ҚАЗАҚ ТІЛІ ИНТОНАЦИЯСЫН ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ МЕҢГЕРУ
Ақымбек С.Ш.
әл-Фараби атын. ҚазҰУ
доцент, филол.ғ.к.
Алматы.
Мақаланың арқауы ретінде қазақ тілінің интонациясын қолданбалы бағдарламалар арқылы зерттеу алынады.
Қазіргі күнде экспериментальды-фонетикалық әдіссіз, электро-акустикалық талдаусыз бірде-бір фонетикалық зерттеу толыққанды болмайды. Дегенмен фонетика саласы бойынша зерттеу жасау үшін есту қабілетінің жақсы болуымен қатар, сөйлеуі мен қабылдауы логикалық және психологиялық үдерістермен байланысты болуы керек. Сонымен бірге мақалада заманауи қолданбалы бағдарламаларды да жетік меңгеру қажеттігі сөз болады.
Түйін сөздер: кідіріс, дауыс ырғағы, мағына тұтастығы, компьютерлік сараптау, интонациялық кескін.
Қазақ тіл білімінде интонацияны дербес сала ретінде қарастыру теориялық және практикалық жағынан жетілді. Интонациялық зерттеулердің бастамасын Түркменбаев т.б. еңбектерінен кездестіреміз. Бертін келе қазақ тілінің интонация жүйесі жаңа сипатта зерттеле бастады. Олардың ізденістері интонацияны сөйлемдердің коммуникативтік түрлерімен байланысты қарастыруға қатысты болып келеді. Лебізде сөйлем тек әр түрлі синтаксистік қатар түзіп қана қоймайды, сонымен бірге әр түрлі интонациямен айтылады. Осыған байланысты экспериментті-фонетикалық зерттеу туралы орыс ғалымы В.А. Артемов: «Экспериментальная фонетика – один из методов изучения языка, применяющийся не только в фонетике, но также в грамматике и, в известной мере, в лексикологии, поскольку язык носит звуковой характер. Слова имеют звуковой строй, различный в различных языках. Коммуникативные виды предложений характеризуются не только различным синтаксическим строем, но и интонационно» деген тұжырымы арқылы интонологиялық экспериментальды фонетикалық сараптаудың тіл біліміндегі маңызын белгілеп береді [1, 91]. Профессор З.М. Базарбаева: «Кез-келген тілдің фонетикалық жүйесі оның сегменттік бөлшектерінен, яғни сөздердің дыбыстарынан ғана (дауысты, дауыссыз) тұрмайды, ол тілдің күрделі суперсегменттік деңгейін, яғни сөйлемдердің, мәтіннің жалпы интонациялық сипатын да қамтиды» [2, 3] деп интонацияның сипатын ашады, сөзін сабақтай түсіп «...Соңғы кезде тіл жүйесіндегі дербес құбылыс ретінде танылады. Оны өз алдына, жеке алып зерттейтін білім саласын бөліп алып интонология» деп тұжырым жасауы қазіргі қазақ тіл біліміндегі интонация мәселесінің зерттеу нысаны, жүйеленген өзіндік әдіс-тәсілдері бар жеке сала екендігін дәлелдейді [2, 14 ]. Қазақ тіл білімінде фонетика, фонология және интонология бойынша жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген А. Баймұратова, Т. Кеншінбаев, М. Кеншінбаева, А. Фазылжанова, А. Аманбаева., Ж.Жұмабаева, Б. Баймұханов, А. Молдашева және тағы басқа жас ізденуші ғалымдар бар.
Қазіргі күнде экспериментальды-фонетикалық әдіссіз, электро-акустикалық талдаусыз бірде-бір фонетикалық зерттеу толыққанды болмайды. Дегенмен фонетика саласы бойынша зерттеу жасау үшін есту қабілетінің жақсы болуымен қатар, сөйлеуі мен қабылдауы логикалық және психологиялық үдерістермен байланысты болуы керек. Сонымен бірге заманауи қолданбалы бағдарламаларды да жетік меңгергені қажет.
Қазақ тілінің интонация жүйесін эксперименталды әдістер арқылы талдау жұмысында қазақ тіліндегі интонациялық бірліктерді ажыратушы деп саналатын негізгі акустикалық параметрлер алынады. Олар:
-
тоналды кескіннің формасы
-
кескіннің басталу деңгейі
-
кескіннің аяқталу деңгейі
-
кескіннің жалпы диапазоны
-
кескіннің ауқымдылық құрылымы
-
кескіннің сандық-сапалық жағынан өлшемі.
Сөйлемнің құрылымдық-коммуникативтік түрлеріне қарай оның тоналды кескінінің формасы әртүрлі болуы мүмкін. Лебіздің аяқталғанын білдіретін тиянақты әуен, аяқталмағанды білдіретін тиянақсыз әуенмен беріледі. Сөйлемнің әуенін анықтауда негізгі тон жиілігінің өзгеруімен қатар оның биіктігінің қай жерде орналасқанының да мәні зор. Қазақ тілінде аяқталмағанды білдіретін көтеріңкі әуеннің деңгейі сұраулы сөйлемдердің кейбір түрлерінің, құрмалас сөйлемнің бірінші компонентінің және сыпайы бұйрықты сөйлемдердің соңына қарай орналасады. Ал аяқталғанды білдіретін бәсең әуеннің шарықтау деңгейі бұйрықты, лепті, сұраулы сөйлемдердің кейбір түрлерінің басына таман орналасады. Аталған шарттардың іске асуын фонетикалық Praat [3] сараптау қолданбалы бағдарламасы арқылы дәлелдеп анықтауға болады. Осы бағдарлама бойынша жасалған интонологиялық эксперименттік-фонетикалық талдаудың негізінде кескіндерге қарап, сөйлемнің қай коммуникативтік түріне жататынын анықтауға болады. Нәтижесінде мынадай мақсаттарды анықтауға мүмкіндік туады:
-
Лебіз (сөйлем) құрамының қанша синтагмаға (//), немесе ырғақты топқа бөлінетінін белгілеу (/).
-
Олардың синтагмалық, ырғақтық және ой екпінін белгілеу.
-
Интонацияның деңгейіне байланысты синтагманың тоналды контурын көрсету: көтеріңкі, бәсең, көтеріңкі-бәсең, бәсең-көтеріңкі, бірқалыпты.
-
Синтагманың қарқынын анықтау: баяу, орташа, жылдам.
-
Синтагманың айтылу күшін анықтау: күшеюі, азаюы, бірқалыпты.
-
Буын немесе бунақтың орташа ұзақтығын анықтау.
Талдауға алынған сөйлемдердің лексикалық құрамы мен синтаксистік қатары интонациямен тікелей байланысты. Талдауымызды жүзеге асыру үшін интонацияда тон жиілігін физикалық тұрғыдан өлшеуде герц (Герц) мәні қолданылды. Бұл әрбір дыбысқа тән қасиет, яғни оның бір секундтың ішінде өзін қоршаған ауаны қанша рет сығып, қанша рет босататынына қатысты өлшем. Сығудан және босатудан тұратын әрбір циклды толық бір кезең деп атайды. Бір секундтың ішінде жасайтын кезең санын дыбыс жиілігі дейміз. Жиіліктің бірлігі ретінде бір секундта жасалатын бір тербеліс алынады. Ал үдемеліктің амплитудасына (үдемелікті өлшеуде децибел қолданылды (интенсивтілікті немесе үдемелікті физикада дыбыстың қаттылығы деп береді). Тәжірибеде децибел (дБ) мәні қолданылады, фраза бойындағы уақыт бірлігі миллисекундпен өлшенеді. Негізгі тонның жоғарылығына, екпінге, синтагмаларға жіктелуіне сипаттама беріледі.
Бағдарламаның басты мүмкіндіктері:
-
лебізді (сөйлемді) талдау: қарқынды талдау (интенсивтілік), дауыс толқынын талдау, спектрлік талдау, дыбыс ырғағын талдау, буын жігін талдау, формантты талдау, дірілдеу, үзіліс, интонация;
-
лебізде анықталатын биіктік, формант, қарқын, акустика бойынша синтездеу;
-
лебізді тану жұмыстарын жасау;
-
таңбалау және сегменттеу, интервалдарды интонемалардың бірнеше деңгейлері бойынша белгілеу;
-
әр түрлі қосалқы сүзгілерді қолдану арқылы сөзді өңдеу;
-
дайын алгоритмдер бойынша жұмыс істеу;
-
мақалалар мен баяндамалар үшін жоғары сапалы кескіндерді жасау;
-
өзге бағдарламалармен өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін кірістірілген бағдарлама жасау тілінің болуы болып келеді [3].
Қазіргі пунктуацияда сауаттылыққа қойылатын талаптар да көпшіліктің көңілінен орын алып дағдыға айналған. Ал жазылған мәтіннің оқылуы, тыныс белгілерінің лебіздегі көрінісі әлі толық зерттеліп қарастырылмаған. Ал осылардың іске асу тәсілдерінің пуктуациялық тыныс белгілерімен тікелей байланысы бар. Өйткені жазудағы таңба айтылым жағдаятында интонацияның қызметіне тәуелді болып келеді. Айтылған жайттарды жоғарыда сөз болған бағдарлама арқылы талдау барысында сөйлемің коммуникативтік мақсаттарын іске асыратын лебіздің кескіндері төмендегіше болып келді. Диктор ретінде орта білім беретін оқу орнын бітірген тұлға алынды.
Мәселен, соңына нүкте қойылған сөйлем еш уақытта көтеріңкі дауыспен (интонациясы) айтылмайды:
Біреуі бойдақ еді.
(Бірөуү бойдағ еді)
Бұл кескіннен біз интонацияның бірқалыпты әуенмен айтылып келіп, сәл көтеріліп, сосын төмендегенін көріп отырмыз (әуен ақ-сары сызық түрінде берілген). Ал спектограмма мен палатограммадағы қою қара бояқ 7 буын санын, яғни сөздердің айтылуында ауа толқыны үзіліп-үзіліп шығуын көрсетеді. Сөйлемдегі қарқындылық бірінші буын қасында сәл түседі, қайта көтеріледі де, екінші буында бірқалыпты, үшінші буында қатты түсіп, қайта көтеріледі, төртінші, бесінші және алтыншы буын тұстарында түсіп барып, көтеріледі. Сөйлем соңында қайта түседі. Форманттар саны – бесеу. Дауыс биіктігінің ең жоғарғысы – 42 Гц.
Керісінше сұраулы, лепті сөйлемдерді оқығанда, дауыс көтеріңкі айтылады. Мысалы:
Сенің айтып отырғаның – қай қазақ?
(Сенің айтыб отұрғаның қай ғазақ)
Лебіздегі әуен «отырғаның» сөзіне келгенде төмендеп, біраз кідірістен кейін «қай» сөзінде көтеріңкі түрде айтылған. Спектограмма мен палатограммадағы қою қара бояу 11 буын санын көрсетіп тұр. Қарқындылық «отырғаның» сөзінен кейін төмендеп барып көтеріледі де, сөйлем соңында қайта төмендейді. Формант саны – бесеу. Дауыс биіктігі – 43 Гц.
Қойшы, қарағым, әурелемеші!
(Қойшұ, қарағым, әурөлемеші)
Лебіздегі интонация «қойшы» сөзінен кейін көтеріліп, «қарағым» деген қаратпа сөз тұсында төмендеп, кідірістен кейін қайта көтеріледі. Ал интенсивтілік «қойшы» сөзінің тұсында сәл төмендеп, қаратпа сөзден кейін мүлдем төмендейді де, қайта көтеріліп бірқалыпты қарқынмен жылжиды. Спектограмма мен палатограммадағы қою қара бояқтар арқылы 10 буынды байқап отырмыз. Қаратпа сөзден кейін үлкен кідірісті көріп отырмыз. Дауыс биіктігі – 47 Гц.
Міне, жоғарыдағы лебіздерді осылай сараптаудан өткізу арқылы бірнеше мәселелерді шешуге болады:
-
Лебіздің (сөйлемнің) толық сандық кескіні алынады.
-
Теориялық мәселелер практикалық жағынан толық шешімін табады.
-
Ізденушілердің зерттеу аппараты толыға түседі.
-
Қазақ тілінің интонологиясы интонациялық сандық қормен толыға түседі.
-
Орфоэпиялық нормалардың сақталу мүмкіндігі мен жиілігі анықталады.
-
Тілді қолданбалы зерттеудің жаңа қырлары ашыла түседі.
-
Қазақ тілі интонациясын толық меңгеруге жол ашылады.
Жоғарыда аталғандар негізінде сөйлеу барысында интонацияға қатысты кеткен қателіктерді сандық тұрғыдан сараптап түзетуге, сонымен бірге кейбір тұрақты қолданыстардың интонациялық сызбасын үлгі ретінде алуға мүмкіндік жасайды.
Сонымен қатар интонацияның динамикалық күші мен тоналдығына арналған қосымша есептеулер жүргізуге болады. Бұл талдау интонация кескіні арқылы лебіздің коммуникативтік мақсатын ғана емес эмоционалды-экспрессивтік мағынасын ажырататын қызметін де анықтайды. Сөйлеушінің эмоциясы бойынша өктемдік жүргізу, қорқыту, қатты таңғалу және таңырқауды айқын көрсететін интонация мен хабарлау, санамалау мәнінде келетін прозалық суреттеудегі логикалық интонацияның берілу кескіні басқаша болып келеді. Оған «Қазақ грамматикасы» тілдегі бастауышы жоқ, жалғыз баяндауыштан тұратын бір құрамды сөйлемдерді жатқызуға болады дейді. Мысалға жалғыз етістіктен тұратын сөйлемді алып қарайық: Білеміз (құрылымдық схемасы Vf1pl) деген сөйлем (ешбір өзгеріссіз) интонациясына қарай түрлі мағынаға ие болуы мүмкін. Мысалы, бұл сөйлем жай, саябырлы орта деңгейлі тонмен айтылса, хабарлы жай сөйлем болады. Ал жоғары, жеңіл тембрлі, жарқын тонмен айтылса, қуанышты, ризашылықты білдіретін сөйлем болады. Егер де бұл сөйлем созылыңқы, ұзағырақ, төмен тонды, зілді тембрмен айтылса, онда жақтырмағандықты, кекесінді, мысқылды білдіреді: «Сенің немесе оның кім екенін білеміз» деген сияқты мағынада қолданылады [4, 114]. Аталған мәселені өте мұқият түрде жоғарыда біз көрсеткен үлгі бойынша зерттеп, адамның есту қабілетінен тыс жатқан белгілерді табуға болады. Бұл болашақта өз кезегін көрсетіп тұрған мәселелер қатарына жатады.
Әдебиеттер
-
Артемов В.А. Экспериментальная фонетика. Изд: Литературы на иностран. языках. –Москва, 1956г. –227 с.
-
Базарбаева З.М. Қазақ тілі: Интонология. Фонология. –Алматы: Жібек жолы, 2008. –323 бет
-
http://www.praat.org
-
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. –Астана, 2002. –784 бет.
Резюме
В статье рассматривается проблемы компьютерного анализа казахской интонации.
Resum
In article it is considered problems of the computer analysis of the Kazakh intonation.
Достарыңызбен бөлісу: |