Қазақ ақын-жырауларының
тәлім-тәрбиелік идеялары.
Қазақ хандығы көптеген тайпалардың – қаңлылар, үйсіндер, қыпшақтар, арғындар, наймандар, дулаттар және т.б. негізінде құрылды. Қиын тарихи жағдайда қалыптаса отырып, қазақ хандығы бірде (ХҮІ ғ.бас кезінде) нығайды, бірде әлсіреді. ғасырдың аяғында Қазақ хандығында үш жүз деп аталатын көшпелі тайпалардың ірі одақтары – Ұлы жүз Оңтүстік Қазақстанда, Орта жүз қазақ даласының орталық бөлігінде және Кіші жүз батыс аймағында ұйымдасты. Әрқайсысының өз басқару әкімшілігі болды. Оларды біріктіру туралы әртүрлі әрекеттер болғанымен, қазақ халқы осындай жағдайда ХҮІІІ ғасырдың ортасына дейін өмір сүрді.
Осы тарихи оқиғалар туралы ірі эпикалық шығармалар, көптеген әндер сақталған. Халық зұлымдық, басқыншылық, жаугершілік туралы қайғылы әндер шығарған, шетел басқыншыларына қарсы күрескен, ел қорғаған батырларды жырлаған:
Бұл кезеңде халықтың ақын-жыраулары пайда болды. Қазақ поэзиясында жырау-ақынның ерекше ежелгі түрі. Көшпелі тұрмыс және шетел басқыншыларының шабуылы жағдайында жыраулар көптеген жауапты қызметті атқарған болатынды: өзінің ақылды, жалынды сөзімен жауға қарсы рулардың күшін біріктіруге шақырды, олар көп жағдайда тайпалардың көсемдері, батырлары, тайпалық жасақшылардың қолбасшылары болды.
Ақын-жыраулар негізінен өз шығармаларын толғау жанрында шығарған. Толғау – белгілі бір жағдайға байланысты философиялық пайымдау немесе тоғаныстар түріндегі поэтикалық сюжетсіз шығарма.
Бұл кезеңдегі белгілі жыраулардың ішінен Асан Қайғы, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра жырауларды және т.б. ерекше атауға болады.
Ел ішінде кең тараған батырлар жырларының бірі «Ер -Тарғында» Сыпыра – жырау былай суреттеледі: Ноғайлы ханы Зада көрші руға көптеген зиян келтіреді. Сол руда жас батыр Ер-Тарғын дүниеге келеді. Хан Зада одан кек алуға қорқады, не істерін білмейді, оған Сыпыра – жырауға жолығуға кеңес береді. Сыпыра – жырау ханның зұлымдығын, екі жақтылығын қатты сынай отырып, бұрынғы зұлымдығын ұмытуға және достасуға шақырады. Екі жақты татуластыруға жұмыстанады. Сыпыра-жырау Ер-Тарғынның артықшылығын, оның ержүректігін, тазалығын айта отырып, ханды ойланбай істелген әрекеттен сақтандырады. Сонымен, ең соңында екі жақты да келісімге келуге көндіреді.
Жыраулардың шығармашылығы олар өмір сүріп отырған ортамен тығыз байланысты. Олардың кейбіреулері ханға қызмет етсе, үстем тап өкілдерінің мүддесін көздесе, басқалары бұқара халықтың атынан сөйлеп, халықтың мұң-мүддесін – көңіл-күйін білдіреді және батырлар жырларының, аңыздардың сақтаушылары және орындаушылары болып табылады.
ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жыраулар поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.
Оны ХҮ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген қазақ даласының ұлы ойшылы, халықымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік ой-пікірлерінің көне басшысы бола білген Асан Қайғы шығармашылығынан байқауға болады. Асан қайғы – қазақ даласынан шыққан ойшыл-философ, аты аңызға айналған, ел қамын ойлаған данышпан ақын. Алтын Орда құлағаннан кейін, халық аңызы бойынша, мемлекеттің ыдырағанын көріп, «халыққа ыңғайлы, уайым-қайғысы жоқ, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» Жерұйықты» іздеп желмаямен қазақ жерін аралайды. Талай жақсы жерлерді де, шөл даланы да көреді, бәріне тиісті бағасын береді. Бірақ «Жерұйықты» таба алмай қайғырады. Содан ел оны «Асан Қайғы» деп атаған. Әрине, қазақ жерінде кең жазықты, көк майса шалғынды, орманды-таулы жерлер де, өзен-көлдер де бар, бірақ іздегені әлеуметтік өмір мен рахат өмір болатын. Оны философтар қазақ жерінен шыққан алғашқы әлеуметтік утопист деп атайды.
Халқының сол замандағы хал-ахуалы мен келешегін тебірене сөз еткен Асан Қайғы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов айтқандай, халық мұңын арман етіп, алысты меңзеген, өзі үшін емес, елі, жұрты үшін іздеген ел қамқоры…
Асан Қайғы қазақ қоғамының болашағы үшін барша жұрты бай, кедей деп бөлмей, адамгершілікке, бірлікке, бауырластыққа баулуды қажет деп санады. Оның ойынша, адамның мінез-құлқы жақсы болуы үшін айналасындағыларға жанашырлық ізгі жүректілік білдіруі, қамқоршы болуы қажет. Өзіне қажетті игіліктерді жасауда адамдар бірлесіп, қоғамдасып, бауырмалдық іс-әрекет жасауы керек, сонда ғана бақытқа жетеді, басына бақ қонады деп білді. Бүкіл халқының қамын ойлауы, елді берекелі бірлікке, шынайы достыққа адал еңбекке шақыруы, сол замандағы прогрессивтік маңызы зор гуманистік көзқарас еді.
Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген Асан Қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, қазақ жерінің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады…
Асан Қайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктіріп кетер едім, әттең, желмаям көтере алмайды-ау! Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын, тып-тыныш мамыражай ел екенсің»,-депті.
Батыста Асанқайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Екі баласы: «Маңғыстау м алға жайлы қоныс бола ма?»-деп сұраған екен. Сонда Асан бабамыз: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», - деген екен.
Шыңғырлауды көргенде: «Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірдің»- деп үш айналады да, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып, - «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап-аунап кетейік»,-депті.
Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен»,-депті.
Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола қоймас»,-деген екен.
Сайрам, Шымкен маңын аралағанда Асан Қайғы айтыпты:
Екі бассаң бір базар,
Саудасы қызған жер екен.
Екі бассаң – бір мазар,
Молдасы азған ер екен,-депті.
Асан Қайғы адамның бойындағы адамгершілік қасиетті жоғары бағалай келіп, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген адами қасиетті, кішіпейілділікті жастардың бойында жағымды мінез-құлық қасиеттерін тәрбиелеуге және қалыптастыруға ақыл-кеңес береді.
Ел басқарған көсемнің, қол бастаған батырдың әділеттіліктің, адамгершіліктің туын жоғары ұстауы қажеттігін айта келіп, Асан Қайғы:
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама,-деп ақыл-кеңес береді. Асан Қайғының көрегендікпен айтқан тәлімдік-тәрбиелік ойлары мен тұжырымдары бүгін де жас ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде өзіндік мәнін жойған жоқ.
Халық дағдырын, мемлекет мәселесін шешуде хандармен бірге ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулар да роль атқарып келуде.
Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра-жырау сияқты жыраулар заман, қоғам, жайлы, ел басына түскен әр алуан оқиғалар жайынан толғау – жыр айтушы болған. Қазақ поэзиясында жыраулар жеткіншек, ақылгөй тәрбиешінің ролін атқарады. Ақын – жырауларға тән бейнелі сөз айшықтары билердің шешендік сөздеріне де арқау болған.
Қазақ халқы шешендік сөзді жоғары бағалаған. «Өнер алды – қызы тіл» демекші ата-бабамыз ділмәр шешендердің өсиет сөздерін, табан аузында тақпақтап айтқан ақыл-нақылға толы ақындардың толғау, термелерін әлденеше ғасырлар бойы жадында сақтап, дәуірімізге жеткізген. Оның себебі аталы сөздердің өмірщеңдігінде, халықтың сөз құдіретін бағалай білуінде жатыр. Демек, асыл сөздің төркіні қоғамдағы тәрбиелік мәніне ерекше назар аударып, «ақылдың көзі – аталы сөз» деп ұққан ата-бабамыз сөйлей білуді үлкен өнер деп бағалаған.
Ақыл-ой, тәлім-тәрбие, көріп-білу, жүректен терең сезіну арқылы біртіндеп толықсып қалыптасатын тәжірибеден туатын үздіксіз еңбектің жемісі.
ХҮ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде ерекше өзіндік қолтаңбасын қалдырған қазақ-ноғай поэзиясының көш басшыларының бірі болған Қазтуған –жырау – ел қамын жеген, халқы қастерлеп өткен көшпенді қазақ тайпалардың әскер басы, ру көсемі болған қазақ тарихында белгілі батыр қазақ жырауларының көрнекті өкілдерінің бірі.
Ол өзінің туып-өскен ата-мекені Еділ өзенінің Каспийге құлар жеріндегі сағаларының сұлу табиғатын, қазақ жерінің ғажайып көрінісін туған өлкесінің перзенті ретінде тамаша поэзия тілімен суреттей білген. Қазтуған толғауларының ұрпақ тәрбиесінде тәлімдік-тәрбиелік мәні ерекше.
Қазтуған өзінің туған өлкесіне деген сезімін төмендегідей жолдармен тебірене білдіреді:
Алаң да, алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт.
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт.
Ботташығы бұзаудай,
Боз сызаны тоқтыдай,
Балығы таудай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Қайран менің, Еділім,
Мен салмадым, сен салдың
Қайыр болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!…
Қазақ поэзиясының тарихында белгілі және көрнекті тұлғалардың бірі шамамен ХҮ ғасырдың 60-жылдарында және ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Шалкиіз Тіленшіұлы болып табылады.
1490 жылдары әрі жауынгер және дарынды ақын ретінде ол ел билеу істеріне ерте араласады, Алтын Орданың әміршісі Темірдің белді кеңесшілерінің бірі болды. Шалкиіз ол Жайық өзенінің бойында Дешті-Қыпшақ даласында дүниеге келді.
Шетел басқыншыларының жиі шабуыл жасауы және үздіксіз ру аралық тартыс жағдайында ортақ жауларға қарсы күресте ақын-жыраулардың қазақ руларының басын біріктіруге үндеген үні қаттырақ естілді.
Шалкиіздің бірқатар өлеңдері ел билеуші, әмірші Темірге үгіт-насихат, кеңес түрінде беріледі. Онда алыстағы ортағасырдағы хандар туралы, адамдардың жақсы жақтары туралы, жақсы және жаман адамдар туралы жырау екі жаққа да, ел билеуші мен халыққа бірдей, қызымет атқарады. Егер де Темір оның кеңесін, үгітін тыңдайтын болса, адамдар мен ел билеушінің арасында келісім, бірлік, бейбітшілік, бақыт орнайтындығына сенім мол деген болатын-ды.
Шалкиіздің ғибраттық, тәлімдік-тәрбиелік мағынаға толы толғауларының бүгінгі күні де маңызы және рухы аса күшті, философиялық тереңдігімен, аз сөзбен көп мағына беретін қысқа да болса, нұсқалығымен ерекшеленеді:
Қоғалы көлдер, қам сулар,
Кімдерге қоныс болмаған
Саздауға біткен қара ағаш,
Кімдерге сайғақ болмаған…
Күлелік те ойналық,
Киелік те ішелік,
Мынау жалған дүние,
Кімдерден кейін қалмаған! – деген жолдар арқылы жастарға ақыл-кеңес, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие туралы ой тастайды.
Шалкиіз:
Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмес,
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер,-деген өлең жолдарынан адамның жақсы мен жаман болуы халқына, еліне жасаған пайдасына, сіңірген еңбегіне байланысты:
Жаманнан туған жақсы бар
Адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар
Күндердің күні болғанда
Бір аяқ асқа алғысыз, - деп Шалкиіз толғаулары афоризм, нақыл сөздерге тәлімдік-тәрбиелік ойлауға, өнегелік тұжырымдарға бай келеді.
Жиембет Кіші жүздегі Есім ханның басты биі, әскери қолбасшы, батыры болды. Оның ерлігі қабақтардың қалмақтармен соғысында айқын байқалды. Жиембет жырау сомдаған батырлардың тұлғасы олардың психология ерекшелігі мен жан дүниесін асқан шеберлікпен суреттейді. Батырлардың бейнесін, ерлік істерін дәріптей отырып, жастарға үлгі-өнеге етеді, үстем тап өкілдерін, хандарды қатты сынға алады. Жастардың бойында адамгершілік, елжандылық қасиеттерді дәріптейді.
Жиембет те Ақтамберді сияқты халық қамын жоқтаған, ел бірлігін сақтаған әрі батыр, әрі ақын болды. Хан қаһарынан қаймықпайтын от тілді, орақ ауызды Жиембет жырау:
Ханға қарсы тұрам деп,
Түн ұйқымды бөлгенмен,
Жұртымды жөнге салам деп,
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік…- деп ол жастардың болашағы, әділеттілік үшін белін бекем буып, қолына қару алып, күреске шықаннын жоғарыдағы өлең жолдарымен өрнектей білген.
Қазақ жырауларының қай-қайсысын алсақ та, жыр-толғауларында айтылатын негізгі идея – ел бірлігін, өз отанын сүю, оны сыртқы жаулардан қорғау, батырлығы мен ақындығы сай келетін, сол кезеңнің өзекті, маңызды мәселелерін жырлай отырып, аз сөзбен көп мағына беретін толғауларының жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық ерекше. Бүгін де тәрбие жұмысында кеңінен пайдалануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |