherbaev.
International experience of creation of zones free of nuclear weapons
Abstract: This article examines the international experience of creation of zones free of nuclear weapons. Showing the most difficult issues in the negotiations on the establishment of zones free of nuclear weapons in Latin America, Africa, Southeast Asia, South Pacific, Antarctica and their regional characteristics. Noted the historic significance of the process of creating zones free of nuclear weapons (NWFZ) in the nuclear non-proliferation and global security. As described in the international practice of registration of such areas, analyzed the processes of contract design international legal status of a NWFZ in the various regions of the world. The author concludes that the development of ideas and the creation of nuclear-free zones contributes to the strengthening of trust between States, security, compliance with non-proliferation regime.

Keywords: Zone free of nuclear weapons, nuclear non-proliferation Treaty on the Non-Proliferation of Nuclear Weapons.
Кошербаев Ж.Д.
Межународный опыт создания зон, свободных от ядерного оружия
Аннотация: В данной статье рассматривается международный опыт создания зон, свободных от ядерного оружия. Показаны наиболее сложные вопросы в ходе переговоров по созданию зон свободных от ядерного оружия в Латинской Америке, Африке, Юго-Восточной Азии, в южной части Тихого океана, Антарктиды и их региональные особенности. Отмечается историческое значение процесса создания зон, свободных от ядерного оружия (ЗСЯО) в деле нераспространения ядерного оружия и обеспечения глобальной безопасности. Также в работе охарактеризована международная практика оформления таких зон, проанализированы процессы договорного оформления международно-правового статуса ЗСЯО в различных регионах мира. Автор приходит к выводу, что развитие идеи и создание безъядерных зон способствует укреплению доверия между государствами, обеспечению безопасности, соблюдению режима нераспространения ядерного оружия.

Ключевые слова: Зоны, свободные от ядерного оружия, ядерное нераспространение, договор о нераспространении ядерного оружия.
Ядролық қаруды таратпау ісінде және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ядролық қарудан азат аймақтар (ЯҚАА) құру үрдісінің зор маңызы бар. Ядролық қарусыз аймақ идеясы жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және жалпы қарусыздану шарасы ғана емес, сондай-ақ бұл аймақтық қақтығысты жағдайларды бәсеңдетудің елеулі факторы ретінде қабылданады.

Халықаралық қауымдастық ЯҚАА құру туралы идеяны әрқашанда жойқын қарудың таралуымен күрестегі ең пәрменді де тиімді құралдарының бірі деп санайды. БҰҰ-ның 1975 жылғы 11 желтоқсандағы №3472В қарарында мұндай аймақтарға мынадай анықтама берілген: «Ядролық қарудан азат аймақ деп БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы солай деп таныған, мемлекеттердің кез-келген топтары өздерінің егемендігін конвенция немесе шарттың күшіне сәйкес еркін жүзеге асыру жағдайында құрған кез-келген аймақ саналады, оларда: осы аймақ турасында әрекет ететін, соның ішінде, аймақты белгілеу процедурасын қамтитын, ядролық қарудың мүлдем жоқтығы туралы мәртебе белгіленеді, сол мәртебеден туындайтын міндеттемелердің сақталу кепілдіктерін қамтамасыз етудің, тексеру мен бақылаудың халықаралық жүйесі құрылады” [1]. Сондай-ақ БҰҰ ондай аймақтарда ядролық қарудың мүлдем жоқтығын ескеріп, ядролық державаларға аймақтардың мәртебесін бұзушылықтың қандай да бір түріне жол бермеуді ұсынды.

БҰҰ ЯҚАА-ды халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралы екендігін мойындап, оларды құру ісін барынша қолдайды. Бас Ассамблея мемлекеттерді іс жүзінде бар «аймақтарды» қалыптастыруды аяқтау үшін қажетті шараларға кірісуге және жаңа ядролық қарусыз аймақтар жасауға шақыратын тиісті қарарлар қабылдады. Құрлықтар мен әр түрлі мемлекеттерді қамтитын әлемнің түкпір-түкпірінде ЯҚАА құру идеясы ЯҚТШ негізінде қалыптасқан таратпау тәртібін нығайтуға бағытталған қуатты тетіктердің бірі болып табылады.

1968 жылғы ЯҚТШ-ның VІІ бабында «шарттың ешқандай ережесі қандай-да бір мемлекеттер тобының өздеріне тиесілі аумақтарында ядролық қарудың мүлдем болмауын қамтамасыз ету мақсатымен аймақтық келісім-шарт жасасу құқығын бұзбайды» делінген [2]. Осынау беделді халықаралық-құқықтық құжатта айқындалған құқықтарын жүзеге асыруда әлемнің көптеген мемлекеттері табысқа жетті деуге болады.

Бүгінгі күнде ядролық қару жоқ аймақтар Антарктидада, ғарыштық кеңістікте, Латын Америкасында, дүниежүзілік мұхит түбінде, Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Африкада құрылды. Бұдан басқа Оңтүстік Азияда, Таяу Шығыста, Шығыс Еуропада, Корея түбегінде ЯҚАА құру ұсыныстары қарастырылып жатыр. Ал жақында ғана Өзбекстан Орталық Азияда ЯҚАА құру идеясын ұсынды. Қазіргі кезде ядролық қарудан азат аймақтар әлемнің 111 мемлекетін және жер құрлығының (Антарктида жөніндегі шартты қоса есептегенде) 50%-нан астам көлемін қамтиды [3].

Өткен ғасырдың 50 жылдарының ортасынан бастап ядролық қаруды таратпау міндеттерін шешуге бағытталған халықаралық келіссөздер үрдісімен қатар жекелеген немесе бір топ мемлекеттердің ЯҚАА құру ұсынысының нәтижесінде «ядросыздандырудың аймақтық тәсілі концепциясы» дами бастады. Осы уақыттан бастап ЯҚАА құру туралы ұсыныстарды әзірлеу жұмыстарында белсенділік танытқан Кеңес Одағы мен оның Варшава шарты бойынша одақтастары еді. Себебі олар мұндай ұсынысты осы шартқа қатысушы елдердің шекарасына жақын маңда Американың ядролық қаруын орналастыруын болдырмау немесе шектеу жолы ретінде қарастырды.

Алғашқы рет Орталық Еуропада атомсыз аймақ құру идеясы 1956 жылы 27 наурызда БҰҰ-ның қарусыздану комиссиясының Лондон кіші комитетінде Кеңес Одағының «Әдеттегі қаруларды және жалпы қарулы күштерді қысқарту туралы ұсынысында» айтылған еді. Онда қарусыздану мәселесін шешудегі маңызды қадам ретінде Германияның екі бірдей бөлігінің аумақтарын, сондай-ақ онымен көршілес мемлекеттердің аумақтарын қамтитын Еуропадағы қаруды шектеу және инспекциялау айлағын белгілеу пайдалылығы атап көрсетілген. Аймақ туралы келісімде жетекші державалар әскерлерінің рұқсат етілген деңгейі, сонымен қатар, «аталған аймақта атомдық әскери құрамаларының және қандай-да бір сутегі немесе атомдық қарудың түрін орналастыруға жол бермеу» ескерілуі тиіс болды [4].

1957 жылы Польша Халық Республикасының сыртқы істер министрі А. Рапацкий БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында ГФР, ГДР, Польша және Чехословакия аумақтарын қамтитын, Орталық Еуропада ЯҚАА құру жөнінде ресми ұсыныс жасады (тарихта «Рапацкий жоспары» деген атпен белгілі). Атомсыз аймақ құру ісі Батыс елдерінің қорғаныс қабілетін төмендетіп, қалыптасқан әскери тепе-теңдікті бұзуы мүмкін деген дәлелдерін келтіруіне байланысты Польша үкіметі Мәскеумен келісе отырып, өз ұсынысына өзгерту енгізді. 1958 жылы қарашада А. Рапацкий атомсыз аймақ құру жоспарын кезең-кезеңге бөліп орындау мәселесін талқылауға дайын екендігін мәлімдеді. Ол жоспарға сәйкес бірінші кезеңде аймаққа кіретін мемлекеттер аумағындағы атом қаруын орналастыру тоқтатылса, екінші кезеңде тиісті бақылау арқылы аймақты толық қарусыздандыру іске асырылып, онымен бір мезгілде әдеттегі қаруларды да қысқарту көзделген болатын.

1961 жылы Швецияның сыртқы істер министрі Э. Унден «ядролық клубқа» балама ретінде «ядросыз клуб» құру ойын алға тартты. Бұл бастама тарихта «Унден жоспары» деген атпен белгілі. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен ұйым мүшелеріне осы ұсыныс жайлы олардың ойын білу мақсатында сұрау жолданды. Бұған жауап ретінде Швеция үкіметі «Еуропадағы мүмкіндігінше ең ауқымды ядросыз аймаққа қатысуға дайын» екендігін хабарлады [5].

1964 жылы қаңтарда ГДР-ның үкіметі ГФР-ның үкіметіне екі герман мемлекеттерінің ядролық қарудан толық бас тарту жөнінде келісім-шарт жасасу ұсынысымен қайырылды. Бұл идея көптеген жылдар бойы іске аспай, тек өткен ғасырдың 90 жылдарының басында ғана орындалды. Екі герман мемлекетінің бірігуіне байланысты талаптарға сәйкес халықаралық шарттар, соның ішінде 1990 жылы қыркүйекте Мәскеуде қол қойылған «2+4» шарты бойынша Германия ядролық қару алудан, иеленуден және өндіруден бас тартты.

Жоғарыда келтірілген КСРО-ның «аймақтар» жөніндегі бірқатар ұсыныстарынан айқындалатыны - өткен ғасырдың 50 жылдардың соңы мен 60 жылдардың басында, Кеңес басшылығы бұл ойды алға жылжытуда белсенділік танытқанын көруге болады. Тіпті ядролық қарусыз аймақтардың маңыздылығын 1961 жылғы партияның съезінде қабылданған КОКП бағдарламасында, яғни билеуші партияның іргелі бағдарламалық құжатында көрсету ниеті болған. Бірақ қарусыздану саласындағы басқа да нақты ұсыныстар сияқты белгісіз себептермен бұл мәселе де бағдарламаның түпкілікті мәтініне енгізілмей қалды.

Батыс елдері (АҚШ пен оның одақтастары) болса Кеңес Одағы және оның одақтастары тарапынан айтылған «аймақтар» жөніндегі ұсыныстардың барлығына дерлік жалпы алғанда теріс көзқарас ұстанған және сенімсіздік танытып, күдікпен қарайтын еді. Көбінесе олар мұндай бастамаларды қолдаудан тартынып, тіпті ары кетсе кезекті насихатшылдық пен популистік шара деп қабылдайтын еді.

Дегенмен бірі-біріне қарама-қарсы, антагонистік екі жүйенің, капиталистік және социалистік жүйелердің арасындағы ядролық тікетіресіне қарамастан әлемдік қауымдастықтың ядролық қарудың таралу үрдісін шектеу жолындағы бірқатар халықаралық актілер мен шарттар қабылдауға бағытталған бірлескен күш-жігердің арқасында елеулі табыстарға қол жеткізілді деуге болады. Атом қаруының таралуын шектеу жолындағы елеулі жетістіктер дүниежүзілік ядролық қауіпсіздіктің мүддесіне сай келетін ядролық қаруды таратпау режимін нығайтып, ЯҚАА жасаудың оңтайлы тетігін қалыптастыру идеясын бірте-бірте ұштай түсті. Өкінішке орай, адамзат оны толық жоя алған жоқ, бірақ дегенмен де оның бүкіл дүниеге жайылуын едәуір шектей алды.

Ұлттардың ұжымдық ізгі ниетіне куәлік ететін алғашқы құжат 1959 жылғы Антарктида жөніндегі шарт болды, ол тұтас құрлықты бейбіт мақсатта ғана пайдаланылатын, ядролық қарудан азат, ресми құрлықтық аймақ деп жариялады. Шарттың негізгі талаптары бойынша қарудың кез-келген түрін орналастыруға және сынауға, оның аумағына радиоактивті материалдарды әкелуге, сондай-ақ әскери және өндірістік қызметтің барлық түріне тыйым салынды. Шартта ядролық державалардың бірде-біреуі ешқашан және ешқандай жағдайда Антарктиданың ешбір нүктесінде ядролық қару орналастыруға құқықсыз екендігі айқындалды. Шарттың жоғарыда аталғандарынан басқа, осынау құрлықты кейбір елдердің (Ұлыбритания, Чили, Аргентина) оған деген аумақтық дәмесін болдырмау мақсаты да бар.

Антарктиданың ғылыми зерттеулер үшін әлеуетті мүмкіншіліктерін түсінген КСРО мен АҚШ, осы құрлық жөніндегі шартты әзірлеу және қол қою ісінің басты ұйымдастырушылары болды. Бақылау саласы бойынша шарттың мынадай тарауы бар: «Антарктиканың барлық аудандары, ондағы барлық станциялар, орнатылған жабдықтар, сондай-ақ Антарктикадағы жүкті немесе қызметкерлерді түсіру және тиеу орындарындағы барлық теңіз және әуе кемелері, …кез-келген бақылаушының тексеруі үшін әрқашан ашық» делінген [6]. Шарттың күшіне енген уақытынан (1961 жылы 23 маусым) бері 100-ден астам тексерулер өткізілген. Ол бірде-бір рет бұзылған жоқ. Бүгінде шартқа қатысушы болып 44 мемлекет қосылған.

1967 жылы 27 қаңтарда Айды және басқа да аспан денелерін қоса алғанда, ғарыштық кеңістікті зерттеу мен пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің принциптері туралы шарт жасалды [7]. Ол күшіне 1967 жылдың 10 қазанында енді. Осы халықаралық шарт бойынша Жер төңірегіндегі кеңістікте, Жердің табиғи серігінде (Айда) және Күн жүйесінің басқа ғарыштық нысандарда ядролық қаруды немесе жаппай қырып-жоятын қарудың кез-келген түрін сынауға және орналастыруға, онда әскери маневрлер өткізуге тыйым салынды.

1962 жылғы Кариб дағдарысы Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде ЯҚАА құру идеясына алып келді. Ядролық державалар арасында ықтимал қақтығыстың қауіптілігін сезінген Бразилия 1962 жылдың қарашасында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Оңтүстік Американы ядросыз аймақ деп тану туралы ойын алға тартты. Бұл бастаманы басқа да латын-американдық елдер қолдады, солардың ішінде белсенділік танытқан және ядролық қарусыз аймақ құру жөніндегі қарардың жобасын әзірлеп, оны 1963 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына қарастыруға ұсынған Мексика еді. «Ядролық қарусыз аймақ» идеясын жүзеге асыру ісінде ерекше рөл атқарған көрнекті мексикандық дипломат Альфонсо Гарсия Роблес болатын. Кейінірек оған бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығы берілді.

Толып жатқан келіссөздер мен ақылдасулардан кейін, ақыр аяғында 1967 жылы 14 ақпанда Мехиконың Тлателолко деген ауданында Латын Америкасында ядролық қару жоқ аймақ құру туралы шартқа қол қойылды («Тлателолко шарты»). Шарт күшіне 1969 жылы 15 сәуірде енді.

Дамыған ядролық бағдарламалары болған екі мемлекет - Аргентина мен Бразилия бастапқыда шартқа қол қоймаған болатын. Осы елдердегі әскери режимдердің биліктен кеткеннен кейін ғана екі ел арасында сенім орнатылып, нәтижесінде 1991 жылы Гвадалахара шартын жасасу мүмкіндігі туды. Шарт латын-америкалық елдердің барлығы оны бекіткен кезде толық күшіне енеді. Осы уақытқа дейін шартты ратификацияламаған жалғыз ел - Куба қалды. Куба шартқа 1995 жылы наурызда қол қойды.

Шарт ядролық қарусыз аймақта ядролық қаруды әзірлеуге, иеленуге, сынауға, сақтауға және орналастыруға тыйым салады. Алайда «Тлателолко шартының» екі осал тұсы бар: біріншісі, аймаққа қатысушы елдердің бейбіт мақсатта ядролық жарылыстар жасау мүмкіндігі болса, екіншісі, шартпен қамтылатын аймақ арқылы ядролық қаруды тасымалдау (транзит) мүмкіндігі сақталған. Аймаққа қатысушылардың өздеріне алған міндеттемелерін орындауын қадағалауды МАГАТЭ-ге жүктелген болатын, бірақ сонымен бірге шарт ережелерін орындау және оның қызметін бақылауға арналған бұл елдердің жеке ұйымы да құрылған еді (OPANAL). Дегенмен іс жүзінде барлығы МАГАТЭ кепілдіктерімен шектелді.

Тлателолко шарты жаңа ЯҚАА құруға бағытталған кейінгі іс-шараларға үлгі боларлық жағдай туғызды.

Дүниежүзілік мұхиттың түбін әскери мақсатта пайдалануға тыйым салу туралы алғашқы ұсынысты Кеңес Одағы 1968 жылы шілдеде қарусыздану жөніндегі комитеттің қарауына берген «Жанталаса қарулануды тоқтату және қарусыздану бойынша кейбір кезек күттірмес шаралары туралы меморандумында» жариялаған болатын. Келесі жылдың күзінде КСРО мен АҚШ қарусыздану жөніндегі комитетке ядролық қаруды немесе кез-келген басқа да жаппай қырып-жоятын қаруды мұхит түбіне орналастыруға тыйым салатын шарттың бірлескен жобасын ұсынды.

1970 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының XXV сессиясында қарусыздану жөніндегі комитет дайындаған теңіз бен мұхит түбіне және оның қойнауында ядролық қаруды немесе жаппай қырып-жоятын қарудың басқа да түрлерін орналастыруға тыйым салу туралы шарттың мәтіні басым көпшілік дауыспен мақұлданды. Сөйтіп шарт, қол қою үшін 1971 жылы 11 ақпанда бір уақытта Мәскеуде, Лондонда және Вашингтонда ашылды. Ол 1972 жылы 18 маусымда күшіне енді. Шартқа қатысушы елдер теңіз бен мұхит түбіне және оның қойнауында, теңіз түбінің 12 мильдік аймағының сыртқы шегінен ары қандай-да бір ядролық қаруды немесе кез-келген жаппай қырып-жоятын қарудың басқа да түрлерін, сондай-ақ осындай қаруды сақтауға, сынауға немесе қолдануға арналған құрылыстарды, ұшыру қондырғыларын және кез-келген басқа-да құрылғыларды орнатпауға және орналастырмауға міндеттенді. Мұнымен қатар, олар басқа мемлекеттерді осындай іс-әрекетке итермелемеуге, ынталандырмауға және көмектеспеуге міндеттеме алды.

Құжатта мемлекеттердің өздеріне алған міндеттемелерін орындауды егжей-тегжейлі зерттеліп дайындалған қадағалау жүйесі қарастырылған. Шартқа қатысушылардың өкілдері, шартқа қатысушы басқа елдердің ядролық салада жүргізілетін қызметін бақылау құқығы бар (әрине, егер бұл бақылаулар олардың қызметіне кедергі келтірмесе). Қатысушы мемлекеттердің теңіз бен мұхит түбінде және оның қойнауында жанталаса қарулануды болдырмау мақсатында одан арғы шаралар турасында келіссөздерді ізгі ниет рухында жалғастыру міндеттемелері де өте маңызды.

1974 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 сессиясында Иран мен Египеттің ұсынысы бойынша Таяу Шығыста ЯҚАА құру туралы бастама алғаш рет қаралған болатын. Бұл мәселе бойынша қабылданған қарарда бастама қолдау тауып, аймақ елдеріне бір жағынан- қандай түрде болмасын ядролық қаруды өндіруден, сынаудан, алудан бас тартуға, екінші жағынан - ЯҚТШ-қа қосылуға шақырды. Қарар әлем қауымдастығы тарапынан кең қолдау тапты, оны барлық ядролық мемлекеттер де жақтады, бірақ Израиль болса оған деген теріс көзқарасын жасырмады.

