Ақтөбе облысы Темір ауданы Бабатай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мерғалиева Злыха Смайылқызы



Дата04.07.2016
өлшемі82.6 Kb.
#176501
Ақтөбе облысы Темір ауданы Бабатай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мерғалиева Злыха Смайылқызы

Учитель начальных классов Бабатайской средней школы Темирского района Актюбинской области Мергалиева Злыха Смайыловна
Тақырыбы: Армысың, әз Наурыз!

Мақсаты: Оқушыларға Наурыз – жыл басы, яғни дін мейрамы емес, ұлт мейрамы екендігін, тарихи маңызын түсіндіру. Ата-бабамыздан ұрпақтан – ұрпаққа беріліп келе жатқан салт-дәстүр, ұлттық тәрбие туралы түсінік беру.

Көрнекіліктер: Киіз үй жабдықтары,ұлттық ойындарға қажетті құралдар, нақыл сөздер , плакаттар.

Барысы:

І. Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар, ата-ана, оқушылар ! Ата-бабамыздың көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің бірі- Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді , әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен қарсы алады. Мерекемен құттықтап дендеріңізге саулық, жан ұяларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Жаңа жыл сендерге бақ сыйласын!

Наурыз мерекесі- өте ерте кезден бастап, тойланып келе жатқан халықтың тұрмыс тіршілігіне байланысты мереке. Парсы тілінен аударғанда «Наурыз» сөзі «нау»-жаңа, «рыз» күн деген. Ал қазақ тілінде «наурыз» сөзі 1-шіден – жыл басында тойланатын думанды ұлттық мейрам, 2-шіден – наурыз айы, 3-шіден – ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады. Бұл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп , мал төлдеп,адамдардың аузы аққа тиетін , жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні»- деп атаған.

Жаңа жыл келсе – құт келгені халайық! Есік ашып , ел боп қарсы алайық !

Құрметті , қонақтар , наурыз тойына арналған мерекеге қош келдіңіздер!

Балаларыңыздың бүгінгі өнер мерекесіне, шаттық тойына сіздер де ортақ болыңыздар !

І жүргізуші: Армысыздар, халайық!

Бармысмыздар ,халайық!

Наурыз тойын жұп жазбай,

Бірге қарсы алайық.



ІІ жүргізуші: Сәлем бердік, жас Наурыз-жылдың басы!

Жұрттың күткен , мінекей ықыласы!

Наурызың құтты болсын, қазақ елі!

ІІІ жүргізуші: Наурыз мерекесі басқа мейрамдарға қарағанда адамның жан дүниесіне мейірімділік ұялататын мереке. Қандай жүрек мейірленбейді, егер бұл күні барлық реніш, өқініш кешірілсе. Олай болса, осы мерекенің керемет дәстүрін сақтап бір-бірімізді түсінуге,сыйлауға тырысып, кешіріммен қарайық.

І жүргізуші: Адам өмірінде барлық жақсылық сәлемдесуден басталады. Бір-бірін көріп білмеген адамдар арасында да игіліктер алғашқы сәлемдесуден өрбиді. Имандылық шариғатында сәлемдесуді тілмен айту – парыз.

ІІ жүргізуші:Ұлыс күні кәрі –жас құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өріскен.

Ұлыс күні қар еріп, сай-салалар гүрілдер.

Көк шөбі шығып желкілдеп, дүние біткен күлімдер.

Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен.

1-көрініс: «Сәлемдесу рәсімі» /1-сынып/

1-бала:Ассалаумағалейкум! Мен адаммын, адамдығымды білдіремін:

Алланың нұры жаусын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!



2-бала: Уағалейкумассалам! Мен де адаммын, адамдығымды білдіремін:

Сізге де алланың нұры жаусын! Ұлыс оң болсын! Пәле – жала жерге енсін!



І жүргізуші: Тойла бүгін тауларым мен боз далам,

Тойла бүгін қарттарым мен боз балам.

Қайта оралған намысымдай наурызым,

Жаңа жыл боп қош келіпсің еліме.



ІІ жүргізуші: Күттіріп келген жыл басы бізбен бірге жырлашы.

Дастарханға елімнің береке, ырыс сыйлашы.

Ата-бабам тойлаған , Наурызым, армысың!

Қызығына тоймаған дарқан дала қарлы шың:



Тойбастар: Ән:

ІІІ жүргізуші: Бауырласқан тәнтіміз , бұзылмасын салтымыз.

Кең даламның ежелгі, қазақ деген халқымыз.

Өзге ұлттай біздің де бар дәстүр мен салтымыз, дей отырып

«Бастаңғы» деген салт-дәстүрімізге түсінік беремін: Бұл жастардың ауылда үлкендер жоқ кезде жиналып, бас қосуы. Бастанғыда ән айтылып, би билеп, айтыс ұйымдастырылып, ұлттық тұрмыс - салт ойындары ойналатын болған.

Ендеше, Бастанғы жасап жатқан ауылға барайық:



2-көрініс: «Бастанғы»

1-бала: Қасым: Қыздар, жігіттер, бүгін біздің ауылдың барлық үлкендері Абай ауылына шілдехана тойына кетеді. Не істейміз?

2-бала: Нұрталап: Не істейміз? Бастанғы жасайықшы, қыздар?

3-бала: Ақтілек: Иә, жасасақ, жасайық. Кімнің үйіне жасаймыз?

4-бала: Сағындық: Біздің үйге жасайық. Үйде кіші жеңешем ғана бар.

Ләззат: Ендеше, біз дастархан жаюға көмек жасаймыз.

/дастархан жасап, үстел жанына барлығы отырады./



Ақтілек: Жігітке жеті өнер де аз, жігіттер араларыңда өнерлі жас болса ,өнерін тамашалаймыз ба?

Асылхан: Бізде жігіттердің барлығы өнерлі. Ақын да, балуан да, әнші де, күйші де бәрі осында.

Нұрталап: Иә, дұрыс айтасың. Сағындық, сен көрсетші өнеріңді.

Сағындық: Шешендік өнер ежелден ата-бабамыздың қолындағы ең басты қаруы емес пе еді? Ал айтыс дегенде делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Қім бар араларыңда менімен айтысатын?

Ақтілек: Ақындық өнер тек жігітке ғана тән емес қой. Аптығыңызды басыңыз.

Ләззат: Иә, Иә, Ақтілек да ақындыққа жақын қыз. Ақтілек шықсын! Ақтілек шықсаңшы.

3-көрініс: «Оқушылар айтысы» /3-сынып/

Барлығы :Ой, бәрекелді, жарайсыңдар!

Асылхан: Ал, қыздар, араларыңда мына кештің сәнін келтірер бұлбұл үнді әнші ару табылар ма

екен?


Қыздар: Айымжан, қане, көрсетші өнеріңді.

1.Халық әні «Гүлдерайым.» /4-сынып/

2. Би : «Гүл көктем» / 1-сынып/

3. Ән: «Ақбұлақ» /1-сынып/

Асылхан: Қыздар, жігіттер, «Бастаңғыда» ойын ойнамай қалай тарқаймыз?Ойын ойнайықшы.

Барлығы: Ойнасақ, ойнайық! Қандай ойын ойнаймыз?

4-көрініс: Ұлттық ойындар – «Ат қаума»

Ойын барысы:1-бала өзінің сол қолымен оң қолын білегінен мықтап ұстайды, 2-бала да, осылай істейді. Бұдан соң екі бала бос тұрған оң қолдарымен бірінің білегінен бірі ұстап, айқасқан 4 қолдың басынан «орындық» жасайды да, соған үшінші баланы аяғын салбыратып, қолдың үстіне отырғызады.

-Ат қаума, ат қаума,

-Арқар атқан қай тауда? –деп оны көтеріп алып жүреді де, бір жұмсақтау жер кездескенде:

-Ат қаума, ат қаума,

-Арқар атқан ақ тау ма?

-Көк тау ма?

-Көк тау болса

-Көп тау ма? - Ал тастадық бұл тауға, -деп қол үстінде отырған баланы жерге тастап жібереді.

Отырған бала жығылмай, ептілікпен ғана тез ыршып түсу үшін әрқашан сақ және жинақы отыруы керек. Жығылып қалса, ұпай тартады, жығылмай кетсе, қолдың үстіне әлгі екі баланың бірі отырады. Ойын осы тәртіппен жүре береді.
Абай ауылы «Шілдехана» тойынан көрніс

1-Әже: Балаларым, қандай ойын ойнап

жатырсыңдар?

Балалар: Әли: «Қуырмаш» ойыны.

1-Әже : Оны немен ойнайды?

Балалар: Әли: Саусақпен ойнаймыз:

Қуыр,қуыр, қуырмаш,

Балапанға бидай шаш,

Тауықтарға тары шаш.

Әжең келсе есік аш,

Қасқыр келсе, мықтап бас.

Басбармақ баланүйрек,

Ортан терек, шылдыр шүмек,

Кішкене бөбек.

Мына жерде қой бар,

Мына жерде ешкі бар,

Мына жерде сиыр бар

Мына жерде түйе бар,

Мына жерде жылқы бар,

Мына жерде күлкі бар,

Қытық, қытық.

2-Әже: Ақниет: Ал менің қыздарым не істеп жатыр?

Қыздар:2-сынып Жүн түтіп отырмыз.

2-Әже : Жүннен не істейсіңдер?

Қыздар:Киіз басамыз.

2-Әже: Қалай басасыңдар?

Қыздар: «Киіз басу» әнін орындайды./2-сынып/

1-Әже: Дана: Ал, балалар, енді жинап қояйық, «Шілдеханаға» барамыз:

Балалар: Алақай! Бізде барамыз!

1-жүргізуші: Жақсының той дегенде жаны күлер,

Бағаңды жас білмесе, кәрі білер.

Тойларың құтты болсын, нар ағалар,

Тойларың құтты болсын,жеңешелер!



2-жүргізуші: Жақсылық жүрегіңе жел еселер,

Биікке шарықтатар немесе өнер.

Тойларың құтты болсын, нар әкелер,

Тойларың құтты болсын, әз аналар!



1-жүргізуші: Құрметті, қонақтар, төрлетіңдер!

2-жүргізуші: Әжелерден бөпемізді бесікке салуды сұраймыз.

/Күй ойнайды/

Бесікті әкеліп қоямыз.. /күй тоқтайды/



Бесікті аластау.

2-Әже: Ақниет: Алас, алас , пәледен алас,

Көзі жаманның көзінен алас,

Тілі жаманның тілінен алас.

Алас,алас, аласы

Ұйықтап оянсын,

Қуанып оянсын.



Бесіктің құралдарымен таныстыру:

1-Әже: Дана: Жөргегі,жаялығы, тағы 2 жаялығы бар( қолын жәнеаяғын орайтын жаялықтары) бас жастығы, бел жастығы, екі жамбас жастығы, аяқ бауы, қол бауы, түиегі, шүмегі.

1-жүргізуші: Балалар, мына шүмек неден жасалады?

Балалар: Қойдың асық жілігінен.
2-Әже: Ақниет: Әже жас ананың қолынан сәбиді алады, көрімдік береді.

Сәбидің жауырыны қатып қалмау үшін сылып-сипап, аяқ- қолын созу керек:

Май әкеліңдер, сылап берейін.

Тәу,тәу,тәу,

Сыламақ менен,

Қатып қалмау сенен.

Тастай қыл,

Темірдей қыл.

Сүттей ақ қыл,

Дерт үйге кірмесін,

Балаға тимесін.

Өс,өс, балам, өсе бер.

Аяғыңды сазайық,

Саусағыңды жазайық,

Етті болсын балтырың

Епті боп өс, жарқыным.

Батыр бол балуан білекті

Батыл бол қайсар жүректі.

Өс,өс, өс, балам ,өсе бер.

Бөпенің таза көйлегін кигізеді:

Жағаң жайлы болсын,

Етегің майлы болсын,

Киімің таза болсын,

Өмірің оза берсін.

1-Әже: Дана: тыштырма жасайды: Келіңдер, балалар, қолдарыңды тосыңдар кезекпен.

Тышты ма? Тышты ма? Балалар: Тышты, тышты !



Баланы бөлейді:

Мойнымдағы тұмарым,

Тарқамайтын құмарым,

Тағдыр берді, алсын деп,

Ақ бесікке салсын деп,

Мойнымдағы маржаным,

Қорадағы мал-жаным,

Бесігіңе жата ғой,

Тәтті ұйқыға бата ғой!

Пәлесі қалсын есікте,- деп бесікке байлайды.



Ана: Бесік жырын айтып. Бөпесін ұйықтатады:

Әлди-әлди, бөпем-ай,

Әлди әнге салам-ай.

Әлди әнге мен салсам,

Бөпем ұйықтап қалады-ай.

Әлди-әлди, бөпем-ай,

Ұйықташы, бөпем-ай.

2-жүргізуші: Қонақтар, ет пісіп қалыпты, ал шай болса қайнап тұр.Дастарханға барамыз.

Ұлттық тағамдар туралы не біледі?

1.Наурыз көже туралы не білесіңдер?

Наурыз көже: Асылжан

Ашық болсын қас- қабақ,

Тас атқанды аспен ат.

Бейтаныс та ,таныс та.

Бүгін төрде бас қонақ.

Арпа,бидай, тары бар.

Қатық, малта, ағы бар.

Ішілетін, жейтінің

Бұл көжеде бәрі бар.

2.Ол неден қалай дайындалады?

3. Қандай ұлттық тағамдарды білесіңдер?

4. Қандай пайдасы бар?т.с.с

/Сұрақтар қою, дұрыс жауаптарға сыйлық беру: айна, тарақ, т.б./

Ұлттық ойын «Оқтау тартыс» Балалар жұптасып /екі-екіден/ оқтауды тартысып ойнайды.

І жүргізуші: «Ақ бата –алтын қазына» демекші. Мәти би бір мәслихатта Әбілхайыр ханға: «Ер азаматқа батадан басқаның бәрі артық »-деген екен.

ІІ жүргізуші: Батаны тілегенде оны халқымыз киелі тілекке жорыған: « Баталы ел арымас, батасыз ел жарымас.» «Атадан бота қалмаса да, бата қалсын, ботаның құны бір-ақ жұт, бата балаға мәңгі құт.»

ІІІ жүргізуші: «Бата алдым балалы болдым»,- дегендей өмір жолын көрген, аузында дуасы бар, сөзінде киесі бар даналардың батасынсыз жолға, жорыққа, не болмаса қол ұстасып ерлі- зайыптылар өмір жолына аттанбаған.

І жүргізуші:Бата берудің түпкілікті мақсаты- елдің бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүіспеншілігін білдіріп, береке –бірлікке, ырыс-ынтымаққа шақырып,

ІІ жүргізуші: жақсы іске бас болу, үлкен мен кішінің жолын ашу, алдағы өмірге деген мақсат-мұратын белгілеп, дұрыс бағыт беру.

Бата беру: Гамзат, Айдын, Асылхан

Тойтарқар

Тойға ұлассын тойыңыз деп айтамыз,

Тойтарқарда енді біз нені айтамыз?

Нені білдік бұл тойда, нені көрдік?



Той иесі, енді біз рахмет деп айтамыз !

Бабатай орта мектебі


Ертеңгілік

Дайындаған: Мерғалиева Злыха Смайылқызы

4-сынып жетекшісі

Наурыз 2012 жыл




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет