Көкпекті ауданы әкімінің 9 мамыр мерекесінде сөйлеген сөзі
2012 жыл
Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 20 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Республикамыздың Қарулы Күштері құрылды. Біз тәуелсіздігіміздің таңы жаңа атқан тұста ұлттық армиямызды жасақтадық. Содан бері осы күнді жыл сайын Жеңіс мерекесімен бірге атап өту игі дәстүрге айналды.
Бүгін ізгі ниетті адамзат Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 67 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өтуде. Жеңіс сәті – тарихта өшпес із қалдырған айрықша оқиға, ұлы мейрам.
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы бірнеше елдің аумағын қамтыған өте ауыр сынақ болды.
Көкпекті ауданынан майданға 12 мың 712 жауынгер аттанды, оның 6 мыңнан астамы көкпектілік жерлестеріміз.
Ұлы Отан соғысы кезінде майданда қайтыс болғандар және хабар – ошарсыз кеткендер саны 7 131 адам.
Кеңес Одағының батырлары, жерлестеріміз – Аухадиев Қойгелді, Авдеев Николай Дмитриевич, Константинов Лаврентий Сергеевич, Шарабанин Николай Александрович, Яроцкий Иван Михайлович, Саполев Иван Григорьевич, Полынин Федор Петрович, Фонов Николай Яковлевич, Седнев Сергей Егорович сынды батырларымыз ел тарихында өшпестей із қалдырды.
Құрметті жерлестер!
Ержүрек аталарымыз бен апаларымыз аманат еткен тәуелсіздікті, бостандықты біз бүгінде көзіміздің қарашығындай сақтап, одан ары нығайта түсудеміз. Жылдан жылға мемлекетіміз өркендеп, экономикамыз өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсаруда.
Туған өлкеміздің гүлденіп, көркеюі үшін тың жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні Көкжайық ауылында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығына және Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Отан үшін мерт болған каһармандардың ерлік рухына бас иіп, тағзым ету, олардың есімдерін мәңгілік жадымызда сақтап, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсету, болашақ ұрпақты елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу мақсатында Жеңіс саябағы ашылғалы отыр.
Осы нышанның ашылуымен Көкжайық тіректі елді мекені өз тұсауын кеседі. Осы салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығына және Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ауданымыздың 2 ардагеріне тұрғын үй кілті табыс етілмек.
Осы игі істердің жүзеге асуы Елбасының сарабдал саясатының және біздің бірлікте, ынтымақта істеген еңбегіміздің арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Құрметті Ұлы Отан соғысына қатысушылар, тыл еңбеккерлері!
Отан үшін өмірін қиған әрбір азаматтың, қазіргі уақытта арамызда жүрген ардагерлердің Даңқы арта берсін!
Әрқашан елімізде тыныштық орнап, әр шаңырақта береке-бірлік, татулық ұяласын! Аспандарыңыз ашық, жүздеріңіз жарқын болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |