Қорытынды.
Модератор: құрметті бүгінгі сабаққа қатысушылар, Сіздердің пікірлеріңіз аса құнды. Қойын дәптерімізге өзімізге мынадай сұрақтар жазып алайықшы:
Мен әдістемелік қоржынымда неше ертегі бар?
Ертегіні қызықтыра баяндай аламын ба?
Суретті, қызықты ертегі кітаптар сатып алатын мүмкіндік бар ма?
Егер, өз ойымнан ертегі жазсам...
...Тағы қандай тапсырмалы сұрақтар жазар едіңіздер?
«Даналық ағашы» арқылы қорытындау.
Сабақты қорытындылаудың екі түрі бар: екеуінің бірін таңдай аласыз.
1-нұсқа: қатысушылар ішінен бір жүргізуші сайланады. Жүргізушінің қолында қорап немесе сандықша болуы керек. Қатысушылар тақырып бойынша ашық сұрақтар құрастырып, жүргізушіге береді. Сұрақтар құрастырылып біткен соң, қатысушылар кезектесіп сандықшадан кез келген сұрақты алып, дауыстап оқиды, толық жауап беруге тырысады. Қойылған сұрақпен берілген жауап бағаланады.
2-нұсқа: тақтада ілулі тұрған даналық ағашына қатысушылар бүгінгі сабақтан не түйгенін, тілекпен жазып іледі.
Модератор: Ардақты аналар, аяулы әжелер!
Бүгінгі сабағымызды қорытындылай келе, төмендегіше түйіндейік: Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Отбасында әжелер арқылы ұлттық құндылықтарымыз насихаттала беруі керек.
Халқымыздың даңқты батыры, қырғын соғыстан қорықпаған, қызыл империяның саяси идеологиясынан қорықпай аты-жөнін өзгертпеген – Бауыржан Момышұлы: өз қорқынышын былай жеткізген екен: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…»
Жаһандану жағдайында ұрпақ тәрбиесінде қаперде жүрер ескертулер мен қорқыныштар жоқ деп айта алмаймыз. Олай болса, осы мәселелерді отбасы тәрбиесінде ескеріп, өз әжелік мәртебемізге сай болайық дегім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |