2-модульдің 2.3 тармақшасы.
Біз болашақ бастауыш сынып мұғалімінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамытуға бағытталған төмендегідей арнайы жаттығу түрлерін ұсынамыз:
1) модельдеуші жаттығулар;
2) ізденімпаздықты дамытуға бағытталған (диагностикалық) жаттығулар;
3) кіріктірілген жаттығулар;
4) тәжірибеге бағытталған жаттығулар;
5) логикалық мазмұнды жаттығулар.
Оқу-әдістемелік кешеннің осы тармақшасын дайындау барысында біз 4-сыныпқа арналған «TIMSS тест тапсырмаларының жинағындағы» тапсырмалардың мазмұнына ерекше мән бердік. Өйткені жинақта «математика тапсырмалары үш мазмұндық сала бойынша бөлінген: «Сандар», «Геометриялық фигуралар және өлшемдер», «Мәліметтерді визуализациялау». Сонымен қатар әрбір тапсырма мазмұнды салалардан тиісті танымдық салаларға енгізілген: «Білім», «Қолдану» және «Ойлау» [115,б. 138]. Мұндағы танымдық салалар атауларына сай төртінші сынып оқушыларының білім деңгейлерін тексеруге, жинақталған теориялық білімді тәжірибеде қолдану біліктерін және логикалық ойлауын дамытуға бағытталған. Біздің ұсынып отырған болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаттығуларымыздың басым көпшілігі TIMSS халықаралық зерттеулерінің мазмұнына сай дайындалған.
Модельдеуші жаттығулар адамның кәсіби іс-әрекетіндегі әлеуметтік табыстылығын диагностикалау әдісі болып табылады. Оның негізі болашақ маманның кәсіби іс-әрекетінде кездесетін немесе студент кезінде практикадан өту барысында немесе университетте оқып жүрген кезде басынан кешкен нақты жағдаяттар болып табылады. Студентке бастауыш сынып оқушысының жіберетін типтік қателеріне сай нақты тапсырма беріледі де, сол мәселені не жағдаятты шешудегі өзінің сауаттылығын көрсету жұмысы тапсырылады. Студент алдымен оқушылардың математиканы оқу барысында жіберетін қателіктері немесе қабылдауға, игеруге қиын болатын «күрделі» мәселелерін анықтату жүзеге асырылады. Оқушылардың жіберетін қателері шамамен мынадай:
көп таңбалы сандарды оқу мен жазу;
белгілі бір разряд бірліктері жоқ сандарды жазу;
бөлшек сандарды салыстыру;
қосу мен азайтудың жазбаша алгоритмін орындау кезінде сандарды дұрыс жазбау;
шамаларды түрлендіру;
көп таңбалы сандарды бір, екі таңбалы санға жазбаша бөлу (бөліндінің мәнінде неше таңбалы сан шығатынын білмеу; қалдықтың бөлгіштен кем болатынын білмеу);
есеп шығаруда амалды таңдап алу;
күрделі өрнектердегі амалдардың ретін анықтай алмау;
есептерді шығару барысында шешуін жазуды модельдеу, т.б [151,б. 125].
Жоғарыда келтірілген кез келген мәселе бойынша студентке жағдаяттық тапсырмалар беріледі де, оны шешудің, жағдаяттан шығудың алгоритмін құру тапсырылады. Бұл жаттығу түрінің артықшылығы:
нақты өмірлік жұмыс жағдаяты туындайды;
өз жұмысының нәтижесі бірден байқалады;
өз жұмысының табыстылығы мен тиімділігін дер кезінде анықтайды;
бір жаттығудың көмегімен студент бірнеше әрекеттерді орындай алады, нәтижеге жету үшін тез арада шешім қабылдау қажет;
қиындықтан, тығырықтан шыға алады, болашақ өз кәсіби әрекетінде кездескен жағдайға дайын болады.
Ізденімпаздықты дамытуға бағытталған (диагностикалық) жаттығуларды бір жағынан, алынған білім мен білікті шығармашылық тұрғыдан қолдану жаттығулары деп айтуға болады, алайда өте жоғары деңгейде өткізілетін түрі. Бұл жаттығулар студенттердің негізінен өздік жұмысын, алған білімі мен біліктерін жаңа жағдайда, тіпті қиын, күрделі жағдаяттарда қабілеттерін көрсете алуды, әлдеқайда жоғары дамыған ойлау әрекетінің болуын, кез келген жағдаятты талдай алуды, қорытынды жасауды, өз ісіне, өзгенің ісіне баға бере алуды, бірнеше нұсқалардың ішінен оңтайлысын, қолайлысын, тиімділігін таңдай алуды, өз бетімен кез келген шешім қабылдай алуды талап етеді. Ізденімпаздық жаттығулардың ең жиі тараған түрлері диагностикалық жаттығулар болып табылады. Белгілі бір материалды оқытып үйрету барысында түрлі жаттығуларды орындау кезінде жіберілген қателіктердің, олқылықтардың түрлі нұсқаларын іздестіру, оларды салыстыру, оңтайлысын, дұрыс жолын таба алу, т.б. жүзеге асырылады.
Жинақтағы 36-бет [115,б. 139] тапсырмасын орындау үшін оқушылар зерттеушілік, ізденімпаздық әрекеттер орындайды. Ол тапсырманы орындату үшін болашақ маман тапсырманы орындатудың алгоритмін түзеді:
Сурет 30 – Ізденімпаздыққа бағытталған тапсырма
Қанша сым кесіндісі бар екенін айт.
Қанша моншақ бар екенін айт.
Қанша дана інжу бар екенін айт.
Бір білезік әзірлеу үшін кететін сымның, моншақ пен інжудің санын айт.
«Үштік» (сым, моншақ, інжу) құр.
Сымның неше білезікке жететінін тап.
Моншақ неше білезікке жетеді? Ойлан, тап.
Інжудің неше білезікке жететінін анықта.
Бинұрдың неше білезік жасай алатынын қалай табуға болатынын іздестір.
Жауабын ата.
Осындай бірнеше тапсырмалар келтіруге болады, біз оларды құралда толығымен қарастыратын боламыз. Бастауыш сыныптарда есептің бірнеше түрлері қарастырылады. Есептерді, әсіресе құрама есептерді шығару кезінде оқушылардың (тіпті кейде мұғалімдердің де, студенттердің де) қиналатыны белгілі. Оларды шығарудың түрлі тәсілдері болатынын білмейтіндері де бар. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамытудың арнайы жаттығуларының келесісі – кіріктірілген жаттығулар. Кіріктірілген жаттығулар педагогикадағы кіріктірілген мәселелер сияқты, бірақ оған қарағанда әлдеқайда кең және оны шешу үшін тек қана білім, білік және дағдылардың белгілі бір көлемінің болуы жеткіліксіз. «Кіріктіру» сөзінің өзі қандай да бір бөліктерді, элементтерді бүтінге біріктіру дегенді білдіретін болса, кіріктіру жаттығулары – оқу үдерісі арасындағы байланысты және оларды жақындастыру, үйлестіру жаттығулары. Кіріктірудің екі түрі бар: ішкі кіріктіру және сыртқы кіріктіру. Математиканың өзі кіріктірілген пән, яғни арифметика, геометрия мен алгебра элементтерін біріктірген күрделі кіріккен пән болып табылады. Ішкі кіріктіру, біздің ойымызша, пәнішілік материалдарды біріктіре, кіріктіре отырып оқыту дегенді білдіреді. Ал сыртқы кіріктіру – бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндердің кейбір материалдарын математика сабақтарында қолдану.
Тәжірибеге бағытталған жаттығулар – теорияны практикалық жұмыстарды орындау, түрлі өмірлік тәжірибелер жасау, қоршаған ортасы мен әлемі жайлы түрлі тапсырмалар құрастыру кезінде жүзеге асырылатын жаттығу түрі. Қазіргі бастауыш сыныптарға арналған «Математика» оқулықтарының негізгі мақсаттарының бірі – оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту болғандықтан, болашақ мамандар да мұндай мақсаттың мәні мен маңызын түсініп, өз кәсібіне алдын-ала дайындауды жүзеге асыруы тиіс. «Алгоритмдерді оқыту әдістемесі» курсын оқыту барысында біз студенттерге күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттар, өзін қоршаған ортасы, өлкетану материалдарын пайдаланып, түрлі жаттығулар құрастыру жұмыстарымен айналыстырамыз. Болашақ маман «Математиканың теориялық негіздері», «Математиканы оқыту әдістемесі» пәндерінен теориялық және әдістемелік жағынан білім алуы мүмкін, бірақ оны нақты өмірде қолданбауы мүмкін. Мысалы: ауданды өлшеуді, табуды, көлемді табуды біледі, алайда бөлмені бояу немесе түсқағаз жапсыру қажет болса, қажетті материалды қандай мөлшерде алу керектігін немесе айына қанша мөлшерде су пайдаланатынын есептей алмайды. Тәжірибеге бағытталған жаттығулардың көмегімен студенттерге тек есептер не тапсырмалар құрастыртып қана қоймай, оларды орындатудың алгоритмі де үйретіледі [151,б. 125]. TIMSS тапсырмаларының 24-беттегі жаттығуында оқушының әртекті шамалармен орындалатын амалдар жайлы білімін нақты жағдайда қолдану қажет болды. Осы тапсырманы орындатудың алгоритмі:
Пойыз қай жерден шыққанын анықта.
Уақытын айт.
Арасанға қай күні жеткенін айт.
Уақытын айт.
Қанша уақыт кететінін қандай амалмен табатынын анықта.
Шамаларды қосу алгоритмін айт.
Жауапты оқы.
Сурет 31 – Тәжірибеге бағытталған жаттығу
Бастауыш сыныптарға арналған «Математика» оқу бағдарламасы мен оқулықтарының көтерген аса маңызды мәселелерінің бірі оқушылардың логикалық ойлауын дамыту болып табылады. Осыған орай, аталмыш құралдарда стандартты емес, оқушылардың логикалық ойлауын, сыни ойлауын қажет ететін жаттығулар өте көп. Осы жаттығуларды орындата алу үшін болашақ маманның өзінің де логикасы дамыған, тапсырмаларды орындаудың түрлі нұсқаларын табу, болжамдар жасау, түрлі ойлау операцияларын (талдау, жинақтау, аналогия, жіктемелеу, индукция, дедукция) қолдану біліктері болуы тиіс. Осыған орай, біз арнайы курсты оқыту барысында логикалық мазмұнды жаттығулар түрін қарастыруды жөн көрдік.
«TIMSS тапсырмаларының жинағындағы жаттығулар: 36-бет [115,б. 142]
Сурет 32 – Логикалық тапсырма
Оқушылардың логикалық ойлауын дамыту алгоритмін түзуге бағытталған тапсырма: 38-бет [115,б. 142].
Сурет 33 – Оқушылардың логикасын дамытуға арналған тапсырма
Достарыңызбен бөлісу: |