Зерттелетін тақырыптың өзектілігі



жүктеу 1.2 Mb.
бет1/7
Дата23.02.2016
өлшемі1.2 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7
Мазмұны

Кіріспе . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 3


1. Саяси партияларды құқықтық тұрғыдан зерттеудің

теориялық негіздері . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 7

1.1. Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде

пайда болуының және дамуының мәселелері . . . . . . . . . 7

1.2. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесінің түсінігі

және құрылымы . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 14

1.3. Саяси партиялар конституциялық-құқықтық

институт ретінде . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 17

1.3.1. Саяси партиялардың түсінігі мен функциялары . . . . . 20

1.3.2. Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы . . . . . 30

1.3.2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың

құқықтық институт ретінде қалыптасуының

конституциялық-құқықтық кезеңдері . . . . . . . . . 40
2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың

қызметінің конституциялық-құқықтық аспектілері . . . . .50

2.1. Саяси партиялардың құрылуының, жұмыс істеуінің

және тарауының құқықтық негіздері . . . . . . . . . . . .50

2.2. Саяси партиялардың сайлау процесіне қатысуын

құқықтық реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 58

2.3. Саяси партиялардың қаржылық қызметін құқықтық

реттеу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .66


Қорытынды . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 64
Пайдаланылған қайнар көздердің тізімі . . . . . . . . . . .68-72

Кіріспе
Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Елімізде партиялардың жағдайы бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен анықталады. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесін ғылыми тұрғыдан зерттеу біздің қоғамдағы осы құбылыстың дамуындағы құқықтық және тәжірибелік проблемаларын шешуде зор маңызы бар.



Зерттелетін тақырыптың өзектілігі. Саяси партияларды құқықтық реттеудің теориялық және практикалық мәселелері, әдетте, отандық және шетелдік саяси және заң ғылымдарының басым бағыттарына кіреді. Қазақстан Республикасының қазіргі кезеңінде аталған мәселелер ерекше өзектілікке ие болуда, себебі елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер уақытында, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын саяси партиялардың тиімділігі тиісті деңгейде болмай отыр. Мұндай өзгерістер кезеңінде саяси партиялар өздерінің жақтастары болып табылатын қоғамның бір бөлігінің мүдделерін мемлекет алдында мүмкіндігінше дәл білдіре алулары тиіс, сондай-ақ өз жақтастарына жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін түсіндірулері тиіс.

Осы ғылыми мәселе, сонымен бірге саяси партиялардың орнын құқықтық реттеуді жүзеге асыру тұрғысынан алғанда ерекше маңызға ие болады. Аталған құқықтық реттеу тек партиялық жүйенің дамуын ғана шешіп қоймай қоғамдық бірлестік болып табылатын саяси партия мәртебесінің ерекшеліктерін де есепке алуы тиіс.

Саяси партиялардың құқықтық мәртебесі мәселесі Қазақстанның заң ғылымындағы аз зерттелген салаға жатады. Саяси партиялар тақырыбын зерттеп, өз үлестерін қосқан мамандар қатарында негізінен саясаттанушылар мен тарихшыларды атай аламыз. Алайда, партияның құқықтық құбылыс ретінде Конституциялық құқық тұрғысынан зерттелуі әлі төмен деңгейде және әлі толық емес. Бұған партиялардың құқықтық мәртебесін құқықтық реттеудің біраз кешеуілдеуі де өзінің кері әсерін тигізді. Мысалы, қазақстандық саяси партиялар 90-жылдардың басында қалыптаса бастаса да, олардың арнайы заңдық тұрғыдан реттелуі тек 1996 жылдан, яғни «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған кезден бастап қана жүзеге асты. Ал 2002 жылы қабылданған жаңа заң бұл құқықтық реттеуді одан әрі жүргізе бастады.

Бірақ Қазақстан Республикасындағы саяси партияларды құқықтық реттеудегі осы айтарлықтай өзгерістерге қарамастан, әлі де болса саяси партияны құқықтық құбылыс ретінде, конституциялық құқықтың институты ретінде жан-жақты зерттеуді өзіне мақсат тұтқан ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Республикамызда саяси партияларды құқықтық тұрғыдан зерттеуге өз үлестерін қосқан ғалымдар ретінде мыналарды айтуға болады: Алияров Е. К., Аяганов Б., Баймаханов М. Т., Нысанбаев А. Н., Қопабаев Ө. Қ., Зиманов С. З., Сапарғалиев Ғ. С., Кенжелиева З, Ибраева С, Сартаев С. С., Сман А., Топорина Т. В., Чеботарев А. және т. б.

Ресей Федерациясында саяси партиялардың құқықтық мәртебесі тақырыбына зерттелген ғылыми еңбек ретінде В.В. Лапаеваның «Право и многопартийность в современной Россий» және Ю.Ю. Юдиннің «Политические партии и право в современном государстве» атты еңбектерін атай аламыз. Бірақ Ресейде «Саяси партиялар туралы» Федералды заңның 2001 жылы қабылданғанын ескерсек, аталған ғылыми еңбектер біраз ескірек болып шығады. Ал 2001 жылдан бергі кезеңде Н. Н. Неровнаяның «Конституционно-правовые основы участия российских политических партий в выборах» және Т. К. Байкованың «Конституционно-правовой статус политических партий в РФ» атты ғылыми еңбектерін келтіре аламыз.

Саяси партияларды зерттеген ғылыми еңбектердің көбі, саясаттану және тарих бағыттарын ұстанады не біраз ертеректе жарияланғандықтан өзінің өзектілігін жоғалтып үлгерген.

Қазақстандық партиялардық құқықтық реттелу мәселесінің өткірлігі, бізден оны құқықтық ғылым тұрғысынан терең ғылыми зерттеуді талап етеді. Аталған талап осы ғылыми жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап берген, негізгі сұрақтарға алып келді:

Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы ғылымының тұрғысынан алғанда саяси партиялардың құқықтық мәртебесі дегеніміз не?

Саяси партиялардың орнын реттейтін нормалар тобы Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы жүйесінде қандай орын алады?

Осы және осыған шекаралас сұрақтарға осы зерттеу жұмысында жауап беріп көруге тырыстық.



Бітіру жұмысының зерттеліну деңгейі және қайнар көздері

Бітіру жұмысты жазу кезінде негізгі көңіл саяси партиялардың құқықтық мәртебесін қозғайтын нормативтік-құқықтық материалдарға бөлінді. Себебі, еліміздегі тиісті заң мазмұнының айтарлықтай өзгеруі, сәйкесінше ғылыми зерттеуді талап етеді.

Тиісінше бітіру жұмыстың негізін КСРО-ның 1990 ж. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңы, 1995 ж. 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1996 жылғы «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңы, 2002 жылғы «Саяси партиялар туралы» ҚР заңы, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» ҚР заңы сондай-ақ бірқатар нормативтік-құқықтық актілер құрады.

Бітіру жұмыстың теориялық негізін қазақстандық, ресейлік және өзге де шетелдік ғалымдардың, яғни, С. З. Зиманов, М. Т. Баймаханов, С. С. Сартаев, Ғ. С. Сапарғалиев, Ө. Қ. Қопабаев, А. Т. Ащеулов, А. Н. Нысанбаев, С. А. Дьяченко, М. С. Машанов, В. П. Безобразова, А. С. Автономов, С. А. Боголюбова, В.В. Лапаева, Ю. А. Юдина, Н. Н. Неровная, Т. К. Байкова, Н. Чичерина, С. А. Авакян, В. Н. Краснова, М. Доверже, Дж. Лапалабара, Ш.Монтеське, Ж. Ж. Руссо, Т. Гоббс, Ф. Бэкон, С. Сартори және т.б. ғылыми еңбектері пайдаланылды.

Бітіру жұмысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісі комитеттерінің материалдары пайдаланылды.

Осы бітіру жұмысының объектісі болып, Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың конституциялық-құқықтық мәртебесі табылады.

Осы бітіру жұмысының пәні болып, Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың конституциялық-құқықтық мәртебесін сипаттайтын негізгі ұғымдар мен институттар, олардың өзгеруі мен өзара байланысы, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілер және оларды саяси партиялардың қызметін реттеуде қолдану тәжірибесі.

Бітіру жұмысының мақсаты: саяси партияларды Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының бірегей кешенді институты ретінде негіздеу, сондай-ақ саяси партияларды конституциялық құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар келтіру.



Бітіру жұмысының міндеттері:

Осы бітіру жұмысының мақсатына төмендегідей міндеттерді шешу арқылы жетуге болады:

саяси партияның конституциялық-құқықтық мәртебесінің ұғымын және мазмұнын, Қазақстан Республикасының конституциялық құқығындағы партияның орнын анықтау;

саяси партияның конституциялық-құқықтық мәртебесінің өзгеруін талдау және түсіндіру;

саяси партиялар туралы қазақстандық заңнаманың өзгеру бағытын қарастыру;

саяси партиялар туралы заңның кемшіліктері мен ақаулықтарын анықтау және оларды жою үшін нақты ұсыныстар енгізу.

Бітіру жұмысының методологиялық негізін жалпы ғылыми диалектикалық тану әдісі және онымен тығыз байланысты жүйелік, формальды-құқықтық, лингвистикалық, статистикалық және өзге де әдістер құрады. Саяси партиялардың конституциялық-құқықтық мәртебесін ғылыми зерттеу кезінде, сондай-ақ тарихи, салыстырмалы-құқықтық, жүйелік-құрылымдық, функционалды және логикалық әдістер қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.

Бітіру жұмысында Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың конституциялық-құқықтық мәртебесіне кешенді зерттеу жүргізілген, сондай-ақ қазақстандық саяси партиялар туралы заңнаманың өзгеру тенденцияларына талдау жасалынған.

Бітіру жұмысында қорғауға шығарылатын төмендегідей жаңа қорытындылар мен ұсыныстар құрастырылып, негізделген:

- саяси партиялардың конституциялық-құқықтық мәртебесін реттейтін нормалар Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының жеке бір институттын құрайды;

- саяси партиялар институтын конституциялық деңгейден реттеу қазіргі уақытта жеткілікті дамымаған, яғни партияларды конституциялық реттеуді ұлғайту;

- саяси партиялар туралы қазақстандық заңның кейбір ережелері әлі де болса жетілдіруді талап етеді.


Бітіру жұмысының тәжірибелік маңызы.

Бітіру жұмысы материалдарын осы саладағы одан арғы ғылыми зерттеуге пайдалануға және оқу процесінде конституциялық құқық бойынша тиісті арнайы курс шеңберінде пайдалануға болады.



Бітіру жұмысының құрылымы.

Бітіру жұмысы Білім және Ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес көлемде орындалған. Бітіру жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан тұрады.



1. Саяси партияларды құқықтық құбылыс ретінде зерттеудің теориялық негіздері

1.1. Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде пайда болуының және дамуының мәселелері
Саяси партиялар сияқты әлеуметтік-құқықтық феноменді зерттеу кезінде бірден байқалатын факт – олардың рөлі мен мәніне берілетін бағаның әртүрлілігі. Мұндай артық эмоция отандық және шетелдік ғалымдардың барлығына тән. Тіпті ұзақ тарихы бар, классикалық американдық партия жүйесін зерттеушілердің өздері де саяси партиялар туралы ой-пікірлерінде бірқалыптылықты ұстанбайды. Әсіресе бұл «саяси партиялар –демократия» деген өзара байланыс қағидасын бағалау кезінде анық білінеді. Біреулері партияларды қоғамның демократиялануының өкілдері ретінде, тіпті демократиялық қоғамның өзін-өзі басқаруын жүзеге асыратын құрал ретінде даңқа бөлейді.

Мысалы, Дж. Брайтс «локомотивке бу қандай керек болса, Америкадағы үкімет механизмін қозғалысқа келтіру үшін партиялардың рухы мен күші сондай қажет» [1]. Кейбіреулері саяси партияларды демократиялық процестерді жаратушы деп тіпті ары кетті. Мысалы, Е. Шатцнейдердің айтуынша «Саяси партиялардың ықпалының өсуі, қазіргі заманғы басқарудың негізгі белгілерінің бірі екендігі даусыз. Партиялар шын мәнінде демократиялық басқарудың пайда болуында басты рөл ойнайды. Сондай-ақ біріншіден, саяси партиялар демократияны дүниеге әкелді, екіншіден, қазіргі демократияны саяси партияларсыз елестету мүмкін емес» [2]. Бірақ осылармен қатар, саяси партияларға қажеттілік жоқ немесе олар демократиялық саяси өмірдің түбіне жетеді деп есептейтін екінші топ бар. Тіпті кейбір зерттеушілер саяси партиялардың қызметіне тыйым салу қажет деп есептейді. Республикашылдардың негізін салған тұлғалар саяси өмірдегі ұйымдасқан топтарға күдікпен қараған. Дж. Медисон партиялардың құрылу процесін «топтардың апаты» деп атаған [3].

Егер ресейлік саяси партияны зерттеушілерге көшетін болсақ, мұнда да, демократия мен саяси партиялар ажырағысыз деп есептейтіндер және саяси партиялар демократия идеалдарын жүзеге асыра алмайды және оларды жояды деп есептейтіндер болып екіге бөлінеді. В.Н. Даниленко [4], Н.К. Кисовская [5], В.В. Комарова [6], К.Г. Холодковский [7] және басқалары саяси партиялардың өмір сүруін демократиямен байланыстырады. Бірақ қазіргі кезеңде саяси партияларға сыни көзбен қарайтындардың қатары көбейіп келеді. Олар, саяси партиялар парламенттік емес бірлестіктермен салыстырғанда ( азаматтық бастамашылдар, әр түрлі әлеуметтік қозғалыстар, қысым көрсету тобы және т.б.) өзінің маңызын төмендетіп отыр деген көзқарасты ұстанады. Бұлардың пікірі «партиялар дағдарысы», «қос партиялық жүйенің құлауы» сияқты саясатттану теориясында кең орын алған. Мұндай теорияны жақтаушылар қазіргі қоғамда саяси партиялар өз функцияларын тиімді орындай алмай отыр деген ойға жүгінеді. Сондай-ялар – бұл анахронизм, өзінің функционалды міндетін жоғалтып бара жатқан институт, оларды алмастыруға қысым көрсету тобы және бизнес қауымдастығы сияқты әлдеқайда тиімді жұмыс істей алатын институттар келді деген де пікірлер бар. Мұндай пікірді ұстанушылар қатарына М. Доган [8], А.Н. Кулик [9] және т.б. жатады.

Демократиялық режимнің орнауы саяси партиялардың пайда болуы мен дамуына ықпал етеді деп біржақты кесіп айтуға болмайды. Себебі партиялар қазіргі түрінде демократияның әсерінен пайда болған жоқ, күрделі урбанизацияланған, индустриалды қоғамның қажетттілігінен туындады. Дәл осы факторлар партиялардың пайда болуы мен дамуында фундаментальды рөл ойнады. Партиялар, қоғамның шындықтары жеке тұлғаға билікке тиімді таласудың мүмкіндіктерін бермейтін жерде пайда болады. Қоғам неғұрлым күрделі ұйымдасқан сайын, мемлекеттің саяси элитасына кіру процесі неғұрлым қиын болған сайын, саяси партиялардың құрылу мүмкіндігі де соғұрлым оңай бола түседі. Қоғам көптеген ұсақ әлеуметтік топтарға бөлініп, тек солардың белгілі бір бөлігі ғана формальды түрде мемлекеттік билікті жүзеге асыруға жіберілсе, онда тек саяси партияларды құру арқылы ғана саяси құқықтарды тиімді түрде қолдануға болады.

Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, саяси партиялар саяси режим мен басқару нысанына байланыссыз пайда болады. Алайда, мемлекет құқықтық регламенттеу арқылы саяси партиялардың өмір сүруіне айтарлықтай ықпал жасай алады. Басқару нысаны мен саяси режим билікке күрес жүргізу сферасында әрқайсысы өзіне тән ерекше партияны туғызып алады. Мысалы, көз алдымызға күрделі ұйымдасқан, урбанизацияланған, басқару нысаны аристократия болып табылатын қоғамды елестетсек, мұндай демократиялық емес қоғамда да бәрібір саяси партия мен партиялық жүйе болатынын сенімділікпен айтуға болады. Ал демократия болса, саяси партиялардың еркін қызметіне, саяси өмірдің әралуандылығына және барлық азаматтардың саяси құқықтарын қорғауға ең жақсы жағдай туғызады. Мұндай қорытындыны мынадай мысалмен бекітуге болады, Афинадағы ежелгі демократия кезінде партиялар мен партиялық жүйелер болмаған еді, себебі бұл қоғам жеткілікті түрде күрделі ұйымдаспаған еді. Сондай-ақ партияның пайда болуы мен демократияның арасында байланыстың жоқтығына, мысалы, XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Ресейдегі жағдайды келтіруге болады. Ол кездегі саяси режимді демократиялық деп атауға болмайды, алайда, алғашқы ресейлік партиялар мемлекет пен қоғамдағы демократиялық құрылымның жоқ кезінде пайда болған. Жоғарыда келтірілгендердің барлығы, саяси партиялар күрделі ұйымдасқан қоғамның қажеттілігінен туындаған және партиялардың одан арғы дамуы осы қоғамның дамуымен тығыз байланысты деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен, саяси партияларды зерттеудің бір жолы ол оларды ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде зерттеу болып табылады.

Саяси партиялардың әлеуметтік құбылыс ретінде ұзақ тарихы бар. Зерттеушілердің арасында партиялардың прототипі Афина демократиясының кезінде болған деген көзқарас бар. Шынында да Аристотельдің еңбектерінен б.д.д VІ ғасырда Афинада бірнеше бір-біріне қарсы топтар болғандығы жайлы деректерді кездестіреміз [10]. Сондай-ақ ежелге Римде «pars» терминімен белгілі бір императорды қолдайтын лауазымды тұлғалардың тобын атаған. Алайда, саяси партиялар деп, ұқсас көзқарастары бар тұлғаларды түсінсек, онда саяси партиялар билікпен бірге сонау неолит дәуірінде пайда болғанын анықтаймыз. Себебі, адамға ұқсас көзқарасы бар басқа адаммен бірігіп әрекет істеу үшін ұйымдасу тән. Ал егер партиялы пікірлестер тобы дегеннен гөрі әлдеқайда күрделі құрылым деп есептесек, онда партияның пайда болуы тарихы мүлдем кейінірек басталады. Қазіргі ұғымдағы саяси партияларды дүниеге әкелген ұйымдар XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы ерте буржуазиялық революциялар кезінде пайда болды. Алғашқы саяси партиялар Голландиядағы оранжистер мен республикашылардың күресі нәтижесінде пайда болды.

Партиялар саясатқа, оның ішінде сайлау процесіне тұрғындардың барлық бөлігін тарту арқылы біртіндеп өзінің қызмет аясын кеңейте берді және саяси өмірдегі өзінің маңызын арттырды. Егер партиялар алғашында экономикалық және саяси элиталардың клубы ретінде өмір сүрсе, XІX ғасырдың соңынан бастап күшті ұйымдасқан топқа тән белгілерге ие бола бастады. Бұл өзгеріс қоғамдық құрылымның күрделенуімен және сайлау процесіне бұқара халықты жіберумен байланысты жүрді және саяси партиялар осындай күрделі қоғамда өз орнын табуы үшін өз қатарына бұқара халықты молынан тартуға мәжбүр болды. Аталған өзгерістер партиялардың алғашқыда ұстанған элита мүддесін бұқаралық электораттың мүддесіне алмастыруға итермеледі. Оның үстіне қоғамның күрделенуі мен урбанизациялануы бұқараны мемлекеттен алшақтата бастады, сөйтіп осы екі ірі құрылымның арасындағы делдал қызметін саяси партиялар атқара бастады. Шын мәнінде саяси партиялар ақпаратты екі жаққа жеткізуші қызметін атқарады, яғни, азаматтық қоғамнан мемлекетке және керісінше. Жоғарыда келтірілгендерден байқайтынымыз, қазіргі ұғымдағы партиялық жүйе мен партияларды қалыптастыру үшін, біздің пікірімізше, ең аз дегенде үш жағдай қажет – күрделі түрде ұйымдасқан социумның, дамыған азаматтық қоғамның және осы қоғамда азды-көпті нақты айқындалған мүдделердің болуы. Біздің пікірімізше, партиялардың тиімділік дәрежесі, жоғарыда аталған үш жағдайдың жүзеге асу дәрежесіне тікелей байланысты. Аталған қорытынды қазіргі қазақстандық партиялардың проблемаларын белгілі бір дәрежеде түсіндіреді.

Қазақстандық партия жүйесінің әлсіздігі мен тиімсіздігі негізінен екі факторға тіреледі. Бірінішіден, Қазақстандағы партиялардың қалыптасуына, азаматтық қоғамның әлсіздігі өзінің кері әсерін тигізуде. Азаматтық қоғамның әлсіздігі басқа маңызды мәселені – қоғам мен саяси элита арасындағы байланыстың жоқтығын тудыруда. Біздіңше, осы жағдай қазақстандық партиялар, азаматтық қоғамның емес (себебі ол әлі толық қалыптаспаған), саяси элитаның өкілдері екенін көрсетеді. Қазақстандық партиялардың әлсіздігін түсіндіретін келесі бір фактор, ол қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың айқындалған мүдделерінің болмауы. Мемлекетпен қатынаста қоғамның өкілі болуы үшін партия қандай мүдделерді білдіру керектігін білуі тиіс. Біздің қоғамда мұндай әлеуметтік мүдделерді қалыптастыру әзірге инстинктілік сезу сатысында деп айтуға болады. Мүдделер толық айқындалмағандықтан, саяси партияларды күшті қару ретінде пайдалану мүмкін болмай отыр.

Жалпы алғанда саяси партиялар әлеуметтік құбылыс ретінде әлеуметтанушылармен, саясаттанушылармен және тарихшылармен жеткілікті зерттелді деп айтуға болады. Ал Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы ғылымы тұрғысынан бұлай деп айта алмаймыз.

Саяси партияларды зерттеудің тағы бір жолы, ол оларды ғылыми мүдде тұрғысынан зерттеу болып табылатынын атап өту қажет.

Саяси партиялар пайда болысымен-ақ, саясаттанушылардың, тарихшылардың және құқықтанушылардың ғылыми мүддесінің объектісіне айналды. Саяси партиялар туралы алғаш ой қозғағандар ретінде Берк, Вашингтон, Монтескье, Мэдисон, Руссо және т.б. білеміз. Саяси партиялардың мәселелері белгілі әлеуметтанушылар Вебер, Моски, Паретоның еңбектерінен орын алған. Саяси партияларға арналған және олардың одан ары зерттелуіне ықпал еткен ауқымды жұмыстар XІX соңы мен XX ғасырдың басында пайда болды. Аталған ғылыми еңбектің авторлары Дж. Брайтс, Р. Михельс, М. Острогорский саяси партиялар туралы ілімнің қайнар көзінде тұрды. Б. Хеннеси оларды партиялар туралы зерттеулердің негізін қалаушылар деп есептесе, С. Элъдесвельд оларды партиялар туралы ғылымды дүниеге әкелушілер деп санайды. Олар нағыз саяси ғылым ретінде сипатталатын, саяси партиялар туралы алғашқы кітаптарды жазған авторлардың арасында аталады. Саяси партиялар туралы жалпы теорияның негізін қалаушы болып франзуц ғалымы М. Дюверже саналады.

Сондай-ақ Ресейдегі саяси партияларды ғылыми зерттеудің де бай тарихы бар. Партияларды ғылыми зерттеуге орасан зор үлес қосқан революцияға дейінгі көрнекті ғалымдар мен саясаттанушылар қатарында В. П. Безобразов, В. В. Водовозов,

И. Владиславлев, Ю. Гамбаров, В. Л. Львов-Рогачевский,

М. Я. Острогорский, Н. Чичерин, В. И. Ленин және т. б. атай аламыз. Ал 1990 жылдардан бастап бұл ғылыми тақырыпты зерттеген ғалымдар ретінде А. С. Автономов [11], С. А. Авакьян [12], С. А. Боголюбов [13], С. Е. Заславский [14], В. Н. Краснов [15], В. В, Лапаева [16], Ю. А. Юдин [17] және т.б. білеміз.

Қазақстандық ғалымдардан Баймаханов М. Т., Зиманов С. З., Сартаев С. С., Өзбекұлы С., Сапарғалиев Ғ. С., Қопабаев Ө. Қ., Айтхожин Қ. К, Ащеулов А. Т., Нысанбаев А. Н., Дьяченко С. А., Машанов М. С. және т. б. атауға болады.

Алайда атап өту қажет, ғылыми зерттеулердің айтарлықтай бөлігі партияны әлеуметтік және саяси құбылыс ретінде қарайды Тек біршама бөлігі ғана саяси партияны құқықтық құбылыс ретінде қарастырады. Мұндай жағдайды кешегі күнге дейін саяси партияларды құқықтық реттейтін нормалар тобының шашылып жүруімен және соның әсерінен аталған құбылысты құқықта жүйелі және бірізді бекітуді қамтамасыз етілмегендігімен түсіндіруге болады. Тек қазіргі уақытта ғана партиялардың құқықтық жағдайын реттеудің, біртіндеп Қазақстанның құқықтық кеңістігінде жеке орынға ие болып жатқандығын көрсетеді. Біздің пікірімізше, аталған процесс Қазақстанның конституциялық құқығы саласында саяси партиялардың мәртебесін реттейтін нормалардың орнын анықтаумен байланысты проблемалардың туындауына негіз береді. Оның үстіне, саяси партиялардың мәртебесін бекітетін құқықтық нормалардың кешенділігі туралы айтуға болады. Олар тек қана партиялардың қызметі сферасындағы конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін нормаларды ғана емес, сондай-ақ құқықтың өзге салаларындағы «партиялық» қатынастарды реттейтін нормаларды да қамтиды. Мысалы, саяси партияларды мемлекеттік тіркеуді реттейтін нормалар әкімшілік құқыққа жатады, ал саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруды заңдық тұрғыдан бекіту аталған институтқа қаржы құқығының нормаларының енгені туралы айтуға мүмкіндік береді. Сонымен қазіргі кезеңде саяси партияларды толық теоретикалық және ғылыми зерттеуге мұқтаж құқықтық құбылыс ретінде айтуға мүмкіндік туды.

Саяси партияларды ғылыми зерттеудің келесі бір жолы, оларды құқықтық реттеу объектісі ретінде зерттеу, олардың институционализациялану процесін зерттеу болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, қазақстандық партиялардың осы жағы қазіргі кезде жеткілікті зерттелмеген және осы жұмыста негізгі көңіл осы мәселеге бөлінді.

Конституциялық құқық саласының реттеу объектісі ретінде саяси партиялар салыстырмалы түрде жуықта пайда болған құбылыс ретінде сипатталады. Саяси партиялардың жағдайы құқық нормаларымен тек XX ғасырдың ортасында ғана реттеле бастады. Біздіңше, бұған үш себеп бар – мемлекет қызметінің аясының кеңеюі, саяси партиялардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлінің артуы, мемлекеттегі жеке тұлғаның рөлінің, оның құқықтары мен бостандықтарының артуы.

Бірінші себеп ол, мемлекет рөлінің кеңеюі, саяси партияларды құқықтық реттеу кеңістігіне кіргізді. Бұған саяси партиялардың сайлау кампаниясына тікелей қатысуын, олардың Парламенттегі, Үкіметтегі, жергілікті өзін-өзі басқарудағы қызметін реттеу кірді. Өзінің нысаны бойынша реттеу нормативтік құқықтық түрде жүрді.

Осы сферадағы келесі қадам, XX ғасырдың екінші жартысында, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін, саяси партиялардың институционализациялану процесінің белсенді жүруімен байланысты жасалынды. 30-40 жылдардағы Германиядағы қалыптасқан жағдай саяси партиялардың қандай үлкен күш болғандығын және керемет потенциалға ие мұндай ұйымның қызметін құқықтық реттемеу қандай қауіпті екендігін көрсетті. Саяси партиялар рөлінің өсуі, олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызы, оларды институционализациялауға тағы бір себеп болды. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін партияларды ерекше ұйымдасқан құрылым ретінде құқықтық реттеу кезеңі басталды.

Осымен қатар, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оларды Конституцияда бекіту процесі және жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың халықаралық институтын қалыптастыру жұмысы жүре бастады. Осыған байланысты саяси партияларды реттеу келесі бір сфераны - жеке тұлғаның құқығы мен бостандығын реттеуді қамтыды.

Егер институционализациялану процесін партиялардың жағдайын реттеген нормативтік құқықтық актілер деңгейін есептей отырып бағаласақ, мұнда да бірнеше кезеңдерді бөлуге болады. Алғашқы кезеңі болып өзге құқықтық институтқа арналған заңның жекелеген нормаларымен партияларды реттеу табылады. XІX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында жүргізілген мұндай реттеу, партиялардың мемлекеттік институттардың қызметіне тікелей ықпалымен байланысты тұстарына жүргізілді, ал партя қызметінің басқа жағы назардан тыс қалды. Партияны құқықтық тәжірибелік тұрғыдан анықтау үшін, сотта партиямен байланысты кейбір істерді қарағаннан кейін пайда болған, сот шешімдері мен прецеденттері пайдаланылды.

Саяси партиялардың құқықтық институт ретінде қалыптасуының іргетасы болып, олардың жағдайының Конституция нормаларымен бекітілуі табылды. Мемлекет белгілі бір нормаларды Конституцияға енгізу арқылы саяси жүйедегі партяның орны мен рөлін анықтауға тырысты. «Ертеректе «партия» ұғымы Конституцияда кездеспеген еді. Партиялар туралы баптардың негізгі заңға енуі, партиялардың саяси жүйенің элементі ретінде конституциялық деңгейден танылуын білдіреді», - деп атап өтеді швед зерттеушісі Л. Рикхель [18]. Партиялардың тарихы, институционализациялану кезеңі фашизм мен реакцияның талқандалуымен байланысты болған өзгерістер жағдайында жүргізілді. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған көптеген шет мемлекеттердің Конституцияларында (Италия, Франция, Португалия, Испания және т.б.) белгілі бір дәрежеде партиялардың мәселесі қозғалған. Оның үстіне осы Конституцияларда партияларға арналған баптар санының көбею ағымы байқалуда. Мысал ретінде Швеция (1974), Греция (1975), Португалия (1976), Испания (1978) Конституцияларын келтіре аламыз. Партиялар жайлы бір-екі баппен шектелген итальян және француз Конституцияларына қарағанда, партияларға испан Конституциясында төрт бап, португал Конституциясында он бап арналған. Партияларға арналған арнайы баптардан бөлек Португалия Конституциясында азаматтардың құқықтары мен босатандықтары (46-бап), саяси билікті ұйымдастыру (117-бап), Парламент қызметі (154, 179, 183 баптар), Үкімет (190, 197 баптар), жергілікті өзін-өзі басқару (246-бап) сияқты бөлімдерде және өтпелі және қорытынды ережелерде партиялар жайлы айтылған [19]. Бұл конституциялық реттеу, партия қызметі туралы жүйеленген құқықтық база құруға итермеледі.

Партияларды құқықтық реттеудің келесі кезеңі болып, саяси партиялар туралы арнайы заңның пайда болуы саналады. Саяси партиялар туралы арнайы заң - құқық шығармашылығының жас түрі болып есептеледі. Оның қалыптасуы XX ғасырдың 60-70 жылдарына жатады. Аталған заңның ерекшелігі, оның тек қана партияға бейімделуінде және оның қызметінде ғана емес, сонымен бірге ұйымның өзін де реттеуінде еді. Сондай-ақ аталған заң партияның ішкі ұйымдастырушылық қатынастарын реттейтін нормаларды қамтиды. Уақыт өте келе заң шеңберінде партия қызметін қаржыландыру сұрақтарына ерекше назар аударыла бастады.

Сонымен, осы тақырыпта партияның пайда болу себептері анықталды. Себептері ретінде, қоғамның күрделі ұйымдасуын, азаматтық қоғамның болуын және осы қоғамда әртүрлі нақты білдірілген әлеуметтік мүдделердің болуын айта аламыз. Демократия мен партияның пайда болуының арасындағы тікелей байланыстың жоқтығы негізделді. Сонымен бірге, партиялардың пайда болу себептері XX ғасырдың ортасында басталған оларды институционализациялау процесінің (яғни мемлекет қызметі аясының кеңеюі, партияның қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлінің өсуі, жеке тұлғаның, оның құқықтары мен бостандықтарының артуы) себептерімен байланысты емес екендігі анықталды. Шетелдік тәжірибеде, партияларды институционализациялаудың және олардың қызметін құқықтық реттеуді жүйелеудің іргетасы болып, партиялардың мәртебесін конституциялық деңгейдегі реттеу табылады. Сондай-ақ партияларды институционализациялаудың кезеңдері зерттелді.

Партияларды зерттеудің үш жолы бар екендігі анықталды, яғни, саяси партияларды әлеуметтік және құқықтық құбылыс ретінде зерттеу. Осы жұмыста партиялар әлеуметтік және саясаттану тұрғысынан емес, құқықтық құбылыс ретінде қарастырылады. Партиялардың құқықтық құбылыс ретінде зерттеу басым сипатқа ие болуы тиіс, себебі партияның өзгермейтін императивті ұғымының пайда болуы, қоғам мен мемлекеттегі олардың орны мен рөлін нақты анықтау, саяси жүйенің өзге элементтерінен оларды даралау, партиялардың жағдайын құқықтық регламенттеудің көмегімен ғана мүмкін болады. Партияны құқықтық құбылыс ретінде зерттеудің көлеңкелі тұсы болып, оның конституциялық-құқықтық мәртебесі табылады. Сондықтан келесі тақырыпта құқықтық мәртебе деген не атты сұраққа назар аударылады.

  1   2   3   4   5   6   7


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет