Алаш автономиясының мемлекеттілік негіздері қаленова Т. С., т.ғ. к



Дата22.02.2016
өлшемі51.5 Kb.
#152
АЛАШ АВТОНОМИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІЛІК НЕГІЗДЕРІ
Қаленова Т.С., т.ғ.к.,

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті еуразиялық зерттеулер

кафедрасының доценті,

Астана қаласы
ХХ ғасырдың басында Әлиханов Бөкейханов бастаған алаш зиялылары ұлттық мемлекеттілік, президенттік басқару, құқықты-демократиялық қоғам құру, дінді мемлекеттен бөлу, ұлтаралық келісім сияқты тәуелсіз елдің іргесін қалауға негіз болатын мәселелерді заңды жолмен шешуге ұмтылыс жасап, әрі оларды іс жүзіне асыру үшін нақты іс-шаралар жүргізді. Бұл 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасында ашық көрініс тапты. Атап айтқанда, бағдарлама жобасы Алаш автономиясының мемлекеттілік негіздерін айқындайтын келесідей 10 бөлімнен тұрды: Мемлекет қалпы, Жергілікті бостандық, Негізгі құқық, Дін ісі, Билік һәм сот, Ел қорғау, Салық, Жұмысшылар, Ғылым-білім үйрету, Жер мәселесі.

«Қазақ автономия болуға ма, болмасқа ма? Автономия болғанда қазаққа қай түрлі автономия қолайлы. Әуелі, мемлекеттік автономия болуға ма яки уалаяттық автономия болуға ма? Екінші, уалаяттық автономия болғанда жерге қарай болу ма, елге қарай болу ма? Қазақ, сірә, өз алдына автономия бола алар ма, әйтпесе басқаларға қосыла бола ма?» деген мәселелерге алаш қайраткерлері ерекше ден қойған-тын. Сондықтан алдымен бұл екі автономияның арасындағы айырмашылықтарды олар былайша қарастырды: «Мемлекеттік автономия болса, өз Г. Думасы болмақ; өзіне керек закондарды сол Думасы шығармақ; Ақшасын өзі жасап шығармақ; Барша шаруашылық ісі, теміржол, почта, телеграф сияқты істерінің бәрі де өзінде болмақ; Жер-суының билігі де өзінде болмақ; Өз алдына әскер ұстамақ; Қысқасы, мемлекетке керек жабдықтарын өзі жайғастырып, өз қамын өзі жемек. Жалғыз-ақ шет мемлекеттермен арасында болатын істер жалпы мемлекет арқылы істелмек. Жалпы мемлекеттің мемлекеттік автономияда өкілі ғана тұрмақ. Мемлекеттік автономияның бас мемлекетпен жалғасатын жері осылар ғана. Уалаяттық автономия болса, оның өз алдына ақшасы, теміржолы, почта, телеграфы, әскері болмайды, жалпы мемлекеттің Г. Думасына өкілдерін жібереді. Өз Думасы сол жалпы мемлекет Думасында шыққан законге қайшы келместей закондарды шығаруға ықтиярлы болады. Уалаяттағы барша жергілікті істерінің билігі өз қолында болады. Жер-судың билігі жалпы мемлекет қолында болады» [1].

Алаш зиялылары Ресейдің құрамына енетін Қазақ автономиясын құру мәселесін 1917 жылы 5- 10 желтоқсанда Орынборда өткізілген ІІ жалпықазақ съезінде қарстырып, онда Алашорда атты Уақытша Ұлттық Кеңес құру туралы қаулы қабылдағандары мәлім.

Алашорда үкіметінің құрамына барлығы 25 адам сайланып, оның 10 орны қазақ емес басқа ұлт өкілдеріне қалдырылады. Алашорда Төрағалығына үш адам ұсынылды. Олар: Әлихан Бөкейханов, Бақыткерей Құлманұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы. Жабық дауыс беру нәтижесі бойынша Ә. Бөкейханов Алашорда Кеңесінің Төрағасы болып сайланған.

«Мемлекет қалпы» деген партия бағдарламасы жобасының 1 бөлімінде Ресей демократиялық федеративтік республика болу қажеттігі көрсетілді. Демократия мағынасы мемлекетті халық билеуімен түсіндіріледі. Бұл алаш қайраткерлерінің ұлт мемлекеттілігін құру идеясы тұтас халықтық мүддеге негізделінгенін дәлелдейді. Алайда II жалпықазақ съезіне қатысқан қазақ зиялылары ұлттық автономия құруды бірауыздан қолдағандарымен, оны ресми жария ету мәселесіне келгенде, екі жақ болып, бөлініп кеткен. Талас тудырған ішкі саяси жағдайлар болатын. Олар, біріншіден, Қазақ автономиясына байланысты жергілікті орыстардың жайын білу, екіншіден, 1917 жылдың қараша айында жарияланған Түркістан автономиясы территориясының Алашорда үкіметімен тұтасуы еді. Бірақ қазақ халқы қамын ойлаған зиялылар қауымы съезд соңында өзара ымыралы келісімге келіп, ортақ шешім қабылдайды. Өйткені, олар халықты, әсіресе, тұрғылықты басқа ұлт өкілдерін ресми жарияланбаған жаңа үкіметке бағындыру мүмкін еместігін жақсы білді.

Сонымен, ІІ жалпықазақ съезінің қаулысы бойынша аталған жылдың 11-24 маусымында Алашорда Алаш қаласында (қазіргі Семей қаласының сол жағалауында орналасқан Жаңа Семейде) іске кіріседі.

Негізінен алғанда, мазмұндық ерекшелігі жағынан «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы Алаш автономиясының мемлекеттілік негіздері айқындалған саяси мәнді басты құжат болды. Партия бағдарламасының жобасында халық мүддесіне қатысты мәселелер қазақ мемлекеттілігін құру идеясына негізделінді.

Мемлекет азаматына байланысты бағдарлама жобасындағы «Негізгі құқықта» саяси бостандықтар, яғни сөз еркіндігі, баспасөз, жеке бас абыройы қорғалуы және сот үкімінсіз тұтқындауға тыйым салу сияқты адам құқығын сақтау турасында айтылған.

«Алаш» партиясының бағдарлама жобасының Ү бөлімінде билік пен сот мәселелері: «Би һәм судья жергілікті жұрттың тілін білу. Аралас жерде соттың тергеу-тексеруі һәм хүкімі жергілікті жұрттың қай көбінің тілінде айтылуы. Қазақ көп жерде сот тілі қазақ тілі болуы. Присяжныйлар қазақтан алынуы. Қырдағы ауыл, болыс ішінде билік пен сот жұрт ұйғарған ереже жолымен атқарылуы» тиіс екендігі баса көрсетіледі. Алаш зиялылары білім беру мәселесінде оқудың ақысыз және жалпы орта болуын, бастауыш мектептерде ана тілінде оқытуды және оқу ісіне үкіметтің кіріспеуі қажеттігін қолдады. Осылайша олар білім беру ісінде үкімет тарапынан саяси ықпалдың жасалуына, онда белгілі бір идеологияның үстемдік алуына қарсы болды.

Дәл сол кезде аса ушықты да шешуін таппаған мәселелердің бірі- жер мәселесі-тін. Бағдарлама жобасында жер үлесі алдымен жергілікті халыққа (қазаққа-авт.) берілуі, жерді қазақ жеке отбасына иеленбей ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алу, жер законінде жер сату деген болмауы, әркім өзі пайдалану (бұл арада әркім-мемлекет мағынасында берілген-авт.), табиғат ресурстары мемлекет меншігі екендігі айтыла келе: «Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін...Жер хақында қазақ өз алдына жер жобасын жасасын», деп көрсетілген бағдарламада.

Алаш автономиясы аталған ұлттық мемлекетті аяғынан тік тұрғызу үшін және тек қана советтік негіздегі автономияларды ғана қорғап-қолдауға бейім тұрған «бостандық жауы- большевизммен күресу үшін» Алашорда көсемдері «халықтық милиция» атанған ұлттық әскер құру мен советтерге қарсы әртүрлі саяси күштермен одақтасу ісіне үлкен мән берді[2]. Сондықтан ІІ жалпықазақ съезінің шығарған қарары бойынша 1918 жылы 24 маусымда Алашорда үкіметі жанынан үш адамнан тұратын әскери кеңес құрылып, 25 маусымда Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханов қол қоюымен халықтық милиция құру туралы қаулысы қабылданды. Әскери кеңес облыстық, уездік әскери бөлімдерін ұйымдастыруға міндеттелді. Съезд шешімі бойынша 20 000 адамнан тұратын атты әскер құру туралы және барлық тұрғындарға әр отбасынан 100 сом көлемінде арнайы әскери салық алуды тағайындайды.

Алаш халықтық милиция жасақтарын Қазақстанның 6 облысында: Бөкей- 1000, Орал- 2000, Торғай- 3000, Ақмола- 4000, Семей- 1500, Жетісуда- 2000, барлығы 13 500 адам құрамында құру белгіленді [3]. Алаш халықтық милициясы - атты әскер түрінде жасақталды.

Халықтық милиция қатарына әскери қызмет атқаруға жарамды 30 бен 35 жас арасындағы ер азаматтар еріктілік негізінде алынатын болды және әр ауылдық қоғамдар алғашқы кезде өз милицияларын атпен, ер-тұрманмен, киіммен қамтамасыз етуге міндеттелді. Ал милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қоры қаржысынан алынды. Алаш қайраткерлері сол аласапыран заманда шұғыл түрде халықтық әскер құрудың саяси маңыздылығын келесідей айқындады: «Бұл заманда әскер жоқ жұрт жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та, ерік өзімізде. Бір жол- құлдық жолы. Әскер деген сөзден бұрынғыдай ат-тонымызды ала қашатын болсақ, осындай жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап жүруге ие табылады... Сонда қолымыздан ешнәрсе келмей, құлдық ұрғанымыз болған. Құлдық жолы дегеніміз осы.

Екінші жол- жұрттық жолы. Осы бастан автономия алудың қамына кіріссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкіметіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді ешкім басынбайды. Үкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі»[4].

Милицияға ең алдымен еріктілерді, ал егер ерікті азаматтар табылмаған жағдайда міндеттеу негізінде алуды тапсырған еді. Ұлт Кеңесі үйленбеген бойдақ милиционерге айына 60 сом, ал жанұясы бар милициоренге 160 сом жалақы белгіледі [5].

Алашорда Жалпықазақ Халық Кеңесі халықтық милиция қатарына әр болыстан 30 адамнан алуды ұйғарады. Осы ұйғарым бойынша милиция қатарына адам жинау шараларын ұйымдастыру земство басқармаларына тапсырылған.

І Алаш әскері- халықтық милиция поручик Давыдов-Зубарев қатысуымен Семейде құрылған. Алашорда атты әскерінің Семей бөлімін құру міндеті уездік земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровқа тапсырылады [6]. Сондай-ақ, І қазақ атты әскерін қалыптастыруға Семейдегі М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, А.Тұрлыбаев, Б.Мәметов сияқты алаш зиялылары белсене қатысқан. І Алаш әскерінің басшысы- капитан Хамит Тоқтамышев болды.

Милицияға ең алдымен орыс тілін білетін қазақтар қабылдануы тиіс болды. Әскери шеберлікке үйрету Орынбор казак әскері офицерлерінің басшылығымен жүргізілген. Милиция қатарына әскери іспен таныс емес бұқара халық өкілдерінің алынуы, оларды маманды тұрғыдағы әскер етіп дайындау ісінде қиыншылықтар туғызады. Сол себептен, жүз милиционерге бір офицер, ал елуіне бір нұсқаушыдан белгіленген. Ал арнаулы офицерлер даярлайтын алғашқы оқу орны 1918 жылдың екінші жартысында Алаш қаласында ашылған.

Алаш халықтық милициясын жасақтау іс-шаралары Семейден басқа Орал, Торғай, Жетісу облыстарында да жүргізілген.

Жалпы алғанда, Алаш әскері қазақ мемлекеттілігі қалыптасуында тарихи маңызды болды. Өйткені, қай уақытта болсын Қарулы Күш тәуелсіз мемлекет кепілдігі.

Алаш зиялылары ұлт мемлекеттілігін таптық жіктелу принципінде құрылуын әу бастан қолдаған жоқ. Олар ешқашан большевиктердің тап күресі туралы теориясын ұстанған емес. Кезінде Алаш қозғалысының жарқын өкілдерінің бірі- Міржақып Дулатов қазақты капиталист, буржуй, жұмыскер деп бөлуге болмайтынын, қазақта еуропа халықтарындай зауыт, фабрика жоқтығын, осы себептен қазақ халқы таптық жікке бөлінбейтігін атап көрсеткен болатын[7]. Сол себептен партия бағдарламасы жобасының «Жұмысшылар» бөлімінде қазақ жерінде ірі өнеркәсіп орындары аз болуына сәйкес қазақ жұмысшылары аздығы ескеріліп, бұл мәселе турасында алаш зиялылары социал-демократтардың меньшевик табының бағдарламасын жақтады.

Әрине, партия бағдарламасы жоба болғандықтан, бұл тарихи маңызды құжатқа қазақ зиялылары басты мәселелерді тек енгізіп қана үлгерді, ал оларды қажетті дәрежеде жетілдіріп, жүзеге асыруғасол кезде елде басталып кеткен Азамат соғысы кедергі болды.

Қорыта айтқанда, Алаш автономиясы өзінің қысқа ғұмырына қарамастан, ХХ ғасыр басында ұлттық мүддеге негізделіп құрылған және демократиялық бағыттағы алғашқы автономия болды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің қазіргі жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді... Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті...Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді [8], - деп Алаш қозғалысының басты қағидаттары қазіргі тәуелсіз Қазақстан даму бағыттарымен еш шүбәсіз, дәлме-дәл келетінін нақ атап көрсеткен-тін.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі



  1. Алаштың талапты азаматына.// «Қазақ» газеті (Құрастырушылар: Ү. Субханбердина, С. Дәуітов, Қ. Сахов). Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998, Б. 396.

  2. Нұрпейісов К. Алаш Һәм Алашорда. Алматы: «Ататек», 1995. Б. 158.

  3. Алаш Орда: Сборник документов (сост. Н.Мартыненко). Алма-Ата: Малое издательство «Айкап», 1992. С.73.

  4. Шаяхметов Н. «Ел - бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін». Алматы. 2001, 113-Б.

  5. Мадияр. Жасасын Алаш автономиясы! Көркейсін алаш! //«Қазақ» газеті (Құрастырушылар: Ү. Субханбердина, С. Дәуітов, Қ. Сахов). Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998, Б. 396.

  6. Шығыс Қазақстан облысы Жаңа Тарих Құжаттар Орталығы. 37-қ.-1-т.-126-іс.-2-п.

  7. Сарыарқа. 1918. №31

  8. Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш

мұраты //Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары.

Алматы, 2008, - Б. 10.



«Алаш мұраты және тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-

практикалық конференция, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеті, Астана, 2011, қыркүйек

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет