З. Н. Сейітжанов Ресми оппоненттері



бет1/4
Дата25.02.2016
өлшемі197 Kb.
#20212
  1   2   3   4
ӘОЖ  398.21/22(943.42)(510)                                       Қолжазба құқығында

АЯЗБАЕВА ҰЛБОСЫН БАЗАРХАНҚЫЗЫ

ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ ТУРАЛЫ ТАРИХИ ЖЫРЛАР

(Қытайдағы қазақтардың ХІХ ғасырдың екінші және ХХ ғасырдың бірінші жартысында туған тарихи жырлары бойынша)


10.01.09 – фольклортану


Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

 Алматы, 2007

           

Жұмыс І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасында орындалған.


Ғылыми жетекшісі:              филология ғылымдарының



докторы, профессор З.Н. Сейітжанов

Ресми оппоненттері:             филология ғылымдарының



докторы, профессор Т.Ә. Қоңыратбай

     


                                                филология ғылымдарының

 кандидаты Қ.Алпысбаева

Жетекші ұйым:                     Абай атындағы Қазақ ұлттық

                                                педагогикалық университеті

         

          Қорғау 2007 жылғы «2» қарашада сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде өтеді (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


          Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады. (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).

          Автореферат 2007 жылдың   «___» _____________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының кандидаты,



доцент                                                                                     С.С.Қорабай
                            
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
    Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ деген ұлт біреу-ақ, демек, оның тілі мен діні, тарихы мен этнографиясы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті де біреу-ақ. Олай болса, шет елдегі қазақтардың әдеби мұрасы - жалпы қазақ мәдениетінің ажырамас бір бұтағы, сырттан құяр қайнар бұлақтың бірі.

Бұл күндері тәуелсіз ел болып шаңырақ көтердік. Қоғамдық өмірде түбегейлі өзгеріс болды. Атажұртты аңсаған ағайындарды бауырға тарта бастадық. Олардың тағдыр-тарихын, рухани дүниесін зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл жөнінде елбасы Н.Назарбаев: «Ұлттың рухани өмірі, оның мәдениетіне байланысты әлі де болса көпшілік қауымға жетпей жатқан тарихи, әдеби асыл мұраларымызды игеру жолында еңбектену, бұрын мән бермей келген халықтану, шығыстану, түркітану ілімдерін барынша дамытуға көңіл қою, ұлттық мәдени ерекшеліктерімізді сақтау, жинау, зерттеу ісін жетілдіре түсу – бүгінгі маңызды міндеттеріміздің қатарына кіреді» 1, Б.14-15  - деген болатын. Бүгінгі күннің кезек күттірмес міндетіне айналған бұл іс оқымысты қауымға да үлкен міндет жүктегені белгілі. Осы ретте академик С.Қирабаев: “Қазақ халқының рухани мұрасы тек бүгінгі Қазақстан жеріндегі ұлт өкілдері еңбектерімен шектелмейді. Тағдырдың тәлкегімен шет елдерге және бұрынғы КСРО көлеміндегі мемлекеттерге ыдырап кеткен қазақтардың әдебиеті мен мәдениеті де біздің ұлттық байлығымыздың бөлінбес бөлігі” 2, 17-б. - деп орынды пікір айтады.

Қазақ халқының бір бөлігі Шыңжаң өлкесінің солтүстігін мекендейді. Шыңжаң атауы - ХҮІІІ ғасырдың 50-жылдары мәнжүрлік Цин әулеті жаулап алған Шығыс Түркістан мен Жоңғария даласына берілген қытай атауы "Жаңа шеп" немесе "Жаңа шекара" деген мағына береді. Бүгінде Қытай мемлекетінің құрамдас бөлігі. Қазақтар негізінен Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарына шоғырланған. Соңғы санақтарға қарағанда Шыңжаңда бір млн.екі жүз мың қазақ бауырларымыз өмір сүріп келеді екен 3, 240-б..

    Қытай отаршылдары қазақтарды уысынан шығармау үшін сан түрлі амал-айла қолданып келді. Сондықтан Қытайдағы қазақтар озбырлықтың небір қорлық-зорлықтарын бастарынан өткерді. “Қытай билеушілері қазаққа ауыр алман салық салу арқылы күшпен ұстаймыз деп сенді. Бірақ қазақ халқы қытайдың мұндай қанау, дінсіздендіріп ассимиляцияға ұшырату, қолындағы құрал-сайманын тартып алып, ел бастайтын ерлер мен халықтың ар-ожданын қорғайтын көсемдерін, рухани дем беруші ақын–жазушыларын абақтыға жабу, олардың көзін біржолата жою, құнарлы жерлерге ішкі қытайдан «тың игерушілерді» қоныстандыру, ...” 4, 81-б. сияқты жан түршігерлік қорлық-зорлығына қарсы күресті.

    Отаршылдардың түрлі жолдармен жүргізген қысым-қиянаттарына шыдамаған халық әркез азаттық, еркіндік үшін арпалысқа түсіп, атқа қонып отырды. Олардың ішінен ел бостандығы, жер тұтастығы жолында күрескен ерлер шыға бастады. Демежан, Бөке, Зуха, Оспан, Елісхан, Әкбар, Сейіт, Бүркітбай, Сұлубай т.б. батырлар тұлпар жаратып, ту көтерді. Елді бастап, озбырлықтан құтылуға ұмтылды. Бірақ басқаның басымдығына шыдамай елінің ертеңін ойлаған батырлар мақсат-мұраттарына жете алмады. Ұлт-азаттығы жолында мерт болды.

    Халқының қамын ойлаған батырлардың ерлік әрекеттері көп көңілінде қалды, ұрпаққа өнеге болды. Сондықтан халық ішінен шыққан ақын-жыршылар батырлардың ерліктері жайында көптеген өлең-жырлар тудырды. Ұлтының азаттығы үшін күрескен ерлерді дәріптейтін мұндай тарихи жырлар ауызша тарап, халықтың рухани қажетін өтеп келеді.

    Біздің зерттеуімізде Қытайдағы қазақтардың ұлт азаттығы үшін күрескен ерлердің көтерілісіне байланысты туған “Демежан батыр”, “Зуха батыр”, “Үркін-қорқын”, “Жақыпберді батыр” қатарлы тарихи жырлар алғаш рет зерттеу нысанына айналды. Бұрын ғылыми айналымға түспеген бұл жырлардың ерекшеліктерін ашып, жан-жақты зерттеу - фольклортану ғылымының басты проблемаларының бірі. Жұмыстың өзектілігі де осы қажеттіліктен байқалады. Сондай-ақ, бұл жұмыс мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасына да сәйкес келеді.

    Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қытайдағы қазақтардың халық әдебиеті, соның ішінде тарихи жырлардың туып, даму жолдары соңғы жылдары ғана зерттеу нысанына айнала бастады. Әйтсе де, осы елдегі  қазақтар арасында айтылатын ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлар қазірге дейін арнайы зерттелген емес. Бұл жанрдың мән-маңызы туралы мақалалар жазған әдебиетші-зерттеушілер саусақпен санарлық. Олардың қатарында Н.Мыңжани, А.Татанайұлы,  Б.Кәсей, А.Кірішбаев, О.Қызырқанұлы, Ж.Маман, З.Сәнік, І.Сүлейменұлы, Т.Қабаев, т.б. болды. Бұл әдебиетшілердің мақалаларында таптық принцип пен коммунистік идеологияның әсер-ықпалы зор болды. Сондықтан олардың зерттеулерінде ұлт-азаттық көтерілісінің шығу себептері мен олардың мақсаттарын ашып айта алмады, тек мазмұндық таныстыру деңгейінде ғана жазылған еңбектер болды. 

    Қытайда тұратын қазақтардың фольклоры соның ішінде тарихи жырларын зерттеу нысанасы етіп алған ғалым З.Сейітжанов болды. Ол 1988 жылы “Қазақтың реалды-тарихи эпосы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Автор өз жұмысында Шыңжаңдағы қазақтардың бірнеше тарихи жырларының ерекшеліктерін ашып, оларға алғаш рет түркі тілдес халықтардың жырларымен тарихи-типологиялық салыстыру жасады. Ортақ сипаттары мен өзгешеліктерін айқындады. Осы арқылы эпикалық дәстүрдің жаңа бір белесін – реалды-тарихи эпостың қалыптасуын тұжырымдады.

    Зерттеудің мақсаты мен міндеті. Диссертациялық жұмыста ұзақ уақыт ақтаңдақ қатарында қалып, зерттелмей келе жатқан Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлардың пайда болып, қалыптасу жолдарын белгілі кезең шындығымен байланыстыра қарап, сипаттама беру мақсат етілді. Осындай өзекті мәселені шешуде төмендегідей міндеттер белгіленді:

Ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырлардың жиналу, жариялану, зерттелу деңгейін пайымдау;

Тарихи жырлардың жанрлық табиғаты мен жырлану ерекшеліктерін саралау;

Гоминдаң өкіметінің қазақ ұлтына жасаған қысымының тарихи жырлардағы көрінісіне баға беру;

Ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған жырлардың тақырыптық-идеялық сипатын зерделеу;

Тарихи жыр мен тарихи шындықтың арақатынасын анықтау;

Жырлардағы образдар жүйесінің бейнеленуіне мән беру;

Тарихи жырлардың поэтикасы – бейнелеу құралдарының эстетикалық табиғатын ашу. 

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қытайдағы қазақтардың азаттық жолындағы көтерілісіне байланысты туған тарихи жырларды жүйелеп, алғаш рет ғылыми айналымға қосу және оларды жан-жақты бүгінгі күн талабы тұрғысынан зерттеу жұмыстың ғылыми жаңалығын көрсетеді. Диссертацияда ХІХ ғасырдың екінші және ХХ ғасырдың бірінші жартысында туған тарихи жырлар халықтың азаттық, бостандық жолындағы күрестерінің фольклордағы көріністері екендігі дәлелді түрде тұжырымдалады. Халық үшін қан майданға шығып, қаһармандық-ерлік көрсеткен батырлар жайында туған тарихи жырлардағы ұлт-азаттық идеясы сол тұстағы саяси-әлеуметтік жағдайлармен, тарихи факті-деректермен салыстырыла, сабақтастырыла қарастырылуы – ғылыми еңбекте көтерілген мәселенің сонылығын, маңыздылығын, ауқымдылығын байқатады. Есімдері ел тарихында мәңгілік жатталатын батырларымыз хақындағы тарихи жырлардың тарихқа қарым-қатынасы мен поэтикалық ерекшеліктерінің фольклорлық тұрғыдан талдануы ғылым үшін мәні бар жаңалық екендігін дәйектейді.

      Зерттеудің нысаны. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қытайдағы қазақтардың саяси-әлеуметтік жағдайы мен елім деп еңіреген ерлердің ерліктері негіз болған тарихи жырлардың Қытайда шығатын «Шалғын», «Мұра» журналдары мен Үрімжі қаласында басылған «Қазақ ауыз әдебиетінен таңдамалылар» және «Қазақ қиссалары» жинақтарында жарық көрген жыр нұсқаларының мәтіндері алынды. 



Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу барысында қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері М.Әуезов, А.Байтұрсынов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, С.Сейфуллин, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Н.С.Смирнова, З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, М.Жармұхамедұлы, Т.Қоңыратбай, Ш.Керім, Б.Әзібаева, т.б. ғалымдар еңбектері теориялық-методологиялық негіз ретінде пайдаланылды. Сонымен бірге орыс ғалымдары В.Я.Пропп, Б.Н.Путилов, В.М.Жирмунский, В.М.Гацак еңбектері және  Қытайдағы қазақ фольклорын зерттеген Н.Мыңжани, Б.Кәсей, А.Кірішбаев, З.Сәнік, Ә.Қалиұлы, Т.Қабаев зерттеулері басшылыққа алынды. Сондай-ақ, тарихи дерек көздері ретінде Н.Мыңжанидың, А.Татанайұлының, М.Қозыбаевтың, Н.Мұқаметқанұлының, Л.Бадавамовтың, Ж.Сәмитұлының, Су Бейхайдың зерттеу еңбектері назарда болды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

Қытайдағы қазақтар арасында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты тарихи жырлар туды.

Қытайдағы қазақтардың тарихи жырлары атамекендегі қазақ фольклорының құрамдас бір бұтағы.

Тарихи жырларда халықтың азаттық арман-тілегі көрініс тапты.

Бодандық бұғауына қарсы тұрып, ұлт тәуелсіздігі жолында ақын-жыршылар сөз өнерін қару етті.

Ел еркіндігі үшін күрескен батырлар бейнесі нақты суреттелген.

Жырларда тарихи шындық пен көркемдік шындық үйлесім тапқан.

Фольклорлық мұра негізінде идеялық-көркемдік дәстүр сабақтастығы дәйектелді.

Зерттеу жұмысының әдісі. Жырларға талдау жасау барысында жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы зерттеу әдістері қолданылды.

Зерттеудің практикалық маңызы.  Жұмыс нәтижелерін жоғары оқу орындары студенттеріне арналған фольклортану саласы бойынша арнайы курстар мен семинар сабақтар жүргізгенде кеңінен пайдалануға болады. Сондай-ақ, зерттеу нәтижелерін фольклортанушыларға, жоғары оқу орындарының оқытушыларына, студенттері мен ізденушілерге, аспиранттар мен магистранттарға шет елдегі қазақ фольклортану саласы  бойынша қажетті теориялық-практикалық көмекші құрал ретінде ұсынуға болады.

Зерттеу жұмысының сарапталуы. Диссертациялық жұмыс І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының мәжілісінде қаралып, қорғауға ұсынылды. Жұмыстың негізі нәтижелері мен тұжырымдары республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым саласындағы аттестаттау және қадағалау комитеті белгілеген тізімдегі ғылыми басылымдарда 8 мақала жарық көрді.

    Диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен  және қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі берілген.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет