Аудандық білім бөлімінің 2015 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары туралы
АНЫҚТАМА
Аудан бойынша 42 жалпы білім беретін, 99 мектепке дейінгі ұйым, 3 мектептен тыс мекеме, 1 жалпы білім беретін кешкі мектеп, 1 жазғы тынығу лагері жұмыс жасайды.
Аудан экономикасының тұрақты дамуының нәтижесінде білім саласын қаржыландыру көлемі жылдан жылға ұлғаюда.
Қаржыландырудың ұлғаюына байланысты соңғы жылдары орта және мектепке дейінгі білімді дамыту аясында республикалық және жергілікті бюджет есебінен білім беру ұйымдарының құрылысын қайта салу, ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, олардың материалдық техникалық базасын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Соңғы 3 жылдың өзінде ауданда 10 мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда 42 мектептің 36-ы типтік ғимараттарда орналасқан. Яғни жалпы мектептердің 85 пайызының ғимараттары типтік сипатта. 6 мектеп ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан.
Сонымен қатар, апаттық жағдайдағы Талап бекетіндегі №254 негізгі мектепке 100 орындық жаңа мектекеп құрылысы салынуда. Жаңа мектеп 2015 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілетін болады.
Бүгінгі күні ауданда мектептер 124 интерактивті тақтамен, 32 лингофонды-мультимедиялық, 6 физика, 18 химия, 14 биология және 60 әмбебап-интерактивті кабинеттерімен жабдықталып, жыл сайын жаңа компьютерлермен толықтырылып, интернетке 100 пайызға қосылу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Бүгінгі таңда аудан мектептеріндегі жалпы комьютерлер саны -1830 құрайды. Өткен 2014 жылы 1 компьютерге 10 оқушыдан келсе, биылғы жылы 9 оқушыға 1 компьютерден келіп отыр. Бұл көрсеткіш мектептерге алынған жаңа компьютерлердің есебінен азайып отыр.
Білім беру мектептері 100 пайызға телефондандырылып, интернет желісіне толығымен қосылған. 2014 жылға білім беру ұйымдарының кең жолақты интернет жүйесіне қосылуы 10 пайызға артып, қазіргі уақытта 15 мектеп ADSL негіздегі интернет жүйесіне, ал 11 мектеп Кең жолақты ғаламтор жүйесіне 4 Кбит/с жылдамдықпен, 16 мектеп EVDO баланыс, Dial-up интернет жүйесіне қосылған. Сонымен қатар аудан мектептері бойынша 2013 жылға электронды оқыту жүйесіне қосылған №53,194,247,168,192 орта мектептерінің ғаламтор желісіне қосылу жылдамдығы 4 кб/сек-қа жетсе, 2014 жылдың соңында тағы да 6 мектепке (№163, 125, 242, 52, 166, 51) осы жылдамдықта ғаламтор желісіне қосылу үшін модемдер орнатылды.
Ауданда мектепке дейінгі ұйымдар саны жылдан-жылға артуда. Мысалы 2013 жылында 67 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасаса, 2014 жылы жалпы аудан бойынша 82 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасады. Ал 2015 жылы мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы саны 99-ға жетіп отыр. Оның 26-ы мемлекеттік балабақша, 53-і жеке меншік балабақша, 20-ы шағын орталықтар. Сонымен қатар, әлі де жеке балабақша ашу жөнінде, оның ішінде бөбекжай топтарын ашуға өтініштер көптеп түсуде.
Аудан бойынша 1-6 жас аралығындағы жалпы балалар саны – 11802 болса, оның ішінде 3-6 жас аралығындағы бала саны – 5105, балабақшамен қамтылған бала саны - 4854 болып отыр, яғни қамтылуы 96 пайыз. Бүгінгі таңда балабақша кезегінде тұрған бала саны – 545. (Оның ішінде 3-6 жас аралығы –200 бала болса, 1-3 жас аралығы – 345 бала.)
Аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 2013 жылында 3453 бала, яғни қамтылу пайызы 90 пайызды құраса, 2014 жылы балабақшамен қамтылған бала саны 4308-ті құрап 93 пайыз болса, 2015 жылы 4854 баланы қамтып 96 пайызға жетіп отырмыз.
