Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір әйелдің мұңдықты басы қалды



Дата10.06.2016
өлшемі171.31 Kb.
#126612
Қамшыгер
Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір әйелдің мұңдықты басы қалды.

Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін, осыншама қасіретін мамырстан кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты.

* *  *

Түйетастың аңғарынан аңырап жел соғып тұр. Атты кісіні аударып түсіретін қызыл еспе - ерніңді сортаңдатып сорып, кебірсітіп тастайтын қызыл еспе. Екі жағы найзадай шаншылған, тіп-тік жалтыр көк тасты құздың ортасы ашамайланып шыңырау шат боп біткен-ді. Шатқалдың дәл тереңдей жеткен табанында салба-салба самырсындар бар. Самырсындар ақ көбігі аспанға атылған Шарықтыбұлақтың екі жағалауын қуалай өскен. Әлгі аңызақ өкпек жел осы ұңғыны өзектей кеп, осынау шаттың бітер аузына кептеле шөгіп қалған қара тасқа бар пәрменімен соғылысатын. Алып қара тастың сыртқы пошымы жампозға тым ұқсас. Сондығы ма, кейін келе Түйетас атанып кетті ғой. Түйетастың құбыласын иектей жұпыны ғана қараша киіз үй тігілген-ді. Тасты ықтап отырғандықтан, бұл үйді аңырақайдан соққан аңызақ шала алмайтын. Үй жалқы ғана. Көз көрімде ел жоқ: тек ұзын сонар қож-қож тастар, сойдақ-сойдақ қарағайлар, алапат таулар ғана қаумалай қоршап, күргейлеп тұрады. Қараша үйдің маңынан ербең еткен баланы да, өріп жүрген жетім лақ та көрмейсіз. Өне бойы өгейсіп, мынау жер-жаһанда аласталып, алыста қалғандай: үн-түнсіз ағараңдайтын шалғайдан.



Қараша үйден кейде қолында құманы бар бөкебайлы әйел шығар еді; шығар еді де қаздаңдай басып Шарықтыбұлақтан су алар еді. Су алған күйі үйге қайта кіріп, жоқ болар еді. Бұдан соң оның төбесін қайта көрмейсің. Жым-жырт... меп-меңіреу тыныштық ұйып, қаймағы бұзылмастан мелшиеді-ау келіп. Аңғарды құлазыған өлі тыныштық жайлайтын... Өлі тыныштық жайламайтын кейде. Құлаққа: Шарықтыбұлақтың арсыл-гүрсіл арыны, әупілдектің әні шалынатын; мұрынға: боз көденің иісі келіп қытықтайтын, тау қызғалдақтары қызықтыра мен мұндалайтын. Қазір тау қызғалдақтары жоқ-тын. Күз ғой, солған, қуарып қалған... Қазір боз көденің жұпары да сезілмейді. Күзгі таудың шөп-шаламы қаңсып, қолқаны алады.

Қараша үйдің белдеуіне кейде тұрықты, есік пен төрдей баран ат байланатын. Қызыл іңірден намаз шамға дейін суынып, сонсын үйдің ар жағындағы көкөрайға арқандалатын-ды. Атты жауырыны еңкіштеу келген еңгезердей атанжілік адам арқандайтын. Бұдан соң қараша үйдің жыртық-тесігінен жылтылдаған от сәулесі, түндігінен сыздықтап болар-болмас түтін шығады. Түйетастан лық етіп оқыстан асып қалған қоңылтақ самал қараша үйден қаңғырып шыққан жас еттің иісін лып еткізіп іліп ала жөнелер. Қараша хананың есігі, үркер тас төбеге көтерілгенде ғана, сыңсып ашылар; сыңсып ашылар да бағанағы дәу жігіт шығып айға қарап есінеп, өңкеңдей басып атқа барар еді. Маңдайды самарқау, бірақ жіті шолып шығар да, дәрет сындырып алады. Сонсын қараша үйге үш бүктеліп қайта кірер. Ештеңе болмағандай тау мүлгіп тұр... Көк күмбезінде ай зытып барады. Айқай-шусыз момақан тыныштық. Қараша үй де, қара көк аспан да, қарауытқан тау мен қара барқын орман да - бәрі-бәрі бір сәт ұйқтап кетеді. Ұйқысы қандай керемет дейсің...

* * *

Керегеде салбырап ілулі тұрған бұзау тіс он екі өрім қамшының ұшынан сүт ағып тұр..? Сүт тамшысы тұп-тура төрде жатқан жігіттің көз ұясына құйылады. Жып-жылымшы әрі саумалдай дәмді мәйектің қайдан ғана шыпылдап шығып тұрғаны беймәлім. Әйтеуір, жезбен орамдап, тас қып түйіп тастаған ұшынан мөлт етіп ағады да, жігіттің көзіне сырт етіп үзіліп түседі. Бір қызығы бағанағыдан бері сорғалап тұрғанымен, көзін дымдап ашытқан емес. Құмға сіңген судай жоқ болады. Ол ал дегенде сүйсініп, осынау оқшау құбылысты хош көре қызықтағандай тырп етпестен, қымыз ба деп қыбы қана сүйсініп қалған. Іргесінде албырап, таң алындағы тәтті ұйқы меңдеп, түшіркеніп-ақ жатқан әйеліне осы ғажайыпты айтпақ боп бұрылайын деп еді, шегелеп тастағандай аунай алмады. Екі-үш рет: "Қамқа, әй, Қамқа!" - деп дыбыстап та көрді. Өндіршегіне оқтау тығып тастаған ба, үні шығар емес. Қамшы ұшынан шыққан әлгі сүт әлі де толастамаған. Енді көз шарасынан құлдилап ерінге тамшылай бастады. Жігіт жұмған аузын ашпастан қалың дүрдік ернін жымқырып көп жатты. Көп жата да алмады. Не де болса дәмін татып көрейін деп аузын ашып еді, қып-қышқыл қан дәмі таңдайына тақ ете қалды. Адамның қаны ма, малдың қаны ма, айыра алған жоқ. Өне бойы мұздап салды. Селк етіп аса бір сасқан қатты шошыспен көзін ашқанда, уықты қуалай бетіне тамған суды сезді. Атып тұрып тысқа шығып еді, түн ортасында ғана шөкімдей бұлты жоқ, айнадай тап-таза аспанды сұп-сұр бұлт сықастыра құрсаулап алған екен. Рахман ақ жауын үнсіз сіркіреп тұр. Арқандағы баран ат сүңгілесіп, салпиып қара торы боп кетіпті. Оттамастан басқа ұрғандай мүлгиді. Шарықтыбұлақ шанағынан асып-тасып жатыр.



Тау іші бұрынды-соңды болмаған бір сұрқай сұсты күйге енгендей; мазасыз қоңыр күздің әупірімді ырқына көнгендей; өзгеше бір қоңыржай жуастықпен мойынсұнады нөпір нөсерге.

Садақбай арқаннан ағытып, етек-бұтақтары айгөлектене кең, мол біткен самырсынның түбіне байлады атын. Киіз үйдің іргесінде су боп жатқан ер-тоқымды ала кірді. Қамқа тырапай асып әлі ұйқтап жатыр екен. Тәмпіш мұрны пыс-пыс етеді.

- Тұрсай! - деп шаптыға айқайлады ері.

Садақбай дастарқан үстінде де танауы қусырылып, тоң-торыс қысастана отырған. Әйелі түннен қалған еліктің етін жылытпалап әкеп алдына қойып еді, бір іліп аузына салып талмады да: "Қыл-қыбырын тазаласаңшы", - деп, кепиетси ысырып тастады. Өзге тағамдарға да зауқы шаппады білем. Қалың түйе жүн шекпеніне тас бүркеніп жатып қалды. Көп жата алған жоқ-ау, әлдекім бас салып тұншықтырғандай, өз-өзінен булығып, быршып, үстіндегі шекпенді ауырсына, шамырқана сілкіп жіберді. "Уһ! Пәруардігер-ай!" - деп, күңіреніп қатты күрсінгенде, қараша үйдің түндігі желп ете түскендей болды. Қамқа күйеуінің ықылымнан бері мұндай күйінішті күйін көрмеп еді. Аң-таң. Жон-жосығын сұрауға батылы барған жоқ. Аш арыстанша дөңбекшіген ашулы Садақбайдың сықпыты бейне кісі өлтіргендей түтігіп отырған соң, жүрегі дауаламаған.

- Қамқа! - деді арыстай денесін керегеге сүйеп. - Қамшы қайда?

- Бас жағыңда ілулі тұр ғой.

- Салбыратпай алып тасташы!

- Неге? - Ол күйеуінің бұл қылығына есі шыға таңырқады. Садақбайдың аласапыран пәруай жүзіне сұрақты кейіппен тосырқай қарап тұрды. Қарап тұра беруге шыдамаған дәт шіркін. Қамшыны еппен алды да, босағада жатқан ер-тоқымның қасына тастай берді. Садақбай отсыз шүңгіл көзі кіртиіп, әмісе серік санап келген қамшысына қимай шаншыла қарады. Бұзаулы сиыр беріп өрдірген қамшысы тағынан түсіп, пұшайман болып қалғандай сезінді. Он екі өрім бұзау тіс қамшының осы шаңырақтың толайым тірлігін арқалап келген есіл еңбегін ұмытқысы келді-ақ. Бұл қамшының көзі жоғала қалса, ертеңгі күні талшық етер малды қалай табарын есіне алғысы жоқ. Көзін жұмды. Бәрібір көз алдында көлеңдеп-көлеңдеп қамшы тұрды. Бейқарар тірлігінің тұздығы дәл қазір алай-дүлей жан дүниесімен жараспаған... Ол бейнеқақ қамшы жазғанды талақ тастап отыр. Талақ тастағысы келгені аузынан қан дәмі кетпейді. Бүк түсіп қайта жығылды. Түс әлетіне дейін тұяқ серпіп, оң жамбасынан аунамаған, ұйқтап жатыр ма, ояу жатыр ма, оншасы белгісіз. Садақбайдың мұншалық тоқайрауы Қамқаны бөтен ойға итермелеп, іштей әбігерін шығарды. Ақырдағы кешеден қалған еліктің етін жүн-жұрқадан арылтып та біткен. Бұдан соң жайымен сырт-сырт жанып жатқан жер-ошақтағы отқа мұңдана телміріп, ауыр... тым-тым ауыр тұманды ойға батқан. Ол тұңғыш рет жалғызсырағандай, ию-қию мол ауыл-аймақты сарыла сағынғандай сазды көңілде сезінді өзін. Аядай есіктен бес-алты жігіт сау ете қалғанда ғана, есін жиды. Түйетастың арғы бетіндегі Қаратай жігіттері екен. Үсті-бастарын қағынып, қақырынып-түкірініп дабырлай кірісті.

- Садағаң қайда? - десті төр алдында аюдай сұлап жатқан Садақбайды байқамай.

- Жатыр ғой.

- Сырқаттанып қалды ма?

- Соны өзім де білмей отырмын.

- Садаға, а Садаға! Не болды? Бір жеріңіз ауырып қалды ма? Біз ғой. Басыңызды көтермейсіз бе?..

Ол басын көтерген жоқ:

- Бұл қайсың! - деп ашулы гүр етті.

- Інілеріңіз ғой. Күз де туып қалды. Әлгі, келісім бойынша, Абақ Керей жағына шығып қайтайық па деп келіп қалған едік.

- Қайта беріңдер! Бүгін жол болмас.

Жігіттер тым-тырыс аттанып бара жатты.

Садақбай екі ойлы. Түндегі түсін: "Қатынға айтып жорытсам нетеді", - деп оқталды да: "Ой, ол не біледі дейсің?" - деп, іштей іркіліп қалған. Есінеп-құсынап бей-жай мүлгіп отыр. Сонсоң:

- Әй, Қамқа! - деді. Даусы тарғылданып шықты. - Сенің де жатырың кеуіп қалды ғой! - Түйеден түскендей сөзді шынымен-ақ сен айттың ба дегендей, екі көзі мөлдіреп, дел-сал состиып тұрған Қамқаға жалт бұрылып:

- Шақыршы әлгі жемтік аңдыған немелерді! - деген тағы да. Шығып бара жатқан әйеліне қажыспен аяй қарап қалды. "Апыр-ай, маған не көрінді бүгін..."

* * *


Алтайдың иығына шыққанда, айдын шалқар көл көрінді. Айна-көл. Көлді жағалай мамырлап қонған ығы-жығы ел екен. Ителгі - Керей елі алақандағы асықтай боп ап-анық көрінді. Кермеде жеті-сегіз ат байлаулы тұр.

Қой сауып жүрген бірлі-жарым ақ жаулықты әйелдер болмаса, шошаң еткен айыр қалпақты шалынбайды. Шықардағылар бұлар тұрған тауға оқыстан қарап қалса, осынау топтың бар қарасын ап-анық байқары хақ еді. Абиыр болғанда иек көтерген халайық болмаған-ды. Қай-қайсысы да қой борбайына тас кенедей жабысып, тұқшың-тұқшың созғылап отыр емшегін. Садақбай бүктеп ұстаған қамшысын әнтек сермеп қалғанда, артынан ерген алты жігіт жалақ төскейдің шақпақ-шақпақ қызыл қойтасын сусытып, жітірмелете ылдилады. Көл ернеуіндегі жынысқа әп-сәтте сіңіп, жоқ болып кетісті.

Қас қылғандай күзгі аспан шаңқай ашық еді бүгін. Талма-тал түсте қапылы, бес қаруы сай отырған елге солақай килігу көзсіздік әрі амалдың жоқтығы-ау.

Лықып жақындап кеп, жер астынан шыққандай жеті жігіт тұс-тұстан андыздай лап қойды.

Көлдің су жайылған қалың қоғалы шалшығында пыр-пыр жүзіп жүрген жылқы, қырымнан қиқу таянғанда, дүр етіп, жапырыла жөнелген де, бет-бетімен лағып кеткен-ді. Көлге тұйықталып, шұрқырасып қалған бір үйірді алты жігіт тырқырата қаумалаған күйі, дыбыс шығармастан Марқаның шыңайтына тықсыра қуды. Ішінде жауырыны жазық тақтайдай мамалары, ойық желке, көкшіл бас қысыр тайы мен құлжа бедеу, қаз мойын пырақтары бар Керейдің келісті көрме иық жылқылары құрықты қолға тез көне қоймады. Көбісі қайыру бермей, қабырғасымен соғып жалт-жалт берісіп, сетіней бастаған.

Садақбай ауыл жақты қарауылдай байырқалап қалған-ды. Жігіттердің анау бос белбеу пәстігіне қаны қайнап, шиыршық атып тұрған. Ауыл жақтан аттаншы шықпаса, өкпе тұсынан өзі килігем бе деп еді:

- Қаратайлар! Қаратайлар! - деп аттандаған айқай-шу естілді. Енді бір мәурітте өзіне қарай қапталдап, қаптай шауып келе жатқан бес-алты аттыны көрген. Қаймыққан жоқ. Саспады. Марқасқадай қасқиып қарсы алды. Асығыс атқа қонғандықтан ба, Ителгі жігіттерінің қолында шоқпар да, сойыл да жоқ, құр қамшылары ғана бар екен. Садақбайдың құдайы тіпті жасап, мерейі шамырқанып-ақ тұр. Қарсы далбақтаған топты, жалт бұрылып ағындарымен өткізіп жіберді. Өтіп кеткен соң, қырғидай шүйлікті қыр желкелерінен. Ор қояндай ойнап, сақ-сақ күліп, Ғайып ирен - қырықшілтенің пірін шақыра, езуі көпіршіп, тоғаның топанына бір араласып шыққанда - алтауының бірдей қамшысын сарт-сұрт жұлып, тақымына қыса кетті. Атын жайтаңдата жорғалатып дөй далаға жырақтанды да, бұлаңдаған алты қамшыны бірдей алдыңғы қанжығасына байлап үлгерді. Марқаға қиястай тартқан серіктеріне көз тастап еді.

Алдарында қыл-құйрық қалмаған алты азамат астыртта болып жатқан майданды қызықтағандай ошарылып тұрғанын болжады. Анау қырда тұрған алты азамат мұндай қан құйлы майданның талайын көрген, бірақ мынандай ғажабын көрген емес. Алдына сап берген бар жылқыны бытыратып алды. Садақбайға не бетімен көрінеді!

- Уй, қолаба ынжықтар-ай! - деп, тісін шақыр-шұқыр қайрап, ақырып жіберді. Ақырып жіберді де, қамшыдан айрылып пұшайманы шыққан жігіттерге тап берді. Олар құрдан-құр, бет-бетімен есі шыға тырағайлап барады. Еті қызып алған ат ауыздығын қарш-қарш шайнап, еліріп сүзе жөнеледі, билейді. Оның торғайдай тозып, талапайы шыққан топқа алаңдамай, тіке тартпақ ниетін оң жақ бүйірден:

- Тоқта! Қатынбысың қашатын! - деген тәйтік дауыс саңқ етіп, шорт үзген. Астында кермаралдай керілген шандоз аты бар, әлеуетті жігіт ағасы шатынай ұмтылды бұған. Азу тісі ақсиып: "Жаһаннамға жіберейін!" - деп, зікір сала тебітті Садақбайға. Екі көзі ақықтай сүзілген, ішіп-жеп барады. Қолында күрзі, Садақбай шынымен-ақ сескеніп қалды. Енді таяған тықырдың кімнің пайдасына шешілерін бағамдамастан, бұда ілгері мінбелеген-ді.

- Сойылмен жер жастандырайын! - деп, аузынан жалын ата, күрзісін білемдей берем деген керейліктің қасқа маңдай атын кеңсірігін ала осып жіберді. Қамшы қиястай тиген екен. Құйқа терісі бір елідей боп қан-сөлсіз ырсиып, ар жағындағы сүйегі ағарып қалды. Ауырсынған ат шыр көбелек айналып жүр. Осыншама алапат шапшаңдықты күтпеген Ителгі боздағы, атының басына ие бола алмай, далы шығып құр-құрлайды. Садақбай қалқаң құлағын жымқыра, самайына қисайып қалған шытын қайта бір түзеп алды. Қайта бір түзеп алды да, құрақ ұшып, ұршықтай иірілген ат жігіттің астаудай жонын өзіне енді бір қаратқанда, қамшысын және бір сілтеді. Тері желеткенің қарс айрылып кеткен ұзынша сызығын қуалай аққан қап-қара қан ат сауырына тырс-тырс тамып тұр. Ендігі сәтте керейлік ат-матымен омақаса құлады.

Садақбай камшысына сүйсіне қарап, ауаны ысқырта оңды-солды осқылап алды ғой. Ілгері қарай жедеғабыл тарта жөнелді.

* * *

Ол Марқаның жонын асып түскенше, мелшиіп жұмбақты күйде келген. Бағанағы айқаста қозған жыны әп-сәтте сап болып, жүні жығыла қалған. Жігіттер де ләм дей алмай, өз оспадарлықтарына іштей қиналыңқы, ту ит арқасы қияннан ат арытып келгенде, саусақты мұрынға тығып құр қол қайту арқаларына аяздай батпайды дейсің бе? Дегенмен, үлкен бір орашолақ әбестік жасағандарына қиналыстан гөрі, Садақбайдан қаймығу, ұялу басым секілді. Жолбасшыларының бұлайша сыздана, жағының кірісін ашпастан қаһарлы жүрісінен қамшысымен бір тартқаны жеңілдеу ме еді. Бірақ осылар сол бір сілтенген қамшыдан қала қояр ма?..



Сыпыра ылди бітіп, қалың қарағайлы жүндес жоталар басталды. Сайлауға келгенде, Садақбай ат басын тежеді. Жапа-тармағай түсті де, аттарды бірінің құйрығына бірін шылбырынан байлап дөңгелентіп қойды.

Садақбай әлі үнсіз отыр. Сырт киімдерін аспай-саспай шешіп былайырақ қойды. Сонсоң талып, салбырап қалған қарын алақанымен мыжғылап, қолып ары-бері сілкілеп, қайыңның безіндей беріш бұлшық еттерін бұлтың-бұлтың ойнатқан. Түртпектеп жүріп жерден ағаш тауып алды. Қарманып  пышағын іздеп еді, қыны бос екен.

- Тфу, атаңа нәлет! Пышағым ет жеген жерімде қалып қойыпты, - деді бұлқан-талқан ашуланып.

- Садаға, менікін алыңыз... - деп, алтауы бірдей шошаң қағысып пышақтарын ұсынып еді, қай бұрынын алып, қолындағы жаңқаны үшкілдеп ұштады. Тісінің арасын шұқыды. Тілге жаңа келді.

- Сендер мені осы жерден күтесіңдер.

- Сіз қайда барасыз?!

- Керейден тігерге тұяқ алмай кері оралу - туасымда жоқ ырым.

- Біз де барамыз. "Аузы күйген үріп ішер" деген. Енді берік болармыз, Садаға, - деп, әлденеден құр қалатындай жамырасты жігіттер.

- Жоқ. Үйірімен жылқы алдырмайды олар. Сақ отыр. Мен күзетшінің шідердегі атын ұрлаймын, - деді тісін шұқыған күйі.

- Апыр-ай, Садаға. Біз де ерсек қайтеді, - деп, үздіге тақымдаған жігіттерге:

- Қауқарларың қатындарыңа жетпейтіні бар, құйрықтарыңды қыспаймысыңдар. Қайта шабу не теңіміз, - деп, қатты қайырып тастады. Өзі атқа қонды.

* * *


Күзгі аспан сынаптай толықсып, аумалы-төкпелі боп тұрады. Әлгінде ғана балық көз бұлт жоқ әуе әп-сәтте-ақ тұлан тұтып, түнере қалған. Құбыладан жел тұрды. Қарағай басы сусылдап, дүние әлем-тапырық күйге көшті. Жел тулатқан айнакөлдің толқыны жағалауды былш-былш ұрғылайды, бірін-бірі қуып жарысады.

Садақбай баранды қарағай түбіне байлап, шідеріде тұрған аттың қарасын көздей сақ аяңдап келеді. Тың тыңдап еді, құлаққа ешбір дыбыс шалынбаған. Толқынның шолпылы, желдің ызыңы ғана меңзеп тұр. Ат қайыру бермей, бірталайға дейін бөксесін тақап, қиястанып әбігерін шығарды. Бұлайша қашанғы байырқалауын күтіп жүргенде, уақыттан ұтылатынын сезген соң, атты қыл құйрығынан шап беріп ұстай алды да, тұқыртып баса қойды... Ат теппек боп құйымшағын бұлғаңдатып шыжбалақтағанымен, бөксесін көтере алмады. Шідерін асығыс ағытып, жайдақ міне берген. Міне бергенде, мұның жауырына басқа біреу қона берген. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз. Садақбай басын оқыс бұрды. Адам. Адам екеніне көзі жетті білем, оң жақ қолын қайырып әкеп ту сыртындағы пендені қапсыра қысып, арқасына таңған күйі атқа қонды. Әлгі бейбақ тырп ете алмай, көкжалдың сауырындағы тоқты-торымдай-ақ салақтап кете барды. Былай ұзап шыққан соң, арқасындағы олжасын жұлқа тартып, жайдақ аттың шоқтығына әкеп сұлатты.

- Еліңе айта бар. Садақбай деген қамшыгер мен боламын. Уай, зәузатыңды!.. Мұншама лақтай салмағың жоқ, жылбысқы жетесіз болармысың! - Сілкіп тастады сонадай жерге. Өзі қосағында аты бар, сыпыра құба жонмен сыдыртып барады түн жарып...

* * *


Олар қара обаның кезеңіне ілінгенде, қар аралас жаңбыр жауды. Әмбесінде көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы. Оң мен солдан тандырып сарсаңға салған түн алпауыты сарынсыз; сандалбайға салатын бұлыңғыр; бұлтартпайтын меңіреу мекиен. Қар аралас жаңбырдың аяғы жаяу борасынға ұласты. Қарсыдан соққан өкпекке қасқая тартып, омыраулай алмай, ықтай береді аттары. Өңмеңнен соққан ызғырық қойынға кіріп, етек-жеңді емін-еркін қуалап, жағаны жұлқиды. Жол қиындай түсті. Жол дейміз-ау, бағыт-бағдарсыз, осы маңда-ау деп топшыланған жүріс мандымайды. Ең алда бір атты мініп, бір атты жетелеп алған Садақбай барады.

Садақбайдың далдасымен ұшып-жығылып алты азамат ереді. Іштей қыпылдап, мынау жөн-жосықсыз сапарларына иланбағандай. Сүрлеудің сорабынан бағана айрылып қалған. Ендігі жүрістерінің нәшіні не? Сенбейді. Сезбейді. Шыдаспады білем:

- Садаға, бұл қай бағыт?! Адасып өлетін болдық қой, - деп дауыстады.

- Шатастық. Ермейміз бұдан әрі!

Ұлардай шуласып ошарылып қалған жігіттерге Садақбай:

- Ендеше, Керейдің иті жесін! - деп, жорта тақымды бір қысып, алға қарай тарта берген. Қолдан келер қайраты жоқ жігіттер қайта салпаңдасты. Боран үдеп салды. Бет қаратпайды. Ақтұман қапасқа айналды. Ет пісірім мезгіл жүрген соң, ат басын ірікті Садақбай. Ат басын ірікті де:

- Уай, бірің бері келші. Мына жерде менің пышағым бар ма екен, - деді. Жігіттердің бірі аттан домалап түсіп, Садақбай құрығымен түртіп тұрған жерді сипалап еді, пышақ сабы қолына ілікті. Бұл бері келе жатқанда, төстік қақтап жеген Түйетастың иығы еді. Адаспағандарына көзі әбден жеткен дірдектеген топ, қамшыгердің піріне мінәжат етіп, айқұлақтана шапты ілгері. Бірақ алда тік құз барын сезген олар Садақбайды тағы да ілгері оздырып жіберіп, артынан ерген.

Қамшыгер қалың ойда келеді. Жан дүниесі көкпар тартып жатқандай ию-қию; жан дүниесінде ит ұлып, ел көшіп бара жатқандай - ырымы жаман. Алты сан алаштың алдында бас имеген қажыр-қайраты өзгеше бір тәлімді пайдаға емес, қара қазанның қамы үшін ғана сарп етіліп, бор кеміктеніп құрып, өз-өзінен мүжіліп жатқанын ойлаған. Жортып еткен жылдарын зерде таразысына сап салмақтаса, толағай бастың көргені көбік шашқан көрікті һәм ерікті күйлі жылдар емес-ті: бір өңкей жарау құрсақ, тас түйін, жоқ-жұтаң күндер екен. Бәрі де бүгінгі су ішеліктің, ертеңгі көрер таңның қалжауланған қалтыраңқы қам-қарекеттері де. Сылаң қаққан мынау қамшының бүлдіргесі жаңарып тағылған сайын, соқталы шайқастан сәттілік сағаты үзіліп, ұтылыс тапса, анау бүртік өрімдей сандаған адамдардың бас-арқасынан судай боп қан аққан. Ал енді әйтпесе - шекіспесе, талшығынан айрылып қалмай ма. Бірақ Садақбай күні бүгінге дейін нағыз қасқой жаудың кім екенін ажыратқан жоқ, көрген де емес. Мүмкін, мынау қазақтың салхар сахарасында зіл-заласыз торалғы тартыстар болғанымен, жау-дұшпан дегендер кезікпейтін шығар...

Ол ат үстінде әлі де қалғығандай мүлгіп келеді.

Бұдан былай тозақтың қыл көпіріндей жалғыз аяқ жол басталады. Төменінде Түйетастың құзары - Суықшат. Бұлар аттан түсіп, жетекке алды. Боранның арыны әлі де қайта қоймаған-ды. Аса бір сұңғыла сақтықпен дәлдеп баспаса, бұлт ете қаласың. Бұлт ете қалсаң, қия тастан домалап, сонада - Шарықтыбұлақтың суында жатарсың. Осы өңірдің тұрғындары Түйетастың қабырғасын жырып салған сүрлеуді "Қыл көпір" деп атасатын. Егер жазатайым құлап кетушілер болса, "күнәһар екен" деп жоритыны бар.

Алда терте бойы озық келе жатқан Садақбай жолдың сілемінен жаңылып, оқта-текте қамшысымен түрткілеп алады. Бопсаланған күпсе қарды дәу табанымен басып қалғанда, күрт омырылып тайқи жөнелді. Садақбайды іле кетті...

- Байқаңдар, жігіттер! - деген жалғыз үнді Алтайдың заңғарлары ғана үздік-создық қайталаған. Сонсоң бұл пәниді тыныштық басты... "Қыл көпірден" арттағы алты бейбақ қана аман-есен өтіп шықты-ау...

* * *

Садақбайдың жарасы ауыр болса да, өз көңіл-күйі сергек-тін. Жарқаштана жарылған басын ырғайлы жібіттіріп құрсаулап тастады. Бес-алты қабат шыттың сыртынан буылса да, шекесін қысып, шыбын жанын шырқырататын. Самай тамыры оқтаудай боп, білеуленіп, көгеріп шыға келген. Қамшыгер бас жарасын сезбес те еді, сол жақ ортан жілігі быт-шыты шығып, жәнеки оңбай мертіккен-ді. Сынықшы шақырттырмады. "Пайдасыз болар, олардың қолынан келе қояр шаруа емес", - деген. Жаңа сойған тоқтының шелілі терісі арасына қанжапырақ салып орап, құр жіп түгесілгенше, тыртыстырып шандып тастаған. Ауыл арасын алыс демей, ағайын-туғандары, Қаратайдың ат аяғы жетер жердегі ақсақал, қарасақалдары мен жорық дәмін бірге татқан көңілдес жігіттер түгелдей кеп көңіл сұраған. Түйетастың енді мекен бола алмайтындығын, жапан тауда жалғыз жата бермей, есі барда елін тауып, іргеге көшіп баруын сабақ еткен. Туасы бір беткей, тағы боп ескен қамшыгер азғырындыға оң ықыласын бермеді. Намысына басып:



- Өлсем орным - Түйетас болсын, - деп, бөтен қыр аңғартқан соң, сырқат апшысын тарылтпайын деп, шолақ қайырысты бұл әңгімені.

Садақбайдың тәні жаралы болса да, көкірегі сайрап жатыр. Жас шамасы өзінен үлкен ақсақалдар келсе, басын көтеріп, сынған аяғын бұлғаңдатып әкеп, малдас құрып отыратын. Малдас құрып мәжіліске көшкенде, сынған санын бармағымен қысып-қысып:

- Атаңның аузын ұрайын. Өзі уақ боп сынған-ау, мыжысам күтір-күтір етеді, - деп, қарқ-қарқ күлетін. Ауырсынып отырғанын қаншама білдірмейін, сездірмейін деп сүйекке қарысса да, жазаң маңдайына шағаланың қанатындай сызат түсіп, тері бұршақ-бұршақ сорғалайтын. Шалдар есіктен шыға бере, ес-түссіз талып қалушы еді-ау. Қамыққан Қамқаның көзінде таңғы шықтай мөлдіреген жас, ал керегеде ілулі жетім қамшы тұратын мұңайып. Өмір мен өлім арасындағы асқаралы күрестің куәгері - осылар ғана.

Қамшыгер ит қорлығын тартып ұзақ жатты.

Садақбайдың көңілін арғы беттегі Керей азаматтары да сұрап қайтқан.

Біреулер қуанған.

Біреулер мұңайған.

* * *


Ымырт жамылғанда, сусын жұтты. Қамқаның ұзын қара шашын сипалады. Еркелетті. Қош көңілмен балаша ерігіп, жоқтан басқаны айтып, Қамқаны күлкіге батырды: "Сені тастап, Керейден қыз ұрлайын деп жүргенімде, мертігіп қалдым".

Қалжың айтқан. Сонсоң мызғып кәдімгідей түшіркеніп ұйқтап кетті. Қамқаның ақ құба бетіне қан жүгіріп, торыны арқандауға тысқа шықты. Жұлдыздың аққанына, меңірейген сақау тауға қарайды; әлденендей жақсы үміттің сәулесі жүрегін кезді; торының кекілін тарамдап: "Құтпаным!" - деп, мойнына оралды...

* * *

"...Керегеде ілулі тұрған он екі таспа қамшының ұшынан бір жылы су ағып тұр. Қамшыгердің көзіне тырс-тырс тамады. Нұрлы қаяттың суындай мөлдір өзі. Кеберсіген ернін өзі тосты қамшыға. Ындыны құрып қомағайлана жұтып-жұтып жіберіп еді. Тым-тым удай ащы, кермек татиды. Көздің жасы екен..."



Садақбай кіресілі-шығасылы есін жиды. Өңі емес, түсі болғанына қуанған жоқ. Қамықты. Күлге аунаған қотыр бурадай халді басынан кешіріп жатқанына алғаш рет налыды. Мұрны пысылдап, Қамқа да көз шырымын алған екен. Сыбдырын білдірместен ұмтылып барып маңдайынан иіскеді; ұмтылып барып бас жағындағы қамшыны алды. Бөстектің шеті ашылып қалып, қоң еті күлімсі сасып, қолқаны қапты. Бетін тыржита аз-кем жиіркеніп біраз отырды. Біраз отырған соң, қамшысын таянып жүреледі. Тағы да тынысы лақатта қалғандай тарылып, деміге берді. Кеудесі сырылдайды.

Қамқа тәтті ұйқыда.

Садақбай керегені сықырлатып сау аяғына тұрды. Ақсаңдай басып шығар есікке беттеді. Бар қуатын жиып, жарма есікті ашып қалғанда, қарашаның салқын ауасы төрге ұмтылды. Киіз үйдің белдеуінен ұстаған күйі, сынық жамбасын бұлғаңдатып, ауырғанына қарамастан, әр жерде шашылып жатқан өгіздің терісін жиды. Бір жылда ғана барымталап әкеп пышаққа іліндірген өгіздің қатып-семіп қалған тулақ-терісін аса ықтияттықпен бірінің үстіне бірін қаттады. Үстіне әнейімен отыра кеткен. Жаралы санын шешіп, алақанымен қысып қалғанда, илеген қамырдай былп етіп, бетіне саусақтарының ойдым-ойдым табы түсті. Басын шайқап жымиды. Атына қарады. Баран иесіне қарады. "И... и... жануар-ай!". Ендігі сәтте ол жылан шағып алғандай атып тұрған. Әйтеуір, бір тылсым дүлей күш мұны жерден көтеріп алып, құлатпастан демеген, дем берген-ді. Тісін шақыр-шұқыр от шығара қайрап жіберді. Сонсоң білемдей ұстаған қамшысымен қабат-қабат өгіз терісін пәрменімен тартып жіберді. Терілердің қамшы тиген тұсы балтамен шапқандай кесіліп қалған. Садақбай теңселген күйі әлі тұр. Әлі тұр теңселіп. Алысқа, тым-тым алысқа, марқа-жонданған адырларға, құба жондарға қарайды. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан нар кескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жиырма бесім, қайдасың деді ме, тіршіліктің мынау қолындағы қамшының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын әрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме... Ол ішек-қарны ақтарыла, қатты... аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жылап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр... Еңіреп тұр. Сонсоң дауыл қопарған бәйтеректей гүрс етіп сұлап түсті. Бұл не деген ит өлім. Не деген бұл ит өлім. Қамшыгер енді жоқ...

Машырықтан сарғайып таң атып келеді...

Ол - Садақбайдан өзгелердің таңы...

* * *


Садақбайдың қарысып қалған күрзідей жұдырығын Қаратайдың мұқым жігіті болып аша алмаған. Қамшысын білемдеп ұстаған күйі, көкпеңбек болып қатып жатыр. Жұмылған жұдырықтың түбіне тақалған тұсынан кесіп, қамшының былайғы жағын алайық деп еді, Қамқа рұқсатын берген жоқ.

- Артында қалған баласы бар ма, қамшы ұстау қатынның ісі емес. Жан досы ғой, бірге әкетсін өзімен, - деді.

Шариғаттың заңы бұзылып, Садақбайдың қамшысы ақиретке өзімен бірге оралды.

* * *


Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір әйелдің мұңдықты басы қалды.

Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін; осыншама қайғы мен қасіретін мамырстан кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты.



Бірақ осы аңғал-саңғал Алтай тауында өткен уақиғаңың бәрі-бәрі де баяғының садағасы еді...

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет