А. М. Нұрғызарынов, Е. А. Назаров, А. Ж. Шарипова



Дата11.07.2016
өлшемі74.5 Kb.
#192478
УДК. 502:581.1
А.М. Нұрғызарынов,

Е.А.Назаров,

А.Ж. Шарипова,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.

Қызылорда қаласы.
АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰРҒАҒАН ОРЫНЫНДА ТАБИҒИ КЕШЕНДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ТОПЫРАҚТЫҢ МЕЛИОРАТИВТІК КҮЙІ
Арал теңізі ұзақ дәуір ішінде Тұран шөлінде тірі табиғатқа жайлы жағдай қалыптастырып тұрған ерекше географиялық нысан болды. Алайда, соңғы кезде теңіздің деңгейін ұстап тұрған Сырдария мен Әмудария өзендерінің бассейндерінде суармалы егістің көлемі көбеюіне байланысты басталған су тапшылығы өңірдің экологиялық жағдайын қиындатып жіберді. 1986 жылы өзендердің ағысы теңізге жете алмай егіс алқаптарына тарап тоқтады. Сонан Арал теңізінің Қазақстандық бөлігінде ауқымы 21,4 мың км2 сусыз шөл дала пайда болды. Қазір осы өңірдің онсызда нәзік кешенін бұрынғыдан да әлсіретіп, табиғаттың тұтастығын сақтап тұрған тепе-теңдікке жағымсыз ықпалын тигізуде. Мұнда климат режимі оны айнала қоршаған Тұран шөлінің ықпалымен қалыптасуда. Сол себепті континентік белгілері бұрынғыдан күшейіп, теңіздің құрғаған орынында көп құрамды биологиялық әлемнің қалыптасу процесін шектеуші фактор болып тұр.

Құрғаған теңіз орынының жалпы бедері - жазық дала. Мұнда ауқымы үлкен жазық жерлер, шала бекіген жатаған құм төбелердің шоғыры, жалаңаш үрме және жал құмдар, ойдым-ойдым қара сорлар бедердің элементттерін құрайды. Құм төбелердің арасындағы алаңқайларда, эолдық, эрозия-аккумулятивтік, оқпанды, биогендік (төмпешіктер, қопақтар, шоқалақтар) және дефляциялық микроойпаттар көп кездеседі.

Құрлықтың әр бөлігінде бедері жазық, ауқымы үлкен «массагет», «құйылыс» және «жыңғылды» жазықтары бар. «Массагет» және «құйылыс» жазықтарында көне заманда суармалы егіншілігі тәуір дамыған ел мекені болғаны анықталып отыр. Оны осы аталмыш жазықтардан табылған елді-мекеннің орыны, мавзолейі, ирригация жүйесінің анық сақталған элементтері, жармалар мен арық атыздардың фрагменттері айғақтайды.

Тарихи деректі мәліметттерге қарағанда, біздің жыл санамағымызға дейін YII-Y ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысындағы аймақта алғашқы болып суармалы егіншілікпен айналысқан Массагет тайпалары мекендейді. Онан беріректе I-II ғасырларда құрылған ұлы Құшан патшалығының құрамына кірген Кердері тайпалары осы Арал өңірінлде егін егіп, мал баққан болса керек. Құшан мемлекетінің негізін салған да осы Кердері тайпалары, ал Керделілер қазіргі қазақ руларының бірінен саналады. Ерекше назар аударатын жай, ол Құшан мемлекеті қоғамдық дамуда Рим империясы және Қытаймен қатар тұрды. Осындай мемлекеттің құрамында өмір сүрген керделілердің тәуір дамыған ирригация жүйесі мен суармалы егіншілігінің болуы әбден мүмкін [1].

Жаңа құрлықтың әр бөлігінде өсімдік қауымдастығының жетілуі бірдей емес. Теңізден босағанына 20-25 жылдай ғана болған, батыс бөлігінде өсімдіктері қарапайым, түрлік құрамы жұтаң, биомасссасы азғантай. Оның құрамында басым көпшілігі топырақ құрылу процесіне биологиялық пайдалы әсері мен шаруашылық маңызы төмен ксерофит бұталар,сораңдар мен эфемерлер. Мұндағы ұзақ мерзімде теңіз астында жатып шыққан грунтте өсімдік түрлерінің таралуы, топаралық өзара ауысуы (сукцессия) оның механикалық құрамы мен мелиоративтік күйіне байланысты өте баяу жүруде.

Теңіз суынан арылғанына онша көп уақыт болмаған грунтте тұзға, әсіресе, галитке (NaCI) төзімді быршылдақ сораң алғашқы болып өседі. Онан ары грунт құрғақ күйінде қалатын болса, оны бұталар аралас әртүрлі қарашөп ауыстырады. Ол шөптердің астында тұздың концентрациясы жоғары, құрамында галит (NaCI) көп, биологиялық белсенділігі төмен, сондықтан топырақ құрылу процесі сорлану қатарымен дамиды. Ондай топырақтың құрамында тұздың концетрациясы (құрғақ қалдықпен) 0-5 cм-де 6,78%, 5-57cм-де -2,44% [2].

Механикалық құрамы жеңілдеу құрғақ грунтте ең алғашқы болып өсетін Қарабарқын (Halostachys Caspica) бұтасының арасынан соққан желден дефляциялық қазғанақтар пайда болады. Оларда жиналған жауын суынан грунт беті сәл болса да тұщыланады. Сонан бұталардың арасында эфемерлер, қарашөптер, астық тұқымдастар өседі. Бұл жағдайда топырақ құрылу процесі Оңтүстік аймақтың субаэралдық топырақтар қатарымен дамиды. Тұздың концентрациясы 0-12cм-де 1,62%, 12-44cм-де 1,31%.

Құрамы саздақ грунтте әртүрлі бұталар мен шөптер қалың шығады (Құйылыс). Мұнда топырақ құрылу процесі қуаңданған гидроморф топырақ қатарымен дамиды. Бұл топырақ түрінде 0-20 см-де 1,89%, 20-60см-де 0,72%.

Теңізден босағанына 50 жылдай болған шығыс бөлігінде және теңіздің бұрыңғы жағалауында, құрғақ көлтабандар мен олардың төңірегіндегі гидроморф топырақтарда өсімдік қауымдастығы тәуір жетілген. Малға жайылым және шабындық болатын солар [1,6].

Теңіздің құрғаған орынында топырақ құрылу процесі терригендік (Terra- жер) және Аралдарияның бұрын теңізге құйған аванатырауындағы аллювийлік шөгінділерде жүруде. Шөгінділердің механикалық, химиялық және органикалық құрамдық бөліктері әртүрлі болғандықтан, пайда болған топырақтардың мелиоративтік қасиеттері жағынан өзара айырмашылығы бар. Теңіз табанының батыс бөлігінде орналасқан Массагет Даласында грунттың беті үлпілдек және қабыршақты сор. Тұздың концентрациясы өте жоғары -3.5-4.5, кейде 6,5%. Тұздың құрамында галит (NaCl) көп. Онан Шығысқа қарай орналасқан Құйылыс жазығында грунттың құрамындағы тұз -2,5-3,5%. Мелиоративтік күйі күрделі [3,4].

Аралдарияның ескі арнасының аяғындағы аллювийлік грунтте пайда болған топырақ түрінде түздың мөлшері (құрғақ қалдықпен) -0,5-0,7%. Мұндай жер көлемі -3,5-4,0 мың гектар. Бұған Сырдарияның арналық қырқасының, көларалық ойпаттардың және көлтабандардың топырағын қосса мелиоративтік күйі тәуір жерлердің көлемі 10-12 мың гектардай болады. Бірінші кезекте жеңіл-желпі мелиоративтік шараларды орындау арқылы егін егуге игерілетін осы жерлер.

Құрғаған көлтабандар мен теңіз қолтықтарындағы топырақ түрлерінде тұздың концентрациясы (құрғақ қалдықпен) жоғары емес және шала шіріген өсімдік тамырлары (қопақ) есебінен жұмсақ, әрі қара шірік (гумуc) 1,60%, жалпы азот 0,056%, жалпы фосфор -0,096% бар.

Осындай құрғақ көлтабанға (бұрынғы Жыланды көлі) ауылшаруашылық дақылдарымен (қияр, помидор) далалық тәжірибе жүргізу үшін топырақтың құрамындағы тұздың концентрациясын (құрғақ қалдықпен) анықтағанда (2009ж) оның мөлшері 0-40cм-лік қабатта 0,692% болды, яғни, ондай топырақтың мелиоративтік күйін тәуір деп бағалауға болады. Демек, мұндай топырақ түрінде дақылдың қай түрі болса да (күріштен басқа) егіп, тәп-тәуір өнім алуға болады. Топырақ профилінде тұз концентрациясының мұншалықты аз болуын ондағы тұздардың негізгі массасын су шайып кеткеннен деп қарау керек. Бұл көлдіңі суы өте ащы емес, кермек болатын. Өйткені, көлге теңіз бен дарияның сулары араласып тұрды. Бірақ көлтабан сусыз, құрғақ күйде, әрі шөбі жалаңаш ұзақ жататын болса, онда терең қабатта жатқан тұзды су капилляр арқылы төменнен жоғары қарай бір бағытта жылжиды. Сонда көлтабан, яғни гидроморф жерлер қайта сорланады. Мұндай жағдайда грунт профилінің жоғарғы қабатындағы тұздың концентрациясы көбейеді, мысалы, қашыртқы жүйесін салмай суармалы егін егілетін болса.

Атап айтатын жай, егін егуге жарайтын жердің биологиялық белсенділігін күшейтетін шаралар, оның ішінде ауыспалы егіс енгізу, көпжылдық шөп себу арқылы топырақты биологиялық затпен байыту сияқты жұмыстардың көмегімен жердің мелиоративтік күйін бақылаудан шығармай ұстап тұруға болады. Біздің жүргізген далалық тәжрибемізде көкөніс дақылдары қалыпты жағдайда өсіп жетіліп, барлық фазалардан дер кезінде өтіп, ортадан жоғары, сапасы тәуір өнім берді [5].

Біздің пікірімізше, теңіз жағалауындағы мелиоративтік күйі тәуір жерлерді суармалы егін егуге пайдалану тиімді болатынын көрсетті. Құрғақ көлтабандарда, көларалық ойпаттарда дәнді дақылдар, көкөніс, бақша, жеміс-жидек, мал азық дақылдар егіп, суармалы егіншілікті тәжрибеге енгізу үлкен тиімділік көрсетеді.

Қазір Арал өңіріндегі САРАТС (Сырдарияның арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау) жобасының екінші кезегі қолға алынып жатқанда теңіз жағалауындағы мелиоративтік күйі тәуір жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану өңірде экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселерді толық шешуге қол жеткізеді.

Қорытынды:


  • Арал теңізінің Қазақстандық бөлігіндегі құрғаған орынында табиғи кешендердің қалыптасуы баяу жүруде. Оны шектеуші болып тұрған өте қатаң қуанданған климаттын әсері;

  • әр түрлі шөгінділерде пайда болған топырақ түрлерінің мелиоративтік жағдайы бірдей емес. Байырғы теригендік шөгінділерде пайда болған топырақтың құрамында тұздың концентрациясы өте жоғары, сондықтан шаруашылық маңызы жоқ;

  • дарияның аванатырауында, өзеннің арналық қырқасында, құрғаған көлтабандарында, көларалық ойпаттарда гидроморф топырақтардың құрамында тұздың концентрациясы төмен, яғни мелиоративтік күйі тәуір. Бұл соңғылары суармалы егін егуге қолайлы. Оны далалық тәжрибелердің нәтижелері көрсетті;

  • теңіз жағалауында суармалы егіншілікті тәжрибеге енгізгенде жергілікті тұрғындар өздерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатын болады.

Әдебиет.


  1. Нұрғызарынов А. Аралдың экологиялық тынысы. Алматы. «Ғылым». 2006. 104-137 б.

  2. Бродская Н.Г. Донные отложения и процессы осадкообразования в Аральском море. «Тр. Ин-та геол. наук». Вып. 115. Геол.сер. (57), 1952.

  3. Богданова Н.М., Костюченко В.П. – Процеессы соленакопления на осушнившемся дне Аральского моря и их связь с геоморфологическими и литологическими условиями. Изв.АНСССР, сер.геогр., 1977, №3 (44-56с.).

  4. Антропогенное опустынивание почв Приаралья. Алма-Ата. Изд. «Наука», КазССР, 1984.

  5. Ғылыми есеп. «Арал теңізінің құрғаған орнында жаңа құрлықтың қалыптасуы және тұрғындарды реабилитациялау мақсатында оны шаруашылыққа игеру». Қорқыт ата атындағы ҚМУ. 1999-2005 ж.ж.

  6. Саданов А.Қ., Нұрғызарынов А. Арал өңірінде орнықты дамудың ғылыми негізі. Астана. «Ақарман». 2008. 54-81 б.

Авторлар


  1. Нұрғызарынов Айжігіт Мамбетұлы - ауыл-шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Қызылорда қаласы, Б.Уалиев көшесі, 22, тел-24-86-45.

  2. Назаров Есенжол Асылбекұлы - т.ғ.к., Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, Қызылорда қаласы. П.Абдрахманов көшесі, 23.

nazarov197514@mail.ru, +7 724 2201874, +7 701 7363289.

  1. Шарипова Акмарал Жунисовна - жаратылыстану ғылымдарының магистірі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің оқытушысы, Қызылорда қаласы. П.Абдрахманов көшесі,86.


АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰРҒАҒАН ОРЫНЫНДА ТАБИҒИ КЕШЕНДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ТОПЫРАҚТЫҢ МЕЛИОРАТИВТІК КҮЙІ

Development of natural complex on the dried bottom of Aral Sea and the ameliorative condition of soil

Түйіндеме

Мақалада Арал теңізінің Қазақстан бөлігіндегі құрғаған табанында табиғи кешендердің қалыптасуы тұзданудың әсерінен, ылғалдың жетіспеуінен баяу жүретіндігі көрсетілген. Сонымен қатар, суармалы егіншілікпен айналысуға жарамды жер телімдері бар екендігі анықталды.
Аннотация

В статье показано, что на обсохшем дне Казахстанской части Аральского моря природные комплексы развиваются медленно под влиянием высокой степени аридности, прежде всего, недостатка влаги. Установлено наличие земельных ресурсов, пригодных для ведения орошаемого земледелия.


Annotation

The article shows that on the dried bottom of the Aral Sea in Kazakhstan parts, natural systems develop slowly under the influence of a high degree of aridity, especially lack of moisture. The presence of land is set for suitable irrigated agriculture.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет