Бұл кезең орыс білім беру жүйесін қазақстанға таратудың бірінші кезеңі, яғни-үгіт насихат кезеңі болатын. Екінші кезеңнің басталуына 1861 ж. Россиядағы крепостниктік құқықтың жойылуы, буржуазиялық қайта-құрулар және қазақстанның Россияға толық қосылып, оның экономикасының бір бөлігіне айнала бастауы себеп болды.
1865 жылы 5 шілдеде қол қойылған Екінші Александр патшаның арнайы рескрипті екінші кезеңнің басталуының заңдық негізі болды. Бұл документте екі нәрсеге айрықша көңіл бөлінді: 1.қазақтардың бәрін бірыңғай билеп төстеудің жаңа ережесі, яғни 1867-1868 ж. әкімшілік реформаны дайындап жүзеге асыру. 2. Орыстандыру және православие дініне енгізу шараларын жүргізу.
Империя көп тілді бұратана халықтарды түгелдей шоқындырып, орыстармен кіріктіріп (слияния) жіберу мәселесіне шешуші мән беріп, яғни оларды тілі мен дінінен ажырату арқылы орыстандыру саясатын ұстанды. Осы мақсат тұрғысынан келіп 1869 жылы Мәскеуде арнайы түрде миссионерлік қоғам ұйымдастырылып, оған осы саяси идеологиялық мәселені жүзеге асыру міндеті жүктелді. Әрине, патша үкіметі көп тілді халықтарды орыс халқымен кіріктіріп жіберу үрдісін күшпен ассимиляциялау арқылы жүргізуге бағдар алғанда, бұл істегі ең шешуші әрі ең әсері мол күш деп отарлаудың ең сыннан өткен сенімді тәсілі қоныс аударушыларға көп үміт артылды. Осы тұрғыдан келіп 1868 жылы "Переселенческий комитет" құрылып, қызу іске кірісуі миссионерлік әрекетті қатты жандандырды. Мұндай әкімшілік АқШ-та 1824 жылы Бюро Дело Инородцев деп аталған еді.
Орыстандыру саясатын тікелей осы комитетпен ұштастыра жүргізу қажеттігі анықталып, бұл іспен тікелей айналысатын арнайы түрде құрылған "Обрусительная палатаға " тапсырылды.
Ресей империясының бұратана халықтарды отарлаудағы ең сенімді әрі нәтижесі тез көрінетін әдісі — водворения, яғни орыс шаруаларын бұратана халықпен араластыра қоныстандыру, мүмкіндігінше қоныстанушылардың санын жыл өткен сайын молықтырып отырудың саяси астарын жақсы ұғыну себепті де, бұл мәселеге шешуші мән беріле қаралды. Шоқындыру, орыстандыру мәселесі де осы әдіс арқылы жүргізіліп келді.1 Бұл саяси әрекетті қазақ жеріндегі генерал—губернаторлардың бәрі де жергілікті жердің тарихи ерекшелігіне сүйене отырып аспай , саспай әрі өте сақтықпен толассыз түрде біртіндеп ендіру арқылы жүргізуді көздеді.
Бір ескерер жәйт "слияние нации и народности" деген терминдік мәні бар ұғ ымның о баста миссионерлердің еңбектерінде қолданыс табуы ойға қалдырады. Жеке басқа табыну, тоқырау жылдарында осы термин сөздер кеңестік баспасөз бен информациялық құралдарында да тілден түспей, бірақ шын мағынасы терең ашылмай, мақсаты талданып ғылыми тұрғыдан зерттелмей қалып жатты.
Жоғарыда айтылып өткен мәселені жүзеге асырудың бір саласы ретінде Ресей империясының Ағарту министрлігі мен миссионерлердің шет аймақтағы бұратана халықтар арасында ашатын, бірақ негізінен миссионерлік мүддені көздеген аралас мектептерге ерекше мән берілді. Мұны тіпті революцияға дейінгі отарланған өлкелерде ашылған аралас мектептер тарихына ой жүгіртсек те көп нәрсенің астарлы сырына қаныға түсеміз .
Отарланған халықтарды орыстандырудың шешуші кілті, нәтижелі құралы – аралас мектеп немесе әртүрлі саяси--әлеуметтік жағдайларға орай ашылып отырған мектептер түрі мен кейбір кәсіптік оқу орындары болуы керек деп түйді. Осы себепті патша үкіметі орыс емес халықтар үшін мектептер ашқанда, оларды сауаттандырып, ғылым—білімге тарту үшін емес, керісінше өздерінің күнделікті саяси ---әлеуметтік мұқтажына қызмет етер төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау мақсатымен ашып отырған. Бірақ осы іспеттес шет аймақтарда ашылған мектеп атаулының бәрі де миссионерлік мақсатты мықтап ұстағанын өте құпия деген белгі соғылған Ағарту министрлігінің арнаулы инструкциясында да аталып өткен. Онда: "…народное образование на окраинах русской державы есть своего рода духовная война, воющие стороны никогда не разглашают своих планов",- деп жазылып, өздері ерте бастан - ақ алдын ала ойластырылған әрі өте сақтықпен жүргізіп келген ағарту жұмысындағы миссионерлік саясатын шама келгенше бұратана халықтардың алдыңғы қатарлы өкілдеріне сездірмеуге тырысқан. Мектеп арқылы жіңішкелеп өткізілетін миссионерлік әрекеттеріне алдамшы жамылғы бүркемелеп, елеусіз түрде біртіндеп сіңіруге ұмтылған мақсатының мән—мағынасын осы құпия нұсқау әйгілеп тұр .
қазақстанда халыққа білім берудің басты бағыттары 1867 ж. "Орал, Семей, Торғай, Ақмола және Сырдария, Жетісу облыстарын басқару туралы "уақытша ережелерде" анықталды. Ағарту ісінің дамуына қазақтарға өз еріктерімен қаржы жинау хұқы берілді.
Ал мұсылман дін өкілдеріне қазақ ауылдарында мешіттердің жанында мектептер ашу үшін уездік басқармадан ерекше рұқсат алуы қажет болды. Ал осы молдалардың өтінішімен ашылған мектептердің негізгі шығынын өтейтін де қазақ шаруалары болды. қазақ шаруаларына шамалы ғана ақы төлеп, казак станицаларындағы, орыс қыстақтарындағы мектептерге балаларын оқуға беруге рұқсат етілді. Алайда қазақ жастарын орыс мектептерінде оқытуда патша үкіметінің мақсаты тек балалардың сауатын ашу емес, сонымен қатар отаршылдық пиғылын іске асыру болды.
Мектеп, медреселерде қазақ жастарының білім алуына мейілінше қарсылық жасауы патша үкіметінің Орта Азия мен қазақстанда ислам дінінің тарауына қарсылығының бір көрінісі еді. Орынбор губернаторы Крыжановскийдің 1867 жылғы "Ресейдің шығыс бөлігінде мұсылмандықпен күресу жөніндегі шаралары" да исламдық мектептерге шек қоюға бағытталған арнайы әкімшілік тықсыру еді. 1879 жылы желтоқсанның 11-күні сол Крыжановский халық ағарту министріне жолдаған хатында Орал, Торғай облыстарында сауаттылық дәрежесін көтеру мәселесін айта келе, қазақ мектептері үшін арнайы оқытушылар даярлайтын оқу орындарын ашуды қажет деп тапты, оны бітіргендерді ауылдық старшын, болыстық іс жүргізуші, тіпті молда қызметтеріне тағайындау ұсынылған еді. Тұңғыш қазақ мұғалімдік мектебі 1883 жылы Орынбор губерниясының Орск қаласында ашылды. Осы кезде Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне ағартушы Ыбырай Алтынсарыұлы тағайындалды. Бұл маңызды істі шешуді тездетті.
ХІХ ғасырдың аяғында қазақстанда ағарту ісінің төмендегідей жүйесі қалыптасты: бастауыш оқу орындары, приход мектептері кластары, толықтырылмаған гимназиялар, орыс-қазақ аралас мектептер, ауылдық және сауаттылықтың негізіне үйрететін мектептер. Орта оқу орындары, реальдық училищелер, қыздар мен ер балалар гимназиялары. Сонымен қатар мұғалімдер семинариялары да орта буындағы оқу орындарында теңестірілді. Арнайы маман даярлайтын оқу орындары: қазақтың мұғалім даярлайтын мектептері, ауылшаруашылық, малдәрігерлік, Торғайдағы қолөнершілік мектептері, Оралдағы қолөнер кәсіпшілігіне шәкірттер даярлайтын арнайы мектеп, Омбыдағы механикалық-техникалық училище, Атыраудағы теңізге жүзу ісін меңгеретін мектеп т.б. әр түрлі материалдық жабдығы бар оқу орындары болды. Оқу ісінің ұйымдастырылу сапасына қарай 1872 жылы Омбыда, 1879 жылы Ташкентте ашылған мұғалімдер институты да Ресейдегі орта оқу орындарына жатқызылды.
ХІХ ғасырдың соңына қарай өлкеде екі сегіз класты ер балалар гимназиясы, екі жеті класты қыздар гимназиясы, Верный қаласында сегіз класты Әскери гимназия, Оралда реальдық училищенің 6,7 және 8 класты ер балалар гимназиясы, Семейде төрт класты ерлер, 5 класты қыздар гимназиясы ашылды. Сонымен қатар қазақстанда шіркеу приход мектептері, жексенбілік сауат ашатын мектептер де болды. Бұған сондай-ақ білім беруде қалыптасқан оқу орындарының қатарына мұсылман мектебі мен медреселерін де жатқызған жөн.
Патша өкіметінің кедергі жасауына қарамастан, мұсылмандық мектептер мен медреселер жастардың сауатын ашуға, инабаттылыққа баулуда белгілі рөл атқарғаны белгілі. Пантюркизм мен панисламизмнің орын тебуіне қарсы күрес дегенді желеу еткен облыстың генерал-губернаторлары осы мұсылман дінімен байланысты оқу орындарының, оқытушыларын әрдайым қуғындап, әкімшілік шаралармен қыспаққа алып отырды. 1870 жылы наурыз айының 26-сында қабылданған үкіметтің "бұратана" халықтар арасында сауаттылықты ашу туралы арнайы ережесінде мешіттердің жанында ашылған мектептерде орыс тілін оқыту міндетті деп танылды.
Шын мәнінде мұсылмандық, әрине, діни мазмұндағы оқу орындарында таза діни сарындағы пәндер мен қатар оқушылардың жалпы танымын кеңейтетін, ойлау қабілетін тереңдететін арнайы азаматтық пәндер де оқытылатын. Әрине, оқу бағдарламаларының бір жүйеге келмеуі, мұғалімдерінің құрамының біршама әлсіздігі, ауыл мектептерінің қалалық орталықтардан алшақ жатуы діни мектептерде білім беру ісіне нұқсан келтірді. 8 бен 20 жастың арасын қамтыған балалар тәлім-тәрбие, білім алатын мектеп уезд орталықтарының маңайында орналасқан барлық дерлік ауылдарда ұйымдастырылатын. Көшпенді өмір жағдайында үзбей оқып, сауаттылық көтерудің өзі қиын еді. Кейбір мектептерде тұрақты оқи алмай, тиіп-қашып сауатын ашып жүргендердің ішінде тіпті жасы 40-тан асып кеткен ересек адамдар да кездесетін.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан мектептерде білім беру жүйесі (кейбір өзіндік ерекшеліктеріне қарамай) жалпы ресейлік ағарту - ісіне мейлінше жақын еді және әр түрлі нұсқаулар арқылы үкімет империяның орталық аудандарындағы білім беруді ұлттық аймақтарға таратуға әрдайым мүдделі болды. Торғай және Орал облыстарындағы қазақ және басқа тілдерде білім беретін оқу орындары Орынбор оқу округіне бағындырылды. Ақмола және Семей облыстарындағы оқу орындары Батыс сібір оқу округіне қарады. Әр түрлі сипаттағы оқу орындарындағы өзгерістерді ретке келтіріп отыру кеңсесі Томскі қаласындағы чиновниктерге бағындырылды. Сырдария және Жетісу облыстарындағы оқу орындарының қызметін қадағалау Түркістан генерал-губернаторлығына тапсырылды. Шыңжаңнан Жетісуға ойысқан ұйғырлар мен дүнгендер санының біртіндеп өсуі, Оңтүстік қазақстан өңірінде басқа аудандармен салыстырғанда қазақтардың басымдылығы "орыс-түземдік" мектептердің көбірек ашылуына әсер етті. Осыған байланысты өзіндік ерекшеліктері бар әр түрлі буындағы мектептерде оқу ісін жолға қоюдың барысында қазақ жастарының араб таңбаларымен сауаттылығын ашуды дамытудың қажет екенін көрсетті. Патшаның отаршыл әкімдері қазақ даласында ашылған оқытушылар семинариясы мен орыс—түземдік мектеп дейтін аралас мектептер атаулының бәрін де шамаға қарай миссионерлік ағартушылық мақсатта ұстап отырған. Ал Ресей патшалығына қазақтардан кейін қосылған бүкіл Орта Азия халықтары арасында ашылған аралас мектептердің бәрі де осы инструкция талабы тұрғысынан қызмет атқарғанын : "…в Туркестанском крае был намерен держаться обрусительной политики при посредстве русской школы",-1 деп атап көрсетілуінде де мәселенің саяси төркіні қаншалықты тереңдеп жатқанын жасырмайды, ашығына кетіп отыр . Өйткені бұл мәселе мемлекеттік саясат деңгейінде қойылуы себепті, Түркістан өлкесінің алғашқы генерал—губернаторы фон Кауфманның 1880 жылы 8 қараша күні Халық Ағарту министріне жолдаған хатында қазақтарды ислам дінін терең қабылдаған көрші халықтардан бөлек ұстай отырып , орыс жазуы негізінде оқытылатын мектеп арқылы тезірек ассимиляциялау міндетін алға қояды. Оның осы тілегі көп ұзамай—ақ 1881 жылы 28 қаңтарда патша тарапынан нақтылы қолдау тауып бекітіледі де .
Патша үкіметі жалпы отарланған бұратана халықтарды, оның ішінде елін біртіндеп, асықпай сақтықпен шоқындыру арқылы орыстандыру жолындағы ең басты тәсілдерінің бірі – қазақ халқының ғасырлар бойы қолданып келе жатқан араб графикасы негізіндегі жазуын қолданудан шығару болатын—ды .
Күнделікті тұрмыста ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан арабша жазуын кириллицамен алмастыруда—бүкіл халықтың келер ұрпағын ата—баба салтынан, ұғым –нанымнан, тарихи естегі дәстүрлік жалғастығынан үзіп, рухани жағынан қалай илесең солай қарай жығыла беретін көнбіс құлға айналдыру мақсаты жатты.
қазақ тіліндегі қазіргі басылымдар мен мектеп пен жоғары оқу орындарының оқулықтарының бәрінде де қазақтар үшін орыс графикасының негізіндегі алфавитті алғаш рет жасаған Ыбырай Алтынсарин деген ғылыми негізі жоқ және де сол кездегі арнайы түрде жүргізіліп отырған миссионерлік ресми саясаттан тыс, сол құбылыстармен байланыссыз алынған қасаң ұғым қалыптасып отыр.
Орынборда Ағарту министрі граф Толстой қазақтар үшін арабша жазуды орыс графикасына көшіру үшін арнайы мәжіліс шақырып , нақтылы нұсқауларда берді. Семей генерал - губернаторының 1878 жылы 26 қыркүйектегі құпия деген белгі соғылған Батыс— Сібір генерал—губернаторына жазған N 9623 - қатынас қағазында : "…Во всех случаях когда приходится обьявлять киргизам распоряжения правительственных мест на киргизком языке, употребляется русский алфавит. Обучение изложению киргизской речи этим же алфавитом вводится, на точном основании предложения Вашего Высокопревосходительства от 4 мая за N 26, в киргизских интернатах.
Будет время, когда русский алфавит в степи возьмет верх над арабским", - деп жазуына қарағанда, мәселенің түп төркіні граф Толстой ағарту саласында мемлекеттік миссионерлік саясатты жүргізуші қайраткер ретінде берген нұсқаудың сарыны анық аңғарылып тұр деуге келеді.
1876 жылы патша ағзамның өзі қазақтар ғасырлар бойы қолданып келе жатқан арабша жазуды орыс жазуына ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Дәл осы жылы граф Толстой Ыбырай Алтынсаринге орыс алфавитін ешқандай өзгеріссіз сол қалпында қазақ жазуына қолдану жайында кеңесіп, нұсқау берген . Осы мәселе жайында Ы. Алтынсарин " қазақтың облыстық мектептері туралы записка " деген еңбегінде: "…1876 жылы граф Толстой Орынбор қаласына келген кезде… ең алдымен талқыға салынған мәселе – қазақ арасына орысша хат таныту жолдары және бұл үшін қазақ тіліне орыс алфавитін қолдануға болатын—болмайтыны туралы мәселе қойылған еді. Бұл мәслихаттарға Орынбор өлкесінің бұрынғы генерал-губернаторы генерал адъютант Крижановский, Орынбор оқу округінің попечителі Лавровский, қазандағы оқытушылар семинариясының директоры Ильминский және Торғай, Орал облыстарының губернаторлары қатынасты, бұлардың бәрі де орыс алфавитін қазақ тіліне қолдануға әбден болады деген қорытындыға келген еді",- 1 деп жазуы арқылы-ақ жергілікті отаршыл хакімдердің бәрі бас қосып, қазақтар қолданып келген араб жазуының орнына орыс жазуын қолдану туралы көптен бері алдын ала ойластырылып келе жатқан саяси мақсаттың ең буынды тұсын толық түрде ашып беріп отыр. Ÿғни патшаның өзі қол қойып, жарлық берген жылы-ақ оның қазақ даласындағы билеушілері мен миссионер ғалымдары сол жылы бұл мәселені жүзеге асыруға нақтылы кірісіп, бір шешімге келуінен көп нәрсенің сыры айқындалып тұр .
Ильминский бастаған миссионерлік саясатты іске асырушылардың бәрі, алдымен қазақтарды татарлардың рухани ықпалынан бөліп алып , олармен қарым-қатынас жасатпауға бар күшін салса, осы саясатты Түркістанды отарлаушы патша әкімдері ислам дініне беріктеу болып келетін бұхаралықтардан қазақтарды ажырату, рухани ықпалын таратпау мәселесіне ерекше көңіл бөлді.Осы себепті де 1880 жылы 8 қарашада генерал адъютант фон Кауфман Ағарту минстріне жазған жолдамасында көшпелі қазақ елін тезірек ассимилияциялап Ресеймен кіріктіріп жіберу үшін, оларды Орта Азиялықтардан бөлек ұстаудың қажеттігін атап өтеді. Бұл үшін қолданылатын саяси тәсіл ретінде қазақтардың жазуын орыс жазуымен алмастыруды көздеді, олар діншіл рухани ықпалдан аулақ ұстауға қызмет етеді деп білді.
Жалпы түркі тілді халықтардың жазуын орыс алфавитіне көшіру туралы ереже 1906 жылы 31 наурызда өткен мәжілісте Екінші Николай патшаның өзі бас болып қабылдатқан еді. Бірақ Ресей империясындағы сол тұстағы саяси - әлеуметтік жағдайдың қиындауы себепті, орыс алфавитін бірден жүзеге асыруға сескенді. Әзірше бұратаналардың бойын біртіндеп үйрете беру үшін, орыс алфавитін ресми документтер мен мектеп оқулықтарында қолданумен шектелу қажет деген қорытындыға келді.
Ильминский татарларға қойған талап тұрғысынан келіп, қазақтарға арналған кітаптардың бәрін де орыс алфавитімен шығаруды талап етті. Ы. Алтынсарин еңбектерінің, әсіресе оқу құралдарының бәрі орыс алфавиті негізінде шығарылу себебі де, осы қатаң талаптың ырқына байланысты құбылыс деп білмек керек.
1870 жылы Ағарту министрлігінің "О мерах к образованию населяющих Россию инородцев" заңы жарияланды. Бұл заңда негізінен Ильминскийдің орыстандыруды көздеген миссионерлік педагогикалық жүйесі ендірілді. Осы заңда орыс емес халықтарға үш түрлі категория белгіленді. Бірінші категория бойынша, ұлт тілдерінде сабақ өз тілінде, бірақ міндетті түрде орыс алфавитімен оқыту талап етілді. Мысалы, Ыбырай ашқан мектептер осы категорияның ішіне кірді. Екіншісіндегі сабақ таза орыс тілінде жүргізіліп, тек сабақ үстінде түсінбеген жерін ана тілінде айтуға рұхсат етілді. Ал, үшінші категория бойынша, сабақ тек орыс тілінде жүріп, ана тілінде сөйлеуге рұсат етілмеді.
А. Байтұрсынов миссионер атаулының өткен тарихымен жете таныс әрі олармен тікелей қызметтес болуы себепті де, олар көздеген саяси түпкі мақсаттың шоқындыру мен орыстандыруға алып келерін біліп, революция алдында - ақ: "…Хүкіметке жағымдысы қол астындағы жұрттың жазу – сызуы, тілі, діні бір болу. Ресей қоластында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу—сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу - сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық іс болмас " 1, - деген ой қортындысына келуінде айтарлықтай терең таным , үлкен сыр жатыр .
Орыстандыру саясаты Кеңес өкіметінің уақытында да толастаған жоқ. Халықтардың ғасырлар бойы қолданып келе жатқан жазуын өзгерту мәселесі В.И Ленин қайтыс болған соң қызу қолға алына бастады. Алдымен түркі тілді халықтардың қалыптасқан араб алфавитін кириллица жазуымен алмастыру мәселесі жедел қолға алынды. Бұл бір кездегі қоғамдық пікірде латын алфавитін : "…бүкіл әлемдік коммунистік қоғамның алфавиті" деген қате ұғымның орын алуына байланысты көтерілген еді. Жиырмасыншы жылдар ішінде латын жазуы түркі тілді халықтардың жазуына айналып та үлгерді. Тіпті ерте кезден - ақ православия дініне шоқынып , орысша жазуды қабылдаған якуттардың өзін қайтадан латын жазуына көшірген солақайлықты да бастан кешірдік.
қазақ зиялыларының білікті тобы латын алфавитін қабылдауға наразылық білдірді. Бұл пікір, әсіресе , көрнекті филолог Ахмет Байтұрсыновтың " Әліппе - таңбалар жұмбағы " деген белгілі мақаласында толық көрініс беріп , латын жазуын "Европа жұртымен бірдей болу мақсатымен аламыз десек , алу қиын болған себепті орыстар аяқ баспай отырғанда, біз сол мақсатпен істейміз деп айтудың қанша орны барлығын сөйлеп, көп сөз қылмасақ та болар", деп өз пікірін қысқа әрі тұжырымды түрде білдіреді.
Патша өкіметінің осындай шовинистік, отаршылдық саясатына қарамастан қазақстандағы білім беру ісінде елеулі өзгерістер болды. ХІХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы буржуазиялық реформалардың салдарынан және 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін де бұратана халықтар арасында мектеп ашу ісі жаңа серпінмен жалғасын тапты. қазіргі кездегі зерттеулерде қазақстандағы білім беру жүйесінің қалыптасуы барысында елеулі өзгерістер болғаны атап өтілуде. Мысалы, 1911 ж. жүргізілген Бүкілресейлік халық санағының көрсетуіне қарағанда қазақстанда 84 медреседе 28814 шәкірт оқып, 134 оқытушы жұмыс істеген. Ал сауат ашу мектептері 1446 жеткен.
Сонымен бірге мемлекеттік орыс-қазақ мектептері мен соған ұқсас орыс-қазақ мектептерінің саны қазақстанда 350-дей болған. Орыс-қазақ мектептерінің кең дамыған жері Орынбор округі болды. 1890 ж. осы жерде 250 орыс-қазақ мектептерінде 8236 қазақ жастары оқыды.1 Жалпы революцияға дейінгі қазақстандағы білім беру жүйесінің дамуын төрт кезеңге бөлуге болады:
Бірінші кезең- арабша хат танытатын ауыл мектептерінің пайда болуы. Осындай мектептердің қашан пайда болғанын және қаншама болғанын айту қиын. Себебі бұндай мектептер уақытша ашылды және хат танытудан арыға бара алмады.
Екінші кезең- ХІХ ғ. бірінші жартысындағы патшалық Россияның жергілікті халықты басқаруға тарту үшін ашылған қазақ-орыс мектептері, бұл кезеңді үгіт-насихат кезеңі деп атауға болады.
үшінші кезең- ХІХ ғ. 60-шы жылдарындағы Россияда крепостниктік құқықтың жойылуы және қазақстанның толық отарлануына байланысты 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформадан кейін жергілікті ұлт өкілдерін басқару жұмысына тарту үшін және орыстандыру саясатын жүргізу үшін ашылған мектептердің пайда болуы.
Төртінші кезең-1905 ж. орыс революциясынан кейін ұлттық сананың жаңа сатыға көтерілуі ұлттық интеллигенцияның қалыптасуына әсер етті және олар қазақ халқының дамуына алғы шарт ретінде білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекетке тәуелсіз білім беру жүйесін құру идеясын ұсынды. Бұл кезең этнопедагогика ғылымының да қалыптасу кезеңі болды.