12. Қазіргі қоғамдық өмір контексіндегі шетелдік сөздер.
Кез келген тілдің сөздік құрамы үнемі жаңарып толығып, жаңаланып отырады. Елімізде соңғы жылдары жүріп жатқан қоғамдық-саяси, экономикалық жəне басқа да салалардағы өзгерістер, Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдық-əлеуметтік қарым-қатынастар жүйесіне кіруі, сонымен қатар елімізде жүріп жатқан Үш тілдік тұғыр саясаты тілімізге де өзгерістердің, соның ішінде ағылшын тілінен енген кірме сөздердің пайда болуы арқылы толығуына əкелді.
Кірме сөздердің ену себептері: сол сөздермен бірге келетін жаңа ұғымдардың атауы (блокбастер, джип, сайт т.б.), тілдегі сөз тіркесін қысқарту мақсатында оны бір сөзбен алмастыру (портативті компьютер — ноутбук), кейбір ұғымдарды нақтылау (мотель — автотуристер үшін қонақ үй), олардың коммуникативтік өзектілігі (веб-сайт, провайдер, дефолт). Сонымен қатар кірме сөздердің пайда болуына ықпал ететін жағдайлар: тілдік қатынастардан пайда болатын шет тілдік сөздерді қазіргі замандық сөз деп қабылдау.
Қазіргі кезде кірме сөздердің өте жылдамдықпен енуіне байланысты оларды сөздіктерден табу мүмкін емес, сондықтан мысалы пресс-релиз (бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне басқару органдары беретін арнайы бюллетень) сияқты шетелдік сөздерді оқырмандар БАҚ құралдарында кездестіргенде шарасыздық танытады.
Алайда қазақ тіліне кірме сөздердің енуі жаңалық емес, себебі қазақ халқының басынан кешкен ұзақ даму тарихында бірсыпыра елдермен араласып, əр кезеңде түрлі қарым-қатынастар жасағандығы мəлім. Ертеде тəжік, өзбек, татар халықтары арқылы VIII-XI ғасырларда араб-парсы елдерімен, XII- XIII ғасырларда монғол елдерімен, XVIII ғасырдан, яғни Қазақстанның Ресей қарамағына ене бастаған кезеңінен (1731), бастап бүгінгі күнге дейін орыс халқымен тікелей үздіксіз қарым-қатынас жасап келеді. Осындай ұзақ байланыстардан кейін қазақ тілінің сөздік құрамында қыруар шетел сөздері пайда болған.
Қазақ тілінің сөздік құрамындағы кірме сөздер негізінен төрт халықтың тілінен келіп енген: араб тілі, парсы тілі, монғол тілі, орыс тілі. Араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздер қазіргі кезде қазақ тілінің төл сөздеріндей болып кеткен.
Лексикологияны зерттеуші-ғалымдар кірме сөздердің қайдан жəне қандай себеппен келгендігін зерттеп қана қоймайды. Оларды сонымен қатар бұл сөздердің тілге сіңіп кетуі, оның грамматикалық қатары мен фонетикалық нормаларына сəйкестігі, мағынасының өзгеруі келіп енген тілдегі сөздік құрамға қандай өзгерістер əкелуі деген сияқты мəселелер де қызықтырады. XIX ғасырдағы орыс лингвисті А.А.Потебня не жəне қай тілден келгендігін емес, не қосылды жəне басқа тілден енген сөз нəтижесінде не пайда болды деп сұрау керек деген [1].
Тілдер өмір сүреді, дамиды жəне даму барысында өзгерістерге ұшырауы немесе бүлінуі де мүмкін. Басқа тілден ауысып келген сөздердің жаңа сипат алуы əсіресе маңызды мəселе болып табы- лады. Кірме сөздер қабылдаушы тілдің заңдылықтары əсерінен фонетикалық, грамматикалық жəне семантикалық өзгерістерге ұшырайды. Кейбір сөздер тілге толығымен сіңіп кетсе, кейбіреулері өздерінің өзге тілдік қалпын сақтап қалады. Қабылдаушы тілде жоқ нəрсені қарастырғанда оларды түсіндіру үшін сол сөздерге тəн өзіндік сипаттамасы жəне айырмашылығы көрсетіледі. Қазақ тіліне енген кірме сөздердің түсіндірме сөздіктерінде олардың қандай тілден келгендігі жəне бастапқы мағыналары беріледі. Алайда соңғы 10 жыл ішінде шетел тілдерінен сөздердің көптеп енуі себебінен олардың көпшілігі сөздіктерде кездеспейді.
Кірме сөздер тілге ауызша жəне жазбаша жолмен де енеді. Ауызша жолмен енген сөздер тілге тез сіңіп кетеді де, жазбашалары өзінің фонетикалық, орфографиялық жəне грамматикалық ерекшеліктерін сақтап қалады. Тілге кірме сөздердің келуінің негізгі жолдары: транскрипция, транс- литерация, калькалау жəне семантакалық кірмелер. Транскрипция — шетелдік сөздердің өз дыбыстық формасын сақтап қалуы. Мысалы: image, summit, trailer, briefing жəне т.б.
Транслитерация — шетелдік сөздердің жазылуында ана тілінің əріптерін қолдану. Мұнда сөздер қабылдаушы тілдің ережесі бойынша оқылады. Мысалы: пиар (PR), веб (web), провайдер (provider), мотель (motel).
Калькалау — шетелдік сөздердің қабылдаушы тілдегі сөздермен берілетін тура аудармасы.
Кірме сөздерді зерттеушілердің бірі А.Т. Исламова өзінің «Шетел сөздерінің белгілері мен деректері» тақырыбындағы зерттеуінде қазақ терминологиясында шетел сөздердің келесі түрлерін ажыратуға болады дейді: 1) материалдар кірмелер; 2) калькалар; 3) аралас кірмелер (полилексемдік терминдер мен күрделі сөздерде).
XIX ғасырдың аяғында — XX ғасырдың басындағы зерттеушілердің көбінің еңбектерінде «кірме сөздер» термині қолданылады, алайда кейбір зерттеушілер кірме жəне калькалауды əр түрлі процесс деп қарастыруды ұсынады. Басқа тілден енген сөздердің тілге калька арқылы енуі қабылдаушы тілдің лексикасының толықтырып байытатыны жөнінде көптеген лингвисттер Б.Əбілқасымов, Б.Момынова өз еңбектерінде атап өтеді.
Семантикалық кірмелер — шетелдік сөздердің бастапқы мағынасының өзгеріп жаңа мағынаға ие болуы. Мысалы: блокбастер сөзінің мағынасы — 1. жылжымайтын мүлікпен алып-сатарлық жасау- шы; 2. танымал фильм. Бұл сөздің ағылшын тіліндегі алғашқы мағынасы «ауыр фугасты бомба» (block-buster).
Кірме сөздердің келуі олардың аудармасын табудан басталады. Кірме сөздердің осы аталған ке- лу жолдарының аударма жолдарынан айырмашылығы аудармада сөздік қор көбеймейді, ал кірме сөздерде тілде жаңа сөздік бірліктер пайда болады. Шетелдік атауларды аударуда көбінесе транс- крипция, калькалау жəне түсіндірме аударма қолданылады.
Кірме сөздер, егер лексикалық жүйеде оған алдын ала жағдай жасалса, жеңіл бекіп қалыптасады. Шетелдік лексиканың кіруі ежелгі сөздің полисемиясын жоюға əкелетін тенденцияның нəтижесінде пайда болуы мүмкін. Көбінесе кірме сөздерге себеп болатын соған сəйкес ұғымды нақтылау жəне тəптіштеу, əр түрлі сөздерге бекітіп кейбір мағыналық ерекшелігін шектеу (репортаж — негізінде əңгіме, хобби — əуестену, қызығушылық). Осылай тілде бар сөз бен кірме сөз өзінің семантикалық саласын бөліседі жəне бұл салалар қиылысуы мүмкін болғанмен, толық сəйкес келмейді.
Кірме сөздерді жеңілдететін фактор тілде қабылданған лексикалық бірлікпен типтес құрылымы жағынан бірдей сөздердің пайда болу тенденциясының қызметі. Мысалы, XX ғасырда басқа тілдерден енген кино, авто, такси, метро сөздері [5, 32].
Шетелдік сөздің тілге кіру себептерін қарастыра отырып, мынадай заңдылықты айта кету керек: ортақ мағынасы мен қайталануына негіздеп, бірнеше лексикалық қатарға біріктіруге болатын кірме сөздер бекітілсе жəне олар осы қатардың сөздерімен типтес болса, олардың қолданылуы біршама жеңілдейді. Мысалы, -мен деген ортақ элементі бар сөздер: джентльмен, спортсмен, конгрессмен жəне т.б. Бұл қатар осы типтес сөздермен бірте-бірте толыға бастады: бизнесмен, бармен, супермен.
Кірме сөздер — екі мүшеден тұратын атауды бір мүшеге айналдырудың жолы. Мысалы: папа- рацци — атақты адамдардың өмірінен кездейсоқ фотоларды түсірумен айналысатын кəсіби фотосуретші.
Алайда сөз тіркесін шетелдік сөзбен алмастыру тенденциясы заңдылық емес екенін атап өту керек. Берілген сөз тілде қалыптасуы мəселесін қарастырғанда оның оған дейінгі синонимдес лексикалық бірліктермен арақатынасы қандай екенін т.б. анықтауда кірме сөз тілінің жүйесін сипат- тайтын факторларды, анығырақ айтсақ, микрожүйені — «тематикалық» принцип бойынша біріккен атаулардың нақты жиынтығын ескеру қажет. Мысалы, бір механизмнің бөлімдерінің атаулары немесе нақты өнімнің атаулары. Мұндай микрожүйенің ішінде кейде ортақ құрылымдық белгілер байқалады. Сонымен микрожүйенің атауы екі мүшеден тұратын болса, оның бір мүшесін сондай мағына беретін шетелдік сөзбен ауыстыру жүрмейді, себебі ол берілген топ ішіндегі жүйелік байланысты бұзуға əкеледі. Сол сияқты сөз тіркесін алмастыратын атаулар бір сөзді болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұған дейін ерекше атау берілмеген бір детальді немесе кейіпті білдіретін шетелдік сөз құрылған терминологиялық микрожүйеден алынып қалмайтындықтан, тілде тұрақтап қалуға белгілі бір себептері болады.
Сонымен, сипаттамалық тіркестерді (немесе сөз тіркесі) кірме сөздермен алмастырумен байла- нысты тілдегі экономия принципі деп аталатын мəселе пайда болады. Бұл принциптің ықпалы Е.Д.Поливановтың (негізінен фонетикалық өзгерістерде), Г.Ципфтің, А. Мартиненің жəне тағы басқалардың еңбектерінде көрсетілген. Алайда морфология, синтаксис, лексика сияқты тілдің сала- ларында бұл принциптің механизмі ықпалы анықталмаған. Мұндай кірме сөздер коммуникацияда қолданылатын лексикалық бірліктердің жиынтығындағы өзгерістерге əкеледі.
Əрине, бір жағынан, сипаттамалық тіркестерден қысқа кірме сөздер атау бірліктерін сандық жағынан қысқартады. Əрі лексикалық бірліктердің жиынтығы немесе сөздік сол тілдің барлық сөздері көлемінде болса да, бір тематикалық топтың терминдері көлемінде болса да нақты ұйымдастырылған жиынтық сипатын алады. Екінші жағынан, кірме сөздер бірліктер жиынын көбейтеді. Ал жаңа бірліктерді қолдану олардың мағынасын ашу қажеттілігіне əкеледі. Мысалы, кон- цессия деген не? Бұл шетелдік сөз жол беру деген етістіктен жасалады. Біреуге немесе бір топқа кон- цессия ұсыну оларға елдің табиғи байлығын пайдалануға рұқсат ету дегенді білдіреді. Концессиялық міндеттемелер — концеденттің жасалған концессия шарттары бойынша инвестициялық шығындарды өтеу бойынша белгілі бір күнге қабылдаған жəне орындамаған міндеттемелерінің со- масы (ЕҚ 22.10.2008).
Бұл қарама-қайшылықты кеңірек жағдайда түсіндіруге болады, яғни антонимияда «сөйлеуші– тыңдаушы». Сөйлеуші айтатын мəліметті сөйлеудің мүмкіндігінше ықшамдалған формасына кіргізуді көздейді; тыңдаушы зат туралы толық мəлімдеуге қарағанда мəтінді барынша тез түсіну мүмкіндігіне ұмтылады. Осыған байланысты егер берілген тілді білетіндерді екі тұрақты топқа — сөйлеушілер мен тыңдаушылар деп бөлетін болсақ, сөз үнемдеуді жасайтын жаңашылдыққа, соның ішінде атау сөз тіркестерін алмастыратын шетелдік кірме сөздерді қолдануда сөйлеушілер «кінəлі» болып шығар еді. Ал негізінде тілде сөйлеушілер «сөйлеушінің» де, «қабылдаушының» да ролін атқарады.
Кірме сөздердің тілге енуінің себептері мен олардың бір тілден екінші тілге өтуіне қажет жағдайларды анықтау керек. Кірме сөздер үшін басты шарт — қостілділік деген пікір лингвистер арасында кең тараған. Венгр зерттеушісі Б.Шулан «сөздік кірмелерді зерттеудегі негізгі əдістемелік принцип қостілділіктің кірме сөздердің негізі мен себебі болуы деп саналуға тиіс. Сөздің тілге шетел тілінен еніп жаңа тілде орнығуы үшін алушы тілдік қоғамның мүшелері беруші тілмен біршама таныс болуы қажет. Олар тым болмаса жартылай билингвизм сатысында болуы тиіс, əйтпесе олар сөздің мағынасын түсінбейді де сөз енгізілмейді» [6; 45].
Алайда С.Булич қостілділікті екі көршілес елдің территориялық байланысы деп түсінуге бол- майтынын жазған. Қостілділік берілген тілде сөйлеушілердің басқа тілдік ортамен қарым- қатынасынан пайда болады [7].
Б. Шулан «Сөздіктегі кірменің көбісі қостілділік ортадан пайда болады, өз ортасында ғана белгілі шетелдік сөзді алдымен қос тілде сөйлеушілер қолданады, содан соң тілдік салада кең көлемде таралады. Кейіннен ол сөз жазба сөзге кіріп, тілдің барлық саласын қамтиды» деген [6; 122].
Қазіргі жағдайда қостілділік ауызша қарым-қатынаста ғана емес сол сияқты шетелдік əдебиетті, газеттерді оқу мен аудармашылық салада да кездеседі. Кірме сөздер қостілділіктің нəтижесі ретінде қостілділердің ауызша практикада қолданатын стадиясын өтпей, бірден жазбаша сөзге түседі.
Сонымен, беруші тілмен таныс болу, қостілдіктің біраз минимумы лексикалық кірмелердің негізгі шарты болады. Бірақ шетелдік сөздердің сол тілде тұрақтануына бұл əлі де жеткіліксіз. Осы жерде басқа тілден келетін сөздердің сипаттамасына тоқтала кеткен дұрыс болады, яғни барлық шетелдік сөздер бірдей меңгеріле ме əлде олардың кейбір түрлеріне тілдік жүйеге енуге кедергі келтіретін нақты факторлар бар ма деген мəселелер.
Л.П. Крысин өзінің «Иноязычные слова в современном русском языке» атты еңбегінде «лексикалық ауысып келген сөз» термині мен «кірме сөздер» сəйкес келмейді дейді. «Лексикалық ауысып келген сөз» тек қана «сөздің бір тілден екінші тілге ауысуы» белгісімен анықталады, ал «кірме сөздер» ұғымын түсіндіруде сөздің, оның ішінде шетелдік сөздердің тілдегі қызметі, сол жүйедегі əр түрлі лексикалық элементтермен сəйкестігі, тілдегі кездесу жиілігі жəне т.б. [5, 45].
Қазіргі кезде, өзіміз көріп отырғандай, кірме сөздердің шетелдік сөздерден айырмашылығын көрсететін қалыптасқан ұғым жоқ. Сөздікке тіркелген барлық шетелдік сөздерді кірме сөздер деп есептеу ұсынылады. Бірақ бір сөздің əр түрлі сөздіктерде берілуінде айырмашылықтар болуын ескерсек, бұл мəселенің шешімі емес екендігі көрінеді.
Кірме сөздерді анықтаудағы критерийлердің əр түрлі — диахрониялық немесе синхрониялық болуы қиындық тудырады. Сөзді меңгеру — диахрониялық мəселе, себебі меңгеру уақытпен өтеді; кірме сөздердің шетелдік сөздерден айырмасы этимологиялық тарихи аспектілермен де байланысты. Екіншіден, бір синхрондық кесіндідегі тілдегі шетелдік лексиканың жиілігі, оның бір тематикалық немесе семантикалық саладағы сөздермен лексикалық-семантикалық қатынасы мəселесін қарастырғанда сөздердің тарихына, оның тілге ену жолына, олардың хронологизациясына үңілудің қажеттігі болмайды.
Cөздің берілген тілдің лексикалық жүйесіне жататындығын анықтағанда нақты бір критерийлерді көрсету мəселесіне келейік. Берілген тілдің лексикалық жүйесіне жататындығын көрсететін грамматикалық жəне фонетикалық сипаттамасына келсек, оларды көрсетуге болады. Бірақ бұл сөздің қай тілде қолданылатынын (мысалы, қазақ тілінде сөйлеушілер тіліндегі ағылшын, фран- цуз сөздері) айту үшін бұл жеткіліксіз.
Осы мəселелерді шешудің бір жолы сөзді меңгерудегі өте қажетті жəне берілген сөзді тілдің лексикалық жүйесіне енген кірме сөз деп санау үшін жеткілікті болатын міндетті критерийлер ретінде берілетін сипаттамаларды таңдау. Бөтен сөздің тілде ассимиляциялану белгілері — жеткілікті қажеттілік.
Л.П. Крысиннің айтуынша, сөздің енгізуші тіл жүйесіне енуі үшін келесі шарттар талап етіледі:
шетелдік сөздің енгізуші тілге фонетикалық жəне графикалық жолмен берілуі;
сөздің енгізуші тілдегі грамматикалық класс пен категориялармен байланысы;
шетелдік сөзді фонетикалық меңгеру;
грамматикалық меңгеру;
сөздің сөзжасау белсенділігі;
шетелдік сөзді семантикалық меңгеру: мағынасының анықталуы, тілдегі бұрыннан бар сөздер мен шетелдік сөзбен пайда болған сөздердің мағыналары мен олардың реңкін дифференциа- циялау.
Тілдегі жиі қолданылуы: кез келген бір арнайы стилистикалық сфераға кірмейтін сөз үшін — əдеби тілдің əр түрлі жанрларында; термин үшін — оны енгізген сол терминологиялық салада тұрақты қолданылуы, сол терминологиялық саладағы терминдермен нақты парадигмалық жəне мəнділік қатынасының болуы [5; 56].
Аталған белгілердің барлығы шетелдік сөздің тілге кіруі мен ондағы қызметі үшін қажеттілік бола алмайды. Факультативтік белгіге жататындар шетелдік сөздің фонетикалық жəне грамматикалық ассимиляциясы мен оның сөз жасау белсенділігі. Мысалы, қазақ тілінде қазақ тілінің дыбысталуына жəне грамматикалық жүйесіне сəйкес емес сөздер бар: имидж (дж), инжиниринг (к) сөздері.
Қазіргі бұқаралық акпарат құралдарында кездесетін кірме сөздерді қарастыра отырып, олардың енуіне сипаттама беретін болсақ:
Кірме сөздердің басым бөлігі қазақ тілінің əріптерімен берілетін шетелдік сөздер: дефолт, дисплей, принтер, эмитент, стресс, имидж, фаст-фуд, билборд.
Сол тілдің өз графикасын сақтап қалған шетелдік сөздер: CD, CD ROM, SMS, PR, PhD, mail.ru, me- galine, оnline, show-room, web, IT.
Шетелдік орфографияны сақтап қалған шетелдік сөздер: брифинг, корпорейшн, инжиниринг, бейсджампинг, кейв-дайвинг, бестселлер.
Жартылай шетелдік сөздер: web-ресурс, CD, DVD-диск, PR-агенттігі, ҚазNet.
Достарыңызбен бөлісу: |