Абенова К.А.
«Нарықтық инфрақұрылым» кафедрасының доценті
Мемлекеттің әлеуметтік сала қызметіндегі әлеуметтік қызметкердің кәсіби бейнесі
Егемен еліміз өркениет биігіне өрлеп, экономикалық әлеуетін нығайтқан сайын халықтың әл-ауқатын жақсарта түсуді, қоғамыздағы аз қамтамасыз етілген топтарға жан-жақты қамқорлық жасауды ең өзекті мәселе ретінде қарап келеді. Алдағы уақытта әлеуметтік қызметкерлер халықтың әлжуаз топтарына мемлекеттің беретін көмегін үйлестіруші ғана емес, жоғарыда көрсетілген проблемаларды болдырмау немесе солардың алдын алуда жұмыс жүргізуі тиіс. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты мақаласында «... мемлекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес деген ұстаным қалыптастыру маңызды. Мемлекеттің стратегиясы әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогреске бағытымен құрылады. Бұл масылдыққа жол жоқ дегенді білдіреді.Тек осындай жағдайда ғана Қазақстан қоғамы патернализм инерциясын еңсере алады» деп, алдағы уақытта әркім өзі үшін еңбек етуі, денсаулығын сақтауы және айналасындағы қоғаммен дұрыс, үлгілі байланыс жасай білетін тұлғалар қалыптастыратын мезгілдің келгенін ата көрсетеді.
Халықпен, оның әртүрлі санаттарымен жұмыс жүргізетін әлеуметтік жұмыс мамандарының алдында да «Қазақстандықтардың сапалы әлеуметтік үлгі-қалыптары мен кәсіби біліктілігі жүйесін, әсіресе экономикалық белсенді тұрғындардың арасында жасап енгізу міндеті тұр».
Әлеуметтік жұмыстың тәжірибелік қызметі және әлеуметтік қызметкердің кәсіби бейнесі ретіндегі ерекшеліктерін қарастырмас бұрын осы мамандықтың негізгі ұғымын анықтап алған жөн.
Ғылыми әдебиеттерде «қызмет» ұғымы бірнеше мағынада қолданылады: «өзендер қызметі», «жоғарғы жүйкелік қызмет». Гегель болса «қызмет» ұғымын қозғалысқа қатысты қолданды. Философияда «қызмет» үғымы қоғамдық өмірді толық, оның түрлерін және тарихи үрдістерін зерттеудің құралы ретінде түсіндіріледі. Бірақ бұл жағдайда да оның мағынасына нақты анықтама берілмейді: қызмет – бұл өзін-өзі қолдауды қамтамасыз ететін, тірі жүйелердің ақпараттық бағытталған белсенділігі (Э. Маркарян); қызмет әлеуметтік белсенділіктің және т.б. көрінісі болып табылады (Г. Арефьева).
Әлеуметтік жұмыстың қызмет ретіндегі мазмұны мен құрылымын қарастырғанда біріншіден, қызметтің қоғаммен қабылданған философиялық және психологиялық түсіндірмесін, екіншіден, оны бейнелейтін спецификалық ерекшеліктер мен факторларды айқындау қажет. Л.П. Буеваның еңбектерінде қызмет ұғымы қоғам мен адамның тіршілігі мен дамуының, қоршаған ортадағы және әлеуметтік саладағы шындықты жан-жақты бұрмалау үрдісінің, сонымен қатар, оның қажеттіліктерін, мақсаттары мен тапсырмаларын айқындаудың әдісі ретінде түсідіріледі. Ол қызметтің негізгі белгілерінің ішінде келесілерді бөліп қарастырады: мақсатты бағыттылық, өзгермелі және жасампаз құлық, заттылық, қоғамдық шарттардың детерминділігі, қызмет алмасу, қозғалыстағы тұлғалардың байланысы.
М.С. Каганның зерттеулерінде қызметтік морфологиялық сраптамасы берілген (өзгермелі, құндылықты-бағыттылық, коммуникативтік қызмет).
Автор қызметтің негізгі үш элементін айқындайды: өзінің белсенділігін объектілерге немесе басқа субъектілерге бағыттайтын, субъект; осы белсенділік бағытталған объект; субъект пен басқа тұлғалардың коммуникативтік қатынасынан көрініс табатын белсенділіктің өзі.
Б.Г. Ананьев бойынша қызметтің мағынасы әртүрлі: біріншіден, дәстүрлі қалыптасқан бағдарламалар жүйесі, қоғамның материалдық және рухани құндылықтарын жасаушы құралдар мен операциялар жүйесінен тұратын біртұтас қызмет; екіншіден, бөлек қозғалыстар акті, яғни оның құрамына мақсатқа жетуге бағытталған мотивтер кіреді; үшіншіден, макроәрекеттер, одан бағдарламаларды құру және жүзеге асыруға бағытталған әрекеттер туындайды; төртіншіден, макроәрекеттерден туындайтын макроәрекеттер.
Осы тұрғыда алғашқы екі тұжырыдамада адам субъект, әлеуметтік тұлға, жекелік ретінде қарастырылады да, ал соңғы тұжырымдамалар адамды табиғи индивид ретінде қабылдайды.
Қызмет ұғымының мағынасы ашуда әртүрлі пікірлер туындай отырып, қызметтің формалары мен типтерінің әртүрлі классификациясының туындауына жол ашады. Классификациялар құрамына көбіне қызметтің объектілері кіреді. Осы негізден құқықтық, медициналық, өндірістік және т.б. қызметтердің элементтері туындайды.
Егер осы тұжырымдамаларды әлеуметтік кеңістік жүйесінде қолданатын болсақ, мақсаты индивидтер мен әртүрлі әлеуметтік топтардың әртүрлі проблемаларын шешу болып табылатын қызметтің түрлі формалары негізінде мақсаты қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы адамдардың өмірлік қажеттіліктерін және тұтыну мүмкіндігін айқындау және тұлғаның өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз етудегі субъектілік рольін жүзеге асыруы болып табылатын әлеуметтік қызмет туындайды. Осы қызмет әлеуметтік жұмыс болып табылады.
Әлеуметтік қызметкер қызметтің көптеген нақты түрлерін жүзеге асырады. Оған келесілерді жатқызамыз: психологиялық, педагогикалық, ұйымдастырушылық, басқарушылық және т.б. Бірақ осы қызметтерді жүзеге асыру әлеуметтік қызметкердің функцияларын жүзеге асыру сапасына байланысты болады.
Әлеуметтік қызметкердің кәсіби қызмет ретіндегі негізгі мақсаттары келесілер:
-
Клиенттердің өз еркінділік деңгейін арттыру, олардың өз өмірін қадағалау және пайда болған проблемаларды дұрыс шешу мүмкіндігін жоғарылату;
-
Клиенттің заңмен белгіленген тәртіпте барлық мүмкіндіктеріне қол жеткізуіне және өзін-өзі дұрыс көрсете алуы үшін жағдай жасау;
-
Қоғамдағы адамдарды бейімдей және қайта бейімдеу;
-
Өзінің физикалық, рухани кемшіліктері мен өмірлік дағдарысқа тап болғанына қарамастан өзін толыққанды тұлға ретінде сезінуіне және қоғам тарапынан сыйластықты қамтамасыз ететіндей жағдай жасау;
-
Сонымен соңғы мақсат – клиент әлеуметтік қызметкердің көмегін қажет етпейтіндей жағдайға жеткізу.
Әлуметтік жұмыс тәжірибелік қызмет ретінде адамның өмірлік тонусын бейнелейтін индивидтер мен әлеуметтік субъектілерді қолдау, дамыту және қалпына келтіру қызметтерден көрініс табады.
Әлеуметтік жұмыстың мақсаттарын жүзеге асырушы клиентпен жұмыстың күн тәртібіндегі қызметтерден бастап мемлекеттік ведомствалардағы қызметтерді жүзеге асыру үшін арнайы дайындықтан өткен әлеуметтік қызметкер болып табылады.
Әлеуметтік жұмыс – басқару, экономика, психология, әлеуметтану, педагогика, медицина, құқықтану салаларындағы мықты теориялық білімді қажет ететін күрделі үрдіс. Бұл үрдістің нәтижелі болуы тікелей әлеуметтік қызметкерге, оның білімі, жеке қасиеттері мен ерекшеліктеріне байланысты.
Әлеуметтік қызметкердің кәсіби бейнесі оның психологиялық тұрғыдан қызметті жүзеге асыруға қажетті білім мен тәжірибелерді игеруге қажетті тұлғалық ерекшеліктері және кәсіби еңбекте қолжетімді нәтижеге жету қасиеттерінен көрініс табады.
Әлеуметтік қызметкерді бейнелеу үшін оның тұлғалық ерекшеліктерін әлеуметтік қызметтің шарттарына сәйкес келетін және оның табыстылығын айқындайтын қабілеттері тілінің проекциясы ретінде қарастыру керек, олар мыналар болуы мүмкін: басқаларды тыңдай білу; түсіне білу; ерекше және шығармашылық ойлай білу; тез және дұрыс бағыттала білу; ұйымдастырушылық қабілет, моральдық қасиеттер және т.б.
Әлеуметтік қызметкерге қажетті негізгі жеке қасиеттер тобы таңдалған, олар: жауапкершілік, ұстанымдылық, қадағалаушылық, байланыстылық, корректілік, интуиция, өзін-өзі және басқа тұлғаға баға берудегі адекваттық, өз бетімен білім ала білушілік, шынайылық, мобильділік, өзгермелілік, тұлғаға гуманистік тұрғыда бағытталу, басқаның проблемаларына ортақтасу, шыдамдылық.
Осы тұрғыда әлеуметтік жұмысқа қатысты психологиялық «тиымдар» анықталған. Олар: басқа адамдарға деген қызығушылықтың жоқтығы (эгоизм), дөрекілік, тез шешім қабылдау, кесімділік, тиянақсыздық, оппонентпен дұрыс сөйлесе білмеу, шиеленіске бару, агрессивтілік, тұлғаға қатысты басқа адамның көзқарасын қабылдай алмау.
Кез-келген адам әлеуметтік қызметкер бола алмайды; оларды таңдаудың негізгі факторы кандидаттардың кәсіби жарамдылығын және тәжірибелік қызметінің нәтижелілігін анықтайтын құндылықтар жүйесі болып табылады. Бұл жерде әр адамның жеке тұлғалық абсолютті құндылықтары философиялық тұрғыдан түсіндірілетін индивидтің құндылығына бағытталған базистік қасиеті болып табылады.
Әлеуметтік жұмыс қиын мамандық және солай болып қала бермек. Қоғам көп жағдайда ол туралы адекватты тұрғыдан пікір қалдырмайды. Бірақ әлеуметтік жұмыс адам қызметтерінің дұрыс және көпқырлы түрі болып табылады.
Әлеуметтік қызметкердің өзін-өзі ұстай білу стилі оның тұлғалық қасиеттерімен, құндылықты бағыттарымен ерекшеленеді, олар өз кезегінде клиенттермен ғана емес өзінің ұжымымен, қол астындағы қызметкерлерімен және басшылығымен қарым-қатынас жүйесіне кесімді әсер етеді.
Е.Н. Холостова әлеуметтік қызметкердің тұлғалық қасиеттерін аша отырып, оны үш топқа бөледі:
-
Осы қызметтің қасиеттерінің құраушысы болып табылатын психологиялық өзгешелік;
-
Екіншісі – әлеуметтік қызметкердің тұлға ретіндегі кемелдемуіне бағытталған психолого-педагогикалық қасиеттер;
-
Үшіншісі – жеке тұлғалық тартымдылыққа бағытталған психолго-педагогикалық қасиеттер.
Адамдармен жұмыс істегенде, ереже бойынша жинақылық, ұқыптылық, басқаларды түсіне білу, шыдамдылық, өзін-өзі ұстай білу сияқты психологиялық қасиеттер ерекше сұранысқа ие. Әлеуметтік қызметкер үшін маңызды осындай психолгоиялық өзгешеліктерсіз қызмет нәтижелі болмайды.
Шетел тәжірибелерінде дәлелденгендей әлеуметтік қызметкерлерден ерекше үміт күтіледі. «АҚШ-тағы тәжірибелік әлеуметтік жұмыс стандарттарының топтамасына» сәйкес ол келесідей мәселелерден хабардар болуы тиіс:
-
Клиентпен және топпен жұмыстың жеке теориясы және әдістемесі;
-
Қоғаммен мүмкіндік жасалған ресурстар мен қызметтер;
-
Штаттық және федералдық деңгейдегі бағдарламалар және әлеуметтік қызмет мақсаттары;
-
Жергілікті инфрақұрылымды ұйымдастыру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру қызметтерін дамыту;
-
Әлеуметтік-экономикалық және саяси теорияның негізі туралы;
-
Қоғамдағы нәсілдік, этникалық және басқа мәдени топтар туралы (олардың моралдық ерекшеліктері, өмір сүру өзгешеліктері және осыдан туындайтын проблемалар);
-
Тәжірибелік жұмыста қолдануға болатын кәсіби және ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері;
-
Әлеуметтік жоспарлау тұжырымдамалары мен әдістері;
-
Бақылаудың теориялық және тәжірибелік бағытталуы, соның ішінде тәжірибелік әлеуметтік жұмыс;
-
Персоналды басқарудың теориясы мен тәжірибесі;
-
Әлеуметтік, психологиялық, статистикалық зерттеулер әдістері мен әдіснамалары;
-
Халықты әлеуметтік қорғау қызметін теориялық және тұжырымдамалық басқару;
-
Клиентке әсер ететін қоғам мен қоршаған орта факторлары;
-
Әлеуметтік қызметтің ісер етуінің әртүрлі формалары мен түрлерін психоәлеуметтік бағалау теориясы мен әдістері, сонымен қатар клиент жағдай диагнозының өзгермелілігі;
-
Жұмысты жақсартуға бағытталған ұйымдастырушылық және әлеуметтік жүйелер мен әдістер теориясы мен тәжірибесі;
-
Қорғаушылық тәжірибенің теориясы мен тәжірибесі;
-
Кәсіби әлеуметтік жұмыстың этикалық стандарттары мен тәжірибесі;
-
Білім берудің теориялары мен әдістері;
-
Халықты әлеуметтік қорғау саясатымен жүргізілетін саясаттың тенденциялары;
-
Жергілікті және аймақтық деңгейде, сонымен қатар әлеуметтік қызмет түрлеріне әсер ететін штаттық деңгейде қабылданған заңдар мен қаулылар;
«Финляндияда әлеуметтік қызметкер келесідей ұстаным шарттарын өміріне енгізуі тиіс екен:
-
Биязы, әдепті болу;
-
Клиентке кемшілігіне байланысты өзін толыққанды сезінбеу қасиетінен арылуына көмектесу;
-
Таңдау еркіндігінмен қамтамасыз ету;
-
Құпиялылық;
-
Алдын алушылық қасиет;
-
Тәуелсіздікті қолдау.
Әлеуметтік қызметкерлер өздерінің кәсіби функцияларын жүзеге асыруда әртүрлі қызметтермен айналысады. Олардың жұмысы проблеманы шешуде үш түрлі әдістен көрініс табады:
-
Тәрбиелік тәсіл – оқытушы, кеңес беруші, сарапшы ролінде болады. Әлеуметтік қызметкер кеңес береді, икемділікке үйретеді, өзін-өзі дұрыс ұстауды көрсетеді және өңдейді, кері байланысты орнатады, білім беру әдісі ретінде рольдік ойындарды қолданады;
-
Фасилитативті тәсіл – енжарлық және бейжайлылық жағдайынан клиенттің өзі шыға алмаған жағдайда көмекші, жақтас және делдал ролін атқарады. Бұл тәсіл барысында әлеуметтік қызметкер келесідей әрекеттерді атқарады: тәртіпті талдауға бағытталады, әрекет пен қызметтің альтернативті бағыттылығын талқылайды, жағдайды түсіндіреді, ішкі ресурстарды өңдеуге бағыттайды және ниеттендіреді.
-
Қорғаушылық тәсіл – бұл тәсіл әлеуметтік қызметкердің клиенттің немесе топтың қорғаушысы ретіндегі рольдік функцияларды атқаруы кезінде қолданылады, сонымен қатар тікелей өз атынан қорғаушы қызметін атқарушылардың көмекшісі болады, осы негізде күшті аргументтерді келтіру және айыптауға қажетті құжаттарды жинау барысында жеке тұлғаларға көмек көрсетеді.
Қазақстан ғалымдарының зерттеулері нәтижесінде және тәжірибе барысында әлеуметтік жұмыс бойынша қызметкер икемділігінің бірнеше топтары анықталды. Солардың ішіндегі бірнеше топтар:
Когнетивтік икем. Мамандандырылған әлеуметтік қызметкер келесілерді жүзеге асыра білуі тиіс:
-
Жұмыс істеуге қолайлы жағдайды және атмосфераны құру мен қолдау;
-
Адамдарға және өзіне әсер ететін қажетсіз сезімдерді анықтау және жоя білу;
-
Қызметте тұлғалық, ұлттық, әлеуметтік, тарихи-мәдени өзгешеліктерді анықтау және ескеру;
-
Адамдармен қарым-қатынаста агрессия мен жаугершіліктің, долылықтың алдын алу мен өзіне және басқа тұлғаларға қауіпін ескере отырып өткеру;
-
Мұқтаж жандар мен қарттарға физикалық тұрғыда көмек көрсетуді қамтамасыз ету;
-
Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен тәртіпті бақылау, түсіну және талдау;
-
Вербалды, вербалды емес және жазбаша түрде қатынас жүргізу;
-
Түрлі жағдайға байланысты сұхбат алуды ұйымдастыру;
-
Келіссөздерді жүргізу, радио арқылы кеңес беру, басқааа әлеуметтік қызметкерлермен ұжымда қызмет атқару;
-
Өз клиентінің қорғаушысы ролінде болу.
Сындарлы икем. Мамандандырылған әлеуметтік қызметкердің жағдайы:
-
Жеке тұлғамен біріге отырып шешім қабылдау және қажет болған жағдайда оның атынан отбасымен, топтармен қатынасқа түсу;
-
Басқа мамандармен біріге отырып қажетті шешімдерді қабылдау;
-
Шешім қабылдауды алгоритмдік тұрғыда әрекет ету;
-
Басқа мекемелермен, ведомстволармен және кәсіби мамандармен біріге отырып шешім шығару.
Ұйымдастырушылық икем. Мамандандырылған әлеуметтік қызметкердің жағдайы:
-
Нақты және локальді жазбалар жүргізу;
-
Іс бойынша маңызды ақпараттарға құпиялылықты сақтаудың қызметтік саясатын жүргізу;
-
Баяндамаларды дайындау және баяндау;
-
Жұмысты ұйымдастыру, жоспарлау және бақылау;
-
Қолжетімді технологиялар арқылы ақпарат алу;
-
Қызметке қажеттілікті анықтау және зерттеу;
-
Өзінің қызметтері аясын кеңейту;
-
Қызметкерлер мен тұрғындардың өмір сүруіне физикалық тұрғыдан кедергі келтірмейтіндей айналаны, шағын ауданды және мекемені таңдау;
-
Әлеуметтік байланыс пен мекеменің ресурстарын бағалау және шығармашылық тұрғыда пайдалану.
Әлеуметтік қызметкер кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін бойына бірнеше қасиеттерді сіңіруі керек. Әлеуметтік жұмыстың мақсаттарын жүзеге асырушы реализатор қызметін атқыру үшін ол адам туралы ғылымдар саласында, психологии, акмеологии, социологии, педагогики, құқық саласында терең білім мен дағдыларды игеруі қажет. Әлеуметтік қызметкердің бойындағы қасиеттер оның білімі және дағдыларымен біріге отырып, қажетті әдістерді қолдану барысында кәсіби қызметті нәтижелі орындауына мүмкіндік туғызады.
Қазіргі заманның өзгеруі, материалдық құндылықтардың рухани байлықтан үстем болуы отбасылық тәрбиенің құндылығын әлсіретті, елімізде жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың саны күн өткен сайын көбейіп отыр. Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |