Қазақ тіл білімі ғылымының Қалыптасуы мен дамуы



Дата21.03.2024
өлшемі185.64 Kb.
#496256
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ


 23.06.2020 Білім 
 рет қаралған9 213

Анар САЛҚЫНБАЙ
Қазақ тіл білімі ғылымының тарихы – ана тілінің құрылымын талдауға бағытталған ізденістер мен жаңалықтарға, қателіктер мен кемшіліктерге, ғылыми әдіс пен әдіснама іздеу үстіндегі әртүрлі қайшылықтарға, ұсыныстар мен болжамдарға, байсалды ғылыми тұжырымдар мен байламды қағидаларға, ғылыми пікірталасқа бай. Бүгінде қалыптасып дамыған, әр түрлі идеяларға иек артып, теориялық тұжырымдарын тамызық ете жетілген, ғылыми метатілі айқындалған, өзіндік бет-бейнесі мен бағытын айқындаған қазақ тіл білімінің 100 жылдық тарихы бар. Ана тілініңмерейін үстем ету үшін, өмірден баз кешкен тарланбоздардың тағдыры бар.
Қазақ тіл білімінің тарихи даму кезеңдерінің бастауы түркітанудағы ғылыми зерттеулермен тікелей байланысты. Түркі тайпаларының тілі мен диалектілерініңсалыстырмалы-тарихи деректері талданатын ХІ ғасырда жазылған М. Қашқаридың «Диуани лұғат-иттүрк» еңбегінен бастау алатын қазақ тіл білімінің тарихын кеңінен алып зерттеудің, зерделеудің, ғылыми тұрғыдан талдаудың маңызы ерекше, әрі оның көкжиегін кеңейтіп зерттеудің уақыты келді. М. Қашқари еңбегі «лұғат» деп аталғанымен, беретін ақпараты мол, тарихи дерегі айқын. Мұнда түркі тайпаларының атауы, тілдің грамматикалық ерекшелігі, ішкен асы, жүрген жері, киген киімі, айтқан аңызы, қолданған мақалмәтелі мен жаңылтпашы, лебізде пайдаланған тұрақты сөздері мен тіркестері туралы іздегенген жанға молынан берілетін ғылыми терең мағлұмат бар.
Қазақ тіл білімінің бұдан кейінгі қайнар көзі ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресейдің қазақ еліне арнайы жасаған саясатының нәтижесінде қалыптасып жасалған орыс түркологтарының еңбектерін атау өту абзал. Бұл кезеңде қазақ тілін зерттеуге Н.И. Ильминский, М.А. Терентьев, П.М. Мелиоранский, В.В. Катаринский, Н.Созонтов, Г.В. Архангельский, В.В. Радлов, Н.Н. Пантусов, В.В. Григорьев сынды ғалымдар ат салысты.
Н.И. Ильминскиийдің «Материалы к изучениюкиргизскогонаречия» деп аталатын практикалық мақсатта жазылған еңбегі бар.Н.И. Ильминский (1822-1891) – Қазан діни академиясының ірі өкілдерінің бірі, тілші-түркологғалым, атақты М.А. Казембек пен М.Г. Махмудовтың шәкірті. Арнайы миссионерлік курс діни академиясын тамамдаған соң, 1854 жылы Қазан қаласына келіп, діни академия мен университетте шығыс тілдерінен сабақ береді. Кейін арнайы мемлекеттік тапсырмамен 1858 жылы Орынборға келіп, шекаралық комиссияда аудармашы қызметін атқарады. Мұнда зерттеуші-ғалым В.В. Григорьевтің қолдауымен, қазақ тілін біліп, оны зерттеуді мақсат етеді. Н.И. Ильминский татар тілінде жазылатын ресми хаттарды қазақ тіліне аударады. Марабай ақыннан «Ер Тарғын» ертегісін жазып алып, 1861 жылы басып шығарады. Н.И. Ильминскийдің«Материалы к изучению киргизского (казахского) наречия» еңбегі фонетика, грамматика жәнесөздіктентұрады. Н.И. Ильминскийдіңтүркітануғылымынақалдырғанқұндызерттеуі – Рабғузидің «Бабыр-наме» мен «Қысас-әл-анбияны» жарыққашығаруыдепесептейміз.
П.М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизскогоязыка» зерттеуінде қазақ тілінің грамматикалық құрылысы сөз болады. Әсіресе, синтаксиске елеулі мән береді. Зерттеушімиссионер қазақ тілін ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таныған.
Петербург мектебінің түрколог ғалымы саналатынМ.А. Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская и киргизская, узбекская»еңбегі бар. Мұнда қазақ тіліне қатысты бөлімі басқа түркі тілдерімен салыстырыла қарастырылады.
В.В. Катаринский (1846-1902) – Орта Азиядағы көрнекті түркітанушылардың бірі, Н.И. Ильминскийдің шәкірті. Ол оқу-ағарту істеріне қатысты: «Краткийкиргизско-русскийсловарь» (Оренбург, 1895, 1898), «Русско-киргизскийсловарь» (Оренбург, 1899-1900), «Киргизско-русскийсловарь» (Оренбург, 1897), А.Н. Кононовпен бірлесіп жасаған «Практическиеурокирусскогоязыкадлякиргизов» (Оренбург, 1895), «Грамматика киргизскогоязыка» (Оренбург, 1897) және «Первоначальныйучебникрусскогоязыкадлякиргизов» (Казань, 1909) т.б. еңбектерімен танымал. «Грамматика киргизского языка» еңбегінде фонетика, этимология (морфология), синтаксис салаларыТуралы жақсы мағлұматтар берілген. Еңбекөте қомақты, 200 беттей.
Қазақ тіл білімінің жүйелі де нақты зерттелуі ХХ ғасырда А. Байтұрсынұлы еңбектерінен басталады.Бұған дейінгі ғылыми зерттеулерде қазақ тілі деректері екінші тілдің бірліктері ретінде зерттелгендіктен, сөздің мәні мен мағынасының, тарихи дамуының байыбына терең бару қиын еді.
А. Байтұрсынұлы еңбектерінен енді қазақ тілін ана тілі ретінде зерттеу басталды. ХХ ғасыр басындағыалаш зиялыларының еңбегінің ең маңызды жағы да осында деп білеміз. Қазақ тілді ғалымдар ана тілінің мәнін арттыру үшін, лексикалық құрамын «жат» сөздерден қорғау үшін, грамматикалық құрылымын жүйелеу үшін, тарихи ескерткіштерді зерделеп, тілдің даму басын көрсету үшін осы жылдары барын салды. Тіл саясатындағы қарамақайшылықтар мен қиыншылықтарға қарамастан қазақ ғалымдары ана тілінің дыбыстық жүйесін, лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылысын жанжақты зерттеді. «Қазақ тіл білімінің тарихы» осы мәселелерді зерделеп, тіл ғылым дамуындағы басты бағыттарды, негізгі зерттеулерді талдауы тиіс.
Қазақ тіл білімінің қалыптасу және даму тарихын жазудың өзектілігі ерекше. ХХІ ғасыр басында Қазақ Елі тәуелсіздігін алған, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берген, әлемге жаңа дамушы мемлекет ретінде тез танылып келе жатқан, инновациялық бағытта дамып, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылған ел ретінде белгілі. Сондықтан мемлекеттік тіл ретінде дамуы тиіс қазақ тіл білімінің ғылыми деңгейін бағалап, зерттеу бағытын саралау, болашақ даму жолын белгілеу өзекті ғылыми мәселе.
Қазақ тіл білімінің жеке-дара ғылым ретінде қалыптасып, дами бастағанына бір ғасыр. Ғасыр ішінде қазақ тіл ғылымына еңбек сіңірген ғұлама ғалымдардың тізімі мол болмаса да, жүргізілген ғылыми зерттеулер мен жазылған еңбектер ұланғайыр. Қазақ тілші-ғалымдары тіл білімінің барлық салалары бойынша зерттеу жазып, теориялық терең ғылыми еңбектер туғызған. А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Х. Досмұханбетұлы, Қ. Кемеңгерұлы, С. Аманжолов, Н.Т. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, М. Балақаев, М. Томанов, Т. Қордабаев, С. Исаев, М. Оразов, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Ш. Сарыбаев, Т. Жанұзақов, К. Хусаинов, Ә. Құрышжанов, А. С. Аманжолов, Ж. Аралбаев,Х. Мұхамбет-Кәрім,Ғ. Қалиев, Е. Жампейісов, С. Мырзабеков, О. Нақысбеков, Н. Оралбаева, т.б. жүргізген зерттеулер бен көтерілген ғылыми мәселелер қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалап, жеке салалар бойынша дамуының басты қадамы болды.
Тілдің әр салалары бойынша жазылған қазақ ғалымдарының еңбектері түркітануда да басты ғылыми-теориялық тұғыр болды. Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық деңгейінің биіктігі бүгінгі таңда тек қазақ тіл білімінің ғана дамуын емес, жалпы түркологиялық зерттеудің де сипатын анықтайды деуге негіз бар.
Ең алдымен, тіл білімі – теориялық пән. Оның методологиясы мен әдістәсілдері дұрыс әрі нақты, жүйелі орнықпаса, талдау принциптері дамытылмаса, ондағы термин жүйесі мен олардың мағыналық құрылымы айқындалып, грамматикалық тұлғалардың мағыналық ерекшелігі нақтыланбаса, сөйлеудегі жұмсау үрдісінде де кемшілік кетері анық. Бұл әлемдік ғылымда қалыптасқан қағидат.
ХХ ғасырда дамыған құрылымдық тіл білімінің артықшылығы мен кемшілігін айқындау – ғылымның бүгіні мен болашағын саралау үшін қажеттілік туғызады. Табаны мен іргетасын А. Байтұрсынұлы қалаған қазақ тіл білімінің теориялық тұғырын жүйелеу, қайта бүтіндеп, шегендеп, ұлттық тілдің теориялық қағидасын толықтыра түсу керектігі анық.
ХХ ғасырдың аты замана тарихында қалай болып жазыларын кім білсін. Әйтеуір, қазақ тарихында өзінің қиын-қыстау, тар жол, тайғақ кешуімен, репрессия мен қуғындаудан көз ашпаған қазақ зиялыларының көкірегін қан жылатқан қасіреттерімен жазылары анық. Ғасыр басында суырылып шыққан қазақ зиялылары – А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханұлы, Н. Төреқұлұлы, Ж. Аймауытұлы, Х. Досмұханбетұлы, Қ.Жұбанұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонанұлы сынды ғалымдардың жазған-айтқан ғылыми, ғылыми-публицистикалық көсемсөздері қазақ ғылымы мен білімінің іргетасын қалады. Сол кезеңдегі қазақ тілші ғалымдарының салдарлы білімділігінен тайсалды ма екен, кім білсін, қазақ тілін зерттеп, пікір айтуға орыс тілді ғалымдар аяқ баспапты. Қазақтың кең маңдайлы азаматтары заманның сор маңдайына сыя алмай, өмірден баз кешіп кете барғанда, олардың орнын толтыратын жаңа буын өкілдері жалтақтай басып ғылымға келе бастап еді.
Одан кейінгі кеңестік сұрқия саясат ол ғалымдардың қадамдарына аштырмағаны да қазір тарих. Беделді басылымдарда («Вопросыязыкознания») беделді ғалымдардың сынына қатты ұшыраған С. Аманжолов, Н.Т. Сауранбаев айтарын айтып кете алды дей алармыз ба?
Осы топтың соңын ала келген ғалымдар легінің зерттеулері жоғарыда тілге тиек еткен жылымық жылдарына сәйкес келгендей. Ғылымда өздерінің терең де салиқалы ойлары мен терең теориялық тұжырымдарын қалдырған ғалымдар І. Кеңесбаев, М. Балақаев, К. Аханов, А. Ысқақов, Ы. Маманов, М. Томанов, Қ. Есенов, С. Исаев, Ғ. Айдаров, Ә. Аблақов, Ә. Құрышжанов, Р.С. Әмір, Е. Ағманов, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, Н. Оралбаева, Ә. Болғанбаев, Б. Әбілқасымов, Х. Мұхамбет-Кәрім, Ғ. Қалиев, Ә. Қайдар, Ш. Сарыбаев, К. Хусаинов, Ө. Айтбаев т.б. дер едік. Біздіңше, қазақ тіл білімінің теориялық өрісі мен өресінің кеңеюіне мол үлес қосып, оның түркітанудағы орнын анықтаған да осы ғалымдар.
Қазақ халқының ел болып танылып, әлемдік өркениетте өзін таныта алуы мен әлемдік мәдениетте өзінің жетістіктерін үлгі етер бір тұсы – мемлекеттік тілі, әдеби тілі. Тіл – адамның жаны, рухы дегенге илансақ, қазақ жаны мен рухы осы қазақ тілінде жатқаны өзінен-өзі түсінікті. Демек, тілші ғалымдардың көтерер жүгі де, орны да, атқарар ролі де ерекше болады.
Қазақ тілін халық жанының, рухының бейнесіндей көріп, оның терең тылсымына бойлай отырып, көне бастауларын, тарихи даму жолын анықтауға өмірін арнаған қазақ ғалымдары бұл. Қазақ тіл білімінің кешегі корифей ғалымдарының қаламынан шыққан зерделі зерттеулердің негізгі ғылыми бағыты – құрылымдық бағыт екенінде дау болмаса керек. Бұл ғалымдардың ғылыми таңдауынан бұрын, уақыт таңдауы, таңдатуы десек орынды болмақ. Ресей империясы кеңістігіндегі өзге де елдерде дамыған тіл білімі сияқты, қазақ тіл білімі де негізінен, орыс тіл білімінің үлгісімен дамып, құрылымдық бағытта ғылыми зерттеулер жазып, дамытқаны, ғылыми білімнің деңгейінің өлшемі де жақын болғаны анық. Құрылымдық грамматика негізінде қыруар жұмыс жазылды, талданды, бағаланды.
ХХ ғасырдағы қазақ тіл білімінің даму жолын былайша жүйелеуге болады:
ХХ ғасыр басындағы репрессияға дейінгі алаш зиялылары қалыптастырған қазақ тілі ғылымы;
40-60 жылдардағы жаңа жазу, жаңа саясат үлгісінде формальды бағытта жазылған қазақ тіл білімі;
60-80 жылдардағы қазақ тіл білімінің диахрониялық-синхрониялық бағыты;
Қазіргі қазақ тіл білімі: лингвомәдени бағыт.
Үстіміздегі ХХІ ғасырдағы қазақ тіл білімінің даму жолы мен бағытбағдарын айқындау үшін, өткенге көз жіберіп, оның бары мен нарын бағалау парыз да, алдағы уақыттағы ғылыми бағытты жүйелей барлау қажет.
Тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып дамуы – маңызды ғылыми идеялар мен бағыттардың дамуының нәтижесі арқылы көрініс табады. Жалпы тіл білімінде тіл білімі тарихы жеке ғылым саласы ретінде танылады да, оның теориялық қағидалары орныққан.
Мәселен:
тіл білімі тарихындағы басты әдіснаманы анықтау;
білім жүйесіндегі тіл білімі тарихын саралау;
тіл білімі тарихының орны мен маңызын айқындау;
зерттеу пәні мен мақсат-міндеттерін саралау;
тіл білімі тарихының негізгі жүйелену принциптерін белгілеу;
ішкі даму логикасын зерделеу т.б.
ХХ ғасыр басындағы қазақ тіл білімінде басты бағыт ретінде құрылымдық бағыт негізге алынды. 20-40-жылдардағы зерттеулерде, әсіресе, тілдік жүйені сипаттау, тілдің мағыналық құрылымынан гөрі формалық тұлғасын сипаттай қарастыруға ерекше көңіл бөлінді. Енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақ тіл білімі үшін, алдымен сөз табиғатын тану, оның грамматикалық құрылымын жазу, әліпбиін нақтылау аса маңызды еді.
Қалыптасқан саяси жағдайлар мен жүргізілген тіл саясатына икемделе отырып, жазуды бірнеше рет өзгерту де қазақ тіл білімінің ілгерілей алға басуына өзінің кері әсерін тигізбей қоймады. Солай бола тұрса да, сөйлеу мен тіл, тіл және ойлау т.б. сияқты ғылыми-теориялық мәселелер анықталып, тіл деңгейлері жүйеленіп, тілдің статикалық және динамикалық дамуына қатысты іргелі ғылыми зерттеулер жазылды.
ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениеті көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы — өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға. Жастайынан тағдыр талқысын көріп өскен Ахметті өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де –халық үшін еткен еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі.
Қазақ тілінің төл оқулығын ана тілінде алғаш жазып, әуелгі терминологиясын қалыптастырған, қазақ тіл білімінің көшбасшысы, айтулы ғалым А.Байтұрсынұлына дейін жазылған қазақ тілі туралы бірлі-жарым орыс тіліндегі оқу құралдары болғанымен, қазақ тілінде бұл мәселе көтерілмеген еді. Қазақ тілінің грамматикасына тыңнан түрен салған, барлық салалары бойынша алғашқы терминдерін жасап, негізгі жүйесін қалыптастырған – Ахмет Байтұрсынұлы.
А. Байтұрсынұлы Орынбор қаласындағы Ыбырай Алтынсарин салдырған мұғалімдер даярлайтын “Учительскаяшколаны” 1895 жылы бітіреді де, ағартушылық жұмысқа кіріседі. Содан 13-14 жыл бойы яғни 1895 жылдан 1909 жылға дейін ауылдық, болыстық бастауыш мектептер мен 5-6 жылдық екі сыныптық училищелерде мұғалім болып істейді. Бала оқытумен күнделікті айналыса жүріп, оның негізгі қажеттіліктерін, қиыншылықтарын жақсы біледі.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлт мектебінің бойына қан жүгіріп, өз аяғына тұрып кетуі үшін, ең алдымен, оның жазуы, яки түсінікті де сөздің айтылу жүйесін толық белгілей алатын әліпби қажеттігіне әсіресе қатты ден қояды. Сөйтіп, 1910 жылдан бастап қазақ жазуын жаңадан түзумен айналыса бастайды. Өзінің негізгі ғылыми ойларын ғалым 1912 жылдан бастап “Айқап” және “Қазақ” газеттерінің беттерінде жариялайды. Ұзақ ізденістен кейін автордың өзіндік әліпбиі дүниеге келеді. Бұл әліпби негізінен араб таңбасына негізделген, қазақ тіліне толық икемделген нұсқа саналып, өз кезеңінде жергілікті ұстаздар арасында үлкен қолдауға ие болады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жазуына үлкен реформа жасайды. 1912 жылдан бастап, бұл ғылыми негізге сүйеніп жасалған қазақ әліпбиі жаңа жазу ретінде іс жүзінде қолданысқа түсе бастайды. Осы кезден бастап көптеген мұсылман медреселері мен қазақ-орыс мектептері жаңа жазу таңбасын қолданады. 1915 жылдың өзінде бұл таңбамен 15-тей қазақ кітабы жарық көреді.
А.Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуы өз кезеңінде қазақ мәдениетінің өсіп, қалыптасуына үлкен үлес қосады. Кеңестің қатал саясатының салқынымен латын таңбасына көшкенге дейін бұл жазу қазақ арасына кеңінен тарап, көпшілік қолдауына ие болған. 1924 жылғы Орынборда маусымның 12-жұлдызында өткен “Қырғыз (қазақ) білімпаздарының тұңғыш съезінде” талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болғанымен, 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезде барынша дәлелдеп баққанымен, Ахмет Байтұрсынұлының ұсынған концепциясы ақырында ұлтшылдық деп айыпталғаны бүгінгі оқырманға таныс.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің оқулығын жазуы – қазақ тілінде қазақша жазылған оқулықтың алғашқы бастамасы болды. Автор 1912 жылы мектеп балаларына арнап, қазақша сауаттандыратын әліппені – “Оқу құралын” жазғаннан кейін, мектепте қазақ тілін пән ретінде оқытатын оқу құралын жазуға кіріседі. “Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу – ауызбен сөйлесуден артық даражаға жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды. Жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сөйлегенде сөздің қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жаза білуге, қай сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып жалғасатын жүйесін білу керек”,- деп жазады ұлы ғалым («Тіл құрал», 173-бет).
Ахмет Байтұрсынұлының мектеп туралы, оқу-білім туралы ойлары 1914 жылғы “Қазақ” газетінің № 62 санында жарияланған “Мектеп керектері” атты мақаласында баяндалған. Онда ең әуелі мектеп ісіне керекті нәрсе ретінде білімді, педагогика мен әдістемеден хабары бар мұғалім деген қорытынды жасайды. “Мектептің жаны – мұғалім” – дейді ғалым. Мұғалім қандай болса, оның мектебі де сондай деген тұжырым айтады. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы, әрі жұрттың бәрі бірдей сыйлайтын сыйлы болуы қажет деген ой айтады. Шынында да, егер ұсынған оқулық сынға ұшырап, қатесі көпе-көрнеу байқалып тұрса, онымен оқу да, оқыту да ауыр екені өзінен-өзі түсінікті. Ғалымның ең қажет нәрсе ретінде тағы да айрықша бағалайтыны – бағдарлама. Оқыту ісі көңілдегідей болып шығуы үшін, оның үлгісі, мерзімді өлшемі болуы қажеттігін дәл тауып, тап басып айтады.
Ахмет Байтұрсынұлы көрнекті ғалым ретінде ғана емес, әдіскер ретінде де көп еңбек еткен. Алғашқы әліппе, оқулық, тіл құралдарын жазумен қатар, осы оқу құралдарын тәжірибе жүзінде қалай пайдалану қажеттігі жөнінде де ғылыми тұрғыдан терең талдаулар жасайды. Бұл тұрғыдан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдістемелік ғылымның да алғашқы бастаушысы бола алады. “Баяншы”, “Әліппе астары”, “Нұсқаушы”, “Тіл жұмсар” әдістемелік еңбектері мен “Баулу мектебі”, “Жалқылау”, “Қай әдіс жақсы”, “Дыбыстарды жіктеу” атты мақалалары осының айғағы болса керек.
Ғалым өзінің оқулықтарында әріптерді балаларға тез әрі оңай үйрету үшін көптеген әдістерді пайдаланған. Ол өзі жасаған әліппидегі әріптерді үйрету үшін, ең алдымен, оны жазып үйрену үшін, тілдегі дыбыстарды тани білу керектігіне назар аударады. “Әріптерді тани білуді” мақсат ету – таңбаның негізгі белгілерін бағамдауға үйрету. Таңбаның негізгі екі белгісі бар. Бірі – сыртқы тұлғасы да, екіншісі оның мағынасы. А.Байтұрсынұлы осының екі жақтылық белгісін балаға дұрыс пайымдатуға көңіл бөлген. Дыбысты меңгертіп, оның әріптік таңбасын таңбалайды.
1913 жылы жазылған “Қазақша оқу жайынан” деген мақаласында “Бала оқытуды жақсы білейін деген адам, әуелі балаға үйрететін нәрселерін өте жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек” деп жазады. Мұның өзі, түптеп келгенде, ұстаздың білім-білігінің жоғарылығы, бала зердесін, психологиясын танудағы шеберлігі. Ұстаз – өз білгенін ғана үйретіп қойса, ол ұстаз емес, нағыз ұстаз болу үшін оқушының білуге тиісті нәрсесін үйрету парыз. Балауса бала ұстазының кей осал тұстары болса, оны кешіре алар, ал оның білімсіздігін кешпейді. Білімсіз ұстаз – болашақтың дұшпаны. Бала уақытының ұрысы. Алдында отырған оқушының уақыт атты ұлы қазынасын алуға ешкімнің құқы болмаса керек.
Ахмет Байтұрсынұлының “Баяншы” әдістемелік нұсқауы Қазан қаласынан 1920 жылы жарыққа шыққан. “Сөз басында” автор былай деп жазады: “Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып, мұқалмайды; оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады” («Тіл тағылымы», 1992, 323). Мұның өзі қазіргі таңдағы бастауыш мектептерді білім беру ісіне басшы, оның негізгі оқулық жазу жүйесінде басты бағдар, талап болатын ойлар.
Жақсы оқытудың негізгі әдістерінің бірі ретінде ғалым баланың бұрынғы білген білігін ұштау, соның негізінде жаңа хабар ұсынуды басты назарда ұстаған сыңайлы. Айталық, “Дыбыспен жаттығу” үшін, әрбір дыбыстарды саралап алған соң, оны жазу арқылы ұғындыруда мынадай әдіс-тәсіл қолданады: “Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз”. ХХ ғасыр басындағы бала үшін өз елінің таңбасын білу – аса күрделі дүние болмаған. Әрбір ата-ана өз елінің, руының таңбасын баласының санасына сіңіріп өсірген. Міне осы жадтағы жазу жүйесін ғалым үлгі ретінде пайымдатып, санаға сәуле түсіріп алып, аналогиялық таным негізінде оның жаңа әріпке тез енуіне, түсінуіне жағдай туғыза алады.
“Оқу үйренгендегі басты мақсат – керек сөзді жаза білу, жазылған сөзді оқи білу. Сөз – дыбыстың мағыналы болып тізілгені. Сөз айту дыбысты ауызбен тізу. Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп сөз шығара білмейді, Себебі олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді” – деп жазады ғалым.
“Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді” дегенді мақсат етіп ұстаған ғалым “Қазақша оқу жайынан” атты мақаласында бала оқыту жүйесін құрудың алғашқы бастамаларын көрсетеді. Әліппеден өзге кітаптардың әлі шыға қоймағанына қынжылыс білдірген автор “…әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десеңіз, болыстық та, билік те халық та – оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі. …Жаңалыққа жастар мойынын бұрыпқайрылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс” – деп жазады. Бұлай сөйлеудің ар жағында үлкен мән бар. Орыс үкіметі жүргізіп отырған оқыту саясаттың ар жағындағы орыстандыру жайы жатқанын терең сезінген ғалым, қазақ балаларын, жастарын қазақша оқытудың жайын осылайша тұспалдап жеткізіп отыр. Сондықтан да қазақ баласының бір парасы орысша оқып жүргенін айта отырып, “орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет” екенін анық айтады.
Ғалым оқыту ісіндегі ең басты, әрі маңызды нәрсе оқуды дыбыспен жаттықтыру деп түсінеді. “Дыбыспен балаларды жаттықтыру – оқу мен жазу үйретудің негізі. Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы” дегенді нықтай айтады. Бұл пікірлерді қазіргі кезде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгертуді қолдарына алып жүрген ұстаздар басты бағыт ретінде қолданса мақұл болар еді.
Ахмет Байтұрсынұлының “Бастауыш мектеп” атты мақаласы қазақтың бастауыш мектебі қандай болуы керек? деген мәселеге арналған. Қазақ баласын бірден орысша оқыту жөн бе, болмаса алдымен бастауышта қазақша оқытуды міндеттеу керек пе, орысша білім алған баланың еотеңгі дүниетанымы қала қалыптасады деген ұлт болашағы үшін мәні терең, мағынасы мол мәселені көтереді. “Бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік” – деп жазады А.Байтұрсынұлы.
Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік бағытта жазылған “Тіл жұмсар” атты еңбегінің мәні зор. Тіл – құралдың жеке бөлшектерін түсіндіру жолын белгілеп берген бұл еңбектің қазақ тілінің әдістемесі пәнінде алатын ролі мен маңызы ерекше болмақ.
“Тіл жұмсар” – қазақ тілін оқыту әдістемесінің басы. Ғалымның өзі көрсетіп бергендей, тіл туралы еңбек жазу бар да, оны балаға оқыту жүйесі бар: “Тіл құрал” қазақ тілі қандай құрал екендігін тұтас түрінде таныту үшін түрлі бөлшектерін, тетіктерін ұсағын ұсағынша, ірісін ірісінше жүйелі тұрған орнында алып көрсетіп танытады. “Тіл жұмсар” сол үлкен құралдың бөлшектерін, тетіктерін балаға шағындап бөлек-бөлек ойыншық сияқты құрал жасап, соларды танытып, соларды жұмсату арқылы барып үлкен құралды танытады” (1992, 336).
“Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің болуы – түрлі әдісті болу; керек орнында жоқ әдісті табу да қолынан келу”, – деп ой түйіндеген әдіскер-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жазғандарынан алар тағылым-үлгі мол. Қай кездегі мұғалім не оқытушы болса да, оқыту әдісін көп білуі шарт. Әр әдісті орынды қолдана білсе, қайсыбір әдіс болса да өз орнында орынды көрінері даусыз.
Әдіскер-ғалым оқытудың дұрыс жолға қойылуы үшін, мынадай әдістемелік қағидаларды ұсынады:
Жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру;
Тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандырып, ілтипат аудару;
Сабақты алдын ала даярлайтын сұраулар қою арқылы ынтасын арттыру;
Қажетсіз мағлұматтардан сақтану, баланың ілтипатын қоздыратын қызықты нәрселерді ғана сөйлеп, үйрету;
Баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан сақтану, лайықты салыстыру, теңестіру, ұқсастыру, түрлі әдісті оңтаймен оқытуға, жандандыруға тырысу;
Алғашқы кездегі оқыту деректің көрнекі болуы. Оған сай жобаларды дұрыс қолдану;
Өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы үйрететін нәрсесіне өзі де ынталану, өзі де жақсы көру, оқытушы сүйген нәрселерді оқушы да сүйеді.
Ғалым ұсынып отырған қағиданың қай-қайсысы болса да балаға дәріс беру жүйесінде ешқашан ескірмек емес. Мектеп мұғалімі үшін үнемі есте болатын негізгі ұстанымдар деп бағамдаймыз.
Қазіргі қазақ тілінің негізгі теориялық тұғырын, басты концептуалдық негізін қалаған А. Байтұрсынұлы асыл сөздің «жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге қай сөз қай орында қалай өзгеріліп, қалайша бірінебірі қиындасып жалғасатын жүйесін білу керек» екенін айтады. Мұны ғалымның басты тұжырымдамасының бірі ретінде қабылдаймыз:
жазудың рөлі мен маңызы бірінші орынға қойылады;
лебіз бен тілдің арасындағы айырма көрсетіледі;
дұрыс жазу үшін емлесі анықталуы қажеттігі көрсетіледі;
ойдың нақтылығы мен айқындығы сөйлемдегі ішкі жүйенің дұрыс құрылуымен байланысты екені айқындалады.
Бүгінгі қазақ тіл білімінде осы бағыттардың қайқайсысы зерттеліп, жүзеге асырылды деген сұрақ қойылады. Өткен бір ғасырлық қазақ тіл білімі тарихындағы зерттеулерге шолу жасап, негізгі зерттеулердің бағытбағдарын айқындау керек. Қазақ тіл білімінің бұдан кейінгі даму бағыттарын белгіліп, оның жүйелі де кешенді дамуының басты қағидаттарын анықтау да басты әрі өзекті теориялық мәселе.
Қараңғылықтың қамауынан алаш жұртын аршып алуға арналып, алғашқы сауат ашу құралы ретінде жазылған “Оқу құралынан” бастап, “Әліп-би”“ мен “Тіл құрал”, “Әдебиет танытқыш” атты зерттеулері мен маса болып ызыңдап елдің ертеңін ойлауға үндеген «Қырық мысал», «Масасы», қазақтың эпостық жыры «Ер Сайынның» алғы сөзі мен түсініктемелерін жазып, 1923 ж. Москвада шығаруы, ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялауы – оның есімін алтын әріптермен қазақ мәдениетінің шежіресіне жазды.
Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметінің аса құнды тұсы Орынбордағы 1913-1918 жылдары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығаруы. Газеттің қазақ журналистика тарихында ерекше маңызға ие болуы, жарияланған мақалалардың ұлттық мәселелерді жүйелі саралап және ел өміріндегі ерекше қажетті жағдаяттарға арналуымен байланысты. Ел тағдырының келешегіне саналы түрде алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, дана саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы ұлт үшін ұлық істерді бастауымен, алғаш қазақ әліпбиін жасап, қазақ сөз өнерінің теориясын туғызғанымен, тіл ғылымының маңызын терең түсініп, бағалап, тілдік терімсөздерді ұлттық санаға лайықтап жасауымен байланысты. Қазақ сөзінің қисынын келтіріп, өз нақышында жазу үшін сол тілде сауатын ашып, дағдылану керектігін тап басып айту да – ақын ерлігінің бірі. А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты ұлы Абайға арналып жазылған мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі ретінде бағаланады. Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты алғаш рет ғылыми тұрғыдан зерделенген-ді. Ал қазақ халқының талай заманалар бойы аңсаған арманын көкжиек төріне шығарып, сол арқылы өзі де биіктеген ақын Сұлтанмахмұт Торыайғыров “Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов … бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым” деп ұлт азаттық жолындағы күрескер алаш азаматтарын ардақтаған. Ия, қазақтың бір туар арыстары бірін-бірі осылайша марқайта мадақтай, еңбегін бағалай білген. Қазақ сөзінің қисынын (теориясын) қиыстырып, көркем сөйлеу тілін ғылым тіліне айналдырып, тіл-құрал етіп әдіптеген ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінде де көшбасшы болып, қазақ тіл ғылымы мен әдістемесінің негізін қалады. Қазіргі таңда Байтұрсынұлы жасаған бүкіл терімсөздер қазақ тіл білімінің метатұғыры болып қалыптасып, тілдік тәжірибеде қабылданған, уақыт сүзгісінен өткен, қазақ тіл білімінің төл ерекшелігін танытатын құндылыққа айналған.
Заманына сай адамы дегендей, болашақ жазудың заманы болатынын көріп, тани білген ғалымның түзген әліпбиі қазақ тілінің фонологиялық сипатын дәл танытып, таңбалай алды. А.Байтұрсынұлы жазған бұл “Оқу құралы” 1912-1925 жылдар арасында 7 рет қайта басылып шығады.
1926 жылы А. Байтұрсынұлы “Жаңа Әліп-би” еңбегін жазады. Бұл Мемлекеттік білім кеңесінің ұсынған бағдарламасына сәйкестендіріліп, суреттермен безендіріліп, толықтырылып шығарылады.
Өзі ширек ғасырдай тер төгіп еңбек еткен тағылымы мол еңбегінің пайдасы мен пайымдылығын Ахмет Байтұрсынұлы Бүкілодақтық түркологтар съезінде дәлелдеп береді. Оның пікірінше, араб таңбасы жылдам оқуға, сауатты жазуға аса қолайлы, жастарды сауаттылыққа үйретуге мүмкіндік ашады, баспахана техникасы мен өнімнің құны жағынан алғанда да араб таңбасын қолдану өзінің сыйымдылығы жағынан әлдеқайда арзанға түседі. Ең басты жайт, араб әліппесінің әріп құрамы қазақ тілінің орфографиялық қажетін толық қамтиды. Автордың ұсынған араб таңбасындағы жазуын қазақ жұртшылығы, әсіресе оқытушы қауымы жылы лебізбен қабылдағаны анық. Қазақ тілінің ішкі фонетикалық заңдылығына негізделіп жасалған бұл әліппилік жүйеде дыбыстық үндесу толықтай сақталды.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізгі теориялық тұғырын жасап, оның алғашқы қазықтарын қақты: Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі”,– деп Ахмет Байтұрсынұлы тілді адам санасындағы ойдың күрделі иірімдері мен әр түрлі психофизиологиялық құбылыстар арқылы қабылданатын ақпараттардың күрделі таңбалық көрінісі ретінде де тануға негіз жасады. Лингвистика теориясының аса күрделі мәселерінің бірі болып табылатын тіл мен ойлаудың арасындағы байланысты көптеген ғалымдар зерттегені белгілі. Бұл тіл білімі, философия, психология, мәдениеттану т.б. сияқты ғылымдардың тоғысуынан туындайтын күрделі ғылыми-теориялық мәселе.
Ежелгі көк түріктен келе жатқан бітіктің бірінде “Мөр кімнің қолында болса, сол –Сүлеймен” деген сөз бар, сол айтқандай, орыс үстемдігі тұсында қазақ әліпбиі сан ауысты. Алаштың азулы ұлдарының көзі тірісінде кириллицаны енгізуге қанша мықты болса да, үкіметтің шамасы жетпепті. Қазақ зиялылары таңдаған, қалың ел болып қолдап, қолданған Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы арқылы ұлт сауатын ашып, газет-журналдарын шығар бастағаны, 1929-40 жылдар арасында латын таңбасын енгізгені, 1938-дің қырғын-зобалаңынан соң, елдің еңсесін көтертпей, соғыс басталар алдында, заманауи апақ-сапақта кирилл таңбасын зорлап таңғаны да бүгінгіге тарих болғанымен, сол уақыттың шындығы еді.
Қазақ жазу ілімі ғылымының бастауы А. Байтұрсынұлы еңбектерінде алғаш қалыптасып, негізделді. А. Байтұрсынұлының жазу ілімі саласындағы еңбегі қазақтың төл жазуы – төте жазуды жасауымен, оның фонематикалық ерекшелігін толық ашуымен, әрбір әріптің қазақ дыбысының табиғатымен сәйкес келуін ескергені екенін айту қажет. Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым А. Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Әріптің фонемадан аз болуы түркі тілдеріндегі сингармония заңының сөздің негізгі құрылымы мен мағыналық ерекшелігін аша алу қасиетімен байланысты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады. Қазақ тіліндегі жиырма төрт түрлі дыбысты таңбалаудың өзіндік ерекше жолы мен жүйесін ұсынған ғалым “қ” мен “ғ” дыбыстарының ылғи жуан, “к” мен “г”, “е”-нің ылғи жіңішке айтылатынын ескерте отырып, былай деп жазады: “Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, .. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын “қ” мен “ғ”-ны қосқанда дайым жіңішке айтылатын “к” мен “г”, “е”-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек” [1. 324].
“Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде” деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріп, жазу емлесін жасайды. “Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде” (328-бет) деп түсіндірген ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтап, дауыссыздың өзі, шындап келгенде, осы заңға бағынатынын дәлелдейді. Бұл ғылыми шындықты кейінгі ғалымдардың мойындағаны, теориялық-тәжірибелік тұрғыдан анықтағаны тағы шындық.
“Жазу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың әр елдің таңбасындай таңбасы болады. Таңбасына қарап қай дыбыс екенін танимыз” деуінде үлкен мән бар” . Демек, ғалым үшін қазақ тілінің айтылымындағы фонема саны мен әріп саны шамалас, дәл келуі керек.
Ғалым дауысты дыбыстардың графемалық қасиетін – “буыншы әріп” ретінде танытады да, олардың мәнін, сөз құрамындағы мазмұндық сипатын ерекше талдайды. Сөз мағынасын анықтайтын дәйекші белгінің маңызын жіті түсіндіреді. Қазақ жазу ілімінің атасы А. Байтұрсынұлы “Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды” деген ойын бірнеше жерде жұмырлайды, дыбыстар мен әріптер арасындағы қарым-қатынасты терең барлай келе, “дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті” екенін анықтайды. “Тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса”, тәртіпті жазу болатынын қайталай ескертіп отырады.
Қазақ жазу үлгісін ағылшын, американ, француз, қытай жазуларымен салыстыра отырып, олардан ерекше екенін дәлел келтіре отырып анықтап, айтылу мен жазылу арасындағы сәйкестігі мол жазулардың қатарына төте жазуды да жатқызады. А. Байтұрсынұлы қазақ жазу ілімі ғылымының негізгі ғылыми-теориялық тұжырымын жасап, тәжірибелік жолын қалыптастырған, фонема мен графема арасындағы қатынастың тереңдігін дәл тауып, айтылу мен жазу арасындағы сәйкестіктің мүмкіндігінше мол, нақты болуына басты назар аударған тұңғыш ғалым.
Қазақ жазу үлгісіндегі тыныс белгілеріне де А. Байтұрсынұлы ерекше мән береді. “Әріптен басқа жазуда қолданылатын белгілерге бүгінге дейін анықтап белгілі ат қойылған жоқ еді. Сүгіретке қарап, біреу олай, біреу былай деп атайтын еді” – дей келіп, негізгі тыныс белгілеріне қазақша ат қойып, бірінші рет айдар тағады: “тыныстық (.), жапсарлық (,), қосарлық (═), тастарлық (–), дәлдеулік (« »), сұраулық (?), лептеулік (!)””. Мұнан байқалатыны, қазақша тыныс белгілерге ат беру, олардың қойылу жолын түсіндіру автор үшін маңызды болған. Қазіргі кездегі тыныс белгі, қосу (+), сұраулық, лептік белгі, нүкте, үтіртерімсөздерінің алғашқы жасаушы да А. Байтұрсынұлы болғанын аңғарамыз.
Әліпби түзген, тыныс белгілерін нақтылаған, жазу үлгісін көрсетіп, графема мен фонема арасындағы сәйкестікті терең талдаған А. Байтұрсынұлы емле тәртібіне, тіл жүйесін оқытуға да ерекше мән береді. Әлем халықтарының емле жүйесінен мол хабары бар ғалым, қазақ сөзінің ішкі болмысына сай келетін жүйені, дұрыс сауаттандыратын емлені қажет санайды. “Сауаттылық негізі жазу” деген жолды берік ұстана отырып, “жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу, оқу – әріптердің дыбыстарын айта тізу” екенін нақтылайды.
Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, ұлы зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінің басты салалары туралы ең алғаш қалам тартқан ғалым еді. Алғашқы сауат ашу құралы ретінде жазылған “Оқу құралынан“ бастап, “Әліп-би” мен “Тіл құралда” қазақ тіл білімінің басты әрі негізгі терімсөздерін жасады. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы оның тек тұңғыш оқу құралын жазғанымен өлшенбесе керек, ең бастысы алғашқы оқулық тілінің терең халықтығында, сапалылығы мен біліктілігінде. “Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген”,– дейді автор “Тіл құралдың” кіріспесі ретінде жазған “Сөз басында”. Яғни қазақ сөзінің қисынын келтіріп, өз нақышында жазу үшін сол тілде сауатын ашып, дағдыланған абзал. Ғалым мұны көрегендікпен айтқан. Қазіргі таңдағы тілдік жағдай бұған толық көзімізді жеткізіп отыр. Өзге де тілдік бірлік сияқты терімсөздің де мазмұны мен мағынасы бар, алайда өзге сөздердегіден ерекше өзіндік сипаты бар. Терімсөздің мағынасы мен мазмұны сәйкес келіп, бір-бірін анықтап, мағына мазмұнды ашса, терімсөз терім сөз ретінде анықтала алады.
Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімінің басты салалары туралы ең алғаш қалам тартқан ғалым еді. Алғашқы сауат ашу құралы ретінде жазылған “Оқу құралынан” бастап, “Әліп-би” мен “Тіл құралда” қазақ тіл білімінің басты әрі негізгі терминдерін жасады.
Ахмет Байтұрсынұлының жазған “Тіл құралының” өміршеңдігі мен қажеттілігі әр түрлі сипатта, әр алуан аспектіден бағалана алады. Оның мәнісі профессор Ө. Айтбаев зерттеуінде көрсеткендей “А. Байтұрсынұлы жасаған терімсөздер жүйесі, бір қарағанда, оп-оңай болып көрінгенмен, ол – өте күрделі де терең ізденістер нәтижесінде пайда болған ғылыми туынды”.Терімсөз сөздер – теріліп алынған сөздер. Екінші сөзбен айтқанда, белгілі ғылым саласы бойынша қажетті ұғымды атау үшін теріліп, таңдалып алынған сөздер. Сонда терімсөз сөзінің қазақша аудармасы да өзінен-өзі анықталады. Терімсөз – терім сөз.
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терімсөз сөздердің басты ерекшеліктері деп мыналарды көрсетеміз:
–анықталатын ұғымның дәлдігі;
–таңбаланған атаудың қазақилығы;
–терімсөзінің жалқылық сипатының болуы;
–терімсөздің нақтылығы.
Автор терімсөздерінің дәлдігі мен нақтылығын саралап, оның сапалық сипатын дәл бағалау үшін өзге жасалған терімсөздермен немесе басқа түркі тілдерінде, орыс тіліндегі жасалған терімсөздермен салыстыруға болар еді. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған кез келген терімсөздің мағыналық сипаты мен негізділігіне, уәжділігіне талдап қарауға, олардың соншалықты дәйектілігіне таңданып, таңырқауға болады. Терімсөздердің ең басты бір ерекшелігі таңдалып алынған сөздердің қазақша ұғымға сәйкес аталатыны. Қазақ балаларына түсінікті сөздер мен атаулар болғандықтан, оны оқыту да жеңіл. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Автордың өзі көрсеткендей, қазақ балаларын қазақша оқыту дегеннің ең тиімді жүйесі де осындай болса керек. Қазақша ойлаудан, сөзді қазақша түйсінуден туған терімсөздер. Оқушыларға әрбір терімсөз туралы айтқанда, оның тілдік мағынасын ашудан бұрын, оның атаулық, сөздік мағынасын ашып алған тиімді болады. Яғни туынды сөзді немесе түбірді айтпас бұрын, осы сөздердің атаулық мағынасын ашып, анықтап көрсеткен жөн.
Түбір сөзінің қазақ тіліндегі негізгі мағынасы “ағаштың, өсімдіктің жерде қалған түбі“. Ауыспалы мағынасында бір нәрсенің түп-тамыры, төркіні, арғы жағы деген мағынада жұмсалады. Ахмет Байтұрсынұлының түбір сөзін алуының себебі аталған сөздің күнделікті қолданыста сиректеу жұмсалатыны, тек ботаникалық терімсөз ретінде жұмсалатынында болуы мүмкін. Осы мағынадағы негіз сөзі күнделікті қолданыста жиірек жұмсалады, әрі негіз сөзінен көптеген сөздер өрбіп, оның қолданыс жиілігін тереңдетеді. Мысалы: негізі, негізінен, негізгі, негізсіз т.б. Түбір сөзі арқылы тіл біліміндегі ары қарай бөлшектеуге келмейтін сөздің түпкі мағынасын анықтайтын түбір сөзді дәл де анық таңбалауға болады. Сонда, түбір сөзі:
күнделікті қолданыста сирек қолданылған;
анықтайтын ұғымды дәл берген;
қолдануға ыңғайлы.
Демек, көрсетілген терімсөзді басқа сөзбен емес, түбір сөзімен таңбалаудың сөз мағынасының дамуы мен қолданылу сипатында өзіндік ішкі заңдылығы бар.
Кей оқулықтарда түбір терімсөзі мен негіз терімсөзі қатар қолданылып жүргенімен, қазір “түбір“ терімсөзі толық қолданысқа түскен. Әрі түбір терімсөзі мен негіз терімсөзінің арасында айырмашылық пен ерекшелік бар деп қарастырылады. Орыс тіліндегі “корень“ сөзінің беретін ұғымы мен түбір терімсөзінің беретін мағыналары бірдей.
Туынды сөзінің мағынасы да өте дәл және нақты берілген. Қазақ тілінің күнделікті сөйлеу тілінде туынды сөзі де сирек қолданылады. Автордың көркем шығармасы, туындысы мағынасынан өзге мағынасы кездесе қоймайды. Бұл семаның өзі кейін пайда болып қалыптаса бастаған еді. Ал терімсөз ретіндегі туынды сөзі тілдегі түсінікті толық таңбалайды. Шынында да, туынды сөз – жаңадан туындаған, жасалған сөздерді көрсете алады. Сонда ғалым қолданып отырған терімсөздің мәні ұғымды таңбалауда өте қолайлы, әрі дәл бейнелейді. Туынды сөз терімсөзінің орнына өзге де бір терімсөзді қолдану мүмкін еместей.
Терімсөздердің ең басты бір ерекшелігі таңдалып алынған сөздердің қазақша ұғымға сәйкес аталатыны. Қазақ балаларына түсінікті сөздер мен атаулар болғандықтан, оны оқыту да жеңіл. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Автордың өзі көрсеткендей, қазақ балаларын қазақша оқыту дегеннің ең тиімді жүйесі де осындай болса керек. Қазақша ойлаудан, сөзді қазақша түйсінуден туған терімсөздер.
Оқушыларға әрбір терімсөз туралы айтқанда, оның тілдік мағынасын ашудан бұрын, оның атаулық, сөздік мағңынасын ашып алған тиімді болар еді. Яғни туынды сөзді немесе түбірді айтпас бұрын, оқушыларға осы сөздердің атаулық мағынасын ашып, анықтап көрсеткен жөн. Содан кейін барып, оның терімсөздік ұғымын түсіндірген абзал.
Қосымша сөзін таңдап алуының да осындай өзгеше ерекшелігі бар деп есептейміз. Қосымша сөзінің атау ретінде беретін мағынасы мен терімсөз ретінде беретін мағыналарының негіздемесі (мотивациясы) жақын. Негізгі мағыналары ортақ болғандықтан, қосымша терімсөзін естігенде әңгіменің жалпы не туралы болатыны туралы тыңдаушыда белгілі дәрежеде алдын ала түсінік қалыптасады. Бұл түсінік қосымша сөзінің әуелгі негізгі мағынасы арқылы қалыптасады, ал арнайы мағынасын оқытушының түсінік беруі нәтижесінде оқушыға жеткізу онша қиындық әкелмейді. Ғылым тілінің қазақшалығы, қазақилығы осындай болуы керек болар.
Ахмет Байтұрсынұлының қосымшаны жалғау және жұрнақ деп бөлуінің грамматикалық жағынан ғана емес, танымдық түсінік туғызуы мен терімсөздегі халықтық сипатты танытуда да үлкен маңызы бар. Тереңірек пайымдар болсақ, жалғау деген сөз бен жұрнақ сөзінің ішкі мағынасының өзінде үлкен мән-мағына жатқандай. Терімсөз жай жасала салған емес, сөздің ішкі семантикалық мағынасымен терең қабысып жатқанын аңаруға болар еді. Жалғау – күнделікті сөйлеу тілінде бір нәрсені екінші бір нәрсемен байланыстыру жалғау мағынасында жұмсалады. Байланыстырушы, жалғаушы нәрсе болған соң, оның негізгі қызметі де осы ұғыммен байланысты болады. Яғни сөз мағынасына ешқандай жаңалық енгізбейді, тек байланыстыруша рол атқарады. Ал грамматикалық терімсөз саналатын жалғаудың да негізгі мағынасы осындай түсінікипен іштей қабысып жатады. Жалғаулар сөз бен сөзді байланыстырады. Сонда жалғау сөзінің терімсөз ретінде таңдап алынуы оның ішкі мағынасымен толықтай сәйкес келіп жатады. Ішкі негіздемесі айқын.
Сондай-ақ «жұрнақ»терімсөзінің де қабылдану жүйесін түсіндіруге болады. Жұрнақ сөзінің мағынасы – белгілі бір заттан қалған қалдық. Ескінің көзіндей сақталып қалған қалдықтың, жұрнақтың өзіндік ерекшелігі болады. Оның негізгі ерекшелігі, ең алдымен, бұрынғы көнеліктің бір белгісін сақтауы. Оның құндылығы да осы ерекшелігінде. Ал грамматикалық терімсөз ретінде Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған терімсөз анықтайтын түсінікте де осындай ұғым бар. Жұрнақ ешқашан жалғау бола алмайды. Жұрнақтың ішкі мағынасы, мәні бар. Қазіргі түркологиядағы ғылыми пікір бойынша түркі тілдері жұрнақтарының қай-қайсысы болса да, бір кездерде толық мағынасы бар лексикалық бірлік болғаны белгілі. Демек, жұрнақтың өзіндік ішкі мағынасы болады. Тілдің дамуы барысында өзінің лексикалық мағынасын толық сақтамай, тек жұрнағын ғана сақтап қалып, жалғанған сөзіне сол мағынасын үстейтін қызметі бар. Тілді терең түйсінген ғалым осының барлығын, іштей біліп, көңілмен ұққандай. Сондықтан да бұл терімсөздерөміршең, сондықтан да бұл терімсөздерқазақи. Осы терімсөздерді мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне түсіндіргенде, ең алдымен олардың атау сөз ретіндегі мағынасын түсіндіріп, олардың ортақ мотивациясын тауып отырса құба-құп. Сонда оларды қабылдау да қабылдату да оңай болған болар еді деп есептейміз.
Туысқан түркі халықтарынан шыққан көрнекті ғалымдардың Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терімсөздердің уәжділігі мен негізділігіне таңданып, халық тіліне жақындығына барынша іш тартқанына, бізге қызыға да қызғана қарағанына бірнеше рет куә болдық.Баба рухы алдында тізе бүгіп, өзімізді ғалым ретінде бақытты сезінгеніміз, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ғалымның бар болғандығына шүкіршілік айтқанымыз да рас.
Ахмет Байтұрсынұлы –қазақ тіл білімінің барлық салалары бойынша негізгі теориялық тұғыр қалыптастырушы көшбасшы. Оның фонетика мен лексикология, морфология мен сөзжасам, синтаксис мен әдеби тіл салалары бойынша жазған ғылыми деректері мен қисындары жаңа бағыттағы ғылыми теориялармен зерттеуді қажет етеді.
Қазақ тіл білімінің көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының жазып қалдырған ұшан-теңіз мәні мен маңызы бар ғылыми мұраларын тереңдей зерттеп, ондағы танымдық, тағылымдық мәнді анықтау, зерделеу ХХ ғасырда мүмкін болмады да, бұл ғылыми борыш ХХІ ғасырға өтті… Бүгінгі ғылыми қауымның бұл тұрғыда ойлануы керек. Ойжасампаздықпен үңіліп, ғылыми тағылымынан үйренеріміз көп, үйретері мол.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет