Аудан әкімі Д.М. Мусиннің
есепті баяндамасының тезистері
Елбасының тапсырмасына сәйкес әкімдердің жыл сайынғы дәстүрлі есебі өзекті мәселелер мен басым міндеттерді анықтайтын сындарлы сұхбатқа айналды.
Өткен жылғы есепті кездесулер жоғары белсенділікпен өтіп, азаматтар тарапынан маңызды 163 ұсыныс-тілектер айтылды. Олардың орындалу барысы аудан әкімі аппаратының тұрақты бақылауына алынып, тоқсан сайын әкімдік отырыстарында қаралып, баспасөз арқылы халыққа жеткізіліп отырылды. 80 %-ы орындалып, 130 мәселе шешімін тапты.
Президенттік «Жол картасы» бағдарламасының жобалары тиімді жүзеге асырылды. Казнаковка округіндегі Амангелді мектебіне, Үлкенбөкен мектебінің жылу жүйесіне, «Дәншік» балабақшасына, Мариногорка ауылдық клубына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көкпекті өзенінің көпіріне және орталықта 3,1 километрлік 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көкпекті, Самар және Казнаковка ауылдарында жалпы ұзындығы 19 километр көшелер жарықтандырылды. Самар ауылында «Нұр Отан» саябағы қоршалып, балалар саябағы және су тасқынынан бұзылған көшелер жөнделді, орталық базар алаңына асфальт төселді.
Көкпектідегі Мәдениет үйін, Миролюбовка орта мектебінің жылу жүйесін күрделі жөндеу мәселесі оң шешілді, «Шуақты Шұғыла» балабақшасында қосымша топтар ашылды. Балаларды тасымалдау бойынша 4 мәселеге биылғы бюджеттен қаражат қарастырдық.
Қарғалы және Егінбұлақ ауылдарында телефон байланысы орнатылды. Үлкенбөкен, Тассай ауылдарындағы АТС-тер санды телефон байланысына ауыстырылып, Үлгілімалшыда да осындай жұмыстар жүргізілуде. 14 елді мекенге сымсыз телефон байланысы орнатылып, қосымша 450 абонент іске қосылды.
Байланыс қызметінің сапасын арттыру мақсатында «Қалбатау-Көкпекті» талшықты-оптикалық желі байланысы пайдалануға берілді.
«Дархан» ат спорты клубының материалдық базасын нығайту үшін 5 млн.теңге бөлінді.
Самар округінің Қайыңды ауылына дейінгі жол облыстық мәндегі жолдар тізбесіне енгізіліп, қызмет сапасын жақсартуға қол жетті.
Республикалық бюджет қаржысы есебінен Талменка мен Шегелек өзендерінің арнасын реттеу жұмыстары жүргізілді.
Апаттық жағдайдағы 4 мектеп пен Үлкенбөкен–Үлгілімалшы жолдарын жөндеу мәселелері жоғары бюджеттерден қомақты қаражат бөлуді қажет ететіндіктен, 2015 жылға дейін ұзартылды. Дегенмен, ағымдағы жылдың өзінде Қарағандыкөл округінің Мамай ауылына орта мектеп салу көзделуде.
Ұлттық бірыңғай тест тапсыру пунктін ашу үшін аудан деңгейінде және облыстық атқарушы биліктің құзырындағы барлық мәселелер қарастырылып отыр. Ендігісі, балалар денсаулығы, қауіпсіздігі, ең бастысы олардың болашағы Білім Министрлігінің назарынан тыс қалмайды деп сенеміз. Тест тапсыру пунктін ашу және апаттық жағдайдағы 4 мектептің құрылысы облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының тікелей бақылауында тұр.
Көкпекті ауылындағы жүргіншілер көпірін жөндеу қомақты қаражатты қажет етеді. Мәселені шешу үшін бүгінгі күні ауылдың Заречный бөлігінен оқушыларды тасу ұйымдастырылды, ал көктем кезінде тұрғындарды тасуға қосымша автобус бөлінеді.
Өткен жыл көкпектіліктер үшін ауданымыздың 80 жылдығымен есте қалды. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мен тарихты зерделеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жұртшылықтың бастамасымен қоғамдық қор құрылып, түскен қаражат әлеуметтік–маңызды жобаларға бағытталды. Бүгін мен мерейтой шараларының жақсы деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға ортақ іске үлес қосып, жұмыла атқарған еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін.
Мерейтой шеңберінде Жеңістің 65-жылдығына орай Көкпекті ауылындағы Жеңіс саябағы жаңғыртылып, «Жауынгер» монументі орнатылды. Конституцияның 15 жылдығына арнайы тарту ретінде «Дәулет» күрес кешені ашылды, оған әйгілі палуандар Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов, Ю.Мельниченколар шақырылды.
Облыс әкімі Бедібек Мәшбекұлының бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясын қолдай отырып, ірі кәсіпкер жерлестеріміз ауданның дамуына өз үлестерін қосты. Тұрарбек Рақыш орталықта әлеуметтік дәріхана ашып, мұрағат, аудандық және ауылдық әкімдік ғимараты алдына кеспе тастар төсеуге демеушілік көрсетті. Серік Уәлиев және Болат Бекбердинов қонақ үй кешені құрылысын аяқтауда. Мұхамедолла Ағзамов екі томдық «Ата жұртым -Көкпектім» атты кітапты басып шығару шығынын өз мойнына алды. Акция аясында 284 млн. теңге қаражат аудан игілігіне бағытталды.
Аудан орталығындағы Мәдениет үйі жөнделіп, тарихи-өлкетану мұражайы ашылды.
«100 мектеп және 100 аурухана» республикалық бағдарламасы шеңберінде аурухана пайдалануға берілді.
Мерейтойлық шаралар шеңберінде аудан орталығындағы ипподром, Би Боранбай көшесі және Көкпекті өзенінің көпірі жарықтандырылды, кіре беріс қақпа (арка) орнатылды.
Өткенімізді талдап, таразылап, жадымызда жаңғырту мақсатында телефильм түсіріліп, фотобуклет шығарылды.
Құрметті жерлестер!
Өткен қыстың қатал ауа райы жағдайы біздің аймақ үшін қосымша қиындықтар әкелді.
Осыған орай, су тасқынының келеңсіз салдарын болдырмау үшін бірқатар алдын алу шаралары қабылданды. Бірақ, ауа райының күрт жылынуы су деңгейінің тез көтерілуіне әкеп соқты, Лайлы бөгеті жарылып, «Жүзағаш» өзенінің көпірі бұзылды.
Самар ауылы үшін қиын күндерде қолдауға бүкіл аудан жұмылып, береке-бірліктің үлгісін көрсетті. Бүгін біз, су тасқыны салдарын жоюда көптеген істердің облыс әкімінің тікелей басшылығы және қолдауымен жүзеге асырылғандығын айтуымыз қажет. Облыстық «Парыз» қорынан түскен 13,9 млн. теңгеге 5 үй және құрылыс материалдары сатып алынды. 62,7 млн. теңге Лайлы бөгетін жаңғыртуға, 82 млн. теңге Тассай округіндегі Жүзағаш өзенінің көпірін қалпына келтіруге жұмсалды. Аталған қор есебінен сондай-ақ, өрт салдарынан зардап шеккен Көкпекті ауылының 4 отбасына тұрғын үй сатып әперілді. Мемлекеттік резервтен бөлінген 180 тонна жанар-жағар май су тасқынына қарсы және төтенше жағдай салдарын жою бойынша бүкіл шаралар кешенін жүргізуге үлкен көмек болды.
Тасқын су шайған Қарағандыкөл ауылына кіре беріс, Мариногорка – Жұмба, Преображенка – Воздвиженка - Кіші Бөкен, Көкпекті-Биғаш-Егінбұлақ, Бастаушы – Қараөткел жол учаскелерін қалпына келтіруде жол кәсіпорындары тарапынан үлкен жұмыс атқарылды.
Олардың қажырлы еңбектері ескеріліп, № 14 жол-құрылыс учаскесінің (ДСУ-14) бастығы Вайс Андрей Фридрихович «Құрмет» орденімен, №29 жол пайдалану учаскесінің (ДЭУ-29) механизаторы Сләмбеков Еспол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жалпы алғанда 2010 жыл айтарлықтай көрсеткіштермен аяқталды. Өңірлік жалпы өнім 14 млрд. 988 млн. теңгені құрап, 20 %-ға өсті.
Елбасының былтырғы Жолдауындағы жаңа міндеттерге сәйкес, ауданда экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз етуге, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ерекше көңіл бөлінді.
ӨНЕРКӘСІП
Өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 млрд. 780 млн. теңгені, өсім - 3,4 % -ды құрады.
Нақты көрсеткіштегі өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендеуіне «СемГео» серіктестігі қызметінің тоқтауы мен қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты «Рыбпром» серіктестігінде шикізат жеткізудегі іркілістер ықпал етті.
Уақыт талабын ескере отырып, экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне келесі міндеттерді атқару қажет:
1. Үдемелі индустриялық–инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 1-2 жоба қарастыру.
2. Өнеркәсіптің басым секторларын дамытуды қамтамасыз ету және «Құлынжүн» кенішінде алтын кенін өндіру ісін қолға алу.
3. Қайта өңдеу саласын дамыту арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі нарықта отандық азық-түлік тауарларының үлес салмағын арттыру.
ИНВЕСТИЦИЯЛАР
Жыл қорытындысы бойынша инвестиция көлемі Көкпектідегі аурухана құрылысының аяқталуы себебінен 13%-ға төмендеп, 1 млрд. 294 млн. теңгені құрады. Жалпы төмендеу үрдісіне қарамастан, жеке сектордағы нысандар құрылысы есебінен инвестиция көлемі 3 есе артқандығын атап өту қажет.
Ағымдағы жылы экономика бөліміне жеке инвестицияларды және несие қаражаттарын тарту бойынша ауыл әкімдерімен, кәсіпорындармен ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
2010 жылы ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 11,4 млрд. теңгені құрады. Негізгі түлік басы, құс саны мен аналық малдардың өнімділігі өсу үстінде. Бұл мал өнімін өндіруді арттыруға ықпал етті. 13,2 мың тонна ет өндірілді, өсім 3,7 пайызды құрады, сүт 46,6 мың тонна, немесе 1,9 пайызға, жүн 280 тонна немесе 0,3 пайызға өсті.
Ет және сүт өндіруді арттыру үшін ауданда 16 бордақылау алаңы іске қосылған. «Өрнек» серіктестігінің екі сүт тауарлы фермасында 900 тонна сүт сатылып, 12,5% -ға ұлғайды.
5 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді, соның ішінде «Көктерек» қожалығы мұндай мәртебені былтырғы жылы алды.
Барлық мал басындағы асыл тұқымды малдың үлесі 4,8 % құрайды, бұл 2009 жылғыдан 1,3%-ға көбейгенмен, аудан үшін жоғары көрсеткіш емес.
Ара шаруашылығымен 2 шаруа қожалығы, 22 жеке тұлға айналысады, өткен жылы «Фацелия» қожалығы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алды.
Былтыр 20 мал сою алаңы салынды, оның 15-і аудан бюджеті есебінен іске қосылды. Ветеринарлық шараларды сапалы және дер кезінде жүргізу үшін «Көкпекті мал дәрігері» кәсіпорыны ашылып, арнайы ДУК машинасын алу үшін биыл 4,8 млн.теңге бөлінді .
Ылғал ресурстарын сақтау технологиясы бойынша егіс алқабы 2,5 мың гектарға ұлғайтылды. «Еңбек Агро» серіктестігінде тамшылап суару әдісін қолдану 65 гектарға жеткізілді.
«Чистый Яр Агро» серіктестігі және «Қалисаттарұлы» шаруа қожалығы тұқым шаруашылығымен, «Өрнек» серіктестігі және «Лик» шаруа қожалығы дәнді және майлы дақылдар тұқымдарын өндірумен айналысады. Бұлар жоғары репродуктивті тұқым қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Машина-трактор паркі айтарлықтай жаңарды – 2010 жылы 56 бірлік жаңа техника алынды.
Жер Кодексі нормаларын толық көлемде қолдану Бастаушы және Теректі округтеріндегі шаруашылықтарды ірілендіруге ықпал етті. 292 жеке және заңды тұлға шабындық алқаптарын заңнамаға сәйкес ресімдеді. Бұл салық салу базасын кеңейтуге әсер етті.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің кадр құрамы 50%-ға жаңартылды.
Үкімет тарапынан жыл сайын ауыл шаруашылығына үлкен қолдау көрсетілуде. Ауданға жанар-жағар майды арзандатуға 135,5 млн.теңге, мал шаруашылығы өнімін сату үшін - 69,2 млн.теңге, аналық малды сақтау үшін - 56,5 млн.теңге бөлінді. Осыған қарамастан, жерді тиімді пайдалану, меморандум бойынша бағаны өсірмеу мәселелеріне тиісті көңіл бөлінбеуде.
Өздеріңізге белгілі, өткен жылғы есепті баяндамамда ауыл шаруашылығы бөлімі және оған жетекшілік ететін орынбасарға көптеген сыни ескертулер айтылған болатын. Жыл ішінде біршама жұмыстар атқарылғанмен, аграрлық секторда әлі шешілмеген мәселелер жеткілікті.
1. Ауылшаруашылық өнімін, әсіресе мал шаруашылығы өнімін қайта өңдеу нашар дамыған. Оны жолға қою Көкпекті ауданының экономикасы үшін негізгі басымдық болып табылады.
2. Көптеген шағын шаруа қожалықтарында агротехнология төменгі деңгейде.
3. Минералды тыңайтқыштарды пайдалану нашар. 2010 жылы егістік алабының 11 %-ына ғана тыңайтқыш қолданылды.
4. «Қызғылт укекіре» арамшөбі басқан егістік жер көлемі азайған жоқ. Бастаушы, Көкпекті, Шұғылбай округтерінде агротехникалық өңдеулер төмен деңгейде.
5. Тұқым шаруашылығы мен ветеринарлық қызмет көрсетуде үлкен кемшіліктер бар.
Бұл проблемаларды қазіргі заман талабына сай шешу үшін ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің алдына келесі міндеттер қойылады:
1. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау объектілерін ашуға, «Елім-ай» шаруа қожалығы базасында мал сою цехы мен көкөніс қоймасын салуға, «Құсайынұлы» шаруашылығында тауарлы сүт фермасын, қоспа жем өндірісі бойынша 2 цех, 5 наубайхана ашуға жәрдемдесу.
2. Мал шаруашылығында кең көлемді селекцияны енгізу бойынша жұмысты ұйымдастыру, «Мадина» және «Елдар» қожалықтарында асыл тұқымды шаруашылық құру.
3. Ара және марал шаруашылығын дамыту бойынша жұмысты жалғастыру.
4. «Көкпекті мал дәрігері» кәсіпорнының ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмысын ұйымдастыру.
ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС
Аудандағы 1720 шағын бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылған адам саны 4450-ге жетті, бұл экономикалық белсенді халықтың 20%-ын құрайды. Өткен жылы 1 млрд.теңге сомасында өнім шығарылды және қызмет көрсетілді, бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 4%-ға жоғары.
Кәсіпкерліктің 148 жаңа субьектісі ашылды. «Даму» қорының қаржысынан 2 жоба 10,3 млн.теңгеге қаржыландырылса, «Көкпекті Несие» серіктестігімен 43,1 млн. теңге сомасында несие берілді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 10 субъекті 5,3 млн. теңгенің несиесін алды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде 34 млн. теңгеге 193 меморандум жасалды. Оның ішінде әлеуметтік сала нысандарын көріктендіру мен жөндеу бойынша 16,2 млн. теңгенің жұмыстарын атқарған «Каскад-Н» серіктестігін (жетекшісі Ж.Кағазбеков) атап өткім келеді.
Қабылданған шараларға қарамастан, салада әлі де шешілмеген проблемалар бар - ол бірінші қажеттіліктегі тауарлар бағасының өсуі, «демалыс күнгі жәрмеңкелер» біз көздеген міндеттерді толық шешпеуде. 21 елді мекенде, яғни 37,5 %-да бірінші қажеттіліктегі тауарларды сатуға арналған дүкендер немесе дүңгіршіктер жоқ. Қызмет көрсету саласы төмен.
Осыған орай, кәсіпкерлік бөліміне (А.Ж.Әкімова) төмендегідей міндеттер жүктеймін:
1. Шағын бизнес субъектілерінен түсетін салықтың түсімін 20 %-ға, белсенді субъектілер санын 10 бірлікке дейін арттыру.
2. Көкпекті және Самар ауылдарында коммуналдық базарлар ашу.
3. Инфляциялық үдерістерді тежеу комиссиясының нәтижелі жұмысын қамтамасыз ету арқылы бағаны тұрақтандыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту жұмыстарын жалғастыру.
АУДАН БЮДЖЕТІ
2010 жылға бюджет 2 млрд. 830 млн. теңгені, соның ішінде меншікті кірістер 12 пайызды құрайды. Бюджеттің кіріс бөлігі асыра орындалды.
Игерілген сома 2 млрд. 822 млн. теңгені немесе 99,7 пайызды құрады. Жас мамандардың тұрғын үй алуына бөлінген бюджеттік несиенің 7,3 млн. теңгесінің игерілмеуі тікелей экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің кінәсынан деп есептеймін.
Бірнеше жыл бойы қаржы бөлімінде коммуналдық меншік нысандарының есебі дұрыс жүргізілмеген, коммуналдық кәсіпорындардың тиімді жұмысына қажетті бақылау ұйымдастырылмаған.
Осы кемшіліктерді жою үшін аудандық қаржы бөлімінің бастығына (Г.Ә.Смағұлова) ай сайын шығыс және кіріс балансына, сонымен қатар салалар бойынша бюджеттің игерілуіне талдау жасауды тапсырамын. Екі көпсалалы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызмет көрсетуі бойынша қаржылық-экономикалық қызметіне тұрақты тексеру жүргізуді тәжірибеге енгізу қажет. Коммуналдық меншік нысандары бойынша жұмыстар заңнамаға сәйкестендірілуі тиіс.
ТҰРҒЫН ҮЙ – КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Су құбырларының жұмыс істеуіне 10,0 млн. теңге бөлініп, қаражат толық игерілді.
Көпсалалы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың қаржы-экономикалық жағдайын жақсарту үшін жолдарды орташа жөндеу және Самар ауылын көріктендіру жөніндегі әлеуметтік жоба бойынша жұмыстар жүргізілді.
Жұмба-Самар, Московка Көкжыра, Бастаушы ауылдары арқылы Белое-Самар қосымша жаңа маршруттарын ашуға қаражат бөлінді.
Саладағы проблемалық сұрақтарды шешу үшін тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөліміне (Б.Б.Бекенов) келесі міндеттерді шешу қажет:
1. көпсалалы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қызмет көрсету саласын одан әрі кеңейту бойынша жұмыстарды жүргізу.
2. «Жол картасы» жобасын сапалы және уақытылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету.
3. Байланыс сапасының жақсаруына және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге бақылау жүргізу.
4. Әрбір елді мекеннің жол жағдайын қалыпта ұстау бойынша жүйелі жұмыстар атқару.
ҚҰРЫЛЫС
2010 жылы ауданда 886 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді, өсу 9,5 пайызды құрайды. Меншік қаражаты есебінен 10 үй салынды. «Азия Темір KZ» ЖШС екінші жыл бөлінген қаражатты игермей, Көкпекті ауылындағы кәріз желілері мен тазарту ғимараттары құрылысының жұмыс кестесін өрескел бұзуға жол берді. Осыған байланысты, құрылыс бөлімі (басшысы С.Сақанаев) жауапсыз мердігермен шартты бұзу үшін заңнамаға сәйкес толық шаралар қолдануы қажет.
ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
Атқарушы билік қызметінің негізгі басымдығының бірі - халықты әлеуметтік қорғау. 37 соғыс ардагері, 1193 тыл еңбеккері, 1245 мүгедек және басқа жеке санаттағы жандар қамқорлыққа алынып, әр деңгейдегі бюджеттерден тиісті көмек көрсетіледі.
Жеңістің 65 жылдығына орай 42 соғыс ардагеріне жергілікті бюджеттен 1,5 млн.теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Үш соғыс ардагеріне 3 млн.теңге сомасына тұрғын үй сатылып алынды. 21 соғыс ардагерінің үйлеріне 1,5 млн.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне мерзімді басылымдарға жеңілдікпен жазылу ұйымдастырылып, 2 соғыс ардагері және 10 тыл еңбеккері «Уба» шипажайына емделуге жіберілді.
Жыл ішінде 640 адам жұмысқа орналастырылып, 36 адам кәсіби дайындық және қайта даярлаудан өтсе, 11 адам әлеуметтік-жұмыс орындарына, 7 адам жастар іс-тәжірибесіне жолданды.
Ауданда екінші жыл жаңа әдістеме бойынша үйде әлеуметтік қызмет көрсету Орталығы жұмыс істейді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы құралдармен қамтамасыз етіліп, Қайырымдылық айлығында 3000-нан астам адамға жалпы сомасы 7 млн.теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді.
Мұғалімдерге, дәрігерлерге, мәдениет саласы қызметкерлеріне отын сатып алу үшін 14,4 млн.теңге қаражат бөлінді, бұл 2009 жылғыдан екі есеге көп.
Ауданда 303 оралман отбасы тұрады. 10 адам мамандығы бойынша жұмыстарға, 5-еуі қоғамдық жұмыстарға, 8 адам «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыстарға тартылды, оралман отбасынан шыққан 6 бала облыс әкімінің гранты бойынша білім алуда.
«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 8 отбасы Курчатов қаласына көшуге ниет білдірді.
Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша округтердегі комиссиялар қызметіне, ақылы қоғамдық жұмыстардың атқарылуына тиісті бақылау жасалмайды.
Ағымдағы жылы бөлімнің алдына жұмыссыздық деңгейі мен аз қамтылған отбасылар санын азайту, «Нұрлы көш» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру, тұрғындардың әлсіз топтарына көмек көрсету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу міндеті қойылады.
БІЛІМ БЕРУ
Ауданда 4871 оқушы контингентімен 44 жалпы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Білім беру сапасын арттыру үшін іс- әрекет бағдарламасы жасалып, мектеп жұмыстарының рейтингілік көрсеткіштері белгіленген.
Білім беру мекемелерін оңтайландыру бойынша жұмыстар жалғастырылуда. 2010 жылы 1 негізгі және 4 бастауыш мектеп жабылды, 1 негізгі мектеп бастауышқа қайта құрылды.
«Балапан» бағдарламасы тиімді жүзеге асырылуда. 2 бала бақша және 499 баланы қамтитын үш «Мектеп-бала-бақша» кешені жұмыс істейді, бұл 2010 жылдың басымен салыстырғанда 165-ке артық. 44 мектепте 70 шағын орталық іске қосылған.
Аталған мекемелерде мектепке дейінгі тәрбие берумен қамту 93,6% - ды құрайды, бұл облыстық көрсеткіштен 27,7% -ға жоғары.
Білім беру бөлімінің жанынан «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығы және жаңадан «Инновациялық және ақпараттық технологиялар орталығы» құрылды. Білім сайыстары мен конкурстарда жүлдеге іліккен 26 дарынды оқушы мен мұғалімі «Дарынды жұп» жобасына қатысты.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 7 жас маман пәтерге ие болды. Аудандық жас мұғалімдер форумы, ата-аналар форумы және аудан әкімінің түлектерге арналған балы өткізілді.
2010 жылы «Дарын» бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 5,3 млн. теңге бөлініп игерілді. Көкпекті және Самар ауылдарының шығармашылық үйлері мен музыкалық мектептерінің жұмыстарын біріктіретін, 293 оқушыны қамтыған тәрбие жұмысының орталығы жұмыс жасауда.
Бірыңғай Ұлттық Тестілеуде орташа балл - 80 балды құрап, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 12,6 балға өсті. 6 түлек «Алтын белгі», 1 оқушы үздік аттестат иесі атанды.
1-4 сынып оқушыларына және аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін ыстық тағам ұйымдастыру үшін тиісті жағдайлар жасалды. Облыс әкімінің тапсырмасымен ас мәзіріне бал, сүт, жемістер мен көкеністер, табиғи шырындар енгізілді.
Өткен жылы компьютерлік және материалдық базаларды жаңарту мақсатында 8 информатика кабинеті, 9 компьютерлік кластар, 4 биология кабинеті, 6 мультимедиялық кабинет, Преображенка және Пантелеймоновка мектептеріне оқушыларды жеткізу үшін 2 автобус сатып алынды.
Білім саласында «Қазақстан Республикасының 20 жылдығына – 20 игі іс» жобасы бастау алды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Байланыс сапасының нашарлығынан Интернет жүйесінің жылдамдығы аз, сондықтан жаңа кабинеттер қажетті деңгейде қолданылмайды. 16 мектептің оқушылары ұлттық тестілеуден аудандық көрсеткіштен төмен нәтиже көрсетті. Ең нашар нәтиже көрсеткен мектептер: Көкжота мектебі – 63,3 балл (Г.Конгулова), Мамай ауылының Амангелді мектебі – 64 балл (С.Қалдыбаев), Әуезов мектебі – 65 балл (С.Шалова), Ж.Шайжүнісов орта мектебі – 67,6 балл (М.Сатыбалдин).
Жаңа формат бойынша өткізілген аттестациялау мұғалімдердің санаттарының сай еместігін көрсетті.
Тестілеуден 138 мұғалімнің 41-і немесе 30%-ы өте алмады. Бірқатар білім мекемесінің басшылары мектеп аумағын көріктендіруге қажетті көңіл бөлмейді.
Жоғарыда аталған кемшіліктерді ескере отырып, білім беру бөлімі мен білім беру мекемелерінің алдына келесі тапсырмаларды қоямын:
1. Дарынды балалармен жұмысты күшейту және жаңа кабинеттерді қолдана отырып, оқушылардың білім сапасын және мұғалімдердің кәсіби шеберліктерінің деңгейін көтеру бойынша жұмыстарды жалғастыру.
2. Балабақшада тәрбиеленушілер санын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыру.
3. Өрт қауіпсіздігі іс-шараларын орындау бойынша жұмыстарды кезеңімен жүргізу.
4. Оқушыларды нәрлі ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жандандыру.
5. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында асханаларды ағымдық жөндеу, мектеп аумағын көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Ауданда халыққа медициналық қызмет көрсетуді 2 медициналық бірлестік, санитарлық-эпидемиологиялық басқарма, туберкулезге қарсы аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 35 медициналық пункт, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт, 19 жеке меншік дәріхана, дезинфекция саласы бойынша екі кәсіпорын жүзеге асырады.
60 дәрігер, 237 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.
2010 жылы сала бюджеті 482,6 млн. теңгені құрады. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2 млн.теңгеге №1 Медициналық бірлестігі емханасының ғимаратына және балалар бөліміне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
100 төсек-орынға арналған орталық аудандық аурухана мен 150 келушіге арналған емхана пайдалануға берілді. Жаңа аурухана қазіргі заманғы шетелдік диагностикалық-медициналық қондырғылармен жабдықталған.
Келешекте жаңа аурухананы көрші аудандардың да тұрғындарына медициналық көмек көрсететін аймақтық орталыққа айналдыру бойынша жұмыс жүргізу қажет, бұл аурухананы тиімді пайдалануға оң ықпал етпек.
Ол үшін бізге кадрлар резерві мәселесін шешу қажет. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында атқарушы билік тарапынан жас мамандар тұрғын үймен қамтылуда. Ал медициналық бірлестіктердің басшылары Семей медициналық университетімен тығыз байланыс орнатулары қажет. Бүгінгі күні мұндай жұмыстар сылбыр жүруде.
2010 жылы туберкулезбен ауырғандар саны 20,9 %, онкологиялық аурулар саны 1,1% азайды, алайда балалар өлімі екі есеге көбейген.
Халыққа медициналық қызмет көрсетуде бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар бар:
- медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың материалдық базаларын нығайту мәселесі нашар шешілуде;
- бұл мәселелер облыстық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде өте салғырт қаралуда. Мұндай проблемалық мәселелерді шешуде екі медициналық бірлестік басшылары белсенділік таныта алмауда.
- емделу мекемелерінің қызмет сапасына тұрғындар көңілі толмайды, сол себепті арыздар да түсуде.
Медициналық пункттерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет.
МӘДЕНИЕТ
Бұл саладағы кемшіліктер кадрлар тапшылығы мен қаржылық ресурстардың жетіспеушілігіне байланысты. Сондықтан, 2010 жылы мәдениет саласының бюджеті екі есеге ұлғайтылып, 134,5 млн. теңгені құрады. Жалпы сомасы 10,6 млн. теңгеге жабдықтар, аспаптар, жиһаздар жаңартылып, жаңа жаздық сахна салынды. Облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың тікелей қолдауымен аудандық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 40 млн. теңге бөлінді.
Ағымдағы жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне келесі мәселелерді шешу қажет:
1. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған іс-шараларды жоғары деңгейде дайындап, өткізу;
2. кітапханалар мен клубтардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, аудандық Мәдениет үйі жастардың бос уақытын өткізетін орталыққа айналуы тиіс;
3. мәдениет үйлері мен клубтардың аумақтарын көріктендіру; күрделі жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алу;
4. Көкпекті ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайының жұмысын жетілдіру, ұлт-аспаптар оркестрін құру;
5. мемлекеттік тілді дамыту және ономастикалық комиссия жұмыстарын жандандыру;
СПОРТ
Дене шынықтыру және спорт бөлімінің бюджеті 44 %-ға көбейіп, 17,8 млн. теңгені құрады.
2 спорт мектебінде спорттың 10 түрі бойынша 452 бала жаттығады.
Жаңа күрес кешеніне 2 күрес кілемі (Жалпы былтыр ауданға 4 кілем) сатып алынды, 2 білікті жаттықтырушы жұмысқа шақырылды, жарыстарға баратын автокөлікпен қамтылған.
14-ші Халықтық спорт ойындарында аудан командасы спорттың 21 түрі бойынша өнер көрсетіп, облыс аудандарының ішінде бірінші рет 2-ші орынға ие болды.
Дене шынықтыру және спорт бөліміне келесі шараларды атқару міндеттеледі:
- спорттың материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңмен жақсартудың бағдарламасын әзірлеу, ауданға білікті жаттықтырушыларды тарту;
- спорт алаңдарын қазіргі заман талаптарына сәйкестендіруді қамтамасыз ету;
- облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысатын жүлдегер-спортшылардың санын көбейту;
- бұқаралық спорт түрлерін дамытуды жалғастыру, 15 Халықтық ойындарда көрсеткіштерді төмендетпеу;
- қалыптасқан дәстүрлерді ескере отырып аймақтарда спорт түрлерін дамыту бойынша ұсыныстар енгізу;
МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
Аудан әкімінің аппаратында электрондық құжатайналым енгізілген, аудан әкімінің ресми сайты, виртуалды қабылдау бөлмесі және бес қоғамдық қол жетімділік пункттері жұмыс істейді.
Аудан әкімінің аппаратына 2010 жылы азаматтардан 1071 өтініш түскен. Оларға талдау жасау жерді ресімдеу мәселерінде проблемалардың бар екендігін және жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен округ әкімдерінің халықтың әлжуаз тобымен жұмысының әлі де тиімсіздігін көрсетіп отыр.
Кадрлық резерв бойынша жұмыстар жүргізіліп, есепті кезеңде 6 округ әкімі, 6 дербес бөлім басшысы және аудан әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары жаңадан тағайындалды. 3 селолық округ әкімі жағымсыз себептер бойынша жұмыстан босатылды,
Қаржылық бақылау инспекциясы тарапынан жоспардан тыс жүргізілген тексеру барысында жалпы сомасы 555 мың теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталып, бюджетке қайтарылды. Екі мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаржы полициясы тарапынан аудандық Салық басқармасының бастығына қатысты лауазымдық тұлғамен пара алу фактісі бойынша 1 жемқорлық қылмыс анықталды.
Осы орайда аудан әкімі аппаратының басшысына:
- кадр резервін қалыптастыру бойынша және мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершіліктерін арттыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізу;
- электрондық әкімдік жұмысының сапасын жақсарту және аудан әкімінің ресми сайтын жаңарту жұмысын жандандыру.
- азаматтардың өтініштерімен жұмысты қадағалау тапсырылады.
ҚҰҚЫҚ ТӘРТІБІ
Қылмыстық жағдайды тұрақтандыру, қажетті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде аудан аумағында тіркелген жалпы қылмыстар саны 20 %-ға, ауыр қылмыстар саны 77,3%-ға азайды. Мал ұрлығы 21,4%-ға, қоғамдық жерлерде жасалған қылмыстар саны 46,2%-ға кеміді.
Сонымен қатар, пәтер тонау, топтық және бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар саны көбейді.
Кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыстар алаңдаушылық туғызады. Алдын-алу жұмыстарының түрлері мен әдістерінің тиімділігін жетілдіру бойынша жұмыстар қажетті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ.
Қалыптасқан қылмыстық жағдайды ескере отырып, ауданның құқық қорғау органдарына қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алуға, оған азаматтарды кеңірек тартуға, кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыс мәселесіне ерекше көңіл бөле отырып, барлық қылмыстың түрлерімен және заң бұзушылықтармен жұмыс істеуді жалғастыру қажет.
ҚОҒАМДЫҚ – САЯСИ АХУАЛ
Жеңістің 65-жылдығы, Конституцияның 15-жылдығы, ауданның 80-жылдығы сияқты мерейтойлық даталар тұрғындардың отансүйгіштік сезімдеріне жаңа дем берді. Бұл орайда, алдыңғы буынның бүгінгі ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі үлестерін айырықша айтқым келеді. Құрметті ардагерлер, сіздердің алдарыңызда өшпес ерліктеріңіз, ерен еңбектеріңіз үшін басымызды иіп, алғыс айтамыз.
Аға ұрпақтың өнегелі істерін үлгі тұтатын көкпектіліктер табиғат сынақтары кезінде ұйымшылдық танытып, су тасқынынан зардап шеккен халыққа бір кісідей қолдау көрсетті.
Өткен жастар Форумы – болашақта жауапкершілік эстафетасын қолға алатын лайықты ізбасар жастарымыздың бар екендігін көрсетті.
Ауданда «Нұр Отан» партиясының филиалы, интернациалист – жауынгерлер мен кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктері, ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді.
2010 жылы неміс және татар ұлттарының қоғамдық бірлестіктерін құру жұмыстары басталып, қазақ этно-мәдени орталығы тіркелді.
Басқа ұлт өкілдері ішінен мемлекеттік тілді еркін меңгерген жастар санының артуы қуантады.
Талдау тобының зерттеулері көрсеткендей, аудан халқы Мемлекет басшысының жүргізген реформалар бағытын жоғары деңгейде деп бағалайды. Көкпектіліктер Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі бастамашыл топтың Үндеуін де бір кісідей қолдады. Ең алдымен, бұл, тұрғындарымыздың өршіл мақсаттардың іске асуына деген берік сенімі мен зор үмітін танытады.
2011 ЖЫЛДЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ
Құрметті жерлестер!
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттер негізінде, сондай-ақ жетістіктер мен орын алған проблемаларды ескере келе, үстіміздегі жылы төменгі негізгі бағыттар бойынша міндеттер белгілеп отырмыз:
1. Өңірлік жалпы өнімді 15 млрд. теңгеге, өнеркәсіп өнімін 5 %-ға көбейту. Ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемін 11,5 млрд.теңгеге дейін жеткізу.
2. «Жол картасы» бойынша 6 жобаны іске асыруға басымдық беріледі, оның ішінде 2 мәдениет үйін жөндеу, 2 ауылдағы көшені жарықтандыру, Самар ауылындағы көшелерді көріктендіру жұмыстары.
3. Бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін 100 %-ға орындау. Салық базасын кеңейту.
4. Негізгі капиталға инвестиция көлемін былтырғы деңгейден төмендетпеу (1,2 млрд. теңге).
5. Шағын бизнес субъектілері бойынша белсенді қызмет ететін кәсіпорындар санын 10 бірлікке, өнім көлемін 10 % - ға дейін арттыру. Өзіндік кіріс құрылымында шағын бизнес субъектілерінің үлесін 20 % - ға дейін жеткізу. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасына аудандық жобаларды енгізу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізу.
6. Халықты әлеуметтік қорғау бойынша: 515 жаңа жұмыс орнын құрып, жұмыссыздық деңгейін 4,8 %-ға төмендету.
7. Мамай ауылында мектеп құрылысын бастау, білім беру және мәдениет мекемелерінің материалдық базасын нығайту.
8. Шілде айынан бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын 30 %-ға, экономиканың нақты секторындағы еңбекақыны 20 % - ға көтеру.
9. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын толық көлемде жүзеге асыру, жас мамандардың тұрғын үй сатып алуы үшін бюджеттік несиелерді дер кезінде игеру.
10. Ауыл шаруашылығында өнімді қайта өңдеу, озық технологияларды енгізу, инфляциялық үдерістерді тежеу басым бағыт болып қала бермек.
11. Ең бастысы – 2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен маңызды болмақ.
Осы айтулы мерекені лайықты қарсы алу мақсатында, аудан бойынша бөлім, округтер деңгейіндегі ұсыныс-бастамаларды зерделеу арқылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі істері» атты жоба әзірленді.
Оны сіздерге ұсынуға рұқсат етіңіздер:
Жобаның бірінші бағыты облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» патриоттық акциясының қисынды жалғасы саналады.
1. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы жылында жерлестеріміз (С.Уалиев пен Б. Бекбердинов) салып жатқан қонақ үй кешені өзінің сан алуан қызметтермен және жақсы сервисімен Көкпекті ауылының тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс орнына айналады деп білеміз.
2. Рухани және имандылық тәрбиесі бойынша жарқын дәстүрлерді жалғастыра отырып Бастаушы ауылындағы Құмаровтар отбасы, өз жерлестері үшін мешіт және қатымхана салуды жоспарлауда.
3. Қарапайым халықты, әсіресе аз қамтылған тұрғындарды қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін белгілі жерлесіміз Тұрарбек Ракиш басқаратын «Ромат» фирмасы арқылы ұлы мерейтой жылы Самар ауылында әлеуметтік дәріхана ашу көзделіп отыр.
Бүгінгі білім беру саласы – ол Қазақстан болашағының негізі. Сондықтан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі істері» жобасының екінші бағыты осы маңызды салаға арналған.
4. «Кішкентай сәбилерге – жаңа жиhаз». Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында 1–4 сынып оқушыларын жаңа парталармен қамтамасыз ету, бұған бюджеттен 18 млн. теңге қаражат қарастырдық.
5. «Дені сау балалар – ел байлығы» - салауатты өмір салтын насихаттау бойынша ауданда алғаш рет ауыл сыртындағы жазғы демалыс лагері салынады. Көкпекті және Самар ауылдарында екі хоккей қорапшалары мен мұз айдын салу, 15 мектепке спорт жабдықтарын сатып алу оқушылардың дене тәрбиесі мен спорт шеберлігін жетілдіруге ықпалын тигізеді. Жобаны іске асыруға 38,9 млн. теңге қарастырылған.
6. «Әдемі, жайлы асханада – дәмді де нәрлі тағам» жобасы - бұл мектептердің материалдық–техникалық базасын нығайтуға бағытталған. Облыс әкімінің тапсырмаларын орындай отырып, оқушылардың ас үлесіне бал қосуды қамтамасыз еттік. Ендігі кезекте мектеп асханаларында технологиялық жабдықтар мен жиhаздарды жаңарту міндетін қойып отырмыз. Бұл жоба үшін 44,3 млн. теңге қарастырдық.
7. «Балапан - Президент бағдарламасы». Оны іске асыру мақсатында Көкпекті ауылының Заречное бөлігінде 100 орынға арналған балабақша және Самар ауылында «Дәншік» балабақшасында 75 орындық қосымша 3 топ ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса, балабақшаларды абаттандыру мен ойын алаңдарын жасау қарастырылған. Бұл шараларға бюджеттен 29,6 млн.теңге қарастырдық.
8. «Жаңа автобус – әрбір бала өмірінің қауіпсіздігі». Балаларды тасымалдау үшін Шұғылбай, Үлгілімалшы, Тассай, Толағай, Новотимофеевка, Көкпекті ауылдарына жаңа 6 автобус сатып алынады. Оған 23,4 млн.теңге қарастырылған.
9. «Балаларға – жүрек жылуы мен махаббат сыйла» атты қайырымдылық акциясы». Осы акция барысында жиналған материалдық көмек Раев атындағы балалар үйіне жіберіледі. Бұл игі істен әр азамат тыс қалмай, жомарттық пен рақымшылық танытады деп білеміз.
10. «Дипломмен - ауылға». Жас мамандарды қолдауға арналған бұл жоба аясында бюджет есебінен (9,0 млн.теңге) Самар ауылында 6 үй және Белое ауылында мұғалімдер үшін көп пәтерлі үйлердің жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша мерейтой жылы еңбек жолын бастаған жас кадрлар лайықты пәтерлермен қамтамасыз етіледі.
11. «Балалар - өмір гүлі» жобасы бойынша аудандағы мүмкіндіктері шектеулі балаларды қолдау үшін меморандумдар бойынша дамытатын тренажерлер және жабдықталған арнайы зал ашылады.
12. Кеңес Одағының Батыры Николай Яковлевич Фоновтың туғанына 100 жыл толу құрметіне Самар ауылындағы оның есіміндегі көшеде аудан бюджеті есебінен (1,7 млн.теңге) 400 метр су құбыры мен жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
13. «Ауыл – қалаға». Бұл жоба бойынша облыс әкімінің тапсырмасы аясында Меморандумдар есебінен Семей қаласының саябағын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады, бұл қала тұрғындары үшін мерейтойға арналған сыйлық болмақ.
15. Ауданда қазақтың ұлт аспаптар оркестрі құрылып, оның тұсаукесері мерейтой салтанатында көкпектіліктерге айырықша мерекелік күй сыйламақ.
Мәдениеттің дамуын көздейтін 15 және 16-шы жобалар бойынша Көкжайық, Тассай ауылдарында мәдениет үйлерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа 30 млн.теңге қаражат қарастырылған.
16. «Ауылдарға – жаңа келбет» атты жобалар Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауылдарды көркейтіп, жаңартып, көріктендіруге бағытталған. Оған әр азамат өз үлесін қосуы тиіс.
17. «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына – 20 мың көшет» - осы ұранмен ауданда көшеттер отырғызу акциясы өтеді.
18. «Жастар саябағы» - жастардың қатысуымен өткізілетін патриоттық акциялар нәтижесінде аудан орталығында гүлзарлар отырғызылып, көгал жайылған және жарықтандырылған жаңа саябақ осылай аталмақ. Бұл жаңа демалыс орны болады.
19. «Көрікті ауыл» жобасы бойынша Үлкенбөкен мен Преображенка ауылдарында 3,8 км. көшелер жарықтандырылады. Оған 12 млн.теңге қаражат қарастырылған.
20. «Балаларға – мазмұнды демалыс» жобасы бойынша Көкпекті ауылында балалардың ойын алаңы салынады.
Осы жобаларды жүзеге асыру үшін 492 млн.теңге қаражат бағытталмақ, соның ішінде аудан бюджетінен 233 млн.теңге, демеушілер есебінен 259 млн.теңге. Бірақ, игі бастамалардың қай-қайсы да бүгінде дәстүрге айналған сенбіліктерге әрбір тұрғынның белсенді қатысуымен ғана ойдағыдай іске асады деп білемін.
Барлық қоғамдық бірлестіктерді, «Нұр Отан» партиясының мүшелерін, ардагерлер мен жастарды, өз жерін, елін сүйетін азаматтарды халыққа қажетті игі істерге белсенді қатысуға шақырамын.
Тәуелсіздік мерейтойын лайықты қарсы алуға еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, депутаттар, әрбір тұрғын еңбектегі табыстарымен, ортақ мүдде жолындағы жеке өнегесімен үлес қосады деп сенемін.
Достарыңызбен бөлісу: |