1978 жылы Бас Ассамблея Израильдің ядролық әлеуетінің өсуіне қолғабыс етуі мүмкін ынтымақтастықтың барлық түрін тоқтатуға шақырған қарар қабылдады. Келесі, 1979 жылы 34 сессиясында Таяу Шығыста ЯҚАА құру жөнінде келіссөздерді бастауды ұсынды, ал Израиль болса қалыс қалды. Израильдің мұндай пиғылынан қауіптенген Таяу Шығыс аймағының басқа елдері - Египет, Ирак, Сирия ядролық технологияларды меңгеру қарқынын жеделдетті. Осы фактіні ескере отырып, оқшауланып қалу алдында тұрған Израиль, 1980 жылы Бас Ассамблеяның 35 сессиясында ЯҚАА құру туралы өзі ұсыныс жасауға мәжбүр болды. Алайда мамандардың пікірінше, Израильдің бұл қадамы дипломатиялық айладан басқа түк емес еді. Себебі қазіргі кезде бұл елдің ядролық бағдарламасын әскери сипатта дамытып және онда ядролық зарядтар мен оны жеткізу құралдарының бар екендігіне ешкім күмәнданбайды.

Жоғарыда баяндалған шаралардан кейін де бұл мәселе талай рет күн тәртібіне қойылды. Бірақ Таяу Шығыс өңіріндегі ұдайы саяси шиеленіс және осы дағдарысты реттеу жоспарының жүзеге аспай отырғандығы ЯҚАА-тың құрылуына кедергі келтіруде.

1974 жылы мамырда Үндістан ядролық құрылғысын сынағаннан кейін іле-шала Пәкістан Оңтүстік Азияда ЯҚАА құру туралы ұсыныс жасады. Осы жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы негізінен бұл бастаманы қолдады және бұл мәселе бойынша мүдделі елдерді консультацияларды бастауға шақырды. Исламабадтың ұсынысын ресми ядролық мемлекеттерден АҚШ пен Қытай жақтап дауыс берді, ал КСРО, Ұлыбритания және Франция қалыс қалды. Пәкістанның бұл ұсынысы, Үндістанға ядролық бағдарламасын одан ары дамытуға жол бермеу мақсатында жасалған айлалы іс-әрекет болғанын кейінгі оқиғалар көз жеткізді. Бүгінгі күні соңғы екі мемлекет өздерінің ядролық қаруларын тағыда сынап, қарулы күштерінің қатарына қосты. Исламабад пен Дели өздерінде ядролық қару бар екендігін ашық жариялап, ендігі жерде ядролық держава ретінде мәртебелерін заңдастыру жолдарын қарастырып жатыр.

Оңтүстік Азияда ЯҚАА жасау мәселесі Бас Ассамблеяның кейінгі сессияларында да бірнеше рет көтерілді. Бірақ қарарларды қабылдау барысында дауыс беру нәтижесі, бұл идеяның жүзеге асуын мемлекетаралық терең қайшылықтар тежейтін Оңтүстік Азияда қалыптасқан күрделі саяси жағдайдың көрінісі іспеттес еді. Сондықтан, тек Пәкістан, Үндістан және Қытай арасындағы терең қайшылықтардың бәсеңдеуі ғана осы өңірде ЯҚАА құру ниетін жаңғырта алады деп есептейміз.

1983 жылы Австралия Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде ЯҚАА құру бастамасымен шықты, себебі оның аумағында бір кездері ағылшындықтар ядролық сынақтар жүргізген болатын. Одан басқа, бұл аймақта АҚШ та Бикини атоллында 1983 жылға дейін ядролық жарылыстар жүргізді. Осыған жақын жерде, Муруроа және Фангатауфа атоллдарында Франция да осы уақытта ядролық сынақтар жүргізуін тоқтатқан жоқ еді. 1995-1996 жылдары Франция бұнда 6 ядролық жарылыс жасады. Тек 1996 жылы ақпанда сынақтарды біржола тоқтатқаны жөнінде ресми түрде президент Жак Ширактың өзі мәлімдеді. Франция аралдардағы сынақ полигондарын демонтаждауды 2000 жылдың басында аяқтады.

1985 жылы Австралияны, Жаңа Зеландияны, Папуа-Жаңа Гвинеяны, Соломон аралдарын, Науруды, Вануатуды, Жаңа Каледонияны және Океанияның басқа да аралдарын қамтитын Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде ЯҚАА құрылғандығын жариялаған Раротонга шартына қол қойылды. Шарт күшіне 1986 жылы 11 желтоқсанда енді [8]. Шарт Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде ядролық қаруды алуға, әзірлеуге, оны сынауға және орналастыруға, сондай-ақ аймақ акваториясында радиоактивті материалдардың қалдықтарын тастауға тыйым салады. Аймақтағы мемлекеттердің теңіз порттарына ядролық қаруы бар кемелер тек мүше елдердің рұқсатымен ғана кіре алады. Раротонга шартының мерзімі шектелмеген, одан шығу аса күрделі іс, өйткені одан шығу үшін шарт талаптарын сөзсіз бұзуға алып келетін жағдай туындау қажет.

1995 жылы желтоқсанда Бангкок қаласында (Тайланд) Оңтүстік-Шығыс Азияда ЯҚАА құру туралы шартқа қол қойылып, оған АСЕАН елдері мүше болып кірді [9]. Ол 1997 жылы наурызда күшіне енді. Аймақ елдері өндірістік потенциалдарын күшейтіп, экономика мен халықаралық сауда-қаржы қатынастарының даму болашағы үшін аймақтық қауіпсіздіктің маңызын түсініп, әсіресе өткен ғасырдың 90 жылдарының басында Филиппиндағы АҚШ әскери базаларын жойғаннан кейін ықтимал ядролық жанталаса қаруланудың қауіпін сезініп осындай маңызды қадам жасады. Алайда Бангкок шарты, сол секілді басқа шарттардан өзгешелігі - АСЕАН елдері су кеңістігінің түбінде радиоактивті қалдықтарды көмуге және ядролық жарылғыш құрылғылар саласындағы зерттеу жұмыстарына тікелей тыйым салатын ережелер жоқ.

ЯҚАА құру барысында ресми ядролық державалардың осы мәселеге көзқарасын есепке алу төтенше маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Бангкок шарты кейбір келеңсіздіктерге тап болды. Шарт бойынша ядролық қарусыз аймаққа кіретін Оңтүстік-Қытай теңізіндегі кейбір аралдарға (Спратли аралдары) деген аумақтық талаптарына байланысты Қытай шарт ережелерімен келіспей отыр. Мұнайға потенциалды бай әрі стратегиялық теңіз жолдарына жақын орналасқан аралдар мен рифтерге Вьетнам, Малайзия, Филиппин, Бруней дәмелі. Шарт талаптары бойынша 200 мильдік бірыңғай экономикалық аймақ жасау қарастырылған, бұл өз кезегінде Үнді мұхитын Оңтүстік-Қытай теңізіне қосатын бұғаздардан ядролық кемелердің өтуін шектеуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайға тағы бір ядролық держава - АҚШ қарсылық білдірді.

1960 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының ХV сессиясында Африканың бір топ мемлекеттері, осы құрлықта ЯҚАА құру ойын алға тартып, тиісті қарардың жобасын ұсынған болатын (бірақ бұл жоба дауысқа салынған жоқ). Бас Ассамблеяның келесі ХVІ сессиясында Африка елдерінің бастамасымен БҰҰ-на мүше мемлекеттерді Африканың аумағын, аумақтық суларын, әуе кеңістігін ядролық қаруды сынау, сақтау немесе тасымалдау үшін пайдаланудан бас тартуға және осы құрлықты ядролық қарусыз аймақ деп қарастырып, тануға шақырған қарар қабылданды. Мұндай ұсынысты жасауға түрткі болған 1960 жылы Алжирде француздар бастаған ядролық сынақтары еді (17 ядролық жарылыс). Сахарадағы сынақтар тек 1966 жылы тоқтатылды.

Африка бірлігі ұйымының мемлекет және үкімет басшылары Ассамблеясының І сессиясында қабылданған Африканы ядросыз аймақ деп жариялау туралы декларациясы осы бағыттағы маңызды қадам болды. Құжатта Африка елдерінің халықаралық келісім негізінде ядролық қаруды өндірмеуге және оған бақылау орнатпауға міндеттеме алуға дайындығы жөнінде мәлімделген. 1965 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының ХХ сессиясында да бұл декларация қолдау тапты. Қарарда, Африка елдеріне ядролық қаруды иеленуден бас тарту, ал ядролық державаларға тікелей немесе жанама қайсыбір мемлекеттердің ұлттық бақылауына кез-келген түрінде ядролық қаруды немесе оны өндіруге қолғабыс етілуі мүмкін ғылыми мәліметтерді бермеу және техникалық көмек көрсетпеу ұсынылды.

1992 жылы басталған Африка бірлігі ұйымы мен БҰҰ шеңберіндегі келіссөздер 1996 жылы сәуірде Каир қаласында, Африкада ядролық қарусыз аймақ құру туралы шартқа қол қойылуына алып келді [10]. Шарт мәтіні түпкілікті келісілген жеріне (ОАР-дағы қала) байланысты оны әдетте «Пелиндаб шарты» деп атайды.

ЯҚАА құру әрекетінің іске аспай қалған мысалдары да бар. 1992 жылы Корея түбегінде осындай аймақ құру ниетімен КХДР мен Оңтүстік Корея бірлескен декларация қабылдаған болатын. Өкінішке орай, тіпті кейде өткір қақтығысты жағдайға дейін алып келетін қауіпті саяси алауыздықтар салдарынан бұл уағдаластық күшіне енбеді. Ол былай тұрсын, 2004 жылы ақпанда ресми Пхеньянның ЯҚТШ-нан шығамыз деген мәлімдемесінен кейін бұл бастаманың жуық арада жүзеге асуы екіталай.

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа 2006 жылы 8 қыркүйекте, қол қойылып, 2009 жылы 21 наурызда күшіне енуі Орталық Азияда ядросыз аймақ құру жолындағы маңызды қадам болып табылды. Шартқа сәйкес, ОАЯҚТШ-ға мүше-мемлекеттер өз аумақтарында ядролық қару және оның бөлшектері немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды өңдеу, сатып алу және оларды орналастыруға, сонымен қатар, ядролық сынақтар өткізуге, ОАЯҚТШ жерінде радиоактивті қалдықтарды орналастыруға тыйым салу туралы міндеттемелер алды.[11].

Ядролық қарусыз аймақтар жасау ісі «қырғи-қабақ соғыс» тұсында басталып ол аяқталғаннан кейін де жалғасын тапты. Таяу Шығыс, Корея түбегі сияқты әскери-саяси шиеленіс өршіп тұрған өңірлерде ЯҚАА құру үшін күрес жүргізілуде. Сондай-ақ геостратегиялық маңызы бар өңір ретінде Орталық Азияда ЯҚАА құру жұмысы жалғастырылуда. Жалпы әрбір ЯҚАА-тың ерекшелігі мұқият талдауға лайық, өйткені олардың халықаралық-құқықтық рәсімделуінің өзіндік динамикасы бар. Сонымен бірге, әрбір ЯҚАА-та сол өңірдің даму қисыны мен таратпау тәртібінің әмбебап нормаларын үйлестіру талпынысы жасалуда. Осы тұрғыдан алғанда, қалыптастырылып болған ЯҚАА-дың сындарлы тәжірибесі Орталық Азия республикалары үшін өте маңызды.

Жоғарыда қарастырылған төрт ЯҚАА-тың жасалу тәжірибесі мен қызметі, сондай-ақ жаңа ЯҚАА құру әрекеттері әлемнің барлық елдерінің жартысынан көбін қамтыған мемлекеттердің қауіпсіздігін нығайтудың бұл түрінің жоғары тиімділігін көрсетсе керек. Ядролық биполярлық тәртіптің күйреуі аймақтық деңгейдегі қатерлерге деген назарды күшейтті және әлемнің көптеген мемлекеттерін олардың шешімін табудың жаңа жолдарын іздестіруге лажсыз итермелейді. Бұл тұрғыдан алған, ЯҚАА-тар, экономикалық интеграциямен қатар аймақтағы саяси бәсекелестіктің болмай қалмайтын келеңсіз салдарын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық қауіпсіздіктің бір түрі болып келеді.

«Қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуы ядролық державалардың ЯҚАА-ға деген көзқарасын айтарлықтай өзгертті. Ол кезде «ядролық бестіктің» ұсынылып отырған қандай-да бір ЯҚАА-қа қатысты ұстанымы ғаламдық тікетірес қисынымен анықталатын. Яғни қайсыбір мемлекет ядролық қаруды орналастыруды жоспарлап отырған өңірде ЯҚАА құруға жол бермеуге ұмтылды немесе керісінше, қарсыласы қандай-да бір өңірде өзінің ядролық қаруын орналастыра алмау үшін ЯҚАА құруды қолдау, ынталандыру керек болды.

Қазіргі уақытта ядролық елдер ядролық қаруды таратпау тәртібінің элементі ретінде ЯҚАА-дың рөліне көбірек көңіл бөле бастады. 1980 жылдардың соңында басталған әр түрлі ЯҚАА-дың хаттамаларына қол қою үрдісі кездейсоқ құбылыс емес. Еуропада орын алған жаңа ЯҚАА құруға байланысты күдіктердің сақталуы көбінесе «қырғи-қабақ соғыс» жағдайынан жаңа тәртіпке өту үрдісінің аяқталмағандығымен байланысты болса керек. Дегенмен онда да іргелі, шешілмес қайшылықтардың жоқтығын байқауға болады.

Қорыта келгенде, жоғарыда баяндалған сан-алуан ЯҚАА құру туралы ұжымдық келісімдердің ядролық қаруды таратпау қағидаларының салтанат құруында баға жетпес рөл атқарғаны күмәнсіз. Көбіне, мемлекеттердің ЯҚАА құру жолындағы бейбітшіл күш-жігерінің арқасында планетаның бүкіл оңтүстік жарты шарында қазіргі кезде ядролық қару жоқ. Осы фактінің өзі қарусызданудың күрделі де ұзақ жолындағы нақ ұжымдық, бірлескен күш-жігердің әлеуетті мүмкіндіктерін барынша айғақтайды.

ХХ ғасырдың 50 жылдары ортасынан бастап ядролық қаруды таратпау міндеттерін шешуге бағытталған халықаралық келіссөздермен қатар жекелеген немесе бір топ елдердің ЯҚАА құру ұсынысы нәтижесінде “ядролық қарудан тазартудың аймақтық тәсілі концепциясы” дами бастады. Әлем елдерінің ядролық қарудың таралуын шектеу жолындағы бірқатар халықаралық актілер мен шарттар қабылдауға бағытталған бірлескен күш-жігердің арқасында елеулі табыстарға қол жетті. Сол жетістіктер, ядролық қауіпсіздік мүддесіне сай келетін ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтып, ЯҚАА жасаудың оңтайлы тетігін қалыптастыру идеясын жетілдіре түсті.



Әдебиеттер:

1. Зоны, свободные от ядерного оружия. (Вопросы и ответы). - Алматы, 1997. - С. 7-8.

2. Договор о нераспространении ядерного оружия от 1968 года // http://www.un.org/ru/documents/decl_conv/conventions/npt.shtml [12.06. 1968]

3. Арыстанбекова А.Х. ООН и проблема разоружения // Казахстан - Спектр. – 1999. - №4(10). - С. 59.

4. Борьба Советского Союза за разоружение 1946-1960 годы / Под ред. В.А. Зорина. - М., 1961. – С. 416.

5. Тимербаев Р.М. Россия и ядерное нераспространение 1945-1968. - М., 1999. - С. 180.

6. Договор между СССР и США об ограничении подземных испытаний ядерного оружия от 1974 года // Советский Союз в борьбе за разоружение. Сборник документов МИД СССР. - М., 1977. - С. 137-139.

7. Договор о принципах деятельности государств по исследованию и использованию космического пространства, включая Луну и другие небесные тела от 1967 года // Борьба СССР за мирное использование космоса. - Документы и материалы МИД СССР. – М.: Политиздат, 1985. – Т. 2. - С.11-17.

8. Временное соглашение между СССР и США о некоторых мерах в области ограничения стратегических наступательных вооружений от 26 мая 1972 года // Борьба СССР против ядерной опасности, гонки вооружений, за разоружение. Документы и материалы / Гл. ред. А.А. Громыко. - М., 1987. – С. 363 -365.

9. Договор о зоне, свободной от ядерного оружия, в Юго-Восточной Азии от 15 декабря 1995 г. https://www.iaea.org/sites/default/files/infcirc548_rus.pdf. Международное агентство по атомной энергии. Информационный циркуляр [01.01.1999]

10. Договор о зоне, свободной от ядерного оружия, в Африке // Ядерное нераспространение / Под общ. ред. В.А. Орлова. Т. 2. М.: ПИРЦентр, 2002. С. 188–200.

11. Ядролық мемлекеттер бестігі Орталық Азия қауіпсіздігінің кепілдігі туралы хаттамаға қол қойды http://www.inform.kz/kaz/article/2656058 [07.05.2014]


1. Zony, svobodnye ot jadernogo oruzhija. (Voprosy i otvety). - Almaty, 1997. - S. 7-8.

2. Dogovor o nerasprostranenii jadernogo oruzhija ot 1968 goda // http://www.un.org/ru/documents/decl_conv/conventions/npt.shtml [12.06. 1968]

3. Arystanbekova A.H. OON i problema razoruzhenija // Kazahstan - Spektr. – 1999. - №4(10). - S. 59.

4. Bor'ba Sovetskogo Sojuza za razoruzhenie 1946-1960 gody / Pod red. V.A. Zorina. - M., 1961. – S. 416.

5. Timerbaev R.M. Rossija i jadernoe nerasprostranenie 1945-1968. - M., 1999. - S. 180.

6. Dogovor mezhdu SSSR i SShA ob ogranichenii podzemnyh ispytanij jadernogo oruzhija ot 1974 goda // Sovetskij Sojuz v bor'be za razoruzhenie. Sbornik dokumentov MID SSSR. - M., 1977. - S. 137-139.

7. Dogovor o principah dejatel'nosti gosudarstv po issledovaniju i ispol'zovaniju kosmicheskogo prostranstva, vkljuchaja Lunu i drugie nebesnye tela ot 1967 goda // Bor'ba SSSR za mirnoe ispol'zovanie kosmosa. - Dokumenty i materialy MID SSSR. – M.: Politizdat, 1985. – T. 2. - S.11-17.

8. Vremennoe soglashenie mezhdu SSSR i SShA o nekotoryh merah v oblasti ogranichenija strategicheskih nastupatel'nyh vooruzhenij ot 26 maja 1972 goda // Bor'ba SSSR protiv jadernoj opasnosti, gonki vooruzhenij, za razoruzhenie. Dokumenty i materialy / Gl. red. A.A. Gromyko. - M., 1987. – S. 363 -365.

9. Dogovor o zone, svobodnoj ot jadernogo oruzhija, v Jugo-Vostochnoj Azii ot 15 dekabrja 1995 g. https://www.iaea.org/sites/default/files/infcirc548_rus.pdf. Mezhdunarodnoe agentstvo po atomnoj jenergii. Informacionnyj cirkuljar [01.01.1999]

10. Dogovor o zone, svobodnoj ot jadernogo oruzhija, v Afrike // Jadernoe nerasprostranenie / Pod obshh. red. V.A. Orlova. T. 2. M.: PIRCentr, 2002. S. 188–200.

11. Jadrolyқ memleketter bestіgі Ortalyқ Azija қauіpsіzdіgіnің kepіldіgі turaly hattamaғa қol қojdy http://www.inform.kz/kaz/article/2656058 [07.05.2014]
Автор туралы мәлімет:

Көшербаев Ж.Д., халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к.








©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет