АҚАН СЕРІНІҢ ЖАҒАЛБАЙЛЫ ЕЛІНЕ АСҚА КЕЛУІ
XVIII- ғасыр соңында, жағалбайлының ата қонысы Жайық бойы орыстың қолына өткенде, арқаға ауып Есіл мен Нұраның бойына келіп тұрақтаған жағалбайлылардың ішінде ел ағасы деп Шәйкөз атаның да аты аталады. Жергілікті тінәлі-темешпен жақсы тіл табысса керек, аз уақытта өзіне қарасты ағайындарының тұрмысын түзеп алыпты. Келе-келе сол өңірдің ауқатты адамдарының қатарына қосылып, елге қамқор, қолы ашық адам ретінде танылыпты. Мырзалығымен аты шыққан Шәйкөзді жоқ-жұқаналы кедейлер мен кірмелер пана тұтып, өздерін Шәйкөзбіз деп атайды екен. Ол кісі туралы ел арасында «Басқа байдың тайынан – Шәйкөздің тышқақ лағы берекелі», - деген сөз қалған. Ақсақалдар «Шәйкөздің берекесін берсін» - деп атын батаға қосқан. Ақ кесектен салған мазары Нұраның бойында тұр деседі.
Шәйкөз атадан Құрым, Жұрым, Бесатар, Мүлкіман деген төрт ұрпақ тараған. Осы ұрпақтары Сарысу өзені бойында, арқадағы кіші жүз рулары бірігіп болыстық құрғанда елмен бірге Сарысу бойына көшкен екен. Дәулеті келісті осы ұрпақ заманында аталарына арнап үш мәрте ат шаптырып ас беріпті. Сол астың бірі атығай-қарауылдың еркесі Ақан серінің, аты аңыз болған Құлагерді жаратып, бәйге басын бермей жүрген кезіне тап келсе керек. Асқа Ақан сері де келіпті. Бұл жайында Сарысулық жазушы П.Дүйсенбиннің баспадан 2007 жылы шыққан тарихи-танымдық «Үркердей болып көшкен жұрт» атты кітабында (47 бет) жазылса, 2020 жылдың 20 қаңтарында «Halyqline.kz» ақпарат агенттігі 1993 жылы 12 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінің №46 санында жарияланған деп сілтеме жасап, Молдаш Мұқатұлының «Құлагердің даңқы осылай шыққан» деген мақаласын қайта жариялады.
М.Мұқатовтың мақаласы, «Құлагер» поэмасын жазу ниетімен ізденісте жүріп Көкшетауға барған І.Жансүгіров пен ақынға деректерді баян етуші Бекей әженің әңгімесі негізінде жазылған. Бекей әже Ақан серінің ағайындарының келіні болса керек, ауылға келгенде Ақан сері Құлагерді шомылдыруды осы келініне тапсырады екен. Сарысу бойы мен Көкшетау өңіріндегі екі жұрттың бізге жеткен осы ауызша деректері, бірін-бірі керемет толықтырып тұр.
Құлагерді Ақан сері 24 жасында нағашысы Шөкетайдан алғаны белгілі. Құлагердің дөнен шағы екен. Яғни бұл 1867 жыл. Құлагер Ақан серіге тоғыз жыл серік болып, 1876 жылы Сағынайдың асында өлтірілгені белгілі. Соған қарап Шәйкөз ата ұрпақтары асты 1868-69 жылдар шамасында берген деп топшылауға болады.
Ас берілген мезгіл туралы Бекей әженің әңгімесінде «жаз мезгілінде жағалбайлы елінде» десе, П.Дүйсенбинннің кітабында «күздің күні Шудың бойында» дейді. Ел-жұрттың аузындағы нұсқа Сарысу өзенінің сағасы Сөртінің бойында дейді. Сол замандағы ас беру дәстүрін саралап отырсақ, астың негізінен ыстық қайтып, қара суық келе қоймаған тамыз айында берілетіндігін байқаймыз. Оның үстіне жазда арқаны жайлап, қыста Шудың бойын қыстайтын кіші жүз, Шуға қойдың күйегін алып болған соң ғана көшетін болған. Яғни қарашаның қарлы жаңбырымен бірге Бетпақ асып, көтемде еріген қарды қуалай арқаға көшеді. Осыны ескерсек, ас жаз бітпей арқада Сарысу өзені бойында берілген деген нұсқа көңілге қонымды. Сонау теріскейден келген Атығай-Қарауыл, асқа қатысу үшін бәйге аттарымен жаздың ыстығында Бетпақ асыпты деген де қисынға келмейді.
Ол кездері кез келген жалғыз адам немесе кедей жігіт бəйгеге ат қоса алмайды. Жуандық көп. Бəйгеден атың келсе, оны тартып алады немесе атты соққыға жығады. Сол себепті, өз өңіріндегі бірді-екілі бәйгеден соң Құлагердің шабысына көзі жеткен Ақан сері, үлкен бәйгелерге баруға өзіне қамқоршы іздейді. Бекей әжейдің әңгімесі, осы мақсатпен серінің Атығайдың ықпалды адамы Зілқара ұлы Əлібек батырдың ауылына келуімен басталады. Осы таныстықтан соң, Ақан сері барлық бәйгелерге Әлібек батырдың қамқорлығында жүріп қатысқан екен. Әлібектің осынша беделді болуы – әкесі Зілғараның еңбегі. Ол Омбы қаласында тұратын орыстың бір полкіне өзінің жылқысынан 500 ат қоңыр төбел бергізеді. Сөйтіп патшадан қазақ пен орыстың арасындағы «елші» деген куәлік алады. Мойнына үлкен алқа тағады, оқаланған сары ала шапан киеді. Әкесінің осындай беделі баласы Әлібектің де өміріне көп ықпал етеді. Əлібек те əкесі Зілқарадай айбынды, тегеурінді жан екен. Кеуделі шонжар бола тұра, зиялы адам болған деседі. Осы Әлібек Ақанды шығыстағы керейлердің асына да, Торғайдағы қыпшақтардың асына да, сайдалы Аққошқардың асына да ертіп апарған. Талай дауда атығай-қарауылдың намысын жықпай алып шыққан. Тек Әлібек пен Паң Нұрмағанбеттің арасындағы бір дауға байланысты, атығай-қарауыл Сағынайдың асына бармапты. Сол асқа Ақан сері ел-жұрттың наразылығына қарамай, Әлібексіз жалғыз кеткен. Аяғы, ел мен жер дауы Құлагердің түбіне жетіп тынды.
Төменде Бекей әженің І.Жансүгіровке баян еткен әңгімесін өзгертпей берейін.
Қызылжар мен Омбы қаласының арасында «Үлкен қарой» дейтін көлдің жағасында атақты Зілғараның баласы Әлібек мырза мекен ететін. Ол сол кездегі көзі ашық азаматтың бірі болыпты, қазақшаға да, орысшаға да бірдей сауатты екен. Кіші жүз жағалбайлы елінде атышулы бір адамның асы болыпты. Сол асқа үш жүзден де адамдар шақырылған екен. Осы астан хабардар болған Ақан сері, асқа өз бетімен асқа бара алмайтынын, бәйгеге атын қоса алмайтынын сезіп Әлібекке қарай жолға шығады. Ақан сері бай ауылына келгенде Әлібектің күтуші адамдары: «Сыртта басында үкісі, қоржынында үкілі домбырасы бар, қара бедеу ат мінген, жетегінде бесті құла аты бар адам түсуге рұқсат сұрайды» деген хабар береді.
Әлібек паң адам екен. Ұзақ ойланып, «айтуларыңа қарағанда атығай-қарауылдың Ақан серісіне ұқсайды, қонақты үйге түсіріп, ас беріңдер, маған ертең жолықтырыңдар!» – деп әмір етеді.
Тамақ ішіп әлденген соң, Ақан сері ән шырқайды. Әні, ғажап дауысы Әлібектің де құлағына жетеді. Сонан соң іле-шала Ақан серіні шақыртып, ән салдырып, өлең айтқызады. Әбден құмары қанған Әлібек Ақан серіден келген шаруасының жайын сұрайды. Әлібек жайында бұрындары естіп жүрген Ақан сері келген жұмысын бірден айтады. «Астымда Құлагер атты жүйрігім бар. Елдегі сан бәйгеге қосып едім, әзірге алдына жүйрік салған жоқ».
Ақан серінің Құлагері жайлы естіп білсе де, Әлібек өз жүйріктерімен салыстырғысы келіңкіремей: «Менде жүйріктер баршылық. Әкем Зілғара жылқысының санын білу үшін «Үлкен қарой» көлінің аралына қамап санайды екен. Бір санағанда 32 мың болыпты, одан кейін санағанымыз жоқ. Осыншама жылқының ішінен сенің Құлагеріңе татырлық бір жүйрік табылар. Бәйгеге қосып көрелік. Озғанын апарған дұрыс болар» деп өз ойын білдіреді. Бір жетіден кейін бәйге басталады. Алғашқы 40 шақырымда Құлагер бір шақырым алда, бір жетіден кейін 50 шақырымға жібергенде екі шақырым алда, енді бір жетіден кейін 60 шақырымнан жібергенде үш шақырым алда келеді. Құлагердің жүйріктігіне көзі жеткен Әлібек: «Ол асқа атың Әлібектің аты болып қосылсын, егер бәрінен озып келсе, үш жүзге өз атыңды да, Құлагердің атын да шығаруға уәде беремін» дейді. Әлібектің мұндай шешіміне келісе кеткен Ақан сері қуанышын жасыра алмады. «Сөзіңізге құлдық, маған одан артық ештеңенің керегі жоқ» дейді.
Келесі жылы жазда уәде бойынша Ақан сері Әлібекке ілесіп, жағалбайлы еліне барады. Бәйгеге үш жүздің 304 жүйрігі қосылады, оның ішінде Әлібектің үш аты болатын, оның бірі – Құлагер. (Салыстырмалы түрде айтсақ, Сағынайдың асында 324 ат шапқан. – авт. Ы.Н.)
Ұлы жүзден келген жүйріктерді жер бастырмай, арбаға тиеп әкелген. Су орнына жылқының сүтін береді екен. Әлібек Омбы губернаторынан 100 солдат алдырып, әрбір екі шақырым сайын бір солдаттан тұрғызып қойыпты. Бұл, біріншіден, бәйге тәртібінің сақталуына жағдай жасаса, екіншіден, анау-мынау ұрыс-төбелес болған жағдайда оны басу үшін де қажет болар деп ойлаған еді.
Тәртіп бойынша 15 атқа жүлде тағайындалыпты. Үш жүздің өңшең жүйріктері жарысқан сонау бәйгеде Құлагер көш бастап, Әлібектің қосқан тағы бір аты жүйріктер қатарында келеді. Екі аттың бәйгесіне 75 жылқы берілген екен.
Сонымен Әлібектің көңілі шат болып өзінің дәрежесіне сай мынадай жомарттық жасаған екен. Әлібек ас иесіне, асты басқарып жүрген адамдарға сөз арнапты. Асты басқарып жүрген 72-дегі қарт адам да, астың иесі 12 жастағы бала екен. (Біздің жақта асты Арғынбай би басқарыпты деп айтады. Алайда ол кезде Арғынбай бидің жасы елулер шамасында. авт.Ы.Н.) Әлібек қарт адамға «Алыстан келдім де, қазақтың салты бойынша саба әкеле алмадым. Сол айыбым үшін бәйгеге алған жылқымның бесеуін сізге байладым» деп ұстатып береді. Содан соң «үш жүздің игі жақсылары жиналған осынау асқа сіздің ел бір жыл дайындалды. Осыған халықтың көп еңбегі сіңді. Осы жылқыдан сол азаматтардың еңбегінің өтелуі деп тағы 10 жылқы алыңыз. Бұл тойға Ұлы жүз ағамыздан, Кіші жүз інімізден, ру басшыларынан келген саба болса, сол сабаға жілік салмай, орнына менің жылқымнан 15-ін салуды өтінемін» дейді де, оны ұстатып бергізеді. «Осы асқа келе жатқанда 15 рет түнеп келдім, қайтарда тағы 15 рет түнеп барамын, базарлығым болсын, сол үшін екі аттан байладым. Өзімде 30 мыңнан астам жылқым бар. Сол жылқы маған да, сендерге де (өзімен еріп келген адамдарға айтқаны) сояр – азық, мінер – көлік, сатар пұл ғой, молынан жетеді, ендеше қолдарың ашық болсын!» – депті.
Өзінің жора-жоралғысын жасаған Әлібек: «Ақсақал, мынау ас – үш жүздің игі жақсылары бас қосқан үлкен жиын, ертең елдеріне барғанда айта жүрсін. Орыс пен қазақтың арасында болып жатқан байланысты білгендері жөн шығар, ертең анау төбенің басына халықты жинаңдар, өсиет сөзім бар еді» дейді де, Ақан серіге берген уәдесі жайында қысқа ғана хабардар етеді. Соны үш жүздің игі жақсылары алдында айтқысы келгендігін білдіреді. Ертеңінде халық жиналған сәтте, Әлібек былай деген екен:
– Құрметті аға баласы, құрметті іні баласы, қабырғалы орта жүздің игі жақсылары, осындағы бір азаматқа азғантай уәде беріп едім, сіздердің алдарыңызда соны айтпақшымын. Ау, Ақан сері, жүйрігіңді жетектеп мына жұрттың алдына шық, – дейді де сөзін одан әрі жалғастырады.
– Мынау адам – орта жүздегі атығай-қарауылдың Ақан серісі. Ұстап тұрған аты – кешегі бәйгеде алдына жүйрік салмаған Құлагер. Танып тұрған боларсыздар, асқа келерден бұрын Ақан серіге берген уәдем бар болатын. Мына Құлагер әлденеше қашықтықта аттарымнан дүркін-дүркін озып алда келе берді. Соны байқап, егер де үш жүздің игі жақсылары жиналған бәйгеде озып алға шықса, ел алдында «Ақан серінің тұлпары» деп айтуға уәде берген болатынмын. Күткен Құлагер алда келді. Сол антымды аяқасты етпей, баршаңыздың алдында ат Ақан серінікі екенін айтпақ едім, – деп сөзін аяқтаған екен.
Сөзінің аяғында Құлагердің бәйгесін ауылға жеткен соң, беретіндігін уәде қылыпты. Әлібек уәдесінде тұрып, қайтып оралған соң, серінің алдына бір үйір қысырақ салып, оған қоса, атышулы қара тұйғынын берген екен. Сөйтіп серіні риза қылып қайтарыпты.
Қолданылған әдебиеттер:
П.Дүйсенбин. «Үркердей болып көшкен жұрт»
«Halyqline.kz» ақпарат агенттігі сайты
Е.Төлеутай. «Құлагер ғұмыр»
І.Жақанов. «Бір кезде Ақан едім аспандағы»
Нұржан Ынтықбаев
Астана қаласы
Достарыңызбен бөлісу: |