А. С. Ыбрайханованың мақаласы Экологиялық зиянды өтеудің құқықтық механизмі



Дата13.06.2016
өлшемі109.09 Kb.
#133989
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы

мемлекеттік басқару академиясының 2 курс магистранты

А.С. Ыбрайханованың мақаласы
Экологиялық зиянды өтеудің құқықтық механизмі
Қазақстан Республикасы үшін соңғы жылдары, өзге де дүниежүзі мемлекетерінде сияқты, тұрақты даму мәселесі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Көп жылдар бойы экономиканы дамытуды мақсат етіп қойған Қазақстан үшін ендігі кезекте өзге де маңызды бағыттарына көңіл бөлуі керектігі туындады. Қазақстан өз даму бағытында экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілердің өзара балансын сақтауы тиіс.

1997 жылы Қазақстан Республикасы халықаралық Киото хаттамасын ратификациялағаннан кейін [1] мемлекет алдында қоршаған ортаны, оның табиғи байлықтарын тиімді пайдалану мен қорғау, тұрақты даму саясатын жүргізу және осы халықаралық шарттың толық мүшесі болуы үшін оның кейбір маңызды міндеттерін орындау мақсаты алға қойылды. Бүгінде экологиялық заңнама да халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, тұрақты даму бағдарламасының экологиялық стандарттары әзірленіп жатыр. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде [2] қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық және құқықтық механизмдері көрініс тапқан. Бұның ең басты себебі, болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаның барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін табиғи объектілерді сақтау, жақсарту, қалпына келтіру және тиімді пайдалану болып табылады.

Экологиялық құқық бұзушылықтар үшін құқықтық жауапкершілік экологиялық заңнамада көрініс тапқан. Экологиялық құқық бұзушылықтар қоршаған ортаға зиян заңды (құқыққа сай) іс-әрекеттер немесе құқыққа қайшы әрекеттер арқылы келтірілуі мүмкін. Құқыққа қайшы зиян үшін экологиялық-құқықтық жауапкершілік экологиялық заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін көзделуі мүмкін.

Құқыққа сай зиян (объективті қажеттілік) - қоршаған ортаға эмиссиялар болып табылады, яғни белгілі шектеулер негізінде немесе бұл шектеулерден артық ластаушы заттардың шығарындыларын, төгiндiлерiн, қоршаған ортада өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық әсер ету болып есептеледі.

Қоршаған ортаға, мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру мен классификациясына қатысты заң ғылымында түрлі ой-пікірлер қалыптасқан. Мысалы, ғалым В.В. Петров қоршаған табиғи ортаға келтірілген зиянды қоршаған ортаны ластау, зардап келтіру, табиғи объектілер мен экожүйені жою, сондай-ақ адам денсаулығы мен материалдық құндылықтарға зиян келтіру түрінде көрініс тапқан бізді қоршаған табиғи ортада сапалық және сандық шығындар. Аталған зиян екі нысанда көрініс табады – экономикалық зиян (табиғат пайдаланушының экономикалық мүддлеріне қол сұғу) және экологиялық зиян (таза, сау әрі қолайлы қоршаған ортаға деген адамның мүдделріне қол сұғу ) түрінде [3, 220 б.].

Көрсетілген топтама бойынша экологиялық зиянды «қоршаған табиғи ортаға келтірілген зиян» ұғымының бір түріне жатқызуға болады.

Өзгеше ойды М.М. Бринчук ұстанды. Оның ойынша экологиялық зиянды экологиялық зияннан тұратын жалпы ұғым деп түсінеді: «экологиялық зиян экологиялық құқықтық талаптарды бұзу, сондай-ақ заңмен қорғалатын материалдық және материалдық емес игіліктерді шектеу, соның ішінде адамның өмірі мен денсаулығын, жеке және заңды тұлғалардың меншігіне теріс әсер ету болып табылады. Экологиялық зиянның құрамына зиян, моралдық зиян және алынбай қалған табыстар (айрылып қалған пайда)» [4, 87 б.].

Д.Л. Байделдинов экологиялық және экономикалық зиянды зиянның өз бетінше дербес түрлері ретінде қарастырады. Оның ойынша, зиянды табиғатқа экономикалық және экологиялық зиян келтіру деп бөліп қарастыру жолдары бар. Экономикалық зиян табиғат пайдаланушылардың мүліктік мүдделеріне қарсы бағытталады және ол материалдық тұрғыда көрініс табады. Бұндай зиянды өтеу азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің жалпы негіздері бойынша өтелуге жатады. Экологиялық зиян табиғаттың өзіне тікелей зиян келтіреді. Экологиялық зиянды өтеу ақшалай түрде емес, табиғи объектіні қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар арқылы жүзеге асырылуы тиіс [5, 112 б.].

Б.Ж. Абдраимов және Е.Ж. Жарылқасынның пікірлерінше, экологиялық зиян бұл – материалдық және материалдық емес игіліктерді, соның ішінде адамның өмірі мен денсаулығына теріс экологиялық зардаптар алып келетін немесе алып келу қаупі бар, қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзу салдарынан пайда болатын қоршаған ортаның сапалық жағдайының нашарлауы [6, 15 б.]. Көрсетілген анықтамамен келісе отырып, экологиялық зиянның келтірілуі тек қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзу салдарынан ғана емес, сондай-ақ эмиссия жүргізуге рұқсат алған табиғат пайдаланушылардың құқыққа сай әрекеттерінен де көрінуі мүмкін.

Қоршаған табиғи орта сапсының нашарлауы – экологиялық зиянның маңызды сипатты белгілерінің бірі болып табылады.

ҚР Экологиялық кодексінің 1-бабында көрсетілгендей, қоршаған ортаның сапасы – қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерінің сипаттамасы [2]. Б.Ж. Абдраимов және Е.Ж. Жарылқасын қоршаған орта сапасының көрсеткішіне:

1) қоршаған ортаның тазалығы (ластанбауы);

2) табиғи ресурстардың сарқылмауы мен өнімділік қабілетінің болуы;

3) эстетикалық байлық пен әртүрлілік;

4) экологиялық тұрақтылық пен табиғи экологиялық байланыстарды сақтауды жатқызады [6, 15 б.].

Экологиялық зиян – мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірілуі және қоршаған табиғи ортаның сапалық және сандық қасиеттерінің нашарлауы.

Біздің ойымызша, экологиялық зиянның құрамына экономикалық зиянды қосу керек. Өйткені экономикалық зиян экологиялық зиянмен қатар келтірілуі мүмкін, алайда оларды ажырата білген жөн [7, 151 б.].

Экологиялық зиянды оның объектілері бойынша қоршаған табиғи ортаға келтірілген және мемлекетке, жеке және заңды тұлғалардың экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне келтірілген зиян деп бөліп қарастыруға болады. Қоршаған табиғи ортаға келтірілген зиян:

- табиғи объектілердің ластануы;

- табиғи объектілердің сарқылуы;

- табиғи объектілердің ластануы;

- табиғи объектілердің зақымдануы;

- экологиялық баланстың бұзылуы нысандарында көрініс табады.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде қоршаған ортаға келтірілген залалдың ресми анықтамасы берілген. Оған сәйкес, «қоршаған ортаға келтірілетін залал – табиғи ресурстардың жұтаңдануы мен сарқылуын немесе тірі организмдердің қырылуын туындатып немесе туындататындай етіп қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгіленген нормативтерден артық алу».

Қоршаған табиғи ортаға, мемлекетке, жеке және заңды тұлғалардың экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне келтірілген зиянды экономикалық зиянға және антропогендік зиянға бөліп қарастыруға болады. Экономикалық зиян мемлекеттің, табиғат пайдаланушылардың мүліктік құқықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғады және ол келесідей нысандарда көрініс табады:

- табиғаттың тауарлық өнімінің жоғалуы;

- егіннің, ауылшаруашылық өнімінің бұзылуы, жойылуы;

- пайдаланылмаған шығындарда, алынбай қалған табыстарда;

- бұзылған табиғи ортаның жағдайын жақсартуға арналған шығындарда [2]. Антропогендік зиян – қоршаған орта сапасының нашарлауы салдарынан адамға келтірілетін зиян. Оның құрамына физиялогиялық зиянды, адам денсаулығына келтірілетін зиянды, генетикалық зиянды, болашақ ұрпаққа келтірілуі мүмкін зиянды, моралдық зиян мен адамның жеке мүліктік емес игіліктеріне нұқсан келтіруді жатқызуға болады. Сондай-ақ, азаматтық заңнама бойынша моралдық зиян тек жеке тұлғаларға ғана емес, сонымен қатар заңды тұлғаларға да келтірілуі мүмкін.

Келесі кезекте экологиялық зиянның негізгі белгілеріне тоқталайық.

Біріншіден, көп жағдайларда қоршаған ортаға келтірілген зиян, антропогендік зиян бірден байқалып қоймай, ұзақ уақыт ішінде байқалуы мүмкін.

Екіншіден, экологиялық зиян көп аспектілі зиян болып есептеледі, өйткені бір табиғи объектігіе зиян келтіріле отырып екінші табиғи объектіге де сол зиян келуі мүмкін. Бұның басты себебі: экожүйенің құрамына кіретін табиғи объектілер бір-бірімен тығыз байланыста болады.

Үшіншіден, экологиялық зиянның салдары келтірілген жерінде емес, өзге жерде көрініс табуы мүмкін.

Төртіншіден, көп жағдайларда экологиялық зиян келтірудің әсерінен қоршаған табиғи ортаны ақшалай түрде оның бастапқы жағдайына келтіруге мүмкін бола бермейді [2].

Б.Ж. Абдраимов және Е.Ж. Жарылқасын экологиялық зиянның өзіне тән қасиеттерін сипаттайды:

Біріншіден, теріс антропогендік әсер көбіне нақты табиғи объектіге тікелей зиян келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға және өзара байланысты өзге де табиғи объектілерге де теріс әсерін тигізеді.

Екінщіден, зиянның саладры бірден байқалмай, кейіннен ғана байқалуы мүмкін.

Үшіншіден, экологиялық зиян болып тек зиян боған кездегі қоғамның ғылыми-техникалық мүмкіндіктері ескеріле отырып анықталған және өлшенген теріс өзгерістер табылады.

Төртіншіден, экологиялық зиянның спецификалық көріну нысандары болады.

Бесіншіден, құқыққа қайшы әрекет пен салдардың арасында себепті байланыстың болуы.

Алтыншыдан, экологиялық зиян келтірген тұлғаға қатысты мемлекеттің жазалау шарасы қолданылады [6, 17 б.].

Экологиялық кодекстің 69-бабының 1-тармағына сәйкес, жылжымалы көздерден туындайтын ластағыш заттардың шығарындыларын қоспағанда, қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға мiндеттi [2]. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін ақы табиғат пайдаланушыдан Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сай айқындалады. Бұл жерде әкімшілік, материалдық жауапкершіліктер мен қоршаған ортаға шектен тыс эмиссиялар үшін салықтарды өзара арақатынасын қарастыру керек.

Сот тәжірибесі барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен табиғат пайдаланушылардың арасында әкімшілік, экологиялық және салық заңнамаларын қолдануға байланысты кейбір дау-дамайлар кездеседі. Мысалы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар немесе прокуратура табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларды шектен асыртып жіберсе, мемлекеттің әкімшілік ықпал ету шарасын қолдана отырып, қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу және қоршаған ортаға нормативтен артық эмиссиялар үшін салықтық төлемдерді төлету туралы талабымен оларды сотқа береді.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 321-бабының 1, 2 және 4 тармақтарына сәйкес, экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар өздері келтірген залалды экологиялық кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заѕнамалық актілеріне сәйкес өтеуге міндетті.

Мыналардың:

1)табиғи ресурстарды жою мен бүлдірудің;

2) табиғи ресурстарды өз бетімен және ұтымсыз пайдаланудың;

3) қоршаған ортаны өз бетімен ластаудың, оның ішінде авариялық, келісілмеген жаппай шығарындылар мен төгінділердің, өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастырудың;

4) қоршаған ортаны нормативтен тыс ластаудың салдарынан қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залал өтелуге тиіс.

Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу ерікті түрде немесе жүргізілу тәртібі экологиялық кодекске сәйкес айқындалатын залалды экономикалық бағалау негізінде сот шешімі бойынша жүргізіледі.

Жоғарыда аталғандарды ескеріп және Экологиялық кодекстің 101-бабының 5-тармағында көрсетілген, «қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн төлемақы бойынша салықтық мiндеттемелердi атқару табиғат пайдаланушыны қоршаған ортаға келтiрген залалды өтеуден босатпайды» - деген норманы талапкерлер басшылыққа ала отырып өз талаптарын қанағаттандыруды соттан сұрайды.

Көрсетілген мәселелерді саралай келе мынадай қорытындыға келуге болады. Қоршаған ортаға шектен тыс эмиссиялар үшін табиғат пайдаланушы бір уақытта үш төлем төлеуі тиіс:

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдардың немесе прокуратураның талап арызы бойынша табиғат пайдаланушылардан материалдық зиян жоғарылатылған 10 коэффициенті бойынша өтеткізіледі. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен артық эмиссия үшін табиғат пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егерде эмиссияның көлемі елеулі зиян келтірсе, кінәлі тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Табиғат пайдаланушы міндетті салықтық төлемдерді төлеудің 10 есе көбейтілген ставкасы бойынша төлейді.

Салық заңнамасы бойынша салықтық төлемнің көбейтілген ставкасын төлеу қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершіліктің бірі түрі болып табылады, яғни санкцияның жасырын түрі. Бұл арқылы салық заңнамасы әкімшілік құқықтың реттеу пәніне араласады және ол заңсыз болып табылады [8].

Экологиялық құқық бұзушылық үшін заңды жауапкершілік заңдылық, заң алдында теңдік, әділеттілік, гуманизм, кінәлінің жауаптылығы принциптеріне негізделуі керек. Алайда, біздің ойымызша, қолданыстағы жауапкершілік жүйесі аталған принциптермен сәйкес келемейді [9, 84 б.].

Қоршаған ортаны ластау нысанында көрініс тапқан экологиялық құқық бұзушылықтары және келтірілген зардаптары үшін кінәлі тұлғалар келтірілген моралдық зиянды өтей отырып, әкімшілік немесе қылмыстық және/немесе материалдық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл жерде аталған іс-әрекеттері үшін кінәлі тұлғалар салықтық жауапкершілікке тартылмауы керек. Сот тәжірибесі көрсеткендей, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік органдар табиғат пайдаланушыларды тексеру мен әкімшілік жауаптылыққа тарту кезінде кей жағдайларда заңдылықты сақтай бермейді. Бұндай жағдайларда, соттардың шешімдері арқылы, табиғат пайдаланушылардың шағымдары негізінде, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері заңсыз деп танылып, табиғат пайдаланушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріледі.



Пайдаланылған дереккөздер тізімі


  1. «Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 26 наурыздағы N 144-IV Заңы\\http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K080000099

  2. «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы N 212 Кодексі\\\\http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K080000099

  3. Петров В.В. Экологическое право России. – М., 1995. – С. 217-220.

  4. Бринчук М.М. Экологическое право России (право окружающей среды). – М., 1998. – 410 с.

  5. Байдельдинов Д.Л. Недра и закон – за и против. // Сборник материалов «Седьмой Атырауской международной правовой конференции». – Атырау, 2010. – С. 112-116.

  6. Абдраимов Б.Ж. Вопросы правового механизма обеспечения законности в земельном процессе. – Алматы, 1999. - С. 15-18.

  7. Битабарова Ж.А. Возмещение экологического ущерба при проведении нефтяных операций (на примере Кызылординской области). // Вестник КазНУ, Серия юридическая.- 2009. - №4 (52). – С. 151-153.

  8. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы N 99-IV Кодексі\\\\http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K080000099

  9. Алимбеков М.Т., Правовой механизм возмещение вреда, причиненного окружающей среде. // Сборник материалов «Седьмой Атырауской международной правовой конференции». – Атырау, 2010. – С. 84-85.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет