Қала әкімінің тұрғындар алдындағы есебі қарсаңында
ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫ КЕҢЕЙЕ БЕРЕДІ
А.РАҚЫМЖАНОВ,
«Кәсіпкерлік және ауыл
шаруашылығы бөлімі» ММ бастығы
Елбасы Н.Назарбаевтың «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әлем бойынша азық-түлік өнімдеріне сұраныстың артуына байланысты агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етудің кепілі. Сондықтан, Үкімет экспорттық бағдарға ие өндіріске барынша жағдай жасауы тиіс. Еліміздің азық-түлік нарығының толықтығы өз кезегінде азық-түлік өніміне бағаның төмендеуіне мүмкіндік туғызғаны дағдарыстың әсерін төмендетуге берік негіз болуда. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту өз кезегінде ауылдарды жұмыспен қамтуға және еліміздің өңірін дамытуға ықпал етеді. Жалпы алғанда ауыл шаруашылық салаларын дамыту үшін мемлекет тарапынан қабылданатын шаралар, бәсекеге қабілетті агро-өнеркәсіп өндірісін дамыту және еліміздің экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтуде базалық жағдайлар жасауға көмектеседі» -деп атап көрсетілген.
Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, қала әкімі Ғ.Мұқашев аймақтағы барлық ауыл шаруашылық кешендерін аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты, шешімін таба алмай жүрген мәселелерге бағыт-бағдарлар берді.
Аймақ бойынша дағдарысқа қарсы шаралардың жоспары жасалынып бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылып келеді, соның бір айғағы аймақтығы бағаларды тұрақтандыру мақсатындағы ең ірі сауда нүктелерімен келісім шартқа отырып, бағаны бір қалыпта ұстап тұруға қол жеткіздік. Соның ішінде «Муза» әлеуметтік дүкенінде бірінші сорттық ұн 46 теңгеден болса, қант 165 теңге. Бұл облыс орталығындағы базар бағасымен бірдей. Ал, «Радуга», «Бастау», «Мерей», «Жәния» «Мини-маркет» дүкендеріндегі азық-түлік бағасы осы бағамен шамалас. Апта сайын осы дүкендерді бөлім қызметкерлері аралап жергілікті «Қазыналы өңір» газетіне жариялап тұруды жоспарлы түрде қолға алды.
Көкөніс өнімдерін арзан бағамен сатуды ұйымдастыру мақсатында қала әкімімен Жамбыл облысының жеке кәсіпкері Гуляк Ата, оңтүстік Қазақстан облысының жеке кәсіпкері Ахметов Аңсар және жергілікті жердің жеке кәсіпкері Мырзамбеков Оңғарлармен келісім шартқа қол қойылды. Соның арқасында биылғы жылы қала тұрғындары көкөніспен қамтамасыз етілді.
Биылғы жылы облыс әкімі Н.Нығматулиннің бастамасымен басталған «Ауыл-Береке» жәрмеңкесі 10 рет өткізілді. Онда 2943 кг сиыр еті., 970 кг. қой еті, 17 бас тірі қой, 15 ешкі, 26 тонна картоп, 17400 кг пияз, 6400 кг қырыққабат, 3300 кг сәбіз, 1 тонна қарбыз, 1,5 тонна қауын, 150 л. қаймақ, 69 кг. сары май, 142 кг. құрт, 2500 кг қызылша, 1450 кг қияр, 2 тонна қызанақ сатылып, жалпы 5 523 640 теңгені құрайды.
2009 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі аймақ бойынша барлық санаттарда 755,2 млн. теңгені құрады, 2008 жыл деңгейімен салыстырғанда мал шаруашылық өнімі 102,9 пайызға өсті. Нақты көлемнің индексі 102,9 пайызды көрсетті. 2009 жылы 1457.9 тонна ет өндірілді (өткен жыл кезеңімен салыстырғанда 105,9 пайыз). 8581.1 тонна сүт, 334,0 мың жұмыртқа өндірілді, былтырғы жылмен салыстырғанда 102,4 пайызға өсті. Биылғы жылы жалпы мал мен құс саны 2008 жылмен салыстырғанда 115,4 пайызға өсті, оның ішінде, ірі қара малдың саны 15738, жылқы 4191, шошқа 2367, құс 7816 және қой 10906.
Есептік кезеңнің қорытындысы бойынша шағын бизнесті дамытудың негізгі көрсеткіштерінің біршама өскені байқалады. Тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 389 бірлік болды (жоспарға 100,3 пайызға өсті). Олардың ішінде 362 қолданыста (жалпы санның 100 пайызды), шағын кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған тұлғалардың саны 862 адам, былтырғы жылмен салыстырғанда 11,2 пайызға артық.
Шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын тұлғалардың біліктілік деңгейін арттыру мақсатында «Самұрық-Қазына» Ұлттық тұрақты даму қоры мен «Даму» қоры және «Нұр Отан» ХДП ұйымдастыруымен аймақ кәсіпкерлеріне арналған екі күндік жедел оқыту курсы қала әкімінің қолдауымен партияның қалалық филиалында өткізілді. Жедел курсты өткізуге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қарағанды филиалының бас менеджері С.Абудов, Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушылары заң ғылымдарының доценті М.Әбдікеев пен экономика ғылымдарының кандидаты А.Дүйсембаев арнайы іссапармен келді. Мұндай курстар жалпы облыс көлеміндегі барлық қалалар мен аудан орталықтарында өткізілді. Курс қорытындысында барлық қатысушыларға тіркелген сертификаттар берілді.
Қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі салық комитетімен бірлесе отырып көлеңкелік кәсіпкерлікті айқындау және оларды заңдастыру бойынша ұдайы жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде ресми тіркелген шағын кәсіпкерлер субъектілерінің саны көбейіп, бюджет кірісінің көлемі ұлғайды.
«... Еңбек етуші халықтың 60% шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады...» - деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев айтпақшы халықтың хал-ауқаты соған лайықты түрде болу керек. Болашақта біздің негізгі мақсатымыз мал басын өсіріп, одан алатын өнімнің сапасы мен көлемін жақсарту.
Достарыңызбен бөлісу: |