Агротехникалық университетке 55 жыл



Дата29.02.2016
өлшемі25 Kb.
#31475
Класс TIME. – 2012. - №42. – 14 қараша

Қабділмәжит Қ.



Агротехникалық университетке - 55 жыл

Бейбітшілік және келісім сарайында шоу-бағдарламалар мен хореографиялық-поэзиялық композициялардан құралған кеш өтті. Мәдени шара Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 55 жылдығына арналды.

Басқосу Үкімет басшысы Серік Ахметовтің, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хаттарын оқудан және Парламенттегі қос палата өкілдері мен жергілікті мәслихат депутаттарының жүрекжардыларын жеткізуден басталды.

Жиналғандардың алдында баяндама жасаған университет ректоры Ақылбек Күрішбаев өзі басқарып отырған оқу орны Қазақстанның аграрлық саласының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқанын атап көрсетіп: «Уақыттың ұлы көшінде университет талай-талай асулардан асып, небір биік белестерді бағындырып, өзінің бүгінгі 55 жылдығына толағай табыстармен келіп отыр. Бұл кезең кемелдену, іргелі зерттеулер мен ғылыми ізденістерге толы жылдар болды. Тамырын тереңге тартқан, өзіндік тарихы мен дәстүрі бар университет бүгінде Қазақстандағы агроөндіріс мамандарын даярлайтын еліміздің беделді оқу орындарының біріне айналды. 55 жыл ішінде біздің университет 56 мыңнан астам маман дайындады. Олардың арасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ғалымдар, ірі кәсіпорындардың басшылары және кәсіпкерлер шықты», — деді.

А. Күрішбаевтың мәлімдеуінше, құрамында 68 ғылым докторы, 286 ғылым кандидаты, 47 профессоры бар университет ұжымы жоғары білікті маман даярлау ісінде жемісті қызмет етуде. Білім және ғылым саласындағы озық инновацияларды ұтымды пайдаланып, отандық білім беру саласының көшбасшыларының қатарынан көрінуде. Оқу орнының материалдық-техникалық және ғылыми кешені де мықты. Бұл жерде бес ғылыми-зерттеу орталығы мен конструкторлық бюро құрылған. Университет «Астана қаласы жастарының бірлігі апталығы» және «Студенттік көктем» фестивальдері аясында бірнеше жыл қатарынан «Астананың үздік жоғары оқу орны» дәрежесін сақтап келеді.


Айта кетейік, осыдан біраз бұрын ҚазАТУ ғылыми-зерттеу университеті деңгейіне көшу үшін арнайы бағдарлама қабылдады. Сөйтіп, ауыл шаруашылығының салалық бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Соңғы екі жылда университет 91 инновациялық жобаға патент алды. Ал биыл аталмыш оқу орны халықаралық QS рейтингінде қазақстандық университеттердің үздік сегіздігіне енді.

Айтпақшы, салтанатты кешті әнмен әрлегендердің арасында Нұрлан Өнербаев пен Мәдина Сәдуақасова болды. Олар жиналғандардың жандарына жаз, көңілдеріне көктем сыйлады. Бұдан ары қарай концерттік бағдарламаның көрігін университеттің көркемөнерпаздары қыздырды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет