http://www.inform.kz/kaz/article/2418883
14.11.2011 / 11:10
Астанада «Жылдың студенттік аруы - 2011» V қалалық байқауы өтті
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанада «Жылдың студенттік аруы - 2011» V қалалық байқауы өтті.
Елорданың Цирк ғимаратында өткен сұлулар байқауы биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орайластырылып, «Егемендіктің құрдастары - Тәуелсіздіктің болашағы» ұранымен өтті. Ұйымдастырушы - «М-Арт» шығармашылық бірлестігі.
Астананың ең сұлу студенті атағын иелену үшін 38 бойжеткен бақ таластырды.
Байқау 4 кезеңнен тұрды. «Өрнек» кезеңінде қыздар жұртшылыққа өз-өздерін таныстырса, «Тұздық» кезеңінде олар хореографиялық дайындықтары бойынша сынға түсті. Бойжеткендер қара киімдер киіп, би ырғағымен ерекше қимылдар жасай отырып өз икемділіктерін көрсетті.
Үшінші - «Египет» сайысында ежелгі египеттіктердің киімдерін киген қыздар әдемі жүру мәнерін көрсетті. Соңғы - «Комильфо» кезеңінде көз жауын аларлық кешкі киім үлгілері келушілерді сән әлеміне елтітті.
Нәтижесінде «Жылдың студенттік аруы - 2011» байқауының Бас жүлдесін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бірінші курс студенті Қарлығаш Батталова жеңіп алды.
Байқауда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың абыройын барлығы 12 бойжеткен қорғады және жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Мәселен, үшінші вице-мисс атағы да осы оқу орнының 1 курс студенті Жәмила Тоқашеваға бұйырды. Сондай-ақ бірінші курс студенттері Айдана Бақылова мен Альмира Исиналар сәйкесінше «Мисс style» және «Айсұлу Өрнек» атақтарын иеленді.
Достарыңызбен бөлісу: |