Заң ғылымдарының магистрі Муйденова Алия Калжановна



Дата16.06.2016
өлшемі96.83 Kb.
#139606
Заң ғылымдарының магистрі Муйденова Алия Калжановна,

Ю-12-1 оқу тобының студенті Нұрғалиев Күмісбек

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Адвокаттың қорғау сөзі

Ғылым мен заңдардың дамуына байланысты сот өндірісінің маңызы да күн санап арта түспесе, кемімек емес. Демек, сот өндірісінің, соның ішінде сот жарыссөзінің үкім не шешім шығаруда атқаратын міндеті зор. Олай дейтініміз, адвокаттардың қорғау сөзі сот шешімін заңды және негізді шығуы үшін ең қолайлы, ең тиімді, ең жедел әдісі болып табылады.

Азаматтардың құқықтарын қорғауды, заңды кәсіби кеңес беруді өзінің ең басты міндеті етіп алатын адвокат екенін, ал ондағы кез-келген адвокаттың –қорғаушы екенін ұмытпауымыз керек. Заңды жетік білу өз алдына, сонымен қатар сол заңды өз тілімен, шешендік өнерін пайдалана отырып, іске қатысушыларға, сотқа түсінікті жеткізе білу – адвокатқа қойылар ең үлкен талап болып табылады. Сондықтан кез-келген сала бойынша адвокат – қорғаушы ұдайы өз білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін үздіксіз шыңдап отыруы қажет. Әйгілі шешендік өнерді зерттеген ғалым С. Негимовтың мына бір ескертпесін әсте ұмытпаған жөн.– «Қазіргі айыптаушылар мен қорғаушылар сөзінде ойдан гөрі айтыс-тартыс басым, Түйінді сөз айтуға ұмтылмайды. Әр күн сайын тілді дамытып отыруға, әңгімелесу үстінде естіген соны сөздерді жазып, көңілге тоқуға машықтану дұрыс. Шешеннің сөзі күн айнаға қалай түсіп жататыны секілді сондай дәл ап- анық болғаны жөн» [1, 15 б].

Сот процессі барысында оның бастапқы жетекшілік ережесін сақтап отыру шарт. Ал құқықтың көп салаларының даму шапшаңдығына байланысты, жоғарыда атап өткендей, адвокатураның маңызы арта түсуде. Адвокаттардың қорғау сөзі – ең жаңа қажетті деректерді тез жеткізудің бірден-бір тәсілі. Өйткені сот жарыссөзі үшін қажет тиімді, кесімді сөздерді нақты да дәл жеткізіп, оны іске қатысушылардан бұрын айыптау жағы прокурор мен сотқа ақиқатты ашуға, заңды тұрғыдан әділ үкім шығаруға негіз болу қиын мәселе екені белгілі жайт болса да , озық та білімді адвокат-қорғаушының сөзі олар үшін қашанда дайын болу керек.

Жалпы ережелерді нақтылай отырып, адвокаттардың қорғау сөзінің мақсаты мен міндеттерін былайша сипаттауға болады:

Бірінші мақсаты – ол тыңдаушыларды нақты бір іс саласына жетелей отырып, оны осы процесстің негіздерімен, сипаты мен орындалу амал-тәсіліне, мақсаты мен ниетіне терең талдау жасау және болған жағдайды, оқиғаны толық қайта қалпына келтіру.

Екінші мақсаты – Қылмыстың жеке бөліктеріне тиісті баға беру және сотқа қатысушы тұлғаларға талқыланып отырған істің мазмұнын терең түсінуге және шығарылған үкімнің қаншалықты әділ шығуына көз жеткізулеріне мүмкіндік беру. Кәсіби шеберлігін шешендік өнер яғни сөйлеу өнерімен жалғастыра сабақтастыра отырып, адвокат-қорғаушы нақты бір жүйеге құрылған, мән-мазмұнға бай, сауатты сөйленген сөз ғана сот төрелігінің мейлінше әділ шығарылуына кепіл бола алатынын дәлелдейді.

Процесс барысында адвокат-қорғаушы сотқа қатысушы тұлғаларға алдымен қылмыстың неге, неліктен болғанын, сотқа нені, қалай дәлелдеген ләзім екенін, соңғы жетістіктерімен таныстырып, қазіргі мәселелерді, соның ішінде сот шешіміне қалайша әсер еткен дұрыс дейтін сауалдарға жауап іздеп, өзі нақты айналысып жүрген сотталушы мен жәбірленушінің жеке тұлғалық мінездемелері, қылмыстың жасалуына түрткі болған мән-жайларға талдау жасау және жазалау шаралары туралы төл ойлары мен азаматтық талапты қамтиды. Өзі айналысып жүрген зерттеулермен таныстыру арқылы ол тыңдаушыны қылмыстық істің бір белгілі саласына жетелеп, олардың оған деген ынтасын көтереді. Қорғау сөзінің мазмұнын шешендік тұрғыда баяндай білу, адвокат үшін ең негізгі шарт болып табылады.

Өз міндетін орындау үшін, адвокаттың қорғау сөзі мынадай талаптарға жауап беруі керек: дәйекті де мазмұнды, тартымды, ал адвокаттың өзі заң саласындағы ілімді жетік меңгеріп қана қоймастан, үлкен мәдениеттің иесі болуы тиіс.

Сот ісіне қатысушы тұлғалардың, оның ішінде айыпталушының өзінің де сотқа, сот әділдігіне деген көзқарасының қалыптасуына, ынтасын, сезімін адвокаттың жеке қасиетінің, оның қорғау сөзінің мазмұны мен баяндау әдісінің үлкен ықпалы бар.

Қорғау сөзі – адвокат қорғаушылар мен айыпталушының өзін-өзі қорғау үшін ең бір маңызды, кәсіби және жауапты міндеттің бірі.

Қорғау сөзінің шеберлігін меңгермеген адвокат жақсы қорғаушы бола алмайды, ол өз әріптестері арасында да бедел мен құрметке ие болмайды.

Қорғау сөзі маңызды болуы үшін: адвокат-қорғаушыдан алдымен өз саласы бойынша терең білім мен өз қарауындағы істі еркін меңгеру, міндеттерді айқын сезіну, сол істің маңызы мен тарихын, қазіргі уақытқа сай анықталған нақты мән-жайларды заң тұрғысынан бағалау, істің зәру мәселелері мен болашағын білу талап етіледі. Адвокат-қорғаушының жалпы мәдениеті, оның жан-жақты сауаттылығы, жалпы заң білімі, философия саласындағы салиқалы ой-өрісі, көзқарасы, қылмыстық жазаны қолдануға байланысты немесе одан адалау жөніндегі тұжырымы, сондай-ақ қорғау әдістері, сөйлеудің айқындылығы мен тазалығы,сөз байлығы мен өз тәжірибелерін меңгеруі аса маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Адвокат үшін қажетті үшінші шарт –қорғау сөзін құрастырып қана қоймай оны ауызша айта білу шеберлігін меңгеру, үлкен сот залын басқара білу, іске қатысушылардың іске деген шабытын оятып, олардың ынтасы мен назарын аудара білу, өз ойын анық та қызғылықты түрде жеткізе білу керек.

Жақсы адвокат – тек қорғаушы ғана емес, сонымен қатар ол тілмар да, шешен де, әңгімеші де, заңның үгітшісі де, өзінің қорғауындағы айыпталушысына әрі дос, әрі аға, тәрбиеші, көзқарасты қалыптастырушы, парасат пен ішкі дүниенің жетекшісі, жақсы істері үшін үлгі болуы тиіс.

Шынайы қорғаушы бейнесін А.Ф.Кони былайша сипаттайды: «Ол өзін жалдаған кісінің құлы емес, оның әділетті жазадан құтылуына ниеттес те емес. Ол сотталушы адамның досы, кеңесшісі, оның ұғымынша ол адам тіптен де кінәлі емес, кінәлі болған жағдайда соттың айыптауындай емес». [2, 256б].

Қорғау шеберлігін бірден меңгеру қиын. Оған тәжірибе мен дағды арқылы жетуге болады, қорғау сөзінің маңызы неде, соны терең ұғыну шарт, адвокат сол мәселеге басты назар аударып, материалды жеткізудің тиімді әдісін табуға тиіс.

Сот жарыссөзінде қорғау сөзін сөйлеу барысында алдымен сот ісіне қатысушы тұлғалардың тамырын баса білу нағыз шеберліктің айғағы.

Сондықтан да, адвокат сот залын өзіне қаратқаннан кейінгі бірінші мақсаты іске қатысушы тұлғалардың назарын талқыға салатын негізгі мәселелерге жұмылдыру болып табылады. Ол үшін олардың ынтасын осы сұрақтарға аударып, қызықтыра білу талап етіледі.

Ынта қайдан туындайды? Бұл мәселеде екі түрлі сәтті ажыратып айтуға болады.

Біріншіден, ынта істің маңыздылығына байланысты туындайды. Сондықтан, адвокат о бастан сот аудиториясына талқыға салынатын іс бойынша мәселелердің немесе сұрақтар шеңберінің мәнін олардың болашақ қызметі үшін маңыздылығын түйсіктеріне тура жеткізе білуге тиіс.

Екіншіден, іске қатысушылардың ынтасын шақыру үшін олардың шабытын оята білуге міндетті. Ол үшін алдымен сұрақты, мәселені, міндетті анықтап, бейнелеп беру қажет. Олардың әзірше жауаптары жоқ екенін, сондықтан қиындықтар туындайтынын көрсетіп беруі шарт. Осы мәселе шешімінің қисынын қалай тапқан жөн, іске қатысушы тұлғалардың санасына белгілі бір дәрежеде сезім салып, ой жүгіртуге жетелей білу. Адамзаттың жаратылысы сонда, егер оған жұмбақ жасыратын болсаң, ол еріксіз шешімін табу үшін ми арқылы әрекет жасайды. Барлық жұмбақ, беймәлім, құпия нәрселер адам баласын қызықтыратыны даусыз. Осылайша, сот залын ойландыратын және қызықтыратын «сиқырлы» әдістің куәсы боламыз.

Адвокаттың қорғау сөзіне қойылатын талаптар өте үлкен. Қорғау сөз алдымен айыпталушының адами тұжырымдық дүние танымын қалыптастыруға септігін тигізуі тиіс. Адвокат прогрессивтік дәлелденген деректер мен нақты жағдайларды өндіріспен байланыстыра отырып, іске заңды сипат беріп өрбітеді. Қорғау сөзі, іске қатысушы тұлғаларды тек адвокат көтерген іс мәселесімен ғана қызықтырмай, әрмен қарай ой санасын жетілдіруге, ынтасын оятуға міндетті. Қорғау сөзі шабыт шақыруға, әділетті шешім шығару үшін шығармашылық еңбек етуге, адвокат-қорғаушының өзіне дем беріп, қанаттандыруға тиіс.

Жоғарыда айтылғаннан мынаны аңғаруға болады, адвокаттың қорғау сөзі ең алдымен терең мазмұн, үлкен жауапкершілік пен игі мақсаттылық талап етеді. Сол үшін адвокат-қорғаушы, қорғау сөзін дайындау барысында ең соны ақпараттармен, сот барысында не тексерілетінін алдын ала болжай білу, айыптау қорытындысы шешімдерінің іс материалдарымен сәйкестілігін анықтау, қарсыластардың қисынды дәлелдерінің біртіндеп қомақты дәлелдемеге айналатынын, сот шешендік кеңістігін дау-дамайлы алаңға айналдырмай, қарсы жақтың ақылға сыйымсыз даукестік мінез-құлқын көре білу, оған қарсы қолданар иінді тәсілдер ойлап тауып, оны орнымен пайдалануды сіңіріп алғаны мақұл және барлық бастапқы дайындықтар мен қорытындыларды заңды негізде құрғаны жөн.

Қазақ тілінде жарық көрген «Сот шешендігі» атты К.Х.Халиков пен Е.Е.Серімовтың еңбектерінің өзінде «Заңгердің қаперіне алар басты қағида – пікір-талас, сөз жарыстыру кеңістігінен абыроймен шығу жолдарын алдын ала іздестіре қарастыру, процесс үстінде күтпеген дағдарысқа ұшырап қалмау; ұзаққа созылған дауда сөз бейнелілігіне кепіл боларлық көркемдік құралдарды орнымен пайдалану.»- деп керемет атап көрсеткен [3, 115 б].

Адвокат істегі қиындықтарды игеруге іске қатысушы тұлғаларға бағыт сілтеп, қорғау не ақтау міндеттерді жеңілдетпеуі де, күрделендірмеуі керек. Қорғау материалының кәсіби дәрежесі сот залын адвокат өз соңынан жетелеп отыруы үшін әдеттегі деңгейден едәуір жоғары болуға тиіс.

Тәжірибе мынаны көрсетеді, іске қатысушылардың соттың әділетті шешіміне деген көзқарасын қалыптастыруға айыптау сөзімен қатар қорғау сөзінің де ықпалы зор, сол арқылы қорғаудың міндеттері мен болашағын санаға сіңіріп, кәсіби пікірге ие болады.

Адвокаттың қорғау сөзі іске қатысушыларға істің жалпы саласы бойынша түсінік береді, оның негізгі идеяларын меңгеруге жәрдемдеседі және басқа салаларымен сабақтастығын сараптайды, сондай-ақ кәсіби білімді іс жүзінде қолданудың жолдары мен әдістерін айқындап береді.

Қорғау сөзі, оның арнайы сипатына қарамастан іске қатысушылардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал жасайды, ол негізін шешендік өнерден алатынын бәріміз жақсы білеміз. Демек, қорғау сөзін құрастыру дайындау міндетімен қатар тәрбиелік мәні де зор деген сөз. Адвокаттың қорғау сөзі сот шешімін әділетті шығарудағы ең ұтымды және кең тараған құрал десек, жаңылыспайтынымыз мәлім.

Қорғау табысты болуы үшін, оның тезисін нақты белгілеп, мақсатын айқындап алу қажет. Тезис жасау сотта сәтті сөйлеу үшін процесске тыңғылықты дайындалуға жәрдемдеседі. Сот тілмары атанған атақты шешен П.С. Порховщиков (П.С. Сергеич) сөйленер сөзге жазып дайындалу дұрыстығын қалайды. Сөйлеген кезде жатқа айтасың ба өзің білесің .Ол шешендік өнерді зерттеген өз еңбектерінде жазба жұмыс пен импровизацияның қарым-қатынасы жайлы өте келелі пікірлер айтқан [4, 52 с].

Мақсатты белгілеу үшін, қорғаушыға мазмұнды ғана нақтылап қою аз, сонымен қатар ол қорғау сөзінде әрбір іс-әрекеттің, дәлелдемелердің орынын, мән-мағынасын ұғындырып беруі қажет. Түсініксіз ойлар мен шұбалаңқы сөздер айтамын деп тыңдаушылардың ынта-ықыласын жоғалтып алуы мүмкін. Ол міндеттің қиындай түсетіні, қорғаушы әрбір процесстің қорғап шығудан басқа адами және тәрбиелік мақсатын ажырата білуге тиіс. Жалаң сұлу сөздер сөйлеп, өз пайдасын, атағын ғана ойласа оның қорғау еңбегінің бәрі бекер. Өйткені бұл жайлы да атақты шешен П.С. Порховщиков (П.С. Сергеич): «... осы мамандықты өмірінің мәні деп ұққан адам сотталушыға қолынан келген бар қайранын жасауға ұмтылмаса, өзінің ар-ожданының алдында қылмысқа барады. Сотталушыға адал болу қасиеті бойына дарыған адвокат қана қызметінде көп жетістіктерге қолы жетеді: егер ол сотта сұлу сөйлеп, атақ-даңқ көздеген пайдасыз құмарлық, ақша табумен шектелген болса, бұнысынан өмірінің соңына дейін қаңағат таппасы анық»- деп кесіп айтқан [4, 58 с].

Жүйелілік, лайықты көлем және қорғау сөзінің әрбір жеке бөлімдерінің сабақтастығы – табысқа жетудің бірден бір кепілі болып табылады.

Қорғау сөзі – кіріспеден, мазмұндаудан және қорытындылаудан тұрады.

Алайда, бірдей істер бойынша да оның құрылымы әр түрлі болуы мүмкін. Бұл мәселеде адвокат-қорғаушының шеберлігі мен басты сұрақтарды ұсақ-түйек және қосалқы сұрақтардан екшей білуінің мәнісі өте үлкен.

Қорғау сөзінің құндылығы адвокат-қорғаушының өз қорғауындағы айыпталушымен араласа жүріп, өзара тығыз қатынас орната білуінде. Егер түсініксіз болса, кез-келген уақытта адвокаттың көмегіне арқа сүйеуге болады деген ұғымның өзі үмітке жетелеп, қабылдау түйсігін арттырады. Қорғау сөзі адвокатқа таным процесін шебер басқаруға мүмкіндік береді. Бұл мәселеде айыпталушының өз бетінше дербес шұғылдануы адвокаттың қорғауымен бәсекелесе алмайды.

Орыстың ұлы қайраткері, тамаша шешен және лектор А.Ф. Конидің берген кеңесі: Лекция табысты болуы үшін аудиторияның назарын жаулап алып тізгінді ұстай білу қажет [5, 28 с].

Қорғау сөзіне жүктелген бүкіл материалды бейнелеуші, баяндаушы және түсініктеуші етіп жіктеуге болады. Бейнелеуші және баяндайтын бөлімдердің ешбір қиындығы жоқ, оны дайындық ретінде қысқаша түрде сот процесінің үстінде-ақ айтып өтуге болады.. Сол арқылы адвокат – қорғаушы жаппай қайталап айтып беруден құтылып, тыңдаушылар назарын негізгі іс бойынша өзекті мәселелерге аударады. Бұл орайда уақытта үнемдеуге болмайды, өйткені іске қатысушы тыңдаушылар көптеген ұғымдардың арасындағы өзара логикалық байланысты меңгеруі тиіс, сол сабақтастықтың бір желісін қалт жіберуің мұң екен, олардың бұл құрылымды ұғынуына нұқсан келтіреді.

Екінші әдіс адвокат-қорғаушыға қорғау сөзінің салмағын сақтай білуге мүмкіндік туғызады, бүкіл сот процесінің аяғына шейін сөйлеу өнері арқылы іске қатысушыларға тұтас түсінік береді, бірақ негізгі мәселеге баса назар аудару керек – сол мәселені бөліп, ажыратып таратқан жөн. Бұл әдіс мына тұрғыдан негізделінеді, әрбір қорғау сөзі тең емес екі бөлімнен тұратын сияқты. Біріншісі, бұл барлық адвокаттарға тән ортақ материал. Екіншісі –жеке адвокат-қорғаушының өз бетінше іздену жұмысының нәтижесі: қорғау сөзін өзгеше даярлау, тиімді логикалық дәнекерлер үйлестіру, тәжірибелік мәліметтер, бақылаулар, мысалдар, салыстыру, баға беру, ассоциациялар, сұрақтардың жауабы, яғни осының бәрі іске қатысушыларды қызықтыратын –адвокаттың заңгер тұлға есебіндегі жеке басының қасиеттері.

Сонымен, қорғау сөзі – сот өндірісінде, оның ішінде сот жарыссөзінде жетекші роль атқарады, алайда олардың мән-маңызы жағдайға байланысты бірдей емес. Адвокат-қорғаушылардың міндеті: сотта сөйлеу шешендік өнер деңгейін үнемі жоғары ұстап, шеберлікті шыңдай түсуге тиіс.



Әдебиеттер тізімі:

  1. Негимов С. Шешендік өнер.- Алматы: Ана тілі, 1997.

  2. Чельцов-Бебутов М.А. Курс уголовно-процессуального права. СПб., 1995.

  3. Халықов Қ.Х.,Серімов Е.Е Сот шешендігі. Оқу құралы. – Қарағанды: Болашақ – Баспа, 2006.

  4. Сергеич П.C. Искусство речи на суде. - М.: Юрид. лит., 1988.

  5. Кони А.Ф. Сб. О лекторском мастерстве. – Казан, 1967.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет