Қазақ тілі емле ережелеріне қатысты қазіргі кезеңде болашақ мамандарға жазуымыздың қолданыстағы емле нормалары туралығалымдар пікірен талдау
Қазіргі уақытта еліміздің сыртқы саяси мекемесі мен мемлекетімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус арасындағы құжат айналымы мемлекеттік тілде жүзеге асып келеді. Сондай-ақ халықаралық шарттар тараптардың өзара келісуі бойынша шет тілдерде және Қазақстанның мемлекеттік тілінде жасалады. Кейде шетелдік әріптестеріміз емлеміздегі ала-құлалық мәселелерін реттеу жөнінде өз өтініштерін білдіріп жатады. Рас, бұл мәселенің әлі де шешілмеген тұстары кейінгі кезге дейін екіжақты және көпжақты халықаралық шарттар жасасу кезінде біршама мәселелер тудырғаны жасырын емес.
Алғашқы кезеңде стильдің, терминдердің, емле ережелерінің ала-құлалығына байланысты республикамыздың құзырлы органдары халықаралық келісімдердің қазақ тіліндегі мәтіндеріне сан мәрте өзгеріс жасап келді. Мұндай олқылық көп елде кездесе бермейтіндіктен, екіжақты келісімдерге қайта-қайта өзгерістер мен түзетулер енгізу әдеті шетелдік әріптестердің түсінбестігін тудырғаны заңды да. Бірнеше жыл бұрын қытайлықтар өздері қазақ тілінде әзірлеген келісімшарттың қазақ тіліндегі мәтіні қазақ тілі орфографиясы мен термин жүйесіне сәйкес жазылғанына қарамастан, Қазақстан тарапының кейбір сөздерді түзетуіне таңданыс білдіргені бар.
Ауқымды тұрғыдан қарағанда, мұндай кілтипанды шешу мақсатында ҚР Әділет министрлігі құзырындағы Заңнама институты жанынан Лингвистикалық орталық құрылып, жұмыс істей бастағандығы еліміздің дүниежүзілік аренадағы жағымды имиджін ілгерілетуде маңызды қадам болды. Халықаралық шарттардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде кездесіп қалатын емлелік, стильдік келіспеушіліктерді реттеп, мемлекеттік қызмет құжаттарындағы лингвистикалық процестерді бірізділікке түсіруде осы мекеме үлкен рөл атқарып отырғанын атап өтуге тиіспіз.
Дегенмен, мәселе толық шешілді деп айтуға әлі ерте. Оның басты себептерінің бірі – мемлекет тілінің аударма тілі ретінде орыс тілінің көлеңкесінде қалып отырғандығында. Мәселен, үш тәржімашы бір мәтінді үш түрлі аударуы мүмкін екендігін ескерсек, аудармаға қатысты түйткілдердің кездесіп отыратыны заңды құбылыс. Сондықтан ресми құжаттарды, халықаралық шарттар мен құқықтық нормативтік актілерді алдымен мемлекеттік тілде әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймыз.
Содан кейін ғана керек жағдайда басқа тілдерге аудару жөн болар еді. Ол үшін мемлекеттік тілді еркін меңгерген қызметкерлерді жауапты лауазымдарға ілгерілетудің тиімділігі зор болмақ. Бүгінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында түрлі дәрежедегі мансаптар үшін мемлекеттік тілді меңгеру талаптары мен өлшемдерін енгізу, Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілден емтихан тапсыратыны сияқты тетікті қарастыру қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл – құптарлық жағдай. Әйтпесе, бәзбір мекемелерде мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгермеген басшылар үшін ғана хат-хабарды аудару жұмыстарына орасан күш пен уақыт сарп етіліп жүргені ешкімге құпия емес. Жоғарыдағы ұсыныстар іске асар болса, мемлекеттік тіл өзінің заңды тұғырына көтеріліп, қолданыс аясы кеңейіп, Елбасымыз айтқандай, халықты біріктіруші факторға айналары күмәнсіз.
Мемлекет басшысының пәрменімен жазуымызды латын графикасына көшіру қоғам өміріне ерекше рухани серпіліс бермегі айқын. Бұл тұрғыда, ең басты міндеттердің бірі – орфографиялық олқылықтарды түзеп, ала-құлалықты біріздендіру. Осы орайда, ресми ісқағаздарда кездесетін, орфографиялық сөздікте ескерілмеген емлеміздегі бірқыдыру ала-құлалық жағдайы жөнінде аз-кем айтып өтуді жөн санадық.
Мысалы, ҚР Мемлекеттік терминология комиссиясының мақұлдауымен 2007 жылы басылған Орфографиялық сөздікте «қолхат», «сенімхат», «алғысхат» сөздері бірге, ал «ашық хат» сөзі бөлек жазылған. Соңғысы сөз тіркесі ретінде қарастырылғанын, оның бағыныңқы сыңарының сын есім екендігі ескеріліп, бөлек жазылып отырғанын аңдаймыз. Алайда осы сөзден бөлек, тағы бір «ашықхат» деп бірге жазылған сөз жанындағы жақшада оның «открытка» мағынасын білдіретіні меңзелген. Мұнда «открытое письмо» да, «открытка» да айтылуы жағынан бірдей сөзбен берілуі шатасуға ұрындыруы мүмкін. Соңғысын «құттықтау ашықхаты» деген сөзбен немесе өзге баламамен беру, сондай-ақ «ашықхат» сөзін («Ақорда», «ақуыз» сияқты сын есім мен зат есім тіркесінен жасалған сөздердегідей) қосып жазу орынды болар еді.
Сонымен бірге «шақыру хат», «шақырухат», «шақыру хаты», «шақыру қағаз», «шақыру қағазы», «құттықтаухат» (орф. сөздікте осы нұсқа берілген), «құттықтау хаты»деген нұсқаларда әрқилы жазылып жүр. «Іссапар», «ісқағаз» сөздері қосылып, «іс-шара», «іс-әрекет» сөздері қосарланып жазылады. Бұл сөздердің морфологиялық құрамы ұқсас, жасалу жолдары бірдей, бірақ жазылуы әртүрлі. Осыларды біріздендіру құба-құп болар еді.
«Қонақүй», «қонақжай», «асүй», «тұрғынжай» сөздері сөздікте қосылып жазылған да, «тұрғын үй» сөзі бөлек берілген. Алдыңғыларындай соңғы сөз де қосылып жазылуы тиіс. Сондай-ақ «киіз үй» бөлек, ал «киізкітап» қосылып жазылған. Егер бұл сөздерге қатысты өзгеше ереже бар болған жағдайда, оны тіл мамандары түсіндірсе, қабыл алар едік.
Сөздікте «Ауылшаруашылық», «теміржол» деп берілген, бірақ тиісті министрлік пен компанияның сайттары мен бланкілерінде бұл сөздер «Ауыл шаруашылығы министрлігі», «Қазақстан темір жолы» деп бөлек жазылып жүр.
Тіл заңдылықтары туралы сөз қозғалғаннан кейін, ісқағаздарда көп кездесетін кейбір адамдардың аты-жөндеріне де тоқталып өтсек. Кісі тегіне қосымшалар орыстың «-ов», «-ев» жұрнақтары ескерілмей, бұлардың алдындағы буынның жуан-жіңішкелігіне қарай жуан я жіңішке болып жалғанатыны белгілі. Сол секілді, бірізділікті сақтау үшін тектердің соңына жалғанатын орыстың «-ин» қосымшасы да осы санатқа жатқызылуы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені бір текке орыс жалғауының кез келгені – «-ев» те, «-ин» де жалғана беруі мүмкін. Орыс жұрнақтарының қайсысы тіркелсе де айырмасы жоқ. Бұл жұрнақтардан кейін қосымшалар түбір сөздің жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Мысалы, Сарин – Сариев, Мамин – Мамиев, Қарин-Қариев сияқты түбірі бірдей тектерге қосымша жалғанғанда,
«Саринға», «Сариевқа», «Маминға», «Мамиевқа», «Қаринға», «Қариевқа» болып түрленбегі шүбәсіз. Дей тұрғанмен, қазіргі таңда Қарин, Мамин, Мырзағаниев, Жұмағалиев, Қобыландин сияқты тектерден кейін қосымшалар жалғау біраз мәселе болып отыр. Кейбір мамандар «и» дыбысы әрқашан жіңішке болып келеді, сондықтан одан кейінгі жалғау-жұрнақтар жіңішке болуы керек деген пікір айтады. Алайда үндестік заңына сәйкес алдыңғы дауыстыларға байланысты «у» дыбысының бірде жуан («суыр», «ту»), бірде жіңішке («куәлік», «кіру») болып келетіндігі сияқты, «и» дыбысы да кейде жіңішке, кейде жуан болатынын аңғарамыз. Мысалы, бұл дыбыс «Әли», «жиен» сөздерінде жіңішке, ал «Ғани», «сиыр», «қиыр» сөздерінде жуан болады. Осы себепті, «Әлиге», «Әлиден», «Әлиді», «Ғаниға», «Ғанидан», Ғаниды» деп, айтылуына қарай жазу қисынды деп пайымдаймыз. Дәл сол сияқты жоғарыда аталған тектерге жалғау-жұрнақ жалғағанда «Мәмиге», «Қаринға», «Маминға», «Ғаниевқа», «Жұмағалиевқа», «Қобыландинға» деген түрлерде жазғанымыз жөн. Осы заңдылықтар бұрыннан бар болуы керек. Бірақ соңғы уақыттағы шатасуларды ескере отырып, осыған қатысты емле талабын жаңа орфографиялық сөздікте шегелеп бекіту орынды болар еді. Әйтпесе, әркім өз білгенінше ереже жасап алуына орай, бұл мәселенің ушыққаны соншалық, кейбір мекемелер дұрыс жазуларды бұрысқа санап, хат-хабарларды қабылдамай, кері қайтарып отырған жайлар кездесуде.
Соңғы кезде кейбір тіл мамандары «и», «у» әрдайым дауыссыз дыбыстар болып келеді, олардың алдында дауысты дыбыстар бар (мысалы, [сыйыр], [сұу], [жійен]) һәм бұларды да жазуда белгілеу керек деген айрықша пікір айтуда. Бұлай деуге негіз де жоқ емес. Осындай қисын ескерілер болса, алдыңғы дауыстыдан «и», «у» дыбыстарының жуан-жіңішкелігі бірден байқалып, қазіргідей шатасуларға жол берілмес еді, яғни «Ғаныйға», «Мәмійге», «Әлійде», «Жұмағалыйдан» деп жазуға мүмкіндік туар еді.
Қысқарған сөздерден кейін қосымша жалғауда да келіспеушіліктер кездесіп қалады. Мысалы, «Қазақстан Республикасы» тіркесі ресми ісқағаздарда «ҚР» түрінде қысқартылып беріледі. Енді осындағы соңғы дыбыстың «ыр» болуына орай, қосымшалар «ҚР-дың», «ҚР-ға» деп жалғанғанын және осы күйінде бекітілгенін жөн санаймыз. Қазіргі кезде бұл сөзді жазуда «ҚР-ның», «ҚР-ге», «ҚР-дің», «ҚР-на» сияқты әртүрлілікті кездестіреміз.
Орайлы тұста, орысша «межмидовские консультации» тіркесі сыртқы саясат мекемесінде «СІМ-аралық консультациялар» түрінде жазылып жүргеніне назар аудара отырып, оны осылай бекіту орынды болар еді деп пайымдаймыз. Реті келсе, аталған жайлар және осыған ұқсас өзге де тілдік құбылыстар алдағы орфографиялық сөздікте ескерілсе деген тілек бар. Сонда біршама дау өз шешімін табар еді. Себебі филология ғылымының докторы Б.Қалиұлы айтқандай, «Орфографиялық сөздік дегеніміз – тілдегі сөздердің жазылуын бір жүйеге түсіретін құрал» екендігі даусыз.
Ресми хаттар мен ноталарда «қазақстан тарапы» деген тіркесте елдің аты кіші әріппен берілген жағдайлар кездеседі. Бұған кезінде Парламент қабырғасында халықаралық шарттардың бірін бекіту кезінде депутаттардың назары түскені белгілі. Мұны кейбір мамандардың орыс тілінде «казахстанская сторона» тіркесіндегі кіші әріппен жазылуымен түсіндіргені негізсіз. Өйткені басқа тілдердегі жазу қағидаларын басшылыққа алу шатастыруға әкеп соқтырады. Мәселен, орыста кіші әріппен жазылатын сөздер ағылшынша үлкен әріппен жазылуы мүмкін. Егер «қазақстандық тарап» болса, кіші әріппен жазуға келісуге болады. Бәзбір құжаттарда «Жапония тарапы», «Жапон тарапы» деп, «тарап» сөзінің алдында келетін сөздердің бәрін бас әріппен жазу кездеседі. Егер емле заңдылығына қайшы келмесе, азаматтарды шатастырмайтын болса, онда «тарап» сөзінің алдында келетін сөзді бас әріппен жазу қажеттігі жөнінде ереже енгізуді қарастыру абзал болар еді. Бұл мүмкін болмаған жағдайда, «Жапония тарапы» тіркесіндегі бірінші сөздің бірінші әрпін бас әріппен, ал «жапон тарапы» тіркесіндегі бірінші сөздің алғашқы әрпін кіші әріппен жазу қисынға келеді. Осы тіркестердің сипаты «Өзбекстан елі», «өзбек халқы» деген сөз тіркестеріне ұқсас келеді. Біріншісінде елдің атауы бас әріппен жазылуы керек болса, екінші мысалда халықтың атауы кіші әріппен жазылуы тиіс. Ал «Қазақстан халқына» келер болсақ, мұнда біраз ойлану керек болады. Бәлкім, ел атауы екенін ескеріп, бұл сөзді халыққа қатысты қолданылатын тұста да бас әріппен жазу қажет шығар.
Сонымен қатар «жауапты хатшы», «төраға», «президент», «басшы» сөздері сөйлем ортасында ішінара бас әріппен жазылып жүргенін көріп жүрсіздер. Біздің ойымызша, бұл сөздерді «министрліктің жауапты хатшысы», «комитеттің төрағасы», «басқарма басшысы», «Президент әкімшілігінің басшысы» деп, кіші әріппен жазған жөн. «Қазақстанның Президенті» тіркесіндегі екінші сөзді бас әріппен жазуға келісуге болады. Бірақ бұл тұста «жекеменшік компания Президенті» деген сөз тіркесінде «президент» сөзі бас әріппен жазылуы керек пе деген сұрақ туындайды. Аталған сөздерді қай кезде бас әріппен, қай уақытта кіші әріппен жазу керектігін емле ережелерін белгілейтін жауапты мамандар нақтылап берсе орынды болар еді.
Осыған ұқсас «Премьер-Министрдің Кеңсесі», «Пәлен елдің түген елдегі Елшісі», «Пәлен елдің түген елдегі Елшілігі», «Қазақстанның Бас консулдығы», «БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкіл», «Министрдің Бірінші орынбасары» деген тіркестерде лауазым, мекеме атауларын бас әріппен жазу ұшырасады. Мұндай үдеріс бастапқы кезде бұл сөздердің орыс тіліндегі нұсқасын (орыс емлесінде мекеме немесе лауазым атауы тіркестің басында келгендіктен бас әріппен жазылады) негізге алу салдарынан қалыптасқан болу керек. Егер осы мысалдар дұрыс болса, «Ақпарат Министрлігі», «Қорғаныс Министрі», «Министрдің Орынбасары» деп, басқаларын да бас әріптермен жазу керек болады да, емле заңдылығы бұзылады. Сондықтан өзге лауазымдар мен мекемелер аттарын жазғанда шатаспау үшін «Премьер-министрдің Кеңсесі» тіркесіндегі «кеңсе» сөзі, «елші», «елшілік», «тұрақты өкіл», «министрдің бірінші орынбасары» сөздері кіші әріппен жазылуы тиіс деп санаймыз. Бұл ретте бірізділікті сақтау үшін бірыңғай ереже жасап, біркелкі жүйе қалыптастыра түсу қажет және ерекше ережелерді емле сөздігіне енгізу керек деп есептейміз.
Бірнеше мекемелердің атаулары қатар келгенде олардың бірінші сөздерінің алғашқы әріптерін орыс емлесіндегідей кіші әріптермен жазу кездеседі. Мысалы, «денсаулық, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, әділет, білім және ғылым министрліктері» деген тіркесті алғаш оқыған адам мұнда қанша министрлік туралы сөз болып отырғанын білмей қалуы ықтимал. Көп мекемелердің аттарын осылай қосақтап бергенде министрліктер атауларының бірінші сөздеріндегі алғашқы әріптерді бас әріптермен жазу ұсынылады. Мысалы, «Денсаулық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет, Білім және ғылым министрліктері» деп жазылса, бәрі де түсінікті болар еді. Кейінгі кезде осындай қисынды үрдіс қалыптасып келе жатыр. Осы жағдайды да емле ережесіне енгізу жөнінде ұсыныс білдіреміз.
Орфографиялық сөздікке енбеген, бірде «уақытылы», бірде «уақтылы» түрінде жазылып жүрген сөздің емлесі біршама талас тудырып жүр. Осы сөзді емле сөздігіне енгізіп, бірізділікке түсіру ұсынылады.
Қоғамдағы алуан өзгерістерге қарамастан, сауатты жазуға қойылатын талаптар бірізді болуы тиіс. Қабылдаушы тіл кірме сөздерді өзінің фонетикалық заңдылықтарына бағындыруы табиғи үдеріс екендігін ескере отырып, кірме сөздердің түпнұсқа тілдегіден өзгеше түрленіп, қазақ тілінің ерекшеліктеріне орай жазылу тәртібін сақтау қисынды болмақ. Бұл өз кезегінде термин мәселелерімен де байланысты. Қазіргі таңда бір кездері Еуропа елдерінің тілдерінен орыс тілі арқылы ана тілімізге енген терминдік атауларды қайта қарау өзектілігі туындап отыр. Кірме термин сөздерді Кеңес заманында орыс тілінің заңдылығы сақталған, бірақ туған тіліміздің ерекшеліктері ескерілмеген күйінде қалдыру қажет пе, әлде тіліміздің заңдылықтарын бұзбайтын еуропалық түпнұсқа үлгілерді негізге алған жөн бе? Мысал үшін бір сөзді ағылшын тілінде [делегейшін], француз тілінде [делегасион], испан тілінде [делеғасион], түрік тілінде [һейет], парсы тілінде [һейәт], ал орыс тілінде [делегация] деп, әрқилы айтады. Осы нұсқалардың қайсысы тіліміздің емле заңдылығына жақын келетінін ескеруге тиіспіз. Орыстар «евро» дейді, ал біз қазір еуропалықтардай «еуро» деп жүрміз. Мұны құп делік. Демек, өктемшіл жүйе тұсында орыс тілінің ыңғайына орай енгізілген «авто» сөзін де «ауто» деп алған орынды болар. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Қазірдің өзінде шет тілін оқып жүрген балаларымыз: «Неге «еуро» деген сияқты «авто»-ны «ауто» демейміз?» деген сауал қояды. Сауал орынды екендігіне талас жоқ. Оған орынды жауап беруге әзірленуіміз қажет деп ойлаймыз. Ертең азат ойлы, ана тілі мен ағылшын тілін еркін меңгерген буын тұсында мұндай сұрақтар үдей түспек.
Үстіміздегі жылы шілде айының аяғында осы мәселе Қазақ радиосында бір топ ғалымдар арасында талқыланғанда, филология ғылымының докторы Ш.Құрманбайұлы мұндай өзгерістерге бару үшін алдымен санамызды өзгертіп, бейімдеуіміз керек деген мәнде пікір айтты. Ғалым сөзімен келісе отырып, бүгінгі таңда рухани жаңғыру жолында көтеріліп отырған бастамаларды іске асыру бірте-бірте біреуге тәуелді психологияның зардаптарынан арылтып, сана жаңғыруына да жол ашады деп үміттенеміз. Жалпы, тілші ғалымдарымыз емле ережелерін қалыптастырудың зор ауыртпалығын арқалап келеді. Осында аз-кем айтылып қалған пікірлердің бір парасы бұрын да көтерілген болуы мүмкін. Біздің мақсат бұған дейін атқарылған еңбектерді сынап-мінеу емес, жазуымыз латын қарпіне көшер алдында орфографиядағы бірізділікті қалыптастыра түсуді жақтау, емле үдерістерін реттеуге ықпал ету құзіретіне ие кісілерге, жалпы замандастарға аз да болса ой салу ниеті екенін жеткізгіміз келеді.
Қазіргі кезде орфографияға қатысты күрделі түйткілдердің түйіндерін тарқату үшін мамандарымыз көп еңбектеніп, аянбай тер төгіп отырғанын тағы да атап өтеміз. Біздің пікір-лебізіміз аса ауқымды осы мәселенің кейбір қырларын зерделеуде қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана септігін тигізер болса, бек қуанышты болар едік.
Достарыңызбен бөлісу: |