Тоталитарлық мемлекет тұсындағы радио (1950 – 1985 жж.)
Соғыстан кейінгі күйреген халық шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру кезеңінің ойдағыдай аяқталуы бүкіл кеңестік бұқаралық ақпарат құралдарының тілге тиек еткен мәселесі ретінде күн тәртібінде тұрды. Сол тұстағы қалыптасқан дәстүр бойынша қоғам дамуының көрсеткіштері процентке шағылып, ол артығымен орындалды деп есеп беру дағдыға айналған болатын. Міне, осындай даурықпалы, дақпыртты хабарлар беру қазақ радиосының да жұмысынан орын алады. Сондықтан күйзелген халықты «енді сол күйреген құрылысты қалпына келтірген соң қалыпты өмір сүресіңдер», - деп титықтатқан иделогия тіпті дендей бастады. Толыққанды социализмді орнатып, сонан соң «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнайды, ол – «коммунизм», соған жету үшін халық шаруашылығының жоспарларын артығымен орындау қажет деген ұран тасталды. Жұмыс уақытынан тыс сенбіліктер, жексенбіліктер ұйымдастырылып, міндетті сегіз сағаттан кейін қалып жұмыс істеу сияқты бүкілхалықтық қозғалыс басталып кетті. Енді партияның осы саясатын насихатттау барлық БАҚ-ында, оның ішінде радиода да белең алды.
1954 жылдың наурызынан бастап Орталық радиода ғылыми-көпшілік хабарларды беру жолға қойылды. Бұның өзі біркелкі «социализм, коммунизм» тақырыбындағы хабарларды тыңдаудан жалыға бастаған тыңдарманды бір серпілткендей болды. «Күн планетасы», «Айда тіршілік бар ма?» деген сияқты хабарларға қосымша медицина, биология, астрономия, химия т.б. ғылымдар жөнінде танымдық дүниелер көптеп беріле бастады. Қоғамдағы құбылыстарды жан-жақты қамтитын бағдарлармалар ұйымдастырылды.
Бұдан кейінгі осы кезеңнің айтулы хабарлары 1956-61 жылдары болған Компартияның XX және XXII съездерінің материалдарына байланысты болды. Өйткені, онда Компартияның бірінші хатшысы болған Н.С. Хрущевтің жеке басқа табынушылық саясаты сыналған болатын. ЧК, НКВД, МГБ, КГБ деген атаулар адам ғұмыры үшін, солардың подвалдарында атылған сан мыңдаған адамдардың өмірі үшін айыпталды. XX съезде басталған саяси науқан ұзаққа созылып, үкімет басына Л.И. Брежневтің келуімен жалғасты. Әр кезең басшылары өзіндік бір саяси науқанмен есте қалатыны тарихтан белгілі. Ал, кейінгі хатшы Қазақстандағы игерілмей жатқан шексіз алқапты орыстандыру саясатын бастады. Ол «тың және тыңайған жерді игеру» деген атпен тарихта қалды. Қазақстанның бүкіл жайылымдық жер қыртысы қопаралып, ен дала егіс алқабына айналды. Тың жерді игеру бүкіл радиохабарлардың өзегі болды, көркемөнердің негізгі тақырыбы болды. Кинофильмдер де түсіріліп, музыкалар жазылып, қаншама романдарға арқау болды. Ресейдің түпкір-түпкірінен кезекті «переселендік» кезең басталып, ағылып жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген басқа ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қонақжай қазақ халқы кезекті саясаттың тағы да құрбаны болды. Жер құнарлылығынан айрылып, эрозияға ұшырады. Жергілікті халық ұлттық қасиетінен ажырап, тілі шұбарланып бара жатқан бөгде мәдениеттің, жат жұрттың илеуінде қалды. Қаншама рет зобалаңның, аштықтың, репрессияның құрсауына түскен жергілкті ұлт тағы да бір «соғыссыз саяси майданның» шырмауында қалды. Әрине, бұның бәрі Қазақ радиосынан да, басқа БАҚ-тың материалдарынан басқаша, «үкімет қамқорындағы» деген нақышпен берілді.
1957 жылы радио Мәдениет министрлігінен бөлініп, Радио және телевизия жөніндегі мемлекеттік комитет болды. 1960 жылдың қазанынан бастап Бүкілодақтық радио тәулік бойы жұмыс істеп, 77 сағат 15 минут хабар тарататын болды. 1961 жылы радиодан дүниені дүр сілкінткен ақпарат таратылды. Ол 12 сәуір күні космосқа тұңғыш рет адамның ұшқаны туралы болатын.
1962 жылы Қазақ радиосында «Юность» атты жастар бағдарламасы ашылды. 1964 жылдан ақпаратты-музыкалы «Маяк» радиостанциясы жұмыс істей бастады. Кейіннен осы радионың қазақша пішіні «Шалқар» болып қазақ радиосында ашылды. Ұлттық бояуға қанық, ұлттық музыка, мәдениет, салт-дәстүр, тағылым т.б. арқылы ерекшеленетін бұл радио халықтың сүйікті арнасына айналды. Алайда, арна жабылып, шығармашылық ұжым таратылып, басшылар тарапынан үлкен қателік жасалды. Кейіннен қайта ашылуға рұқсат етілген-ді, бірақ тыңдарман аудиториясын жоғалтып алды. Ал, Ресейдегі «Маяк» радиосының 40-жылдығы ұлттық үлкен мереке ретінде тойланып өткендегі баршаға мәлім.
1965 жылы Гитлерлік Германияны жеңудің 20 жылдығы барлық ақпарат майданы жауынгерлерінің тіліне тиек болды. Соғыс ардагерлерін марапаттайтын деректі-көркем циклды хабарлар көбейді. Бағдарламалар көптеп ашылды. Деректі әңгіме, радиокомпозиция, радиоочерк, радиофильмдер деген сияқты жанрлар молая түсті. Әрі қарай қоғамдық саяси науқандар белең алды. Ұлы қазан революциясының 50 жылдығы, В.И.Лениннің 100 жылдығы сияқты мерекелер бірінен кейін бірі хабарлар желісіне айналды. Концерттер мен спектакльдерді радио арқылы трансляциялау жолға қойылды. Халықты рухани демеуге арналған көңіл көтеру бағдарламалары ашылды, жастар мен балаларға арналған хабарлардың уақыт мөлшері көбейе бастады. Осы жылдары Қазақ радиосында «Ұшқын» атты жастар хабары беріле бастады, ол кейін жастардың сүйікті хабарына айналды. «Мәдениет радиоуниверситеті» жұмысы рухани әлемді байытуға үлес қосты. Ал, 1967 жылдан бастап 3 каналды радиохабар тарату дамыды. Тыңдармандар алуан түрлі хабар тыңдау мүмкіндігіне қол жеткізді. Одақтас республикаларда радио мен телевизияны дамытуға көңіл бөліне бастады. Бүкілодақтық радиоға қатысты республикаларда 162 комитеттер құрылды, оның ішінде одақтас республикалық 14, автономиялық –20, өлкелік- 6, 109 облыстық және округтік комитеттер құрылды. Бұның бәрі радио жұмысын жандандырып, дамыта түсу үшін атқарылған шаралар болатын.
Мемлекеттік идеологияның ықпалы тек қана жақсы жақтарынан көрінбеді. Соғыстан кейінгі жылдары антиинтеллектуалды саясат етек алды. Ғылым, мәдениет, білім, әдебиет т.б. қоғамдық салалар социалистік және буржуазиялық болып бөлінді. Идеологияға "қарсы" шығарма жазған жазушыларға, ән жазған композиторларға т.б. қарсы істер қозғалды. Ресейде Анна Ахматова, Сергей Эйзенштейн, Михаил Зощенко, Михаил Булгаков сынды азаматтар шығармаларын сынау басталды, жала жабылды, үй тұтқынында ұсталды. Сөйтіп, басқа елдермен араға темір қақпа орнатылды. Социализм болашағынан басқа ешнәрсені ойлауға да мүмкіндік берілмеді. Қазақ зиялылары да осы науқаннан тыс қалмады. Көптеген жазушылар, ғалымдар, тарихшылар тіпті заманның ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовке дейін қудаланды. "Ресейдегі әріптес жолдастары алып қалмағанда халық, бүтіндей ұлт өкілдері жауапты болар ма еді, тарихшы Е. Бекмахановтың тағдырын кешер ме еді?" деген сүреңсіз сұрақтар тарихтың қойнауында қалды. Руханиятқа қарсы зобалаңның, зиялыларды, ойшылдарды қудалаудың небір қитұрқы түрін көрген халықтың еңсесі езілді. Оның соңғысы 1986 жылғы тәуелсіздік жолындағы көтеріліс болып саналады.
1970 жылы Бүкілодақтық радиоға Лапин деген азамат төрағалық қызметке келген. Ол соғысқа дейін сонда қызмет істеген. Үкімет қаулы-қарарларын, бұйрықтарын қалтқысыз орындайтын адам ретінде санада қалған. Радиожурналистердің жасаған хабарларын қаралау, кез келген жерден кінә тауып, айыптау сияқты жайлар осы басшының тұсында орын алды.
"Жолсапарға кеткен журналист қайтып келгенінде оның жұмыстан қуылғаны жайлы құжат дайын тұратын еді" деп еске алады ардагер-радиожурналистер естеліктерінде. Олардың кез келген сөзінен үкіметке қарсы қателік табатын. Сонымен тағы да қара тізім жасалып, өзіндік репрессия басталған. Журналистер бойын жалтақтық, сенімсіздік белгілері дендеді. Осы кездері бірін-бірі қайталайтын айдарлар көбейді. Тыңдармандар аудиториясы жоғала бастады. Нақты өмір бүркемеленіп, "біздің кеңестік өмір осындай" деген идеология үстемдік етті. Орыс ақыны К. Чуковский: "Радио - опиум для народа" деп жазды. 1970 жылы осы басшының нұсқауымен "Алтын қорды тазарту" жұмыстары жүргізілді. Солақай басшының кесірінен қаншама қымбат дауыстар, материалдар өшірілді. Осылайша Бүкілодақтық радио жаңа кезеңге көшті. Ал, Қазақ радиосының "Алтын қоры" ондай жадағай саясаттың құрбаны болған жоқ.
XX ғасырдың елуінші жылдарында Қазақ радиосының материалдық-техникалық базасы үкімет қамқорлығына алынып, жаңа аппаратуралармен толығып, құрал-жабдықтар бөлінді. Сирек дауыстар жазылған хабарлар, концерттер, әдеби-музыкалық радиокомпозициялар, радиопьесалар сол тұстары пайдалануға берілген магнитті үнтаспаларға жазылып, ең таңдаулы деген туындылар "Алтын қорға" алынды. Ал, ондай дүниелерді сараптау Көркемдік кеңестің ұйғарымы арқылы жүзеге асырылатын. Күні бүгінге дейін сол құнды дүниелерді көздің қарашығындай сақтап отырған «Алтын қор» қызметкерлері тарихты болашақпен жалғастырушылар екендігі ақиқат.
Қайта құру мен жариялық радиосы (1985-1991 жж.).
1985 жылы БАҚ-тың даму кезеңіндегі өзгеріске толы жыл болды. М.С.Горбачевтің үкімет басына келуіне байланысты қайта құру саясаты басталды. Қоғамда жариялылық басталып, халық демократияға бет бұрды. Бұл қозғалыс жылдар бойы қалыптасқан тоталитарлық жүйеге, оның идеологиясына наразылықтан туындаған болатын. Бұрынғы бір жүйеге мойынсұнған одақтас мемлекеттер ыдырап, КПСС-тің құлауына әкеп соқты. Бұл өзгерістер алдымен БАҚ-ына әсер етіп, тек қана социалистік қоғамның сойылын cоғатын телеарадио және баспасөз еркіндік алуға ұмтылыс жасай бастады. Дегенмен, бұл тұста бүкілодақтық радио компартияның ХХVII – съезінің шешімдерін насихаттаумен болды. Осы уақытқа сай келген жастар мен студенттердің дүниежүзілік ХII фестивалі, Стахановтық қозғалыстың 50 жылдығы және Қазан төңкерісінің 70 жылдығы тілге тиек болды.
Журналистерден жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру үшін жұмыс істеулері талап етілді. Жалған ақпарат беру, асыра сілтеу, орынсыз мадақтан гөрі күнделікті, нақты проблемаларға көңіл бөлу жолға қойыла бастады. Осының әсерінен кейбір радиожанрларға деген сұраныс азайды. Әуе кеңістігінде радиоочерк, радиокомпозиция, радиосуреттеме сияқты жанрлардан гөрі қысқа ақпарат беруге бетбұрыс басталды.
Журналистердің өмір құбылыстарын зерттеуге, талдау жасауға және әлеуметтік психологияға қызығушылықтары артты. Жаңа радиопішіндер пайда болды. Бағдарламалар ақпаратты-музыкалық, ақпаратты-публицистикалық немесе музыкалық-ақпараттық болып бөлініп, тыңдармандар сұранысын зерттеуге жете көңіл бөлінді. Тікелей эфир тәсілі көбірек қолданыла бастады. Бұл тәсілдерді мемлекеттік радиолар да, мемлекеттік емес радиолар да қолданды. Радиохабарларда мәдени, эстетикалық, адамдық тәрбие беруден гөрі жеңіл музыка тыңдау, көңіл көтерушілік сияқты бағыт бел алды. Радионың адамдарға азаматтық тәрбие беру, адамгершілік сенімдерін насихаттау сияқты негізгі функциясы назардан тыс қалды.
Радиохабарлар пішіндік өзгеріске түсті. Алғашқы радиокөпір пайда болды. Ол 1986 жылы СССР мен АҚШ арасында ұйымдастырылды. Москва студенттері мен Оңтүстік Иллиноиск университеттері арасында 2 сағаттық диалог өткізіліп, жастардың келелі проблемалары сөз болды.
Радиопублицистика жаңа түрге енді. «Депутат арнасы», «Лик» (литература, искусство, культура) деген арнайы канал ашылып, әдебиет, өнер, мәдениет мәселелеріне көңіл бөліне бастады.
Алғашқы коммерциялық радиолар ашылды. 1990 жылы «Эхо Москвы» деп аталатын коммерциялық радио дүниеге келді. 1991 жылы «Россия» радиосының демеушілігімен «Радио России ностальгии» деп аталатын 1950-70 жылдардың музыкасына негізделген Франциямен бірлескен радиостанция жұмыс істей бастады. Осы жылдың 10-қаңтарында аталмыш радионың эфирге тұңғыш шығуымен қатар, бұқаралық радиожурналистикаға мемлекеттік монополия да тоқтады. Жаңа бағытта дами бастаған радиожурналистиканың өзіндік ерекшеліктері пайда болды. Көп радиолар дербестіке қол жеткізді. Республикалық «Қазақ радиосы» да дербестікке ие болды. Ақпараттық танымдық хабарларды көптеп бере бастады. Тікелей эфирді меңгеру, алыс-жақын шетелдерге хабар тарату жүйеленді. Мысалы: Германияның Қазақстандағы елшілігінің 10 жылдығына арналған танымдық хабар тікелей эфирден 3 сағат бойы жүргізілді. Германияның географиялық ерекшеліктері, тарихы, әдебиеті, мәдениеті, халқы жайлы тыңдарман көптеген мағлұматтар алды.
Сонымен қатар, дикторлық радиодан журналистік радиоға ауысты. Яғни, алдын-ала жазылып алынатын үнтаспалық материалдардың қатары азайды, журналистік радио алдыңғы қатарға шықты. Дикторлық кәсіп шеттетіліп, әуе кеңістігін комментаторлар, журналистер иеленді. Бұл эфир тазалығын бұзды, радионың эстетикалық тәрбие беру функциясына нұқсан келтірді. Әдеби, мәдени, тарихи, рухани хабарлар үнтаспаға алдын-ала жазылған сәтте оның көркемдік ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөлінетін. Тыңдарман мағлұматпен қоса эстетикалық ләззат та алатын. Сондықтан, диктор қызметін мүлдем алып тастамай, көркем хабарларға пайдалану қажеттілігі өмір талабынан қайтадан туындап отыр. Қоғамның рухани өмірі үшін көркем хабарлардың алатын орны ерекше екендігі аян.
Бағдарлама ауқымдығы арта түсті. Радиожурналистердің қаламына қоғамның сан-салалы құбылыстары өзек болып, сан түрлі бағдарламаларға жол ашылды. Журналистік ой-қиялға жол ашылған соң, авторлық бағдарламалар көптеп өмірге келді. Мысалы: «Бағзыдан жеткен сөз», «Адамның кейбір кездері», «Сырлы әлем», «Адам, ғұмыр, қолтаңба», «Бүгінгі сұхбат», «Жан сарайы», «Денсаулық» сияқты хабарлар тыңдармандар жүрегіне жол тапты.
Сараптауға құрылған бағдарламалардың кейбір тәсілдері игерілді. Апталық авторлық бағдарламаларға тыңдармандар үйреніп, әуе толқынынан іздеп, оған деген сұраныс арта түсті. Әрине, сұраныс артқан сайын радиоарналардың да рейтингі арта бастады. «Өзекті мәселе», «Баспасөзге шолу», «Үкімет арнасы», «Алуан пікір. Тұжырым», т.б. көптеген хабарлар айтары айқын, берер мағлұматы мол дүниелерге айналды. Осы тәрізді журналистік шеберлік мектептерінің озық үлгілері, қайталанбас өмір өрнектері Қазақ радиосының тайқазанында қалыптасты.
Жаңа кезең радиосы (1991-2005 жж).
Бұл кезеңде мемлекеттік радиолар саны азайып, керісінше форматты радиолар саны көбейді. Бәсекелес радиолар арасында тыңдармандар аудиториясын көбейту үшін тартыс басталды. Адамдардың назарын аудару мақсатында небір әдіс-тәсілдер жүзеге асырылды. Сол себептен де радиожурналистиканың жаңа пішіндері пайда болды. Форматты-коммерциялық арналардың саны Ресейде 1993 жылы 27 болса, 1994-те 33-ке көтерілді. Бір жылғы көрсеткіштің айтарлықтай болуының өзі радионың қоғамдағы рөлінің арта түскендігін көрсетеді. "Европа плюс Қазақстан", "Русское радио", "Авторадио" т.б. сияқты арналар қанатын кеңге жайып, дүниежүзіне таралды. Радио тыңдаудан соңғы жылдардағы зерттеулер бойынша жер шарында Америка Құрама Штаттары алда тұрған көрінеді. Олардың халқының 56 пайызы ақпаратты тек радиодан алады. Жан басына шаққанда күніне әр адам 3 сағат 20 минуттан тыңдайды екен. Әрине, радионың ақпарат таратудағы мүмкіншілігі басқа бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда жоғары. Әрі тыңдарман болған оқиға жайлы айқын пікірді радиожурналист аузынан естігісі келеді. Деректі оқып барып түйіндегеннен гөрі тыңдағанның әсері күштірек екені тәжірибеде дәлелденген.
Дүниежүзінде көптеген "өртті нүктелерде" болып жатқан оқиғалардың аудиторияға нақты, шын, бояусыз, әсірелеусіз жеткізілуі талап етіледі. Өйткені, жалған ақпарат берушілер көбейді. Халық өз талғамына қажетті жайларды ғана тыңдауға мәжбүр болды. Ал, бәсекелестік жағдайындағы радиолар өз рейтингтерін тек боямасыз, бірінен-бірі асырып баяндау арқылы жинай алатындығы белгілі. Аудиторияны жаулаудың небір жолдары, тәсілдері қарастырылуда. Тіпті жаңа радиоарна ашудың жолдарын үйрететін "www. " сайты да ашылды. Мұның өзі күннен-күнге радионың қоғамдағы қажеттілігінің артуынан деп түсінген жөн.
Соңғы кездері эфирден алуан түрлі шоулар ұйымдастыру етек алды. Кейде танымдық, музыкалық, көңіл көтерушілік бағытта болып, тақырыптық жағынан өзгеріп отырады. Тіпті арнаның хабар тарататын уақыты кей кездері бос, мағынасыз, мәнсіз, тағылымсыз сөздермен де толтырылып жатады. Әсіресе, орыс тіліндегі жастар хабарларының парықсыздығы тыңдарман қауымды қынжылтып жүргені шындық.
Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосының сеткасында көрсетілген, тікелей эфирден шығарылатын әдеби-музыкалық бағдарлама түнгі 12 сағат 05 минуттан "Түнгі толқын" деген айдармен беріледі де 01 сағат 35 минутқа дейін созылады. Ал, "Шалқар" арнасында 23 сағат 05 минуттан 23.55-ке дейін "Жұлдызды түн" хабары жүргізіледі. Әрине, қазақ тіліндегі хабарлар ұлттық болмысқа сай жүргізілуі тиіс. Өйткені, жергілікті ұлт менталитеті өз тыныс-тіршілігінен, әдебиет, мәдениетінен, салт-дәстүрінен сезіліп тұруы тиіс. Әр елдің соны әйгілейтін, дәріптейтін арнасы болады. Сол үдеден көріне білген бұқаралық ақпарат құралдары ғана уақыт керуеніне ілесе алмақ. Тәуелсіз Қазақстанның радиостанциялары мемлекеттің тұғыры таймауы жолында, халықтардың достығы шайқалмауы мақсатында, ел ахуалын жақсартуға атсалысуда, бейбіт өмір сүру мәселесінде өз биігінен көріне алуда. Оған дәлел — тағылым-тәрбие аларлық, рухани нәр берер, болашаққа жарқын жол көрсетер хабарлар болып табылады. Қазақ халқы рухы биік, жаны таза, ер көңілді, жалын намысты, адами қасиеттері жоғары болғандықтан өзінің шығыстық әдебін, ар-ұятын ту ете отырып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда. Міне, осы ретте электронды бұқаралық ақпарат құралдарының қосып отырған үлесі зор екендігіне көз жеткізуге болады. Бөгде мәдениет, оғаш дәстүрлер, тәлімі жоқ әдебиеттен бойды аулақтатып, ұлттық болмыспен өмір сүруге ұрпақты бағыттау - жаңа қоғамның міндет-мұраты болмақ.
Қазақ радиожурналистикасының жүріп өткен жолдары, қалыптасуы, бүгінгі күнге дейінгі даму кезендері радиожурналистиканы зерттеуші ғалымдар тарапынан зерделеніп, бағаланды. Ерен еңбекпен, кажырлылықпен, тиянақтылықпен атқарылған бұл жұмыстар ұзақ жылдар жемісі.
Радиожурналистиканың табиғатын, жанрлық ерекшеліктерін филология ғылымдарының докторы, профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұлов, радиохабарлардың алғашқы пайда болу тарихын филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рамазан Сағымбеков, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы радионың рөлін тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев зертттеп, ғылыми тұжырымдар жасады.
Ал осы оқулық авторының еңбегінде эфир фельетонының ерекшеліктері, қазақ радиожурналистикасының қалыптасу кезеңдері зерттеле келіп, Қазақ радиосының тарихы бұрынғы деректердегідей 1931 емес, атап айтсақ он жылға ұзартылып (1921), 2011 жылы 90 жыл толатындығы дәлелденді. Яғни қазақ жеріндегі радиостанциялардың 1912 жылдан жұмыс істегені анықталды. Сол сияқты радиожурналистика жанрлары мен пішіндерінің қалыптасуы мен дамуы терең зерттелді.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аязби Ақбергенұлы Бейсенқұлов радиодағы компьютерлік технологияның қолданылу ерекшеліктерін анықтап, дәйектеді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рахима Нуриден қазақ тілінде хабар тарататын шетелдік радиостанцияларды зерттеді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Клара Қабылғазы Ұлы Отан соғысынан кейінгі күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы Қазақ радиосының қызметін зерттеп, тарихи кезеңге баға берді. Ал, тікелей эфирдің табиғатын филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жидегүл Әбдіжәділқызы зерделесе, Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарларының пайда болуын, даму сатыларын, табиғатын филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Орынтай Ошанова және филология ғылымдарын ың кандидаты Темірғали Көпбаевтар айқындады.
Қоғам үшін радионың маңыздылығы, оны ғылыми бағамдау - өмір талабынан туындады. Радиожурналистиканың бүтін бір әлем екендігін, оның басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан өзіндік ерекшеліктері мол екендігін дәлелдеу, жанрлық, пішіндік өзгерістерін зерттеу, эфирдегі сөз құдіретінің әсерін, оның пайдаланылу тәсілдерін, бұған дейін жүйеленбеген мәселелерін тек қана радиожурналистиканы зерттеуші ғалымдар тұжырымдайды. Осы тұрғыдан келгенде аталған авторлар біраз еңбек сіңіргенін мақтанышпен айтуға тұрарлық.
Қазақстандағы журналистер дайындайтын оқу орындары үшін әдістемелік орталық болып отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика бөлімі қажетті оқулықтарды, оқу құралдарын, типтік бағдарламаларды шығарып, тарату ісінде үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Сол сияқты журналистиканы ғылым ретінде қарастыруда республикамызда тұңғыш рет ашылып отырған «Журналистика мәселелерін зерттеу институтының» ауқымды жұмыстарының атқарар жүгі қомақты. Өйткені, кез келген қоғамның, мемлекеттің журналистикаға сүйенбеген күні болған емес. Журналистика - өмірдің, қоғамның бейнесі.
Сұрақтар:
-
Отан соғысы жылдарындағы кеңестік радио.
-
Соғыстан кейінгі жылдардағы радио.
-
Қайта құру және жариялылық радиосы.
-
Жаңа кезең радиосы.
-
Тоталитарлық мемлекет радиосы.
-
Қазақ радиосының қазіргі тыныс-тіршілігі.
-
Радионың бүгінгі проблемалары.
Әдебиеттер:
-
Омашев Н. Қазақ радиожурналистикасы. – Алматы, 1992.
-
Омашев Н. Ұзынқұлақтан Қазақ радиосына дейін. – Алматы, 2007.
-
Омашев Н. Қазақ журналистикасы. 3-том. – Алматы, 2008.
-
Қабылғазы К. Дәуір үні. – Алматы, 2002.
-
Қозыбаев С. Слово ковавшее победу. – Алматы, 1977.
-
Сағымбеков Р. Алматыдан сөйлеп тұрмыз. – Алматы, 1979.
-
Казахстан: страницы радиолетописи. – Алматы, 1981.
-
Очерки истории журналистики. – Алматы, 1988.
-
Полвека в пути. – Алматы, 1969.
-
Ружников В. Так начиналось. – М., 1987.
-
Основы радиожурналистики. – М., 1984.
-
Очерки истории советского радиовещания и телевидения. – М., 1972.
-
Гурефич П., Ружников В. Советское радиовещание. Страницы истории. – М., 1976
-
Әуе толқынында – Қазақ радиосы. – Алматы, 2001.
2- ДӘРІС
РАДИОХАБАР ТАБИҒАТЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ МЕН ОРНЫ
-
Радиохабардың қоғамдық мәні
-
Дыбыстың акустикалық табиғаты
-
Радиохабар таратудың міндеттері
Радиохабардың қоғамдық мәні
Радионы адамзат өркениетіндегі аса ірі ғылыми жетістік қана емес, қоғамның даму тегершігін жеделдеткен құбылыс ретінде орынды бағалағанымыз жөн сияқты. Сымсыз ақпарат жеткізуді меңгергелі бір ғасырдан асатын уақыт өтті, ал ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамып кетті. Соған тікелей жол ашқан “ақжолтайлардың” бірі де бірегейі — радио және оған қатысты технологиялар.
ХХІ ғасырда адамды және оның болашағын электронды есептеу машиналарынсыз, байланыс құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Соның бастауында тұрған ғылыми жаңалық — радио болса, ол күні бүгінге дейін жетілдірілу үстінде. Радио – ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың құралы ғана емес, оны басқару мен жүйелеудің де тетігіне айналды. Радио шекараны білмейтін, тосқауылсыз арнаға, жаһандық сипатқа ие болды. Шағын ғана, энергияны аз қажетсінетін құрылғылар тұрмысымыздан кең орын алып, адамға көмекшілікке жарады. Бүгінгі ақпараттық тасқынның да бастау бұлағы — радиотехнологиялар. Оның жетілдірілген түрі теледидар радио әдістерімен енді бейнені де жеткізетін болған, бүгінгі газет-журнал, кітабыңыз да радио туындыларсыз басылып шықпайтынын қайтерсіз. Қайда қарамаңыз, қайда бас сұқпаңыз “радио” деген жанды сөзден тарамданып кететін жаңалықтар алдыңыздан кесе көлденеңдеп шығады.
Адамды адам еткен еңбек және сөйлеу машығы дейді ғылымда. Сөзді тыңдарманына жеткізудің де қуатты құралы радио болып табылады. Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақпаратпен қаруландыра алады. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналған. Ол миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал ете алады.
Осы арада тарихи ретроспективалық аз-кем шолу жасауды жөн көріп отырмын. Радио қазақ даласына айтып жеткізілуі қиын өзгерістер ала келді. Өткен ғасырдың 30-жылдары оқыту жүйесі қалыптаспаған, оқулықтар мен ұстаздар жетіспейтін кезеңде “ұзынқұлақ” атауына ие болған радио халықтың жаппай сауаттануына, мәдениетінің өсіп-жетілуіне күшті ықпал етті. Табиғатынан зерек те зейінді далалық үшін жаңа мәдениет құнарлы топыраққа отырғызылған ағаштай тез көктеп, жеміс берді. Ол ел басына күн туған қиямет соғыс жылдары елдік рухты сақтап, жауға қарсы жұмылдыруда, жеңіске жетуде аса жасампаз рөл атқарды. Соғыс жарасынан емделіп, қайта өркендеуде де бірден-бір қуатты бұқаралық құрал радио болып табылды. Халықтық өнерді насихаттауда, оны жеткізуші таланттарды жарыққа шығаруда радио айрықша орын иемденді, сөйтіп бірегей ұлттық ән мен музыканың “Алтын қоры” дүниеге келді, өткен ғасырлар үнін болашаққа жеткізудің мүмкіндігі туды. Радио қазақ журналистикасының, өнері мен мәдениетінің бір топ көрнекті қайраткерлерін, ел таныған қаламгерлерді, сөзі дуалы зиялы қауымды қалыптастырды. Радиода жинақталған мол тәжірибе, қалыптасқан дәстүр, журналистік ізденіс пен шеберлік кейіннен Қазақ теледидарының да жедел дамып, өркендеуіне жол ашты.
Рас, кеңестік кезеңде радио идеологиялық құрал ретінде басқарылып, қатаң бақылауда болды, белгілі бір ұстанымдар мен талаптар шеңберінен шыға алмады. Дегенмен, радио табиғатынан демократияшыл, ашық құбылыс еді. Еңкейген қария алысқа көз тастап, радиодағы әдемі әуенге елітіп, жастық шағын сағына көз алдына келтіріп отыратын. Балқұрақ бүлдіршін радиокейіпкерлерді қиялмен шолып, армандайтын, жоспарлар құратын... Кез-келген адам әуе толқынынан өзіне қажетті ақпаратты ести алады.
Ал, бүгінгі егемендік, тәуелсіздік жағдайында радионың мүмкіндігі шексіз артты, бұл ортада да бәсекелестік күшейді, таңдау мүмкіндігі пайда болды, әртүрлі бағыт-бағдардағы, стиль мен мәнердегі радиостанциялар көбейді. Радиоарна өз қаржысын өзі тауып, дамитын жағдайға жетті, шығармашылық шексіз мүмкіндіктер ашылды. Радиожурналист эфирде еркін сөйлейтін, ойын бүкпесіз жеткізетін және оған өзі жауапкершілік жүктейтін жағдай туындады. Қазақстандағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының еркін дамуына жағдай жасайтын заңды-құқықтық актілер ұдайы жетілдірілу үстінде. БАҚ саласын дамытудағы егемен елдің жетістігі сарапшылар, соның ішінде әлемдегі озық сарапшылар тарапынан жоғары әділ бағасын алды.
Дегенмен, Қазақстандағы қазіргі радионың дамуы мен бағытына көпшіліктің көңілі толмайтын жағдайлар да жоқ емес. Ақпараттық жеделдік жолында іздене түсу қажет, сараптамалық терең хабарлардың үлес салмағы өте аз. Көп арналар жеңіл ойын-сауықтық, сазды форматты ғана қолдап келеді, шығармашылық ізденісі жұтаңдау. Сөйлеу мәдениеті мен тазалығы нашарлап кеткен жағдай да тыңдарман ашу-ызасын тудырады. Кәсіби біліктік пен жауапкершілік әркез сақтала бермейді. Кейбір радиостанцияларда мемлекеттік тілдің дамуына қамқорлық жасалмайды, ұлттық мүддеден коммерциялық мүддені жоғары қоятындығы аңғарылып қалады. Эфир уақыты бос әңгімемен толатыны да таңсық емес. Радиожарнама мәдениеті төмен, осылай кемшіліктер жалғасып кете береді.
Бұл Қазақстанда радионың болашағы бұлыңғыр деген пікір туғызбаса керек. Өтпелі кезеңнің қиындықтары тез артта қалып, радио қуатты ақпарат құралы ретінде дамитынына әлемдік тәжірибе көз жеткізіп отыр. Мысалы, дамыған ел АҚШ-та 8 мыңнан астам әртүрлі радиостанциялар жұмыс істейтін көрінеді және солардың бәрі дерлік жеке меншікте болып табылады. Яғни, өз тапқан табысы есебінен даму үстінде. Қазір Қазақстандағы радиостанциялар саны ондап қана саналады, көбіне, республикаға, ірі қалаларға хабар тарататын арналарды ғана білеміз. Ал, жергілікті радиостанциялар қатары өте сирек. Міне, болашақта солардың қатары еселеп өсіп, әр аймақта ондаған хабар тарату орталықтары қатар жұмыс істейтініне көзіміз жетеді.
Радио — өнер. Радио — ақпарат, шартараптан ең жедел хабар жеткізетін арна. Радио — бизнес көзі. Радио — мектеп. Радио — тарих, өмірдің өшпес шежірешісі. Оның үні сана сүзгісінен өтеді, мәнді хабарлар, ән мен саз қорда сақталып, кейін қайталана береді. Радио — өмірдің қиын сұрақтарына жауап беретін кеңесші, көмекші. Радио — ғұмыр, мыңдаған адамдардың тағдырына ықпал ететін күш-қуат. Радио — көңіл күй барометрі, өмірге құштарлық дәнін шашатын бастау бұлақ. Соңғы жылдары телевизияға қатысты да көп сын айтылып жүр. Соның ішіндегі ең қабырғаға бататыны — телеэкрандағы зорлық-зомбылықтың, қантөгіс пен арсыздықтың шектен шығып кеткендігі, ешқандай шектеу шараларының жоқтығынан ауа жайылып, көрермен санасын улап жатқандығы, жас жеткіншекке теріс тәрбие беретіндігі. Ал, радиода ондай белгілер байқалмайды, керісінше ізгілік пен жақындықты көбірек сезінеміз, адамның ең асыл қасиеттерінің бірі — сөйлесу мен жылы қарым-қатынас жасауға тартып тұрады, көңіліңді көтеріп, демейді, оптимистік қуат беріп, жігерлендіреді. Бүгінгі радиода кемшіліктер кетіп жатса, ол қоғамның да кемшілігі. Көп болып талап етуге, қажетінде қолдауға тиіспіз. Әуе толқынында еркін тарайтын ашық ақпарат ат төбеліндей азғантай топтың меншігі емес, ол қоғамдық өскелең талаптарға жауап беруге, онда қалыптасқан мәдени қатынастарды алға сүйреуге, жақсартуға міндетті.
Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сөйлеу мен естудің маңызы айрықша. Осы екі қабілеттің басын біріктіріп, ақпарат тасымалына жол салған, миллиондардың санасына бір мезгілде ықпал еткен радионың негізі де табиғаттан, жаратылыcтан, қоршаған ортадан бастау алады. Жапырақ сыбдыры, құстың сайрағаны, су сылдыры мен шолпылы, адам дауысы, доңғалақ сықыры, қоңырау үні, мотор шуы, музыка — мұның барлығы ауадағы табиғи тербелістердің адам құлағына жетуі, оны сана арқылы түйсіктеуіміз болып табылады. Дыбыс адамның өмір сүруін, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қоса көңіл-күй сыйлайды, рухани байытады, сана-сезімін өсіреді, жаңа межелерге жігерлендіреді, күш-қуат береді, немесе жұбатады, демалдырады, бір күйден екіншісіне көшуге көмек береді. Адам өз еркінен тыс табиғи ырғақтар (биоритм) жетегінде өмір сүреді, соған сәйкес жүрек соғысы, тыныстауы, қабілеті мен зейіні де құбылмалы болып келеді. Бүгінгі радио адамның биологиялық, физиологиялық қасиеттерімен қоса оның жан дүниесін, яғни психологиясын да ескеретін бұқаралық ақпарат құралдарының бірі де бірегейі.
Бұқаралық ақпарат құралы ретінде де радионың табиғаты осы табиғи заңдылықтар мен қарым-қатынастарға негізделеді. Жүз жылда радиожурналистика ғылымы дамып, өзінің негізгі ұстанымдары мен қағидаларын қалыптастырып үлгерді. Радиоақпарат таратудың табиғатына келгенде, ғылымда оның басты 3 қасиеті бірінші айтылады және бірауыздан мойындалады.
Радионың бірінші табиғи қасиеті — жеделдігі. Қалыптасқан БАҚ жүйесінде бірде-бір басқа құрал мұндай жеделдікті қамтамасыз ете алмайды. Газет ақпараты оқырманына жету жолында күрделі бірнеше процесті: деректі жинау, терім, беттеу, көбейту және тасымалдауды бастан өткеріп, бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейінгі уақытты қамтуы мүмкін. Телевизияда соңғы жылдары ғарыштық байланыс құралдары арқылы оқиға ортасынан тікелей хабар беру үрдісі жолға қойылды. Бірақ ол көп шығынды, қымбат техникалық құралдарды қажет ететіндіктен екі телеарнаның бірінің шамасы жетпейді, сондықтан сирек, үлкен компаниялардың ғана тәжірибесінен орын алған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы уақытта радио тәсілін қолдану етек алып келеді, яғни тікелей эфирде телефон арқылы ақпарат беру жиі кездесіп жүр. БАҚ қатарына соңғы жылдары қосылған Интернеттің де өзіндік шектеулері бар. Дүниежүзілік компьютерлік желіде ақпарат сайтқа орналастырылған сәттен бастап, оны кез-келген шартараптан оқуға мүмкіндік туады. Ол үшін де тұтынушының ақпарат таратушы сайтын тауып, ондағы дерекке жол табуы үшін кәсіби машығы болуымен қатар іздеуге уақыт жұмсауына тура келеді. Радиожурналист болса оқиға ортасында жүріп, көрген-білгенін тікелей эфирге шығып баяндай алады. Соңғы жылдары қауырт дамып, кең қолданысқа ие болған ұялы телефондар бұл үрдіске жаңа тыныс әперді, радионың мүмкіндігін бұрынғыдан да арттырды. Радиотілші төтенше жағдайлар болсын, тез өзгермелі спорт жарыстары болсын, ақпаратын жеткізу мақсатында орталық студия арқылы байланысқа қосылып, тікелей эфирде жұмыс істей алады. Қазіргі заманғы байланыс технологиясы радио ақпарат таратуды аз шығынмен тікелей эфир жағдайында жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Яғни, ақпаратты тұтынушысына жеткізу жеделдігі жағынан телевизия да, Интернет те радионың алдына шыға алмайды. Радио ең жедел, икемді, әрі аз шығынмен жұмыс істейтін бұқаралық құрал болып қала береді.
Радио тыңдарман үшін аса қолайлы болып табылады және бұл қасиетінің маңызы айрықша. Радионы тыңдау үшін арнайы уақыт бөлу, болмаса күш жұмсау міндетті емес. Үй шаруашылығындағы тірлікпен айналысып жүріп те, жұмыс уақытында да, тамақтанып отырып та, автокөлікте келе жатып та, сейіл құрып жүріп те радионы еш кедергісіз тыңдай бересіз. Радио әмбапап ақпарат таратуымен де қолайлы. Ауа райынан бастап маңызды саяси оқиғалар, төтенше жағдайлардың барысы, экономикалық көрсеткіштер туралы, болмаса спорт әлеміндегі қызықты деректердің барлығы кезегімен әуе толқынында тарап жатады. Тыңдарман өзін қызықтырған хабарға зейінін күшейтеді, болмаса кейбір мағлұматтарға аса назар аудармайды. Сөйтіп, өзінің сол уақыттағы сұранысына орай қажетті ақпараттарды қолайлы жағдайда екшеп отырады. Бәсекелестік жағдайында радиостанциялар саны өте көп, сондықтан да соңғы жылдары радионың хабар тарату бағыт-бағдары да өзгеріп, ол тыңдармандардың сұранысына орай маманданып, белгілі бір аудиторияға, әлеуметтік топтарға бейімделе бастады. Бір радио жедел ақпарат пен музыкаға көңіл аударса, екіншісі ескі әуендерді қайта жаңғырту арқылы тыңдарманын тартады, үшіншісі белгілі бір музыкалық бағытты (попса, рок, джаз, т.т.) ғана қолдайды, тағы бірі жасөспірімдер үшін хабар таратады, соған орай сөйлеу стилі мен әдісін де сақтайды. Осыған байланысты әр түрлі радио форматтары көбейді, радионың аудиториясы да түрлене түсті. Міне, осының бәрінде радионың табиғатынан қолайлылығы басты рөл атқарады.
Радионың үшінші бір қасиеті — тыңдарманына психологиялық әсері, немесе эмоциональдығы. Адамның есту қабілетіне құрылған радио тыңдарманның қиялы мен сезіміне де өзгеше әсер етеді, басқа БАҚ құралын еш қайталамайды. Адам табиғатынан естіген жағдайларды көрініс ретінде елестетіні белгілі. “Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе” дейтін қазақ үшін ой-санаға әсер етудің мәні айрықша. Оның үстіне, көбіне көшпенді-отырықшылықты кәсіп еткен қазақ үшін оның өзіндік тарихи жетілу эволюциясы мен дәстүр-салты бар, ол ұлттық гендік қорымызда сақталып, ұрпақ арқылы атадан балаға беріліп келеді. Далалық қазақтың табиғат құбылыстарын жетік меңгергендігін, аса зерек және сезімтал болғандығын, физиологиялық мықты болғандығын күрделі қоршаған ортада табиғи сұрыптаудан өтіп, жетілгендігімен түсіндіруге болады. Дала абыздары том-том кітапқа пара-пар дастандарды жатқа оқып, ауызша ұрпағына жеткізген, жаңа ғана дүниеге суырып салу жолымен келген күйді екіншісі сол заматта қағып алып, қайта тартып беру үрдісі қалыптасқан.
Жаһандану мен нарық жағдайында адамдар тұрмыста болсын, жұмыс орнында болсын күрделі мәселелермен бетпе-бет кездеседі, әр түрлі қайшылықтарды тез шешуіне тура келеді, соның қатарында стрестік жағдайларды бастан өткізеді. Яғни, әр адамның эмоционалды көңіл күйі мен күш-қайраты да өзгеріп отырады. Мысалы, жұмыстан шаршаған адам үйіне жеткенше, көлік тауқіметін, жол нашарлығын, қала жағдайындағы кептелмелерді, қызмет көрсету мәдениетінің төмендігін көрді дейік. Үйде де бәрі қолайлы болмауы мүмкін. Бір сәт көңілін аулау үшін, теледидар қараса, онда да тосын оқиғалар, бітпейтін тауқіметтер, бет жыртысқан адамдар, көлгірсіген саясаткер мен жүйкеге тиер жарнамалар, қантөгіс фильмдер мен бітпес көбікті сериалдар. Мұндай жағдайда адамның жүйкесіне үлкен салмақ түседі, сезімі тежеледі, көңіл хошы төмендейді, өмірге құштарлығы бәсеңсиді. Міне, осы көңіл ахуалын өзгерте алатын, эмоциялық тепе-теңдікке жеткізетін күштің бірі — радио. Радио табиғатынан агресшіл емес, керісінше жұмсақ та жағымды, жайлы. Радиоақпарат көбіне оптимистік болып келеді, өмірлік жақсы тонус қалыптастырады. Әлеуметтік психологтар тосын қайғылы оқиғаның телевизиямен салыстырғанда радиодан естілгенде санаға жұмсақтау жететіндігіне назар аударған. Өйткені, телеақпарат жүйкеге тікелей әсер етсе, радиодан естілген жаманат хабар психологиялық қорғаныс факторына тап келетін көрінеді. Мұның өзі радионың өзіндік табиғатын сақтай отырып, телевизия сияқты пәрменді құралмен қатар өмір сүре алатындығына көз жеткізеді.
Радионың басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысы туралы сөз қозғалғанда, алдымен оның міндеттері сараланып шығады. Бүгінгі БАҚ жүйесі жетіліп, қалыптасқан жағдайда оны төмендегідей тұжырымдауға болады:
-
радио — ақпарат таратады, құлақтандырады;
-
телевизия — оқиғаны, болмысты көрсетеді;
-
газет-журнал — деректі, оқиғаны талдап, түсіндіреді;
-
Интернет — ақпаратты сан қырынан көрсетеді, мәтін, дыбыс пен бейне тұтастығынан тұруы да мүмкін.
Интернеттің жөні бөлектеу және ол техникалық ерекшелігінен туындайды. Дегенмен, Интернеттегі ақпараттық жүйе қалыптасу үстінде, өзіндік белгілері толық айшықталған жоқ. Оның үстіне Интернет жалпы ақпарат мұхиты да, оның ішіндегі маңызды ақпарат, әсіресе БАҚ ұғымына сәйкес ақпарат шағын аралдай ғана. Бірақ, компьютерлік желідегі ақпарат тасымалының динамикасы, өсу үрдісі өте қарқынды болғандықтан болашағынан көп үміт күтеміз. Осы жағдайларды ескеріп, дәстүрлі БАҚ пен радио арасындағы байланыстарға баса назар аударамыз.
Жоғарыда аталған міндеттер көп жағдайда араласып кетеді. Радиодан да қызықты да мазмұнды талдамалық хабарларды кездестіреміз, жанды да жалынды портреттер мен очерктерді тыңдаймыз, радиокеңестерге құлақ асатындардың да қатары көп. Телевизия да кейде оқиға туралы бейнекөрініс түсірілмегендіктен құрғақ хабар таратады, немесе тілшінің үнін телефон арқылы береді. Болмаса, кейбір газет очерктерінің жақсы жазылғандығы сонша, қиялыңды шарықтатып, өзіңді кейіпкер қасында жүргендей сезіндіреді, тұшынып оқисың, қуанасың, қамығасың, танымдық, әрі эмоциялық күш-жігер аласың. Радионың айрықша бір бітімі музыкалық хабарлардан танылады. Жақсы ән мен әуенді танытуда радионың алдына ешбір ақпарат құралы шыға алмайды.
Сонымен қатар сайлау науқаны сияқты қоғамдық-саяси оқиғалар кезінде де БАҚ құралдары өзінше әрекет етеді, әртүрлі нәтижеге қол жеткізеді, біреулер тек радио тыңдайды, қалаларда теледидарға көп назар аударылады, ал біреулердің газеттің астын сызып оқымаса, көңілі көншімейді. Бәсекелестік пен пікір саналуандығы жағдайында бұл қалыпты құбылыс. Әлеуметтік ақпараттың еркін тасқыны БАҚ-тың қоғамдық жауапкершілігін арттырды, ақпарат биліктің маңызды тетігіне айналды. Міне, осы жағдайда ақпараттық топтар, концерндер мен медиахолдингтер өмірге жолдама алды. Әлемдік тәжірибеден Қазақстан да тыс қалған жоқ. Бізде де белгілі бір қаржы-өндірістік топтары теле және радиоарналарға ие болып, өз газеттері мен журналдарын ашуда, интернет-сайттарын құрған. Бір орталықтан басқарылатын мұндай ақпараттық құрылымдардың тиімді жақтары да бар. Ең бастысы дерек көздері ортақ болғандықтан, неғұрлым кең ауқымды ақпарат аз шығынмен жинақталады және көп арналар арқылы таратылады.
Бүгінгі БАҚ-тың тағы бір ерекшелігі – аумақтық аудиториясындағы қайшылықтар. Жергілікті баспасөз де, телерадиохабарын тарату ісі де баяу дамып келеді, республикалық БАҚ-тан көп кейін қалып қойды. Соның ішінде, жергілікті радиостанциялар саны өте мардымсыз, хабар тарату сапасы өте төмен, жарнамасы аз болғандықтан, экономикалық ахуалы да сын көтермейді. Ал, әлемдік тәжірибеде, керісінше, жергілікті БАҚ-тың тез даму үрдісі аңғарылады. Тыңдармандар да көбіне жергілікті радиостанцияларға құлақ түріп, соның таратқан ақпаратына көбірек сенетін болған. Міне, Қазақстанда осы үрдісті қолдап кететін экономикалық алғышарттар таяу уақытта жасалатынына сенімдіміз. Еліміздің қазіргі дамуы БАҚ-тың дамуына да жол ашатыны сөзсіз.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өзара қарым-қатынасы мен байланысын айтқанда мына жайларға баса көңіл аударамыз:
1. Бірін-бірі мамандармен толықтырып отырады. Газет журналисі, теле болмаса радиожурналист деген мамандану өмірде таза күйінде сирек кездеседі, көбіне кадрлар ауысып, бірін екіншісі байытып, жалғастырып кете береді. Көбіне радиода микрофонға төселген, сөйлеу машығын жетік меңгергендер кейіннен телеэкранда да жақсы хабарларымен танылады. Газет тілшісі телеарнаға ауысып, терең де салиқалы сараптамалық бағдарламаларға ұйытқы болады. Болмаса телевизиядан өзін таппағандар, радиоға не газетке ауысады. Мұның барлығы заңды құбылыс, кәсіби шыңдалу жолындағы ізденістер. Әрине, болашақ журналистің талантын ерте айқындап, кәсіби дұрыс бағдарлаудың маңызы бұдан кеми қоймас. Дегенмен, білікті журналист қай салада істемесін ортақ ұстанымдар мен қағидаларды басшылыққа алып, қоғамдық дамуға, сананың өсуіне ықпал ететіндей тәрбиеленгені жөн.
2. Ұдайы ақпараттық алмасу жүріп жатады, радиожурналист те баспасөздің, телеарна мен Интернеттің материалдарын тікелей немесе өңделген күйінде өз қызметінде пайдалануы мүмкін. Тіпті, радионың бастауында газет мәтінін оқу тұр емес пе? Радиоарналар қазір де баспасөзде жарияланған қызықты материалдарға шолу жасап, көпшіліктің назарын аударып отырады. Негізінен дереккөздері бір, мақсаты ортақ болғанымен, оны аудиторияға жеткізу технологиясы ғана бөлектеу. Мысалы, баспасөз маслихатына газет тілшісі, радиожурналист, тележурналист, веб-редактор да бірдей қатыса береді. Ал, олар жасаған өнім әр түрлі болып шығады. Бірінің материалын екіншісі тікелей қолдануы да кездесіп қалады. Мысалы, “Қазақстан” ұлттық телеарнасында жүргізілетін “Үзеңгі жолдас” бағдарламасы Қазақ радиосының эфирінде де сол күйінде тарап жатты. Осы телеарнаның “Шынның жүзі”, «Бармысың, бауырым?!» хабарларының мәтіні “Айқын” газетінде жарияланып жүрді.
3. БАҚ жүйесіне жанрлар мен пішіндер ортақ, бір-біріне ықпалдасып дамыған. Бүгінгі телевизиялық жанрлар бастауын газеттен алады. Радионың пішіндері мен жанрлары да үлкен эволюциялық жолдан өтіп барып, қалыптасты, ол өз кезегінде телевизиядан тікелей көрініс тапты. Яғни, осының өзінен журналистік ізденістер мен әдіс-тәсілдердің ортақтығы аңғарылады.
4. Жалпы қоғамдық, саяси науқандарды, жарнама мен мәдени шараларды өткізу тәжірибесі ортақ. Билік органдарын сайлау болсын, музыкалық туындыны насихаттау болсын, белгілі бір тауарды жарнамалау болсын - БАҚ ортақ міндет - ақпараттық қамтамасыз етуге бір кісідей жұмылады. Әрқайсысы бір-бірін толықтырып, ортақ мүддеге қызмет етеді, тиісінше, қаражаттық үлесін де алады.
Осы тұжырымдар әр БАҚ түрі дербес өмір сүре алатындығын, ал өзара ынтымақтасудан тек нәтиже жақсаратындығын дәлелдейді. БАҚ жүйесіндегі әріптестікті дамыту, ортақ корпоративтік мүддеге қызмет ету әрбір кәсіби журналистің де міндеті саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |