Абдимомынов н. Т



Дата23.02.2016
өлшемі298.59 Kb.
#10138
ӘОЖ 94 (5)
АБДИМОМЫНОВ Н.Т.

Тарих мамандығы бойынша PhD, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті


ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР

ТАРИХЫ
Аңдатпа

Мақалада ортағасырлық Еуразия тарихындағы аса ірі оқиғалардың бірі болған Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс пен Мәуераннахр билеушісі Темір арасындағы 1391 жылы болған Қондырша өзенінің бойындағы, 1395 жылы Терек өзені бойындағы шайқасты зерттеу көзделген. Осы мақсатта Тоқтамыс пен Темір арасындағы соғыстың себептері мен алғышарттары, соғыстың бастапқы кезеңінде болған оқиғалар, 1391, 1395 жылдары болған шайқастың барысы, екі жақтың әскери тактикасы, шайқастың салдары тыңғылықты қарастырылған. Мақаланың жаңашылдығы Тоқтамыс пен Темір арасындағы қарым-қатынастар бойынша тарихшылар арасындағы дискуссиялық мәселелері бойынша автор тарапынан объективті көзқарас пен пікір қалыптастыруға әрекет жасалған. Сонымен қатар, тақырыпқа қатысты араб-парсы деректері, Темірдің ресми тарихшыларының мәліметтері талданған. Отандық және шетелдік зерттеушілердің ой-пікірлері ғылыми тұрғыдан сарапталған.



Түйін сөздер: Алтын Орда, Темір империясы, Тоқтамыс, Әмір Темір, Құндызша түбіндегі шайқас (1391 ж.), Терек түбіндегі шайқас (1395 ж.).
Кіріспе

Құндызша1 түбіндегі шайқас (1391 ж. 18 маусым) – ортағасырлық Еуразияның ең ірі екі державасы Алтын Орда мен Темір империясы арасында болған ортағасырлық кезеңдегі әлемдік тарихтағы ірі шайқастардың бірі болды. Мұның дәлелі ретінде ортағасырлық деректер бойынша шайқасқа қатынасқан әскер санынан байқаймыз. Темір әскерінің саны шамамен – 300-400 мың, Тоқтамыс әскері – 200-300 мың. Шығыны да көп болды, әр тараптан 100 мыңға жуық жауынгер болды. Шайқас нәтижесінде Тоқтамыс-хан әскері жеңіліске ұшырады. Оның салдары саяси жағынан да, экономикалық жағынан да Алтын Орда державасының болашақ тағдыры үшін өте ауыр болды. Бұл шайқастан кейін Тоқтамыс-хан саяси билігін сақтап қалғанымен, қуатты мемлекет біртіндеп қайта құлдырауға бет алды.



Терек түбіндегі шайқас (1395 ж. 15 сәуір) – Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс пен Темір әскерінің арасындағы Солтүстік Кавказ аймағында болған қарымта, әрі ақтық шайқасы. Бұл шайқас Құндызша түбінде шайқастан да ауқымды болды. Темір әскерінің саны шамамен – 600 мың, Тоқтамыс әскері – 450-500 мың. Шығыны, Темір әскері тарапынан 200 мың, Тоқтамыс әскері тарапынан 380 мыңға жуық жауынгер болды. Шайқас нәтижесінде Алтын Орда әскері толық талқандалды. Тоқтамыс Дешті Қыпшақтағы саяси биліктен толық айырылды. Темірдің Алтын Орда территориясына жасаған жойқын жорықтары үлкен алапат алып келіп, мемлекеттің табиғи даму үдерісін үзіліске ұшыратты. Алтын Орда халықаралық аренада күш-қуатынан айырылып, оның ыдырауына алғышарттар жасады.

Тоқтамыс пен Темір арасындағы 1391 ж. Құндызша түбіндегі, 1395 ж. Терек түбіндегі болған шайқастар Еуразия халықтарының кейінгі тарихи даму үдерісіне үлкен әсер етті. Сондықтан, Алтын Орда тарихына қатысты еңбек жазған бірқатар тарихшылар осы алапат шайқастардың нәтижесіне арнайы тоқталып өткен. Негізінен барлық зерттеушілер Темірдің 1391 ж., 1395 ж. жасаған жорықтары Алтын Орда мемлекетінің түбіне жеткен оқиға болған дейді. Бұл шайқастар туралы кезінде Батыс Еуропа, Ресей зерттеушілері үлкен назар аударған. Австриялық шығыстанушы Й. Хаммер-Пургштал өзінің шығармасында осы шайқастарға арнайы жеке-жеке тоқталған [1, s. 361-364]. Сол сияқты орыстың әскери тарихты зерттеушісі М.И. Иваниннің шығармасында Темір әскерінің құрылымы, ұрыстарды жүргізу тактикасы мен әдістерін талдай отырып, оның Алтын Ордаға қарсы жорыққа әскери дайындығы жөнінде сипаттаған [2, c. 190-207]. Орыс тарихшысы Г.В. Вернадскийдің пікірінше, Тоқтамыс пен Темір арасындағы жауластықтың жеке тұлғалық және геосаяси аспектілері болды дейді. Біріншісі, Тоқтамыстың күш-қуаттығы артып өзін тәуелсіз хан ретінде саясат жүргізуіне байланысты болса, екіншісі Алтын Орда мен Хулагулық Ел хандар империясының арасындағы бітіспес дұшпандықтың қайта жаңғыртылуы дейді [3, c. 275]. Л.Н. Гумилевтің еңбектерінде Тоқтамыс ханның тұлғалық рөліне үлкен назар аударған. Өкінішке орай, зерттеуші оқиғаларға берген сипаттамаларында деректі құжаттардың болмауы жиі кездеседі. Көптеген оқиғаларды Л.Н. Гумилев өзінің тұжырымына сәйкес баяндаған. Автор Тоқтамыс ханның 1382 жылғы Мәскеуді басып алғанын кешіре алмайды. Сондықтан болар, Мәскеуді басып алуы мен Темірге қарсы күресуін Тоқтамыс хан және оның әкімшілігінің ойсыз саяси қадам жасамауының нәтижесі болды дейді. Тоқтамыстың жалпы әрекетін Л.Н. Гумилев тек оны Жошы ұлысының заңды шекарасын қалпына келтіруге жасаған әрекеті деп түсіндіреді [4, с. 654-655, 676]. Кеңес тарихшысы М.Г. Сафаргалиев өз зерттеуінде Тоқтамыс ханның әрекеттерінен Жошы ұрпақтарының дәстүрлі саясатын жалғастырушы ретінде қарастырып, оның Кавказ жеріндегі саясатына үлкен назар аударған. Зерттеушінің пікірінше, Темірге қарсы шыққан Тоқтамыс ханының мақсаты оңтүстік сауда жолының маңызына айналған Әзірбайжан және Иран жерін иемдену болды дейді [5, c. 105]. Сонымен, тарихнамада Тоқтамыс ханның сыртқы саясатының сипаттамасы негізінен Алтын Орда ханының трансконтиненталдық сауданың оңтүстік бағытын иемдену жолында Темірге қарсы күресі мәселесі ретінде қарастырылған. Тоқтамыс ханның бұл стратегиясы негізінен геосаяси аспектілерімен де байланысты болған еді. Қазіргі кезеңде бұл мәселе бойынша татар тарихшылары И.М. Миргалиев, Ф. М. Ибятов сияқты зерттеушілер өз диссертациялық еңбектерінде, отандық зерттеушілер арасында Т. Омарбековтің еңбектерінде тақырыпқа қатысты мәселелер қарастырылған. Бұл шайқасты зерттеу үшін ең алдымен оның себептерін, тарихи алғышарттарын, барысын, салдарын тыңғылықты талдауымыз қажет. Қарастырылатын мәселелердің ауқымдылығына, тарихи маңыздылығына байланысты мақала кіріспеден, бірнеше бөлімнен және қорытындыдан тұрады.
1. Жауластықтың тарихи алғышарттары мен себептері

Тоқтамыс-хан ХІV ғ. 80-ші жылдарынан бастап Алтын Ордадағы «Ұлы дүрбелең»2 кезеңінде әлсіреген саяси билікті нығайтқан соң, мемлекет ішіндегі саяси жағдай тұрақтандырылып, сыртқы саясатта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Алтын Орданың бұрынғы күш-қуатын қалпына келтіру жолындағы Тоқтамыстың державалық саясаты жылдан-жылға күшейіп, 20 жылдық «билік дағдарысы» кезеңіндегі мемлекеттің айырылып қалған иеліктерін қайтару үшін сыртқы саясатта батыл қадамдарға көше бастады. Ең алдымен солтүстік аймақтардағы орыс княздықтарына әскери жорықтар жасап, Мәскеуді жаулаған Тоқтамыс-хан Алтын Орданың орыс жерлеріне деген үстемдігін қайта орнатты. Мұнан кейін Қырымды қосқан Тоқтамыс хан үшін, енді атқарар екі мемлекеттік іс қалды. Біріншісі, Алтын Орда тарихында орны ерекше, ірі өркениет ошағы және маңызды экономикалық аймақ саналатын Хорезм аймағын қайтару; Екіншісі, Батыс пен Шығыс арасындағы маңызды сауда жолдарының торабында орналасқан Әзірбайжан жерін Алтын Орда құрамына қосу міндеті тұрды. Бірақ, Алтын Орданың бұл аймақтарға қатысты оңтүстік бағыттағы саясатында орта азиялық қуатты Темір державасының саяси және экономикалық мүддесімен қарама-қайшы келді. Бұл Тоқтамыс пен оның бұрынғы қолдаушысы болған Темір арасындағы қарым-қатынас күрт шиеленісуіне алып келді. XIV ғ. 80-ші жылдары Тоқтамыс пен Темір арасындағы қарым-қатынасты жөнінде зерттеген Кеңес тарихшысы А.Ю. Якубовскийдің айтқанындай, Тоқтамыс бастапқы кезеңде Темірдің көмегіне сүйенді, бірақ ол өзінің саясатын тәуелсіз түрде жүргізе бастаған кезеңде, оның әрекеттері Темірдің мүддесіне де қарама-қайшы келген еді дейді [6, c. 337]. Тоқтамыс өз билігінің бастапқы кезеңде-ақ, Темірдің Хорезм ұлысына қол сұғушылығына қарсы саясат ұстана бастады. Тарихнамада бұл оқиға Тоқтамыс ханның сыртқы саясатындағы бетбұрыс ретінде сипатталады. Ибн Арабшах мәліметі бойынша, жауластықтың басталуы Темірдің Хорезмге жасаған жорығынан кейін басталғанын айтады. Оның айтуынша, «Дешті Қыпшақ пен Татардың сұлтаны Тоқтамыс хан Темір мен сұлтан Хусейн арасындағы болған жағдайды білген соң, (Хусейнмен) туыстығы және көршілестігі үшін жүрегінің қаны қайнап, қатты ашуланды», – дейді [7, c. 456]. Бұл жерде мәселе автор Темірдің Хорезмге жасаған бірінші жорығы кезінде Хусейн Суфидің өлімі жөнінде айтып отыр. Ал Тоқтамыстың анасы суфидтерге жататын Қоңырат руынан шыққан [8, c. 132, 211]. Шамасы, ол Хусейн Суфимен жақын туыстық қатынаста болған сияқты. Бұл енді жауластықтың бір себебі шығар. Бірақ, Алтын Орданың экономикалық мүддесі үшін Темірдің Хорезмді жаулауына Тоқтамыс хан бейтараптық таныта алмады.

Темір 1378 жылы (кейбір мәліметтерде 1379 жыл) Алтын Ордаға ғасырлар бойы тиесілі болған Хорезмді бағындырып, өзінің осы бір бай өлкеге мүдделі екенін бастапқы кезеңнен Тоқтамысқа аңғартты. Бірақ Хорезмді иемденуге Алтын Орданың күш-қуаттылығын қалпына келтірген Тоқтамыс та аса мүдделі бола бастады. Кейбір деректерде Хорезм толық түрде Темірге бағынышты болмаған дейді. Темір Хорезмнің тек Шағатай ұлысына тиеслі саналатын Оңтүстік Хорезм аймағын Қият пен Хиуа қалаларымен қоса өзіне қаратқан дейді. Бұл жерде ескеретін жайт, Хорезмнің екіге бөлінетіндігі: Оңтүстік Хорезм және Солтүстік Хорезм. Солтүстік Хорезм Үргеніш атты бас қаласымен Алтын Ордаға тиесілі саналатын. Қалай болғанымен, Хорезм аймағы ХІV ғ. 80-ші жылдарының басында Темірдің ықпалында болғаны айқын. Хорезм аймағы Алтын Ордаға сонау Жошы заманынан еншілес аймақ болып саналатын. Ал Әзірбайжанды да Жошы ұрпақтары тартысқа толы болса да, заңды түрде өз иелігі санайтын. Жошы ұрпақтары үшін қай кезеңде болмасын Хорезм мен Әзірбайжан жері геосаяси және геоэкономикалық жағынан маңызды аймақ болып саналды. Бұл екі өлкенің басты артықшылықтары географиялық орналасуының тиімділігі мен маңызды сауда тораптарының түйісуі болды. Өйткені бұл екі өлке солтүстік пен оңтүстіктің бір-біріне түйіскен жерінде орналасқан және қолайлы қоңыржай жылы климатқа ие болды. Азияның өнімдері осы аймақтар арқылы солтүстікке қарай шығатын. Солтүстік өлкелерінің сауда бағыттарының түйісетін жері Кавказдан болмаса, Қара теңіз порттарынан батысқа қарай жіберілетін. Бұл өлкелер әр заманда, талас-тартыс аймағы саналатын. Хулагулық Иран, Алтын Орда және Мәуераннахрда әр замандарда билік жүргізген мемлекет билеушілері бұл екі өлке үшін ғасырға жуық уақыттар бойына соғысып келді. Оның бір көрінісі – Берке хан мен Хулагу билігі кезеңінен басталған талас-тартыстар Жәнібек хан билігіне дейін созылды. Одан араға уақыт салып, Тоқтамыс хан кезіндегі оның Темірмен күресі осы аймақтар үшін қайта күшіне енді.

Темір бұрынғы Хулагу әулеті иелігіне тиесілі болған Иран және Кавказ жерлерін иемденуге ұмтылыс жасаған тұста Тоқтамыс-хан Темірдің экспансиялық саясатына қарсы шығуына мәжбүр болды. Оның екі себебі болды, біріншісі, саяси сипатта, егер Темір Иран және Кавказ жеріндегі мемлекеттерді басып алатын болса, онда Темір империясының шекарасы Алтын Орданың оңтүстік және оңтүстік-шығыс шекаралық аймақтарымен шектесіп жататын еді. Ал шекаралық аймақтарда аралық мемлекеттердің болмауы Алтын Орданың әскери қорғаныс қабілеттілігін әлсірететіні белгілі еді. Темірдің белсенді жаулаушылық экспансиясы Тоқтамыстан өз мемлекетінің мүддесін қорғау жолында қорғаныстық әрекетке көшуге мәжбүр етті. Ол әскери блоктар құру мен буферлік мемлекеттерді жаулап алу арқылы Темірді Алтын Орда территориясына жақындатпау мақсатында белсенді түрде қорғанысқа көшуді таңдады; Екіншісі – таза экономикалық сипатта, яғни Темірдің Иран мен Әзірбайжан жерін жаулап алуы Алтын Орда саудасы үшін үлкен соққы болатыны белгілі еді. Егер Темір мемлекеті трансконтиненталдық сауданың оңтүстік бағытын толықтай бақылауды қолына алатын болса, онда көпестер үшін оңтүстік бағыты солтүстік бағытына қарағанда аса тиімді болды, өйткені шекаралық аймақтағы көптеген баж салықтарына шығындалмайтын еді. Бұл жағдай Алтын Орда мемлекетінің экономикалық күре тамырын қиятыны белгілі еді.

Тоқтамыс пен Темір арасындағы жауласудың жеке тұлғалық қарама-қайшылығы әсер еткен шығар, бірақ олардың ымыраға келмей қарсыласуының басты себептері саяси және экономикалық аспектілеріне байланысты болды. Тоқтамыс - Алтын Орданың ертеден территориялық талас-тартыс аймағы болып саналатын Әзірбайжан жері үшін (1385 және 1387), Хорезм және Сырдариядан төмен Бұхараға дейінгі аймақты (1388) иемдену мақсатында кезінде қамқоршысы, қолдаушысы болған Темірге ашық түрде қарсы шықты [9, p. 543].
2. Жауластықтың бастапқы кезеңі

Тоқтамыстың ірі әскери науқаны 1387 жылдың күз айларында басталды. Алтынордалық бірнеше әмірлер қолбасшылық еткен әскери күштер бірігіп, Сығанақ арқылы Сауранға келіп, оны қоршауға әрекеттер жасады. Шамасы, бұл Ақ Орда және Шайбан ұлысы түмендерінен құралған сол қанат әскері болған сияқты. Келесі Алтын Орда жасақтары сұлтан Махмуд бастаған хорезмдік әскермен бірге Мәуераннахрға Хорезм территориясы арқылы соққы берді [10, c. 112]. Тоқтамыс әскерінің жорық бағытында алғашқы қорғанысы мығым бекіністердің бірі Сауран тұрды. Алтын Орда әскерін басқарған әмірлер Бек-Ярык-оғлан, Илыгмыш-оғлан, Иса-бек және Садық-бахадур Сауранды қоршауға алды. Қала гарнизоны шабуылдарға қарсы тойтарыс берді, бірақ қала маңындағы қыстақтар қатты талқандалды. Тоқтамысқа қарсы Әндіжан жақтан Темірдің ұлы Омар-шейх әскерімен қарсы шықты. Тоқтамыс әскерімен оның шайқасы Отырар маңында болып, Омар-шейхтің жеңілісімен аяқталды. Тоқтамыс шабуылдарын үдете отырып, Мәуераннахрға таяу қалды. Карши қаласында Тоқтамыс Темірдің резиденциясы болған Зинджер-сарайды талқандап, өртеп жіберді [10, c. 142]. Сонымен, Тоқтамыс әскері Ташкент, Карши және бірқатар ірі қалаларын алып, Мәуераннахрдың екі ірі қаласы: Бұхара мен Темір астанасы Самарқандты қоршауға кірісті. Тоқтамыстың шабуылдары жөніндегі хабар Темірге келіп жеткенде, ол Батыс Ирандағы Шираз қаласында болған еді. Темір шұғыл түрде әмір Осман-и-Аббастың қолбасшылығымен 30 мың атты әскерін Самарқандты қорғауға жіберді. Көп кешікпей, 1388 жылы ақпанда Мәуереннахрға Темірдің өзі бүкіл әскерімен келіп жетті. Одақтастар әскері кері шегінді. Шереф ад-Дин Йездидің айтуынша, бірқатары Хорезмге кетсе, ал басқалары Дешті Қыпшаққа бағыт алды. Самарқандты қоршаған Алтын Орда әскері ол жерге келіп жеткен Темір әскерінен талқандалып, шегінуге мәжбүр болды. Темір олардың артына түсіп, Хорезмге дейін келіп жетіп, қаланы талқандады, ал оның тұрғындарын құлдыққа алып кетті [8, c. 154-155].

Темір Тоқтамыстың келе жатқанынан хабардар болып, Фарсистан тауынан түсіп, әскерін жинақтай бастаған. Шереф ад-Дин Йезди мәліметі бойынша, Тоқтамыс әскері Сырдариядан өткен соң сейілген. Ал Будак Казвини мәліметі бойынша, Тоқтамыс хан қарсыласының оған қарсы келе жатқанын біліп, оның жақындауына дейін-ақ, кері шегінген. Темір де Хорасан мен Моғолстанда бүліктің шығуына байланысты Алтын Орда ханымен соғысты жалғастыра алмады [5, c. 408-409]. Низам ад-Дин Шами, Шереф ад-Дин Йезди, Бүркеншек Ескендір және Абд-ар-раззаку Самарканди мәліметтеріне сәйкес, 1388 жылы Хорасанда Мулук-сарбадар және Хаджи-бек көтеріліс жасап, Тоқтамыс жағына шыққан. Сондай-ақ, Тоқтамысты Инга-төре қолдап 20 мың атты әскерімен Мәуераннахр жорығына шықты. Дегенмен, түрікмен тарихында Хорасан көтерілісі 1391 жылы болған дейді, бірақ Шереф ад-Дин Йезди және Абд-ар-раззак Самар­канди мәліметі бойынша, бұл оқиға 791 х.ж. (31 желтоқсан 1388 ж. - 19 желтоқсан 1389 ж.) уақытымен даталанып, Тоқтамыстың Мәуереннахрға шабуылы кезінде, Хаджи-бек Джавун-курбан, Тоқтамыс Темірді талқандады деп ойлап, Мүлік сербедар мен Иса түрікменмен одақтасып, Туя қаласын нығайтып, Тоқтамыс атынан монеталар соқтырып, оның атымен құтба оқыған. Мұның барлығы Тоқтамыстың айтарлықтай нәтижеге жеткенін және Темірдің күрделі жағдайға тап болғанын байқатады. Бірақ бұл уақытта Алтын Ордада саяси жағдай күрделеніп, Тоқтамыстың Сарайға қайта оралуына мәжбүр етті. Сондықтан Тоқтамыс шешуші шайқасқа Алтын Ордадағы саяси жағдайдың күрделенуіне байланысты шығуға шешім қабылдамаған деп қорытындылауға болады. Сонымен, Тоқтамыс Хорезмді де, Тебризді де қайта басып ала алмады. Керісінше, Тоқтамыс Ширван және бірқатар қалаларынан айырылып, Алтын Ордада саяси тұрақсыздыққа тап болды. Тоқтамыстың XIV ғ. 80-ші жылдарының аяғындағы сыртқы саясатының сәтсіздікке ұшырауының басты себебі өзіне қарсы Алтын Орда феодалдарының партиясымен күресуі болды. Тоқтамыс хан барлық күш-жігерімен халықаралық геосаясаттағы Алтын Орданың беделін қалпына келтіруге тырысқанымен, ішкі және сырты факторлары оның мақсатын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Тоқтамыс XIV ғ. 80-ші жылдарының басында мемлекеттің тұтастығын қалпына келтіру, экономикалық реформалар жүргізу және сыртқы саясатта белсенділік таныту сияқты ірі жетістіктерге жеткенімен, Темір секілді азулы қарсыласына ашық түрде қарсылыққа шыққанда ащы жеңіліске тап болды, ал оның ішкі жауларының әрекеттері Жошы ұлысындағы ішкі жағдайдың тұрақсыздануына алып келді.

1390 жылдың соңына қарай Темір әскері Кавказдағы Алтын Орданың өз шекарасына дейін етене жақындап, Дербент қақпасын бақылауға алды. Әрине, мұндай қалыптасқан жағдай Тоқтамысты Кавказ майданына айтарлықтай әскерді шоғырландыруға мәжбүр етті. Зерттеуші И.М. Миргалеев Тоқтамыстың поляк патшасы Ягайлоға жазған хаты және Ибн Халдун Шереф ад-Дин Йезди мәліметтеріне сүйене отырып, Бек-Болат Қондырша түбіндегі шайқаста Тоқтамыс жағында Темірге қарсы шайқасқан дейді. Сонымен қатар, зерттеушінің пікірінше, Бек-Болат Тоқтамыстың билігін мойындап, оның жақтасы ретінде шайқасқа қатынасты дейді [11, c. 112]. 1389 жылы Бек-Болат пен Темір арасында байланыс болған-болмағаны белгісіз, бірақ Тоқтамыстың поляк патшасы Ягайлоға жазған хатына сүйенсек, бүлікшілердің Темірмен құпия түрде қатынасқа түскені айтылған [12, c. 37]. Шамасы, мұндай байланыс 1389 жылы болған секілді. Өйткені Тоқтамыстың 791 х.ж. (31 желтоқсан 1388 ж. -19 желтоқсан 1389 ж.) жасаған жорығы кезінде Темірге қарсы көтерілген сербедарлар мен түрікмендердің көтерілісі ол үшін үлкен қиындық туғызып, жаңадан ғана бағындырған Иран жерінен айырылу қаупі туындады. Ал Бек-Болаттың осы кезеңдегі көтерілісі Темір үшін өте тиімді болды. Тоқтамыс ішкі мәселелермен айналысып жатқан кезеңде, Темір Хорасандағы көтерілісті басуға, Кавказ жерінде өзінің билігін нығайтуға және Моғолстанды ақырғы түрде талқандауға мүмкіндік алды.

Темір болса, бұл уақытта Тоқтамысқа шабуыл жасамас бұрын Моғолстан билеушілері Қызыр Қожа мен Камар ад-Дин соңына түсті. Темір жасақтарының бірі Қызыр Қожаны Түркістандағы Қарабұлақта қуып жетіп ұрыс салды. Қызыр Қожа жеңіліп, Шығыс Түркістанға қарай шегінді. Нәтижесінде Қызыр Қожа Моғолстандағы билігінен айырылды. Темір 1389 жылы өзі қол бастап Еңге-Төрені Қараталда қуып жетіп соққы берді. Камар ад-Дин қолы да осы маңнан табылады. Екеуі де Темірдің әскерінен жеңіліс тауып, Ертістің арғы жағына өтіп кетеді. Темір осылайша Тоқтамыс пен Моғолстан билеушілерінің күш біріктіру мүмкіндігінің жолын кесіп тастады. Осыдан кейін Темір Жошы ұлысына (Тоқтамысқа) қарсы ұлы жорыққа дайындалды [13, 627-628 бб.]. Темірлік тарихшылардың мәліметтері бойынша, Темір бұл жорыққа аса мұқияттылықпен дайындалған [8, c. 158-159].
3. Қондырша (Құндызша) түбіндегі шайқас

Алтын Орда әскері де Темірдің жорыққа шығуынан қауіптеніп, әскери дайындықтар жасап, негізгі қорғаныс күштерін Кавказ территорияларына шоғырландырды. Бірақ Темірдің әскери логикасы Алтын Орданың ең осал жеріне соққы беруге бағытталды. Дешті Қыпшақтың шығыс шекарасы арқылы кірген Темір әскері тұрғылықты халықтың басым көпшілігі болған Жошы ұлысының құрамындағы көшпенді халықты талқандады. Алтын Орда әскері бұл уақытта Кавказ маңына шоғырланған еді. Сондықтан көшпенді тұрғындар Тоқтамыстың ең осал тұсы еді. Сонымен қатар, Темір Тоқтамыс ханның белсенді жақтастары болған Шайбанилер территориясы арқылы өтті. Жоғарыда атап өткендей, Темір бұл жорыққа аса мұқияттылықпен дайындалды. Жорыққа дайындық жұмыстары кем дегенде жарты жыл уақыт жүргізілді. Абд-ар-раззак Самарканди мәліметіне сәйкес, Темір өзінің орынбасарларына әскер санын көбейтуге бұйрық берген [8, c. 191]. Мирхонд мәліметіне сәйкес, Темір әскерді әскери дәстүрге сәйкес, азық-түлікті жылға жуық уақытқа қорландыруға бұйрық берген. Жоғарыда айтылған мәліметтерге байланысты, Темір өз әскерінің санын жорық алдында ұлғайтқаны байқалады. Әрине, бұл әскер сан мыңдаған болуы тиіс, бірақ Темірдің ресми хронистері оның санын нақты атамаған. Оның себебі орта азиялық билеушінің әрекетін ақтап алуға ұмтылыс танытқан секілді. Бірақ Темір әскерінің саны жөніндегі мәлімет әмірдің бұйрығы бойынша Улу-Дагта аялдау кезеңінде қойылған «Темірдің Қарасақпай жазбасында» кездеседі. Осы «Қарасақпай жазбасына» сүйене отырып, А.Ю. Якубовский және М.Г. Сафаргалиев әскер санын 200 000 болған дейді. Басқа да зерттеушілер осы санды қайталайды. Осы жазба ескерткішті зерттеген Н.Н. Поппе оны «екі жүз мың» деп оқуды ұсынды. Бірақ бұдан кейінгі келесі бір зерттеуші А.И. Пономарев жазбаны сыни талдау арқылы ол санға күмән тудырып, ол жазбаны «UC» ретінде, яғни «үш жүз мың» деп оқуды ұсынды. Осыған орай, И.М. Миргалеевтің пікірінше, Алтын Орда секілді қуатты мемлекетке қарсы шыққан және Ескі дүниенің жартысына жуығын жаулап алушы Темір әскерінің саны 200 000 болуы біршама жеткіліксіз секілді, сондықтан «Қарасақпай жазбасындағы» әскердің саны 300 000 болды деген нұсқасы дұрыс секілді дейді [11, c. 121].

Низам ад-дин Шами мәліметіне сәйкес, Темір 1391 жылдың 22 қаңтарында жорыққа шықты [8, c. 112]. Тоқтамыс елшісін өзімен бірге алып, Темір Тоқтамыс қарсыластары қатарынан жолсеріктерді анықтап, Алтын Орда территориясына басып кірді. Жолсеріктер қатарында әмір Едіге болған.

Темірдің Алтын Ордаға қарсы шыққан жорық жолы Отырар – Яссы – Қарашық – Сауран – Сарысу – Ұлытау – Жыланшық – Тобыл – Сақмар – Орал (Жайық) басып өтіп Құндызшаға жеткен [13, c. 627-628]. Темір әскері шапшаң қимылмен жылжи түсті. Алайда оның әскерінің жорыққа шыққаны жөніндегі мәліметті Тоқтамыс хан өз ақпарат көздері арқылы білген деп шамалауға болады. Жазба дерек мәліметтеріне сәйкес, орта азиялық билеушінің шабуылға шыққаны жөніндегі хабарды Тоқтамысқа Едігенің екі нөкері хабарлаған [8, c. 160-161], осылайша сатқын қожайынына бағынған гөрі, Отанына қызмет етуге ықылас танытқан. Темір кенеттен басып кіргені жөніндегі хабар жеткен соң, Тоқтамыс хан «сол мезетте жан-жағына ол хабарды білдіріп, оң және сол қанат әскерді жинады». Бұдан кейінгі оқиғалар Тоқтамыстың әскери көзқарас тұрғысынан аса сәтті жоспарды таңдағанын көрсетеді. Оның барлаушылары мен күзет жасақтары қарсыласының еркінсуіне жол бермеді. Сонымен қатар, сансыз көп от алауларын қалдырып, Темірге ілгеріде көптеген әскер орналасқан секілді көрсетуге тырысты. Әрине, мұның барлығы Тоқтамыстың уақытты созу арқылы әскер жинақтау мақсатында жасалды. Сонымен қатар, Тоқтамыс қарсыласының далалық аймақ арқылы өтіп, Темірдің әскери күшін әлсіретуді көздеді. Шайқас далалық аймақтың ең шеткі солтүстік аймағында болды. Шайқастың болған жері Қондырша маңы да ерекше еді, яғни Қондырша өзені алқабы Еділ өзеніне құйылған жеріне дейін Сок өзенімен қосылып, үшбұрышты қалыптастырды. Сондықтан іс жүзінде шегіну мүмкіндігі болмайтын еді [5, c. 412]. Демек, Алтын Орда әскері шегіну қаупін тіптен жоспарламаған.

Шайқас 1391 жылдың, 18 маусымында болды. Шараф ад-Дин Али Йезди мәліметіне сәйкес, Темір Қондырша жерінде әскерді орналастыруға араласып, оны әскери тәртіпке тұрғызуға өзі тікелей кірісті. Ол бұрын-соңды ешкім естіп көрмеген 7 «корпус» (кул) жүйесін іске қосты. Оның құрамына семсерлесуді жете меңгерген жауынгер әрі батыр сарбаздар кірді. Оның тізгінін Сүлейменшах әмірге ұстатты. Бас корпусты таңдап, оны ханзада Мұхаммед Сұлтанға берді, ал оның қапталы мен шептерін арыстандай айбатты ержүректер мен жаудың қатарына қырғидай тиетін тәжірибелі сарбаздармен күшейтілді [14, 291 б.]. Алғашқы кезде басымдық Тоқтамыс жағында болып, оның әскері қос қанаттан жауды қыспаққа алып, жау тылына шығып, Темір әскерінің сапын бұзды. Бірақ қолбасшылардың опасыздығы Тоқтамыс жоспарын өзгертті. Саяси қастандыққа қатысы бар қолбасшылар қос қанаттағы әскери корпустарды басқарған еді, олар жауды қыспаққа алғанына қарамастан, кері шегінді. Ал қалған сенімді қолбасшылары жан-жаққа созылып кетті. Темір әскері автономды әрекет еткен жекеше корпустардан құралды. Темір әскерінің авангарды мен арьергарды жақсы қорғаныс ұйымдастырды, ал оның орталық және қос қанаттағы әскері Тоқтамыс әскерінің орталығына қуатты соққы беріп, оны талқандады. Алтын Орда әскерінің нақты шығыны жөнінде Мухаммед бен Мухаммед Адрианапольский мәліметіне сәйкес, «жүз мыңға жуық адамдарынан» айырылды деген [11, c. 123]. Шайқас кезінде аса тәжірибелі Темір өз жауынгерлерінің рухын көтеру үшін, ал жау әскерінің рухын түсіру үшін психологиялық әдістерді де қолданды. Тіпті Темір қарсыласының жауынгерлік рухын түсіру үшін ту көтерушісін сатып алғаны жөнінде де мәліметтер бар [15, c. 116]. Қырғын щайқас нәтижесінде Темір әскері жеңіске жетті. М.Г. Сафаргалиев жазба деректерге сүйене отырып, Темір осы шайқас кезінде 18 қолбасшы түмендерінен айырылды дейді [5, c. 414]. Демек, Темір әскерінің шығыны да айтарлықтай деңгейде болған.

Алтын Орда әскерінің шайқаста жеңіліс табуының негізгі себептері ретінде Тоқтамыс хан өзінің және одақтастарының әскери күштерін толық жинақтап, пайдалануға мүмкіндік бермеген Темірдің кенеттен шабуыл жасау факторы айтарлықтай рөлге ие болғаны анық. Ал Темірдің жеңіске жетуі, ең алдымен, оның әскери тактикасын оңтайлы пайдалануы, яғни шайқастың алғашқы кезеңінде белсенді қорғанысқа көшіп, ал кейіннен қарсыластың орталығына барлық күштерімен қарсы соққы берген еді. Темір өз әскерінің таңдаулы жауынгерлерден құралған арьергардының күшеюіне басты назарын аударды. Сонымен қатар, шайқас кезінде даңқты жаулаушы ретінде танылып үлгерген Темірдің қолбасшылық дарыны мен тәжірибесі жеңіске жету жолында маңызды рөл атқарғанын мойындау қажет.

Алтын Орда әскерін талқандаған соң, Темір әскері кері бұрылып, жан-жаққа бытырап, Жошы ұлысының жергілікті мекендерді тонап, өртеп, халқын тұтқындап алып кетті. Низам ад-Дин Шами мәліметіне сәйкес, «Олардың олжалаған малының саны көптігін соншалық, – деп жазады ол, - жаяу әскерлерінің өзі әрқайсысы 10-20 бас жылқылы, ал жалғыз аттылары 100 жылқылы болып оралады. Темірдің өзі де тамам мал, мүлікке ие болды, тіптен олардың олжалаған уақ малының санында есеп жоқ еді [14, 269 б.]. Шамасы, Темір жорығының басты мақсаты да Дешті Қыпшақтың адами ресурстарына соққы беру болған секілді. Өйткені Темір жеке өзі 5000 жас қыздар мен жігіттерді таңдап алған еді [8, c. 172]. Темір олжасын түгендеп, жеңіс тойын тойлаған соң Кавказға бет бұрып Дербент, Қайтақ жұртын шабады. Миран-шах және Мұхаммед сұлтан мырзаларды шеркестерге қарсы жорыққа аттандырып тонаушылық жорықтарын жасайды [13, 629 б.]. Осылайша, Алтын Орданың Темір империясымен 1385 жылы басталған соғысы 1391 жылы аяқталды. Соғыс үздіксіз толықтай алты жыл жүрді. Бұл Тоқтамыс пен Темір арасындағы соғыстың бірінші кезеңі болып, Қондырша өзені бойындағы ірі шайқастан кейін бірінші кезеңі аяқталды. Бұдан кейін 1395-1396 жылдары болған шайқастар да Дешті Қыпшақ территориясында болған еді.
4. Терек өзені бойындағы шайқас

Тоқтамыс хан 1391 жылы шайқаста жеңіліске ұшыраған соң, Еділдің орта ағысы маңында, яғни Бұлғар жерінің солтүстік шеткі жағында жасырынған секілді. Біршама тыныштық қайта орнаған соң, өзінің әскерін жинақтап, халқына үндеу арнап көмекке шақырды. Ол жөнінде Ибн-Арабшах мәліметінде сипатталғандай, Тоқтамыс шайқас үрейінен айығып, санасына ақыл-парасат қайта орнықты, сондай-ақ, дұшпан да келген жағына қайта кетіп, тыныштық қайта орнады. Осыдан кейін, Тоқтамыс әскерін қайта жинақтады және халықты көмекке шақырды, халқы да оған көмекке келді. Сондай-ақ, Тоқтамыс жігерлі түрде шекаралық аудандарға барып, ол аймақтарда орныққан опасыздарды жазалауға кірісті. 795 х.ж. басында-ақ (17 қараша 1392 ж. - 5 қараша 1393 ж.) оларды жазалап, қайтадан қырсық тигізбеу үшін өлім жазасына кесті. Тоқтамыс Темірдің жорығы кезінде ханды тастап кеткен басты опасыздардың бірі Бек-Болатты өлім жазасына кесті. Нумизматикалық деректерге байланысты, Тоқтамыс, Бек-Болаттың 794 х.ж. (29 қараша 1391 ж.-16 қараша 1392 ж.) көзін жойған [16, c. 110-113]. Бек-Болаттың Тоқтамыс хан кезінде Қырым ұлысында соқтырған монеталарына қарап отырып, Қырым ұлысы ерекше статусқа ие болып, яғни автономия түрінде болғаны байқалады. Сондықтан Тоқтамыс Бек-Болаттың көзін жойған соң, Қырым ұлысының билігіне өз адамы – Таш-Темірді қойған. Оның Бек-Болаттан ерекшелігі ол монеталарды тек Қырымда ғана соқтырған. Оның соқтырған бізге жеткен монеталары 796-797 х.ж. (6 қараша 1393 ж.-15 қазан 1395 ж.) даталанған. Таш-Темір соқтырған монеталарының кері бетінде Тоқтамыс ханның атын белгілеп, «оның патшалығы ұзағынан сүйіндірсін» деген жазуы, Тоқтамыстың жоғарғы билігін мойындағанын айғақтайды. Тарихнамада Таш-Темір жөнінде мәселе туындамаған. Демек оның Тоқтамыс ханның белсенді жақтастарының бірі болып, Тұқа-Темір әулетіне жатуы тиіс [5, c. 521]. Жазба дерек мәліметтеріне байланысты, Таш-Темір Тоқтамыс ханның басты қолбасшыларының бірі болған және Темірге қарсы соғысқа белсенді қатынасқан [8, c. 168].

1392 жылдың жазына қарай Тоқтамыс хан Алтын Ордадағы өз билігін толықтай қалпына келтірді. Тоқтамыс хан Алтын Орданың халықаралық байланыстарын да қайта қалпына келтіруге тырысқан. Бұрынғы Алтын Орда мен Литва (бұл уақытта Польша-Литва униясы болған еді) арасындағы келісім 1392 жылы қайта бекітілді [12, c. 37]. Сонымен қатар, Османлы сұлтандарымен де біршама келісімдерге қол жеткізілді. 1394 жылдың басында Тоқтамыс елшілері Мысырға барып, біріге отырып, бүлікші-жауыз Темірге қарсы күресуді ұсынды [7, c. 363]. Мысыр сұлтаны ол ұсынысқа қанағаттанарлық жауабы ретінде Алтын Ордаға өз елшілерін аттандырды. Бұл елшілер 1395 жылы Темірдің кенеттен жасаған жорығы кезінде Алтын Орда территориясында болған еді [17, c. 96]. Тоқтамыс хан Темірдің екінші рет қарымта жорық жасау қауіпінің бар екенін жақсы түсінген, сондықтан оған қарсы тойтарыс беруге және Темірге қарсы әскери блок құруға бар күш-жігерін дайындыққа жұмсаған [18, 273 б.].

1394 жылы Алтын Орданың Кавказ жеріндегі шекарасындағы жағдай ушығып кетті. Темір әскері Дарял қақпасын басып алу мақсатында Грузияға басып кірді [11, c. 129]. Дарял қақпасын басып алу арқылы Темір Алтын Ордаға басып кіруді көздеді. Сондықтан Тоқтамыс хан Темірдің бұл әрекетінің жүзеге асуына жол бермеуге тырысты. Әрине, бұған жету үшін мәселені тек әскери жолмен ғана шешу қажет болды. Басқаша әрекеттер Темірге әсер етпеді. Алтын Орда әскері Дербент арқылы өтіп, жау тылына шығып, Темір әскерінің барлық қарым-қатынастарын үзіп, қоршауда қалу қаупін туғызды. Темір шегінуге мәжбүр болды, ал Алтын Орда әскері өз тапсырмасын орындап, кері қайтты [8, c. 173].

Темір Грузияға Сирия жорығынан кейін басып кірген еді. Осыған байланысты, оның қол астында айтарлықтай әскери күш болған еді. Дегенмен, Тоқтамыс хан қарсы соққы бере отырып, белсенді қорғанысқа көшкен әрекеті арқылы оның дайындығын біліп, Темір Солтүстік Әзірбайжанда қыстап шығуға аялдады. Сонымен қатар, қосымша әскери контингент жинақтау жөнінде бұйрық берді [19, c. 46-47]. Темір уақытты созу және Тоқтамыстың қырағылығын бәсеңдету үшін, Шереф ад-Дин Йезди айтқандай, Тоқтамысқа бейбіт келісім орнату ұсынысымен елші аттандырды [8, c. 174]. Низам ад-дин Шами мәліметі бойынша, Тоқтамыс хан Темірдің бейбіт келісім орнату жөніндегі ұсынысына тоқтам жасап, оның елшісін сыйлап, кері аттандырды [8, c. 119]. Бірақ орта азиялық әмірдің «негізгі ақтаушысы» болған Шереф ад-Дин Йезди Тоқтамыс ханның Темірге арнап жазған жауап хатында дөрекі сөздермен жауап қайтарды деп мәлімдейді [8, c. 174]. Бірақ бұл мүмкін емес жағдай, өйткені Тоқтамыс хан жауап ретінде өз елшілігін аттандырған және оны Низам ад-дин Шами мәліметі де растайды. Егер Тоқтамыс хан Шереф ад-Дин Йезди мәлімдегендей, дөрекі жауап қайтарған болса, онда ол аталған елшіні өзімен бірге алып, әскерімен Темірге қарсы бағыт алатын еді және жаңа соғысқа дайын болып оны қалайтын болса, онда тікелей жорыққа аттануы тиіс еді. Алтын Орда елшісі жаудың жорыққа шыққанын байқағандықтан, сол мезетте кері бұрылып, ханға болған жағдайды хабардар етті. Байқағанымыздай, Темір екінші жорығы кезінде де кенеттен шабуылға шығуды жүзеге асырған. Бірақ соған қарамастан, Тоқтамыс асып-саспай авангардтық әскерін Қойсу өзенінің өткелін қорғауға аттандырып, өзі бүкіл әскерін жинақтауға кірісіп кетті [8, c. 119-175].

Тарихи деректерден байқағанымыздай, Алтын Орда әскері әрбір өткелді қорғап, фортификациялық бекіністерді орнатқан. Темір Алтын Орданың шекаралық әскерін талқандап, Терек өзеніне дейін жеткен уақытта Тоқтамыс өзінің негізгі әскерін жинап үлгерген еді. Бірақ сонда да бүкіл әскер кейінгі оқиғалар көрсеткендей, Кура өзені бойында жиналуға бұйрық алған еді. Тоқтамыс хан әскерімен Сарайдан шығып, Терек өзенінің сол жағасына бекініп, жаудың өзеннен өтуіне мүмкіндік бермеді. Алайда Клавихоның мәліметі бойынша Темір ерекше айлалы әдіс арқылы фортификациялық бөгеттерді талқандап, Терек өзенінен өткен [20, c. 341]. Шамасы, Тоқтамыс Темір әскерінің өзеннен өту кезінде тап беруді ойластырған, бірақ Темір әскері өзеннен өтудің жолын тапқан соң, Тоқтамыс әскер жиналатын орынға қарай кетіп, әскерін тәртіпке келтірді және ескі жауына қарсы шықты. 1395 жылдың 14 сәуірінде екі жақтың әскері бір-біріне қарама-қарсы келді. Әскер құрылымының тактикасы бұрынғы қалпында қалды. Дегенмен, Темір әскерінің арьергардының санын ұлғайтқаны байқалды [11, c. 131]. Темір мен Тоқтамыстың әскери ставкалары әрқайсысының орталығында орналасты. Бір-біріне қарсы келген екі жақтың әскер саны жөнінде нақты мәліметі жоқ. Х.А. Хизриев жалпылама түрде Темір әскерінің саны 300 мың шамасында болды деп шамалайды [19, c. 49]. Темірдің әскерінің жалпы және арьергард корпустары санын ұлғайтқанын, шайқастан кейін толықтай бір жыл уақытқа таяу Алтын Орда территориясында соғыс жүргізгенін ескере отырып Темір әскерінің саны 1391 жылғы шайқастан анағұрлым көп болғаны байқалады, сондықтан әскердің саны 350-400 мың шамасында болды деп шамалауға болады. Клавихо айтып өткендей, Тотамих (Тоқта­мыс) саны жағынан орасан зор әскер иемденген және бұл Тамурбектің (Темірдің) жеңіске жеткен ұлы және тамаша жеңістерінің бірі еді, тіпті бұл Түрікпен (Йылдырым Баязит) шайқаста жеткен жеңісінен де аса (маңызды) жеңістерінің бірі деп айтқан еді [20, c. 341].

Шайқас қарсаңындағы түнде қарсыластардың әскери лагерлерінде біршама оқиғалар орын алды. Темір түнгі шабуылдардан қауіптеніп, сақтық шараларын жасады. Оның бұйрығы бойынша лагердің айналасына ор қазып, оны қадаларға қалқандар салып қорғанысты нығайтты. Бұл әрекеттер де бекерден-бекер жасалған жоқ. Түнгі уақытта Тоқтамыс Темірдің тұрағында дүрбелең салу үшін қарсы жалған шабуылдар ұйымдастырды [21, c. 165]. Сонымен тарихи деректер бойынша, екі жақтың әскері арасындағы шайқас басталып, ол үш күнге созылған. Алғашқы екі күнде бастымдық Тоқтамыс хан жағында болып, қарсыласын қоршауға алып, тықсырды. 1395 жылы 15 сәуірде таңертең екі жақтың әскері қимылға көшіп шешуші шайқасқа шығу үшін жауынгерлік туларын көтере бастады. Темір мен Тоқтамыс әскерлері бұл жолы да жеті «корпусқа» бөлініп, 1391 жылғы шайқастағы әскери тәртіп бойынша орналасты. Темір әскерін сапқа тұрғызып үлгермей жатып-ақ, әскерінің сол қанатынан хабаршы келіп Тоқтамыстың Күнжек-оғлан, Актау, Давуд-Суфи және Удурка басқарған оң қанат әскері Темірдің сол қанат әскерінің авангардына шабуыл жасағанын хабарлады. Шайқас басталды. Кешікпей Тоқтамыс әскері айлалы әдіс арқылы кейін шегініп, қаша жөнелді. Темір олардың соңынан резервтегі әрбір «корпустан» 50 жауынгерден қуғынға жібергенімен, бұл оның тактикалық қателігі болды. Қашқынға түскен Алтын Орда әскері өз әскерлерінің орталығына жақындаған кезде күтпеген жерден қуғындаушыларға күшті соққы беріп, олардың соңынан Темірдің әскери ставкасына басып кіріп, тіпті оның өзін қолға түсіруге сәл-ақ қалды. Бірақ дер кезінде Темірдің қолбасшылары да келіп жетіп, оны осы қауіпті жағдайдан аман алып қалды. Темірдің жанында алғаш болып әмір Шейх-Нұр-ад-Дин Бахадур өмірін қатерге тіге отырып, билеушісінің жанына барды. Оның артынан Алладад келіп жетеді және Кошунда оған жетуге асықты; Осы сәтте үлкен «корпус» және Темірдің орталық әскерлері дабыл ұрып, келіп жетеді. Басқа қолбасшылар – Мұхаммед Азат, оның бауыры Әлишах және Тукел-бауыршы жаудың бір-бір арбасын қолға түсіріп, оларды Темірдің алдына қалқан орнына байлап қойды. Бефадар қосынымен Алладад да көмекке келіп, Шейх Нур ад-Динге келіп қосылды. Бұл қалқанмен тосқауыл ретінде қойылған арбаларға Темір жасырынып тұрғанда басқа да әскери жасақтар келіп жетіп, қиян-кескі шайқас басталды [14, c. 300-301].

Ибн Арабшахтың мәліметі бойынша, үшінші күнгі шайқас алдында Тоқтамысты оң қанат әскердің қолбасшысы тастап кетті [8, c. 465-466]. Шамасы, үшінші күні шайқас алдында бүлікшілер Тоқтамыс әскерін тастап кеткен соң, жеңіліске ұшыраудан қашып құтыла алмайтындығын түсінгендіктен шегіну жоспарын қабылдаған. Алтын Орда қолбасшылардың кері шегінуі, ол жоспардың жүзеге асқандығын көрсетеді. Өйткені не үшін қолбасшы Удурку талқандалуға тәуекел етіп, Темір әскерін басып озып, оның тылына Кавказ тауларына қарай шегінген. Шамасы, бұл қарсыласты кідірту амалы еді, осылайша Тоқтамысқа елге қарай кетіп үлгеруге мүмкіндік бере отырып, ол жерден әскер жинап, Кавказда екінші әскерді құруды көздеген. Темір алғашқы кезде Тоқтамыстың соңына түспекші болды, бірақ оның тылында қайтадан Алтын Орда әскерінің жасақталып жатқанын білген соң, Орталық Кавказға ат басын бұрып, Удурку әскерін талқандаған соң, қолбасшының өзін темір торға қамап Самарқантқа жіберді, ол сол жерде қаза болды. Өзінің тылының беріктігін қамтамасыз еткен соң, Темір жүйелі түрде Алтын Орданың қалалары мен қалалық орталықтарын талқандауға кірісіп кетті.


Қорытынды

1395 жылы Темірдің жасаған жойқын жорықтары мен қуатты соққыларынан кейін, Алтын Орда мемлекеті бұдан бір жарым ғасырға жуық бұрынғыдай күш-қуатынан айырылған еді, дегенмен бұдан кейін де Алтын Орда бағындырылған халықтарына үстемдік жүргізді, бірақ державаның күйреу үдерісі басталған соң, біртіндеп оның басқа мемлекеттермен саяси-дипломатиялық байланыстарын үзген еді [17, c. 97]. 1395 жылы Алтын Орда әскері жеңіліс тапқан шайқастан кейін, Шереф ад-дин Али Йезди мәліметіне сәйкес, Тоқтамыс хан Бұлғардың орманды алқаптарына қарай қашып кетті дейді. М.Г. Сафаргалиевтің пікірі де Тоқтамыс Бұлғар уәлаятында жасырынған дегенге саяды [5, c. 422-423]. Темір, жоғарыда айтқандай, Тоқтамыстың соңына түсуді ойластырған, бірақ оның тылында Кавказдың таулы аудандарында алтынордалық қолбасшы Удурку жасырынған еді, сондықтан Темір бұл әскери қолды талқандауды жөн санаған. Темір әскері 1396 жылдың көктеміне дейін Алтын Орда қалаларын талқандаумен айналысты. Зерттеуші М.Г. Сафаргалиевтің пікірінше, Темірдің екінші жорығының мақсаты Алтын Орданы өзіне бағындыруды көздеген. Мұндай пікірді Темірлік тарихшылардың мәліметтері де растайды, яғни Темір Тоқтамысты жеңген соң, бұл аймақтар мен жерлерді иемдену, бұл аймақтың барлық халқы мен тайпаларын бағындыру және бағынбағандардың көзін жою болды. Сондықтан Алтын Орданың бірқатар қалаларында өзінің билеуші өкілдерін қойды, бірақ жергілікті халық оны мойындаудан бас тартты және сол үшін олар жазалауға ұшырады. Темір Алтын Орданы тікелей басқарудың мүмкін еместігін түсініп, қуыршақ хан тағайындауды шешті. Оған Темірге біршама уақыт бойы қызмет етіп келген, Орысханның ұлы Құйыршық-оғланды тағайындады. Оған өзбек жасақтары мен ханға қажетті керек-жарақтарын беріп, Темір Жошы ұлысындағы хандық билікті табыстады. 1395 жылғы ірі жеңіліске ұшыраған Тоқтамыс өзіне сенімді шағын ғана жасақтарымен бірге жасырынған. Шереф-ад-дин Али Иезди мәліметіне сәйкес, Тоқтамыс хан өз хандығын, мекенін, барлығын тастап, өзінің өмірін сақтап қалу үшін Булар (Польша - автор) жағына қарай кетті дейді [8, c. 178]. Осыған байланысты жеңіліске ұшырағанына қарамастан, Тоқтамыс қайта күш жинап, өзінің билігін қайта орнықтыруға тырысқан секілді. Алтын Орда ханы болу мүмкіндігінен айырылған, Тоқтамыс өмірінің соңғы күндерін Дешті Қыпшақтың шалғай түкпірінде өткізді. Бүркеншік Ескендір мәліметіне сәйкес, Тоқтамыс 800 х.ж. (= 24 қыркүйек 1397-12 қыркүйек 1398) Түмен шебінде табиғи ажалынан қаза болды дейді [6, c. 377]. Бірақ Шереф-ад-дин Али Иезди мәліметіне сәйкес, Тоқтамыс Темірдің өлімінің соңғы күндерінде яғни, реджеб айы 807 х.ж. (= қаңтар-1405) оған өзінің елшісін жібергені жөнінде айтылған. Тоқтамыстың елшісі арқылы Темірден кешірім сұрағаны жөніндегі хат жіберген. Соңында Темір оның күнәсін кешіріп, жорықтан оралған соң, Жошы ұлысын қайта бағындырып, Тоқтамыс билігіне беремін деп уәде берген [8, c. 189]. Осы мәліметке сәйкес, жоғарыда айтылған Бүркенші Ескендір мәліметінің хронологиялық жағынан қате екендігі айқындалады. Ал араб авторы Ибн-Арабшах мәліметіне сәйкес, Едіге оны ұстауға бар күшін жұмсап, онымен он бес рет шайқасқан, ал он алтыншы рет болған шайқаста Тоқтамыс ажал құшқан [7, c. 450-451]. Бұл шамамен 1405-1406 жылдары болған оқиға секілді. Осылайша, билік үшін күрескен Тоқтамыс пен Темір тағдыры бір кезеңде аяқталды. Тоқтамыс хан өз мақсатына жету жолында ешнәрседен қаймықпайтын, аса жауынгерлік рухта тайсалмайтын билеуші болды. Алайда бітіспейтін қажырлы күресте өзінің бірқатар кемшіліктері нәтижесінде өзіне Темір секілді қуатты билеушінің дұшпандық ашу-ызасына тап болды. Осылайша, Алтын Орданы қайта қалпына келтірген билеуші өзінің қателіктері үшін оның күйреуіне алып келді. Осыдан кейін, уақыт өткен сайын әлсіреген Алдын Орда мемлекетінің хандары халықаралық деңгейде үлкен саясатқа араласқан жоқ.

Сонымен қорытындылай келе, Тоқтамыс Алтын Орданың мүддесі үшін Темірдің территориялық экспансиялық саясатын жүзеге асырмау мақсатында ғасырлар бойы талас-тартысқа толы Әзірбайжан жері үшін (1385 және 1387), Хорезм мен Бұхарадан төменгі Сырдария аймақтары үшін (1388) ашық күреске шықты. Сондай-ақ, осы кезден бастап оның сыртқы саясаты да осы аймақтарға бағытталды. Тоқтамыс пен Темір арасындағы алғашқы әскери қақтығыстар 1386 жылдан 1391 жылдың жазына дейін жалғасып, Тоқтамыстың Қондырша өзені бойындағы ірі жеңілісінен кейін ғана бірінші кезеңі аяқталды. Тоқтамыстың Темір агрессиясына қарсы күресінің екінші кезеңі – 1395 жылы Терек түбінде жүргізілген ақтық шайқастарымен аяқталды. Темірдің жорықтары кезінде Алтын Орданы бағындырып, өзінің империясына қосып алуды мақсат еткен жоқ. Бұл саяси және экономикалық жағынан бәсекелес мемлекетті жүйелі түрде қиратып, байлығын тонап, оның саяси-экономикалық күш-қуаттығын әлсіретіп, екінші деңгейлі мемлекетке айналдыруды көздегені байқалады. Осыған байланысты, Темірдің Дешті Қыпшақ территориясына жасаған жойқын жорықтары бір кездері Еуразияның ең қуатты мемлекеттерінің бірі болған Алтын Орданың ыдырап, тарих сахнасынан кетуіне үлкен ықпал етті.


Әдебиеттер:

1. Hammer-Purgstall J. von. Geschichte der Goldenen Horde in Kiptschak, das ist: der Mongolen in Russland. – Pesth: C.A. Hartleben's Verlag, 1840. – 683 s.

2. Иванин М.И. О военном искусстве и завоеваниях монголо-татар и среднеазиатских народов при Чингисхане и Тамерлане. – СПб.: Типография Товарищества "Общественная польза", 1875 г. - 315 с.

3. Вернадский Г.В. Монголы и Русь / пер. с англ. Е.П. Беренштейна, Б.Л. Губмана, О.В. Строгановой. – Тверь: ЛЕАН, М.: АГРАФ, 1997. – 480 с.

4. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая Степь. М.: Эксмо, 2007. – 864 с.

5. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. Саранск: Мордовское книж. изд-во, 1960. – Вып. 9. – 276 с.

6. Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. – М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1950. – 473 с.

7. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. В.Г.Тизенгаузена. Извлечения из сочинений арабских. – СПб., 1884. - Т.І. – 563 с.

8. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В.Г. Тизенгаузеном и обработ. А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. – М.-Л., 1941. – Т.II. – 308 c.

9. Christopher P. Atwood. Encyclopedia of Mongolia and Mongol Empire. – New York: Facts On File, Inc., 2004. – 678 р.

10. Федоров-Давыдов Г.А. Клады джучидских монет // Нумизматика и эпиграфика. - М., 1960. - Т. І. - С. 94-192.

11. Миргалеев И.М. Политическая история Золотой Орды периода правления Токтамыш-хана. – Казань: Алма-Лит, 2003. – 164 с.

12. Березин И.Н. Ярлык хана Золотой Орды Тохтамыш хана к польскому королю Ягайлу // Ханские ярлыки. Казань: Типогр. И. Коковина, 1850. – 72 с.

13. Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті. – А.: Тарих тағылымы, 2010. – 728 б.

14. Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы: он томдық. – А.: «Фолиант», 2005. – 3 т.– 512 б.

15. Омарбеков Т., Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. – А.: Қазақ университеті, 2004. – 388 б.

16. Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. – М.: Наука, 1973. – 180 с.

17. Закиров С. Дипломатические отношения Золотой Орды с Египтом. – М.: Наука, 1966. – 160 с.

18. Абдимомынов Н.Т. Алтын Орданың сыртқы саясатының өзекті мәселелері. Монография. – Тараз: ТИГУ баспасы, 2014 – 310 б.

19. Хизриев Х.А. Нашествие Тимура на Северный Кавказ и сражение на Тереке // Вопросы истории. - 1982. – № 4. - С. 45-54.

2. Клавихо Г. История Великого Тамерлана // Тамерлан: Эпоха. Личность. Деяния / сост., обраб. и подгот. текста Р. Рахманалиева. - М.: Гураш, 1992. - С. 299-344.

21. Ибятов Ф.М. Тохтамыш и Тимур (Значение булгаро-татарского фактора в крупнейшей военной эпопее XIV в.): дис... канд. ист. наук. – Владикавказ, 2002. – 226 с.


References:

1. Hammer-Purgstall J. von. Geschichte der Goldenen Horde in Kiptschak, das ist: der Mongolen in Russland. – Pesth: C.A. Hartleben's Verlag, 1840. – 683 s.

2. Ivanin M.I. O voennom iskusstve i zavoevaniyakh mongolo-tatar i sredneaziatskikh narodov pri Chingis-khane i Tamerlane. – SPb.: Tipografiya Tovarishchestva "Obshchestvennaya pol'za", 1875 g. - 315 s.

3. Vernadskii G.V. Mongoly i Rus' / per. s Engl. E.P. Berenshteina, B.L. Gubmana, O.V. Stroganovoi. – Tver': LEAN, M.: AGRAF, 1997. – 480 s.

4. Gumilev L.N. Drevnyaya Rus' i Velikaya Step'. M.: Eksmo, 2007. – 864 s.

5. Safargaliev M.G. Raspad Zolotoi Ordy. Saransk: Mordovskoe knizh. izd-vo, 1960. – Vyp. 9. – 276 s.

6. Grekov B.D., Yakubovskii A.Yu. Zolotaya Orda i ee padenie. – M.-L.: Izd-vo AN SSSR, 1950. – 473 s.

7. Sbornik materialov otnosyashchikhsya k istorii Zolotoi Ordy. V.G.Tizengauzena. Izvlecheniya iz sochinenii arabskikh. – SPb. 1884. T.І. – 563 s.

8. Sbornik materialov otnosyashchikhsya k istorii Zolotoi Ordy. Izvlecheniya iz persidskikh sochinenii. Sobrannye V.G. Tizengauzenom i obrabot. A.A. Romaskevichem i S.L. Volinym. – M.-L., 1941. – T.II. – 308 c.

9. Christopher P. Atwood. Encyclopedia of Mongolia and Mongol Empire. – New York: Facts On File, Inc., 2004. – 678 r.

10. Fedorov-Davydov G.A. Klady dzhuchidskikh monet // Numizmatika i epigrafika. - M., 1960. - T. І. - S. 94-192.

11. Mirgaleev I.M. Politicheskaya istoriya Zolotoi Ordy perioda pravleniya Toktamysh-khana. – K.: Alma-Lit, 2003. – 164 s.

12. Berezin I.N. Yarlyk khana Zolotoi Ordy Tokhtamysh khana k pol'skomu korolyu Yagailu // Khanskie yarlyki – K.: Tipografiya I. Kokovina, 1850. – 72 s.

13. Qinayatuly Z. Shi'ngghi's Han ja'ne Qazaq memleketі. – A.: Tari'h taghi'li'mi', 2010. – 728 b.

14. Tarih – adamzat akyl-oiynyn kazynasy: on tomdyk. – A.: «Foliant», 2005. – 3 t.– 512 b.

15. Omarbekov T., Omarbekov Sh. Qazaqstan tari''hi'na ja'ne tari''hnamasi'na ultti'q ko'zqaras. – A.: Kazakh universitetі, 2004. – 388 b.

16. Fedorov-Davydov G.A. Obshchestvennyi stroi Zolotoi Ordy. – M.: Nauka, 1973. – 180 s.

17. Zakirov S. Diplomaticheskie otnosheniya Zolotoi Ordy s Egiptom. – M.: Nauka, 1966. – 160 s.

18. Abdimomynov N.T. Altyn Ordanyn syrtky sayasatynyn ozektі maselelerі. Monografy. – Taraz: TIGU baspasy, 2014 – 310 b.

19. Khizriev Kh.A. Nashestvie Timura na Severnyi Kavkaz i srazhenie na Tereke // Voprosy istorii. - 1982. – № 4. - S. 45-54.

2. Klavikho G. Istoriya Velikogo Tamerlana // Tamerlan: Epokha. Lichnost'. Deyaniya / sost., obrab. i podgot. teksta R. Rakhmanalieva. - M.: Gurash, 1992. - S. 299-344.

21. Ibyatov F.M. Tokhtamysh i Timur (Znachenie bulgaro-tatarskogo faktora v krupneishei voennoi epopee XIV v.): diss... kand. ist. nauk. – Vladikavkaz, 2002. – 226 s.


АБДИМОМЫНОВ Н.Т.

PhD по специальности «История», доцент кафедры «История Казахстана» Таразского инновационно-гуманитарного университета


ИСТОРИЯ БИТВ ТОКТАМЫША С ТИМУРОМ НА РЕКАХ КОНДУРЧЕ (1391 г.) И ТЕРЕКЕ (1395 г.)

Аннотация

В данной статье исследуется одно из самых крупных событий в истории средневековой Евразии: битва на реке Кондурча и Тереке между правителем улуса Джучи Токтамышем и правителем Мавераннахра Тимуром в 1391 и 1395 годах. С этой целью подробно рассматриваются первоначальные причины размолвки между Тимуром и Токтамышем, события, сопутствующие самому началу войны, ход битвы 1391 и 1395 годов, тактика двух войск, результаты сражения. Новизна статьи в том, что в ней предпринята попытка объективно взглянуть на вопросы, вызвавшие дискуссии уисториков, о взаимоотношениях между Токтамышем и Тимуром. Наряду с этим с научной точки зрения проанализированы арабско-персидские источники, данные официальных историков Амира Тимура, мнения отечественных и зарубежных исследователей.



Ключевые слова: Золотая Орда, Империя Тимура, Токтамыш, Амир Тимур, Битва при Кондурче (1391 ж.), Битва при Тереке (1395 ж.).

ABDIMOMYNOV N.T.

PhD in History, association professor of the department «History of Kazakhstan», Taraz University of Innovation and Humanities


HISTORY OF TOKTAMYSH’S BATTLE WITH TIMUR ON KONDURCHA (1391) AND TEREK RIVERS (1395)
Annotation

This article regards one of the most crucial events in the history of medieval Eurasia: the battle on the river Kondurcha and Terek between the Toktamysh (ruler of ulus Dzhuchi) and Timur (Transoxiana governor) in 1391 and 1395. With this in mind, the article deals with the primary causes of tiff between Timur and Toktamysh, the events that accompanied the beginning of war, the course of battle of 1391 and 1395 years, tactics that two troops staged, battle outcome. Novelty of article lies in the fact that an attempt has been made to objectively regard the fervently discussed by the historians questions of Toktamysh and Timur relationship. Alongside with this, the Arab-Persian sources, data of official historians of Amir Timur, opinions of national and foreign researchers have been scrutinized from the scientific point of view.



Keywords: Golden Horde, Timur's Empire, Toktamysh, Amir Timur, Battle at Kondurche (1391), Battle at Terek (1395).


1 Шайқас болған жер парсы деректерінде Құндызша атауымен аталған. Парсы деректеріне сүйенген көптеген зерттеушілер шайқастың болған жері қазіргі Кондурча өзенінің бойында (Ресей, Самара облысы) болған деген қорытынды жасаған. Кондурча өзені 300 шақырымға созылғандықтан шайқастың нақ қай жерінде болған белгісіз. Бірқатар зерттеушілер Кондурча өзенінің сол жағалауында Сок және Кондурча өзенінің аралығында болған дейді.

2 Алтын Орда ханы Бердібектің өлімінен кейін ішкі саяси алауыздықтар байланысты 20 жылға (1359-1380 жж.) созылған билік дағдарысы. Орыс жылнамаларында бұл кезеңді «Ұлы дүрбелең» (Великая замятня) деп атаған. Саяси дағдарыс кезеңдегі 20 жыл ішінде бірін-бірі алмастырған 25 хан билікте болды. Оның ешқайсысы ұзақ уақыт тақта отырмады. «Ұлы дүрбелең» Алтын Ордадағы саяси билікке Тоқтамыстың келуімен аяқталды.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет