Єож ќолжазба ќ±ќында


«Г.Н. Потаниннің саяси және ғылыми көзқарасын қалыптастырудағы алғы шарттар»



бет10/18
Дата20.05.2024
өлшемі178.96 Kb.
#501580
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18
Тарих

«Г.Н. Потаниннің саяси және ғылыми көзқарасын қалыптастырудағы алғы шарттар» атты екінші тарауда Г.Н. Потаниннің өскен ортасы, Сібір кадет корпусының Г.Н. Потанин дүниетанымын қалыптастырудағы ролі, Г.Н. Потанин және П.П. Семенов-Тяньшанскийдің ұстаз бен шәкірт ретіндегі байланысы, Монғолия мен Қытайға саяхатының шығыстану ғылымына қосқан үлесі, Шығыс Тарбағатай туралы зерттеулерінің маңызы қарастырылған.
Г.Н. Потаниннің туған жері ХVIIІ ғасыр аяғында Ямышево маңызды әкімшілік және сауда орталығы болды, тіпті Омбыдан да маңызды еді, өйткені мұнда Ертіс бойынша әскери линияның бастығы мен үлкен гарнизон тұрды. Мұнда қонақ үй, мешіт болды. Тұз алу үшін және өз тауарларымен қоса Тобыл, Томск, Алтайдан, Қашғардан, Түркістаннан көпестер келетін. Омбының дамуына байланысты біртіндеп Ямышевоның да мәртебесі түседі.
Ресми атпен Сібір кадет корпусы деген атпен белгілі Омбы кадет корпусы ХІХ ғасырдың 40-жж. басында әскери казак училищесі құрамы есебінен қайта құрылған еді. Бұл училище 20-жж. губернатор Петр Михайлович Капцевич тұсында құрылған болатын. Ол 1822-1828 жж. Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметін істеді. Сперанский Сібірдегі ағарту ісіне Капцевичті тартқан, өйткені 20 наурыз 1823 ж. жазылған рапортта ағарту чиновниктерінің кемшіліктері және сібірліктердің кедейшіліктен Еуропалық Россияның университеттерінде білім ала алмағандықтан, Сібірде жоғары оқу орындарын ашу қажеттігі туралы баяндалған. Училищеде оқытылатын пәндердің саны орта оқу орындарындағы пәндер құрамына теңесетін. 250 орындық училище тікелей казак балалары үшін ашылып, казак әскери жасақтары қаражатымен жабдықталды. Мұғалімдер құрамы да казактар еді, жартысы офицерлер, жартысы урядниктер болатын.
“Естеліктерінде” Г.Н. Потанин “Әкем мені Омбыға 1846 ж. әкелді. Бұл кезде оқу орнының келеңсіз жағдайы тоқтаған еді. Біздің келуіміздің алдында казак училищесін кадет корпусы деп атау жөнінде хабарланады. Жаяу әскерлер офицерлері және азаматтық чиновниктердің балаларын қабылдау заңдастырылды. Олардан кадет корпусы құрамында рота құру, ал казактардан эскадрон құру белгіленеді. Жаңа киім (обмундировка), оқу бөлімін жақсарту, училищенің ішкі құрылымын жөндеу, жаңа мұғалімдер мен тәрбиешілерді астанадан әкелу сияқты жұмыстар алға қойылады. Алайда мен оқу орнына революцияға дейінгі жағдайында келдім”, - деп жазған. Омбы кадет корпусында Г.Н. Потаниннің болашақ ғылыми-әдеби қызметіне Қазақстанда туған Ф.И. Костылецкий, Е.И. Старков сияқты ұстаздарының ықпалы жоғары болған. Г.Н. Потанин 1852 жылы 17 жасында хорунжий шенімен корпусты бітіреді. Семейге 8-казак полкіне жіберілген Г.Н. Потанин қызмет жолындағы мәнсапты, материалдық игілікті армандаған жоқ. Ол сонау балалық шақтағы арманын жүзеге асыруды ойлады. Қазақстанға саяхаты басталып, Қапалда болды, Іле өзенінің оңтүстігінде, Ыстықкөлде болады. 1854 ж. Г.Н. Потанин қызмет еткен отряд «Верный» қамалын салады. Осындай іс сапарларын Г.Н. Потанин қағазға түсіріп отырған.
Шоқан мен Г.Н. Потанинді П. Семенов қызықты да ақылды жастар ретінде бағалаған. 1856 жылы Омбыға келген Петр Петрович Семенов әуелі Шоқанды іздеген, сөйтіп екеуі бірге Г.Н. Потанинге барған. Ол кезде Г.Н. Потанин мұрағаттағы “генерал Киндерманның әскери-жорық кеңсесінің” жазбаларымен танысып жатқан болатын. Семенов бұл құжаттармен де, гербарийлермен де танысады. Г.Н. Потанин әр өсімдіктің латынша атын атаған. Бұл П. Семеновты таңдандырмай қоймайды. Семенов оған Петербург университетіне түсу керектігін, Сібірде қалса, одан ештеңе шықпайтынын, жай қарапайым казак офицері болып қалатынын айтқан. Осындай ұстаздарының да Г.Н. Потанинге ықпалы мен кеңесі өмірінің мазмұнды өтуіне әсер еткен еді. П. Семеновтың, М. Бакуниннің көмегі арқасында Г.Н. Потанин 1859 ж. астанада зерттеу ісін бастап, ғылыми және қоғамдық өмірге қабілетті екенін көрсетеді. Осында Г.Н. Потанин жерлестерімен де араласып тұрған. Н.С. Щукинмен және Қазандағы сібірлік студенттермен, сол арқылы Петербургтіктермен, С.Я. Капустинмен байланыс жасаған. Осындай ғылыми байланыс ғылыми еңбектің нәтижесі болды. 1859 ж. Г.Н. Потанин «Вестник РГО» хабаршысында «Материалы для истории Сибири» еңбегін жариялайды. Осы жылы Омбы кадет корпусында естеліктерін айтып сөз сөйлеген. Г.Н. Потанин, П.П. Семенов Тян-Шанский де Ш. Уәлиханов еңбектерін шығаруға үлкен үлес қосқаны белгілі. Генерал К.К. Гутковскийдің және Тян-Шанскийдің ұсынысымен Орыс географиялық қоғамының кеңесі Ш. Уәлиханов еңбектерін жарыққа шығару туралы шешім қабылдаған.
Томск мемлекеттік университеті кітапханасының сирек қолжазбалар қорында П.П. Семеновтың немересінің Г.Н. Потанинге жазған хаты бар. Онда былай деп жазылған: «Аса құрметті Григорий Николаевич! Сізге аты аз белгілі немесе Сізге мүлдем белгісіз Сіз білетін Петр Петрович Семенов-Тяь-Шанскийдің үлкен немересі жазып отыр. Мен марқұм Атам Сізге қалай қарағанын білемін, Сізді бағалайтын әрі сыйлайтын, Сіз де оған қалай қарағаныңызды білемін. Петр Петрович қайтыс болғанда Сіздің біздің отбасымызға көңіл айтып шын жүректен жазған телеграммаңыз бәрімізді де толғандырған. Осының бәрі мені Сізге үлкен бір өтініш жазуыма әкелді. Оны жазбастан бұрын әуелі Сізге шын жүректен сәлем жолдаймын, нақ Сіздің еншіңізге Сібірді біріктіру түсті және оны Өзіңіздің ұзақ та даңқты өткен терең мағыналы ғұмырыңызда жүргізе алдыңыз. Тек белгілі географтың немересі ретінде емес, өзім де Сібірмен терең байланысым болғандықтан осы сәлем хатты және Сізге өтінішімді жолдап отырмын. Сібірмен бала кезімнен Атаммен жүріп етене жақын болдым, оның қасынан түрлі халық пен саяхатшыларды, сібірлік зиялыларды кездестірдім. Гимназияда оқып жүргенімде мен Географиялық қоғамның мәжілісіне үнемі қатысып жүрдім. 1896 ж. Нижегородтағы бүкілресейлік көрмеде болдым, онда Атам Азиат бөлімін басқарған. Сонда сібірліктермен кездестім, әрі сібірлік мүдде айналасында болдым. Менің әкем өз кезінде Пермь-Котласс темір жолының экономикалық жайымен жүрген. Ол Ақмола облысының біраз бөлігін және Тобыл губерниясының оңтүстік-батыс бөлігін жүріп өткен. Мен әкеме көмектесіп, баяндамасын жөндейтінмін және оның барлық ісін білетінмін». Одан әрі отбасын қамтамасыз ету жөнінде біраз жазған. Өмірбаяны «Рафаиль Дмитриевич Семенов Тян-Шанский, Семенов Тянь-Шанскийдің үлкен ұлы Дмитрий Петровичтің үлкен ұлы. 31 тамыз 1879 жылы Санкт-Петербургте туған. 1889 жылы әулие Екатерина Еванг. Лют. Шіркеуіндегі училищесіне түскен, 1894 жылы бұл училищеден гимназияның 4 сыныбына өтеді. 1899 ж. Спб. Университетінің жаратылыстану бөлімінің физика-математика факультетіне түсіп, оны 1903 жылы бітеді, мемлекеттік емтихандарды 1905 ж. тапсырады», - деп басталған. Арада қанша жыл өтсе де, П.П. Семеновтың немересінің басына күн туғанда атасының шәкіртінен көмек сұрауы адамға тән қасиет деп түсінеміз. Қазақта да «әкең өлсе де, әкеңді көрген бар» деген мақал осыны дәлелдейді.
1865 жылы Г.Н. Потанин Сібірді Ресейден бөліп алу идеясын насихаттаған «сепаратистер» үйірмесін ұйымдастырды деген күдікпен ұсталады да, бес жылға айдауға жіберіледі. Г.Н. Потанин үстінен тергеу жүріп жатқанда күндері Алтынемелде досы Ш. Уәлиханов қайтыс болады. Досының өлімі мен өзінің тұтқындалуы нәтижесінде Г.Н. Потанин бірнеше жыл ғылымнан қол үзіп қалады. Бірақ көкірегінде үлкен армандары, мақсат-мұраты бір сәт естен кеткен емес. Г.Н. Потанин өз өмірін Азия елдерін зерттеуге арнаған. Бостандыққа шыққанан кейін Григорий Потанин Монғолия, Урянхай өлкесі, Тибет пен Қытайға 1876-1880 жж. саяхат жасайды. Кадет корпусында алған білімі осы жылдары жүзеге асты. Шығыс тілдерін білуі, жергілікті салт-дәстүр жөніндегі материалдары енді ғылыми айналымға түсугежол ашты. Осы елдердің этнографиясы, географиясы, тарихы туралы мәліметтерді көптеп жинады.
1876-1880 жж. саяхатында және «Солтүстік Монғолия очерктері» еңбегінде ауызша тарихты жинақтаудың салыстырмалы әдісі мен түсініктеме берудің өзіне тән ерекшелігін қалыптастырды. Қазақтың ауызша тарихында ол генеалогиялық тақырыптар мен жанрларды көрсетіп, сараптама жасаған. Қазақтардың жеті атасын білуі, одан кейін бұрынғы ата-бабасын тізбектеп, еске түсіруі әдеттегі іс екенін баса айтқан.
«Гэсэр хан туралы монғол аңыздары» деген мақаласында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының түп төркіні монғолдың «Гэсэрінде» жатыр деген ой айтады. Г.Н. Потанин былай деп жазады: «...кейбір қырғыз ертегілері (қазақ деп түсінеміз Т.Ж.), Қозы Көрпеш және Қозай (Ер Гокчу) ертегілерінде Гэсэр тақырыбы бар. Қозы Көрпеш башқұрларға да белгілі. Батысқа таман гэсэрлердің тақырыбы осетин, шешен, черкес және кавказдық татар тау халықтарының аңыздарында кездеседі» десе, келесі бір еңбегінде «...Қозы Көрпештің сюжеті Өлмейтін Кащей туралы орыс ертегісінде қайталанады», - дейді. Бұл салыстырулары басқа мектептің «қаңғыбас сюжет теориясы» («теории бродячих сюжетов») өкілдерінің пікірімен сай келеді. Г.Н. Потанин сюжеттердің жақындығын айта отырып, мұндай жақындық монғолдардың, алтайлықтардың, қазақтардың фольклорында бар екенін көрсетті. Шынында да, халықтардың ауызша-поэтикалық мәдениеттің жалпылығы көптеген халықтарда кездеседі.
Г.Н. Потаниннің ірі еңбектері қатарына 1893 ж. Орыс Географиялық қоғамы шығарған Қытай мен Орталық Монғолияға жасаған саяхаты туралы екі томдық кітабы болып табылады. Оның бірінші баспасына екі карта енгізілді: А.И. Скассидің маршрутта жасаған көріністері және Қытайдың үлкен картасы. Өсімдіктердің атын жазған кезде Г.Н. Потанин жергілікті атауларды (қытай, монғол, тангут, салар, т.б.) қолданған.
Орхон, Селенгі бойларын мекендеген халықтардың өміріне салыстырмалы талдау жасаған.
Рабданов телеграммасында “Аса құрметті Григорий Николаевич! Егер мүмкін болса экспедицияның қандай да бір керегіне жарармын, осы маңызды іске қажет болсам елді білетін тамаша бір тілмаш табамын. Жеке сөйлескім келеді. Телеграфтаңыз. Рабданов”, - деп жазған. Демек, әйтеуір шетелге барсам болды деген ниетпен қалай болса - солай экспедиция құрамына әркім кіре бермеген.
Шығыс Тарбағатайға сапары туралы Г.Н. Потанин мен Карл Струвенің жазғаны тарихи география бойынша да біраз мәлімет береді. 1864 жылы олар сапарын Тарбағатайдың оңтүстік етегінде жатқан Ұржар станицасынан бастап, 14 маусымда Тарбағатай етегінен 30 шақырым жерде, Алакөл аңғарында тыныш жатқан Жайтөбенің шығыс етегіндегі Мақаншы бұлақтарынан өтеді. Мақаншы Ұржар станицасының оңтүстік-шығысындағы Қытайдың Шәуешек қаласына қарайғы қысқы жолда орналасқан. Авторлар бұл жерлердің топонимикалық атауларына да тоқталады. Мақаншы атауы Батыс Жоңғарияда кездеседі. Сібір қырғыздары облысы басқармасының мұрағатында Жоңғар ханының ордасы орналасқан Іле өзеніндегі Махачи жартасы жөнінде мәлімет бар. Бұл Риттердің айтқан Махациі де болуы мүмкін, Тянь-Шаньдағы аңғар және Маци Гулагудың жорығы кезіндегі Тянь-Шаньдағы станция.
Мақаншының жасыл алқабында шала қазақ Ахмет Баймұратов 50 ауладан тұратын ауылдың негізін салып, ол өзі кірпіштен үй салып, 10 десятина жерге егін, бау-бақша салды, сонымен бірге Қытайдың шөбі муисті екті, сөйтіп шөп өсірумен айналысты. Үйді жылыту үшін қыс айында 4000 ағашқа тапсырыс жасаған. Уақыт өте бұл жерге Ахмет су диірменін салмақшы болған. Шығысқа қарайғы Қатынсу деген жерде Тума деген болыстың старшыны өз егіншілерінен 50 аула ауыл құрмақшы болған. Шәуешекке қарайғы қыстық жолда орналасқан жердің жағдайы осылайша жақсарады деп санады.
Жергілікті көшпелі халық отырықшылыққа көшуге талпынса, Г.Н. Потанин мен Карл Струвенің айтуынша, шала қазақтардың көбі жер алуға арыз жазған, бір жерді алуға бірнеше адам жазған кездер де болған. Мысалы, жоғарыда аталған Ахмет Баймұратов арыз берген жерге де қазақтардың біреуі жазған. Бұл істе ауқатты қазақтар, болыс старшындары, шала қазақтардың ішіндегі диірменшілер мен ұсақ саудагерлер белсенділік көрсетті. Бұлар орыс билігінің бекем болатынын біліп тұр, сондықтан Ахмет Баймұратов Мақаншыда орналасуға рұқсат берген өкімет актісін тез алуға әрекет жасап қана қоймай, губернатор бекіткен өз ауылының да жоспарын жасап алмақшы болған. Көшпелі халықтың көбі өкімет актісінің мәнін түсіне бермегені рас. Ахмет Баймұратов болса өкімет адамдарына қазақтардың жерге меншік туралы заң жөнінде түсінігі жоқ, сондықтан губернатор қол қойған қағазға қарамай, оның жайылымына малын жаятынын айтқан. Құрып кеткенде 40 жыл алға қарап, жорамал жасай алатын Ахмет Баймұратов қазақтардың жер құқығына қатысты сауатын біртіндеп ашпақшы болды.
Жайтөбеден шығысқа қарай Бақты тауларына дейінгі төбешік жерлерде өсімдіктер өте көп. Олардың аттарын Г.Н. Потанин мен Карл Струве латынша берген. Жолда қытайлар салған үйлер де көп екенін жазған. Оның біреуі Қатынсу мен Лайбұлақ өзендерінің арасында орналасқан. Бақты Жайтөбе сияқты Тарбағатайдан оңтүстікке қарай түсіп тұрады. Бақты тауының атауын қазақтар қытайша Богдо деген атауды бұзып айтқан сияқты деп пайымдайды Г.Н. Потанин мен Карл Струве.
Аталған топонимдер «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында да кездеседі. Онда Баян сұлуды көрмей-ақ сырттай ғашық болатын тоқсан серінің Баянды іздеп келе жатқаны былай суреттелген:
Қаратау, Тарбағатай жерге келді,
Жайтөбе, Қатынсуы көлге келді.
Басынан Ақшәулінің дүрбі салып,
Отырған Аягөзде елді көрді.
Осындағы Жайтөбе – Мұқаншының іргесіндегі төбе болса, Қатынсу – Мұқаншы мен Қаратал ауылдарының ортасындағы өзен. Одан беріде Мұқаншы, Ұржар, Барқытбел (Тарбағатай), Алакөл – қазақ-жоңғар соғысының шайқастары болған жер. Қабанбай батыр бастаған төрт Төлегетай, әсіресе оның Қаракерей бұтағы қоныстанған жер. Ноғайбай Сүлейменұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы сынды арқалы ақындар жырлаған, Қытай қазақтарына сапарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Марсеков, О. Әлжанов сияқты алаш арыстары аялдаған мекен. Бейімбет Майлин «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» сынды төрт-бес әңгімесін Алакөлдің жағасындағы Көктал ауылында жазыпты. Міне, осы жерлерде ХІХ ғ. екінші жартысында Г.Н. Потанин болған.
Қорыта айтқанда, Г.Н. Потаниннің Азия елдеріне саяхатының нәтижесі шығыстану ғылымына қосылѓан үлкен үлес еді. Оның көптеген мәліметтері әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Г.Н. Потаниннің Тибет пен Қытайға жасаған екінші сапары тарих, этнография, георафия саласына үлкен үлес қосты. Экспедиция құрамына кірген адамдар да білімді еді. Сондықтан әкелген мәліметтерінің мазмұны бай болды, сөйтіп шығыстану ғылымына сүбелі үлес қосылды. Г.Н. Потаниннің Монғолияға, Хинганға жасаған сапары материалдарынан тарихи география, этнография бойынша көптеген мәлімет алуға болады. Олардың ғылымда әлі маңызы зор. Монголия мен Қытайға жасаған саяхатынан күнделік жазған, олар кейін көп томдық шығармаларға айналған. С. Олденьберг академиктің айтуынша, жекелеген жерлер мен орындардағы бақылаулары тыңғылықты, оның күн сайын жазған күнделік мәліметтері аса құнды болып келеді. Оған зерттеушілер жиі-жиі ден қояды. Міне сондықтан да Г.Н. Потаниннің бұл саладағы тындырған істері аса ауқымды болды деп айта аламыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет