Қасым поэзиясындағы мәңгілік құндылықтың мәні
А.Б. Салқынбай – ӘлФараби атындағы ҚазҰУ профессоры
asalkbek@mail.ru
Қазақтың патша сөзіне олжа салған Қасым Аманжолов поэзиясының мәңгілік құндылыққа айналуының басты құпиясы қандай?
Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап табары хақ.
Десек те, Қасым ақынның ақындық ұлылығы дауыл жырдың дауылпазы болғандығы ғана емес, көмейден төгілген патша сөздің ұлылыққа арналғандығымен де байланысты болса керек. Біздіңше бұл ұлылық – ең алдымен, Қазақтың ұлы даласы, Жер анасы, туған Далаcы – Отан анасы!
Қасым ақынның туған Дала, атамекен – Қазақ даласы! Оның шығармашылығының басты концептологиялық негізі мен алтын діңгегі – қазақ даласына деген перзенттік таза махаббат. Осы орталық мән арқылы ақын бейнесі тілдік тұлға ретінде де, жеке ақын ретінде де биіктейді. Ақындық концептосфера ұлғая келе халықтық дүниетанымның тереңімен астасып, өзектесіп, ұлттық болмыстың көрінісін танытар, биігін асқақтатар сипатқа ие болады да, ұлттық рухани байлықтың бір өзегіне өзі де айналады. Ұлттық тілдің концептік ауқымына қарап, ұлт мәдениеті, әдебиеті, дәстүрі, шындық пен жалғандық туралы, өлім мен өмір туралы, материалдық және рухани құндылықтар туралы дүниетанымдық келбеті танылады.
Атақты ғалым В.И. Вернадский «ноосфера есть новое геологическое явление на нашей планете, в ней впервые человек становится крупнейшей геологической силой» (1988.509) – деп жазған екен. Адамзат баласының жаратылыстағы маңызы мен рөлі күннен күнге өсе түсуде. Адамзат баласының Жер-Анаға деген қамқорлығы азайды ма, әлде ұлғайды ма, оны айту бізге қиындау, әйтеуір қазіргі әлемдік экология мәселесі ең мазасыз күйде екені анық.
Қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі рухани мәдениетінде әлем бейнесін өзіндік ерекше түсінікбайламмен бейнелеп, ұлттық мәдениет қалыптастырғанын, құндылықтарды өзіндік бағалау жолы бар екенін, әрі мұны тілдік бірліктермен таңбалап, саналы ұрпаққа жолдағаны белгілі жайт.
Осы дәстүрлі пайымдауларды бойына сіңірген Қасымның “Туған жер”өлеңін тебіренбей оқу мүмкін емес:
Уа, дариға – алтын бесік туған жер,
Қадырыңды келсем білмей кеше гөр!
Жата алмас ем, топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Туған жерге деген шалқар сезімнен туған өлеңде ұлттық бояу қалың. Зерттеуші ғалымдардың пікірлеріне сүйенсек, ұлттық тілде сол ұлттың генетикалық коды бейнеленеді. Осы генетикалық код өлеңнің бар болмысынан: ритмикасынан, тіл мелодикасынан, құрылымдықсемантикалық жүйесінен, жүйелі фонетикалық құрамынан, тілдік бірліктердің қолданысынан анық аңғарылады. Өлеңдегі “дариға” тұлғасының келуінде осындай туған жерге деген үлкен қимастық сезім ұлттық генетикалық кодты белгілейді десек қателеспес едік.
“Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің” – деу қазақтық дүниетаным болмысымен үндес. Яки, Қасым ақын өлеңін оқи отыра, ондағы лексикалық бірліктер мен фразеологиялық тіркестердің қолданысынан Қазақ даласының географиялық, климаттық жағдайы, тарихимәдени ерекшелігі, тіпті сол кездегі саяси қалпын терең тануға болады. Ақын өлеңіндегі әр сөз қолданысынан оның саналы түрде өз халқының мәдениетін, танымтүсінігін, жалпы рухани болмысын танытуға талаптанғанын аңғару қиын емес.
“Атамекен” өлеңіне байыптап назар аударалық:
Сүйем сені туған ел - атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Іздеймін деп «Жерұйық», желдей желген
Асанқайғы емеспін, Қасыммын мен.
Қорқыт та емен елсізде, көр басында
Қобызымен сырласып күңіренген.
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей, жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін - осы сертім (1940)
Адам мен табиғат арасындағы ғасырлар қалыптастырған ұлттық мінез осы болар! Өзге жер жақсы екен деп кім өз елін тастап кетер? Атамекен (атадан мұра болып қалған мекен) деген ұғымдық дүниетаным қалыптастырған қазақы мінезге бұл жат. Сондықтан ақын туған жерінде еркелейді, өз елінде өзендей гүрілдейді, тасиды, шалқиды. Жарасады.
Жерұйық іздеген Асан қайғы мен Қобызымен сырласып күңіренген Қорқыт та бола алмайды Қасым. Ұлылардың көзқарасы мен дүниетанымдық тағылымының арасынан оппозициялық қатынас іздемесек те, ұлттық ментальдық мәнге жақыны қайсы деп ойлануға тұрарлық, өйткені ұлттық санада қалыптасқан ұлттық негізгі мәнді танытатын концептер жүйесі концептуальдық дүниетанымдық құбылысты құрайды.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Бұл – ақын ұсынар концептік жүйе.
Атамекен, туған жер концепті арқылы «өзімбөтен» ұғымы арасындағы оппозициялық қатынас көрініс табады. Л.Н. Гумилев «евразийские народы строили общую государственность, исходя из принципа первичности п р а в к а ж д о г о н а р о д а на определенный образ жизни. На Руси этот принцип воплотился в концепции соборности и соблюдался совершенно неукоснительно» деп жазады (От Руси к России -М.,1992:298). Ал қазақ баласы үшін «атамекен» концептісінің мәні де терең. Атабабасына мекен болып, өзіне мирас етілген атамекен ұғымына негізделіп, қасиетті киелі топырақ, қасиетті жер ұғымымен астасады.
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей, жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін - осы сертім.
Ерке өсіп, өмірде еркін өсу – тек өз елінде, өлең төсегінде, атамекенінде болғандықтан ғана. Сондықтан да ақын өз елінде еркелеуге, шалқыптасуға қорықпайақ серт ете алады.
Атамекен, туған жер ұғымын ұлттық болмыста ұғынған ақын ғана:
Хан Тәңірі – қарт Тян-Шань жүрегі,
Хан Тәңірі – көк аспанның тірегі.
Хан Тәңірі – көп жасаған қария,
Хан Тәңірі – жер жүзіне жария, – деп жырлап,
Алатау бұлт асырмай асқарынан,
Тұр қарап туған дала аспанынан.
Асылып Алатауға ай менен күн,
Жарқылдап шұғыла шашқан тастарынан,– деп таңырқап,
Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе, – деп армандай,
Сағындым сені Оралым, – деп аңсай,
Күй төгіп, кернейлетіп ағады Ертіс,
Лебімен балқытады даланы Ертіс, – деп ардақтай,
Сарыарқа сапсары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға, – деп дәріптеп жазар болар.
«Атамекен» ұғымы Қасым өлеңдерінде «туған жер», «туған ел», «советтік менің өз елім», «Отан», «Алтын ұям», «Атам қазақ», «дала», «алтын ұйық», «Алтын бесік», «жер жаннатым», «жерұйық» атауларымен беріледі. Бұл тұлғалардың ішінде жиі ұшырасатыны «туған жер», «атамекен». Аталған синонимдік тұлғалар туған жер деген жалпы семантикаға ие.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Жарты дүние әлемін алып жатқан даласына мақтанышпен қарайтын ақынның еліне айтары мол.
Мынау дала біздер өскен кең мекен –
Қызыл тулы ел – Қазақстан дейтұғын! - немесе,
«Дала» - кеңдіктің ғана символы емес, ол кешегі арғы-бергі тарихымыздың куәгері:
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылар келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
«Алтын ұям», «Атам қазақ», «алтын ұйық», «Алтын бесік» тұлғалары сүйікті, қымбат семантикасын иеленген.
«Қазақстан» ұғымының айналасында шоғырланған ассоциативті байланысы бар тұлғалардың ядролық негізін айқындауға болар еді. Ұғымның негізгі бөліктеріндегі мәнді анықтау туған жердің қазақ өміріндегі мәнін, маңызын саралауға мүмкіндік береді. Қасым Аманжолов поэзиясында кездесетін ұғымдардың мынадай негізгі бөліктерін айқындауға болар еді:
Қазақстан – атамекен
Қазақстан - туған жер;
Қазақстан – ұлы Отан;
Қазақстан – ырыс, береке;
Қазақстан – кең байтақ дала;
Қазақстан - қазыналы орда;
Қазақстан – дала-дастархан
Қазақстан - үй
Қазақстан - Алтын ұям
Қазақстан - алтын ұйық
Қазақстан – советтік менің өз елім
Қазақстан - Алтын бесік
Қазақстан - жер жаннатым
Қазақстан – жерұйық
Қазақстан – ұлы жер
Қазақстан – алтын діңгек
Көк дауылдай кеуделі дауылдың ұлы, дауылсыз тұра алмайтын бұла мінез – атамекен, туған жер алдында бала көңіл, елінің асқақ арманы. Когнитивтік белгілер тілдік таңбалар арқылы айқындалып, ұлттық таныммен астасып жатады.
Ақынның:
Көк құрыштан құйылғандай бір елміз,
Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.
Әніміз бар асқақ жалау сықылды.
Көтерілсе – тік көтерер жұртымды,
Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз, –
деген өлең жолдарын оқығанда, атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз”, – деп басталатын мәрт мінезі мен намысқа суарылған шымыр сөздерінің бүгінгі жалғасын танисыз. Мұндай толғамы терең толғауда қазақ елінің шыңдалған рухы мен биік намысы айқын көрініп тұрары анық. “Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол патшаның ұлы емес” дейтін қазақтың сөзінде тәккәппар дала ұландарының дәстүрлі философиясы айқын көрініс алған.
Қасым Аманжолов поэзиясына мағыналықтанымдық талдау жасау барысында ел, туған жер, Қазақстан атауларының жиі кездесетінін, олардың қолданысындағы концептуальдық мән – сөз мағынасының айқындығы мен нақтылығы, тұрақтылығы мен жарқындығы екенін зерделеу қиынға түспейді. Басты философиялық ой – туған жерге, оның бетегесі мен беліне, тауы мен тасына деген балалық сүйіспеншілік; ақын атамекенінде – бала, «өз жері, өз елінде еркелейді». Бары да, бақыты да, жақыны да, жүрегінің досы да болған өлеңі гүрілдеп жалын атқан көрік кеудеден құйылғанда туған жер деп еркелей шығып, туған ел деп қанат қағады, «баспана бер» деп шырылдап, астанамды сонда да тастамаймын деп асқақтайды. Ақын өзі айтқандай «серінің семсеріндей сертке таққан өлең» жолдары атамекенінің әр тасын жыр шумақтарына арқау етеді.
Оқиық:
Көктем келіп, күліп жатқан тастарды
Басуға мен имендім.
«Әттең, шіркін, берер ме еді сезімді?
Тас болғаны – жазғаны».
Деп тұрғанда бір есерсоқ өзімді
Басып кете жаздады.
Мұндағы әрекет – соншалықты нақты. Ақын сезімі бар, ақынды қоршаған орта бар. Көктем келгенде тастар да күледі екен, ал соғыс бітіп, сол соғысқа қатысып, денсаулығын берген ақынға адамдар «көктемде» күлді де екен? Ойдың екінші жалғасы біздің ойымызды сансаққа әкетеді. Мұндағы ойдың мәнін әркімнің патша көңілі әртүрлі қабылдары хақ. Жүзі жаз, көңілі көктем болған ақын жүрегі не айтқысы келгені тілдік таңбамен берілмейді, сөздің алғашқы мағынасы арқылы берілген мән өлеңнің түпкі мәнін емес, тек бергі сипатын көрсетеді. Вильгельм фон Гумбольдттың ойлап тапқан сөздің «ішкі формасы» қисынымен өлеңнің ішіне үңіліп көріңіз. Туынды сөздің ішкі формасы – атаудың өзін құрайтын сыңарлармен тұлғалық және мағыналық жағынан жақындығы, байланысы ретінде қарастырылады. Бұл таза тілдік бірліктердің бір-бірін негіздеуі түрінде танылады. Атаудың ішкі формасын анықтауда лингвомәдени аспектіден зерделеудің маңызы ерекше саналады. Мұнда әсіресе, этнолингвистикалық атаулардың табиғатын танып, мотивін анықтауда маңызы ерекше. Ақын қолданысындағы «есерсоқ» туынды сөзінің түпкі негізі – «ес», одан «есер» – «есерсоқ»; есі бірде бар, бірде жоқ, әрі-сәрі жан дегенді нұсқайды да, негізгі семадан ауытқымайды. Басып кете жаздап жүре беретін есерсоқтар бүгін жоқ деп айта алар ма едіңіз?
Туған жердің тасына еміреніп, тастан да көктемнің күлкісін іздеген ақын жүрегінің нұрлы шуағын сезіну туған жер ұғымының концептуальдық құндылыққа жеткендігінің айғағыңдай. Автор шығармашылығында атамекен ұғымының анықталуы жеке сөздер қолданысымен, синонимдік қатарлардың молдығымен де бір-бірін толықтырып, бірінің орнына бірі жұмсалып, ерекше бір семантикалық бүтіндікті қалыптастырған. Бұл семантикалық бүтіндік, сөзбен таңбаланған ұғым – атамекен (теріскейі де, күнгейі де, батысы да, шығысы да). Концептуальдық мән ретінде толыққан маңызды ұғым мәденирухани ұлттық концепт ретінде ақын шығармалары арқылы жаңаша қырланып, ерекше сымбатымен жарқырай түседі. «Атамекен» сөзінің осылай таңбалануы мен аталуының өзінде үлкен мән бар екенін жаңаша зерделеп, тіл мен рухани мәдениеттің тарихи терең байланысындағы жүйелі сипатты танып, атаудың терең уәжі бар екенін оймен болжаймыз.
Қасиетті қара сөз «атамекен» ұғымының терең қабатты мәнін жай ғана хабарлап, тарихимәдени, ұлттық сана тереңінде жатқан маңызын керемет кесек қалпында қарапайым бірақ дәл жеткізеді.
Ақынның «Нұрлы дүние» атты өлеңіне көз жіберіңіз:
Нұрлы дүние – думанды елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен,
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін, жасаймын мен!
Ал ендеше, бұған не дейсіз? Көрегендік пе? Әулиелік пе? Болмаса патриоттық па? Бұл сұрақтың жауабын да беруге асықпайық. Әйтеуір, ақынның сөзбен жеткізері – думанды елі үшін туғаны, елі үшін жасайтыны.
Достарыңызбен бөлісу: |