Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы р. Ж есимова жүйке жүйесінің гистологиясы


ҮЛКЕН МИ ЖАРТЫ ШАРЛАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ



бет3/5
Дата01.07.2016
өлшемі4.91 Mb.
#171694
1   2   3   4   5

ҮЛКЕН МИ ЖАРТЫ ШАРЛАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Үлкен ми жарты шарлары ақ және сұр заттардан тұрады. Сұр заттың қалыңдығы 1,3 мм-ден 4,5 мм-ге дейін болады. Бас миының қыртысының аймақтарын немесе алаңдарын ажыратады, бұл алаңдарда қыртыстың қабаттарының қалыңдығы, құрамына кіретін элементтерінің сипаты әрқилы болып келеді. Бас миының әр түрлі бөліктерінде орналасқан қыртыстың да қалыңдығы мен жасушалық құрамының ерекшеліктері болады. Мысалы, маңдай бөлігінің қыртысы ең қалыңы болады, оның қалыңдығы 2,5 миллиметрден 4,5 миллиметрге дейін жетеді. Шеке бөлігінің қыртысы 2,5-1,5 миллиметр, самай бөлігінің қыртысы 2,5 миллиметр. Шүйде аймағындағы қыртыс басқаларға қарағанда жұқа, оның қалыңдығы 1,5-2,5 миллиметр.

Қызметі. Үлкен жарты шарлар мидың филогенездегі ең жас, бірақ ең күрделі бөлігі, ол экрандық типті жүйке орталығы болып табылады. Онда бүкіл сенсорлық мәлімет өңделеді, оған жауап қалыптастырылып, қимыл бұйрықтары және бүкіл құлық пішіндерінің интеграциясы жүреді. Үлкен жарты шарлар жоғары жүйкелік әрекетке жауапты (сана, ойлау, есте сақтау, эвристика тағы басқалар).

Қыртыстың жалпы ауданы 2200 см2, жалпы көлемі 300 см3; 30 %-йірімдердің үсті, 70 %-олардың бүйірлік беттері. Осы жерде 109-1010 санды нейрондар, олардан 10 есе көп глиалды жасушалар орналасады.

Қыртыстың нейрондарының бәрі мультиполярлы, пішініне байланысты екі топқа бөлінеді: пирамидалық және пирамидалық емес. Кейінгілерге жұлдыз тәрізді, ұршық тәрізді тағы басқа нейрондар жатады.

1. Пирамидалық нейрондар бүкіл нейрондардың 90 % құрайды. Көлемдері 10 мкм-ден 150 мкм-ге дейін. Бұл жасушалар тігінен орналасады, пішіндері үшбұрышты болып келеді. Денесінен жоғары қарай ұзын апикалды дендрит шығып, молекулярлық қабатта Т-тәрізді тармақталады. Жасушаның бүйірлік аймақтарынан жиырмаға дейін дендриттер шығады, олар нейрон орналасқан қабатта тармақталады. Апикалдық және бүйірлік дендриттерде басқа нейрондардың өсінділерімен синапстар түзейтін тікенектер анықталады. Жасушаның негізінен төмен қарай бағытталған аксон шығады, ол төмен кететін жолдардың құрамында қыртыстан шығады немесе қыртыстың басқа аймағына барады. Аксоннан коллатералдар бөлініп, жасушаның денесі орналасқан қабатқа кері оралып, басқа пирамидалық нейрондармен синапстар түзейді.

2. Жұлдыз тәрізді жасушалар барлық қабаттарда кездеседі. Олардың көлемдері кішірек, пішіндері әр түрлі. Дендиттері мен аксондары қысқа, көп тармақталған, қыртыс ішінде байланыстар құрайды.

Дендриттердің тікенектері нәресте туардың алдында пайда болады. Кейінгі кезде бұл жасушалардың көбі тежегіш қызмет атқарады деп есептеледі. Олардың аксондары аксон төмпешігінде, аксонның бастапқы сегментінде орналасады. Бұл жерлерде импульстің күшеюі немесе генерациясы жүргізілетін болғандықтан азғана тежегіш синапстар физиологиялық үрдісті өзгерте алады. Жұлдыз сияқты нейроциттердің екінші бөлігі эфферентті пирамидалық жасушаларға қоздырушы ықпал жасайды.



3. Ұршық тәрізді нейрондар. Ұзын аксондары бар, олар бойлай немесе тігінен бағытталуы мүмкін.

Бас миының цитоархитектоникасы. Жоғарыда аталған нейрондар қыртыста қалыптасқан тәртіптен орналасқан, олар бойлай орналасқан (горизонталды) алты қабатты түзейді (7сурет).


7 сурет. Бас миы қыртысының цитоархитектоникасы
1. молекулярлық қабат

2. сыртқы түйіршікті қабат

3. пирамидалық қабат

4. ішкі түйіршікті қабат

5. ганглионарлық қабат

6. полиморфты жасушалар қабаты



I. Молекулярлық қабат- қыртыстың ең сыртқы қабаты. Қыртыстың үстіңгі бетіне параллельді қалың тангенциалды жүйкелік талшықтардың өрімі бар. Бұл талшықтардың негізін астыңғы қабаттардың пирамидалық нейрондарының тармақталған апикалды дендриттері құрайды. Таламустың ядроларының афферентті таламокортикалдық талшықтары да осында келіп, қыртыс нейрондарының қозу денгейін реттейді. Молекулярлық қабатта негізінен ұршық тәрізді ендірме нейрондар (Рамон және Кахаль жасушалары) анықталады. Олардың да аксондары тангенциалды өрімнің құрамына кіреді де, төменгі қабаттың нейрондарына қозуды жеткізеді. Қабатта нейрондардан басқа глиалдық жасушалар болады.

II. Сыртқы түйіршікті қабат көптеген жұлдыз тәрізді жасушалардан құралады, ал төменгі бөлігінде кіші пирамидалық нейрондар пайда болады. Бұл қабаттың нейрондарының апикалдық дендриттері молекулярлық қабатқа көтеріліп таламокартикалдық жүйкелік талшықтармен синапстар түзейді. Бүйірлік дендриттер осы қабаттың өзінде көрші нейрондармен байланыс құрайды. Аксондары үшінші, бесінші, алтыншы қабаттарға барып синапстар түзейді, олардан шыққан коллатералдар кері қайтып, молекулярлық қабатқа барады. Қабат көбінесе ассоциативтік қызмет атқарып, қыртыстың сенсорлық және ассоциативтік аймақтарында жақсы дамып жетіледі.

III. Пирамидалық қабат орташа көлемді пирамидалық нейрондардан тұрады. Олардың көлемі қабаттың тереңіне қарай ұлғая түседі. Нейрондардың ден-дриттері екінші қабаттағыдай бағытталған. Аксондары ассоциативті жүй-келік талшықтарды құрайды. Олар не төменгі қабаттардың нейрондарымен байланысады, немесе ақ зат арқылы қыртыстың көрші аймақтарына барып, осы қабаттың өзінің нейрондарымен синапс түзейді.

IV. Ішкі түйіршікті қабатта көптеген жұлдыз тәрізді нейрондар және ұсақ пирамидалық жасушалар анықталады. Бұл жерде орналасқан нейрондар қыз-меті бойынша сенсорлық болып келеді. Олар басқа типті нейрондармен көп-теген ассоциативті байланыстарды түзейді. Бұл жерде талаомокортикалды жүйкелік талшықтардың көбі аяқталады. Бұл талшықтар тығыз қабат құрап, сыртқы Белларже жолағы деп аталады. Қабат көру, есту аймақтарында өте жақсы дамып жетілген, ал моторлық аймақтарда жоққа тән.

V. Ганглионарлық қабат ірі пирамидалық нейрондармен немесе Бец жасушаларымен берілген. Бұлар ірі нейрондар, көбінесе қыртыстың моторлық аймағында кездеседі. Олардың апикалдық дендриттері молекулярлық қабатқа көтеріліп көп тармақталады. Бүйірлік дендриттер көрші Бец жасушасымен байланыс құрайды. Аксондары ақ затқа өтіп кортикоспиналды (пирамидалық) және кортикобульбарлық өткізу жолдарын құрайды. Аксондары басқа Бец жасушаларына коллатералдар бере алады.

VI. Полиморфты жасушалар қабаты немесе ұршықша пішінді жасушалар қабаты. Бұл жерде, сондай-ақ, пирамидалық, жұлдызшалы нейрондар болады. Махтиготти жасушасы және тағы басқа жасушалар бар. Бұл қабаттың нейрондарының дендриттері молекулярлық қабатқа көтеріледі және қыртыстан келетін эфферентті (кортикоталамикалық) жолды құрайды. Мартиготти жасушасы басқалармен салыстырғанда кері бағытталған. Олардың аксоны молекулярлық қабатқа көтеріліп, қабаттың басқа нейрондарымен синапстар құрайды, ал дендриттері өз қабатының нейрондарының аксондарымен байланысады. Жасушалар тежегіш нейрондар болып табылады.

Бұндай алты қабаттық құрылым қыртыстың барлық жеріне тән. Бірақ олардың даму деңгейі әртүрлі аймақтарда әрқилы. Осы ерекшелегіне және гистологиялық белгілеріне, мысалы, нейрондардың орналасу жиілігіне және пішініне қарап, К.Брондман елу архитектониялық алаңдарды ажыратқан. Кейінірек, қыртыстың қызметтік және нейрохимиялық ерекшеліктеріне орай бөлінген алаңдардың осы цитоархитектоникалық жіктеуге сәйкестігі анықталды. Мысалы, сенсорлық және моторлық аймақтарды салыстырғанда сезімтал аймақта сыртқы пирамидалық қабаттың нашар дамығаны, ал түйіршікті қабаттары жақсы дамығаны байқалды. Қыртыстың бұл түрі гранулярлық немесе түйіршікті деп аталды. Қимылдатқыш аймақтарда, керісінше, түйіршікті қабаттар нашар жетілген, ал пирамидалық үшінші, бесінші, алтыншы қабаттар өте жақсы дамыған. Ми қыртысының бұл түрі агранулярлық немесе түйіршіксіз деп аталады.

Қыртыстың нейрондары пішінімен, орналасу аймағымен және медиа-торларымен ажыратылады. Медиаторларына қарап қыртыста оннан астам не-йрондардың түрін айыруға болады. Оларда нейромедиатор қызметін ацетил-холин, серотонин, норадреналин, вазоинтестинальды полипептид,соматоста-тин, холецистокинин, глутамин қышқылы сияқты көптеген заттар атқарады.

Қыртыстың миелоархитектоникасы дегеніміз ондағы жүйке талшықтардың орналасу сипаты.Қыртыстың жүйкелік талшықтары келесі топтарға бөлінеді:


  1. проекциондық (эфференті және афференті) - қыртысты мидың төмен жатқан бөліктерімен байланыстырады

  2. ассоциативті - бір жартышардың әртүрлі аймақтарын байланыстырады

  3. комиссуралды - бір деңгейдегі екі жартышарларды бір-бірімен байланыстырады.

Олар қыртыста негізгі үш өрімді түзейді.

  1. Тангенциалды өрім молекулярлық қабатта орналасады. Ол төменгі қабаттардың нейрондарының дендриттерінен және таламокортикалды жүйкелік талшықтарынан құралған.

  2. Сыртқы Белларже жолағы негізінен таламокортикалды жүйкелік талшықтардан тұрып, ішкі түйіршікті қабаттың деңгейінде анықталады.

  3. Ішкі Белларже жолағы - бесінші қабаттың аксондарының коллатералдарынан және проекциондық жүйкелік талшықтардан құралады. Жолақ бесінші морфологиялық қабаттың деңгейінде орналасқан.

Аталғандардан басқа кейде төртінші өрімді – Кез-Бехтерев жолағын ажыратады. Ол екінші қабаттың деңгейінде орналасып, ассоциативті және комиссуралді жүйкелік талшықтардан тұрады.
ҚЫРТЫСТЫҢ КОЛОННАЛЫҚ (МОДУЛЬДІК) ҚҰРЫЛЫСЫ
1957 жылы В.Маунткасл егер электродты қыртысқа тігінен кіргізсе, жауап беретін нейрондар бір модальдық шеңберде екенін, ал егер қиғаш кіргізсе - әр түрлі модальды нейрондар жауап беретінін анықтауының негізінде модальдық немесе колонналық теорияны қалыптастырған. Оның ойынша қыртыста қарапайым морфофунциональдық бірліктер колонна немесе модуль бойынша түзеледі. Модульде бір модальдық немесе жиіліктегі рецепторлардан келген мәліметтің бастапқы өңделуі жүреді.

Кейінірек Д.Хьюбел және Т.Визел көру қыртысының колонналық құрылымын көрсеткен еді. Колонналардың нейрондық құрамын венгер гистологы Д.Сентаготан толық сипаттап берді. Аталған ғалымдар 1981ж. ашқан осы жаналықтары үшін Нобель сыйлығына ие болды.

Қазір сенсомоторлық қыртыстың әрбір колоннасының құрамына бірнеше морфологиялық микромодуль кіреді деп есептеледі. Микромодульге бес - алты ұялай орналасқан нейрондар біріктірілген. Оның құрамына апикалдық дендриттері бір-біріне өте тығыз жақындасып шоғыр құраған, бірнеше пирамидалық жасушалар кіреді. Осы шоғырдың шеңберінде ұйымның синхронды жұмысын қамтамасыз ететін электрлік синапстар болады. Пирамидалық жасушаларға жұлдыз тәрізді жасушалар жақындай тығыз орналасқан. Олармен микромодульге келіп кіретін таламокортикалды және кортикокортикалды жүйкелік талшықтар байланыстар құрайды. Жұлдыз тәрізді нейрондардың кейбіреуі тежегіш, кейбіреуі - қоздырушылық қызмет атқарады. Пирамидалық жасушалардың аксондары модуль шеңберінде тежеуіш немесе белсендіру ықпалын жасайтын, кері қайтушы коллатералдарды береді.

Бірнеше құрылымдық микромодульдер, таламокортикалды жүйкелік талшықтар терминалінің горизонтальды тармақталуының және жұлдыз тәрізді нейрондардың аксондарымен біріктірілуінің нәтижесінде макроколоннаны немесе макромодульді түзейді. Әрбір колонна қызметтік бірегейлігімен сипатталады, бұл бүкіл нейрондардың бір модальдық тітіркендіргішке жауап беруімен анықталады. Сонымен, колоннада үш негізгі бөлікті ажыратады: 1) кіріс - сенсорлық басты коллектор таламустан немесе басқа қыртыс аймақтарынан мәлімет әкелетін таломокортикалды немесе кортикокортикалды талшықтар; 2) мәліметті өңдеу аймағы – бір-бірімен тежегіш немесе белсендіруші синапстармен байланыстырылған пирамидалық және жұлдыз тәрізді жасушалар; 3) шығыс – пирамидалық жасушалардың аксондары. Орташа көлемді үшінші қабаттың пирамидалық жасушаларының аксондары көбінесе көрші колонналармен және қарамақарсы жартышарлардың колонналарымен байланысады, ал үлкен және өте ірі (гигантты) бесінші қабаттың пирамидалық нейрондарының аксондары қыртыс асты орталықтарға немесе жұлынға барады да, алтыншы қабаттың жасушаларының аксондарымен бірігіп қыртыстың эфферентті шығыстарын түзейді.

Құрылымдық колонналар қызметтік колонналарға бірігіп, рефлекторлық әрекеттің белгілі бір түріне жауап береді. Адамды әр түрлі әрекеттерге үйрету көптеген функционалдық колонналардың түзелуімен жүреді.
ГЕМАТОЭНЦЕФАЛДЫҚ ТОСҚАУЫЛ
Бұл қан және жүйкелік жасушалар арасындағы тосқауыл. Оның келесі қызметтерін ажыратады:

1). Аутоиммунды процесті бастауға қабілетті иммунокомпонентті жасушаларды және зиянды заттарды өткізбеу

2). Нейрондарға қоректі және реттеуші заттардың жеткізілуін жеңілдету.

Гематоэнцефалдық тосқауыл бірнеше компоненттерден тұрады:



  • капиллярлардың эндотелиі

  • үзіксіз капиллярлардың базальдық мембранасы

  • астроцитті макроглияның өсінділерінен құралған сыртқы глиалдық шекаралық мембрана

  • микроглия

  • мантиялық глия және астроциттердің өсінділерінен құралған нейрондардың денесінің сыртындағы қабықшалар.


МИШЫҚ
Мишық тепе-теңдік сақтау орталығының, күрделі және автоматиялық қимылдарды қадағалау қызметін орындайды. Бұлшық ет тонусын ұстап тұруға көмектеседі. Артикуляцияны реттейді. Вегетативті сегмент үсті жүйкелік орталықтың құрамына кіреді де көптеген үрдістердің өтуіне қатысады: шаштың көтерілуі, қарашық рефлекстері, терінің қоректенуі, ішкі мүшелердің жұмысы. Мишық әрбір қимылды, оның параметрлерін қадағалайды. Жұлыннан, вестибулярлық ядролардан, ретикулярлық түзілістен және қыртыстан келетін барлық мәліметті біріктіреді. Тірек-қимыл аппаратынан мишыққа мәліметтер әр түрлі жолдармен келеді: жұлынмишықтық (жүйкелік-бұлшық еттің және жүйкелік-сіңірлік ұршықшалардан), зәйтүн-мишықтық (бұлшық ет рецепторларынан).

Мишық екі жартышарлардан және орталық бөлігінен тұрады, үш жұп аяқшасы арқылы ол бас миының басқа бөліктерімен байланыста болады. Мишықтың ақ және сұр заттарын ажыратады. Сұр заты – мишықтың қыртысынан және үш жұп ақ затта орналасқан ядролардан құралған.

1. Фастигинальды немесе шатыр ядросы. Оның нейрондары вестибулярлық ядромен және ретикулярлық түзіліспен байланысты.

2. Аралық (ендірме) ядро, фастигинальды ядродан шеттеу орналасқан. Ол екі бөліктен тұрады: шар тәрізді және пробка пішінді ядролардан. Ендірме ядродан аксондар орталық мидағы қызыл ядроға барады.

3. Барлық ядролардан көрі шеттеу тісті ядро орналасады. Одан шыққан талшықтар таламусқа, ал одан кейін екінші реттік аксондар бас миының моторлық аймақтарына бағытталады.

Мишықтың қыртысы қатпарлар түзейді. Қыртыс ақ заттың сыртынан орналасып, үш қабаттан тұрады (8 сурет).



1. Молекулярлық қабатта түйіршікті қабаттың жасушаларының аксондарының Т-тәрізді тармақтары, басқа қабаттардың аксондары мен дендриттерінің тармақтарынан құралған параллельді жүйкелік талшықтар орналасқан. Себет тәрізді нейрондар молекулярлық қабаттың төменгі 1/3 бөлігінде орныққан. Жасушалардың аксондары ұзын, ганглионарлық қабаттың алмұрт тәрізді нейрондарының денесіне жетіп, сол жерде себет түріндегі синапстар түзейді. Бір себет тәрізді жасуша коллатералдарының есебінен екі жүз қырықтан астам алмұрт тәрізді нейрондармен байланыса алады. Себет тәрізді жасушалардан жоғарырақ екі түрлі нейрондар орналасады: қысқа аксонды жұлдыз тәрізді нейрондар алмұрт тәрізді жасушалардың дендриттерімен синапстар құрайды, ал ұзын аксонды жұлдыз тәрізді жасушалар алмұрт тәрізді нейрондардың дендриттерімен ғана емес, олардың денесіне де аксондарының тармақтары арқылы келіп, себеттерді қалыптастыруға қатысады. Себет тәрізді және жұлдыз тәрізді жасушалар түйіршікті жасушалардың аксондарымен де синапстар құрайды. Бұл жасушалар интернейрондардың ролін атқарады.

2. Ганглионарлық қабат бір қатар болып орналасқан Пуркиньенің алмұрт тәрізді нейрондарынан тұрады. Бұл жасушаларының перикарионының көлемі 60х35 микрометр болады. Жасушаның негізінен мишықтың ядроларына және вестибулярлық ядроларға баратын аксон шығады.


8 сурет. Мишықтың құрылысы
Мишықтың қабаттары
А. молекулярлық

Б. ганглионарлық

В. түйіршікті
Мишықтың жасушалары
1. жұлдыз тәрізді нейрондар

2. себет тәрізді нейрондар

3. алмұрт тәрізді нейрондар (Пуркинье жасушалары)

4. түйіршік жасушалар

Алмұрт тәрізді жасушалардың аксоны – мишықтың қыртысынан шығатын жалғыз жол. Олар көрші алмұрт тәрізді жасушаларда аяқталатын коллатералдар береді. Әрбір Пуркинье жасушасының ұшынан екі-үш дендрит шығып, бірінші, екінші, үшінші реттік тармақтарға бөлінеді. Дендриттерде молекулярлық және түйіршікті қабаттардың жасушаларының көптеген тікенек түріндегі синапстары анықталады. Пуркинье жасушасының перикарион аймағында басқа жүйкелік жасушалардың аксондарының өрімі «себет» құрайды.

«Себетті» құрауға келесі жасушалар қатысады: себет тәрізді жасушалардың аксоны; ұзын аксонды жұлдыз тәрізді жасушалар; шырмауық тәрізді талшықтар.



3. Түйіршікті қабат. Қабатты құрайтын жасушалардың басты түрі түйіршік жасушалар болып табылады. Олар мишық қыртысының ең көп жасушаларына жатады, (жалпы саны шамамен 1010-1011). Жасушаның үштен алтыға дейін дендриттері бар, олар құсаяғына ұқсай тармақталады, аксоны молекулярлық қабатқа көтеріліп, Т-тәрізді таралады. Бұл тармақтар қатпардың бетіне параллелді жүріп, 200-500 Пуркинье жасушасының дендриттерімен және молекулярлық қабаттың себет тәрізді, жұлдыз тәрізді жасушаларының дендриттерімен байланысады. Түйіршік-жасушалардың дендриттеріне афферентті мүк тәрізді жүйкелік талшықтар келіп мишықтың шумақтары түрінде синапстар түзейді. Бұл жасушалар Пуркинье жасушаларына белсендіру ықпалын тигізеді.

Түйіршік жасушадан басқа түйіршікті қабатта Гольджи жасушасының үш түрін ажыратады:



1). қысқа өсінділі Гольджидің жұлдыз тәрізді жасушасы. Олардың дендриттері молекулярлық қабатқа көтеріліп түйіршік жасушалардың аксондарымен синапстар құрайды. Аксондары түйіршік жасушалардың дендриттерімен синапс арқылы байланысады. Олар мүк тәрізді талшықтар арқылы келген импульсті тежей алады.

2). ұзын өсінділі Гольджидің жұлдыз тәрізді жасушалары. Олардың қызметі мишықтың әр түрлі аймақтарын байланыстыру. Бұл жасушалардың дендриттері түйіршікті қабаттың жасушаларымен синапс құрайды, ал аксондары ақ затқа өтіп, кейін қыртысқа кері қайтады.

3). Гольджидің горизонтальды нейрондары. Олардың дендриттері ганглионарлық және түйіршікті қабаттарда орналасқан, ал аксондары жолшыбай коллатералдар бере отырып, ақ затқа өтеді. Барлық Гольджи жасушалары тежегіштерге жатқызылады.

Афференті талшықтар немесе мишық «кірісі». Мишыққа мәлімет үш талшықтар арқылы келуі мүмкін (9сурет).

1). Мүк тәрізді талшықтар зәйтүнмишықтық және көпірмишықтық жолдардың құрамында мишыққа кіріп, түйіршік жасушалардың дендриттерінде синапс түрінде аяқталады.

2). Шырмауық тәрізді талшықтар мишыққа жұлынмишықтық және вестибуломишықтық жолдардың құрамында кіреді де алмұрт тәрізді нейрондардың денесі мен дендриттерінде синапстар түзейді.

3). Адренергиялық талшықтар орталық мидағы көгілдір дақтан келеді. Мишықтың нейрондарының қоздырғыштығын реттейді.

Пуркинье жасушалары тежегіш болып табылады, олар мишық ядроларының нейрондарының қызметін басады. Оның нәтижесінде қимылдату үрдістері реттеледі. Қимыл-қозғалыстың мағыналы да дәлме-дәл болуы қамтамасыз етіледі. Пуркинье жасушаларының қозуы мишық ядроларының нейрондарының тежелуіне әкеледі. Ал Пуркинье жасушалары, өз кезегінде, мүк тәрізді және шырмауық тәрізді талшықтардан келген импульстің ықпалының нәтижесінде қозуға кірісе алады. Егер қозу импульсі мүк тәрізді талшық арқылы өтетін болса, қозу жолын келесі тізбек түрінде анықтаймыз: мүк тәрізді талшық түйіршік-жасуша оның аксоны молекулярлық қабатта Пуркинье жасушасының дендриттерімен байланыс Пуркинье жасушасының денесі мишық ядросы. Егер импульс шырмауық тәрізді талшық арқылы жүретін болса



9 сурет. Мишықтың қыртысы. [В. Г. Елисеев, Ю. И. Афанасьев, Е. Ф. Котовский бойынша]

Мишыққа кіретін афферентті талшықтар:

1 – шырмауық тәрізді талшықтар

2 – мүк тәрізді талшықтар

Мишықтың жасушалары:
І - ганглионарлық қабат

3 – алмұрт тәрізді жасушалар

3А – алмұрт тәрізді нейрондардың дендриттері

3Б – алмұрт тәрізді нейрондардың аксондары

ІІ - Түйіршікті қабат

4 – түйіршік жасушалар

5 – Гольджи жасушалары

ІІІ - Молекулярлық қабат

6 – себет тәрізді жасушалар

7 – жұлдыз тәрізді жасушалар

бұл тізбек қысқарақ болады да, келесідей болып қалыптасады: шырмауық тәрізді талшық Пуркинье жасушасының дендриті немесе денесі оның аксоны мишық ядросы. Қозу жолдарынан басқа мишықта тежегіш жолдар да бар. Олар жұлдыз тәрізді және себет тәрізді жасушалардың қатысуымен жүреді. Байланыстардың жолы келесідей: мүк тәрізді талшық түйіршік-жасуша оның аксоны жұлдыз және себет тәрізді

жасушалардың дендриттерімен байланыс және олардың қозуы жұлдыз және себет тәрізді жасушалардың аксондарының Пуркинье жасушаларының дендриттерімен немесе денелерімен синапстар алмұрт тәрізді жасушаның тежелуі. Осының нәтижесінде мишық ядроларының белсенділігі артады. Қоздырушы синапстарда медиаторлар глутамат және аспартат, ал тежеуіштерде γ-аминомай қышқылы болып табылады. Мишықтың құрамында көптеген пептидергиялық нейрондар кездеседі.

Мишықтың патологиясы қимылдың дәлме-дәлділігінің және нақтылығының бұзылуымен белгіленеді:


  • атаксия – теңселу, тәлтіректеу т.б. түрде жүрудің бұзылуы

  • атония - бұлшық еттің табиғи тонусының бәсеңдеуі

  • астазия - бұлшық ет треморы немесе дірілі пайда болып, еріксіз және керексіз қимылдар жасау

  • дизартрия – табиғи екпінмен сөйлей алмай, кейде буынға бөліп баяу сөйлеу, кейде жедел сөйлеу

  • адиадохокинез - шапшаң әрі дәйекті қимылдарды істей алмау

  • қимыл мен оның күшінің сәйкессіздігі (тез тоқтата алмау)

Мишық глиясының құрамында келесі жасушалар болады: 1). ақ затта – талшықты, сұр затта – плазмалық астроциттер. 2). мантиялық олигодендроглиоциттер және леммоциттер. 3). микроглия. 4). Бергманның жасуша-талшықтары немесе Гольджидің эпителиалдық жасушалары. Олар Пуркинье жасушасының денелерінің арасында орналасады. Гольджидің эпителиальдық жасушаларының денелерінен шыққан өсінділер қыртыстың ішімен өтіп, шекаралық глиальдық мембраналар түзейді.
ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІНІҢ АДАМНЫҢ ЖАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ӨЗГЕРІСТЕРІ
Ерте постнатальды кезеңдегі жүйке жүйесінің өзгерістері оның жетілуімен байланысты өтеді. Нәрестенің ми қыртысында орналасқан нейрондарының ядро мен цитоплазмасының арақатынасы өте жоғары болады. Бала өскен сайын бұл көрсеткіш төмендей бастайды, өйткені жасушаларда цитоплазманың үлесі артады (10 сурет). Өзгерістер бірінші болып қыртыстың екінші және төртінші қабаттарында орныққан пирамидалық нейрондарда байқалады. Түйіршік-жасушаларда, кіші пирамидалық нейрондарда аталған өзгерістер баяу дамиды. Уақыт алға озған сайын синаптикалық байланыстардың саны да өседі.

Нәрестеде бас миы қыртысының кейбір алаңдарында, мысалы маңдай және самай йірімдері аймағында, аксондардың миелинді қабаттары болмай-ды. Олар бала туғаннан кейін біраз уақыттан соң пайда болады. Жүйкелік талшықтар мен глияның мөлшері балаларда бірте-бірте арта бастайды.

Үлкен мидың қыртысының дамуы барысында ересек адамдарда, нәрестемен салыстырғанда, нейрондар сиректеу орналасады, бірақ жасушалардың жалпы саны өзгермейді. Адамның өмірі ұзарған сайын нейрондардың саны біртіндеп азая бастайды. Жүйкелік жасушалардың санының азаюы егде тарқан және қартайған адамдарда қарқынды жүреді. Бас миының қыртысында зиянды әсерлердің салдарынан тез зақымдалатын жасушаларға үлкен көлемді пирамида тәрізді, ал мишықта алмұрт тәрізді нейрондар жатады. Дифференциялану барысында жүйке жасушалары көбею қабілетінен айырылады. Сыртқы ортаның залалды әсерлері, әртүрлі ішкі ауытқулар жасушалардың зақымдалуына әкеледі. Мысалы, миға келетін қанның мөлшерінің азаюы, уытты заттардың ықпалы, әртүрлі стресстер, шамадан тыс мөлшерде жинақталған зиянды қалдық заттар (мысалы, липофусцин пигменті) нейрондарда қалпына келмейтін өзгерістердің қалыптасуына жауапты. Ал бұл жағдай апоптоз жолымен жойылу бағдарламасының басталуына себеп болады. Басқалардан көрі тезірек зақымдалатын нейроциттер қатарында сезімтал жасушалар көбірек анықталады. Қалған жасушаларда зат алмасу деңгейі қалыпта жағдаймен салыстырғанда көп төмендейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет