А. Д. Айдарова Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ



Дата03.07.2016
өлшемі57.63 Kb.
#174723

УДК


001 (09)

М. Қ. ҚОЗЫБАЕВ – ҚАЗАҚТЫҢ ЕГЕМЕН ТАРИХЫНЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУШЫСЫ

А.Д. Айдарова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің таңы атты, тарихшылардың жұлдызды сәті туды. Манаштың екінші тынысы ашылды. Ол, өз әріптестерімен бірге “Еркін көшкен елің қайда, ел қорғаны – ерің қайда” деді де, қолына қаламын алып, ереуіл атқа ер салып, сайын дала кезіп, үйдегі-түздегі архивке үңгей бойлап, өткен ақтаңдақтар ізіне түсті. Сөйтсек, “мінсіз таза теруерт су түбінде жатады, мінсіз таза асыл сөз ой түбінде жатады” екен. “Алаш алаш болғалы алаша атқа мінгелі, ала-шұбар ту байлап. Алашқа ұран бергелі Әлім еді ағасы,” - деп Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, М.Қ.Қозыбаев ел тарихшыларының ноқта ағасы ретінде көш бастай жөнелді.

Қазақстанның жаңа тәуелсіздік таңында оның шынайы, төл тарихын ашып жазу – тек ер Манаш ағамыздың ғана маңдайына жазылған ақжолтай бақ-ырыс болды. Ол тарихи санамыздың түбірлі жаңа тұжырымдамасын жасады, ақтаңдақтардың (20-30 ж.ж. аштық туралы шындықты қалпына келтіру, зұлымдық, тоталитарлық тәртіптің құрбандарын еске алу т.б.) ащы ақиқатын алғаш рет жан-жақты ашып берді.

Шындығын айтсақ, тарих ғылымының еш уақытта “алтын ғасыры” болған жоқ. Өйткені әрқашанда ол өз заманының саясаткерлерінің, басшыларының ықпалында болды. Дегенмен, өз кезегімізді, өз еліміздегі соңғы 10 жылды алсақ, бұл ешкімге жалтақтамай, өзіміздің елімізді қайта танып жатқан заман: өткен жолдарымызды, жинаған рухани қазыналарымызды ой-сарабынан өткізіп, халық назарына қайта ұсынып жатқан заман. Қазақ елін, оның рухын, өркениетін, тапқанын, жоғалтқанын жан-жақты зерттеуге бұдан бұрын мұндай мүмкіндік, еркіндік, кеңшілік болған жоқ.


Міне, осының бәрін ескере отырып, біздің қазіргі кезеңіміз тарих ғылымы үшін “алтын ғасыр” демесек те, оның жұлдызы жанған жылдар деп толығынан айтуымызға болады [1. 12 - б].

Осы тұста тарихшылар әуелітіне көсемдік еткен Манаш “маңдайымызға сондай заман бұйырып тұрса, ұлтымыздың ұпайын түгендеп алайық” деп отантану ғылымының жаңа концепциясын жасауға кірісті.

Әрине, біз шындықтан алшақ кеткен болар едік, егер М.Қабашұлының есімі мен қызметін тек соңғы онжылдық, яғни тәуелсіз Қазақстанның ғылыми-интеллктуальдық өмірімен ғана байланыстырған болсақ.

М.Қ.Қозыбаев қарымды, алғыр зерттеуші ретінде өткен 100 жылдықтың 1960-1970 ж.ж. тарихшылар әулеті арасында кең танылып қалған еді.

Оның 1941-1945 ж.ж. неміс басқыншыларына қарсы бүкілхалықтық күрес кезеңіндегі Қазақстан тарихына арналған іргелі зерттеулері еліміздің ғылымына қосылған елеулі үлес болатын. Ол өз зерттеулерінде қазақ халқы өзі құрамында болған алып империяның басқа да халықтарымен бірге дүиежүзілік соғыс алып келген ауыртпалықты ешқандай да мүдірместен тең бөліскендігін, сондай-ақ бұл жылдары оның үздік, жақсы қасиеттерінің көрінгендігін зерттеуші ғалым ретінде терең ашып көрсете білді [2. 18 - б].

М.Қ.Қозыбаевтың зерттеулерінің негізінде тәуелсіздік алғаннан бергі 10 жыл ішінде Ұлы Отан соғысының зардабын айтуға да, жазуға да болмайтын тұстары жария болды. Қазақстанның тарихнамасы жаңа тұрғыдан зерделенді.

Ол Қазақстанның Ресейдің отарына айналу процесі қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қайта қаралды, еліміздегі ұлт-азаттық қозғалыстардың жаңа концепциясы жасалды. Кеңес Одағы кезеңіндегі саяси қуғын-сүргін тарихы зерттелді, оның құрбандары ақталды. Ауыл шаруашылығы күштеп ұжымдастырумен қазақ шаруаларын зорлап, отырықшыландыру тарихы мен оның қасіретті салдарлары ашық айтылды.

Тарихшы қауым Алаш деген сөзден үркіп-қорқып ат-тонын ала қашқан кезде “Алаш – қазақ халқы деген ұғым. Алаш – еліміздің ежелгі аты. Ол ғасырдың басындағы ұлттық санасында өсу процесінің құрамдас бөлігі” деп алғаш айтқан М.Қ.Қозыбаев болды. Қазақстан тарихнамасында Манаш бірінші болып “халқымыз қараңғы еді, мәдениеті төмен, сорлы еді” деген тезиске қарсы шықты. “Дала этикасы – ол тағдырлар этикасы емес,” – деді Манаш. “Ол - көшпенділер өркениетінің этикасы. Ол – он үште ұлды ұлан етіп жеткізген, он алтыда қызды бұлаңдатып бой жеткізген халықтың этикасы. Ол – сұлулықты, батырлықты, парасаттылықты төбесіне көтерген халықтың этикасы.

М.Қ.Қозыбаев Ермактың тексіз баукеспе қарақшы екендігін Ресей шіркеуінің Ермактан әулие жасауының арамзалығын Ресей империясының отаршылдық саясатының түп негізін жан-жақты ашты. Манаш кезінде қырғыншылық заманының қолшоқпары болғаны әйгілі Сібір отаршысы Ермактың есімін қападан алып тастау жөнінде тұңғыш рет ғылыми дәлдігі мен еліміздің бас тарихшысы ретінде батыл үн қатты. Кейін Ермактың ескерткіші де алынды [3. 16 - б].

Әрине, тарихшының кейінгі жылдары жарық көрген зерттеулерінен дүниежүзілік соғыс пен оның барысындағы Қазақстан мен қазақ елінің роліне байланысты пікірінің өзгеріске ұшырағандығын аңғару қиынға түспейді. Мәселен, М.Қ.Қозыбаев 1995 жылы Евразияның №1 (3) санында жарық көрген мақаласында “Соғыс жылдары кеңес халықтарын не біріктірді?” деген сауал қоя отырып, оған мынандай жауап береді: “Әрине, біздің халқымыздың кеңес мемлекеті мен коммунистік партияның саясатына наразы боларлықтай негізі жеткілікті де. КСРО-да жаңа қоғам құрудың басты әдісі зорлау болды. Бірақ Кеңес адамдары төнген қатерлі қауіп алдында ұлы рухани ерлік жасады. Билікке деген кегі мен өкпесін кейінге ысырды” деп, әбден орынды жазды [4. 284-285 - б].

Дегенмен, М.Қ.Қозыбаев есімінің Отан тарихын сыйлайтын оқырмандар арасында кең мәлім болуы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздік алған жылдарына тұс келді.

М.Қ.Қозыбаев отандық тарихнамада алғашқылардың бірі болып тарихи портреттер жасауды қолға алған еді. Мұндай жауапты қадамға баруға тарихшының даярлығы да, талант-қуаты да жеткілікті болатын. Манаш ұзақ жылдар бойы коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің Қазақстандағы кадр саясатын тыңғылықты, әрі терең зерттеген саналы мамандардың бірі болады.

Ф.Голощекин, И.Сталин, Н.Хрущев, Л.Брежнев сияқты қайраткерлердің Қазақстанға байланысты саяси портретін жасаудың өз ерекшеліктері бар екендігі сөзсіз. Оның үстіне бұл еңбектердің әрі-сәрі 80-ж-дың соңы 90-ж. басында жазылғанын ескерсек, тарихшының оқырман алдында қандай жауапкершілікті өз мойнына алғандығын пайымдауға болады. М.Қ.Қозыбаевтың жасаған портреттер циклінде бірден көзге ілініп, көңілге қонатын пікір, біздің пікірімізше, мынау Ф.Голощекиннен бастап Г.Колбинге шейін Орталықтан Қазақстанды басқаруға жіберген жетекші кадрлары өздерін патшалық Ресейдің генерал-губернаторларындай сезінді, республикаға негізінен “экономикалық” байлық көзі ретінде өркендеуімен болашағы сияқты мәселелерге ұлы державалы, шовинистік көзқарас тұрғысынан келеді.

М.Қ.Қозыбаев көп қырлы, тарих пен бүгінгі күннің өзара байланысын нәзік сезінетін зерттеуші. Оның қоғамдық сұранысты дәл басып кеңестік ұжымдастыру, 1931-33 ж.ж. ашаршылық, саяси репрессия, тоталитарлық биліктің шағын халықтарды зорлықпен Қазақстанға қоныс аударуы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы сияқты күрделі тақырыптар бойынша жазған зерттеу еңбектері фактілік байлығы мен автордың жасаған тұжырымдарының тың, әрі батылдығымен көңіл аударып, бұл ғылыми тақырыптарға жас зерттеушілердің ден қоюына себепші болғандығын тарихшы мамандар жақсы біледі.

М.Қ.Қозыбаевтың қаламынан туған “Ашаршылық ақиқаты”, “Ермак: аңыз бен ақиқат” [5. 161 - б], “Казахстанская трагедия” [6. 209-230 -б], “Жауды шаптым ту байлап” т.б. көптеген туындылары халықты тарихқа жақындатып, ұлттық тарих ғылымының бас-аяғын жинап, бағытын айқындап, қалың оқырманның тарихи санасының шыңдалуына зор үлесін қосты. М.Қ.Қозыбаевтың тәуелсіздік тұсында жарық көрген еңбектері осыған дейін жарияланған зерттеулерінен сапа мен мазмұны тұрғысынан да сан жағынан да асып түсті.

Біз осыған дейін ғалым тарихшы ретінде М.Қ.Қозыбаев туралы әңгіме қозғасақ, оның талантының екінші бір үлкен қыры, яғни жалынды публицист, жан кешті қайраткерлігі туралы айтпай кетуге болмайды. Мәскеу тек қана тарих мәселелері емес, еліміздің бүгінгі өмірінің өзекті проблемалары туралы ұтымды пікірлер айтып та, жазып та жүрген. Оның айтқан өткір пікірлері көпшілікті елең еткізбей қоймайды. Сондықтан да М.Қ.Қозыбаевты қалың жұртшылық ұлт ұлағатының жаршысы ретінде, табанды қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі.




Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. К. Сағадиев Қазақ тарихшыларының қолбасшысы // Қазақ әдебиеті. 2001, 23 қараша, 12-б

2. М.Қ.Қойгелдиев, М.Қ.Қозыбаев және ұлттық тарихтың қайта жаңғыруы // Отан тарихы, 2002 ж. 24 шілде

3. Ә.Тәттіғұлов. Өркениеттің дарабозы. // Отан тарихы, 2002 ж., 24 шілде,16-б

4. М.К.Козыбаев. Казахстан на рубеже вевов: размышления и поиски. А. 2002 г. ІІ том, 284-285 стр.



5. М.Қ.Қозыбаев Ақтаңдақтар ақиқаты. А.,1992 ж. 161-б

6. М.К.Козыбаев История и современность. А.,1991 г. 209-230 стр.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет