№ 8 ОЖСӨЖ Тақырыбы: Қазақстанның қазіргі дамуының басымдықтары аясындағы прагматизм философиясы
Тапсырма: Негізгі сұрақтардың мазмұнын аша отырып эссе дайындау
Прагматизм – рухани жаңғыруды жүзеге асырар жол
Елбасы Н.Ә. Назарбаев қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік салаларын сауықтыру мақсатында рухани салаға көңіл аудару қажеттілігін пайымдап, өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласын жариялады. Бұл мақалада рухани саланы қайта жаңғырту мен түлету, одан әрі өркендету мәселелері тиянақты, әрі жүйелі түрде ұсынылды. Осы мақаланың «Прагматизм» деп аталатын үшінші бөлімі арнайы оны ойталқыға салынып, түсіндірмелі талдаулар жасауды талап етеді. Өйткені «прагматизм» ұғымы көпшілік қоғамдық сана үшін арнайы түсіндіруді қажет ететін кәсіби философиялық термин санатына енеді. Прагматизм (pragma – грек тілінен алынған сөз. Рragmatos – іс, қызмет, әрекет деген мағыналарды береді) – адамның мәдени-әлеуметтік өмірдегі қызметі, практикалық іс-әрекеті тұрғысынан талданған, ХХ ғасырдың соңында АҚШ-та өріс алған философиялық бағыттың бірі. Бұл бағыт адамның өмірмәнділік қасиеттерін айқындайтын, оның орталық негізі болып табылатын әрекетті, мақсат қойылған қызметті қарастырып, оларды басымдылыққа шығаруды көздейді. Негізгі өкілдері – «прагматизм» терминін жандандырушы: Ч.Пирс, У.Джемс, Дж. Дьюи т.б. Джемс Уильям прагматизмді тәжірибеге сүйенудің ең радикалды формасы, өткенге қатынасы тұрғысынан идеяларды, қоғамдық өмір белестерін барынша аз сынаушы ілім, прагматистер тым жалпылықтан, абстракциядан, тек сөз жүзіндегі, тәжірибеде тексерілмейтін негіздемелерден, алдамшы қағидалардан, тұйық жүйелерден, жалған абсолюттерден қашатын нақтылық деп түсіндіріп өтеді. Бұл бағыт айғақтардың, әрекеттердің, өмірлік қуаттардың нақтылығы мен сәйкестігіне қарай бет бұрады. Прагматизм қандай да бір ерекше нәтижені күтпейді, бұл тек қана тәсіл деген пікірін тиянақтаған Дж. Уильям, тәжірибе мен шындықтың бір нәрсе екендігін ұсынып, ақиқат – қоғамға шынайы әсер ету күші аясында алынған білімнің тексерілуі деген қорытындыға келеді. Оның пікірінше, ойлау мидың жай ғана қызметі немесе ғылым үшін қажетті құбылыс емес, оның құндылығы – өмірлік сауалдарды шешу үшін, жетістікке жету үшін қажетті құрал болуында және ол – сәттілікке жету үшін организмнің қоршаған ортаға, қоғамдық өмірге бейімделуінің құралы. Білімнің мазмұны практикалық салдар арқылы анықталады. Демек, білім беруді түрлендіру белгілі бір деңгейде нақты және нәтижелі болуы тиіс. Адамдар практикада ешқандай теориялық негіздемесі болмайтын, яғни, қоғамдық өмірде еш пайдасы жоқ шешімдер қабылдауға жиі мәжбүр болады. Егер таңдау болмаса, әрекет ету керек, бұл да шешім. Яғни, дағдарыстарда ештеңе істемеу емес, бір нәрселер жасау қажеттігі, бұл да нақты шешім. Ал ақиқат дегеніміз, өзімізге тиімді, әмбебап үйлесімді болып келетін, өмірлік тәжірибе қорымызға қосуға болатын нәрсе.
Достарыңызбен бөлісу: |