Өткен 2014-2015 оқу жылына оқулықтар сатып алуға барлығы 31914,0 мың теңге қаржы қаралып, 3, 10 сынып оқушылары оқулықтармен толық қамтылса, 2 сыныптар ағылшын тілі оқулықтарымен, 6 сыныптар информатика пәнінің оқулықтарымен қамтылды.
Ал, биылғы жаңа оқу жылына оқулықтар сатып алуға 60813999 теңге қаржы бөлінді. Қаралған қаржыға 9 баспадан («Атамұра», «Мектеп», «Арман ПВ», «Алматы кітап», «Жазушы», «Бөбек», «Білім», «Келешек», «Шикула» баспалары) 1, 2, 3, 4, 5, 6, 11 сыныптарға барлығы 79440 дана оқулық сатып алынды
2014-2015 оқу жылында аудан бойынша білім беру ұйымдарында барлығы 2394 мұғалім жұмыс жасады. Барлық 2394 мұғалімнің 2235-і жоғары білімді болса, 9 аяқталмаған жоғары, 150 арнаулы орта білімділер. Сонымен қатар мұғалімдердің еңбек өтілі бойынша талдау төмендегідей:
Еңбек өтілі 3 жылға дейінгі мұғалімдер саны – 189;
3 жылдан- 8 жылға дейінгі мұғалімдер саны - 511;
9 жылдан – 16 жылға дейінгі мұғалімдер саны – 546;
17 жылдан-20 жылға дейінгі мұғалімдер саны - 322;
20 жылдан жоғары мұғалімдер саны-826-ы құрап отыр
Барлығы 42 мектептің 36-сы орта мектеп және 6 негізгі мектеп директорлары.
2014-2015 оқу жылында білім беру ұйымдарында жоғары санатты мұғалімдер саны - 82, І санаттылар саны - 1180, ІІ санаттылар саны - 690, санатсыз мұғалімдер саны – 442-і құрады. Жоғары (3,4%) және бірінші санатты (49,3%) мұғалімдер жалпы мұғалімнің 52,7 пайызын құрады.
Өткен 2014 жылы барлығы 723 мұғалім түрлі дәрежедегі курстардан өткізілді. 723 мұғалімнің 332-і қысқа мерзімді курстардан өткізілсе, 121-і 3 айлық курстардан өткен. Ал, 270-і өз қаражаты есебінен ақылы курстардан өткен.
Биылғы 2015 жылы барлығы 458 мұғалім біліктілік арттыру курстарынан өтеді деп жоспарлануда.
Оның ішінде 121-і деңгейлік 3 айлық курстан өткізілетін болса, бұл мақсатқа 154000,0 теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда 82 мұғалім 3 айлық курстан өткізілді. Қалған 39 мұғалім жыл соңына дейін 3 айлық курстан өткізілетін болады.
337 мұғалім қысқа мерзімді курстардан өткізілетін болады. Бұл мақсатқа, яғни курстан өтетін мұғалімдердің іс-сапар шығындарына 15,8 млн теңге бөлініп отыр. Бүгінгі таңда 165 мұғалім курстан өтті. Қалған 172 мұғалім жыл соңына дейін өткізілетін болады.
Сонымен қатар, өз қаражатынан ақылы негізде қысқа мерзімді біліктілік арттыру курсынан өткізілетін мұғалімдер саны – 281 болса, соның бүгінгі таңда 181-і өз қаражаты есебінен 3 күндік курстардан өтті. Қалған 100 мұғалім жыл соңына дейін ақылы курстан өтетін болады.
Биылғы ҰБТ нәтижесінде ауданның орта балы 81,6 құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артты. Өткен жылы орта балл – 68,5 болған. Бұл әрине білім саласындағы үлкен жетістік деп ойлаймыз.
Биылғы жалпы мектеп бітірушілер саны- 880
ҰБТ-ге қатысқаны -519
Қатысу пайызы – 59,0 пайыз
Жалпы ауданның орташа балл көрсеткіші -81,6 пайыз
Ең жоғары балл – 116-ды құраса, ең төменгі балл – 40-ты құрады.
«Алтын белгіге» ұсынылған 14 бітірушінің 10-і өз білімдерін қорғап, қорғау пайызы 71,4 пайызды құрады. Былтырғы 2014 жылы «Алтын белгіні» қорғаған түлектер пайыздық көрсеткіші 22,2 пайыз болған.
Ал, «Үздік аттестатқа» ұсынылған 5 оқушының 3-і өз білімін дәлелдеді, «Алтын белгіге» 1 балл жетпей қалу себебінен 3-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Барлығы биылғы жылы 6 үздік аттестат иегері шығып отыр.
Жыл сайын оқушылардың ғылыми шығармашылық мүмкіндіктерін қалыптастыру, ғылымға деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесінде жаңа серпілістер байқалады. Оған дәлел, Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 109 оқушы, облыстық кезеңінде 4 оқушы, республикалық кезеңге 2 оқушы жолдама алып, оның 1-і жүлделі орынды иеленді.
Өткен 2014 жылы 3 мұғалім, атап айтқанда №3 мектеп интернатының биология пәні мұғалімі Орынханова Сәуле, №163 мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлмира Ахметжанова, №110 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалия Байтелеевалар облыс әкімі тағайындаған 1 миллион теңге стипендияның иегері атанды.
2013 жылында облыс әкімінің сыйақысына 2 мұғалім ие болса, бүгінгі таңда аудан бойынша 5 мұғалім миллионер мұғалімдер атанып отыр.
Ауданда білім беру ұйымдарында балалардың 2015 жазғы демалыс сауықтыру шараларын ұйымдастыруға байланысты мектеп жанындағы күндізгі лагерлер, «Тау самалы» тынығу лагері осы жаз мезгілінде жұмыс жасады.
Жалпы жиынтықта аудан бойынша 2015 жылға балалардың жазғы демалыс шараларымен қамтылған бала саны-13350, бұл 94 пайызды құрайды.
Ауданда оқу жылы басында 3 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс жасады. Олар: аудандық балалармен мәдени-тәрбие жұмыстарын жүргізу орталығы, Әлшекей атындағы және Бесарық балаларға арналған өнер мектептері. 2015 жылдан бастап №209 орта мектептің босаған ғимараты базасынан Түгіскен балаларға арналған өнер мектебі ашылды. Аталған мектепте 10 үйірме сыныптары жұмыс жасайды, қамтылған бала саны-150. Сонымен бірге ауданда Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын балаларға арналған 2 спорт мектебі мен спорттық аула клубы бар.
Ауданда білім беру ұйымдары бойынша балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қалыптастыру, жастардың бос уақытын ұтымды пайдалана отырып, оларды спортқа, жоғары патриоттық сезім мен мәдениетті тануға, салауатты өмір салтына баулу мақсатында 630 оқушы аудандық балалармен мәдени-тәрбие орталығында, 515 оқушы өнер мектептеріне, 2800-ден аса оқушы спорттың 9 түрі бойынша (дзюдо, самбо, қазақ күресі, бокс, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, футбол, тоғызқұмалақ, баскетбол) спорт мектептері мен спорт клубына қатысады.
Қазіргі таңда аудан бойынша, яғни 2015 жылдың 1 тамызына дейін 40 тұл жетім және 26 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасында тәрбиеленуде. Осының ішінде патронаттық тәрбиедегі балалар саны - 13. Атап айтар болсақ 6 бала тұл жетім, 7 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Бұл балаларға 11 патронат тәрбиеші тағайындалып, қаржысы республикалық бюджеттен төленуде.
Сонымен қатар, 53 бала қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиеде, оның 34-і жетім, 19-ы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оларға 40 тәрбиеші тағайындалып, айына әр бір балаға 19820 теңге көлемінде қаржы Республикалық бюджеттен төленуде.
Биылғы жылдың басынан бері 4 балаға қамқоршылық тағайындалды. Ата-аналық құқынан айрылғандар және шектелгендер тіркелген жоқ.
Жетім, ата-анасының қамқорынсыз қалған 21 баланың ата-анасынан қалған үйі мұрагерлікпен рәсімделген. Үйі жоқ 45 бала Қазақстан Республикасы Тұрғын үй туралы Заңы бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған.
Жергілікті бюджет есебінен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі балаға үй берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |