Қазақ тіліндегі зоонимдердің семантикалық құрылымы
Қайырбекова Ұ.Ж. – ОҚМПИ Тіл білімі кафедрасының
аға оқытушысы, ф.ғ.к.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются вопросы о семантической структуре зоонимов в казахском языке
SUMMARY
This article is devoted about semantic structure of zoohnyms in Kazakh language
Сөз мағынасы ірі-ірі үш бөліктен тұрады: заттық мағына; ұғымдық мағына; сезімдік мағына.
Сөздің заттық мағынасы деп – обьектив дүниедегі заттар мен құбылыстардың түр-түсі, пішіні, табиғи қасиеттері арқылы санада бейнеленуін айтамыз. Басқаша айтқанда, сөздің заттық мағынасы дегеніміз- белгілі бір сөзді айтқанда, естігенде көз алдымызға, ойымызға келетін зат не оның басты-басты белгілері, бейнесі. Мысалы, орындық десек көз алдымызға төрт аяқты, беліңді сүйейтін арқалығы, отыратын жері бар отырғыштың бейнесі елестейді. Бүркіт, ешкі, түлкі, қой десек, бұл заттардың дәл осы түрде болуы шарт емес, олардың көз алдымыздағы бейнесі сол сөздердің мағынасын бере алады. Демек, адамның сезім мүшелеріне түйсік туғызатын заттардың қасиеттері ғана заттық мағына жасай алады /12,42/.
Зат, құбылыс, қозғалыс туралы адамның түсінігі қаншалықты мол болса, сол зат туралы оның ұғымы да соншалықты мол болады. Ұғым мол болуы деген сөз – сол заттың не құбылыстың атауы болып табылатын сөздің мағынасы анық, айқын әрі толық болады деген сөз. Мысалы, қасқалдақ – 1. Тұмсығының үсті қызыл, тамағының асты ақ, дене пішімі үйректерден әлдеқайда кіші құс. Бұл - заттық мағына. 2. Қамысты, қоғалы көлдерде тіршілік ететін, еті адал, әрі дәмді кішірек құс. Бұл - ұғымдық мағына.
Сөздің ұғымдық мағынасы деп – заттың өзін емес, зат туралы жалпы ұғымды білдіретін мағынасын айтамыз. Әдетте біз заттарды материалды зат, идеалды зат деп екіге бөліп қарастырамыз. Материалды заттар нақты, деректі бейне береді. Мысалы, ит, мысық, тауық. Ал идеалды зат (бақыт, арман, ой) жалпы, дерексіз бейне береді. Жоғарыда мысалға келтірілген қасқалдақ сөзінің 2-і мағынасы - ұғымдық мағына. И.А.Стернин, М.В.Никитин, М.Оразов сынды ғалымдар заттық мағынаны денотаттық мағына, ұғымдық мағынаны референт деп атаған /1, 1985; 2,1983; 3,1991/.
Сөздің лексикалық мағынасына бұл екі мағына да енеді. Заттық мағына сөз мағынасының өзегі болады да, ұғымдық мағыналар оның мазмұнын құрайды және заттың барлық (мәнді-мәнсіз, елеулі-елеусіз) қасиетін түгел қамтиды.
Заттық мағына сөзді затпен байланыстырса, ұғымдық мағына оны оймен, санамен байланыстырады. Заттық мағынасыз ұғымдық мағына болмайды. Ұғымдық мағына заттық мағынадан шығады.
Заттық мағына көбінесе заттарда жиі кездессе, ұғымдық мағына зат есімдермен бірге сын есімдерде, сан есімдерде, етістіктерде, үстеулерде ұшыраса береді. Мысалы, паң, менмен, тәкаппар, өркөкірек т.б.
Үшінші мағына сезімдік немесе эмоционалдық-экспрессивтік мағына деп аталады. Бұл алғашқы екі мағынаның үстіне жамалған қосымша үстеме мағына. Мысалы: Қасқыр-1. Ит тұқымдас жыртқыш аң. 2. Ауыс. Өжет, батыл. 3. Ауысп. Ақымақ, миғұла. Мұның соңғы мағыналары қосымша мағына. Оларда стильдік бояу, сезімдік бағалау, экспрессивтік мән бар.
Заттар мен құбылыстар тек бейне, образ ғана емес,сезім де туғызуы мүмкін. Сезім екі сипатта болады: жағымды, жағымсыз. Жағымды сезімдер – қуану, жақсы көру, ұнату, рахаттану, мейірлену, еркелету, сүйсіну, аяу, сағыну т.б.; жағымсыз сезімдер – жек көру, жақтырмау, ұнату, қорқу, өкіну, қайғыру, ренжу, ашулану, мысқылдау, келемеждеу, жарамсақтану т.б. Бұлардың барлығы бағалауға, саралауға әкеліп соғады.
Сөз мағынасының ірі құрылымымен қатар уақ құрылымы болады. Сөз мағынасының уақ құрылымы деп – әр мағынаның семалық құрылымын айтамыз.
Сема – ең кіші мағыналық бөлшек, оны бірнеше атаумен атайды. Мысалы, ең кіші семантикалық бөлшек, семантикалық белгі, семантикалық сыңар т.б.
Егер бір сөзде бірнеше мағына болса, соның әр мағынасының өзі бірнеше семалық бөлшектерден құралады. Мысалы, қозы деген сөзде – 1) қойдың төлі; 2) сүт қоректі; 3) кішкентай; 4) әлсіз; 5) әдемі; 6) момақан секілді т.б. мағыналар бар.
Мұнан бір затта қанша белгі болса, соншама мағына болады деген қорытынды жасауға болады. Сөз мағыналарының семаларын анықтау үшін ит және жылқы сөздеріне талдау жасап көрелік.
Сөз
|
Пішіні
|
Сыртқы бейнесі
|
Қызметі
|
Саналық белгі
|
|
1
|
2
|
3
|
4
|
ит
|
төрт аяқты
|
сабалақ жүнді
|
үй қору, аңшылық
|
қаныпезер, жауыз
|
жылқы
|
төрт аяқты
|
тықыр жүнді
|
жұмыс көлігі
|
ірі, күшті, мықты
|
Кестеде әр сөзге тән бірнеше мағына айқындалады. Мұның біріншісі екеуіне бірдей ортақ жалпылаушы сема, 2-3 даралаушы сема. 4-сі қосымша сема болып табылады. Мұны сөздің жалпылаушы мағыналық бөлшегі, даралаушы мағыналық бөлшегі және қосымша мағыналық бөлшегі деп атауға да болады. Сөздердің мағыналық бөлшектерін, яғни семаларын топтастыру жөнінде түрлі пікірлер бар.
Профессор М.Оразов мұның жалпылаушы, даралаушы және қосымша семалар деген үш түрін көрсетсе /3/, Б.Қалиев пен А.Жылқыбаевалар оның 8 жұптан тұратын 16 түрін атап көрсетеді. Атап айтқанда: 1) жалпылаушы және даралаушы; 2) мәнді және ықтималды семалар; 3) басты және шеткергі семалар; 4) анық және көмескі семалар; 5) жақын және алыс семалар; 8) тілдік және сөйлеу семалары. Ғалымдар семаның 16 түрін атап көрсете отырып, нақтылап келгенде оның М.Оразов көрсеткен 3 сема түріне жинақталатындығын айта кетеді / 4,50-61/.
М. Ержанов семалар түрін көрсетуде М.Оразов пікірін қолдайды /5/.
Жалпылаушы сема - топ құрамына енетін сөздердің барлығына бірдей ортақ сема. Бұл туыстық мағынаны білдіретін өзекті сема болып табылады. Мәселен, өгіз- үй жануары. Жалпылаушы сема барлық жануар атауын «үй жануарлары» және «жабайы жануарлар» деген жалпы атау төңірегіне топтастырса, даралаушы сема әр жануардың жеке белгісіне қарай «сүтқоректі», «тырнақты», «аша тұяқты», «мүйізді» деген түр-тұлғалық ерекшеліктерін көрсетеді. Салыстырыңыз: айғыр= «жылқы»+ «еркек», «бие» = «жылқы»+ «ұрғашы», сиыр = «ірі қара мал»+ «ұрғашы», өгіз= «ірі мал»+ «еркек» т.б.
Қосымша мағына сөздердің екінші дәрежелі мағынасымен байланысты пайда болады. Ауыспалы мағынаға ие болған сөздерде қосымша сема негізгі орынға ие болады да, жалпылаушы және даралаушы семалар кейінгі орынға ие болады. Мәселен, ит-1. Үй жануары; 2. Жыртқыш; 3. Ызалы, оңбаған, жауыз. Яғни, ит мінез, ит өмір, иттік жасау секілді тіркестерде ит сөзінің негізгі семалары көмескіленіп, қосымша семалары алдыңғы қатардан орын алады.
Сөзде бірнеше лексикалық мағына болады. Пайда болуы жағынан олар алуан түрлі болып келеді. В.Виноградов сөздердің лексикалық мағыналарын үш түрге бөліп қарастырады. Олар: 1) атауыштық мағына; 2) фразеологиялық мағына; 3) синтаксистік шартты мағына /6/.
Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы – заттар мен құбылыстардың белгілерін, іс-әрекеттерін атап көрсететін атауыштық мағына. Ол толық мағыналы сөздердің барлығына тән. Сөз мағынасының екінші түрі – фразеологиялық байлаулы мағына. Бұл тұрақты тіркес құрамында пайда болады. Мысалы: ит арқасы қиянда, түйенің танитыны жапырақ, ешкінің асығындай т.б.
Синтаксистік шартты мағына сөйлем ішінде белгілі бір синтаксистік құрылымда қолданылу арқылы туады. Мұндайда сөз дағдылы мағынадан басқа ерекше мағына үстеп алады. Мысалы, біз адамның қулығын, айлакерлігін, қасиетсіздігін айтқымыз келсе – айуан дейміз. Мұны келтірінді мағына деуімізге де болады. Жануар атауының осындай мәнге ие болуы негізінде адамның зоомінездемесі жасалады. Зоомінездеме жануарлармен адамдардың ұқсас белгілері негізінде жасалады.
Зоомінездеме экстралингвистикалық обьектілерге бағытталады. Олар тілде зоонимдердің семантикалық варианттары ретінде өмір сүріп, жануарлар атауы енетін семантикалық құрылымға қарасты элемент ретінде қарастырылады. Жануар атауы және зоомінездеме (есек – жануар атауы, есек – адам жайлы) тілдегі бір лексикалық бөлшектің әртүрлі варианттары.
М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы зоонимдер өзінің образдылығымен, эмоционалдығымен ерекше көзге түседі. Олардан адамның мінезіне, бейнесіне, пішініне, ішкі жан-дүниесіне байланысты элементтер айқын көрініп тұрады.Жануар атауы негізінде жасалған зоомінездеме жайлы мәселе С.К.Сансызбаеваның еңбегінен орын алған.
«Жануар атауының астарлы мағынасы негізінде жасалған адамға қатысты қолданылатын зооморфтық метафоралардың өзіндік ерекшелігі бар. Мұндай метафоралық қолданыстар адамның сыртқы бейнесін (аю, сиыр) мінезін (түлкі, қораз) сияқты т.б. түрлі қасиеттерін білдіреді. Әр ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына байланысты жасалатын мұндай зооморфтық метафоралар әр тілде әр түрлі сипатқа ие болады.
Жануар атауы адамға қатысты қолданылғанда жануар мен адам арасындағы ұқсастық әр халықтың ұлттық-мәдени көзқарасына байланысты әр түрлі сипат алады»- дейді ол /7,216/.
«Сөйлеу барысында кез-келген зооним түрлі семаларға ие болады және олар адамның жағымды немесе жағымсыз қасиетін айқындап отырады»- дейді Д.Мэтякубов /8,14/.
Тілдегі жануарлар атауы мен зоонимдер жайлы мәселелер Ш.Жанәбілов М.Балақаев, Ә.Болғанбаев, Ә. Қайдаров сынды т.б. ғалымдар еңбегінде қамтылған. Осы еңбектерге сүйене отырып, біз өз жұмысымызда М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы жануар атауының қолданылу ерекшелігіне тоқталып, олардың мағыналық бөлшектеріне талдау жасаймыз.
Жануар атауының адам мінезін сипаттауда ең жиі қолданылатын түрі – салыстыру. Салыстыру – дай, дей қосымшасы арқылы жасалады. Бұл қосымшалар арқылы жасалған фразеологизмдерден біз адам мен жануар әлемінің арасындағы тығыз байланысты көре аламыз. Оларды жасалуына қарай төмендегіше топтастыруға болады: 1) Бір компонентті: қабыландай, мысықтай, аюдай, құндыздай, торғайдай, қырандай, жыландай, бөрідей, төбеттей. 2) екі компонентті: ауған, қояндай, қоңыр қозыдай, кәрі тауықтай, қара қабандай, кәрі түйедей, қарт бурадай, егіз қозыдай, домаланған қозыдай, қара бүркіттей, арық тоқтыдай, арлан бөрідей, аш бөрідей. 3) үш компонентті: бөрі көрген сиырдай, құрбанға шалған лақтай, қабаған қара төбеттей, жаланып жүрген түлкідей, қоңыраулы бұйра нардай, түлкіге түсер қырандай т.б.
«Абай жолы» романында жануарлар мен құстар атауының көп қолданылғандығы соншалық, оларды жасалуы және мағыналық ерекшелігіне орай тек салыстыру тәсілі арқылы ғана емес метафоралық мінездеме түрінде де кездестіруге болады.
Қошқар болар қозының маңдай жағы дөң болар деп болар бала жасынан деген ойды астарлап түсіндірген. Мұнда баланың ертеңіне деген сенім мен болашақ өміріне тілейтін жақсылықтың нышаны жатыр.
Қой төлінің жас ерекшелігіне байланысты қолданылатын тоқты, қозы атаулары тілде көбінесе кішірейту формасын беру үшін қолданылады.
Тоқты- қойдың алты айдан асқан төлі. Кішірейту мағынасы тоқтышақ формасында да беріледі. Мысалы: - Әй, Жомартбек, сен қотыр тоқтыша сүйкенбей тыныш отыр, - деді Зайкүл, бұл жолы оның «апа» дегеніне шамданбай /Ә.Н./.
Кішірейту мағынасы сондай-ақ қозы, қошқар сөздері арқылы да беріледі. Қозы – табиғатынан әлсіз, әдемі, тартымды жануар. Бұл сөз, біріншіден, 6 айға толмаған қойдың, жас төлі мағынасын береді. Бұл атау ұйытқы болған тіркестер әр уақытта жағымды мағына береді. Көбінесе метафора түрінде қолданылады. Мысалы, «Қозым менің, ақылың бар еді ғой. Қалай ғана қиясың Мәлігіңді, Зияштың несі ұнамады саған?». – Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым! – деп алып: - Аямайды, аямайды ол! – деп келіп, көзін жұмыңқырап, басын жоғары көтере берді.
Серке сөзінің қатысымен жасалған фразеологизмдердің теке сөзіне қарағанда берер мағынасы өзгеше. Теке сөзі үнемі жағымсыз мағынада қолданылса, серке сөзі жағымды эмоцияны білдіру үшін қолданылатындығына көз жеткізу қиын емес. Ешкінің серкесін мал баққан жұрт қатты құрметтейді. Серкесіз қой болмайды деп, қоралы қойға басшы ретінде серке қояды. Оны көсем серке деп атаған. Қазақ халықты ұйымдастырып, оны соңынан ерте білген беделді ер азаматтың осындай қасиетін – серкенің өзіндік ерекшелігімен салыстыра отырып, ұқсату негізінде оны серкеге теңеген. Салыстырыңыз: Айтатұғын жөнім бар, Ешенге не десем де. Ұжмаққа тура бастайтын, Ел серкесі көсемге (М.Ө.).
Серкесінен айырылды ТТ-і де жоғарғы пікірдің айғағы бола алады. Бұл ардақтысынан, бастаушы азаматынан айырылды деген мағынаны береді. Мысалы: Айтып – айтпай немене? Исатайды өлтіріп, Серкесінен айырылып, Сергелдең болған біздің ел (М.Ө).
Тұрақты тіркестерді талдай отырып, біз ешкі, теке сөздерінің әрдайым жағымсыз мағынада қолданылатындығына, ал серке сөзінің жағымды эмоциялық реңк беретіндігіне көз жеткіздік. Ешкі – «кішкентайлықтың», теке – «жағымсыздықтың», серке – «көсемдіктің» белгісі.
Төрт түліктің қатарында қарастырылатын үй жануарының бірі түйе малы жайлы да тілімізде кездесетін жеке атаулар мен сөз тіркестері, мақал-мәтелдер де едәуір. Төрт-түліктің ішінде түйе малын байлық ретінде де, көлік ретінде де, азық ретінде де қатты қастерлеген. Мұның әмбебаптығына сәйкес атауы да кең көлемде қолданылады.
Түйе – бір, я екі өркешті күйіс қайыратын ірі мал. Жалпылаушы семалары – «үй жануары», «сүт қоректі», даралаушы семалары- «ірі, жұмыс көлігі», «өркешті».
Түйе атауы сөйлем ішінде «ірі», «аңқау», «күшті» секілді қосымша семаларға ие болады.
Түйенің танитыны жапырақ, түйенің үстінен сирақ үйітті сияқты ТТ-ден де көп нәрсені ажырата бермейтін, епсіз, ебедейсіз деген жағымсыз эмоция беріліп тұр. Осыған орай, мұнан «түйе» атауы үнемі төменгі стильде қолданылады екен деген ой тумауы қажет. Барлық заттар мен құбылыстардың жақсы, жаман қасиеттері болатыны секілді түйе малына байланысты қолданылатын атаудың жағымсыз реңкімен қатар жағымды реңкінің қолданылатындығы көпке мәлім.
Сөз мағынасының құрамында затты не ұғымды әрі жалпылап, даралап тұратын мағыналық элементтің бары анық. Біз жұмысымызда сөздердің тіркес құрамында пайда болатын мағынасы мен сөздіктерде көрсетілген мағыналарын негізге ала отырып, жануар атауына тән мағыналарды толық көрсетуге тырыстық. Қорыта айтқанда, жануар атауының семантикалық құрылымына оның сапалық, бағамдық белгісіне тән мағыналардың енетіндігі заңдылық деуге болады.
Әдебиеттер
1.Стернин И.А. Лексическая значения слова и речи. –Воронеж, 1985
2.Никитин М.В. Лексическое значение слов. –М., 1983
3.Оразов М. Қазақ тiлiнiң семантикасы. –А., 1991.
4.Қалиев Б., Жылқыбаева А. Сөз мағыналарының негіздері. –А., 2003.
5.Ержанов М. Сөздердің семантикалық құрылымы// Ясауи Хабаршысы. –Түркістан, 1998
6.Виноградов В.В. Основные типы лексических значении слова//Вопросы языкознания. –М., 1953, №5.
7.Сансызбаева С.К. Направление метафоризации в русском и казахском языках // Русский язык в социально-культурном пространстве ХХІ века. –А., 2001.
8.Мэтякубов Д. Характеристика человека зоонимами в разносистемных языках. Автореферат к.ф.н. –Т., 1996.
Достарыңызбен бөлісу: |