№4 дәрістің тақырыбы: АҚҚ тарихнамасы.
Дәріс мақсаты: Әрбір кезеңде зерттелу тарихынан мәлімет беру.
Тірек сөздер: Тарихнама, Герадот, Страбон, Ж.Ф.Лафито, К.Ю.Томсен.және т.б.
АҚҚ туралы ежелгі дүние мен орта ғасырлардағы түсініктер.
АҚҚ ғылымының қалыптасуы.
ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. АҚҚ тарихы ғылымының дамуы.
1. Тарихнама – бұл ғылымның даму тарихы. Алғашқы қауымдық қоғам тарихы – тарих ғылымының ең жас саласы: ол тек өткен ХҮІІІ ғ. ІІ жартысында ғана пайда болды. Алайда бұдан, адамдар өздерінің бастапқы кезеңі туралы тарихын білуге ұмтылған жоқ деген ой туындамауы тиіс. Адамдарда өздерінің өткен тарихына деген қызығушылықтар олардың дамуының ең ерте кезеңінде-ақ қалыптасты. Таптық қоғамның пайда болуымен адамдардың ежелгі жағдайы туралы алғашқы қауымдық ертегілері адамдар еш алаңсыз, соғыстың және жауласушылықтың не екенін білмеген «алтын ғасыр» туралы аңызға айналып кетті. Варварлық әлем туралы антик авторлары мол мәлімет білген жоқ, олардың ат-үсті зерттеулері көбінесе фантастикалық суреттемелерге толы болды. Бірақ соған қарамастан дәл осы антик дәуірінде алғашқы қауымдық адамдар туралы алғашқы суреттемелер пайда болып, құнды зерттеулер жасалады. Бұл өз кезегінде алғашқы қауымдық қоғам туралы түсінік жүйесінің қалыптасуында үлкен роль атқарады. Мысалы, Геродот (б.э.д. 484-425 ж.ж.) скиф, пигмей және басқа да көптеген тайпалар туралы, Ксенофот (б.э.д. 430-350 ж.ж.) Кіші Азия халықтары, Страбон (б.э.д. 63 ж. – б.э.20 ж.), Цезарь (б.э.д. 100-44 ж.ж.) және Тацит (шамамен б.э. 55-120 ж.ж.) Европа және Азия халықтары, германдықтар туралы жазған. Геродот және Страбон кейбір варвар халықтарында ұжымдық жеке меншік болғандығын айтқан. Геродот: «ликиялықтар өздерінің түп тамырын аналық рудан бастайды, оларда әйел адамдар өздеріне күйеуді өздері таңдайды, сарматтық әйел адамдар өте ержүрек және күйеуге тек жауларын өлтіргеннен кейін ғана шығады», - деп жазған. Ежелгі грек материалисі Демокрит (б.э.д. 470-380 ж.ж.) алғашқы адамдар «айуандарша тағылық өмір сүрді, қорек көзін табу үшін бір жерден екінші жерге көшіп жүрді. Олардың қорек көзі жердегі табиғи жем және ағаш жемістері болды», - деп мәлімдейді.Ол адамдар табиғаттың қатаң жағдайларынан және жабайы аңдардан қорғану үшін табиғатпен күресудің әдістерін ойлап тапқандығын баса айтады. Демокриттің ізін басушы ежелгі грек философы және ақын Лукреций Кар (шамамен б.э.д. 99-55 ж.ж.) өзінің «Заттар табиғаты туралы» поэмасында ежелгі адам баласының даму тарихын тағылық кезеңнен бастап отты, киімді, тұрғын үйді ойлап тапқанға дейінгі кезеңді суреттейді.
Орта ғасырларда дүниеге діни көзқарастың үстем болуы алғашқы тұрмыстық қоғам туралы ғылымның дамуына мүмкіндік бермеді. Бұл кезеңде ежелгі дәуірге қарағанда, адамның пайда болуы туралы библиялық аңыздар неғұрлым кеңінен таралады. Алғашқы адамдар туралы түсінік фантастикалық сипатта болды: оларды басын иттің басындай немесе мүлдем басы жоқ етіп, көзін кеудесінде етіп т.с.с. бейнеледі. Бірақ осындай жағдайларға қарамастан, жер және оны қоныстанушы халықтар туралы зерттеулер кеңейе түседі. Осы деректер кейіннен алғашқы қауымдық қоғам тарихын зерттеуге септігін тигізеді. Араб географтары Шығыс Европа және Азия халықтарының суреттемелерін құрастырады. Орта Азия халықтары туралы ғажайып мәліметтер ХІІІ ғ. қытай географы Чан-Чун зерттеулерінде сақталған. Шығысқа сауда байланыстарын орнату үшін аттанған саяхатшылар – Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло және т.б. – европалықтарды шығыс халықтарымен таныстыруын кеңейтеді. Бұл шығармалардың ішінен Тверь саудагері Афанасий Никитиннің «Үш теңіздің ар жағына саяхат» еңбектерін ерекше атап өтуге болады.
2. Ұлы географиялық ашулар дәуіріндегі және одан кейінгі кезеңдерде этнографиялық материалдардың көптеп жиналуы алғашқы қауымдық қоғам тарихы туралы түрлі теориялардың қалыптасуына жағдай жасады. Алғашқылардың бірі болып, америкалық үндістер этнографиясының мәліметтерін негізге ала отырып, француз миссионері, ұзақ уақыт бойы ирокездер мен гурондардың тұрмысын бақылаушы Жозеф-Франсуа Лафито (1670-1740 ж.ж.) қадам жасайды. Ол ирокездер мен гурондардың қоғамдық құрылысынан ежелгі халықтардың қоғамдық құрылымындағы ұқсастықтарды көруге болады – деген пікірді тұңғыш рет айтты (1724 ж.).
Адамзат баласының ежелгі тарихы туралы мәлімет беретін шынайы фактілер алғашқы қауымдық археологияның дамуына мүмкіндік береді. ХІХ ғ. Европа мұражайларында ежелгі адамдардың еңбек құралдарының үлкен коллекциясы жинақталады. Олар тарихи зерттеудің объектісіне айналу үшін, оларды классификациялау қажеттілігі туындады. Алғашқылардың бірі болып мұны дат археологы К.Ю.Томсен (1778-1865 ж.ж.) жасауға ұмтылды. Ол алғашқы қауым ескерткіштерін жасалған материалына қарай үш топқа бөлді: тас, қола және темір дәуірінің. Швед ғалымы Свен Нильсон 1838-1843 ж.ж. салыстырмалы-тарихи әдісті және археологиялық және этнографиялық деректерді пайдалана отырып, өзінің мәдени-тарихи кезеңге бөлу жүйесін ұсынды. Нильсон адамзат дамуының төрт сатысын бөліп көрсетті: тағылық, номадизм (көшпелі мал шаруашылығы), егіншілік және өркениет.
№5 дәрістің тақырыбы: АҚҚ тарихнамасы.
Достарыңызбен бөлісу: |