УДК 52:531.51; 52:530.12
ҚАРА ҚҰРДЫМДАРДЫҢ АЙНАЛАСЫНДА ПАЙДА БОЛАТЫН КВАЗИПЕРИОДТЫ ТЕРБЕЛІСТЕР
Базарбек Қ.Б.
Ғылыми жетекші: PhD, профессор Бошкаев Қ.А.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан
e-mail: bazarbekova02@icloud.com
Квазипериодты тербелістер (КПТ) кезінде рентген сәулелері аккрециялық дисктің ішкі жиегіне жақын маңда пайда болады. Дисктің ішіндегі газ ақ ергежейлі, нейтрондық жұлдыз және қара құрдым сияқты шағын объекттерді айнала қозғалып, соларға құлайды.
Квазипериодты тербелістерді зерттеу астрономдар үшін аккрециялық дисктің ішкі аймағындағы құбылыстарды түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақ ергежейлілердің, нейтрондық жұлдыздардың және қара құрдымның массасын, радиусын, айналу периодын КТП арқылы анықтауға болады. Эйнштейннің Жалпы Салыстырмалық Теориясының болжамын тексеруде және күшті гравитациялық өрістегі немесе жылдам айналу барысында (яғни Лензе-Тиринг эффекті күшіне енгенде) КПТ-тің ролі орасан зор [1].
Бұл жұмыста КТП арқылы қара құрдымның массасын анықтаймыз. Қара құрдымдар және оны қоршайтын дисктің ішкі радиусы арасында байланыс бұрыннан белгілі. Бұл кезде газ оқиға көкжиегіне жетпей спираль бойымен қозғалады. Ыстық газ қара құрдым айналасында жинақталады және белгілі бір жиілікте сәулеленеді. Бұл құбылыс периодты түрде қайталанады. Осы кезде пайда болатын сәуле - КТП. Ұзақ уақыт шеңберінде астрономдар квазипериодты тербелістердің жиілігі қара құрдымның массасына тәуелді болады деген болжам жасап келді. Ал теориялық тұрғыдан, бұл бірнеше жұмыстарда дәлелденді. Дегенмен де, бұл бағыт бойынша әлі де зерттеу жұмыстары толық емес [2].
Бұл жұмыста эпициклді жиіліктерді Шварцшильд, Лензе-Тиринг, Керр метрикасы үшін анықтаймыз. Эпициклді жиіліктердің көмегімен Стелла және Виетри ұсынған релятивистік прецессия моделін пайдалана отырып, квазипериодты тербелістерді зерттейміз, бақылау мәліметтерімен салыстырамыз және қара құрдымдардың массасы мен бұрыштық моментін анықтаймыз [3].
Әдебиеттер
Stella L., Vietri M. Physical Review Letters – 1999. - Vol. 82(1). - p. 17-20.
Boshkayev K.., Bini D., Rueda J., Geralico A., Muccino A., Siutsou I. Gravitation and Cosmology– 2014. - Vol. 20 (4). - p. 233-239.
Angelini L., Stella L., Parmar A.N. Astrophysical. Journal – 1989. - Vol. 346. - p. 906.
Достарыңызбен бөлісу: |