Астана ақшамы. 2012. №122. 30 қазан



Дата23.02.2016
өлшемі64.95 Kb.
#4250
Астана ақшамы. – 2012. - №122.- 30 қазан

Жданова А.

Жарты ғасыр және бес жыл

Астанадағы ең алғашқы жоғары оқу орны ретінде тарихқа енген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті күні кеше өзінің 55 жылдық мерейтойын атап өтті. Оның іргетасы 1957 жылдың 3 қазанында КСРО Министрлер Кеңесінің №1176 Қаулысымен қаланған екен. Сөйтіп, осы- дан тура 55 жыл бұрын кешегі Қараөткел, Ақмола, Целиноград, бүгінгі Астанада қазіргі С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің негізі қаланыпты.

Университеттің 55 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын барысында университеттің даму тарихы туралы деректі фильм көрсетіліп, мерекелік шоу-кон­церт ұйымдастырылды. 55 жыл, яғни, жарты ғасыр және бес жыл! Бұл - екі ұрпақтың қалыптасып, толысатын уақыты.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті осы екі ұрпақтың білімді де білікті өкілдерін тәрбиелеуге үлес қосқан қасиетті қара шаңырақ, білімнің киелі ордасы. Кон­церт барысында ҚазАТУ-дың тарихы ғана емес, Астананың тарихына да көз салдық, өткенді ой елегінен өткізіп, бүгінімізге тәубе еттік. Кешегі Тыңгерлер сарайының (бүгінгі Конгресс- холл) тұсаукесер концертінде ұлттық домбыра оркестрінің құрамында күйді күмбірлеткен тұңғыш қазақы (!) оркестрдің толық құрамы осы ЖОО-ның студенттерінен құралған екен. Осылайша, Тыңгерлер сарайының шымылдығын ашқан ауылшаруашылық институтының студенттері болды.

1957 жылдары институт аумағындағы тұңғыш «Метеор» деген кино­театр жұмыс істеген, бұл елордалық кинотеатрлардың бастауы. Қазір бұл нысанға ректор А.Күрішбаевтың шешімімен күрделі жөндеу жасалып, «С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ концерт залы» болып өзгертіліп, жаңа тынысын алды.

Тағы бір ой салар қызықты дерек - ол университет алдындағы С.Сейфуллин ескерткіші. Сонау 1972 жылы 5 қарашада Қазан төңкерісінің 55 жылдығы аясында Цели­ноград қаласында педагогикалық институты алдындағы алаңда Сәкен Сейфуллинге арналған ескерткіш ашылды. Бұл ескерткіштің авторы Юрий Петрович Буштрук болатын. 1962-1974 жылдары Цели­ноград педагогика институтының тұңғыш директоры қызметін атқарған К.Жаманбаев белгілі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинмен өзінің жеке таныстығын айта отырып, ақын ескерткішіне тапсырыс береді.

Осы ескерткіштің алғашқы нұсқасы - түрегеліп тұрған ақынның толық бейнесі еді. Дегенмен, сол кездегі коммунистік жүйе тарапынан ақын ескерткіші сынға ұшырап, салқын қабақ танытылған, нәтижесінде ақын мүсінінің аяқжағы өзгертілді, дәлірек айтсақ, «аяғы кесілді». Ақын ескерткішін жасау барысында сол кездегі Кеңестік жүйеден жеген «таяқтары» есінде қалған мүсінші өзінің туындысын көруге ат басын сирек бұратын көрінеді.

1958 жылдың 1 қыркүйек күні сағат 9.00-де Ақмола ауыл шаруашылы- ғы институтында алғашқы қоңырау соғылды. Міне, осы сәттен универ­ситет жылнамасы бастау алады. Қазір университет агротехникалық деп аталғанымен, көп бейінді білім ордасы болып табылады: ауылшаруашылық және техникалық бағыттағы мамандықтардан басқа білім беру, өнер, қызмет көрсету, әлеуметтік игілік және бизнес бағытындағы мамандар даярлайды. Университеттің өзіндік ғылыми мектебі бар, сол мектептің негізінде қазір профессорлық-оқытушылар құрамы қалыптасқан. ЖОО-да 55 жыл ішінде 56 мыңға жуық жоғары білікті маман даярланды. Қазір университет құрамында 10 факуль­тет, 43 кафедра бар. Жалпы саны тоғыз мыңнан астам студент оқиды. Оларға 650 оқытушы білім береді. Ұстаздар қауымының 285-і - ғылым кандидаты, 67-і - ғылым докторы. Олар табанды еңбектерімен мемлекет экономикасын дамытуға лайықты үлес қосып келеді.

Университеттің алғашқы оқу- ғимараты қазіргі агрономия факуль­теті орналасқан жерде бір қабатты саман үй болатын. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, Ақмола облыстық атқару комитетінің 1958 жылғы шешімімен оқу-тәжірибелік жұмыстарына 2 700 га. жер, 38 сиыр мен 500 қой бөлінген болса, он шақты саман үйлер және астық қоймасы болған. Ал бүгінгі таңда уни­верситет балансындағы жалпы жер аумағы - 17,2953 га. Оның ішінде университеттегі ғимараттардың жер көлемі 85 371,3 ш.м. құрайды. Таратып айтар болсақ, жеті жатақхана - 28 648,9 ш.м. - он екі оқу кешені - 51 005,1 ш.м.; - спорт кешені – 1 183,5 ш.м.; - Щучье қаласындағы «Сарыарқа» оқу-сауықтыру кешені - 433,3 және тағы да басқалары – 4 100,5 ш.м.

Сонымен қатар, жеті жатақхана бар. Олардың төртеуінде - студенттер, қалған 3-еуінде ұстаздар мен қызметкерлер тұрады. Жатақханаларда тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған, демалыс бөлмелері, тазалық бөлмесі, компьютерлік кластар т.б. күнделікті қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.

Оқу ғимараттары мен жатақханаларында тамақтанатын 10 нысан бар. Жалпы жер аумағы - 1124,89 шар шы метр болатын бұл асханалардағы орын саны - 448.

Осылайша, 55 жылдық даму белесін артта қалдырған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті өзінің 56-шы жылнамасын ашты. Ұлыбританиялық QS World University Rankings агенттігі жариялаған әлемдегі ең үздік 700 ЖОО-ның рейтингісінде 601 + орынды иеленген ЖОО-ы әлемдегі алдыңғы қатарлы ЖОО қатарында саналады. Сарыарқаның сайын төсіндегі еліміздің жүрегі Астана қаласында қоныс тепкен ҚазАТУ- да бүгінгі таңда жүзге жуық шетел азаматтары білім алуда. Олардың қатарында ҚХР, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Ауғанстан елдерінің жастары бар.

Егер статистикалық деректерге кезек берсек, тек 2000-2012 жылдар аралығында 660 шетел азаматы жоғары білімді маман болып шықты. Мысалы, тұңғыш рет 2000 жылы шетелдік 26 студент болса, 2001 жылы - 16, 2009 жылы - 93, 2010 жылы - 91, 2011 жылы шетелдік - 77 студент білім алған. Ағымдағы жылы өзге елдің 94 азаматы білім алуда.

Осылайша, жарты ғасыр және бес жылды артта қалдырған, ақиық ақын есімін иеленген Қазақ агротехникалық университетінің мерейтойы өтті. Шара барысында «Зерттеу университеті: ғылым, білім инно­вация синтезі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конферен­ция болып, оған алыс және таяу шетелдерден аграрлық сектордың майталман мамандары шақыртылды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет